(XX-ғасырдың 20-40-шы жылдарына тарихи шолу)
2024 жылдың қараша айының 10- нан 20-на дейін Атырау мемлекеттік архивінің Махамбет, Индер, Құрманғазы аудандық архивтеріндегі қорларын зерттеу жұмыстары жүргізіліп, «20-30-шы жылдарда азаматтарды сайлау құқынан айыру шаралары», «Азаматтарға түрлі салықтар салу», «Байларды тәркілеу шаралары», «Көшпенділерді ұжымдастыру және отырықшыландыру шаралары» және басқа да халықтың басына сол жылдары түскен ауыртпалықтар қамтылды. Махамбет аудандық архивінің №51/490 қорының 11-ісінен 1935 жылы сайлау құқынан айырылған 14 азаматтың тізімі табылды.
Олардың 12-сі қызметкерлер болса, 2-уі жеке шаруалар болып шықты. Бұл азаматтарды РСФСР-дың 1926 жылды Конституциясының 111, 169 баптары бойынша сайлау құқынан айырған.
Сол қордың екінші тізімінде де 14 азаматты сайлау құқынан Гурьев аудандық соттың үкімімен 109,169 ІІ -УК,116 ІІ- УК,116 І -УК, 111,166,143-ІІ, 72-І 82-ІІ баптары бойынша айырған деп көрсетілген. Үшінші тізімге Приданов И.И, Демидов Мих.П, Артемов К, Тарабрин Ф.А, Приданов С.Р, Тумаков П.В, Казанцев Е, Плотников К.Ф, Тудаков Иван, Тарабрин Василий, Приданов Яков енген.
Бұл азаматтар көрсетілген баптармен жауапқа тартылған. Бұл баптарда негізінен ұсақ қылмыстар- біреудің жандығын алып қою, өзінің малын астыққа, немесе құмдағы тұрғындар малды құмаршыққа айырбастағаны үшін де сайлау құқынан айырған. Бұл ұсақ қылмыстарды жасап, сайлау құқынан қай кезде қай жылдары, қандай жағдаймен айырылғандарын ескеретін болсақ, бұл азаматтардың бұндай «қылмыстарға» шарасыздықтан барғандығын түсінуге болады.
Облыстың аталған үш ауданының архив қорында сақталған 1928 жылға дейінгі құжаттары араб тілінің қазақ тіліне лайықталып, А. Байтұрсыновтың «төте жазуымен», 1940 жылға дейінгілері латын әліпбиімен жазылғандарын сол тілдердің маманы Сәтқали Әуелбаевқа аудартып ұсынып отырмыз. Сол кездегі халықтың арасындағы әлеуметтік ахуалды мына деректер бейнелейді:
«Қорытынды. 19 январь, 1937 жыл. ( Дендер ауданының архиві, қор—99, тізім -2, іс-№17)
Мен, Еспол ауданының прокуроры Нұрқуатов өз қарауыма түскен Жаңа—күш ауылының азаматтары: 1). Тілеумағамбетов Сыдиық, 2). Демесінов Тасмағамбет, 3). Жұмағалиев Жұмабай, 4). Оразалиев Орынбай, 5). Иманбаев Жабу, 6). Ғалымов Жақып, 7). Сүйіндіков Есмұқан, 8). Ишанов Дәулетбай, 9). Хасанов Нұрмұқан, 10). Селбаев Сисенғали, 11). Қисимов Сәрсендердің мал орнына зиянкестік жасап, колхоздан өсіру үшін алған малдарын орынсыз сатып, сойып жоқ еткендері туралы алдын ала тергеу жүргізіп қарап таптым.
Алдын ала тергеу жүргізіп қарағанда, жоғарыдағы аттары аталған №10 ауылдың азаматтарының мал шаруашылығының орнына, 1936 жылдың январынан бері қарай 1937 жылдың 1-январына дейін жыл бойында бірнеше бас малды орынсыз сатып жойып жоқ еткен амалдарының барлығы мына түрде жазылып отыр:
1. Тілеумағамбетов. 1933 жыл колхоздан жеке меншігіне өсіру үшін 1 жылқы, 6 бас туатын қой малдарын алған. Осы малдан 1936 жылдың 1-январында тек 7 бас қой болады, бұның төлі қозылап, Үкімет планы бойынша 1937 жылдың 1-январына 12 басқа жеткізуге өзіне міндет берілген. Бұл міндеттемені ала тұрса да, қазір де тек 1 сиыр, 3 бас қой, барлығы 4 бас мал қылып отырғандығы айқындалып, басқасының бәрін де себеп—салдарсыз сатып жойған. 3-4 жыл ішінде көбейтіп өсірудің орнына, колхоздан алған малын жоқ еткен. Мұнымен қатар алып-сатарлық сауда жасап, ауыл ішіндегі мүшелердің малын сатып алып, Гурьевке апарып сатқан.
М ы с а л ы : Елеубаевтан 1 сиыр, Ермағамбетовтен 1 қой, Жұманазаров Тәкеннен 2 бас қой, Жаскеленовтен тағысын тағылар.
2. Демесінов 1933 жылы колхоздан өсіру үшін 1 сиыр, 1 түйе, 6 бас қой, барлығы 8 бас мал алған. Бұдан 1936 жылыдң 1-январында 2 сиыр, 3 жылқы, 1 түйе, 6 бас қой, барлығы 12 бас мал болады. Бұны Үкімет планы бойынша 17 басқа жеткізуге тиіс еді. Оған қарамастан сатып жояды. Сонан қазір де 1 сиыр, 3 қой, барлығы 4 бас мал қалған.
3. Жұмағалиев 1933 жылы колхоздан өсіру үшін 1 сиыр, 1 түйе, 6 бас қой, барлығы 8 бас мал алған. Содан қазірде 2 сиыр, 14 бас қой бар. Тек осы жылдың ішінде 10 бас қойды сатып жоқ еткен.
4. Иманбаев 1933 жылы колхоздан өсіру үшін 1 жылқы, 1 түйе, 6 қой алады. Өзінде 1 сиыр барлығы 9 бас мал болады. Сол малдан қазірде 2 сиыр, 1 жылқы, 4 қой, барлығы 7 бас мал қалған. Осы жылдың ішінде 3 сиыр, 3 бас қой, барлығы 6 бас мал жойған.
5. Құсанов 1933 ж. корлхоздан 1 сиыр, 1 жылқы, 6 бас қой алған. Қолындағы 1 түйемен барлығы 9 бас малы болған. 1936 жылдың 1-январына 28 бас мал болса, бұны Үкімет планы бойынша 51 басқа жеткізу үшін міндеттеме алған. Бұған қарамастан 10 шақты қарасын орынсыз жойған. Соңғы кезде де басқарма мен советтің сатпа дегеніне қарамастан, бір туайын деп тұрған сиырын сатып жіберген.
6.Оразалиев 1933 жылы колхоздан өсіру үшін 2 түйе, 6 қой алады. Содан қазірде қалып отырған 1 тай, 10 шақты қой, ешкі, лақ. Бұл осы жылдың ішінде бірнеше бас малын жоқ еткен. Бұнымен қатар ауылдағы колхоз мүшелерінің және көршіліс ауылдардан бірнеше бас мал ұрлап, сойып алған. Бұл қылмысы ашылып айрықша тергеуде.
7. Жолымов 8. Сүйімдіков, 9. Ишанов, 10. Селбаев, 11. Исаев, бұл көрсетілген адамдар да орынсыз бірнеше бас мал жойған. Бұл айтылған адамдардың Үкіметтің мал шаруашылығын өркендету қаулысына қарсы зұлымдықпен малдың басын жоқ етіп отырған амалдар екенін ескеріп Қ а у л ы еттім:
Жоғарыда аттары аталған адамдар, мал шаруашылығын өркендету жолына қарсы, зұлымдықпен малдың басын жойып отырған амалдарына қарсы қылмыс қудалау үшін: 1). Тілеумағанбетов, 2!. Демесінов, 3). Жұмағалиев, 4). Имамбаев, 5). Құсанов, 6). Исаевтардың материалдарын сол ауылдардағы басқа жұмыстармен байланысты болғандықтан, халық тергеушісіне жолдап, 5 күн срок ішінде тергеуін аяқтауды тапсыруға ұсындым.
Азамат Жолымов, Сүйіндіков, Ишанов, Селбаевтар ауыл көлемінде жоқ болғандықтан, істің бұларға деген жағын бөліп, учаскелеріндегі испектор Қобаевқа жолдап, тергеуін 15 күн срок ішінде бітіруді міндеттеуге тапсырдым. Істің Оразғалиевке деген жағын бөліп алып, ұрлық мораль үстінен көтерілген қылмыс ісімен қосып тергеуге беруге берілді.
Еспол ауданы прокуроры: (қолы) / Нұрқуатов /».
Бұл деректерде келтірілген Нарын құмы тұрғындарының тек қана мал өнімдерімен күнелткенін ескеретін болсақ, оларды малдарын сойып алып, отбасыларын аштан алып қалғандары үшін ақтамасақ та, біз қазіргі заманның адамдары ретінде түсінуге тиістіміз. Аталған 7 адамның 1933 жылдан 1936 жылға дейін алдарындағы малын есептейтін болсақ, олардың бірде біреуінің де малының басы кемімеген. Рас өсім де болмаған. Бірақ, олар да тірі адам ғой, бала-шағасы бар. Үкімет тарапынан ол кезде ешқандай көмек, яғни, ақшалай да, азық түлікпен де қолдау көрсетілмеген. Сонда олар қалай өмір сүруі керек еді, оны ол кезде ешкім ойлаған жоқ болатын. 1926 жылы Қызылорда қаласында болған партиялық пленумда ҚССР компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Ф. Голощекиннің қазақ даласында «кіші октябрь» ұйымдастыру туралы айтқан идеясының зардаптарын Гурьев уезіне қарайтын Индер, Махамбет аудандарының құмды өңірлерін мекендеген тұрғындары да тартқан болатын. Арабша жазылған материалдар бізге тағы да осыны көрсетті.
«Аудандық прокурор: (қолы) (Бақсай аудандық халық соты құжаттары. Қор—490, тізім-1, іс-№108. ) Есболай ұлының хабарламасынан:
Сейіт Қапан ұлы деген Айбас ауылынан Шыналыұлы дегеннің бір жасар түйесінің орнына байтал беріп, 10 пұт құмаршық болып сатып алды. Ол түйесін Бегайдар ауылына апарып 35 пұт құмаршыққа сатты.
2). Шыналы ұлы Қалеш деген етке берем деп, Жаңақаланың 12—ауылынан бір қашар сатып әкеліп берейін деп отырғанда Қапан ұлы 160 килоға құмаршық сатып алған. Сол қашарды беріп бір сиыр алып етке берем деп алып, алғы килосын 320 к/г құмаршыққа айырбастаған.
3). Досалы әйелі деген Үкіметтен бір тайөгіз алған. Сол тайөгізін Қапан ұлы бір ешкі мен бір тайға сатып алған . Бұған берген ешкісін Тапақ Тасмағамбет ұлынан 8-9 пұт құмаршыққа сатып алып берді . Жабағы тайын тауып бермей қойған.
4). Мухамбетияр ұлы Сары дегеннен бір сиыр сатып алып етке беру орнына сойып берді.
5). Абдол ұлы дегеннің бір ұрғашы тайын сатып, орнына құлын беретін болған. Ол үшін өздері тамақ алыпты. 6). Ізтелеу ұлы Сәрсенғалидан бір байтал сатып алып, 10 пұт құмаршыққа айырбастады. 7). Жайқат ұлы Ғазизден бір тәйөгізді ешкі беріп сатып алып, оны да 2-келі құмаршықпен етке апарып берді. 8) Шошақ ұлы дегеннен бір жуас бие тауып берем деп 30 пұт құмаршық алған. Ол биені тауып бермей орнына бір қашар беретін болған. Ол қашарды әлі берген жоқ, төлімен екі қара.
9). Төреғали ұлы Дәлел. Бұдан да бір қашар сатып алады. Оны қайда сатқанын білмеймін. Бұған қоса етті төлеймін деген; 1). Қоқақ ұлы Кәрменнің 20 кг етіне 40 кг құмаршық алған 2-пұт 20 қадақ оның да етін төлемеген. 2). Есқали ұлы Жәдеш дегеннің 10 кг етін төлеймін деп 20 кг құмаршық алған, 1-пұт, 10 қадақ. 3). Есқали ұлы Қаретке кейін төлеймін деп 10 кг құмаршық төлеп, етін төлемеген. 4). Басар ұлы Қайролла дегеннің 40 кг етін төлеймін деп,
80 кг құмаршық алып етін төлемеген. 5). Қабдол ұлы Қайырхан дегеннің22 кг етін төлеймін деп 40 кг құмаршығын алып етін төлеген жоқ. (Бақсай аудандық халық соты құжаттары. Қор—490, тізім-1, іс-№108».
Бақсайлық прокурордың соңғы хабарламасынан да біз пәлендей заң бұзушылықты көріп тұрған жоқпыз. Бұл қалың қазақ жұртшылығының арасында бұрыннан келе жатқан қалыпты жағдай болатын. Яғни, азды-көпті малы барлар құмда отырған адамдармен айырбас сауда жасап, өздерінің мал өнімдерін бал татыған құмаршыққа айырбастап күндерін көрген. Бірақ, бұл құжаттан көріп отырғанымыздай, мал иелерінің тарапынан қаралық жасау орын алған екен. Ол үшін жазасын алған болуы керек. Бұл жерде біз, қазақ халқының бағзы замандардан бері қалыптасқан тұрмыс – тіршілігінің ерекшеліктерін кеңестік биліктің ескермегенін жеткізуді мақсат тұттық.
Ал, төмендегі құжаттар Есбол ауданы Алға ауылы тұрғындарының сол кездегі ауыр тұрмысынын хабар береді:
«О т ы р ы с х а т
1934 жылы Жәди айының (декабрь) 2-і күні Гурьев ауданы Алға ауыл кеңкесі призидумының, колхоз пария ұясы, ауыл белсенділерімен біріккен қосынды отырысы.
Қ а т ы с т ы: 1. Ауыл кеңес ағасы Тұрмағамбетұлы, 2. Колхоздан Сәрсекенұлы. 3. Партия ұясынан Жағыпарұлы. 4. Дүйсембайұлы. 5. президиум мүшесі Тұрсыналыұлы. 6. Дүйсекенұлы. 7. Сатыбалдыұлы. 8. Шоқанұлы.
Отырыс ағасы - Т ұ р м а ғ а м б е тұ л ы, хатшысы – Д ү й с е к е н ұ л ы.
Т ы ң д а л д ы: Үстіміздегі Жәді айына Үкімет тарапынан берілетін жәрдем астыққа жататын кісілерді қарау туралы (Тұрмағамбет ұлы).
Қ а у л ы : Үкімет тарапынан берілетін жәрдем астыққа жататын ауыл көлеміндегі аш-арықтарды талқылап қарап, ауылдық қосынды отырыс төмендегі қ а у л ы ғ а келеді;
Біздер ауыл көлеміндегі хал-тұрмыстары өте нашар, күн көруі жоқ, жәрдем астық беруге ақиқат жатады деп, осыған жалғанған тізімдегі 115 үйді Ауаткомның қарауына ұсынамыз. Отырыс ағасы: /Тұрмағамбет ұлы/, Хатшысы: / Дүйсекен ұлы/- деп, қолдарын қойып, бұл хатты Ауаткомға жолдаған. Бір ауылдан 115 үй, сонда қанша адам бала-шағасымен аштық құрсауында қалған десеңізші ?... (қор—8/501, тізім—1, іс - №7, бума—1, 9-бет )».
Тұрғындарының көбі аш-құрсақ, алды қайыр сұрай бастаған колхоздан Үкімет қажетіне деп, мал жинау сонда да болса тоқтамапты. Жоғарыдағы мәжілістің екінші күні-ақ, Қызыл әскер қажетіне деп, колхоздан таңдап-таңдап ат алуға ұйғарым жасаған. Ауыл белсенділері болса Үкімет қысымынан қаймығады да, партия нұсқауын бұлжытпай орындауға ұйымдаса кіріседі. Ол кезде басқалай болуы мүмкін де емес еді... Біз төменде ұсынып отырған құжат соның нақты айғағы болса керек:
«О т ы р ы с х а т
1934 жыл. Жәди айының 3 күні № 17 ауыл Алға ауыл кеңесінің президиум мүшелерінің отырысы болды. Отырысқа қатысқандар; Тұрмағамбетұлы, Досқалиұлы, Тұрсыналыұлы, Дүйсембайұлы, Кенелдік келіні, Шоқанұлы Иса, кеңес хатшысы Дүйсекенұлы, Аудандық уәкіл Құрманғалиұлының қатысуымен.
Отырыс ағасы—Тұрмағамбетұлы, хатшысы - Дүйсекенұлы.
Т ы ң д а л д ы : Осы ауылдағы аттың күйін байқау жайлы айтты жолдас Құрманғали ұлы.
Қ а у л ы : Осы түсінікті тыңдағаннан кейін мына қаулыға келеміз;
1. Аттың күйін қарау үшін 5 адамнан комиссия құру. Оған:1. Кеңес ағасы-Тұрмағамбетұлы. 2. Кәмсәмолдан—Бекбосынұлы, 3. Қызыл әскер атағынан—Төлегенұлы, 4. Партком—Жағыпарұлы, 5. Мал шаруашылығы бөлімінен – Сәрсекенұлдары тағайындалсын.
2. Жоғарыдағы комиссияларға жүктелсін: осы айдың 4-күні ертеңгі сағат 8-ден қалдырмай, ауыл көлеміндегі жылқы малдарын колхоздың транспорт бөліміне келтіруге... (қор-8/501, тізім—1, іс-№7, 10-бет )».
Осылайша, Үкімет Қызыл армиясының қамын ойлап, елді дүрліктіріп колхоз жылқысынан таңдап-таңдап алуды білгенмен, сіңірі шығып титықтаған халықтың мұң-мұқтажына мойын да бұрып қарамапты. Қыстың көзі қырауда ашығып жатқан 115 үйдің адамдарына тиесілі астығын, аудандық комиссия 1935 жыл басталғанша әлі бермеген. Күте-күте күпті болған ауылдық кеңес, тікелей Ауатком жанындағы астық комиссиясына хат жолдайды. Оны сол кездегі Алға ауыл кеңесінің хатшысы болған жергілікті азамат, Дүйсекенұлы Оңдаған өз қолымен латын ғарпімен жазып апарған да, бір данасын өздерінде сақтаған екен. Ол хаттың күні бүгінге дейін Махамбет аудандық мұрағатында сақталған нұсқасының мазмұны төмендегідей:
«1935 жыл. 12 / 01. Аудандық атком жанындағы астық комиссиясына
Тіркеу № 6
Үкімет тарапынан ауылдағы өте мұқтаж аш-арықтарға берілетін жәрдем астықтың кезінде берілмей кешеңдеп қалуы арқасында, ауыл арасында тамақ жағынан күйсіздікке айналып, ісіп—кеуіп, үнемсіз қалғандар көбейе бастады (қайыр сұрай бастады). Сондықтан осыларды хабарлап Сізден 17- Алға ауыл кеңесі сұрайды: Мүмкіншілік етіп ауыл адамдарының ашығып қайыр сұрай бастағанын ескеріп, тез арада жәрдем тамақ беруіңізді.
№ 17 «Алға» ауыл кеңесі хатшысы: /Дүйсекенұлы / деп, соңына қолын қойыпты. (қор –8/501, тізім—1, іс-№18, бума—1, 20-бет)».
Әбден аштық қысып титықтаған кейбір тұрғындар үкіметтің тәртібіне де қарамай, қолдарындағы бірді-екілі уақ малдарын сойып талғажау еткен. Оны білген үкіметтің ауданнан келген уәкілдері оларды одан бетер «жаншып», ұлықсатсыз мал сойып,не сатқандары үшін жазалапты...
Міне, мына құжаттар соны көрсетеді:
«М ә ж і л і с х а т № 45
1935 жылы 17 январь айында 17-ауылдық парткомның бюро мүшелерінің біріккен отырысы болды. Мәжіліске қатысқандар: Тұрмағамбетұлы, Жағыпар ұлы, Дүйсембайұлы, Дүйсекенұлы, Сәрсекенұлы, Есенбай келіні, Досқалиұлы, Сыдықұлы және аудан уәкілі Әлішұлы.
Мәжіліс ағасы - Жағыпар ұлы, хатшысы – Тұрмағамбет ұлы.
Т ы ң д а л д ы : Ауатком уәкілі жолдас Ә л і шұ л ы н ы ң мал басының есеп-қисапын алуы жайлы қортынды баяндамасы.
Қ а у л ы : Жолдас Әлішұлының баяндамасын тыңдағаннан кейін мына түрде қ а у л ы етеміз:
1). 1935 жылдың 1 январына қарсы алынған мал есебіне қарағанда, ауыл көлемінде 17 бас уақ малдың жойылып кеткендігін қатерге ала келіп, мына төмендегі аты аталған азаматтар тиісті болған заң шараға тартылсын:
1.Қ а р а м о л д а ұлы М ы р з а х м е т-1(бір)баспақ жойғаны үшін 20 сом штраф салынсын.
2.О т а р б а йұлы Т ө л е г е н - 1(бір) қой сатқаны үшін 20 сом
3. Қ у а н б а йұлы Н ұ р ш а р а п – 1(бір) қой сатқаны үшін 20 сом.
4. Ө т е у л іұлы Иса - 1(бір) қой сатқаны үшін 10 сом.
5. Д о с ж а нұлы С е й і т – 1(бір) қой сойғаны үшін 25 сом.
6. Т ұ р с ы н а л ыұлы Ә б і ш – 1(бір) қой сатқаны үшін 15 сом.
7. Б и м а ғ а м б етұлы Т ө л е г е н. – 1(бір) қой сойғаны үшін 15 сом.
8. Ә с е к ұлы ...? - Үкіметтен алған 3(үш) қойын бұратала жойғаны үшін сотқа берілсін.
9. Б е к м а ғ а м б е т ұлы И с ж а н –1(бір) тай өгіз сиырды ұрғашы малға ауыстырам деп кеңестен қағаз алып, артынан өз пайдасына жаратып, жойып жібергені үшін сотқа берілсін.
10.Ө м і р б е кұлы Ө т е п (көшпелі) – Осы жылы және өткен жылдары Үкімет тарапынан 17 бас қой алып, оны жойып, оның орнына тек қана бір сиыр малын және бір тоқты қой ұстап отырғандығы үшін сотқа тартылсын.
11.Б е к ж а нұлы К ө п ш е н - Ауыл кеңесінен еркек малын тұқым малына аударамын деп, бір баспақты сату үшін қағаз алып, оның артынан мал алмай кеңесті алдап кеткені үшін бұл да сотқа берілсін.
12.Т ұ р м а ғ а м б етұлы Қ а ғ а з - Үкімет тарапынан 3(үш) қой алған және оның бәрін де мүлдем жойған. Ол осы ісі үшін сотқа берілсін.
13.Б е р л і к е ш ұлы Ж е к с е н – Тұқым малын алам деп бір ешкі сатқан, оның соңынан рушылдықпен алмаған. Сондықтан бұл да сотқа берілсін...
Мәжіліс ағасы: / Жағыпарұлы /. Мәжіліс хатшысы: /Тұрмағамбет ұлы /.
(қор—8/501, тізім – 1, іс-№18, 36 беттер)».
Архивтен алынған бұл мәліметтерді оқи отырып, өзімізді сол адамдардың орынына бір сәт қойып көргендей ойға қалып, сол кезде өмір сүрмегеніміз үшін « құдайға қой айтқандай» болдық! Десек те, біздің ата- аналарымыз сол кезде өмір сүріп, соның бәрін бастарынан өткізді ғой, оны біз қайда жібереміз? Өздері аштықтан ісіп кеуіп жатып, жеке меншіктеріндегі бір-екі жандығын сойып алғандары үшін ауылдың сол кездегі тұрғындарына ақшалай штраф төлеттірген басқа ел туралы өз басым естіген жоқпын. Ол тек совет елінде ғана болды. Бұны біз советтік кезеңді аңсайтындар үшін жазып отырмыз.
Сонымен қатар, архив құжаттары арасынан өз құқыларын сауатты түрде жеткізуінің арқасында қалпына келтіру деректерін кездестірдік.
Мысалы, Индер ауданы бойынша мына бір құжатта сайлау құқынан айырылған 9-шы ауылдық сайлау комиссиясына сол ауылдың азаматы Қаумен Мұшат ұлынан
«Ө т і н і ш а р ы з / 08/01—1928 жыл / берілген.
Осы ауылдағы копператив дүкеннің жарнама қылып жариялаған ауылдық сайкомнің төрағасын сайлауға және сайлануға еріктерінен айрылған азаматтардың тізімнің 24-нші рет санында мені де азаматтық пұрсаттығымнан айыруға мақұлдаған екен. Сол мен туралы қаулыңызды өте жаңсақ, зор қате деп санаймын. Оның себебі мыналар: мені пұрсатымнан айырғандағы дәлеліңіз нұсқаудың 13-статьясындағы 1-3- тармақтарында көрсетілген қылмыстарға маған дәл келмейді. Өздеріңе мәлім мен атқа мінер немесе кісі еңбегін пайдаланушы алпауыт бай емеспін.
Патша заманында Гурьев қаласында білім алып, оқудан шыққасын, кеңседе болдым. Сонан кейін сол уақыттағы болысқа жайын хатшы болғаным рас. Бірақ, бұрынғы уақыттағы байлардың үкіметіне жағымды болып шен, алтын медаль алғаным жоқ.
Кеңес үкіметі Гурьев уезіне орнағаннан бері әуелі уезд аткомнің әкімшілігі бөлімінде (отдел управления) есепші (бухгалтер) болып қызмет еттім. Сонан кейін бұл аткомның мүшелігіне сайланып, әр жылдары ағарту бөлімінде, бұның соңында уездің өз ара жәрдемдесу комитетінде соның мүшелігіне сайланып хатшы және ақша бөлімінің есепшісі болып қызмет еттім. Бұнан кейін 1926 жылдың жазында өз еркіммен сұранып шығып, одан бастап ауылдағы копперативте жайын есепші (вольнонаемной очетовод) болып, өткен 1927 жылы босанып, азғана шаруамды бағып отырдым. Шаруам орташа дәрежеде, асқан алпауыт бай емеспін. Осы шаруаны нашарлатып кемітпестен, тек өзім жалғызілікті болғандықтан /өзімнен басқа қызмет жасында ер азамат жоқ, балаларым жас, үлкенінің жасы қазірде 12-де/, жаз пішен шабу маусымында айлап қызметкер алатыным рас. Онда да бүкіл жылға /круглый год/ жалшы жалдап отырғаным жоқ. Өткен жыл жазда бүтіндей қызметкер алғаным жоқ, тек Жәді айынан бастап жерге қар жауып, үзбей борандар соғып, қыс реті шаруаға орасан жағдайсыз түрі сезілгендіктен алуға мәжбүр болдым. Өзім сол мезгілде копперативтің есеп-қисап қыметтері болғандықтан, шаруаға қарауға ешқандай мүмкіндік болмады. Қазірде ол қызметкерді есебін беріп босатып, шаруаға өзім қарап жатырмын. Менің түсінуімше, кісі еңбегін пайдаланып, мысалы: біздің Есбол ауданында қосын тұрмысы жағдайы Жайық суының жағасында болғандықтан, күйі келетін қара шаруалар баю ниетімен 100-150 құлашты ау ұстап, қайық, басқа түрлі саймандарын әзір етіп жазғытұрғы және күзгі балық аулау маусымында 6-7 жақсы жалшылар жалдап алып, оларға балық ұстатып баю мақсатын көздейтін, болмаса қыс ретінде 15-20 көлік жалдап алып, обоз түзеп, оған 4-5 кісі жалдап подрядқа теңесе, кейін басқа ақан секілді шараларды арасында жүргізіп, алған пайдасына шалқасынан жатып ие болушылар бар. Иә, өзінің шаруасының айналасына жаз құдық қаздырып, пішен шаптырып 2-3 жігіт жалдап өзі ат үстінде қыдырыста жүріп, ишрамен бұйырып шаруасын бітіріп отырған байлар, сол сияқты дармоедтер жоқ деп айта алмаймын. Менде ондай ниет те, ісім де жоқ , яки жалда болушылыққа талабым да жоқ.
Екіншіден, атқа мінер деген дәлел маған тіпті дәл келмейді. Менің ондайға иелігімдегі және өрістегі малым да, мінез құлқымда сәйкес келмейді. Менімше, атқамінер деп төмендегі сияқты адамдарды айту керек. Мысалы: күнбе күнгі тұрмыстың ретіндегі қызметтерді істемей, ел арасында ру жөнінде әңгімені күшейтіп, біреуді екінші біреуге өсектеп, ызғыштырып айдап салып, өзі қалін жақсартуды жүзеге асыру ниетімен жұмыстанатындар. Даулы адамдардың араларына жүріп, ақсақалға тиым айтқызып, соның арасынан пара жеушілер. Немесе үкіметтің қазіргі жүргізіп отырған төңкеріс заңын орнату жолындағы негізгі заңды иә ортақшыл, иә тапшылдық нұсқау тәртіптерін қайшы көріп, соны қабыл алмай теріс бағытқа жайылып, байлар табына қосылып, бұлардың түрлі істерін ауыл арасында үстем болуына қызметін ететіндер. Осы айтылған істердің бір бірімен де ісім жоқ және алға қарай тіпті болмаса керек.
Жоғарыда айтылғандарды менің мінез-құлқыма сәйкестендіріп қарап, ауылдық сайлау комиссиясынан өтінемін, азаматтық пұрсаттарынан айырылған азаматтардың тізімінен шығарып, сайлау және сайлану пұрсатымды өзіме қайыруыңызды. 1928-нші жыл 8-нші Дәлуде.
Қаумен Мұшат ұлы: /Қолы қойылған/».
Жоғарыда қызыл сиямен: «09/01-28 ж. БЕРІЛСІН!»-деп бұрыштама жазылыпты. (Индер архиві, қор 3, тізім-3, іс--№496, 8-10 беттерде )
Қаумен Мұшат ұлының өтініш арызымен мұқият танысқаннан кейін төмендегі қорытындыға келдік. Біріншіден, Қауменнің өзінің сайлау құқын қалпына келтіруіне ол кісінің 1928 жылға дейін Гурьев қаласында оқып, жақсы сауатты болуы себеп болған, екіншіден, ол кісі сол кездегі укіметке жағымды мәселелерді өзінің өтінішінде атап көрсеткен. Атап айтқанда, ел ішінде беделді бай адамдардың кәсіптерінің түрлерін, яғни, мал сату, қайықпен кісі жалдап балық аулап, оны ірі қалаларға лау тарту жолымен апарып сату және басқаларын атап көрсете отырып, ол билікке өзінің дауысын естірте білген. Көп ұзамай жаңағы кәсіпкерлер совет үкіметінің қаһарына ұшырап, саяси қуғын-сүргіндердің құрбанына айналды. Бұған әрине, Қаумен Мұшатұлының кінәсі жоқ еді. Ол кезде сайлау құқынан айырылған жұрттың бәрі бірдей Қаумен сияқты сауатты болмағандықтан, көпшілігі дауыстарын қайтара алмай, нақақ кінәсіз зардап шекті.
Ш. НАҒЫМҰЛЫ,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры
С. ӘУЕЛБАЕВ,
Атырау облысына белгілі өлкетанушы.