«Жан біткен жер үстінде жалғыз дүркін тіршілік етпек, ал осынау бір-ақ берілер өмірде адам болудан асқан бақыт бар ма?!» деген екен Зейнолла Қабдолов. Иә, адам болып өмірге келгенмен, «тар жол, тайғақ кешер» өмір жолында адам болып қалу да оңай емес, сірә! Ауданымызда мемлекеттік қызметте, еңбек жолымның он бес жылы жергілікті атқарушы органдарда өткен екен. Соның ішінде, екі ауылдық округте жұмыс істеген кезде, қилы тағдырлы адамдардың өмірі мен әлеуметтік жағдайының зерделену мүмкіндігі болды. Қоғамның пейіл-көңілі жалаңаштанып, иман мен иба жадағайланған көлеңкелі тұстары аз емес. Алайда, құдіретті Алла Тағала, кейбір қарапайым адамдардың ата-анасы, азаматы, ұрпағы үшін жанкешті өміріне куә ете отырып..имани қүндылықтар жоғалмағанын көрсетіп, тәубеге келтіреді.
Сал боп жатқан ата-анасын, азаматын, мүмкіндігі шектеулі ұрпағын қызғыштай қорыған адамдардың табиғи тектілігіне таңғаласың... Олардың біз сияқты жоғары білім алуға да, тәрбие қалыптастырарлық ортада болуға да мүмкіндігі болмаған шығар. Бірақ, жан тазалығы, ата-ана, туған-туыс алдындағы жауапкершілігі мен жанпидалық өмірі, қанағатшылдығы мен шүкіршілігі қызығарлық қасиет..Осындай адамдардың өмірін зерделей отырып, өз бойымыздағы пенделік күпірліктерімізден арылуға, тәубеге келіп, шүкіршілігімізді молайтуға болмас па еді.?
Мұхаммед Пайғамбарымыздың Хадисінде айтылған екен: «Аллаһ тағала сіздердің дүниелеріңіз бен келбеттеріңізге қарамайды, тек көңіліңіздің пәктігіне қарайды және істеген ісіңізбен бағалайды». Атырау облысы,Құрманғазы ауданы, Кудряшов ауылындағы осындай ізгі ниетті жан Құсайынова Рабиға Ізенқызы - жалғызбасты ана. 37 жастағы ерекше қызын (туылғаннан мүмкіндігі шектеулі) тәрбиелеп отыр. Қызы өздігінен тұрып не жүре алмайды, өмірі тек арбаға таңылумен өтіп жатыр.
Иә... Тағдырға сабыр үш түрлі болады екен:
- Алланың бұйрықтарын орындау;
- Алланың қайтарғандарынан қайту;
- Басқа түскен қиыншылықтарға мұнан да ауыр қиыншылық бермегеніне шүкірлік ету;
2008 жыл 49 жастағы Рабиғаны, тағдырын талқан етерліктей қос өліммен есеңгіретті. 25 жылдай өмірдің ащы-тұщы кезеңдерін бірге бөліскен, атпалдай азаматы Жүнісұлы Захар дүниеден озды, 20 жасар жалғыз ұлы Сәрсенбек кенеттен бақилық болды.
«Шынайы сабыр – соққының алғашқы тиген сәтіндегі сабыр» (Хадис)...
Рабиға жан-өзегі суырылып, алма-кезек «диірменнен» өткендей, еріктен тыс көңілдің түпсіз тұңғиығында аласұрды. Бағыт-бағдарсыз, өмірдің асау толқынында дәрменсіз, болашаққа деген сенім-үміті сарқылғандай күй кешті... Торықты. Қамықты.
Екінің бірінің бұл сынаққа, жігер-қайраты, күш-төзімі жетпес те еді.. Өзі жұмыссыз... Бәзбіреу болса, не ішкілікке салынар еді, не қазіргі қоғамдағы үйреншікті үрдіс – кезбе боп кетер еді... Алайда, тағдыр тауқыметі де, кешкен сан қилы қиындық та ананың жанын мұздатып, жүзін қатайта алмады. Бейсана түрде өзінің мейірімі мен қамқорлығына мұқтаж перзенті бар екенін түйсінді.Ананың мейіріміне сусап, құшағын аңсаған ерекше қызы соңғы үміті екен.
Дана халқымыз: «Егер жүрек өлсе, мейірім кетеді, егер ақыл өлсе, даналық кетеді, егер сенім өлсе, барлығы кетеді» деген. Иә, Рабиғаның өмірге деген сенімінің туын тіктеген, үмітінің шырағын жаққан бейкүнә қызғалдағы, Айнагүлі. Қу тірліктің мұқтаждығының құрсауында, қызының болмашы жәрдемақысын талғажау еткен күндер де болды. Оның үстіне қызына дәрі-дәрмек және оның жоспарлы дәрігерлік тексеруден өтуі және басқа да жүйке жұқартарлық қажеттіліктер.
Кейіннен, ауыл әкімінің қолдауымен қоғамдық қызметке араласып, өзінің де көңілі өсті. Еңсесі көтеріліп, қанағатын ортайтпай, шүкіршілігін еселеп күн кешіп, зейнеткерлікке жетті. Үнемі үйде отырып, төрт қабырғаға қамалып, терезеге телмірген қызының да кейде жүйкесі бұзылады. Көңілі нілдей бұзылатын тұстарында, қас-қабағын бағу мен оның көңіл-күйін түйсіну де аналық мейірімінің құдыретімен өз арнасын табатын. Күнделікті қызын тамақтандыру мен киіндіру, серуендету, жуындыру, өзара тіл табысуының және басқа да өзіндік бір үрдістерін қалыптастыруына тура келді. Мұның барлығында да жүгінетіні - удан ащы сабыр.
Оны қараусыз қалдыруға, көзден таса етуге қорқатын Рабиға үйден ұзап шыға да алмайды. Түрлі үй шаруасының мұқтаждығымен шыға қалса, Лиза сияқты қайырымды көршілерінің немесе құрдастарының көмегін пайдаланады. Әсіресе, бұрын мейірбике болған Салауатова Майра Үрпекқызына ризашылығы айырықша. Өйткені, ол қызының бала күнінен бері күтіміне, дәрі-дәрмегін мезгілінде пайдалануға қатысты кәсіби кеңестерін үзбей беріп келеді. Қазіргі кезде зейнеткер болса да хабарласып тұрады.
«Бала туылғаннан кейін де, өзіңе қолбайлау ғой не қазіргі кезде де, жасың ұлғайды күтімі қиын болады ғой» деп оны арнайы орынға өткізуге жанашырлық кеңес беретіндер бар әрине. «Бірақ құс екеш, құс та балапанын көзінен таса етпейді ғой» деп мұңаяды ізгі ана. Үбірлі-шүбірлі болып, өзіне сүйеу болатын жастағы қызының тағдыры қабырғасын қайыстырып, өзегін өртейді. Бірақ, жазмыш...
Рухы мықты Рабиғада, қиындық көрдім не жалғызбын деп наза айтудың шаң тозаңындай белгісі жоқ.. Алпыстың асуынан асқан аяулы ана, тек: «Артымда қалса..., қызымның жағдайы не болады» деп ойлайды екен. Иә, Аллаға шүкір, қазір ерекше жандар қоғамның толыққанды мүшесі ретінде танылып, оларды мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау, қайырымдылық іс- шаралары жолға қойылып келеді (жәрдем ақы, қажетті құрал-жабдықтар, тиісті медициналық бұйымдар және басқалары).
Осындай ерекше бүлдіршін, бозбала-бойжеткендерді ата-аналарымен бірге дәм дастарханына шақырып, сирек те болса, сауапты ісі өзіне де зор қуаныш сыйлайтынын сезінетін кәсіпкерлер де бар, әрине. Хадисте: «Торсығыңның аузын буып, дүниеңді тығып ұстама. Әйтпесе, Алла тағала да саған берер ризығын байлап тастайды» деп айтылғанындай, Алланың разылығы үшін, қайырымдылықты жадында тұрақты ұстайтындар көбейе түссе.. .
Ерекше жандардың жылына бір рет ғана емес, әр ауылдық округте жиірек кездесетін орындары болса шіркін, олар үшін әртүрлі үйірмелер ұйымдастырылса (қолөнер, сурет салу, шахмат және басқалары). Не болмаса, мәдениет орындарында жүйелі түрде ұлттық, дәстүрлі бағыттағы мәдени шараларға, түрлі сайыстарға қатысуы ескерілсе.
Бұл ерекше жандардың әрқайсысының, Алланың қалауымен, айырықша қабілет-бейімділігі бары сөзсіз. Шындығында, Алла Тағала адамды жаратқанда, оның болмысына тақуалық пен күпірлікті бірге енгізеді екен. Тура жолды таңдағысы келген адам, алдымен өзінің бойындағы пендешілігімен күресіп, тәубесіне келіп, күпірлігінен арылып, тақуалығын нығайтады. Мұндай жандардың өнеге-ұлағаты да мол. Өкініштісі, адамның рухани деңгейінің соншама құлдырау оқиғаларының куәсі де болып жүрміз. Өмірде жеңіл жол іздеп, күпірлікке иек артатындар да бар.
«Құдай қарғайын дегеннің ақылын алады» деген дана халқымыз. Көз көруге, құлақ естуге қорқынышты орындарға, жаңа туылған шарананы не он екі мүшесі сау баласын жантүршігерлік қатыгездікке барып, тастап кетіп жатқан безбүйрек аналар қанша. Не болмаса, дені сау баласын, болашақ тағдырына еш алаңсыз, балалар үйіне тапсырып жатқандар. Не ішкілікке салынып, бала-шағасын қараусыз қалдыратын аналар. Дені сау баласының тәлім-тәрбиесін мехнат көріп, күйзелетіндер де бар..
Тәубе... Рабиға замандасымыз ұрпағы үшін, жанпидалық өмір жолында адамгершілігінен де, аналық мейірімінен де айнымаған. Жұдырықтай жүрегінде халқымыздың имани құндылығын сақтап отырған жан. Жарқын жүзді, жайсаң мінезді Рабиға үй шаруасына да ұқыпты, қашан барсаң үй-іші мұнтаздай таза. Аналық мейірімнің кәусарына шомылған қызы да ақжарқын.
Шүкіршілікке жүгінген ана: «Ел – алтын бесік қой, қиналған кездерде де, күнделікті өмірде де жанашырлық танытып отырады, сонымен қатар Кудряшов дәрігерлік емханасының Бас дәрігері Құталиева Ғалия Зинетоллақызы да қолдауын көрсетеді» дейді.