Гаухар Ажмеденова 1979 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Ганюшкин ауылдық гимназиясының түлегі. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетін бітірген. Зерттеуші мұғалім. Қазір Атырау қаласындағы Әл-Фараби атындағы Binom school мектеп - лицейінде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен дәріс береді.
Адам өмірінің жалғасы — ұрпағы. «Балалы үй — базар, баласыз үй — қу мазар» деп халық даналығында тегіннен тегін айтылмаса керек. Ежелден ата-бабаларымыз ұрпақ жалғастығына айрықша көңіл бөлген. Оны біз халық ауыз әдебиеті үлгілерінен айқын аңғарамыз. Ел қорғаған батыр ұлдардың көбі Ғайып ерен қырық шілтеннің қолдауымен, әулие-әнбиелердің жебеуімен дүниеге келген. Оны «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» жырларын оқығанда ерекше байқауға болады. «Аға өлсе, іні мұра» деген бір ауыз сөзден жесірді елден жібермеуге тырысқан ата-баба көрегендігін аңғарамыз. Өйткені, «жесірдің жетегінде кететін жетімдер өз бауырларына жат болып кетеді, тасбауыр болып өседі, тегін танымайды» деп санаған халқымыз әмеңгерлік салтты дүниеге әкелген. Осының бәрі тұтас бір ұлттың ұрпаққа деген көзқарасын білдіретіні сөзсіз. Қалай болғанда да басына небір қиын күн туған кезеңдердің өзінде қазақ баланы ауырсынбаған.
Келінін өз қолымен ұзатып...
«Адамның басы — Алланың добы» дейді қазекем. Шындығында, алдан қандай күн күтетіні тек бір Аллаға ғана аян. Ақын, журналист, бүгінде Алматыда тұратын Қалампыр Кенжеғалиқызы өте тағылымды әңгіме айтып еді: «Үлкен ұлы қапылыста бұзақылардың қолынан қаза болған үлкен кісілерді білетін едік. Жап-жас келіні бір жасқа толмаған сәбиін құшақтап, жиырмаға жетер-жетпесте басына қара жамылды, жесір атанды. Ата-ана қайғыны кәрі емендей қайыспай көтерді. Олардың алдында әлі немересін адамасыл ету, қатарға қосу міндеті тұр еді. Ұлдың жылын бергеннен кейін ата-ана келіндеріне батасын берді. Жүректері қан жылағанымен, амалдары қанша? «Ұлымыздың сүйіп алған жары еді. Басқа жанға қимаймыз» деп жап-жас адамның бағын қалай байлайды? Сондықтан, немерені өздері алып қалып, келіндерін көңілі қалаған адамына ұзатты. Жастайынан қолдарына түскен келіндері қызындай болып кеткен еді. Сол себепті олар үнемі соңынан іздеп барып, жағдайын білетін, көзайым болатын.
Кейіннен келіншек екінші жолдасынан бірнеше ұл-қызды дүниеге әкелді. Оларды бағып-қағуға да ата-ене көмектесті. Тіптен балалар үлкен кісілерді «ата-әже» атап, қолдарында тәрбиеленді. Туған немерелерінен кем көрмеді. Ал, осы қадамға не үшін барды? Әрине, ұрпағының болашағы үшін! Немересін анасынан айырып алып қалғандарымен, жаратқан Алла әкеден бір айырып жылатқан сәбиді екінші рет анадан айырғылары келмеді. Үнемі байланыста болуын қалады. Өздері - «кәрі қойдың жасындай» жастары келген кәрі адамдар. Жаман айтпай, жақсы жоқ, олай-бұлай болып кетсе, балаға туған анасынан артық кімнің жаны ашиды? Осының бәрі ойлаған ақылды қариялар немерелерін туған анасынан, бауырларынан бөлмеді. Екеуі де жастары сексеннен асып дүние салды. Соңында қалған немерелері әлі күнге бір-біріне ата-әженің ыстық алақаны туралы айтады, сағынады» деп әңгімесін аяқтаған еді ол кісі.
Балаларды бауырына басып...
Журналистика саласын таңдағаннан кейін кездескен адамдарды әңгімеге тартып, олардан естіген қызықты оқиғаларды қойын дәптеріме түртіп алып жүруді әдетке айналдырған едім. Атырау қаласындағы №34 көп салалы мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Элеонора Битекенова апай да бір кездескенде адамдарды мейірімділігі мен қамқорлығы туралы әңгіме тиегін ағытқан болатын. Ағайынды үш жігіт бір аулада тұрады екен. Үш үй абыр-сабыр араласып жатады. Бірінің баласы екінші үйге барып ұйықтап, үшінші үйден таңғы асын ішіп жүре беретіндігіне бүкіл ауыл қызыға қарасыпты. Ауылда бұл үш абысынның татулығын айтпайтын адам некен-саяқ көрінеді. «Тіл-көз тас жарар, тас жармаса, бас жарар» демей ме? Ойламаған жерден мотоцикл апатынан жігіттердің үлкені көз жұмады. Қапыда келген қаза бәрін есеңгіретіп кетіпті. Әсіресе, жарының кенеттен бақиға аттануы келіншекке соққы болғаны соншалық, ауруханаға жатып қалады. Көп кешікпей ол да өмірден өтеді. Олардан қалған жеті баланы інілері өз қолдарына алды. Баяғыша үш үй өз тірлігін жасай береді. Бірақ, бұрынғыдай емес, көңілдері пәс. Үлкен ағаның ақылы жетіспейді. «Жұт жеті ағайынды» демей ме қазақ атамыз? Ортаншы жігіт вахталық жұмыста жүріп, ұйықтаған жерінен оянбай қалады. Бұрынғы қайғы қайғы ма?! «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, суық хабарды естіген аяғы ауыр жары күніне жетпей босанып, соңы қайғылы оқиғаға ұшырайды. Жеті айлық шарананы қолдарына ұстап қалған кенже ұл мен оның келіншегі екі ағаның балаларын тентіретпеуге бел байлайды. Сөйтіп, бұрын гулеп жататын үш үй енді сәл мұңайып тұратын болады. Бірақ, балаларды ешқайда жібермеген іні мен келін екі ағаның он екі баласын өздерінің бес баласымен бірге асырап-жеткізеді. Жеті айлық шарананы өз бауырына салған келіншектің омырауынан сүт шығыпты. Бұл не деген мейірім десеңізші?! Балалардың бәріне жоғары оқу орнын бітіруге мүмкіндік жасап, олар қаншама қиналса да сыр бермейді. Бүгінде өсіп-өнген шаңырақтың ата-анасы атанған бір кездегі кенже бала мен келін он екі ұл мен қыздан өрген немере-жиендерінің қызығына бөленуде екен. Міне, адамгершілік пен жүректің жылуы арқасында балаларды жетімдер үйіне тентіретіп жібермеді, қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқыттырмады. Соның жемісін олар енді жеп отырған көрінеді. Бұл оқиға менің де жүрегімді толқытты, көзіме жас әкелді, қолыма қалам ұстатты
Ауылдың бар баласын аялаған...
Оқырмандар назарына тағы да бір өзім таңырқаған, көңілім сүйсінген кейуана туралы аңызға бергісіз әңгімені ұсынғым келеді. Оны маған Құрманғазы ауданы, Хиуаз ауылында тұратын журналист Айгүл Қыдырова апай айтқан болатын. Жарынан жастай қалған кейуананы ауылдың барлық баласы «мама» деседі екен. Өзінің бауырынан өрген ұлын әскер қатарына шығарып салғанда да, ол аман-есен келіп, той жасағанда да етегіне оралып көршілердің балалары жүретін болыпты. Бір қызығы, ол кісі балаларға кейімей, ашу шақырмай, қайта: «Періштелер ғой. Ағаларының тілегін тілеп жүр. Осылардың ақ тілегімен ауылға оралды» деп отыратын көрінеді. Қызметке асыққан келіндер ол кісіге балаларын апарып тастап, өздері еш алаңдамай жұмыстарына кете беретіні де қандай жарасымды! Кешке асықпай қызметтен қайтқандарында балаларының тап-таза күйінде, тамақтанып алып, өзге балалар арасында ойнап жүргеніне қуанысады екен. Ал, кейуана болса құдды бір балабақша меңгерушісі іспетті сол сәбилер ортасында анақаздай балпаңдап жүретін көрінеді. Не деген кеңдік?!
Ниеті мен пейіліне Алла береді демей ме, қазақ?! Пейілі көл-көсір ананың да өмірінде жағымды жаңалықтар орын ала бастайды. Ұлы әскерден аман оралып, үйленіп, келін жұмсайды. Үш немерелі болғанда келіні баладан қайтыс болады. Еңкейген шағында үш немере ортасында, жетімсіреп жүрген ұлын жұбатып қалады. Бірақ, мұқалмйды, алға ұмтылады. Ұлын екінші рет үйлендіреді, үш немересін қанаттандырады, өзі армансыз күйінде бақиға аттанады. «Қазір сол кісіні жүрегіміз сыздап отырып сағынамыз. Ауылда осындай адамдар көп болса, ауыл өзінің қазақы табиғатын жоғалтпас еді-ау!» деп әңгімесін аяқтаған еді Айгүл апай.
P.S. Міне, үш тағдыр, үшеуі үш түрлі. Бірақ, тоғысатын жері — біреу. Ол — ұрпақ тәрбиесі. Баланы байлық санаған қазақ табиғатын осындай жандар паш етеді емес пе? Бүгінде өз қағынан жеріген «көкек аналар» «бауыр еті-баласын» қоқыс жәшігіне тастап, әжетханаға лақтырып кеткенін естігенде осы бір ақпейіл, дүниенің бар жақсылығын бала деп білген адамдар еске түседі екен. Осыдан жастар ғибрат алса ғой, шіркін!