Қазақтың тұңғыш барды, есімі алты алашқа кеңінен танымал Табылды Досымовтың туғанына 60 жыл толуына орай ақынның туған жерінде ерекше флешмоб өтті. Индербор кентіндегі орталық саябақта орналасқан Табылды ақын ескерткіші түбінде бір мезетте 60 гитарашы оның «Сәйгүлігін» шырқады.

Көрнекті ақын Светқали Нұржанның сөзіне жазылған әйгілі жыр Желтоқсан оқиғасы кезінде дүниеге келіп, сол кезеңдегі қазақ қоғамының өкініші мен арманын таңбалаған тамаша туындыға айналған еді. Осы жерде бір айта кететін жайт, «Сәйгүлік» әні жиын-тойларда жиі орындалып, көпшіліктің оған көңіл көтеретін туынды ретінде қарап жүргені жасырын емес. Қазақтың тағы бір аяулы ақыны Есенғали Раушановтың «Қара бауыр қасқалдақ» атты жырына жазылған Лесбек Амановтың әні де осы тағдырды бастан кешті. Азаттық деп алқынған, қасірет пен махаббаттан туған екі жыр да әнге айналған сәтте ұлттың рухын көтерді. Астарында адам айтықсыз азап бар жырлардың шын мәніндегі миссиясы да, стихиясы да басқаша еді. Алайда көп жағдайда ой түбіне, сөз сырына үңіле бермейтін көп қандастың оны жеңіл қабылдауына да кешіріммен қараймыз. Светқали ақынның өзі қатысқан жиын - тойларда осынау жырға жұлқына билеп жатқан алаңсыз жұртына мұңая қарап отыруының сыры да осында...
Биыл қыршын ғұмыр Табылдының мерейлі жасына орай Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры «Сәйгүлік» музыкалық драмасымен батыс өңірлерге гастрольдік сапармен келіп қайтты. Біз айтулы туындының шын мағынасы мен астарын көрерменге ашып көрсетіп, тыңдарманды тебіренткен осы қойылымның куәсі болып едік. Спектакльдің басты ерекшелігі деп, екі бірдей ғажап ақынның жан мен рух үйлесімінен туған «Сәйгүлік» әнінің шын мазмұнын ашып бергенін айтар едік. Сексен алтының желтоқсанында қар мен мұзға төгілген қазақ жастарының қаны мен ащы зарындай туынды жылдар өте келе рух алдаспанындай алаш аспанында шырқалып келеді. Елең-алаң шақта намысты ұланның жүрегін жарып шыққан жыр - еркіндікті аңсағандардың көкейкесті сыры мен үні. Табылдының «Мен қазақпын», «Қазақ едім дегенше...» , «Гурий Назаровқа хат» сынды туындылары да - ақынның азаматтық тұлғасын айқындайтын бірегей дүниелер.
Флешмобқа Табылды әндерін шырқап жүрген кәсіби өнер иелерімен қатар мектеп оқушылары, мұғалімдер мен спортшылар және түрлі мамандық иелері қатынасты. Идея авторы Индер ауданының түлегі, белгілі тележурналист Тәуірбек Бозекенов Табылды мұрасының жанашыры ретінде көптеген игі іс-шараларға бастамашы болып келеді. Дендер аспанын әсем сазға бөлеген аталмыш флешмобты Индер аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды. Табылды ақынның кіндік қаны тамған, арманды күндеріне, мұңлы жалғыздығына куә болған қасиетті қарт Дендер дарынды перзентінің үніне тағы бір мәрте құлақ түрді. Әсем саябақтағы ерекше динамикалық көрініске ие ақын ескерткішіне жан бітсе, рухын қадір тұтқан ізбасарларына байсал тұлғасын бұрып, өзіне тән қоңыр үнімен алғыс айтар ма еді?...




