Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Ақкиізтоғайдың ардақтысы еді...

Қазақ даласында ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел қорғаған батырлар, ердің құнын екі-ақ ауыз сөзбен шешкен би-шешендер, маңдай тер, табан ақысымен еңбек етіп, ел экономикасын алға сүйреген рухты тұлғалар өткен. Ұлы далада еңбегімен өрнек салып, есімі ел жадында қалған тұлғалар,  соғыс жылдарында қанды қырғын майданда қан кешіп, жаумен арыстандай алысып, туған жердің бір сүйем жері үшін жанын қиюға да әзір болған, соғыстан кейінгі ел шаруашылығын қалпына келтіруге қатысып, тауқыметін бір адамдай көтерген, бейбіт күнде еселі еңбегімен еленген жандар бар. Сондай елге қадірі өткен, дүниеден кеткеніне қаншама жыл болса да, есімі ел аузында аңыздай болып жатталған жанның  бірі — ауыл шаруашылығы саласының айтулы қайраткері, соғыс және еңбек ардагері Тұрдығали Мәмбетов.

Биыл ерен еңбегін елге арнаған азаматтың туғанына 100 жыл толуына орай, оның есімі мен өнегелі өмір жолы жаңа серпінмен қайта жаңғырды.
 Жұмысшы мамандықтары жылы
ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы – 2025» бастамасы аясында ақын Маржан Ершу тарихи тұлғаның ғұмырнамасын поэтикалық биіктікке көтеріп, «Жалғыз қол» атты көлемді поэма жазды. Аталған туындының тақырыбы – Ұлы Отан соғысының ардагерінің, қырғын майданда қан кешкен майдангердің, бейбіт күнде еселі еңбек еткен қарапайым еңбек адамының өмірі.
Поэма тек бір адамның тағдырын емес — бір дәуірдің болмысын, еңбекке түскен халықтың қайратын, адамдықтың бағасын жырлайды.
Тұрдығали Мәмбетовтың тағдыры — соғыс даласында бір қолынан айырылып, елге оралып, бар қажырын ауылдың дамуына арнаған ерлік жол.
Поэманың кіріспесі «Қыдыр қонған шаңырақ» деп аталыпты. Шығарманың экспозициясы – Мәмбет ақсақалдың түс көруі, түсінде Қыдыр бабаға кездесуі, Қыдырдан бата алуы. Осылайша дастанның өн бойында кейіпкердің ата-бабасының, әке-шешесінің, өзінің тағдыры өлең болып өріліпті. Ал, «Тіл-қазына» тарауында «Тұрдығали айтты» деген халық арасына таралған нақылдарды өлеңге айналдырыпты. Оқыған жанға ой салатын бұл бөлімде кейіпкер тұлғасы ашыла түскен. Бас кейіпкердің майданға аттануы, Курск иінінде болған алапат шайқасқа қатысуы, Днепр өзенінен өтер кезде жараланып, жағада ес-түссіз жатып госпитальға түсуі, қабыныпкеткен оқ тиген қолды ампутация жасап, 21 жасар Тұрдығалидың жалғыз қолымен елге оралуы ұтымды баяндалыпты.


 Ақжолтай сәт
Жаңадан жарық көрген кітаптың тұсаукесері бір ғана шағын шара болып қалмады — ол бас кейіпкер еңбек етіп, айрықша қолтаңбасын қалдырған бұрынғы «Коммунизм жолы» совхозынан, бүгінгі Ақкиізтоғай ауылынан бастау алып, аудан орталығы Құлсары қаласында, облыс орталығы Атырау қаласында жалғасты.
Аталған шаралардың бәрінде де  ардагердің атын қадірлейтін жұрт жиналып, еңбек адамының рухына тағзым етті.
Ақкиізтоғай ауылында Тұрдығали Мәмбетовтың өмір жолы жастарға насихатталуы үшін мектептен «Тарих және Т. Мәмбетов» кабинеті ашылды. Бұл — өткенді танып, келешекке сеніммен қадам басудың нақты қадамы.
 

Маңдай тердің құны...
Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияда өткен салтанатты кеш — ардагер рухына арналған ең мазмұнды шаралардың бірі.
Сахна төрінде ел құрметі айқын көрініп, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Мақсым Ізбасов Тұрдығали Мәмбетовтың қызы, белгілі экономист, еңбек ардагері Мәншүк Мәмбетоваға «Хиуаз Доспанова» атындағы медальді тапсырды.
Бұл — тек марапат емес, еңбектің, кісіліктің, ұлттық рухтың бағалануы.
 

Шежіре сыр шертеді
Облыстық архив пен тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған Тұрдығали Мәмбетовқа қатысты құжаттар көрмеге қойылды.
Көне суреттер мен хаттар, бұйрықтар мен еңбекке қатысты деректер — тұтас бір дәуірдің тынысын айғақтап тұр.
 Оқырманға тәбәрік
«Жалғыз қол» поэмасы Ғ. Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қорына тарту етіліп, оқырмандарға жол тартты.
Осылайша, еңбек адамының ерлікке пара-пар ғұмыры талай буынға өнеге болмақ.
Өз тілшімізден