2025 жыл-Жұмысшы мамандығы жылы
«Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашан да құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ. Кез келген еңбек қадірлі!»
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ
Әке тағдыры
Өткен ғасыр басындағы Ұлы Октябрь Революциясы, Азамат соғысы, Кеңес үкіметінің ұжымдастыру және индустрияландыру аясында, көшпелі мал шаруашылығының дәстүрлі түрлерінің жойылып, мал санының азаюы, қыстағы жұт, қуаңшылық жылдар, кезең-кезеңімен келген ашаршылық ауыр экономикалық, әлеуметтік зардаптарға әкелді. Халықтың жаппай қоныс аударуы, малдың тәркіленуі, ашаршылық кезінде балалар мен нәрестелердің дұрыс тамақтанбауы мен медициналық көмек болмауы, өлім-жітімнің күрт өсуі, еліміз тарихында терең із қалдырған апат еді.
Аштықпен бірге елге эпидемиялық жұқпалы аурулар да тарады, олардың ішінде ең қауіптісі - оба, тырысқақ, сүзек (тиф) және басқалары. Сырқаттарды емдеу орындары жетіспеді. Ашаршылық пен індет бүтін бір әулеттің жойылуына да әкелді, қаншама адамдар жақындарынан айырылды, балалар жетім қалды.
Ашаршылықтың салдары дағдарыстың өзі аяқталғаннан кейін де жалғасты, қираған экономика, әлеуметтік жағдайды қалпына келтіру ұзақ жылдарға созылды.
Ұлы Отан соғысы кезінде майданның барлық бағыттарында қазақстандықтар жаулармен батыл соғысып, ерлік пен патриотизмнің ғажайып үлгілерін көрсетті.
Соғыс жылдарындағы «Бәрі де майдан үшін», «Бәрі де Жеңіс үшін» деп ұрандатып, тылда жанкешті еңбек еткен жұмысшылардың ерлігі аңызға айналды.
Еліміздің ауылшаруашылығы майданды азық-түлікпен, өнеркәсіпті – қажетті шикізатпен қамтамасыз етті.
Соғыстан кейін, халық шаруашылығын қалпына келтірудегі елдің қарқынды еңбегін айтпауға, елемеуге болмайды.
«Мың өліп, мың тірілген» халқымыз қоғамның санасына «сыналанған» осынау зұлмат жылдардан аласармас рухымен, қайыспас қажыр-қайратымен, табанды да төзімді жансебіл еңбегімен өтіп қана қоймай, елдің болашағы үшін ұрпақ өрбітті.
Тағдыр қыспағынан аласармай өткен азаматтардың бірі - Омаров Баяз Омарұлы 1917 жылы Бөкей ордасының ІІ Теңіз жағалауы округі, кейінгі Гурьев облысы, Теңіз ауданы Байда ауылдық Кеңесінің Байда ауылында дүниеге келген.
Әкесі - Ырсалыұлы Омар, әлді шаруа отбасынан. Анасы - Сейтәліқызы Саружамал да қарапайым отбасында туып, өсіп-өнген, тәрбие алған жан еді.
Баяз Омарұлы - бір ұядан өсіп-өнген жеті ағайындының бірі. Інісі Сағат - Ұлы Отан соғысы ардагері, қарындасы Тұрпат - тыл еңбеккері, інісі Таупих - Ұлы Отан соғысына кетіп, оралмаған белгісіз жауынгердің бірі. Үш бауыры жас шағында сүзектен шетінеген.
Балалық және жастық шағы жоғарыда көрсетілгендей, елдегі ауыр жағдайлар кезеңінде өткендіктен, жастайынан еңбекке ерте араласыпты.
«Коллективный труд» ұжымшарында мал баққан. Тұрмыстағы қиыншылық жағдай соғысқа жалғасқан. Соғыс басталғаннан кейін, бір жарым жылдай броньмен қалдырылып, еңбек еткен. Ол 1942 жылы қазан айында майданға аттанды. Алғашқы дайындықтан өткен соң, Сталинград маңындағы алапат шайқасқа қатысты.
Дага, І-ІІ Украина майдандарында 76-шы Атқыштар дивизиясының құрамындағы 216-шы Атқыштар полкінің сапында алдымен қатардағы атқыш, кейін кіші сержант шенінде бөлімше командирі болып жаумен шайқасты. Қаруластарымен бірге, өмір мен өлімнің айқасында,от пен оқтың «құрсауында» жүрсе де, Жеңіске деген үкілеген үмітін үзбеді.
1945 жылы ақпанда Германия жеріндегі кескілескен ұрыста Баяз Омарұлы қолынан жараланып, бірер айдан соң, қайтадан алғы шепке түседі. Кейіпкеріміз 1945 жылы мамыр айында Польшаны азат ету майданында сол аяғынан ауыр жарақат алып, госпитальға түскен. Жеңіс Туының желбірегенін госпитальда естиді.
Тамыз айында ғана госпитальдан ІІІ топ мүгедегі болып шығып. «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталып, Бас қолбасшы Сталиннің екі бірдей Алғыс хатын алған Баяз Омарұлы қыркүйек айында елге оралады.
Елге оралған соң, денсаулық жағдайына қарамастан, тылдағы майданда еңбекке араласып, ұжымшардың балық шаруашылығы саласында еңбек жолын жалғастырады. Қонысын «Котяев» ауылына ауыстырып, «Память Ильича» ұжымшарында еңбек етті.
«Елге еткен еңбек жақсы. Еңбекті елеген ел жақсы» деген екен Баласағұни.
Соғыстан кейінгі ауыр жылдары майдангер бар күш-қайратын жұмсап, әуелі қатардағы балықшы, кейіннен механикаландырылған өзек ауының звено жетекшісі болып, ел байлығын арттыруда еселеп еңбек етті. Су айдындарында асау толқындармен алыса жүріп, жылдың төрт мезгіліндегі құбылмалы кезеңдеріне төзімділік танытты. Ол дегеніңіз - дауылды жел, аптап ыстық, нөсерлі жаңбыр, күзгі сүйектен өтетін суық және басалары.
Үздіктер қатарынан көрініп, майдангер балықшы тоқсандық, жылдық жоспарларын үнемі асыра орындап, ерен еңбегі арқылы көзге түсіп, тек ұжымның емес, ауданның, облыстың жеңімпазы атанды.
ІХ бесжылдықта Баяз Омарұлы ұйымдастырушылық, жауапкершілік қабілетімен дараланып, ол кісі басқарған өзек ауы звеносы, аулау құрал-жабдықтарын ұқыпты, уақытты тиімді пайдалануы нәтижесінде ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп, үш бесжылдық тапсырмасын орындады. Белгіленген 2276 центнердің орнына 7061 центнер балық аулаған. Сөйтіп, 1974 жылы Кеңес Одағының Жоғарғы партия, Кеңес, кәсіподақ, жастар органдарының «Тоғызыншы бесжылдық озаты» төсбелгісін иеленіпті.
Еңбекқор Баяз Омарұлының табанды, төзімді еңбегі ұжымшар алқасы тарапынан үнемі бағаланып, суреті Құрмет тақтасынан түспеген.
1973-1977 жылдар аралығында үздіксіз Социалистік Жарыс жеңімпазы атанып, Кеңес Одағының жоғарғы органдарының төсбелгісін иеленген. Ұжымшар балықшылары арасында УІІІ-ІХ бесжылдықтардың жеңімпазы, «Еңбек сіңірген колхозшы» атағын иеленіп, «Еңбек ардагері» медалы, бірнеше Мақтау Грамоталарымен марапатталған.
Сондай-ақ, «1941-1945жж. Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 20, 25, 30 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне 50,60 жыл» медальдарының иегері.
Еңбек жолы «Атырау», «Серпер» газеттерінде насихатталған.
Ұлағатты өмір жолы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, 2015 жылы шыққан Атырау облысының «Мәңгілік мінәжат», 2024 жылы шыққан Д.Гайсиннің «Бөкей хан ауылы» кітаптарына енгізілген.
Ел ағалары «Қара жердің кемесі» атаған, болмысынан байыпты да байсалды Баяз Омарұлы ауылдасы Қанибет Тәжіқызымен отау құрған.
Ана жолы
Омарова Қанибет 1922 жылы Батыс Қазақстан облысы,Теңіз уезі, кейінгі Гурьев облысы,Теңіз ауданы Байда ауылдық Кеңесінің Байда ауылында дүниеге келген.
Әкесі – Тәжі, анасы Үнзила –қарапайым шаруа адамдары.
Қанибет апайдың сіңлісі Әруіш - тыл еңбеккері, өмір жолы «Киелі мекен, қасиетті өлке Құрманғазы» атты Құрманғазы ауданы энциклопедиясына енгізілген.
Інісі Өтепқали - Ұлы Отан соғысына аттанып, еліне оралмаған белгісіз жауынгерлер тізімінде.
Қанибет Тәжіқызы бастауыш сынып деңгейінде білім алып, елдегі ауыр жағдайларға байланысты, оқуын жалғастыра алмаған. Қара шаңырақ иесіне балаған інісінің соғыстан оралмауы арқасына аяздай батқан ол, сіңлісін қамқорлап, анасына көмектесіп, жастайынан ауыр жұмыстар жасаған.
Соғыс жылдары басталған Гурьев –Астрахан, Кордуан-Қарағайлы теміржол құрылысына қатысқан. Жер қазу, шпалдарды, топырақ, шебень тасу жұмыстарын атқрған. Соғыс кезеңінің қатаң талаптарына сай, бел жазбай, жан төзгісіз еңбек еткен.
Теміржол құрылысы уақытша тоқтатылған кезде, ауылға оралып, «Коллективный труд» ұжымшарына мүше болып, мал баққан.
Отағасымен бірге мал баққан кезде, бала тәрбиесімен қатар, құдықтан мал суару, сиыр сауу тәрізді басқа да сан қилы шаруаны уақытпен санаспай, жылдың төрт мезгілінің қиындығына мойымай, қақаған аяз, дауылды жел, найзағайлы нөсерге қарамай ұжымшардың мал басынан шығын шығармауға үлес қосып, еңбек еткен.
Өзегін өртер өкініші, өмірінде таңбаланған тағдыр қасіреті де бар еді. Жүкті кезінде күнделікті құдықтан мал суарып тұрғанында, күн күркіреп, найзағай жарқылымен бірге, нөсер жаңбыр жауады. Өзін жайсыз сезінген соң, көңілін үрей билеп, қауғасын құдық басына тастап, үйге келеді. Қиналып, қобалжыса да, дүние есігін егіз шарана ашып, қуанышқа бөленеді. Кейіннен, құдық басында найзағай түскен ала сиырдың өлігін көріп, өзінің сол жерден кетіп үлгергеніне «тәубе» етеді.
Көп ұзамай егізі Сабырғали мен Ғалия шетінеп кеткен. Ұзақ жылдар ауыр жұмыстан титықтап, қажыған анаға қос нәрестесінен айырылу оңай болмады. Найзағай салдары да әсер етеді, қиналып ауырады, күйзеліске де түседі. Алайда, қоғам малына деген жауапкершілік оны еңбекке оралуға мойынұсындырады.
«Жиғаны бар емес, иманы бар адам бай» демей ме халық даналығы?! Қанибет апай ақжарқын, кеңпейіл, қонақжай болған екен. Көп бала тәрбиелеп өсірген «Батыр ана», тылдағы ауыр еңбегі үшін «Тыл еңбеккері» медальдарымен бағаланып, өнегелі өмір жолы Атырау облысының «Мәңгілік мінәжат» кітабына, «Киелі мекен, қасиетті өлке Құрманғазы» атты Құрманғазы ауданы энциклопедиясына, Д.Гайсиннің «Бөкей хан ауылы» кітабына енгізілген.
Баяз-Қанибет отбасында Кәкима, Әсима, Бәтима, Тамара, Ғалия, Сабырғали, Заида, Жаңылсын (Ұлболсын), Сақтапберген есімді тоғыз ұрпақ дүниеге келген, олардың бесеуі нәресте кездерінде шетінеген.
Баяз ата мен Қанибет апай Ербол есімді жиенін бауырларына басып, өз атақтарына аударып алған.
Қара шаңырақ иесі Ербол - жоғары білімді, құрылыс саласының маманы,Астана қаласының тұрғыны.
Баяз Омарұлының ұрпақтары қоғамның әр саласында абыройлы еңбек етті. Бірі -ұстаз, бірі - экономист, енді бірі - құрылысшы атанды. Перзенттерінен тараған бір немере, он бір жиен, жиырма жиеншары бар.
Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагері Баяз Омарұлы 1981 жылы алпыс төрт жасында дүниеден озды. Соғыс зардабы мен ұзақ жылдардағы ауыр еңбек денсаулығына өз ықпалын тигізбей қоймады.
«Батыр ана» Қанибет Тәжіқызы 1993 жылы бақиға аттанды.
Баяз-Қанибет перзенттерінен қазіргі кезде, еңбектің зейнетін көріп отырған екі ұрпағы ғана. Олар - Омарова Кәкима Баязқызы 1947жылы, Омарова Әсима Баязқызы 1947 жылы Гурьев облысы, Теңіз ауданы Байда ауылдық Кеңесінің «Рожок-Байда» елді мекенінде дүниеге келген. Кәкима мен Әсима Котяев ауылындағы Н.Крупская мектебінен орта білім алған.
Перзент парызы
Кәкима Баязқызы 1965-1969жылдары Орал қаласындағы Сауда техникумында оқып, «Плановик-экономист»мамандығын алған. Оқу орнынан оған Қарағанды кооператив институтына жолдама да берген, алайда отбасы жағдайымен, оқуын жалғастыра алмаған.
Атап өткен жөн, 1968 жылы оқу үздігі, зерделі студент облыстық комсомол съезіне делегат болып қатысқан.
Еңбек жолын 1969 жылы Балқұдық жұмысшылар кооперативінде бас экономист болып бастаған. Ұзақ жылдар осы мекемеде бас бухгалтердің орынбасары, бас бухгалтер, кооператив төрайымы қызметін атқарады. Тәуелсіздіктен кейін, алмағайын кезеңдерінде, ауданнан 300 шақырымдай шалғайда орналасқан елді мекендерді азық-түлікпен, тұрмыстық қажетті тауарлармен қамтамасыз ету оңай болған жоқ.
1971-1972 жылдары Ганюшкин тұтынушылар қоғамында тексеруші\ревизор болып та еңбек еткен.
Осы салада жас кадрларды кәсіби дайындау ісіне де көңіл бөлген.
Кәкима Баязқызы - Сауда саласында «Үздік қызметкер» номинациясы бойынша жеңімпаз. Сондай-ақ, аудандық тұтынушылар қоғамынан, аудан, облыс тарапынан Алғыс хат, Құрмет Грамотасымен бірнеше дүркін марапатталған. Заттай сыйлықтардың да иегері. 2005 жылы зейнетке шыққан.
Сауда саласының ардагері 2025 жылы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жолдасы Сүлейменов Өмірзақ Әбілхасанұлы – мұғалім, оқу-ағарту саласының ардагері. Ербол, Қарылғаш, Тілекші, Алтай есімді абыройлы ұрпақтары өркен жаюда.
Омарова Әсима Баязқызы Гурьев педагогика институтының «Биология және химия пәні мұғалімі» мамандығын иеленген.
«Ұстаз ұлық емес, ұлы қызмет» деген батыр Бауыржан Момышұлы. Әсима Баязқызы ұстаздық еңбек жолын облыстың Ембі, бүгінгі Жылой ауданының Ю.Гагарин атындағы мектебінен бастап, ауылдағы өзі білім алған Н.Крупская мектебінде ұзақ жылдар ұстаздық еңбегін жалғастырған. «Ұстазы жақсының - ұстамы жақсы» дегендей, шәкірттері бірнеше мәрте химия пәні бойынша аудандық, облыстық жарыстарда жүлделі орындарды иеленген.
Сонымен қатар, мектеп жанындағы балалар жатақханасының меңгерушісі, мектептің партия ұйымының хатшысы, мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Адами жоғары қасиеті, білімдар-біліктілігімен және айрықша жауапкершілігімен дараланған Әсима Баязқызы тұрғындар қалауымен Байда ауылдық Кеңесіне депутат болып та сайланған. Бар күш-қайратын жұмсап, ел аманатын адал атқарған.
Облыстық Мұғалімдер конференциясына, 1987 жылы Қазақстан Республикасы Мұғалімдерінің ҮІ съезіне делегат болып қатысқан.
Әсима Баязқызының оқу-ағарту саласындағы еңбегі Қазақ КСР Оқу Министрлігінің Құрмет Грамотасы, аудандық білім бөлімі, облыстық білім басқармасының Алғыс Хат, Құрмет Грамотасы және басқа сыйлықтарымен марапатталып, есімі 2006 жылы «Атырау облысы мұғалімдері» энциклопедиясына енген.
Өнегелі өмір жолы жөнінде аудандық «Серпер» газетінің тілшілері талай мәрте жазған.
Жолдасы Амангелді Қибатоллаев - Құрманғазы кеңшарында ветсанитар, Шортанбай балық зауытында, «Память Ильича» ұжымшарында еңбек еткен. 2022 жылы дүниеден озды.
Отбасында перзенттері Қайрат, Серікбол, Қуаныштан абыройлы ұрпақтары бар.
Перзенті Жанат дүниеден озған.
«Сіздердің жақсыларыңыз, ұзақ өмір жолында жақсы істеріңізбен із қалдырушыларыңыз» делінген сөздер бар Хадисте.
Құрманғазы, бұрынғы Теңіз ауданы экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғазиз ата-ана, өз замандастары сияқты алаңсыз балалық шақ, қайталанбас жастық қызығына бөлене алмаса да, жалпыға ортақ ашқұрсақ өмірге де, тұрмыс тауқыметіне де төзе білді. Еңбекте де абыройдың туын тіктеді. Ерік-жігері мұқалмай, шүкіршілікті қазына тұтып, өз ұрпақтарының бойына ізгілік құндылықтарын сіңіріп, білім алуы үшін, өмір бойы жансебіл еңбек етті..
Иә, дәуір жылнамасымен бірге өрілген, қос майдан қаһарманы Баяз Омарұлының, әулетінің тарихы осындай.




