Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Баян ҚҰМАРҒАЛИҚЫЗЫ: "Маскүнемдік - психикалық дерт"

Күнделігіме түскен бүгінгі жазбаларым өзіме оқырмандарымның жиі қоятын сұрақтарына берген өз көзқарасымнан туындаған пікір-жауабым десем де болады. Өйткені әрбір адамның өзіндік тұжырымы, өз ойы қалыптасқан жеке тұлға екенін ескерсек, менің көзқарасыммен сіздердің көзқарастарыңыз міндетті түрде бірдей болуы шарт емес, дегенмен, көңілдеріңізден шығып, жүректеріңізге ой салып жатса, әрине, қуаныштымын! Шығармаң да бір жүрек тұсыңда аялап, бойыңдағы бар нәріңді сыйлай жетілдіріп, толғанып,толғатып, жарық дүние сыйлаған сәбиіңдей ғой, кейін де қызғыштай қорғап, қызғанып жүргенің...

Сонымен бүгінгі таңда қоғамда жиі қозғалатын өзекті мәселелердің бірі -маскүнемдік. Ғасырдың, заманның  десе де аздық қылатын шығар, мына фәни жалғанның ауыр азабы десе болады. Мен қазір толғанып, көсіліп жазуға еш ниетім жоқ, өйткені маскүнемдіктің қасіретін, зиянын саналы барлық адамзат, тіпті сол маскүнемдердің өздері де  жатқа біледі.Сол себепті де маған жиі қойылатын үш сұраққа тоқтала кетсем:
 Үнемі оқырманнан маған жолданатын сауал : «Арақты қойдыруға бола ма? Арақты қоя аламын ба?
Араққа бір салынған адам қоя алмайды, оны қойдыруға медицина да, халықтық дәстүрлі медицина өкілдері де дәрменсіз. Егер де емдеуге, арақты қойдыруға болады десем сіздерді де, өзімді де алдаған болар едім. Маскүнем өз еркімен арақты қойып кетуі мүмкін, бірақ ол енді мүлде ішкісі келмейді деген сөз емес, ол ішімдік ішуді қойған соң үздіксіз іштей өз-өзімен, нәпсісімен, әзәзілмен ауыр күресте жүргендіктен, кез-келген сәтте  жалығып не өмірдің қиындығына тап келгенде морт сынып, арақты қайта бастап кетуі де ықтимал. Маскүнемді емдеп жазу  мүмкін емес, ол тек рухы мықты болса ғана өз еркімен қоя алады. Жалпы маскүнемдік - ерік -жігері әлсіз, рухы төмен жандарға тән келеді.
Тағы бір жиі жолданатын сұрақ: «Маскүнемдік - жалқаулық па?» дегендерге айтарым: «Маскүнемдік - жалқаулықтан пайда болмайды, бұл - қате пікір. Маскүнемдік - алкоголизм деген дерт. Кейбір ауру түрлері әдетте тәнді, денені меңдеуі мүмкін, ал алкоголизм - психикалық ауру! Миды жаулап, сананы улайды. Адамның психикасының бұзылу түрі. Әлсіз, рухы төмен жандар күйзеліске ұшырағанда, тағдыр тәлкегіне тап болғанда немесе бала кезінде алған естен кетпес психикалық травмасы мазалағанда, қатты уайымнан шыға алмағанда, күлкіге қалған жағдайда, қорлық көріп, зорлыққа ұшырағанда күресе білуге жігері жетпей не сырын ешкімге айта алмаған кездерінде ішімдікке жақындайды. Жалпы біздің қоғамға спиртті ішімдіктер таңсық дүние емес, көпшілігі той-мерекелерде қуанышты бөлісіп, белгілі бір ортада ішілетіні жасырын емес. Ал, алкоголизм атты психикалық ауруға тән белгі - сырт көзден жасырын не жалғыз отырып ішу. Себебі ол адамдарда қорқыныш болады. «Көрген қиындығы қайтып орала ма?» деген қорқыныш, ұжымда не бір ортада өзін жайсыз, басқалардан төмен сезінген сәттерде, отбасындағы жанжал не зайыбымен ажырасқан сәттері, төленбеген несиелері, қайтарылмаған қарыздары, тізе берсе факторлар өте көп, міне, осы сипаттағы қорқыныштан құтылу мақсатында ішеді. Ішкен соң көңіл-күйі де көтеріліп, барлық уайым-қайғы жоқ болып кеткендей көрінеді, бұл - алкогольден болатын зардабы көп уақытша эйфория ғана. Қателесу, араққа салыну, міне, осылай басталады. Ертеңіне көңілділік ғайып болып ұшып кетеді де проблемалар ғайып та болмайды, ұша да алмайды.Өкініш қана қалады, «енді ішпеспін» деп ант-су ішеді де, кеш түсе сол баяғы маскүнем күйіне оралады, асыға оралады, сонда ғана бәрі ұмытылып, көңілі көтерілетіндей болып тұрады. Маскүнем адам  осылайша бұрынғы проблемаларына енді маскүнемдікті де қалай қосып алғанын өзі де сезбей қалады. Ертеңіне тағы іштей енді ішпеспін деп уәде береді... Кешке және мас... Бұл бір - шығып кетуге еш  мүмкіндік  жоқ, айналып жүре беретіндей шегі жоқ шеңбер.
Бұрындары жаңылыспасам, Өзбекстанда мерекелерде биік бағаналарға  арқан керіп, биіктікте арқан үстімен, тепе-теңдікті ұстау үшін қолына таяқ ұстап жүретін ойыншылар болатын. Қорқынышты көрініс, аяғын сәл қате басса, сонау биіктен жерге құлап мертікпей ме?! «Арақты тастаймын» деген маскүнем де - тура сол арқан үстіндегі ойыншыдай! Жазым басу аяқ астынан, сәл нәрсе себеп болса - құлдилаған күйі маскүнемдіктің тұңғиығына кету оңай, шығу қиын.
Қазірде халық арасында «кодировка» деп аталатын екпе және арақ ішуді қойдырады деген түрлі дәрілер бар. Арнайы жоғары медициналық, фармацевтикалық білімі бар, әрі ағзадағы  алкогольді анықтау, токсикология, сот медицинасы  саласында қызмет атқарған сарапшы - дәрігер маман ретінде айтарым, бұл екпе, дәрілер адамның ішкі мүшелерінің жұмысын бұзып қана қоймай, басты себеп - маскүнемдіктен айықтырмайды, керісінше бұлардың әсерінен сәл уақыт қана іше алмаған маскүнем кейін бұрынғысынан да жиі ішетін болады .
Мен айтар едім, алкоголизмді тек осылай дәрімен емдеу - уақытша тоқтату ғана, бірақ емдеу емес! Жалпы мен арақтан емдеймін деген бақсы-балгерлердің сөзіне де сенбеңіздер дегім келеді. Алкоголизм емделмейді, егер маскүнем өз еркімен ғана ішуін тоқтатпаса! Сондықтан ақшаны желге шашпай, дәрілермен уақытша, физикалық тұрғыда денеге әсер етіп алып, аурудың жанын емдеген жөн! Маскүнемдік - адам жанының ауруы, оны дер кезінде емдемесе, науқасты мүгедек қылып, жанындағы жандарды да ауруға ұшырататын, отбасының берекесін қашыратын қайғылы дерт. Маскүнемді бір адам емес, шама келгенше, отбасы болып бірігіп құтқарған жөн. Сәл күйзелістен не қайғыдан, не болмаса ішіп көрейін деген қызығушылықтан туындаған тәуелділік қайғылы жағдайға жеткізбей қоймайды. Мен спиртті  ішімдіктен мидың ұлпаларының бірте- бірте өліп, мишықтың өзгеріске ұшырауын ,қан айналымы бұзылып, тромбтар пайда болуын, жүрек, көкбауыр, асқазан аурулары, онкологиялық кеселдер пайда болуын, әсіресе, бауыр мен бүйректердің улы заттарды шығару жұмысы бұзылып, токсиндер ағзаға жиналып, ісіктер пайда болуын және басқаларын айтпағанда, психиканың өзгеріске ұшырап, ойлану қабілетінен, сөздерді жүйелі, мағыналы қолданып, түсінікті жеткізе білу қабілетінен айырылу қаупі бар екенін ескерткім келеді.
Сондай-ақ, емшілерге қаралу турасында жоғарыда айтып өттім, ал «жын шығаратын молда дегендерге де апармаңыздар» деп кеңес берер едім, бұл әрине, өз ойым, апарып қаратамыз десеңіздер патша көңілдеріңіз біледі. Өз ойым дейтін себебім, менің көзқарасымда Алла тағала әр пендесіне де бір жынды бекітіп берген, «Харин» деп аталатын, яғни, арабшадан аударғанда жолдас, ілесуші, жақын деген мағына береді. Әр жанның Алла тағала өзі бекіткен періштесімен қатар, азғырушы жыны да болады бойында, бұл да бір сынағы шығар Жаратушының. Тіпті ардақты Мұхаммед пайғамбарымызда (с.ғ.с.) да бар болған, оның есімі «Асляма» не «Асляму» делінген, яғни, жақсылыққа үгіттеуші  мұсылман жын екен.
Енді ойласам, ол Алладан бекітілген жынды кім Алланың әміріне қарсы келіп шығара алады?!  Тіпті басқа жын еніп денесіне, араққа үгіттесе  оны оқумен, дем салумен шығарып жіберсе де, бәрібір бекітілген өз жыны бар емес пе адамның бойында?! Сондықтан мен «оқытып, жынын шығарады» дегенге сенбеймін екен.
Дұрысы ағзаны, қан тамырларын улы токсиндерден тазалап, уақытша болса да «кодировка» қойып алып, маскүнем адамның жанын тазартумен айналысқан жөн. Медицинадан бас тартып, жын шығарушыларды, арақты қойдырамын деп елді алдаушыларды жағалаған текке кеткен уақыт пен желге ұшқан ақша ғой. Медицинаны ғасырлар бойы мойындаған  адамзат атаулы, тіпті Ибн Синаның есімінен шыққан ғой атауы да, көзі ашық 21-ші ғасырдың адамының медицинадан түк те хабары жоқ, дәрігерлік білімі жоқ емшілерді жағалауының өзі - надандық..
Үшінші әрі соңғы сұрақ: «әйел адамды алкоголизмнен емдеу мүмкін емес дегенге қалай қарайсыз?»
Жауап: «Негізінде ер адам мен әйел адамның арақты өзгеше қабылдайтындай медициналық тұрғыдан еш айырмашылығы жоқ, сол себепті де әйелдер алкоголизмнен айыға алмайды деген пікірмен келіспеймін. Рас, әйел адам эмоцияға берілгіш, сезімтал, нәзіктеу келетіндіктен маскүнемдікке тез бой алдырып алады және ағзасы  алкоголь салдарынан жиі ауруға ұшырауға бейім болып келеді, мысалы, бауыры ер адамдарға қарағанда тез бұзылады,  бетіне де ісік көбірек жиналады дегендей, сол себепті де әйел затының маскүнем екенін ер адамдарға қарағанда бірден байқауға болады». Алкоголизм -  адам баласының өзіндегі және қоғамдағы ең маңызды үш тұғырын: денсаулығын, отбасын, жұмысқа қабілеттілігін жалмайтын ауыр психикалық кесел.
Ең ауыры - маскүнемнің өзін ешқашан  маскүнеммін деп сезінбеуі, өзін кез-елген уақытта арақты не сыраны қойып кетемін деп алдаусыратуы, өзін басқалар кемсітеді, менсінбейді деп түсінетіндігі, сол себепті қатты агрессияға беріліп, алкоголь ішпесе мазасызданып, ашушаңдыққа бой алдыруы, өмірге қызықпаушылық пен үсті-басының, киімінің тазалығына мүлде мән бермей қоятындығы. Арақ болсын,сыра болсын - екеуі де алкогольді ішімдіктер. Айырмашылығы- арақ адам ағзасына жылдам, сыра баяу әсер етеді.
Олар арақтың кесірінен болған өміріндегі барлық сәтсіздіктерге маскүнемдігі емес, жанындағы жандар ғана кінәлі, тіпті  маскүнем болғандығына да солар жауапты деп санайды және отбасындағы жанашыр жандарын үнемі күйзеліске түсіріп, ауруға ұшыратады және олардың жағдайымен, денсаулығымен мүлде ісі болмайды. Міне, маскүнемнің  анда-санда ғана, бір мерекелерде не атаулы даталарда көпшілікпен ғана ішіп жүретін жандардан барлық айырмашылықтары осындай.
Әйелдер жөнінде айтып өттім, ал цирроз, варикоз, варикацеле, тамақты тәбетсіз ішу,  зәр ұстамау, түрлі ісіктер және басқаларын айтар болсақ, бұлар ер адамдарға да тән, жалпы ағзадағы бұрынғы созылмалы кеселдердің асқынуына да әкелетіні жасырын емес.
Қорыта айтқанда, бұл маскүнемдік торынан адам өзі ғана босап шыға алады. Маскүнемге дауыс көтеріп, ұрсып-сөгудің қажеті жоқ, ол қайта ерегесе түседі, жанжал шығарады немесе тіптен өзін аулақ ұстап, қашып, тығылып ішуді бастайды және аяушылықпен дегенін, жағдайын жасаудың да мүлдем қажеті жоқ, ол бұл әрекеттеріңізді міндетіңіз,тиістісіз деп бағалайды. Жанашыр болсаңыз, немқұрайлылық таныту дұрыс деп ойлаймын, сол себепті жақындары өз өмірін реттеп, өз мінез-құлқын дұрыстағаны дұрыс, қаржылай көмекті толықтай тоқтатып, жүріс-тұрысын қадағалауда ұстап, ағзасын, қанын алкогольден толықтай тазартып, жанымен жұмыс жасаған дұрыс. Жанын емдеген абзал.
Жан жарасын өзімен бірігіп жазуға атсалысып, досы болуға тырысу қажет, өйткені күйзелісте жүрген жан досқа зәру, ал маскүнемнің досы болмайды. Сол себепті  маскүнемге зіркілдеген  жаналғыш не әкіреңдеген тергеуші болудың, ұзын-сонар ақылға толы тәрбие сағатын өткізетін мұғалім болудың қажеті жоқ, маскүнемге оның бір де бірі әсер етпейді, қайта аулақ кетіп, қашып, тығылып ішуге ұмтылады, оның ақыры не қылмыс жасаумен не өліммен аяқталатыны хақ. Алкоголизм – алькогольді ішімдіктерді ішуге қызығушылықтан басталып, әдетке айналуынан туындаса да әдет емес, тән ауруы емес, күйзеліс  себебінен пайда болған психикалық дерт.
Көбіне жанашыр жақындары маскүнемге бұзақылық немесе тәртіп бұзушылық жасаған жандай ұрсып, жекіріп, күш көрсетіп жөнге салмақшы болады немесе тентектік жасағандай қатты жазалайды да, жалынады да, ақылдарын айтып, дұрыс жолға салмақшы да болады, бірақ бұл әрекеттері нәтиже бермеген соң амалдары таусылып, қолдарын  сілтеп, жайына қалдырады. Бұл әрекеттер бәлкім, арақ ішпейтін тәртіп бұзарларға оң әсер етуі мүмкін, ал маскүнемдерге қолдану тиімсіз, өйткені маскүнемдік -басбұзарлық емес, нашақорлық, құмар ойындарға тәуелділік сияқты дерт, психикалық ауру түрі. Ал кез-келген дерт тиянақты емдеуді қажет етеді. Маскүнемнің бойын ең алдымен алкогольден тазартып, нерв жүйесін, қан кысымын, бауырын, бүйрегін, жүрегін әрі бақылай, әрі емдей отырып, дереу жанын емдеуге кірісу қажет. Нерв жүйесін, жүрегін тыныштандыра отырып, психологиялық  әдістер арқылы  бойынан, санасынан қорқыныш пен үрейді алып тастаған дұрыс. Мүмкіндігінше маскүнем адамның жанын мазалаған, жайсыздық сыйлайтын естеліктерімен жұмыс жасап, оларды түпсанасынан ажыратып, басынан өткен көңілді жадыратар оқиғаларымен алмастырған жөн. Науқастың өзіне деген сенімділігін арттырып, өз бағасын, қадір-қасиетін сезінетіндей жағдай жасау керек. Жанын ұғар досындай болып, жүзін иманға, имани қасиеттерге  бұру қажет. Сонымен қатар оны бос уақыты болмайтындай тынымсыз еңбекке баулыған абзал. «Арақ түбі-дерт, ұшқын түбі-өрт» деп халық бекер айтпаған, маскүнемдік-қоғам дерті, ол да бір ауру, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу керек шығар бәлкім?!

"Баян ханымның күнделігінен"