Немесе Мұқағали мен Тоқашқа жасалған бір қиянат хақында...
2015 жылы оңтүстік жұртшылығы көзінің тірісінде-ақ «тентек Тоқаш» атанған, соғыстан кейінгі бүкіл қазақ плеядасын тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосқан жерлестері ақын Тоқаш Бердияровтың тоқсан жылдығын атап өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен тойға ат басын арнайы бұрып келген қонақтар алдымен аңыз ақынның сүйегі жатқан жерге барып, аруағына тәу етіп, құран бағыштады. Содан кейін Бесқұбыр ауылында өткен басқосуда ыстық ықыласқа толы естеліктер айтты, жылы лебіздерімен бөлісті, ақындар тебіреніп өлең оқыды. Былайша айтқанда, тойдың ұйымдастырылуында кемшілік бола қойған жоқ. Той аяқталу мәресіне де жақындап келе жатты. Таңертең шұрқырасып табысқан жұрт, түс ауа қимастықпен қоштаса да бастаған. Кенет күтпеген жерден бәрімізді тығырыққа тіреген бір оқыс жағдай орын алды. Ол қандай оқыс жағдай дерсіз? Таңертеңнен қонақтарға қызмет көрсетіп жүріп жүрген бір жігіт ағасы бізге бұрылып: «Өтірік-шынын кім білсін, осы біреулер Тоқаш пен Мұқағалиды Жазушылар одағынан шығарып жіберген дейді. Сол рас сөз бе, әлде көп қауесеттің бірі ме?» – деп сұрады төтесінен. Шыны керек, мұндай сұрақты күтпеген едік. Әдебиет әлемінен алысырақ жұрт мұндай жағдайдан бейхабар шығар деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, жұрттың көзі ашық, құлағы түрік, көкрегі ояу екен. Бәрін естіп, біліп, көңілге түйіп жүреді екен. Сұрақтың күтпеген жерден қойылғаны сондай, жұрт «Ә, солай ма еді?» дегендей бәрі аңтарылып маған қарады. «Тоқаш ақынның іздеушісі болып жүрген бала ғой, бір білсе – осы біледі» дейтін сияқты. Ел аузынан естігенім бар, әр жерден оқығаным бар, еміс-еміс есіме түсіріп, бірдеңе түсіндірген болдым болдым. Бірақ, дәлелдемелерімнің дәйегі әлсіз шыққаны сондай, айтқаныма жұртты сендіре алмастай күй кештім, оны жұрт та, өзім де сезіндім. Сөйтіп, өте бір ыңғайсыз жағдайға тап болдым. Мінеки, мені аталған тақырыпқа ден қойғызып, зерттеп, зерделеп, ақыр соңында төмендегі мақаланы жазуыма түрткі болған Тоқаш көкемнің жерлестері алдындағы осы ыңғайсыздық жағдай еді.
Сөз жоқ, ақиық ақындар Тоқаш Бердияров пен Мұқағали Мақатаев есімдері қазақ әдебиеті тарихында қашанда үлкен ілтипетпен тілге тиек етіледі, сағынышпен еске алынады. Олардың ұлттық поэзиядағы өзіндік үн, өзіндік бояу нақышпен тыңнан түрен салғаны даусыз. Өздеріне ғана тән поэзия мектебінің негізін қалап, дарабоз із қалдырғаны шүбәсіз. Бір сөзбен екеуі де қазақ өлеңінің қадір-қасиетін терең танып, көркемдік дәрежесін асқан зор шеберлікпен, қайталанбас даралықпен шырқау биікке көтере білген ұлы суреткерлер, халықтық ақынға айналған абзал тұлғалар. Басқасын былай қойғанда, олардың кешкен тағдырлары да бір-бірене тым ұқсас болды. Бала Торқысбек Ташкенттегі жетім балалар үйінде тәрбиеленсе, Мұқамедқали Нарынқолдағы мектеп-интернаттың қатқан қара нанын жеп ер жетті. Ес білген шағында екеуі де ауылдық кеңестің хатшысы болып істеді. Тоқаң Бесқұбыр ауылында хатшы болса, Мұқаң Қарасазда дәл осындай қызмет атқарды. Екеуі де қара жұмыстың қазанында қайнап пісті. Алдыңғысы сұрапыл соғыстың бел ортасында жүріп шыңдалса, кейіннен сүңгуір қайықта теңізші болған, екіншісі тылдағы ауыр еңбекпен ерте есейді.
Арман қала – Алматыға келгеннен кейін де болашақ ұлы ақындардың жағдайлары мәз бола қойған жоқ. Әсіресе, баспана мәселесінде көп қиналды. Алайда үйсіз-күйсіз күн кешкен көше ақындарының ерік-жігері мен талант-талабы тым асқақ болатын. Тағы бір өкініштісі, олар оқуға оп-оңай түскенімен, оны жалғастыруға әрдайым мүмкіндіктері бола бермеді. Анығында, ықыластары болмады. Тоқаш Алматыдағы көркемсурет училищесіне (қадіргі О.Таңсықбаев атындағы Өнер қолледжі) түсіп, тамамдай алмаса, Мұқағали Қазақ мемлекеттік университетін, Шеттілдер институтын (қазіргі Абылайхан атындағы Әлем тілдері универитеті), тіпті әркімнің қолы жете бермейтін сол кездегі ортақ Отанымыздың астанасы – Мәскеудегі М.Горкий атындағы Бүкілодоқтық әдебиет институтын сан түрлі себептермен тастап кетуге мәжбүр болды. Бір қызығы, олардың екеуі де өлең жазбаса жүре алмайтын «ауруға» шалдыққан еді. Өлең жазбай жүре алмайтындықтан, онысын кез-келген жерде жаза берді. Тоқаш өлеңдерін вокзал, сквер, моншада жазса, Мұқағали аурухана, кітапхана, пойыз купесінде отырып та жаза беруіне тура келді. Екеуі да бос мақтан мен мансаптан аулақ болды. Қызмет қумады. Барды қанағат етті. Ұзақ уақыт жұмыссыз бос жүрді, жоқшылықтың да ащы дәмін татып көрді. Әрине, шығармашылық орта олардың талантын мойындамады дей алмаймыз, мойындады. Ал, шын таланттар әрқашан қызғаныштың құрбаны болып жүреді. Әлімсақтан солай. Сол қызғаныштың қызыл иті бұларды да айналып өткен жоқ. Бойларын қызғаныш оты шарпыған көре алмаушылар олардың өлеңдерін өз беттерінше күзеп-түзеді, орынсыз қысқартуларға ұшыратты. Кітаптарын баспалардан уақытысынан кешіктіріп шығарды. Олардың артынан қаншама сыпсың сөздер ерді. Екеуі жайлы қаншама ғайбат сөздер, өсек-аяңдар тарады. Керек десеңіз, «ішкіштер», «бүлдіргілер», «жатып ішерлер», «маскүнемдер» деп кінәлағандар да болды. Аяр қоғам одан да әріге кетті. Қос ақынды Кеңес Одағы коммунистік партиясы, Бүкілодақтық кәсіподақтан (Мұқағали осы ұйымнан бір емес, екі рет шығарылған екен), тіпті КСРО Жазушылар одағы мүшелігінен шығаруға бар күштерін жұмсап бақты. Қызметтерінен шеттетіп, қоғамнан аластатқылары келді. Ұзын сөздің қысқасы «қоғамға қолайсыз» адамдар ретінде екеуі де қиянатты көп көрді.
Төменде қанаттас, рухтас қос ақынға әріптестері тарапынан жасалған сондай бір қиянат жайлы әңгіме өрбітеміз.
Суретте: ақын Мұқағали Мақатаев
Оқырманға түсінікті болу үшін мынадай сұрақ қойып алайық: Тоқаш пен Мұқағалидың КСРО Жазушылар одағы мүшелігінен шығарылғаны рас па? Рас болса, неге шығарылған? Қандай «қылмыстары», нендей «теріс іс-әркеттері» үшін Одақтан шеттетілген? Және бұл трагикомедиялық қойылымға кімдер қатысқан?
Оқырман байқаған болар, біз төменде сөз еткелі отырған тақырып өте шетін, әрі күрделі. Мүлт кетсең, біреулерді байқамай жаралап алуың мүмкін. Сондықтан қолдан келгенше нақты айғақтар және фактілерге сүйеніп сөйлеуге тырысып бағамыз. Бұл орайда алдымен алға тартатынымыз Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде сақтаулы тұрған (1778 қор, 2-тізбе, 87-бума) Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшылығы 1974 жылы 24 қаңтарда өткізген мәжілісінің №3 «а» қаулысы. Аталған құжатта мәжіліске қатысқан адамдардың тізімі толық берілген. Көкейде күмән қалмау үшін құжатта келтірілген адамдардың барлығының аты-жөнін тізіп шығайық. Сонымен, мәжіліске қатысқандар: КЖО хатшылары – Есенберлин І., Тұрсынқұлов Қ., Сүлейменов О., Снегин Дм. Ф., Мәуленов С., Шухов И.П. ҚЖО әдеби кеңесшілері – Сатаев А., Абдуллин Х., Әлімқұлов Н., Шамкенов А., Ысқақов Қ., Бақбергенов С., Өмірбеков Ж., Жантемірова Х., Жәмішов Ә. – партбюро хатшысы; Жақсыбаев А. – ЖК төрағасы; Ахметов Ә. – КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры, Исабев Қ. – Көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры.
Құжат бойынша күн тәртібінде екі мәселе қаралған. Совет әдебиетінің Қазақстандағы күндерін өткізу туралы бірінші негізгі мәселе бойынша Одақ басқармасының үшінші хатшысы Қ. Тұрсынқұлов баяндама жасап, жұмыс жоспары бірауыздан бекітілген. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша КСРО ЖО мүшелері Т.Бердияров, С.Д.Киселев, М.Мақатаев, В.И.Смирнов және жас әдебиетші Т.Есімжановтың совет жазушысына лайықсыз қылықтары жайында сөз болып, қатысушылардың ой-пікірлері мен ұсыныстары тыңдалған. Өкінішіке орай, сөйлегендердің сөздері мен ұсыныстары (хаттамасы) сақталмаған. Тек қорытындысы сақталыпты. Ол бойынша «ұдайы ішімдігі үшін, совет жазушысы атағына кір келтіріп, қоғамдық орындарда сан рет тәртіп бұзғаны үшін» Бердияров Торхис (құжатта тап осылай жазылған), Киселев Сергей «КСРО ЖО мүшелігі қатарынан шығарылады» делінсе, Мұқағали Мақатаев шартты түрде бір жыл мерзімге шеттеледі, ал, Смирнов Вениамин және Есімжанов Тұрсынзаданың лайықсыз қылықтары туралы мәселе бастауыш партия ұйымының қарауына жіберіледі. Қаулының астына мәжіліске төрағалық жасаған ҚЖО басқармасының Сыртқы байланыс жөніндегі хатшысы О.Сүлейменов қонжитып қол қойған.
Біріншіден, бұл – мемлекеттік Орталық мұрағатта сақтаулы тұрған құнды құжат, яғни, құжатты айғақ. Оның маңызы мен мәні ешқашан жойылмайды. Өйткені, онда мәжілістің өткен күні, жылы, қаулының нөмірі, оған кімдердің қатысқаны, кімнің төрағалық еткені, кімдердің тәртібі қаралғаны, бәрі-бәрі тайға таңба басқандай таңбалаулы тұр. Екіншіден, құжаттан көріп отырғанымыздай мәжілісте жалғыз М.Мақатаевтың, не болмаса Т.Бердияров екеуінің ғана тәртібі қаралмаған,олардан басқа тағы үш қаламгердің мәселесі талқыға түскен. Олар – Сергей Киселев, Вениамин Смирнов және жас жазушы Тұрсынзада Есімжанов.
Біз құжаттың дәл осы тұсын неге тәптіштеп отырмыз? Себебі мынада: аталған мәселеге зерттеушілер мен естелік айтушылар көбіне бір жақтама мән беріп келеді. Яғни, бұл жерде мәселенің Мұқағалиға қатысты тұсы, оның Жазушылар одағы мүшелігінен қалай шығарылғандығы баса айтылады да, ішнара Тоқашқа тоқталып өтеді, бірақ, неге екені белгісіз, тәртібі екі ақынмен қоса қаралған үш қаламгер туралы жақ ашпайды, елеусіз қалдыруға тырысады. Сонан да аталған мәселе бойынша қазіргі таңда қаламгерлер арасында көзқарастары бір-бірене қайшы екі топ қалыптасып үлгерді. Бірінші топ – жоғарыда аты аталған ақын-жазушылар «Жазушылар одағы мүшелігінен шығарылған» десе, екінші топ – «жоқ, шығарылған емес, № 3 «а» қаулы жалған құжат» деп қарсы пікір айтады. Содан оқырмандар да кімге сенерін білмей, әрі-сәрі күйде қалып отыр.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы хатшылығының 1974 жылы 24 қаңтардағы №3 «а» қаулысын «жалған шешім» деп санайтындардың бірі ақсақал қаламгер Ғаббас Қабышұлы. «Мұқағали Мақатаев та, Тоқаш Бердияров та Жазушылар одағының мүшелігінен шығарылған емес, «шығарылды» деп әлдекімдер алып қашты сөз таратып жіберіпті», – деп жазады ол. Ғабаң 2010 жылы Әнар Әлімжанов туралы жазған естелігінде бұл оқиға жайында тура осылай дейді (Әнуардың аруағы асық емес. «Қазақ әдебиеті», 15 қаңтар 2010 ж. Ескертетін нәрсе, Ғаббас ағамыз бұл естелік жазбасына одан кейін де бірнеше рет қайта соғып, өз ойларын тиянақтап отырған. Мысалы, «Жас қазақ үні», 26 сәуір 2021 ж; «Ана тілі», 5-11 тамыз, 2021 ж.). Тоқаш пен Мұқағали Жазушылар одағы мүшелігінен «шығарылған жоқ» деп есептейтін топ негізінен Ғабаңның осы естелік мақаласына иек артады. Естелік мақаланың тағы бір тұсында ақсақал қаламгер бірінші хатшы Әнуар Әлімжановтың Мұқағалиды да, Тоқашты да «бұрыс» сәттерін көргенде де қалайда қалжыңмен қарсы алып, қияс қылықтарын кешіріп, алдап-сулап шығарып салып тұрғанына бірнеше рет куә болғанын айта келе, «Әкеу, жарайды дедім ғой, жарайды енді, ертең келші, бәрі болады, ертең кел!» деп, шағын денесі селкілдей күліп, қарап тұратын. Меніңше екеуінің талантын қатты сыйлайтын. Сыйламаса, адалдығына, ақжүректілігіне сынбесе, бірінші басшының аты-бірінші басшы, мысалы екеуін Жазушылар одағының мүшелігінен шығаруға тырысқандарды жақтай салатын еді... Әнуар Жазушылар одағын басқарып тұрғанында Мұқағалиды одақ мүшелігінен шығарып тастаған болатын» деген «жаңалық» мүлде бекер (1) (Ескерту: бұл сандық белгілерді есте ұстаңыз, оған төменде айналып соғатын боламыз)», – деп шегелей түседі.
Одан әрі №3 «а» қаулысы жалған шешім екендігінің себептерін былайша түсіндіреді: «Біріншіден, сол мәжілісте қаралған негізгі мәселе жайында баяндама жасаған Қалаубек Тұрсынқұловтан (одақ басқармасының үшінші хатшысы) кейін сұрағынымда, ол жолы Мұқағали туралы ешқандай сөз болмағанын айтты (2). Екіншіден, ҚЖО басқармасының бірінші хатшысы Ә.Әлімжанов Мәскеуде іссапарда жүрген, ал, бірінші басшы жоқ кезде кімді болсын мүшеліктен шығару сияқты күрделі мәселе қаралмайтыны өзінен-өзі белгілі. Егер тіпті бір шұғыл себептермен қарау қажет болған күннің өзінде мәжілісті бірінші басшының міндетін уақытша атқарушы екінші басшы – Ілияс Есенберлин өткізіп, шешімге сол қол қоюға міндетті еді. Олай болмаған. Сыртқы байланыс жөніндегі хатшы (төртінші) О.Сүлейменов қол қойыпты. Есенберлин отырғанда оның дәл сол жолы өйтуге құқы жоқ болатын (3). Үшіншіден, қаулының өзін «а», «ә», «б», деп нөмірлеу ешқашан болған емес. Қосымша мәселе қаралған болса, онда сол қаулының баптарына қосымша ретінде: «а», «ә», «б»... деп тармақ енгізіледі. Яғни, мынау «№3 «а» қаулы» әлдекімге не Мұқағалиды мұқату үшін, не Әнуарды арандату үшін керек болған да, кейін мәжілістен соң жазылған, демек жалған құжат екені даусыз» (4).
«Жалғандығына тағы бір дәлел, – деп жазады одан әрі Ғабаң, – ол мәжілісте Мұқағалидың тәртібі қаралса, шешім қабылданбастан бұрын талқылау, пікірлесу болуы, шешімнің неше дауыспен мақұлдағаны айтылуы талап етіледі ғой, Жазушылар одағының мұрағат жайында ондай құжат (мәжіліс хаттамасы) жоқ, пәлендей мәжіліс өтті, түгендей шешім қабылданды деген жарты парақ жазба ғана бар...
Ұзақ әңгімеге бастайтын қым-қут, шым-шытырық жайтты қысқа қайырсақ, Мұқағали Мақатаев Жазушылар одағы қатарынан шығарылмаған! Тек Одақ басшылары, өзі де айтқандай, «серілік» өмірге түсіп кеткен ақынды жөнге салып алу ниетімен жалған қаулы әзірлейді. Ең өкініштісі, кінәмшіл де өте кінәз мінезді әрі сонша өр ақынның өзі бұл қаулыны шын деп қабылдап, ортасынан қатты түңіліп кеткендей» (5).
Алдымен айтарым, өз басым Ғаббас Қабышұлының қаламгерлігін, азаматтығын, ақсақалдығын қадірлейтін адамның бірімін, шыншылдығын, ақиқатшылдығын сыйлаймын десем, жақсы көрінейінші дегенім емес. Мынау Мұқағали туралы естелік мақаласының астын қызыл сиямен сызып, бірнеше рет өте мұқият қайталап оқып шықтым. Ағамыз мұнда да барынша әділет жағында болуға тырысқан. Бірақ, әділетті боламын деп, асыра сілтеп, жауырды жаба тоқып жібергенін өзі де байқамай қалған сияқты ма, қалай?..
Біріншіден, «жел тұрмаса, шөп басының қимылдамайтыны» секілді, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма хатшылығының мәжілісі өтпесе, онда жоғарыда аты аталған қаламгерлердің тәртіп мәселесі қаралмас еді. Қаламгерлердің тәртіп мәселесі қаралмаса, №3 «а» қаулысы өмірге келмес еді, оған О.Сүлейменов қол қоймас еді. «Тоқаш пен Мұқағали Жазушылар одағы мүшелігінен шығарылды ма, шығарылған жоқ па?» деген сұрақ қойылмас еді. Ең бастысы мұндай қысыр әңгіме қозғалмас еді. Ғаббас ағамыз өзі құрмет тұтатын белгілі бір кісілерді қорғау мақсатында оған шаң жуытпау үшін болған оқиғаны бұрмалап, қанша жерден сылап-сипақтатқанымен, бұл мәселеде әйтеуір бір кілтипанның орын алғаны тайға таңба басқандай анық байқалады. Екіншіден, естелік авторы 1974 жылы 24 қаңтарда өткен мәжілістің ақиқат шындығын терең білмейтін сияқты, не мүлдем бейхабар, не оқиғаны бір жақты көрсетіп, дәлелдеуге тырысып отыр. Мақаланы мұқият оқыған адам автордың бастан-аяқ Әнуар Әлімжановты қорғаштап қалам тербеп отырғанын бірден-ақ аңғарар еді. Былайша айтқанда естелік Жазушылар одағының бірінші хатшысы Әлімжановтың қандай әділ басшы, іскер азамат, қызметкер болғандығын көрсету, араша түсіп, ақтау, соған жұрттың көзін жеткізу үшін жазылғандай әсер қалдырады.
Реті келгенде ескеретін нәрсе, біз бұл мақаланы жазғанда кінәліні тауып, бетіне шіркеу етіп басу үшін, не әлдебір ілік іздеу үшін емес, мақсат – болған оқиғаның анық-қанығына көз жеткізу, көтеріп отырған тақырыбымызды барынша шыншылдықпен алып шығуда болып отыр. Ал, бұл пәниде пендешіліктен ада ешкім жоқ. Әсіресе, басшылық қызметте отырғандардың пендешіліктері туралы айта бастасақ, жүз томдық кітапқа жүк болар еді. Ал, орыс тілінде жазатын «Литературная газетаның» тілшісі Әнуар Әлімжановтың Жазушылар одағына қалай бірінші хатшы болып «секіріс жасағанын», оның кейбір кісілік мінездері мен пендешіліктері туралы Қадыр Мырза Әлидің «Иірімінде» өте сенімді суреттелген. Мұнда шындық болмаса Әлімжановтың жақтастары Қадекеңді әлдеқашан «қалпағын теріс айналдырып», «айырға» отырғызып қояр еді. Кітапта жазылған оқиғаларға қарағанда, Әнекең әріптес-қаламдастарымен астыртын жұмыс жасаудың тәп-тәуір «шебері» болғанға ұқсайды. Сол кездегі Жазушылар одағының екінші хатшысы Ілияс Есенберлиннің қайсыбір ұсақ пендешіліктері жайында да осы кітаптан оқып білеміз. Осы ретте белгілі сыншы-ғалым, академик Серік Қирабаевтың естелігінен бірер үзінді келтіре кетейік. Ол Жазушылар одағындағы ауыс-түйіс, жікшілдік, басқа да былық-шылықтары туралы айта келіп, былай дейді: «Әнуар да, Олжас та одақтың ішкі тіршілігіне кіре алған жоқ. Ондай ниеттірі де болмады. КСРО Жазушылар одағының хатшысы, Азия мен Африка жазушылары бірлестігінің басшылары есебінде уақыттарының көбін Мәскеуде, шетелдерде өткізді. Тек Одақтың бірінші басшысының Жоғары кеңеске депутат, партияның Орталық Комитетке мүше болу құқын пайдаланды. Жазушылар одағы басшылығында болған осы жиі өзгерістер одақтың пайдасына шыққан жоқ. Жазушылар ортасында жік, бөлінушілік көбейді. Әнуардың кезінде екінші хатшы болған Ілияс Есенберлин бастығының ішкі шаруаға араласа алмайтынын білген соң, оны алдап қойып, өзі билеп-төстеді. Елді жік-жікке бөліп, жоғарыға өсек тасумен болды. Мұның аяғы басшылардың одақты өз еркімен тастап кетуіне алып келді». (Жазушылар ортасында. «Ана тілі», 4-10 шілде 2019 ж.). Бұларға біздің ешқандай алып қосарымыз жоқ. Тағы да қадап айтуға тура келіп тұр. Әнуар Әлімжанов та, Ілияс Есенберлин де, Олжас Сүлейменов те оқырманнан өздеріне лайықты бағасын әлдеқашан алған жазушылар, әлемдік дәрежедегі ірі тұлғалар. Бізді олардың осы тұлғалық қадір-қасиетін төмендетуді көздеп отыр десеңіз, қатты қателесіз. Алайда, «Платон менің досым, бірақ маған шындық қымбат» деп Сократ айтпақшы, бізге шындықты білу маңызды. Ал, ол заманда басшылық қызметте отырғандардың барлығы дерлік кеңестік номенклатураның қатаң бақылауында жұмыс жасағаны ешкімге құпия емес. Рас, олар өз парызына адал болды, қазақ әдебиеті үшін күресті, күні-түні еңбек етті. Бірақ, бәрібір сол кездегі Орталық – Мәскеудің «диктовкасындағы» қоғамның қалыптасқан тәртібіне қарсы жүре алмады. Қарсы жүре алмағаны былай тұрсын, өздері де сол номенклатураның құрбандығына айналды. Одан Әнуар Әлімжанов та, Олжас Сүлейменов те сырт қалған жоқ. Ғаббас Қабышұлының естелік мақаласына қайта оралайық.
1) Автор «бірінші басшының аты-бірінші басшы, мысалы екеуін Жазушылар одағы мүшелігінен шығаруды тырысқандарды жақтай салатын еді, әсте қарсы болмас еді, қорғамас еді» деп жазады. Мұқият зер салып қараған адамға осы сөйлемнің өзі «жел тұрмаса, шөп басының қимылдамайтынын» аңғартып тұрғандай көрінеді емес пе?.. Мұқағали мен Тоқашты Жазушылар одағы мүшелігінен шығармаған деп Әлімжановты қанша жерден қорғаштаса да, оның Бірінші хатшылығы тұсында қаламгерлерді мүшеліктен шығарғаны туралы №3 «а» қаулының болғанын бірден сезінесің. Сезініп қана қоймайсың, соған анық көзің жете түседі.
Бір қызығы бұл жерде де Ғабаң тек Мұқағалиды тілге тиек етеді де, неге екені қалған төрт қаламгер жөнінде ләм демейді.
2) Сол мәжілісте бастан аяқ қатысып, негізгі баяндаманы жасаған Қалаубек Тұрсынқұловтан бұл оқиға туралы біздің де сұрағанымыз бар. Алғашында Қалекең бұл сұраққа тура жауап беруден қашқақтап жүрді. Тек өмірінің соңында былайша ақтарылған-ды: «Тоқ етері былай: Алдымен, менің совет әдебиетінің Қазақстандағы күндерін өткізу туралы баяндамам тыңдалып, ол бірауыздан бекітілді. Одан кейін қаламгерлердің тәртібі талқыға түсті. Талас-тартыс ұзаққа созылды. Біреулер «шығарайық» деді, екінші біреулер «шығарғанын не табамыз, жүре берсін» деді. Ортақ шешімге келе алмады. Сосын мәжіліс төрағасы Олжас Сүлейменов «былай тәжікілесе берсек, мәселе ешуақытта шешілмейді. Дауысқа салайық» деген ұсыныс жасады. Сөйтіп, дауысқа салдық. Жеке-жеке. Айтпақшы, бастапқы кезде Мұқағали туралы ешқандай әңгіме болған жоқ еді. Оның тәртібін қарауды мәжіліс үстінде аяқ астынан Олжас ұсынды. Біз не істерімізді білмедік, қатты қиналдық. Сөйтіп, дауысқа салғанда Жазушылар одағы мүшелігінен шығарылсын дегендер жағы басым дауысқа ие болды. Төрт адам қарсы болдық... Иә, Әнуар іссапармен Мәскеуде жүрді. Бірақ, бұл оқиғадан бейхабар болды деуге негіз жоқ. Алдын ала келісілген болуы да мүмкін. Одан менің хабарым жоқ. Анық нәрсе – бұл ұйғарым сценарий бойынша жоғарыдан түскен арнайы тапсырыс еді. Біз тек орындаушы, үкім шығарушы ғана болдық. Біреулердің айтағына еріп, иттік жасадық. Кейін тапсырыс бергендер сүттен ақ, судан таза болып шыға келді. Түк білмегенсіп сөйлейді, мақтайды. Тоқаш Бердияров жерлесім ғана емес, туысқандығымыз бар кісі еді. Сол мәжілістен кейін «маған неге арашаға түспедің?» деп ұзақ уақыт өкпелеп жүрді. Менің қолымнан не келеді, не істей аламын?! Қазір сол ісімізге қатты өкінемін» деп еді марқұм.
3) Мәжіліске төрағалық жасаған Олжас Сүлейменов ол кезде атағы жер жарып тұрған қылшылдаған жас жігіт, тәрбиесі орысша, тәжірбиесі аз. Ол Жазушылар одағында болып тұратын әртүрлі «қазақы ойындардың» астарын түсіне бермеген сыңайлы. Ал, айласы мен қулығы бір басына жететін Одақ басшылары Олжастың осы тәжірбиесіздігін шеберлікпен пайдаланған деуге болады. Оның үстіне орыс тілді Олжас қазақ ақындары Мұқағалиға да, Тоқашқа да іштартпаған деседі. Тоқаш Бердияровты «Торхис Бердияров» деп «кекетеді» екен. Айтпақшы, ұлы ақын О. Сүлейменовтің кейбір кісілік келбеті мен пендешіліктері жөнінде Ғабаңның өзі баспасөзде келістіре жазды да ғой («Түркістан», 19 қараша 2015 ж.).
4) Бір сәт ойланайықшы, Ғабаң айтқандай, «№3 «а» қаулысы кейін мәжілістен соң жазылғын» жалған құжат болса, бас бухгалтер Фарида Миникеева әкеп көрсеткен бөлімшенің ресми бланкісінің төбесінде бадырайта көрсетілген «Постановление правленияда» «Мұқағали Мақатаевтың КСРО Жазушылар одағының мүшелігінен шығарылғаны КСРО Жазушылар одағы Әдеби қорының мүшелігінен шығарылғаны болып табылады» деп жазылар ма еді? Жазылмас еді. Оған бөлімше директоры Әбдірашид Ахметов қол қойып, мөр басар ма еді? Баспас еді. Ғабаң көрсеткендей «№3 «а» қаулының әлдекімге не Мұқағалиды мұқату үшін, не Әнуарды арандату үшін керек болған» болса, ол да Одақ басқарма хатшыларының біріне барып тірелмей ме? Автордың «әлдекім» деп аты-жөнін көрсетпей құпиялап отырғаны, сонда кім? Біреуді екінші біреуге айдап салып, араздастырып, арасында өзі күнін көріп жүре беретін әзәзілдер қашан да болған, бола да береді. Бұл жерде әзәзіл кім? Есенберлин болса ше? Оның Орталық Комитетпен ауыз жаласқан астыртын байланысы бар екені жұрттың бәріне мәлім-тұғын, дейді білетіндер. Ал, «жоғарыда» отырғандардың тарпаң мінезді шынайы таланттарға осқырына қарағанын, жақтырмағанын кім жоққа шығарады? Әлде, Жазушылар одағы кім көрінген кіріп-шығып, ойындағысын істеп жүре беретін сұрауы жоқ атқора ма еді? Бір қызығы автор бұл жерде де жалғыз Мұқағали жөнінде ғана сөз қозғайды. Тоқаш Бердияров қайда? Тұрсынзада Есімжанов ше?.. Киселев пен Смирновтар ше?!. Қаласа Жазушылар одағы мүшелігінен шығарып жіберіп, қаламаса қайта қабылдай беретін одақ мүшелерінің сонда сұрауы жоқ па?! Мысалы, «бұл әлдекімге Тоқашты мұқату үшін, не Тоқашты Әнуарға арандату үшін керек болған сияқты» деп неге айтпасқа? Сондықтан, бұл жерде ақсақал қаламгердің көздегені нақты және біржақты – бүгінде қазақтың ұлы ақынына айналған Мұқағали Мақатаев тұлғасына Әнуар Әлімжановты қарсы қоймау, алакөз жасамау, қолдан келгенше ақын шығармашылығына қамқорлық жасап еді деген «формалировканы» негіздеу ғана сияқты.
5) Біздіңше, әуел баста басқарма қаулысына мәжіліс хаттамасы да қоса тіркелген болуы керек, оны кейін өзіне соққы болып тиетінін білген әлдебіреулер әдейі жоғалтып жіберген болуы мүмкін. Олай емес деп ешкім айта алмайды. Осы жерде айта кету керек, Жазушылар одағы өз мүшелірін әрқашан бауырына тартып, басынан сыйпай бермеген. Аяқтан шалып, бүйректен түрткен, сыртынан ғайбаттаған, неше түрлі өсек-аяң таратқан, жала жапқан, тіпті тасадан тас атқан. Бір сөзбен, Одақтың өз мүшелеріне жасаған жақсылығымен бірге көрсеткен қиянаты да аз болмаған. Мәселе Тоқаш пен Мұқағалиды (басқалар туралы да осыны айтуға болады) мүшеліктен шығару, шығармауда емес. Немесе, қателесу, қателеспеуде емес. Мәселе – Жазушылар одағы басқармасының көзқарасында болып тұр, содан қорытынды шығаруда, сабақ алуда болып тұр.
Суретте: ақын Тоқаш Бердияров
Бұлай дегенде, біз Тоқаш пен Мұқағалиды қой аузынан шөп алмайтын жуас еді, қыздай сызылып тұратын пәк еді, бекер қаралаған деп ақтап алғалы отырған жоқпыз. Олай істесек, біздің жауырды жаба тоқығанымыз болып шығар еді. Күтпеген жерден басталып, күтпеген жерден аяқталатын арынды «тентек» мінез екеуіне де тән болатын. Бәлкім, ішкен тұстары, қоғамдық орындарда тәртіп бұзған кездері, артық кеткен жерлері болғаны рас та шығар. Бірақ, сол үшін тәртібін мәжілісте қарап, Жазушылар одағы мүшелігінен қуып шығу дұрыс па? Ақынды осындай дөрекі (не цивилизованный) жолмен «жөнге салуға» бола ма? Қайта, одақ басқармасы өз мүшелірін қорғауға тиіс емес пе? Арашаға түсудің орнына, айыптау шешімін шығарған. Мүмкін, шындығында да «жоғарыдан» түскен тапсырма емес пе екен деген де ой келеді. Себебі, басында айтып өткендей ол кезде ақын-жазушылардың тыныс-тіршілігі Орталық Комитет пен Мәскеудің қырағы көзінен таса қалмайтын. Жазушылар одағының үшінші хатшысы болып істеген Тұрсынқұловтың да бізбен әңгімесінде осындай бір ойдың ұштығын шығарғаны есімізде. Ал, ол дәуірде Орталық Комитеттің тапсырмасын орындамау туралы әңгіме мүлде болмайтын. Егер Ә.Әлімжанов шынында да «жоғарыдан» келген тапсырманы орындаушы ғана болса, оны «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» сондай бір салқынқанды шеберлікпен алып шыққан деуге болады. Салқынқандылық демекші, осындай бір салқындықты Мұқағалидың Әнуарға жазған хатынан да анық (Хат мәтінінің толық нұсқасы Ғаббас Қабышұлы жазған естелік мақаланың ішінде жүр) аңғарылады. Мұқағали осы хатты жазуына отбасының жағдайы мойынұсындырғанын айта келіп, «Жасыратыны жоқ, байқаймын, сен маған суық қарайсың. Сен мені, менің болмысымды танитын сияқты едің ғой. Түсінбеймін, қандай ғана өсекшінің тіліне ердің? Арамдық, адамға деген жауыздықтан бойын аулағырақ ұстайтын бір адам мендей-ақ болар (осылай деуге ұялмаймын!). Егер мен тарапынан көбік езу біреулер саған бірдеңе деп жеткізсе, оның бәрі жалған екендігін түсінуіңді өтінем... Әнуар! Бүгіннің қызығынан, рахатынан, байшылық-баршылығынан қаншама безініп, болашақ үшін, қауым үшін, болашақтың әдебиеті үшін өмір сүрейін десем, менің қазіргі болмыс тұрмысым соншама езіп, жаншып жуасытып барады. Өзім жарық дүниеге әкелген балаларымнан артық бақыт жоқ маған. Соларды ойлаймын... Егер менен үмітіңді біржола үзбесең – мені өзіңнің қарауыңа жұмысқа ал. Ақындығы да, таланты да, атағы да құрысын, балаларымның жоқшылықта болуын көргім келмейді. Бәрі де ержетіп, естері кіріп қалыпты, ұялып жүрмін солардан. Өзің білесің, қырықтан асып барамын ғой, енді қандай баланың қарауына барып әдеби қызметкер болмақпын. Не де болса, өз қарауыңа ал, батыр! Сенен алғашқы да, ақырғы өтінішім осы. Қалғанын азаматтығыңнан, құрбылығыңнан күттім», – дейді ақын.
Бұл хат 1973 жылдың 20 наурызы күні жазылған. Яғни, Одақ мүшелігінен шығарудан он ай бұрын. Бұл – «Жұлдыз» журналынан босап, жұмыссыз қалған кезі. Кездейсоқтық па, кім білсін, Мұқағалиды «Жұлдыздан» босатқанда (Оны «Жұлдыздағы» қызметінен шығарған сол кезде бас редактор болып келген Шерхан Мұртаза еді) Әнуар Әлімжанов ОАР-ға сапар шегіп кеткен болатын, ал Жазушылар одағы мүшелігінен шеттеткенде іссапармен Мәскеуде жүрген...
Содан бірінші хатшы мен Мұқағали екеуі оңаша әңгімелескен секілді. Сол әңгімеден кейін Әнуар ақынды қызметке алып, көп кешікпей Мәскеуге – Әдебиет институтына оқуға жібереді. Ондағысы, Ғ.Қабышұлы ағамыз айтқандай, мұндағы «достарынан» уақытша болса да қол үзе тұрсын, оқысын, ойлансын деген қамқорлық ниеті болса керек. Бірақ, бір шеңберге сыймайтын Мұқағали тиянақтап оқи алмайды. Ол туралы бірінші хатшының атына институт басшылығынан 1973 жылы қарашада хат та келген. Оны жолдаған кісі аты-жөнін анық көрсетпестен шиырлап қол қоя салыпты. Хат иесі Мұқағалиды «Стихийная одаренность которого несомненно», деп бағалай келіп, оқудан шығаруға мәжбүр болғандығын өкіне мәлімдейді. Ақынның Ресей астанасында не істегені туралы кейін жазушы-ғалым Өтеген Күмісбаев «Мәскеуге сыймаған Мұқағали» деген тамаша мақала жазды. («Айқын», 14 тамыз 2010 ж.). Қазақстан Жазушылар одағы басшылығының атына өкініш білдіре хат жолдаған әйгілі ақын, аудармашы, тамаша тәлімгер Александр Петрович Межиров екенін содан білдік.
Қысқасы, қолда бар айғақтар мен фактілерге ден қойсақ, қос ақынның тәртібі 1974 жылы 24 қаңтарда өткен басқарма хатшылығының мәжілісінде талқыға түскен, қортындысында КСРО Жазушылар одағы мүшелігінен шығарылғандығына көз жетеді. Тоқашты Одақтан мүлдемге аластатса, Мұқағалиды бір жыл мерзімге шеттету туралы шешім қабылдаған. Сол мәжілісте мәселелері қаралған басқа тәртіп бұзушылар да тиісті жазаларын алған. Шешімге О.Сүлейменов қол қойған (біреулер қаулының астындағы қол О.Сүлейменовтікіне ұқсамайды дейді, кім білсін?), Ә.Ахметов мөр басқан. Ол-ол ма, №3 «а» қаулысының бір данасын Мәскеуге де жіберіп үлгерген, тек соңғы шешімді ғана күтіп отырған. Кенет... өзі басқарып отырған басқарма хатшылығының істеп отырғаны қаламгерлерге жасалған көпе-кернеу қиянат екеніне көзі жетті ме, әлде басқадай себебі болды ма (Бірінші хатшының райынан қайтуға анығында не нәрсенің себеп болғанын біз енді ешқашан біле алмаймыз), Ә.Әлімжанов №3 «а» қаулының заңсыз екенін түсіндіріп КСРО Жазушылар одағына бір емес, екі рет хат жазады. Мәселенің түйіні, міне, осы тұста тарқатыла бастайды. Бірінші хатшы ҚЖО басқарма хатшылығының №3 «а» қаулысы заңсыз екенін айтып екінші рет Мәскеуге хат жолдауында қандай сыр бар болуы мүмкін? Біздіңше, КСРО Жазушылар одағына жолданған осы екінші хаттың құпия сыры, мәселеге бірінші хатшының да араласы болғанына куәлік беретіндей. Араласы болмаса, басқарма хатшылығының шешімін заңсыз деп тауып, Мәскеуге екінші рет жат жазар ма еді? Жазбас еді. Біріншіден, Тұрсынқұлов айтқандай, өзі басқаратын мекемеде болып жатқан мұндай оқиғалардан бірінші хатшының бейхабар болуы мүмкін емес. Екіншіден, №3 «а» қаулының бір данасын іле-шала Мәскеуге жолдау барысында «біріншінің» ауызша болса да келісімі болғаны анық. Бір де бір шешім, бір де бір хат Біріншінің келісімінсіз «тасқорған» Одақтан шықпайтыны өзінен-өзі түсінікті болса керек. Оның үстіне Мәскеу сияқты «жазалау орталығына» хат жолдаудың қалыптасқан өзіндік қатаң тәртібі болды емес пе. Бірінші хатшының «сыртынан» мәжіліс өткізіп, шешім қабылдап, оны Мәскеуге жіберу сияқты күрделі процесті ешкім де өз бетінше жүзеге асырмас еді. Кімнің басы екеу дейсіз?!
Ал, Ғ.Қабышұлының түсіндіруінде бұл оқиға сәл басқашалау өрбиді.
***
Автор естелігінің аяғында былай дейді: «Қабдеш Жұмаділовтың «Таңғажайып дүние» романының бір тұсында: «...Ақын өлген күні жедел жиналыс ашылып, мүшелігін қалпына келтірді» деп жазылған. Әңгіме Мұқағали жайында. Осы тұжырымды түзете түсінік берейін. Мұқағалидың қайтыс болғанын ести сала Одаққа жеткен қаламдастарының жасы үлкені Әбділда Тәжібаев бірден: «Ол Жазушылар одағының мүшелігінен шығарылып тасталған емес пе?! Хатшылар қайда?! Дереу секретариат өткізу керек те, Мұқағалидың мүшелігін қалпына келтіру керек!» деді. «Олай болған жоқ қой, ол жай сөз ғой» деп едім, Әбекең: «Сөзді қойыңдар! Ол солай болған, болған! Давайте, секретариатты жинаңдар!» деп ашуланды. Бірінші хатшының бөлмесі алдында ошарланған топ сол жерде бөлмеге кірді де, Әнуар жоқ еді, хатшылардың басқа қайсысы қатысқаны жадымда қалмапты, шұғыл мәжіліс 15-20 минөтте өткізіліп, Мұқағалидың «мүшелігі қалпына келтірілді». Қаза сәтінде жағдайды анықтап жатуға уақыт өткізбеуді жөн көргендіктен кедергісіз жасалған ол «мәжілістің» шешімі қалтарыста қала берді. Себебі, мүшеліктен шығарылмаған адамның «мүшелігі қалпына келтіргенін» кім көріпті?».
Хош делік. Біріншіден, Әбілда Тәжібаев көпті көрген, талай нәрсені көңіліне түйген, басынан кешкені мол, көзі ашық сақа тұлға, көрнекті ақын. Қазақ әдебиеті тарихында өз орны бар кісі. Егер ол «Мұқағалидың мүшелігін қалпына қайта келтіру үшін секретариатты жинау керек» десе, ол жайдан жай емес, бірдеңе біледі. Екіншіден, сол жерде оған ешбір адам қарсы келмесе (мақала авторының өзінен басқа, онда да көп уақыт өткеннен кейін), ошарланған топтың бәрі үнсіз келіссе, Мұқағалидың мүшелігін қалпына келтіруге жиналғандардың барлығы бір ауыздан дауыс берсе, бұл үнсіз келісу – әйтеуір бір шикіліктің, кілтипанның бар екенін растамай ма?! Жұрттың бәрі су жүрек қорқақ болып кетпеген шығар, сол жерде әділетсіздік орын алып жатса, қарсы шығып, Әбекеңді орнына қояр еді ғой. Олай болмаған. Қайта Мұқағалидың мүшелігін қалпына келтіру үшін бәрі бір ауыздан қолдау көрсеткен. Айтпақшы, жазушы Қабдеш Жұмаділов «Таңғажайып дүние» романында келтірген дәл осы пікірін ұлы ақынның 2001 жылы Шалкөдеде өткен 70 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде де қайталады. «Біреулер Мұқағали қуғын-сүргін көрмеді дейді. Қалай көрмеді? Сенбесеңіздер, мынаған қараңыздар, 20 жасында партия қатарына өткен екен, содан шығарылды. Жұрттың бәріне жеткен жұмыс оған жетпеді. Жазушылар одағы мүшелігінен аластатылды. Мұқағали өлген күні қарбаласып жүріп оны қалпына келтірді. Бұл сонда қуғын-сүргін емей немене?!» деп («Егемен Қазақстан», 8 ақпан 2021 ж.) ағынан жарылады. Бұл не деген сөз? Яғни, қазаға жиналған жұртшылық Мұқағалидың мүшелігін қалпына келтіру үшін бір ауыздан дауыс беріп, қолдау көрсетуі №3 «а» қаулының болғандығының бір дәлелі.
Осы мақаланы жазу барысында мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін Қабдеш Жұмаділовке арнайы қоңырау шалған болатынбыз. «Мұқағали мен Тоқаштың Жазушылар одағынан шығарылғаны рас па, әлде өсек сөз бе – осыны өз аузыңыздан естиін деген едік, аға», - дедім төтесіне көшіп. Ағамыз өзінің ашық та, мығым даусымен: «Бұл мәселеге әлдеқашан нүкте қойылды емес пе, қайта-қайта несіне қоздата бердіңдер?!. Кім не десе, о десін, онда менің шаруам жоқ. Мен айтқанымнан бас тартпаймын. Мен айтсам, тек шындыққа сүйеніп айттым. Осымен сөз тәмам!» , – деп бір-ақ қайырды.
Осы тұста Жазушылар одағы мен «Жазушы» баспасында ұзақ жыл тер төккен көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлидің «Иірімінен» мысалдар келтірудің реті келіп тұр.
Кітап авторы Жұмекен Нәжімеденов пен Мұқағали Мақатаевтың поэзияға қалай келгені жайында әңгіме өрбіте келіп, «Мұқағали марқұмды сондай бір буырқанған бура тұстарында бірнеше мәрте көргенмін. Жазушылар одағында ол әр хатшының есігін бір ашып, бөрліктіріп жүретін. Төзімдері таусылған Одақ басшылары күндердің бір күнінде Мұқағалиды мүшеліктен шығарып, фойэге секретариаттың шешімін іліп қойды. Біз, біраз адам, бұл шешімге іштей қарсы болдық. Бірақ, Одақ басшылары солай істеуге мәжбүр болған сияқты» – дейді. (Иірім, «Атамұра», 2004., 136-137 беттер).
Осы кітаптың 197-бетінде Қадағаң ақын Тоқаш Бердияров туралы да айтып өтеді: «Біреу ойбайлайды, айқайлайды... Айналаға қараймын – ештеңе көрінбейді. Екінші қабатқа жүгіріп шықсам... Өз көзіме өзім сенбедім. Сол Тоқаш Ілияс Есенберлиннің оң қолын артына қайырып, Жазушылар одағының екінші хатшысын қинаудайын қинап жатыр. Жетіп барып жабыса кеттім. Хатшыны аяған ештеңем жоқ. Қаусаған кәрі шалды аяп кеттім. Осы да жетер дегендей, мен арашаға түскеннен кейін Тоқаң оны оп-оңай қоя берді. Ілияс Есенберлин тез-тез басып кабинетіне кіріп кетті. Тоқаш маған қабағын түйіп:
–Ара түспейтін адамға ара түсіп нең бар еді! – деді. Соны айтты да, милиция келіп қалады деді ме екен, тайып тұрды».
Мемлкеттік сыйлықтың лауреаты ақын Ұлықбек Есдәулет өзінің «Тентек Тоқаш» атты эссесінде осы біздің жазып отырған мәселемізге сәуле түсіретін мынадай қызғылықты бір оқиғаны сөз етеді.
«Отырысымыз жақсы болды. Тауып-тауып тост айтып, суырып салып өлең шығарып отырдық. Әңгімеміздің ұзын-ырғасы мынадай.
–Сіздің Қажытайға «Мен Сәбеңді боқтап кеткен күні сен Сәкеңді ұрып кетіпсің» дегеніңізді естіп едік. Сәбеңе неге тиіскеніңізді жөнді білмейміз. Сәбең: «Жазушылар одағын кілең жүліктер қаптап кетіпті. Жүліктер! Милиция шақырыңдар! – деп қырылдай айқайлапты» – дейді. Сол қалай болды өзі?
–Басқа пәле тілден. Бәрі өзімнен болды. Сәбең менің қалжыңымды түсінбей қалып, шу шығарды. Әйтпесе боқтап нем бар?!
–Не қалжың айтып едіңіз?
–Дәретханада қатар тұрып қалдық. Мен: «Сәбе, кімнің мүшесі үлкен, салыстырайық...» – дедім. Сәбең соған шамданып... Шудың соңы мені одақтан мүшеліктен шығару туралы мәселе қозғауға ұласып кетті. Мүшені айтам деп мүшеліктен айрылып қала жаздадым (Мұндағы Сәбең деп отырғаны ақын Сырбай Мәуленов – Б.Ш.).
–Әнуар Әлімжановпен төбелесіпсіз ғой?
–Төбелес деуге келмес. Алдымен мен оны бір ерегескенде шықшыттан соғып нокдауынға жібергенмін. Оның бойы ұзын. Мендей екеу. Сонда да дәл тигіздім. Ал, екінші жолы мен баспалдақпен көтеріліп келе жатсам, ол төмен түсіп келеді екен. Бұл жолы ол ұрды. Бірінші хатшымын деген жоқ. Маладес екен. Детдомда төбелесіп өскен бала ғой. Өзі менен жас. Жоғарыдан соқты. Сонда да жығылмадым. Жоғары жақтан соғудың премуществосы болады. Соны пайдалана білмеді. Дұрыс тигізе алмады. Ел айырып жіберді. Әйтпесе... «Бар соққың осы-ақ па?» деп күлдім, – деді Тоқаш аға» (Тентек Тоқаш. «Жас қазақ», 28 қазан 2005 ж.).
Бұлар Тоқаңның өз аузымен айтылған әңгімелер, сондықтан құны жоғары.
Енді ойлаңыз, Қадыр Мырза Әли «төзімдері таусылған Одақ басшылары күндердің бір күнінде Мұқағалиды мүшеліктен шығарып, фойэге секретариаттың шешімін іліп қойғанын» өз көзімен көргенін жазады, ал Ұлықбек Есдәулет болса, «мүшені айтамын деп мүшеліктен айрылып қала жаздағанмын» дегенін Тоқаштың өз аузынан естідім» дейді. Ғаббас ағамыз мүлде басқаша пікір түйеді. Сонда қайсысынікі дұрыс, қайсысынікі бұрыс?!
Ұлықбек Есдәулеттен тағы бір мысал келтірейік. «1969 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты ақынның «Қазақ әдебиеті» газетінде (14.06.1969 ж.) жарияланған өлеңдері жөнінде арнайы қаулы қабылдайды. Қаулыда «М.Мақатаевтың жарияланған өлеңдерінде күңгірт, көмескі ойлар, жұмбақ, жұтаң жолдар баршылық. Ақын өмірдің сан алуан сырын астарлап жырлаймын деп отырып, жек адамның басында кездесетін күйректілік, күйбең сарынға бой ұрып кеткен», – деген цензуралық сын-айыптау беріліп, оларды жариялаған газет басшыларына «ақын өлеңдеріндегі идеялық кемшілікті көрмегендігі, жауапсыз қарағандығы үшін қатаң ескерту-сөгіс жариялап, өлең әзірлегендердің жауапкершілігін арттыру жөнінде шаралар қабылдау керектігі» айтылған. Егер баяғы 37-жыдары болса, ақынның итжеккенге айдалып кетуіне осындай бір ғана айыптау-пікір жетіп жатар еді. Бұл оқиғадан кейін ақынның басына қара бұлт үйіріліп, өзін ешбір қызметке алмай, шығармаларын баспасөзге жарияламай, шетқақпай көріп, шөміштен қағылды. Советтік цензураның бұл шешімі өр мінезді, бірақ сезімі нәзік, жүрегі жараланғыш жанға ауыр соққы болды.
Бірақ ағысқа қарсы жұзген ақынның көрешегі мұнымен бітер болмады. Баспасөз беттерінде, әдеби басқосуларда әділетсіз, солақай сынға ұшырап, қағажу көрді. Осы айыптаулар ақырында оның СССР Жазушылар одағы мүшелініген шығарылуына апарып соқты», – дейді ол қазақ поэзиясы классигінің 2015 жылы Америкада «Selected Poetry of Mukaghali» деген атпен жарық көрген ағылшын тіліндегі кітабына арнайы жазған алғысөзінде («Қазақ әдебиеті», №18, 30 сәуір 2021 ж.). Мақала авторы тура осылай жазады.
Қос ақынды «саюздан» шығарып тастағаны жөнінде ақын Өтежан Нұрғалиев өзінің атақты сұхбаттарында бірнеше рет айтып өткен.
Ақындардың Жазушылар одағы мүшелігінен шеттетілгені жайында Мұқағали Мақатаев туралы деректі роман жазған Жақыпжан Нұрғожаевтың кітабынан да кездестіреміз: «Бірде Мұқаңның көңілсіз сәтіне тап болдым, – деп жазады жазушы. – Артынша ол өзін Одақтан шығарғалы жатқанын айтты.
–Бауыржан ағаға (Момышұлын айтады) өкпе-назымды білдірдім, - деді зорлана езу тартып.
–Қалай жеткіздіңіз, аға? –деп сұрадым әуестікпен.
–«Бауке, кезінде ұлы отанның лүпілдеген отты жүрегі – Мәскеуді қарулы қалың немістің қанды шеңгелінен қорғап қалдыңыз. Енді ат төбеліндей аз ғана топтың батырған тырнағынан бір ақын ініңізді аман алып қалуғашамаңыздың жетпегені-ай!», - дедім».
–Ол ше? Не деп жауап берді?
–«Мұқағали, қамықпа, ақындықтың алтын тағы астыңда!» деп кете барды». (Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!, «Алматы ақшамы», 4 наурыз 2021 ж.).
Дәлел үшін бұл келтірілген мысалдар аз болса, тағы бір бұлтартпас құжатқа жүгінейік.
Мұқағали 1974 жылы өзінің мүшкіл хал-жағдайын айтып Қонаевқа хат жазғаны белгілі. Ол хатта былай дейді: «1973 жылы оқығым келіп, тілек білдіргенімде Қазақстан Жазушылар одағы мені Мәскеудегі Жоғары әдеби курсқа жіберді, дегенмен кейбір өз басымдағы жеке кемшіліктеріме байланысты оқуды жалғастыра алмадым...
Қасақана ма, жоқ па білмеймін, өзіңіз төреші болыңыз, дер кезінде уақытылы жарна төлемей, СОКП қатарынан өзімнен-өзім шығып қалдым. Билетті Совет аудандық партия комитеті тартып алды. Сырғабекова хатшы болатын. Осы тап болған жағдайдан шығуға жол таба алмай тығырыққа тірелдім.
Қалай дегенде де өз кінәмнан тазару үшін шығармашылықта шарқ ұрып ойландым, толғандым, іздендім. Әлгі атаған жұмыстарымның барлығы сол сілкіністерден соңғы жеміс. Бар жан-тәніммен ел-жұртыммен бірге екенімді танытқым келді.
...Бәріне де дариға ақын жүрек кінәлі. Әйтсе де барымды салып еңбектендім. Бәрібір жеңіл емес еді. Қол қаламнан қалт еткенде жағалаған жағымпаз достармен, дәлдүріш ақындармен іше бастадым. Олардың ырқына қалай түскенімді байқамай қалғандаймын. Әлсін-әлсін менің серілік өмірім басталды... Өзім ұяттан өртеніп тұрсам да, құрдастарымның сәл қуаныштарына сілтейтін болдым. Ішкенімді жасырмаймын, бірақ үйіме де, басқалардың күйіне де зиян келтірген жоқпын, ал рухани жағын қайдам?!
Бәлкім, менің қамымды жегендер болған шығар, өз-өзімді иттің етінен жек көре тұрып, әлденеге қорынатын болдым. Осындай сәттерде өз ойларыммен оңашада қалып, поэзия піріне сыйынатын едім. Айлап жазу столының жанында тапжылмай отырдым. Тек, жыр ғана менің жаныма дауа болып, дертімді емдеді. Ол маған адал, таза қызмет етті. Мен де оған қарыздар болып қалғаным жоқ.
Әдетте адамның күнестен гөрі, көлеңке жақтары көзге көп түседі. Нәжістің аты – нәжіс. Ол адамдарға әсіресе, мен сияқтыларға бір жұқса, жуық арада одан тазару оңайлыққа соқпайды. Өз іс-әрекеттерімде адамдарға ұдайы таупықсыз қарап, әсересе ішіп алғанда имансыздыққа бой ұрып, көп қателік жасаппын. Ешкімді күстәналамай, дөрекілік танытпай, бетің бар, жүзің бар демей, қара қылды қақ жарғандай туралығын айтыппын. Ақырында осы жылғы қаңтарда Қазақстан Жазушылар одағының секретариаты мені КСРО Жазушылар одағы мүшелігінен шығарып тынды, өзіме де сол керек шығар. Ол үшін ешкімді де кінәламаймын».
Бұл хатты ақын КСРО Жазушылар одағы мүшелігінен шығып қалғаннан кейін төрт айдан соң жазған.
Мұқағали мен Тоқаш өмір сүрген кезең қызыл коммунистердің дәуірі күшейіп тұрған «социалистік қоғам» тұсы болды. Әміршілдік-әкімшілдік күшке бағынды. Олар қоғамды бір шеңберде ұстағасы келді. Ал, Мұқағали мен Тоқаш сияқты өр мінезді, партия қағидаларымен жүре алмайтын, ақындық алқам-салқам болмысты жаны қалайтын жандарға ол ұнамады. Осы кезде Жазушылар одағында «Мұқағали немесе Тоқаш келе жатыр!» десе ат-тонын ала қашатын атмосфера пайда болды. Оларды ешбір жер жұмысқа алмады. Тіпті Одақта өтетін жиындарға қатыстырмай, дөрекі түрде қуып шыққан жағдайлар да орын алып жатты. Мұндайда дариға жүрек қалай жараланбауы керек? Неге күйзеліске түспеуі тиіс?! Қалай ішпеуі мүмкін?! Денсаулық қалайша бұзылмайды?!.
Біле білсек, ішу де қоғамға, айналасына іштей қарсылықтың бір түрі. Өйткені адам ішкенде бүкіл дүние сабасына түседі, сезім біткен отты судан тұтанып, ішкі әлем жарқ-жұрқ етіп сәулеленеді. Адам жаны содан бір рахат табады. Ал, мұндай рахаттан бас тарту оңай емес. Француз классигі Альберт Камюдің «Кісі әбден салы суға кетіп, не істерін білмей, жалғыздықтан жабыққанда ішеді. Немесе әлде бірдеңеге қарсылығын сездіру үшін ішеді» дейтін сөзінің жаны бар.
Ал, осынау қос ақынның «ішкіш», «бүлдіргіш» атанып, қоғамға «қолайсыз адам» ретінде сыймай жүргені біреулерге шынында да пайдалы болған сияқты.
Қоғамдық ортаның теріс айналуы мен отбасылық жағдайдың күрделене түсуі, доссымақтардың қолдау көрсетпеуі еркін болмысты ақындардың ұнжырғасын одан әрмен төмендете түседі. Бұл кезде орташа ғана талантты біреулердің тасы өрге домалап тұрды. Сыйлықтан сыйлық қоймай, құрмет пен мадақтардың арасында шалқып өмір сүрді. Мұндай әділетсіздіктер бәрі қос ақынға қатты соққы болып тиіп жатқан болатын. Міне, осылайша қоғамдық күрделі өмірлері мен жеке-жеке отбасылық тауқыметтен аза бойы қаза болып, тығырыққа тірелген ақындарға моральдік қолдау көрсетудің орнына, Қазақстан Жазушылар одағы КСРО Жазушылар одағы мүшелігінен шығарып тастайды! Мұқағали ол туралы «үлкен кісіге» жазған хатында ашық айтады: «Ақырында осы жылғы қаңтарда Қазақстан Жазушылар одағының секретариаты мені КСРО Жазушылар одағының мүшелігінен шығарып тынды» дейді. Мұзбалақ ақын мұны өз қолымен жазып отыр. Сонда бұл мәселеде кімге сенеміз – мұны «алып қашпа сөз» дейтін долбар жасаушыларға ма, әлде өзінің тығырыққа тірелген мүшкіл халін айтып, көмек сұрап «үлкен кісіге» хат жазған ақынның өзіне ме?..
Қайран ақын жүрек «мені бір түсінсе, «үлкен кісі» түсінеді, бір араша болса, сол кісі араша болады» деп үміттенген ғой. Ақынның бұл әрекетін оның соңғы тұяқ серпер жанталасы десе де болар. Себебі, айналысында олар барар жер, ашар есік қалмаған еді. Сондықтан да ақын «Димаш аға! Қазір мен бәрінен де түңілдім... Ажал алдында тұрғандаймын, құтқара көріңіз!.. Ізгі ілтипатпен М.Мақатаев» – деп жазып, «17. V. 1974 ж.» деп қол қояды. Алайда, «үлкен кісіге» жазылған ол хаттың хабары сумаңдаған қызыл тілдер арқылы желдей есіп, сол замат күллі «естуге тиісті құлақтар» құлағдар болып үлгергенін және айналасынан әділет іздеген шарасыз халдегі ақынға керісінше «шара қолдану» деп аталатын кері жауап та жедел түрде дайындалғанын ол білген жоқ еді.
Иә, талант жүрген жерде қиянат, өсек-аяң, қызғаныш бірге жүреді. Әлімсақтан солай, талант пен қиянат «қол ұстасып» бірге келе жатыр. Ал, қиянаттың үлкен-кішісі болмайтыны белгілі. Әркім өзіне тән пендешілікпен өмір сүреді. Қазақтың таланты, өмірлік қасиеттері жоғары болғанымен, сонымен бірге бірін-бірі көре алмау, аяқтан шалу, алтыбақан алауыздық, күншілдік, тағы басқа кемшіліктері де аз емес. Мұндай кемшіліктен Жазушылар одағының әр жылдардағы басшылары да құр алақан болған жоқ. Бұл тақырыптағы даулы мәселелер қаза берсең шыға береді. Олар туралы шыншыл сөзді айтатын дәрежеге жету – уақыт еншісінде. Сондай-ақ, таяқтың екі басы болатынын да ұмытпау керек. Бұлай дегенде Тоқаш пен Мұқағалидың да (басқалардың да) «кінәратын» жоққа шығара алмаймыз. Кінәраты – ішетіндігі, қоғамдық орындарда төбелес ұйымдастыратындығы, эмоциясын жасыра алмайтындығы, боқтайтындығы. Сол кезеңнің көзімен қарағанда, бұл сөзсіз тәртіп бұзушылық болып табылады. Тәртіп бұзылса, жазаға тартылуы тиіс. Бірақ, талантты ақындар неге сөйтеді? Не үшін шала бүлінеді? Буырқанған бура Мұқағали әр хатшының есігін бір ашып бөрліктіріп жүретіні неліктен? Шілмиген кішкентай Тоқаш Одақтың бірінші хатшысымен «төбелесіп қана қоймай», екінші хатшының қолын қайырып «азаптауға», «Қазақ әдебиетінің» бас редакторын «боқтап» салуға не себеп болған? Қандай әкесінің құны бар? Міне, осындай сұрақтарға жауап беретін адам бар ма? Тағы бір назар аударатын нәрсе, бұл орайда «жазалаушылар» да, «жазаланушылар» да өзіне де, өзгеге де сын көзбен қарай алатын, өзінің сөзіне жауап бере алатын жастағы кісілер. Атақтары дардай, мансаптары таудай қаламгер тұлғалар.
Қалай дегенде, бұл жерде Одақ басшылары тарапынан жіберілген әділетсіздіктің орны айқын көрініп тұр. Оны Одақ басшылары іштей біледі, қиянат жасағандарын мойындайды, бірақ сыртқа сыр алдырмайды, құпиясын ашпайды. Оны Жазушылар одағынан шығарылып, «жазаға іліккендер» де біледі, өздерінің кінәсі жоқ емес екендіктерін мойындайды. Бірақ, сырт көзге мойығысы келмейді. Мәселе осында.
Бір жағынан ақын мінезсіз бола ма? Мінезі жоқ ақын қалай өлең жазады?! Ақын мінезі – ұлт мінезінің айнасы. Мінезсіз болсаң көрінгеннің көшірмесі, біреудің қолжаулығы болып күн кешесің. Мінезсіз жұртты жаһандану деген аждаһа оңай жұтып қояды. Қайткенде де кілең бір «қоғамға қолайлы» ақындарға толып кеткен дәл қазіргі таңда бізге күтпеген жерден басталып, күтпеген жерден аяқталатын Тоқаштың «тентектігі», таудан құлаған қар көшкініндей асау Мұқағалидың «мұзжарғыштығы» жетпей жатқан сияқты көрінеді. Әлде, мен қателесіп тұрмын ба?..
Құрметті оқырман, бұл мәселеде жоғарыда келтірген дәлелдемелерімізді қанағат тұтпаса, тағы бір нақты архивтік құжатқа жүгініп әңгімені жалғастырайық.
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіндегі «Правление союза писателей Казахстана» атты қорда Қазақстан Жазушылар одағы хатшылығы 1979 жылы 6 қыркүйекте өткізген мәжілісінің №56 хаттамасы (көшірмесі) сақтаулы тұр. Хаттама бойынша күн тәртібінде бір ғана мәселе қаралған. Ол – ақын Тоқаш Бердияровтың Одаққа мүшелігін қалпына келтіру жөніндегі өтініші. Хаттамада мәжіліске қатысқан адамдардың аты-жөні мен сөйлеген сөздері, ұсыныстары көрсетілмеген. Тек ақын Тоқаш Бердияровтың соңғы уақыттарда шығармашылықпен белсене айналысып жүргені негізге алынып, оның КСРО Жазушылар одағына мүшелігін 1971 жылғы 21 желтоқсаннан бастап қалпына келтіру туралы қорытындысын көрсетумен шектеліпті. Астына бірінші хатшы Ә. Әлімжанов қонжитып қол қойған (1778-қор, 1-тізбе, 77-бума).
Енді ойлайық, егер Тоқаш Бердияров Жазушылар одағынан шығарылмаса, ол бес жылдан кейін өзінің Одаққа мүшелігін қалпына келтіру бойынша өтініш жазар ма еді? Жазбас еді. Ақынның өтініші Қазақстан Жазушылар хатшылығында арнайы қаралар ма еді? Қаралмас еді. Хаттама астына бірінші хатшы Ә.Әлімжанов қол қояр ма еді? Әрине, қоймас еді.
Демек Тоқаң Жазушылар одағынан шығарылған болып тұр ғой. Онымен қоса Мұқағали да шеттетілген. Бұл жерде нақтылай кететін бір ғана нәрсе бар. Ол – Қазақстан Жазушылар одағы хатшылығының 1974 жылғы 24 қаңтардағы қаулысы негізінде бір күнде Одақтан аластатылған қос ақынның мүшелігі екі түрлі мезгілде әр қалай жағдайда қалпына келтірілуі. Мысалы, Мұқағалидың Одаққа «мүшелігі» ол дүниеден өткен күні – 1976 жылдың 27 наурызында ақынды соңғы сапарға шығарып салуға жиналған көпшілік қаламгерлердің талап етуімен қалпына келтірілсе (яғни өлген соң), Тоқаштың «мүшелігі» жағарыдағы архивтік деректерге сай 1979 жылдың 6 қыркүйегінде қалпына келтірілген.
Қысқасы, аталған оқиғаны зерттеп, зерделей келе ұққанымыз, ҚЖО қос ақынды жазушылар мүшелігінен шығарған, өз қатарларынан аластатқан, бұл шүбәсіз. Бірақ одан жоғары тұратын Мәскеудегі КСРО Жазушылар одағының басшылығы қазақ әріптестерінің одақтан шығарылғаны туралы ҚЖО басқармасы хатшылығы 1974 жылы 24 қаңтарда өткізген мәжілістің №3 «а» хаттамасы мен қаулысы хатшылықта қаралып, бекітіліп үлгермеген сияқты. Не болмаса, ҚЖО бірінші хатшысы Ә.Әлімжанов қаламгерлерді Жазушылар одағы мүшелігінен шығармау туралы бірінен кейін бірін жолдаған өтініш-хаттарынан соң, бұл мәселені одан әрі ушықтырмай, жылы жауып тастауды жөн көргендей.
Біздіңше, бұл мәселе турасында бізден гөрі сол оқиғаның басы-қасында бастан-аяқ жүрген, тіпті №3 «а» қаулының астына баттитып қолын қойған, бүгінде көзі тірі классигіміз Олжас Сүлейменов жақсы біледі. Бәлкім, осы жазбаларды көзі шалса, үн қатар, шын мәнінде оқиғаның қалай болғанын өз аузымен айтар деген ойдамыз.
***
«Тоқаш пен Мұқағали КСРО Жазушылар одағы қатарынан шығарылғаны рас па, жоқ па? Рас болса, оған не себеп болды және бұл трагикомедияның басында кімдер тұрды?» деген сұрақ елу жылдан бері көзі қарықты, көкірегі даңғыл оқырман қауымды ойландырып келеді. Бірақ, соңғы сөз әлі айтылған жоқ. «Ақындар Одақ мүшелігінен неге шеттетілді?» деген аталған зерттеу еңбек осы сұраққа жауап беру мақсатында 2021 жылы жазылған дүние болатын. Тақырып әдебиет сүйер қауым үшін қызықты әрі өте өзекті болғандықтан, жазған дүниемізді іле-шала бірнеше республикалық басылымдарға ұсынған едік. Алайда, мақала мазмұнымен танысып шыққан редакция басшылары , оны жариялаудан үзілді-кесілді бас тартты. Айтатын сылтаулыры «қоғамдық пікірді қоздыратын мұндай шетін дүниеге газетіміздің бетінен орын бере алмаймыз» дейді. Ал, керек болса! Содан жазу үстеліміздің тартпасына бір-ақ тоғытылған. (Қазаққа керек емес дүние маған керек пе?!). Сондықтан О.Сүлейменов өзінің атына жазылған мынадай сұраныс хаттың бар екенін білуі (немесе естуі) мүмкін емес. Дегенмен ақындық сезімталдық пен интуиция бәрібір өз дегенін істеген сияқты. М.Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойы барысында әлем әдебиеті мен мәдениетінде абыройы асқақ ақын «Қазақ әдебиеті» арқылы біраз жылдан бері оқырмандардың мазасын қашырып, әрі-сәрі күйге салып жүрген шетін сауалға өз жауабын бергендей болыпты.
Ендеше, қазақ әдебиетінің абыройы Олжас Сүлейменовтың мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев жайлы жазған пікіріне құлақ түрейік: «Мұқағали туралы көп айтуға болады. Ақынның даңқы замандардан озып, жырлары жүзжылдықтармен бірге жасайтынын уақыт дәлелдеп келеді. Оның поэзиясы төрткүл дүниедегі өлең атаулының ең үздік үлгілерімен терезесі тең тұрған, кей-кейде олардың өзінен оқ бойы озып шығатын жырдың жын жүйрігі ғой!
Мұқағалидың Жазушылар одағының мүшелігінен шығарылуы жайлы әңгімелердің алуан түрлі құбылған нұсқаларына қатысты айтарым:
–Жазушылар одағынан шыққан адам Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдеби институтына оқуға жіберілер ме еді?!
–Одақтың мүшесі болмаған қаламгердің кітаптары жарыққа шығып, қаламақысын алып тұрар ма еді?!
–Өзі мүше емес ұйымнан қаржылай көмек алатын қаламгерді көргеніңіз бар ма?!
Бұл – ақылға сыйымды сансыз көп сұрақтың бір шеті ғана. Ақынның тәртібі бойынша Қазақстан Жазушылар одағының бірнеше жиындары болып, кәсіподақ, партия тарапынан шара қолдану қарастырылғаны, сөгіс жарияланғаны да жасырын емес.
Алайда Мұқағалидай ірі ақынды Жазушылар одағының қатарынан шығару жайлы әңгіменің еш негізі жоқ.
Біздер ең жақын достар болмағанымызбен, ақын ретінде, азамат ретінде бір-бірімізге барынша құрметпен қарадық. Арамызды алшақтатар тұстар болған емес. Екеуміз екі тілде жазғанымызбен, жырлағанымыз қазақтың жыры, жасағанымыз қазақтың әдебиеті ғой. Ауызымен орақ орғандардың алыпқашпа жел сөзінде шындыққа жанасар, көңіл аударуға тұрарлық түк болмаған соң, сексеннің сеңгірінен асып, тоқсанға қадам басқанда ақталып жатуды өзім үшін ар көремін. Бір ауыз сөзбен сүйіндіруге де, күйіндіруге де болады. Алдында айтқанымыздай, қасиет те, қасірет те – сөзден...». (Жырдың шын жүйрігі. О. Сүлейменов. «Қазақ әдебиеті», 1 қазан 2021 ж.)
P.S: 1946 жылы Жазушылар одағының кезекті бір пленумында М.Зощенко мен А.Ахматованы одақ мүшелігінен шығарып, итін ішінде сақтап, «әп, бәлем, сені ме?!» деп тісін қайрап жүрген кілең бір сүлей қаламдассымақ әріптестері екеуін жерден алып, жерге салып жатқан ғой. Сонда жазушы Мариэтта Шагинян сөз алып, орнынан тұрып:
–Осы отырған бәрің де бір күндері иттей болып, арам өлесіңдер. Сендерді сол сәтте-ақ ел ұмытып кетеді, ал, мына екеуін ешкім де, ешқашан да ұмытпайды! Енді мен өзімнің дауыс зорайтқыш құлаққабымды шешіп тастаймын, мен жайлы не десеңдер, о дей беріңдер! – деп залдан шығып жүре беріпті.
Бұл айтылғандардан қандай ой түюге болады? Оны енді көңілі дархан, көзқарасы азат қадірменді оқырманның өз еркіне қалдырамыз...