Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Үзбен ҚҰРБАНБАЙҰЛЫ: «Міржақып мұрасы - рухани бағдаршам»

Таяуда Қостанай қаласына белгілі жазушы, Қазақстан және Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі, «Әлем қазақтары» журналының бас редакторы қаламы қарымды қаламгер Үзбен Құрбанбайұлы арнайы ат басын бұрды. Қаламгердің бұл сапары шығармашылық кездесулер мен әдеби пікір алмасуға арналып, зиялы қауым өкілдерімен, жас қалам иелерімен жүздесу барысында ерекше әсерге толы сәттер өрбіді. Орайы келген сәтті пайдаланып, біз де жазушымен сұхбаттасып, әңгімеге тартқан едік.

Үзбен аға, ең алдымен Қостанайға қош келдіңіз дегім келеді. Білуімізше, Тобыл–Торғай өңіріне алғаш рет келіп отырсыз ғой?
— Иә, рас айтасыз. Сексеннің сеңгіріне таяған шағымда алғаш рет осы қасиетті өңірдің топырағына табан тигізіп отырмын. Соңғы жылдары мемлекет шетелде туып, қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан қаламгерлердің мұрасын қайта жаңғыртып, насихаттауға ерекше көңіл бөліп келеді. Солардың бірі – Қытайдың Тарбағатай жерінде дүниеге келген, тамаша жазушы, тарихшы әрі этнограф — Зейнолла Сәнік. 1935 жылы туған бұл тұлға ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген азамат. Қазір оның шығармашылығын ұрпаққа таныту мақсатында Қазақстанның барлық өңірінде арнайы экспозициялар мен кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Сол іс-шараның Солтүстік Қазақстан аймағы бойынша өтіп жатқан тобының құрамында мен де бармын. Міне, сол сапардың аясында Қостанайға алғаш аяқ бастым. Көп естіп жүрсек те, көзбен көрудің орны бөлек қой. «Мың рет естігенше, бір рет көр» деген сөздің жаны бар екен. Бұл өлкеге келіп, бірнеше күн аралап көрген соң, Қостанайдың киелі де қасиетті жер екенін анық сезіндім. Құт қонған, қыдыр дарыған өңір екен. Ар жағында талай тарих, талай тағылым жатыр. Осы топырақтан ел тарихында өшпес із қалдырған небір тұлғалар шыққан. Бүгінгі қостанайлықтар сол арыстардың аманатын абыроймен арқалап жүр. Тек соны келер ұрпақ жалғап, биік рухты сақтаса екен деп тілеймін. Мен Алаш арыстарының талайының ізі қалған жерлерде болдым. Қай өңірге барсам да, ел өз перзенттерінің есімін ұмыт қалдырмағанына, олардың рухани мұрасын қастерлей білетініне куә болдым. Бұл менің қарт жүрегімді ерекше қуантады. Біздің сапарымызда Елдос Тоқтарбай есімді ғалым бірге жүр. Ол осы өңірдің перзенті, Арқалықта білім алған, бүгінде Қостанай топырағынан шыққан ұлы тұлғаларды терең зерттеп жүрген азамат. Елдос сияқты жастар көбейсе, ұлт руханиятының тамыры тереңдей түсетіні сөзсіз. Ал енді жалпы әсеріме келсем, Қостанай халқының бойынан атадан балаға үзілмей жалғасқан ұлттық құндылықтың, қазақы болмыстың берік сақталғанын көріп қуандым. Біз сырттай естіп жүргеннен де бұл өңірдің рухы әлдеқайда жоғары екен. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, адамдардың өзара қарым-қатынасы – бәрі де саф қалпында сақталыпты. Қазақтың әдебі сәлемнен басталады ғой. Ал Қостанай жұртының сәлемінен-ақ, елдің мәдениеті мен парасат деңгейінің биіктігі аңғарылады. Бір сөзбен айтқанда, қазақы қасиеттің қайнары, елдік рухтың өзегі осы Қостанай жерінде деп нық сеніммен айта аламын.

Қостанайға келген сапарыңызда алғашқы кездесуді осы өңірдің зиялы қауым өкілдерімен өткіздіңіз. Сол жиында өңір әдебиетінің дамуы, жас қаламгерлердің шығармашылығы туралы біраз пікір алмасу болды. Осы жөнінде кеңірек тоқталып өтсеңіз...
— Бұл сапардағы ең алғашқы басқосуымыз Қостанайдың әдебиет пен мәдениет саласында жүрген зиялы қауым өкілдерімен өрбіді. Негізінде, мұндай кездесулердің түпкі өзегі — Қазақстан Жазушылар Одағының бастамаларымен тығыз байланысты. Еліміздің руханият әлеміндегі ең беделді ұйымдардың бірі. Кеңес дәуірінде ғылым академиясы мен Жазушылар Одағы арасында ерекше байланыс болғанын білеміз. Сол кезеңде әдебиет пен ғылымның тоғысында туған көптеген идея мемлекет тарапынан қолдау тауып, халық руханиятының іргесін бекіте түсті. Соның нәтижесінде ұлттық рухымыз бен адамдық қасиеттеріміз бүгінге дейін үзілмей жалғасып келеді. Қазіргі таңда да сол үрдіс жалғасын тауып отыр. Кешегі зиялы қауымның ұстанымы мен бүгінгі буынның көзқарасы — бір арнада тоғысып жатыр. Бүгінгі жас қаламгерлер қазақ әдебиеті мен мәдениетін жаңғыртып, тарихымыздың алтын тамырын қайта түлетсек деген ниетте. Бұл өте қуанышты жағдай. Біз байқаған бір жайт — бүгінде әдеби ортада поэзияның тынысы ерекше кеңейіп келеді. Қазіргі ақын-жазушылардың көпшілігі өлеңге ден қойып, халықтың рухани айнасына айналып отыр. Біз бала күнімізде Қобыланды, Манас, Ертөстік сияқты эпостарды оқып, солардан тәлім алдық қой. Ал қазіргі буын да сол дәстүрді жаңғыртып, қазақтың болмысындағы ізгі қасиеттерді жыр арқылы қайта оятуға тырысуда. 

Сапар аясында қандай мәселелерге назар аударылды?
— Осы сапарда көтерілген маңызды мәселелердің бірі — Қазақстан Жазушылар Одағының аймақтармен тығыз байланысын арттыру. Бұл ретте Одақ төрағасының бірінші орынбасары Қасымхан Бегмановтың ел аралап, шығармашыл қауыммен жүздесіп, олардың ой-пікірін тыңдап жүргені өте құптарлық іс. Жиын барысында екі тарап ашық сөйлесті, біраз түйткілді мәселенің түйіні шешілді. Әсіресе, жастарға қолдау көрсету, олардың қоғамдағы орнын айқындау, шығармашылық өсуіне жағдай жасау туралы көп айтылды. Сол мақсатта Қостанай өңірінен жаңа есімдерді, талантты жас қаламгерлерді, еленбей жүрген әдебиет өкілдерін Қазақстан Жазушылар Одағына тарту мәселесі де сөз болды. Бұл бағытта жергілікті билік пен Одақ өкілдері өзара түсіністікке келіп, нақты жоспарлар жасалды деп ойлаймын. Сонымен қатар, біз үшін бұл сапар Зейнолла Сәнік есімін кеңінен насихаттау ісімен де байланысты. Ол Қытайда туып, бүкіл ғұмырын қазақ руханиятына арнаған біртуар тұлға. Оның өмір жолы, қалдырған мұрасы – жас ұрпаққа үлкен өнеге. Мемлекет тарапынан оның еңбегін дәріптеуге, шығармашылығын халыққа кеңінен танытуға ерекше көңіл бөлініп отырғаны тегін емес. Қостанайлық қаламгерлердің поэзияға деген ықыласы мен құрметі де мені ерекше таңғалдырды. Расын айтсам, бұл өңірде әдебиеттің жақсы деңгейде дамып жатқанын күтпеген едім. Қостанай – ақындық рухы биік, сөз өнерін қадірлей білетін өңір екеніне көзім жетті.

Үзбен аға, сіз әлем әдебиетінде өзіндік орны бар екі елдің — Қазақстан және Моңғолия Жазушылар одағының мүшесісіз. Осы екі мемлекеттің әдебиет саласындағы даму деңгейі, бағыт-бағдары жөнінде өз ойыңызды бөліссеңіз.
— Иә, бұл сұрақ өте орынды. Мен екі елдің де әдебиет ортасымен біраз жылдан бері байланыстамын. Моңғолияда социализм кезеңінде әдебиет пен мәдениетке айрықша көңіл бөлінді. Сол дәуірде олардың да бағыт-бағдары, біз секілді, Мәскеуден алынып отырды. Бірақ сол жүйенің өзінде Моңғолия жазушыларына мемлекет үлкен қамқорлық жасады. Арнайы бюджеттен қаржы бөлінді, қаламақы берілді, жазушылардың еңбегі бағаланды. Соның арқасында аталған елдің әдебиеті әлемдік деңгейге көтеріліп, небір мықты ақын-жазушылар өсіп шықты. Алайда, 1990-жылдардан кейін демократия мен еркіндік дәуірі басталған тұста, олардың әдеби жүйесі біршама әлсіреді. Мемлекеттік қолдау азайып, қаламақы жүйесі тоқтады. Жазушылар одағы қоғамдық ұйым ретінде ғана жұмысын жалғастырды. Соған қарамастан, олар рухани бағытынан айныған жоқ. Әлі күнге дейін қаламгерлерге жағдай жасауға, шығармашылық орта қалыптастыруға тырысып келеді. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан қайтадан қолдау шаралары қолға алынып, жазушылардың жұмыс ауқымын кеңейтуге күш салынуда. 

Әдебиеттің аяқ алысы, деңгейі туралы қандай ерекше жәйттармен бөлісер едіңіз...
— Ал енді екі елдің әдеби деңгейіне келсек, меніңше, Қазақстанның Жазушылар Одағы қазір сәл болса да шоқтығы биік. Себебі бізде әдеби дәстүр үзілген жоқ, жас қаламгерлерге қолдау бар, әдеби байланыстар кеңейіп келеді. Дегенмен, Моңғолияның Жазушылары маған да өте жақын. Мен сол елдің одағымен өзара байланыс орнатып, екі елдің әдеби қарым-қатынасын нығайтуға көп жылдан бері атсалысып келемін. Мақсатымыз — ақын-жазушыларды бір-бірімен таныстырып, шығармашылық тәжірибе алмасу, әдеби ынтымақтастықты арттыру. Бұл жөнінде мен Қазақстан Жазушылар одағының басшылығына да айтқан едім, олар бұл бастаманы қолдап отыр. Алдағы жылы Моңғолия Жазушылар одағы Қазақстаннан арнайы делегация шақырып, бірлескен әдеби форум өткізуді жоспарлап отыр. Бұл екі елдің рухани байланысын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. Айта кету керек, екі елдің жазушылар одағының көзқарасы мен ұстанымдары ұқсас. Екеуі де ұлттық әдебиетті дамыту, тарихи жадымызды жаңғырту, тіл мен рухты сақтау жолында қызмет етіп келеді.

Сонда айырмашылықтар әдебиетте емес пе?
— Тарихи тұрғыда кейбір айырмашылықтар болғанымен, ортақ мүдде бір. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ пен моңғол халқының тамыры тереңнен бастау алады. Біздің тарихшылар соңғы жылдары Жошы хан тұлғасын жаңаша зерттеп, оның шын мәнінде қазақ мемлекетінің бастауы екенін дәлелдеп шықты. 1224 жылы қазіргі Түркістан өңірінде құрылған алғашқы мемлекеттің негізін қалаған Жошы хан — біздің тарихи тұғырлы тұлғамыз. Мұны бүгінде көптеген тарихшы мойындап отыр. Менің өзімнің осы тақырыпқа арналған “Шыңғысхан айта алмайды” атты элегиям бар. Онда Шыңғысхан мен Жошы арасындағы тарихи шындық көркем түрде бейнеленген. Бұл туынды да әке мен баланың арасындағы іштей тартыс, ұлт пен ұрпақ арасындағы рухани сабақтастық суреттеледі. Бірақ ол бәрін біліп тұр, көкейінде сайрап тұр. Сонда сұрақ туады: бұл ой, бұл сөз кімнен туып тұр? Шешесі – Бөрте. Ендеше, Шыңғыс ханнан не сұрайсың? Қонақбайдан туған бала – содан бастап тарихтың жібі тарқатылады. Кейін Шыңғыс ханның екі ұлы – Шағатай мен Жошы дүние салды. Сонда да бір сөз қалды: «Біздің қанымыз бөлек, оған еш уақытта сенбе!» – деп жау алдында тұрған сәттің өзінде айтып өтті. Ал, Жошы бұған қарсы шығып, Шағатайды: «Хан әкеме олай айтуға сенің хақың жоқ!» – деп, жағасынан алады" деген екен. Бұл оқиға кейін Шыңғыс ханның бас уәзірі тарапынан да жоғары бағаланып, тарих беттеріне таңбаланып қалған. Біз, қазақ халқы, түбімізді танымай жүретін елміз ғой кейде. Ал Жошының кім екенін, оның қайдан шыққанын білу – тек тарихтың емес, рухтың да үлкен мәселесі. Қазір сол ұлы тақырып қайтадан күн тәртібіне шығып отыр. Біз кейде өзіміздің кім екенімізді ұмытып кетеміз. Біздің мемлекеттігімізге биыл 801 жыл толып отыр. Тарих парақтарына көз жүгіртсек, 1224 жылы ең алғашқы мемлекетімізді Күлтегін Түркістан жерінде құрғаны айтылады. Бұл ұлттың қалыптасуындағы ұлы белес, тамыры терең тарихтың алтын қазығы. Шынында да, тарих – тылсым дүние. Ол әр дәуірдің үнін, әр халықтың рухын сақтап тұрған қастерлі қазына. Уақыт алмасқан сайын, шежіре сырын ашып, бабалар ерлігін еске салып тұрады. Ал шын мәнінде, біздің тамырымыз тереңде, тарихымыз 5000 жылға жуық уақытты қамтиды. Қыпшақ — біздің тікелей бабамыз, ал сол қыпшақтар құрған мемлекет — қазақтың бастауы. Менің шығарып жүрген журналымның бір нөмірін біз арнайы Жошы ханға арнадық. Өткен тарихқа тағзым әрі келешек ұрпаққа аманат. Тарих деген – терең теңіз. Сол теңіздің түбінде жатқан шындықты ашып, өзіміздің кім екенімізді танып-білу ең үлкен рухани міндет. Біз қыпшақпыз, біз қазақпыз. Осыны ұмытпау – ұлт алдындағы парыз.

Биыл Алаш арысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай Қостанай жеріне бұрын-соңды келмеген жазушылардың табаны тиді. Осындай айтулы мерейтойдан кейін әдебиет әлемінде қандай жаңашылдықтар, өзгерістер болуы мүмкін деп ойлайсыз?
— Міржақып Дулатұлының шығармашылық мұрасының өзегінде – халық пен мемлекет бірлігі жатыр. Оның басты идеясы да осы. Ол өмір бойы “Ел болам десең, ең алдымен халқың мен мемлекетіңнің тұтастығын ойла” деген қағиданы ұстанды. Міржақыптың ойынша, мемлекет те, халық та — бір-бірінен ажыратуға келмейтін егіз ұғымдар. Ол өз заманында: “Мемлекетіңді ойласаң — халқыңды сүй, халқыңды сүйсең — мемлекетіңе қызмет ет” деген ойды өлеңмен де, публицистикамен де насихаттады. Міржақып халықты жалқаулықтан арылуға, бар салмақты тек билікке артпай, әр азаматтың өз үлесін қосуға шақырды. Міржақыптың идеологиясы – ұлтты бірлікке, елді ынтымаққа шақыратын тұтас жүйе. Ол қоғамда үрей мен қорқыныш емес, сенім мен сабыр, айқай емес, ақыл үстем болсын деді. Іштей үгітілмей, берік болуға үндеді.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та осы бағыттағы идеяны жалғастырып келеді. Президент “халық пен мемлекет мүддесі – бір тұтас” деп айтқан еді. Бұл Міржақып армандаған тұжырымның қазіргі замандағы жалғасы. Менің ойымша, Міржақыптың 140 жылдығы тек тарихи дата емес, ұлттық сана мен әдебиетке жаңа серпін беретін үлкен рухани оқиға. Осы мерейтойдан кейін қазақ әдебиетінде азаматтық үн, елдік сана, отансүйгіштік идеясы қайта күшейеді деп сенемін. Өйткені Міржақыптың мұрасы – мәңгілік құндылықтарға негізделген рухани бағдаршам.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ,
Қостанай қаласы