Қоңыр даланың әуезін есту үшін, алдымен, киелі мекеннің топырағына табан тигізіп, жылуын сезіну шарт.
Сонау Қарт Каспийдіңжағалауға соққан көбікті толқынының тебіренісін аспанда жөңкіле көшкен ақша бұлттардан сұрау керек шығар, бәлкім...
Киелі Тобыл-Торғайдың тылсым сырға тұрған кешінде сығырайған білтенің сорғалаған нұрымен қағаз бетіне жанның ғазиз хәлінен құсни хат жолдайтын «Өлең-Падишаның» салтанат құрғаны -үлкен мәртебе. Бұлай деуіміздің себебі де бар. Сырға толы Қостанай өлкесінде көкірегі көне кітаптың сырын сақтаған Алаштың Айт-Маны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отан» орденің иегері Светқали Нұржанның «Хан кегі» дастаны ұлықталған күн болды.
Біз де айтулы ақынмен сұхбат өрбіткен едік.
— Айтман көке, Қостанай өңіріне қош келдіңіз.
Жауыр сұрақты жастанған жаттанды сұхбаттарды аса ұнатпайтыныңыз мәлім. Сонау Маңғыстаудан бастау алған айтулы шара бүгін Тобыл-Торғайды қара өлеңмен әлдилеген сәтіне куә болдық. Сәулелі сәттің әсері қандай?
— Қасиетті Тобылдың жағасын жайлаған, қазақтың киелі пұшпағын мекендеген, ұлыларды тербеткен бесіктің тұтқа жұртын көргеніме қуаныштымын. Оспадар отаршылардың темір түрендері тырмалап жыртқанмен, топырағымыздың қатпарларында өшпей қалған рух деп аталатын нұр қайтадан сәуле шашатын сәтін күтіп жатыр. Осы іс-шара да сондай бір киелі істің басы деп есептеймін. Мәселе менің шығармамды насихаттауда ғана емес, мәселе – бүр жаратын уақытын күтіп жатқан рухтың оянуына әсер ететін әрекетте. Осы байқауды ұйымдастырған, қолдау білдірген барлық азаматтың бәріне Алланың нұры жаусын!
— «Қошақан даланың» қыр-сырын сіздей ешкім зерттей қоймас. 362 әулие мекен еткен Маңғыстаудың төл перзентісіз. Қазіргі таңда шығармашылығыңызда қандай тың өзгеріс бар?
— Енді, мен - тынымсыз ел аралап,үздіксіз жұмыс істейтін адаммын. Қазір көп томдықтың электронды нұсқасы жасалды. Санын айтсам тіпті ыңғайсыз болар. Поэзиямның көп томдығы да, оның ішінде басқа жанрдағы шығармаларым да бар, дайын тұр. Бірақ оның барлығын тұтас қылып шығаратын заман емес қой. Кем-кемнен, бір-бірден ғұмыр жетсе шығара беремін деп ойлаймын. Елге таратудың сан-мың тәсілі бар ғой. Жазған дүниелер болашаққа қалатыны ақиқат.
— «Байғыздың үні байыз таптырмас,
Құйқа тамырда шымырлап»- деп жатамыз, жан әлеміңіздегі байғыздың үні не дейді? Қазіргі қоғам жайлы не айтады?
— Байғыз - қасиетті құс. Бұрында да айтқам, өлеңдерімде де, балладаларымда да бар. Бұрындары елдің келіндері атын «тергейтін». Байғыздың үні шыққанда, оған қарап сәлем салып жататын. «Мұраталы», «Мұратты құс» деп жатамыз ғой. Ол күлсе, міндетті түрде жақсылық, жыласа— жамандық болатын. Жылап жатса, от шашып жататын көне көз үлкендер. Байғыздың жылап тұрған жеріне қарай, жамандықты қашыру үшін.
Соңғы жылдары көне әулиелердің басына барғанда, байғыздар кәдімгідей сықылықтап күліп, соны «көзе» естіп жүрмін. Соған қарағанда алдымызда бір жақсылық бар деп ойлаймын. Бұл табиғатта Құдай Тағала еш нәрсені бір-біріне байланыссыз, себепсіз жасамағаны хақиқат.
— «Елдің ең ұлы ақынына» деген сұрақ қойылса, Есенғали ағаға жіберер едім дедіңіз. Есенғали аға туралы әдемі естелігіңізбен бөліссеңіз?
— Есенғали аға туралы естеліктер өте көп. Ең соңғы рет Маңғыстауға, ауылға жиі келіп кетті. Мүмкін өзінің өмірінің соңғы сәттерінің жақындағанын білгесін болар.Оңашада айтып жүретін: «мен ауылда болуым керек» деп. «Уақытында болар, жамандық шақырып қайтесің?» дейтінмін. Бірақ өкініштісі, елге жете алмай қалды. Отбасы солай қалаған болар, бір кеселді уақта қаза болды ғой. Ең соңғы сол 2021 жылы 2-ші ақпан күні, біздің үйде болып қонақ болды. Содан кейін ауылға табаны тиген жоқ. Сәуірдің 16-сы күні бақиға бет бұрды ғой. Орны толмас қаза болды, Құдай біледі ғой қай күні алатынын, бірақ...
Біздер енді ойсырап қалдық, қысқасы. Жанымыздағы үлкен панамыз құлағандай, орманымыз өртенгендей сезімде қалдық...
— Сөз - саудагерлердің көзірі. Сөздің киесін білмейтіндер көп. Көз көргендердің назы қандай?
— Шындығында, «Сөз-саудагерлері» өте көбейіп кетті. Көкіректе сүзгінің жоқтығынан болатын құбылыс. Елдің қолындағы ақпарат құралдарының қазіргі дамуы, тіпті әлеуметтік желінің бәрі ғайбатқа толып кетті. Ешқандай сөздің киесінен қорқу жоқ. Сөз саудагерлері тежеусіз кетті. Тіпті, Отанымызда ойран жасап жатса да соларға аса қатты тиым болмады, әлі де сол күйі. Мұным ешқандай ғайбат емес, оны айта аламын, айтып та жүрмін. Дінді желеу етіп, әулиелерімізге, салт-дәстүрімізге қарсы үлкен айтыстар өткізген кезеңді де көрдік. Сол кезде мен «Сөз-саудагерлері» туралы көп жаздым. Тіпті, жиіркеніп кеткен кездерім де, айтыс өнерінен теріс айналған сәттерім де көп болды. Себебі, саудагерлік қой. Өзіңнің намысыңды, өзіңді ұлт қылған, адам еткен қасиеттеріңе қарсы әңгіме айту... Қасиетті домбыраны ұстап отырып, одан асқан қандай сатқын саудагерлік болуы мүмкін. Сондай кезеңдер өтті. Бірақ, бұл мәселеде жазба әдебиеттің өкілдері өз биігінде адал болып қалды.Ұлтына да, қаламға да....
— Құранда «Шұғара» сүресі бар. Ақындарға нұсқаған аяттың төңірегінде айтылар пікірлерді келте ойға ұластырып жатады. Ал, «ақындарға азғындар ереді» деген жаңсақ пікір әлі күнге дейін өзекті ме?
— Толық оқымай, тұжырым шығару - қателік. Бір аятқа қана емес, одан кейінгіге де үңілу керек. «Ақындарға азғындар ереді» дейді, «егер олар дұшпаннан өш алмаса» деген. «Құдайын зікір етпесе», ол не деген сөз. Ол-сайтанның жетегіндегі сөз-саудагерлерінің әрекетін айтып отырғаны. «Көрмейсің бе олардың етекті дүниені даңғазаға бөлеп жүргенін?» делінген сол аятта. Даңғазаға бөлеу дегеніміз не десек, қазіргі сәттің өзі де - соның кейпі. Иман, ар, намыс деген қалмады. Тек қана топтарға бөліну бар, қаралау ғана бар. Ал, оның артында мемлекеттің ірге тасына келтіретін сын бар. Ең қорқыныштысы сол. Құдай содан сақтасын!
—Сүбелі сұхбат үшін алғыс білдіремін, Айт-Ман аға.Шығармашылық табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан Нұрай НҰРБОЛАТҚЫЗЫ
Қостанай облысы