Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Ақбаян ТАБЫЛДЫҚЫЗЫ: «Әкеге сағыныш» Эссе

«Октябрь таңы арайлап атты...»
 Қырдың  кең төсін, жазық даланы бойлай жүгіре  ескен ексім жел бүгін бір суыт хабардың келерін ескерткендей ышқына  соғады. Бір жарық жұлдызының  сөнерін сезген аспан да іштен тынып күңірене қалыпты. Сонау бір жылы осы қырда төбешіктей ананың тар құрсағын жарып шығып дүниеге келген таудай ұлды, біртуар асыл перзентін қойнына алар уақытының  таянғанынан хабардар қара жер де ауыр күрсініп алды.  
  Жайық бойын жағалай қоныстанған елді мекеннің шеткері тұсында көк шатыры алыстан мен мұндалап, мұнартып көз тартатын екі қабат еңселі, боз үй бар-тын. Сәулеті келіскен сол бозша үйдің төрінде, ақ кілем үстіне төрт қабат жайылған мамық төсекте ақырғы демі таусылуға айналған тума дарын, жауһар жырдың  иесі кірпік қақпастан қимылсыз жатыр. Ақынның алпамсадай алып  денесі ырқына бағынар емес. Соңғы жылдары сүліктей жабысып, тұла  бойын тұтас меңдеп үлгерген тәнінің ауыр сырқатынан гөрі,  жылдар бойы жиналған жан дерті, ақынжанды, сезімтал жүректің жарасы, мұң-қайғысы жанына көбірек бататын-ды.     
   Қырық бесінде  құйрықты жұлдыздай ағып түскелі тұрған ғазал  ғұмыры,  көрер жарығы түгесіліп, ақтық сапарға аттанарын  өзіне сездіргендей көз ұшында кинолента тәрізді тізбектеліп жүре берді…


•О баста ата-анасының  он бес жыл күткен жалғыз перзенті болып дүниеге келуі...
•Түн ұйқысын төрт бөліп тербеген ананың әлдиімен бойына дарыған тұмса талант...
•Ауыл. Мұржасы мүжіле ескірген, қабырғалары бормен әктеліп, тақтай еденге термелі алаша төселген қараша үйдің бір бөлмесінде кітап оқитын, алты қырды асып асыр салатын   алаңсыз балалық шақ... 
•Екі жыл әскер. Шет жер. Шекара. Солдат сағынышы.
•Одан соң,  шіркін…, Алматы! КазГУ. Журфак. 
Тұла бойдан буырқанып, жас жүректі жарып шыға, алты ішекті аспаптан ыңырана төгіліп, студенттер қалашығын  думанға бөлеген әдемі  әндер. Өмірінің ең бақытты һәм бір сәулелі шағы. Ақ дидарлы, қыпша бел аруға жыр арнаған жастық. Жігіттік дәурен. 
•Содан кейін… Желтоқсан. Мұңлы зары сай-сүйекті сырқыратып, ызғары жүректі қарыған қыс. Басына тағдырдың ащы таяғы тиген ауыр жылдардың бірі еді бұл да…
•Оқудан шығарылу. Қайта қабылдану. 
•Өнерге қайта оралу. Көзіне түскен қайратты, қою шашын сілкіп тастап, көк барқыт шапанын желбегей жамылып, қоңыр гитараның үніне қоңыр дауыс қосылып "Тамашаның" сахнасында  мұңлы әндерін шырқайтын қыр баласының өнеріне тебіренген залдағы қалың жұрт. Жұлдызды шақ.
•Сол жұлдызды шақтарды   қиып тастап, перзенттік  борышын өтеу үшін Алматыдан  Атырауға оралу. 
•Қызмет. Қым-қуыт тірлік. 
•Әке-шеше, бала-шаға қамы.

«Алып кет мені ауылдан аға, азаптан сөйтіп құтқарғын…» 
 •Алматыны аңсау. Торығу. Курстас, қаламдас, сырлас, сапарлас достарды, рухани ортаны сағыну. 
•Жабығу. Шабытсыз шақтар.  
Әсіресе, қала өмірі көрініс табатұғын, шаһардағыдай тірлік қайнап жатса да, әңгімесі күйбең тірліктен аспайтын, мәдениеттен тысқары, өнерге жұтаң  осы бір ауылда өткен ғұмырының ақтық жылдары тіптен  сүреңсіз бе қалай? 
  Тек  сол сүреңсіздікті алыс-жақын аймақтардан, я Алматы, я Астанадан арагідік Атырауға арнайылап бұны іздеп ат басын бұратын жора-жолдастары, рухтас достары «бұзып» тұрушы еді. Иә, ондай күндері Тәкең  басқа дүниенің бәрін тастай сала, уақытын сол достарына арнайтын. Қонақ бөлменің бір бұрышында кісіге қасқая қарап тұратын,  өзі сүлікқара деп ат қойып алған қара гитараны бауырына алып, өзі ойлап тапқан әлдебір аккордтарды шертіп отырып «Биіктігін» шырқай жөнеледі. Ақ дастарханға жайғасып алып, «ақ шәйнектен құйылған ақ шәйдан» ұрттап қойып, маңдайы жіпсіп жыр оқиды сосын. Қос иығы күректей жауырынымен бірге бүлкілдей, оған андағы алып денесі қосыла күліп, жас балаша мәз болып, рақаттана қонақтармен әңгіме-дүкен құрады келіп. 
  Мұндай заматтарда жетімсіреп жүрген жарым  көңілі бүтінделіп, жабырқау тарта бастаған жаны күздің мизамшуақ күндеріндей бір жадырап қалушы еді. Рухани жалғыздығын уақытша ұмыттырып, сағынышын басатын  өмірінің осы бір сәулелі сәттерімен ары кетсе бір апта төрінде аунап қонақ болатын достарын вокзалда шығарып салып тұрып, қимай қоштасар еді. «Біреу келсе екен, біреу келсе екен, біреу кееелсе екен…»
«Тірлікті мынау, жаным-ау, мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам...» 
•Қамал бұзар қырықтың бесеуінде, мамық төсегінде  оянбай қалып, мәңгілік ұйқыға кету. 
  Бұ дүниеде көрмеген рақаттың о дүниеге келмесін анық сезініп, мынау «жәлеп»жалғанды еш өкінішсіз артта қалдырып, көз алды тұмандана, бірте-бірте жасын жанар сөне берген-ді. Небір алапат от сезімдерді сезініп, тумысынан нәзіктікті, сұлулықты сүйген, талай сеніп, талай алданған, жырға толы ақын жүрек кеудеде ақырғы рет алқынды да, соғуын мәңгіге тоқтатты.      
        Әуелде шыр етіп дүние есігін ашқан кезден-ақ Тәңірінің пешенесіне жазғанын кешкені, жоқ әлде ешкімде жоқ, бір кітапқа татырлық осынша қасіретт і һәм сұлу тағдырын өзі жасап алғаны өзге түгілі өзіне  де беймәлім күйі өмірден өтіп кете барды. 
   Сонау балалық шағында анасы тоқып берген түбіт күртесін асығыс үстіне іле сала, қараторы дөңгелек жүзі нарттай қызарып, ауылдың тентектеріне қосылып өзі талай ойқастаған құмды қырдан бақилық мекенін тапты. 
                                 *                    *                    *
      Содан бері он төрт жыл өте шығыпты. Кеудеде  үздіксіз соққан сағат  ғұмыр тоқтағалы, қалың қазақ қара жамылып жоқтағалы, аманат арқалап артында қалған жалғыз ұл өнер жолын таңдағалы, түн жарымында тебірене өлең жазбағалы, қоңыр дауысты қоңыр даласы естімегелі, сол баяғы бозша үйдің ақ дастарқанында ақжарма көңіл достарды  күтпегелі, сүлікқараны қолына алып сілкімегелі биыл, бүгін, міне, он төртінші күз...
 Адамдық ғұмырдың аяқталып, ақындық ғұмыр басталған тарихтың алғашқы тарауы болар бәлкім… 

Ақбаян Табылдықызы 18.10.2024