(Үйірін қорғап қаныпезерлер қолынан оққа ұшқан айтулы айғыр туралы хикаят)
«Жаңа жыл қарсаңында даладағы табынға тиіп, ондаған жылқыны атып алған қылмысты топ ұсталды. Олар Мәскеуге бағынатын облыстағы ірі кәсіпорынның басшылары болып шықты. Кейін анықталғанындай топ бастаушысы жылқыға тапалып мерт болған, тағы бір көлік жүргізушісі ессіз халде ауруханаға жеткізілді.
Аудандық газет ақпараты декабрь, 197... жыл...
«Киіктің бұрқағы» өтіп, желтоқсанның ызғары күшіне мінісімен қалың жылқы жылдағы өрісі «Бөлекаяқтың» сорына қарай ығысты. Қыста қатпайтын тұзды өңірдің қары жұқа, жыра-жықпылды панасы мол. Оның үстіне бір кезде сыңсыған ел отырған өңірде қыстау қорасы мен мола-мазары аралас ықтасын жеткілікті. Ауыз судың тапшылығынан жаз бойы тұяқ тимеген алқаптың оты қалың. Көкпекті көлдер мен бұйырғынды қырлар қармен тұшып, бөгіп тұр. Жаз бойы мыңдаған тұяқ шиырлаған жайлаудан түскен табын қалыңға тұмсығын тыға жығылды. Малдың маза тапқаны жылқышыларға жаман болған жоқ. Күнара табынды көздеп кеп, ауылдағы тірліктеріне алаңсыз араласуға мұрсат алды. Қос тігіп күзететіндей қауіп жоқ. Қыс жайлы, қар жұқа. Итқұстың әлі ірі қараға шаба қоймаған шағы. Бір күні өрістегі жылқыға бас жылқышы Иманғалидің өзі келді. Он екі үйір, бес жүзден астам қылқұйрық көргеннің көзін қуантардай, алаңсыз жайылып жатыр екен. Имекең қыр басынан малдың жалпы қарамын шолып шығып, бір үйірді жоқтады. Сонадайдан жанар жасқағандай көзге ұратын өңкей қылаң топ байқала қоймады. Ол-Дуадақтың үйірі болатын.
Ана жылы «Сағыз» бойындағы қарт апасына қыдырып барғанда жиендері мінгізген боз айғыр бас жылқышыға ерекше ыстық. Ертеректе жездесі барында осы Дуадақтың атасы Күреңқасқа айғырға кереметтей қызыққан. Бірақ жақын адамның жанына балап отырған бәсіресін қалауға көңілі дауаламай, мысы құрып қайтып еді. Кейін жездесі өмірден озды, Күреңқасқа қартайып өлді. Бірақ тұқымы тәуір күлікке деген ынтазарлық қалып қойды. Араға он жыл салып барғанда осы қоңыр айғыр көзіне оттай басылған. Түсі өзге демесе, айнымаған баяғы Күреңқасқаның сойы. Дөненнен бестіге қарап тұрған Қоңыр азбанның түгі бозғылт тартып, түбі тарлан ашатыны байқалып тұрды.
Дуадақ - құмның төлі еді. Келген жылдары қатқылға үйрене алмай, оның үстіне Тайсойғанның балдай суына үйренген таңдай, кермек татыған сор құдықтардың дәмін өгейсіп біраз жүрді. Кейін алдына үйір түскесін бастығып, жаңа ортаға біржола тұрақтап қалды. Дегенмен, әлі күнге үйірімен табыннан сырттап, оңаша жайылады. Керегедей жалы жайылып, құшақ толар құйырығы желмен суылдап жортып кеткенде жер бауырлай ұшып бара жатқан даланың маңғаз құсы-дуадақты көзге елестетеді. Сол қоңыр айғыр биыл онға шығып, нағыз дер шағына жеткен. Азулы үйірбасының бір кемшілігі - өлердей қызғаншақ. Әсіресе, жазғытұры бие құлындап, төл өргізер шақта маңына жан жолатпайды. Басқа кезде де Имекеңнің өзін, немесе, оның кішігірім «бүркіттің ұясындай» түлкі тымағын көрмесе, басқа жанға айдатпайды. Кейде автокөлікпен қуып, қыспалағанда түлей темірге тұра-тұра ұмтылып, кәр төгіп тұрып алатын. Ен даланың еркін де, ерке қожасы-сынды... Сонан ба, Иманғали Дуадақтың үйірін бейберекет мазалап, қозғай бермейтін.
Бүгін қоңыр айғырдың үйірі Мақаттан құмға шығатын «қырық жолды» бойлап, «Жырыққара» сайында жайылып жатқан. Сам жамырап, ымырт үйірілер шақ. Күн желкем. Таяуда түскен сырдаң қар алақаншықтанып, аяқ астынан тұра-тұра қашады. Желтоқсанның желі өткір-ақ. Тұрған малдың өзін ықтырып, сауырларын шымшылайды. Құлын-тайы аралас балалы үйір амалсыз сай бойын сағалап, еңістей берді. «Қырықжол» бойы көліксіз болмайды. Қазір де алыстан машина шамдары сығырайды. Жекеменшіктен шыққандықтан қараға үйірсек Дуадақ оған аса назар аудармай, алыстан барлап қойып жайыла берді. Алып көліктер сықырлап келіп, қанаттаса тұра бастады. Қоңыр айғыр оқыс оқыранып үйірін шоқтай жиырып алды. Сосын ойқастап алға шығып, мойнын төмен шүйіп көліктерді шыр айналды. Аса қауіп қылмаса да айуандық түйсігімен әлдебір қатерді сезгендей. Дуадақ үйірді сайға қарай бағыттады. Бірақ қолтума үйір жөңкіп кетпей, баяу жылжыды. Керегедей жалы жайылып, құйырығы судырай төгілген боз айғыр ақ қардың бетіне болат тұяқтарымен айқара із тастап, тыным табар емес. Машиналардағыда тырс еткен белгі жоқ. Темекі шоқтары жылтырағанымен ешкім жерге түсуге асығар емес. Бұған дейін ұялы қасқырлар тұрмақ, темір құрсанған адам баласынан ығып көрмеген айбатты айғыр аңдыс аңдып тұр. Сол замат ортаңғы көліктен мылтықтың сүмбісі сорайды. Ашылған есіктен әлдекімнің қазандай басы мен қарасұр жүзі қарауытты. Сол замат оның көзі айғырға қадалғандай болды... Гүрс еткен от-жалынға оранып, ортада тұрған құлақасқа тай омақаса жығылды. Үйір дүр етіп үркіп, сай сыртына ұмтылды. Іле келесі көліктерден де де жапыр-жұпыр мылтық даусы жиілеп, үйір анасы боз бие шыңғыра жығылды. Қабанға арналған қандыауыз қару тақыр қолтықтан қадалса да, қапелімде жан тапсыра алмаған мама бие қасат қардың бетін қызыл қанға бөктірді. Сүт пісіріп уақытта тағы төрт жылқы жайрап түсті...
Бұлар қаладан «қабан аулаймыз» деген желеумен соғым көздеп шыққан кәнігі браконьерлер тобы болатын. Алайда, қабан түгілі, қарсаққа пана болар қамыс-қоғасы жоқ құла түзден аң қағу ақымақтың ісі екенін қасапшы топ білетін. Олардың ойы жаңа жылдың алдында кеңшар жылқысының жылы-жұмсағын тіске басу еді. Жол басшысы әйгілі Әйтілес деген. Қысы-жазы жортып, тіміскіленіп жүретін сүйкімсіз қарасұр жігітті малшы ауыл «Кеңкелес» атап кеткелі қашан! Жүрісі суыт, қолы суық осы бір «салаңсұрдан» қауіп қылғанымен тап басып мойнына қояр айғағы жоқ ауыл іргесін қымтап қана амалдайтын. Соның өзінде қараусыз қалған малдарының орны ойсырап, сан соғып қалушы еді. «Кеңкелестің» бұл жолғы көздеп шыққаны қалың табын болатын. Алайда, күн райы күрт бұзылып көліктердің қозғалысы қиындағасын амалсыз күре жолдың бойына бұрылған. Алдарынан әдейі күткендей боз айғырдың үйірі ұшыраса кеткенін қара!
Үйір үркіп, шығандап кетісімен көліктерінен жапа-тармағай түскен қасапшы топ жедел іске кірісті. Жайраған жылқылардың дереу терісін іреп, мол етті қол-қол, сан-санымен бөлшектей бастады. Ішек қарын мен қазы-қартаны бөлектеп қарға аунатып алып жатқандар да бар. Ұшқан қарғасы жоқ айдала, қауіп ойламаса да болады.
Боз айғырдың үйірі қатты үріккенімен ұзаған жоқ еді. Қозы көш жерге жортып барып оқыс тоқтаған Дуадақ арқырай кісінеп, үйірді шоқтай жиырып алды. Демін басып, қабағат қозғалыс баяулағасын келген ізіне құлақ тікті. Бірақ оққа ұшып, қанға бөгіп қалған үйірлестерінен еш сыбыс жоқ. Боран күшейіп, манағы сүргінде терлеген жылқылардың бойы тоңази бастады. Алайда, Дуадақ үйірді ықтауға жібермей бөгей берді. Өзі шоқытып кереге молалы шағын қырға шығып қайтты. Гулеген желден өзге тырс еткен дыбыс құлаққа шалынбайды. Ұялы қасқырдан ығып көрмеген үйірбасының аңтарылған тұсы осы болды. Табиғатында тауы шағылып, сағы сынбаған азулы айғыр қанша дегенмен тілсіз темірге қарсы шабудан тайқитын да секілді. Дегенмен, шыңғыра жығылған манағы боз биенің даусы санасын шайдай ашқандай, ашындырған алапат ашу аяғын жерге тигізер емес. Көз алдына қаруын кезей ұстап, тепкішекте тұрған қарасұр қасапшының келбеті көлеңдеді. Әрі-бері сенделген айғыр бір замат оқыс оянғандай дүр сілкінді де, келген бағытына қарай құйғыта жөнелді. Жел көтерген құйрық-жалы суылдап желкендей керілген Дуадақ манағы қан-қасапқа батқан сайды бетке алып жүйткіп келеді...
Бұл кезде үш машинаның барлық шамын жағып ап, алаңсыз тойлаған қасапшылар «соғымдарын» жайғап жатқан. Тек қана суық қаруға сенген қарақшы топта арқан-бұғалық деген болмайтын. Тіпті, болғанның өзінде қайырып құрық сілтейтін, шиырып бұғалық салып, шу асауды шалқалата жығатын азамат араларында жоқ та еді. Бұлардың кәсібі кездескенді қалтарыста атып жығып, қорқауларша бөлшектеу ғана. Айдаладағы самаладай жарыққа құйғытып жеткен бозайғыр сол екпінімен көліктерді бір айналып шықты. Төңірек қанмен бірге машина түтінінің өткір де, сасық иісіне бөгіп тұр екен. Екі аяқтылар тырбаңдап, жайылған құрша құнжыңдасуда. Манағы боз биені тырапай асырған қарасұр ортада алшиып тұрып алып, қалғандарына әлдене деп дігірлейді Тағы бір шашы дудыраған балаң жігіт құла қасқа тайдың бас терісін сыпыруға кірісіпті. Көпшілігі жұмыстарын тәмамдап қалғанға ұқсайды. Ішіп-жемге толы дастарханды қаумалап тұр. Көліктің өткір жарығы жанарын жасқаған Дуадақ қараңғы қойнына шегінді. Сол замат ту сыртынан жылқы шұрқырады. Лезде артта қалған үйірдің тұяқ дүбірі құлағына жетті. Кері қайырылған айғыр топ алдына жанұшыра самғап келе жатқан боз жабағыға жанарын жықты. Бұл-оққа ұшқан бозбиенің биылғы төлі болатын Енесіне қарай еміне ұмтылған ерке тай ықты-жарға қарайтын емес. Дуадақ та бойын тіктеп, үйірге бүйірден ат қойды. Көліктерін жел бетке ықтасын еткендер сырт жақтағы дүбірді енді ғана естіп, дүрліге бастады:.
-Өй мынау жылқы ғой! Үркіп келе ме, алдын тос, қайыр былай!,- деген баж-бұж айқайды дала желі жіліктеп ала қашты. Өздері жанталасып әлденеге аптығып дайындала бастағандай. Айылын жимаған тек Кеңкелес қана. Жылқы ауылға жүз барып жүрген «жансыз», бозайғырдың сырын жақсы білетін. Қытығына қатты тиген азулы айғырдың айналып бір соғарын да сезген. Тек жанды мақұлық самсаған техникаға тіке шаба алмас деп көңілін жұбатып еді. Бірақ қанында тағылық басым Дуадақ қорлыққа төзбес! Ағындап жан-жақтан құйылып келе жатқан қалың тұяқтан қорыққандар тырым-тырақай қашты. Үлгергендері көліктеріне ұмтылды.
-Машиналардың астына тығылыңдар, мылтықтарыңды оқтаңдар,- деп жемтіктестеріне жекірген Кеңкелес дереу қосуыздың көмейіне екі оқты тоғытып үлгерді. Оның аңдығаны жалы ақ жалаудай желбіреп, шүйіліп келе жатқан - Дуадақ. Отыздай жылқы андағайлап төнгенімен, адамдарды жайпап өте алмады. Сол бойы екпіндете дүбірлетіп өте шықты. Жетіқараңғы түнде жанары жердегі жарты тарыны айыратын Қамбар-ата төлі әсте, жанды нәрсені таптамас! Алайда, ашынған айғырдың бойын буған долылық, дүлей ашуға ұласып екі аяқтылардан кек алуға итермеледі. Соңына ерген көзсіз топ та ашынып алғандай адамдарды әбігере салуда. Кері оралған Дуадақ суық қаруын кезеп тұрған Салаңсұрға тіке салған. Алайда, боз жабағы алдын орай берді. Қабатынан гүрс-гүрс еткен ащы дауыс арасынан боз жабағының тік шаншлып омақаса құлағанын көзі шалды. Дуадақ қайта қамдана бастаған қарасұрға төне түскен, манағы жалбыр шаштың қайдан сая болғанын, көзі алақтап астына түсе жаздады. Тапап кетуден тайынып оқыс іркілген айғырдың ту сыртында ата жауы қалып қойды. Сағатының санаулы қалғанын түйсінгендей айғыр оқыс шегініп, тепкішекке көтеріле берген Кеңкелесті қосаяқтап салып өтті Сирағы темірге тиіп шым еткенімен негізгі соққының дарығанын аңғарды. Шүйдеден тиген болат тұяқтан қарасұр өкіре жығылды. Есін жиған қасапшылар шеп құрып алыпты. От бүркіп, шағын үйірді маңына жуытар емес. Тіпті, көліктері де от алып, өкіре ұмтылуға дайын тұр. Амалы құрыған айғыр үйірін ертіп шетке шыға берді. Қос-қос фарлары қарлы даланы тінтіп, быт-шыт болған үйірдің соңына түскен қарулы топ қан қасаптың жаңа түрін бастағандай Бәрінің көздегені-Боз айғыр. Қуғын басталды. Үйір соңында ықылым заманнан қалыптасқан дала заңын аяққа басқандарға ғазауат соғысын жариялағандай жал-құйрығы ақ жалаудай желбіреп Дуадақ самғап барады. Қанды сайда тағы екі жылқының өлімтігі қалды. Боз жабағының көзіне түскен қыламық қар еріп, жанарын жасқа толтырды. Екі аяқтыдан, жалпы тіршілік атаулыдан мұндай қанпезерлікті күтпеген боз даланың бейкүнә перзентінің тұлымшық жалы қанға шыланып қарақошқыл тартты.
Ет қызуымен сезбегенімен Дуадақ да жаралы еді. Қапталы мен сауырына тікендей қадалған ұсақ бытыралар өз алдына, «Кеңкелестің» екінші қабан жығар оғы бауырға дендей дарыған-тұғын. Сүлдесін сүйретсе де, тобын шашау шығармаған Дуадақ таң ата байырғы қыстауына маңдай тіреді. Үйір үйілген шөпке иек артқанда, айғыр тіке үйге тартты. Абалаған ит даусына елегізіп жатқан Иманғали есіктен шыға бере, «аллалап», отыра кетті. Алдында қанға малшынып, Дуадақ тұрған. Иесіне қалған үйірдің тамтығын тапсырғалы келгендей ақырын оқыранған айғыр теңселіп барып сылқ түсті. Осынша сүргіннен сүрінбей жеткізген болат тұяқтарымен тоң жерді соңғы рет серпіп-серпіп жіберіп, қайран айғыр үзіліп жүре берді.