Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Арыстанбек КЕНЖЕ: «АҚҚЫЗ ШЕШЕ» Әңгіме

...Табиғатынан тыным таппайтын, тыныштықты тажалдай жек көретін адамдар  болады. Менің АҚҚЫЗ шешем сондай жан еді, жарықтық!
      Аққыз шеше! Аузынан  «Айналайыны» түспейтін, бір сәтке де істен қол үзбейтін осынау абзал жанды елдің бәрі «Аққыз шеше» деп атап кеткелі қашан!  Жасы сол кезде 60-тан жаңа асқан болуы керек. Соған қарамастан ағайын-туған ғана емес, рулы елге өзін сыйлатқан жан болатын. Өмірі бейнетпен өтсе де, бір сәт қабақ шытпайтын, өзгенің шаруасын өзінікінен он есе артық тындыратын аяулы жанның тірлікте тартқан тауқіметі бүгінгі төмен етектілер үшін  ертегідей.  
      Аққыз шеше! Сенің мейіріміңмен сусындап,   теледидары жоқ, ойын орталығынан жырақ өскен біздердің  ой-өрісіміздің өсуіне еткен ықпалыңды енді бағамдай бастағандаймын. Басқаны қайдам, өз басым «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «ЕрТарғын», «Исатай-Махамбет», «Қобыланды», «Ер Қосай» жырларын алғаш мен өзіңнен естідім. Сондағы саз қандай! Ботаның жабуын жөрмеп отырып, болмаса, кешкісін ошақта жанған оттың жарығымен шай үстінде жырлайтын сәтің мәңгі көз алдымда қалыпты. Кейін 8-класста ауыз әдебиетін өткенде ондағы кейіпкерлердің барлығымен дерлік таныс едім. Тек мектепте сазымен айтуға тиым салады екен. Ал жырларды  жатқа зырғытып жүрдім. Бұл менің зеректіігім емес, бүлдіршін кезімде санама өзің сіңірген  балталаса да өшпейтін балалығымның белгілері боп қалды.

                                                                                                                                                                                                                                                                                    Автор


         -Ау, мына ақшелек келгірдің алдынан шығып қайыратын жан бар ма,  кекжиіп тағы да кері салып бар жатқанын қара! Басы кесілгірді қолыма беретін күн туа ма, құдай! Арба үстінен айқай салғанымен, қолынан келері жоқ  Зира кемпір жан-жағына үмітпен қарады. Көш бағытына қайыра қоятын жан жоқтығын пайдаланған қоңыр нарша басы қисайып, ауылды бетке алып безектеп  барады...
     Сиыр сәскеде Доссордан шыққан арбалы көш, созылып түс ауа «Сақалбайға» зорға табан тіреді. Ерте қозғалғанда талай жерді өндіріп тастағандай еді. Түйе тіркеген боталы  керуеннің жүруінен тұруы көп болып, межелеген мезгілден кешігіп келеді. Оның үстіне тұмса боталаған мына қоңыр нарша үйден ұзасымен қайта-қайта  кері қашып әбігерге салып бітті. Әлі де керуеншілердің аттаған адымын кері тартып келеді. Атқа мінер азаматы жоқ, әйел-көштің қашан да көрері осы. Төрт арба, он бес түйеден тұратын шағын керуеннің маңдай тірер межесі-«Төртқұдық-тұғын». Бұлар жылда Доссорды қыстап, жазғытұрым малмен бірге үйренген өрісіне шығатын кенттің кәдімгі жатақтары. Бойдан қуат кетсе де, байырғы салтты тастай алмай жүрген бейнеткеш жандар. Арбаға иелік етіп келе жатқандардың барлығы егде тартқан. Алды жетпістен асып, соңы алпысты алқымдағандардың керуенбасы да,  қатты-қайырым жұмысқа қайрат көрсететін қажырлысы да - Аққыз шешей еді.
     Түстен кейін көштің жүрісі мүлде өнбей қойды. Терістіктен соққан желдің екпіні қатайды. Қыстан жүдеп шыққан інгендер желге қарсы аяғын баспай, арбаны айналып тұра береді. Осындай ит азаппен ілбіген арбалы көш соңғы аял жасаған ауылдан бір көштей ұзап шықты. Алда қалың зираттар қорымы бар. Соған жетсе, қонып шықпақ. Оның үстіне жас боталаған түйлердің сауыны жетіп, ал арбадағы отықпаған боталар ашыға бастады. Айналымға келмейтін көктемнің күні де, ымыртқа ұласып барады.  Аққыз шешенің қиналған тұсы осы болды.  
      Көне қорымның панасына іліккен көш аруақтарға дұға еткен соң, арбалар доғарылып, түйлереді ықтасын тауып орналастыра бастады. Қимылы ширақ Аққыз шешей боталы төрт інгенді лезде сауып алды. Ендігі мақсат жатар орын сайлап алу. Бұл кезде жел қатайып, қар қиыршықтай бастаған. Ауадан ызғырықтың лебі есті. Сыңайына қарағанда боран басталатын болар.  Мал жайланған соң төрт кемпір күмбезді мазарға кіріп естерін жиды. Арбадағы азық-түлік пен өре киіздер кіргізілді. Мазар босағасына асылған мосы жақтан ыстық астың хабары шыға бастады. Алайда, отырғандардың көңілінде қобалжу бар. Өмір бойы көшіп-қонып, малдың бабымен жүргендердің  молаға түнеп жүргендері тек бұл емес. Қайта иесіз қыстақтан гөрі, осындай аруақты жерді пана тұтып келген өздері-тін. Бұларды алаңдатқан күн райының күрт бұзылуы еді. Араларындағы көпті көрген кейуана Жайбала шешей жан-жағындағылардың зәресін алмайтындай бейқам дауыспен абайлап қана әңгіме бастады. (Қалғандары барлығы бір рудан болғандықтан бұл кісіге келін саналатын.)
      -Жарқындарым, біз әйгілі «Қара Иванның» амалына ұрыныппыз. Бұл боран басталса, кемі үш күн соғады. Сосын барып «құс қанатымен ілесіп көктем шығады, деп отыратын, отағасым. Шал барда бәрін тізіп, жазып жүруші еді. Кеше ал, көшейік дегенде есім шығып күннің жадынан жаңылыппын. Енді арам өлместің амалын жасайық! 
Мұны естіген жастау екі кемпірдің еңсесі түсіп кетті. Соның бірі-Зира шешей. Ерінен ерте қалған, бар күші көз жасына ғана жететін сүйегі жасық жан болатын. Тек демесе, сыңсуға шақ қалып, тығылып отыр. Мазар іші лезде қараңғы тартып, іргеден ызғар ескендей бұйғылық басты. Тіпті, жетілік шамның жарығы да жанға селбеу бола алмады.   
      -Мен түйелерді көздеп, күннің қабағын байқайын, деп Аққыз шешей сыртқа ұмтылды. Ойы қасындағыларды серпілтетін бір амал қарастыру. 
    Боран үдей түсіпті. Манағыдай қиыршықтап емес, қар да өндіре жауып, қуыс-тесікті бітей бастаған. Түйелер тыныш екен. Боталары бауырында, тегістей күйіс қайырып жатыр. Тек иесімен бірге жасасып келе жатқан қақсал Қаранар ғана әлденеге алағызғандай, бұйдасын созып, теңселіп тұр. Есті жануар иесіне де, өздеріне де сын сағаттың таянып келе жатқанын түйсінгендей... «Қарағымдап», қасына таянған Аққыз шешейді көріп ептеп байырқалғандай болды. Бірақ күйіс қайырмай, сұлқ тұр.
     -Қара тайлағым, бұл екеуміз алғаш көрген құқай емес. Сабыр-сабыр, мына мал-жанның амандығын ойлайық,-деп әдейі дауысын шығара жеткен егесі түйенің тұмсығын қасып, тынышытыққа шақырды. Сосын ертеңгі тірлікті «алласына» аманаттап, арба үстінен отын алды да, ішке енді.
     Ертесіне далаға шыққандар айналаға аңтарыла қарады. Түнімен толассыз жауған қар арбаның күпшегіне жетіпті. Жел азынап тұр. Мазасызданған түйелер бұйдасын үзердей аласұруда. Қарлы боран астында боталарды жамыратудың өзі әжептәуір уақыт алды. Кемпірлер қайта кеңесті. Қарекетсіз отыра берсе  мал да, жан да ажал аранына жұтылары анық. Бір қонып жетеміз дегендердің отын-суы да шақтаулы болатын. Сауыны мол көш аштан өлмес, ал малға не тауып бермек? 
Аққыз шешей ортаға ой тастады:
    - Кеше қорымның аяқ жағынан ескі қораның орнын көрген едім.  шом болса да, қар үстінде ірі қараға талғажау болары анық. 
-Мына сіреу қарда арба жүрмес, Қаранарды қамыттайық, қажырлы мал ғой, сүйреткімен болса да, сол шомды тасиық деді,- көпті көрген Жәйбала шешей. Қалған екеуі  үн қатқан жоқ. Ықтан алып шыққан Қаранар желге қарап дүр сілкінді де, қамытқа иінін тосты. Ұзын арқан мен айырын сайлаған Аққыз шешей төменде қалған қара шомға қарай жалғыз бет алды. Қар расында да қалың жауыпты. Сирақты деген нардың тізесін қағып келеді. Түйенің адымына ілесе алмасын білген Аққыз шешей амалсыз кейіндеп нардың ізін баса жүрді. Қаранар қасқайып тартып барады. Не заманнан шегенделіп қалған көне қыстауды бұзып, шөп шығару оңай-оспақ іс емес екен. Әйтеуір, амалсыздың күнімен жанталаса қимылдағанда толық екі арқа шом шықты. 
 Түйелерді шөптеу кезінде кешегі кері тартқан қоңыр наршаның күйі кетіп қалғаны аңғарылды. Бағымға сүйенген шепік неменің ыпыны қашып, бүйірі қабыса бастапты. Жас туған ботасына да бас бұрар жәйі көрінбейді. Бұл-Зира шешейдің түлігі болатын. Әскердегі ұлына арнаған бәсіре мал. 
  -Қанатжаным аман келсе, алдынан боталы нар жетелеп шығам»,- деп жүрген қимасы-тұғын. Түйе малына сауырына мұз қатқаннан, сызға шөккен жаман, жас інгеннің астын құрғатып амалдамаса, суық бойын алып кетері хақ. Әкелген аз ғана шомның басым бөлігін ыққа төсеп қоңыр наршаны шөгерді, Үстіне киіз біткенді қабаттады. Ботаны өздерімен бірге мазарға алды.  Осылайша, боранмен арпыласып жүріп көшпенділер күнді батырды.
   Ертесіне үш кемпір екі түйемен шөп тартуға шықты. Себебі, кешегі қос арқа шөп ызғындай малға жұғын болмаған. Қол күшінен зиян жоқ деп, Жәйбала кемпір екі келінін зорлағандай етіп ертіп жіберді. Аққыз шешей олардың аяққа оралғы болмаса, пайдалары тиеріне сенген жоқ. Кешегідей қаранарды көсем салып, жолға шыққандар қыстаудың орнын зорға тапты. Үй орнындай  алаңды қардан аршып, шомға жеткенде тағы бір қырсық тап болды.  Шегенді шом табандап қатып қапты. Алдыңғы күнгі жіпсілеңді аяз ұрып, сіресіп жатыр. Айырға алдырар емес. Күш тағы да қара нар мен Аққыз шешейге түсті. Сүйменді шомға бойлата салып оны арқанмен тұзақтап түйемен тарта бастады. Ұлыған боран бет қаратар емес. Жәйбала шешейдің қосқан  келіндері қайрат көрсетпек түгілі, желге тіке қарай алмай ықтай береді. Ана қосарға алған атанша да боранға шыдамай, шыр айналып, басымен алысып жүр. 
  Қаранар қанша қажырлы дегенмен қажи бастады. Сүйменді бойлата салып тартқанда барын сала тырмысқанымен, шатқаяқтап шайқатыла береді. Аққыз шеше есті жануардың басын бос тастап, қосарға сары атаншаны салып көруге бел байлады. Көмекшілерін екі түйенің басына қойып өзі сүйменді шаншуға жанталасты. Шөп тартудың да өзіндік әдісі болады. Оқыс тартып, немесе, арқанды дұрыс тұзақтамаса сүйменнан шығып кетіп еңбегің рәсуа болады. Тіпті майып қылуы да ғажап емес. Ілкіде бойлата салған сүйменді қос түйе мызғыта алмады. Екінші мәрте тартқанда белсіз сары атан оқыс ырғып кетті де суырылған сүймен екпіндей ұшып аңдаусыз тұрған Зира кемпірді ту сыртынан кеп ұрды. Кейуана сұлап түсті.
     Мал емес, жан олжа боп, шөпшілер ессіз жығылған жолдастарын сүйретпеге салып мазарға зорға жеткізді. Кеудесінде жан болғанымен, кірпігі зорға қимылдап жатқан кәріпті қосқа қалдырып, Аққыз шешей шығарған шөпті жеткізуге бір өзі шықты. Күн ауа ашылар деген боран әлі ішін тартар емес. Ұлып тұр. Ашыққан мал әр жерден дыбыс беріп қояды. Қас қарая Аққыз шешей бар жиған шомды түліктерге тең бөліп беріп қосқа оралды. Зира кемпірдің жағдайы ауыр екен. Қостағылар білетін дұғаларын бағыштағанымен шыбын жанға шипасы қонбағандай. Аққыз шешей келе іске кіірсті. Бар отынды маздатып, қап түбінде жатқан түйенің өркешін шыжғырды. Сосын жаралы кейуананың киімін жеңілтіп, арқасын сылады. Ыстық май ісікті қайтармаса да, залалы тимесі анық. Түн ортасы ауа Зира кемпірдің жаны жай тапқандай боп, еркін тыныстай бастады. Қалғандары сонда ғана күні бойы аш жүргендері естеріне түсіп шайға қарады. Бұл-айдалада ақ боранмен арпалысқан кейуаналардың  екінші тәулігі болатын. Түн ортасы ауа далаға тағы шыққан Аққыз шешей, боранның ішін тарта бастағанын аңғарды. Жел де құбылаға қарай ығысыпты. Мал жақты тағы бір көздеп келіп, орнына жатты.
 Босаға жақ іргеге жантайып, көз шырымын жаңа алғандай еді, әлдебір сыңсыған үннен Аққыз шешейдің ұйқысы шайдай ашылды. Басын көтерсе, Зира абысыны. 
    -Қоңыр нарша жолда жайрап, өзім сүйменге соғылдым Жаратқаннын  жалғыз оғы тек мені таба ма, ойбай!,  деп  деп озандатып отыр. Өзі киініп алыпты. Сірә, ауруының беті қайтқасын жан-жағын түгендей бастаса керек.
     -Жеңеше, түнде желдің бағыты өзгерді ғой, сосын наршаны тұрғызып, қаранардың орнына шөгердім. Ол тұс ықтасын екен, малыңыз аман,-деді Аққыз шешей.  
Осы кезде Жәйбала шешей келініне дүрсе қоя берді:
        - Әй сулыкөз, кеше ғана кірпігің зорға қимылдап жатқанда малыңды түгендесең, қайда қалдың, түге! Бәріміз жиылып, мына Аққыздың бұлығына татымайды екенбіз.  Қаранар екеуі мал мен жанды ажал аузынан суырып алды емес пе! Мына бораннан аман шығып жатсақ, ол алдымен Алланың, шапағаты қала берді осы келіннің арқасы екенін күн көзі ашыла ұмыта бастадық па! Ағызба сораңды, бір күнгі су ішерлігіңе шүкір де,- деп зекіп тастады. 
Малсақ Зира кемпір, сірә, алдыңғы күнгі жатқызған орнында болмағасын наршасы өлді деп ойласа, керек, бірақ өзінің бұл қылығына онша қысылып тұрған жоқ.
  Керуеншілер оразасын ашып сыртқы тірлікке араласқанда күн толық ашылған екен. Алайда, аспанмен астасқан аппақ ақ аяң бағыт-бағдарды болжатар емес. Іргеден түйе ыңырсып, бота боздады. Демек, бас аман, мал түгел. Қаранарды көсем салған шағын көш, сапарын жалғастыруға қам қыла бастады.