Ту ұстар ұлдар...
Алдыңнан олай – былай жатады өтіп,
Тамыр жайып жатырған шатақ осы.
Ертеңге үкілеген үміттердің,
Түсіпті кіндігіне сақал өсіп.
Баршасы бірдей қандай тоғысты ойға,
Елім деп шаршайтын кім көп істі ойлап?
Бәрі де туа сала шалдар ылғи,
Бәрі де ұқсайды Лев Толстойға.
Орындап кімдердің жүр талаптарын,
Құрт түскен миларына қарақтарым!
Ол ненің белгісі екен, кім айтады,
Шолтиған шалбарының балақтары.
Әйнектей күңгірт бейне жан-жағы айғыз,
Біз кімбіз, қай жолдамыз, таңдамаймыз.
Үмітсіз үрейлі көз жылтырайды,
Қарамен басын шандып қарғадай қыз.
Кімге аян бұл пәлені бастап кеткен,
Ел сенер егініміз астаң-кестең.
Желтоқсан, сексен алты еске түсер,
Ақымақ дейін десем жастар неткен.
Бұл бір жай өңің түгіл түске енбеген,
Кешікпей ойға алғанын істер ме екен?
Бес адам басын қосса сүйрелейтін,
Жайбырақат құрылымдық күштер неге?
Туған ел арылар ма жуықта аман,
Ту ұстар ұлдар сақал уыстаған.
Сақалды аталардан мейірім көрсем,
Сақалды ұрпағымнан суып барам.
Тым ауыр біз дегенде жолдың үсті,
Қамалған жауһазындай торды қысты.
Домаланып оранған бастар ылғи,
Таратып жүрген сынды қорқынышты.
Көз ілсем үрейлі бір жел тиеді,
Ылғи қауға сақалдар селтиеді.
Үкімет үмітіңді өшірмек пе,
Көрсе де көрмегендей мелшиеді.
Ал, ар қайда десеңіз...
Біз шешпеген тірліктің көп сұрағы,
Ызалы жел жаныңды осқылады.
Өйтпей қайтсін, біреулер шешенсиді.
Кеудесінде бұлқынған жоқ бұлағы.
Жабындының артында нағыз кейпі,
Неге орынсыз біреулер бақ іздейді?
Садағасы кеткір деп біреу күлсін,
Өз туысын біреулер абыз дейді.
Еш нәрсеге ауырмай сана мейлі,
Ол тұлпар ғой, тым алыс шама дейді.
Даналықтан садаға кеткір дей бер,
Өз шаласын біреулер дана дейді.
Елдік мұрат жолында илікпейді,
Онсыз бірақ көңілге күй бітпейді.
Жалпылдаған жабуы жабыларын,
Бәйгесін бер, шаппасын жүйрік дейді.
Заман-ай бұл аяры, айласы көп,
Шала бықсыр, жаға алмай жайнатып от.
Ғалымдар да атақты құмырсқадай,
Отан үшін бақырдай пайдасы жоқ.
Бәрі – бәрі, бәрі де сатылады,
Содан жүр ғой ондаған қатын алып.
Академик, Еңбек ері- дүкендерде,
Төлеттір де ал, үйіңде жатып алып.
Отырғам жоқ ағайын бекер сөйлеп,
Ұят деген үстіңнен шешер көйлек.
Қолдан келсе біреулер алуға бар,
Жаратушы хақты да жекешелеп.
Асырғандар шет жұртқа мұнайыңды,
Аяғымен таптайды шынайыңды.
Айтуға бар бұлар да менікі деп,
Жарқыраған жұлдызды, күн, айыңды.
Ал, ар қайда, меніңше өлгендерде,
Емес бүгін таңмен бір өргендерде.
Отан үшін жандары шейттерде,
Арыстарды мүмкін сол, көмген жерде.
Қолымнан келсе...
Жеңілместей жүргенді жеңер едім,
Еріншекті бір іске жегер едім...
Амал нешік, сөзбенен сілкілеймін,
Басқа менің қолымнан не келеді?
Үмітімді үзбеуге байлап қоям,
Үмітсізге қазандай қайнап қоям.
Басқа менің қолымнан не келеді,
Ұл-қызымның намысын қайрап қоям.
Мазалайды жанымды сұрақ түрі,
Жақсылыққа қашан да құлақ түрік.
Басқа менің қолымнан келері жоқ,
Қуантсаңдар қуанам, жылап тұрып.
Саналарын шұқимын немеренің,
Мен кеткенде сендер деп көгерерім.
Жындылар бар бетіңнен қауып алар,
Өмірем қап, алмайды өнегені.
Ой-азабын тынбай бір шегер едім,
Бұрынғылар неткен сен кемел едің?!
Қолдан келсе, қаптаған келімсектің,
Құйрығынан бір-бірлеп тебер едім.
Намысыма тигенді таптар едім,
Бас терісін сыпырып қаптар едім.
Қазынаның ауызына құлып салып,
Ұрпағыма кейінгі сақтар едім.
Елдік менің о бастан жан, жүрегім,
Қашан саған от болмай салқын едім?!
Қолдан келсе, ертеңдер өкінбеуге,
Өзен-көлдер, айдындар шалқыр едің...
Келсе ғой, деп қолымнан айтам алда,
Сөз тыңдарлар пайдалан, пайдалан ба.
Егер менің қолымнан келсе бар ғой,
Тыйыл-дер ем қара аю, айдаһарға.
Исламды бөлектеп шығарар ем,
Қарсыларға қасқайып тұра алар ем.
Ана тіл деп зарлаған жүректі ұғып,
Бір-ақ күнде айтқанды құп алар ем.
Сөзден басқа не істейді мендей пақыр,
Арманым көп, теңдігін бермейді ақыр.
Қазақ қандым өседі, түзейді ертең,
Біздің қолдан әзірге келмей жатыр.
«Тойшыл қазақ»
Саулықтың сыр бергенін ойға да алмай,
Шапқылап жүгіреміз тойдан қалмай.
Тірлікте одан басқа шаруа жоқ па,
Біржола бәрін жинап қойған жандай.
Бәрі әлек көрсетем деп көрмегенді,
Тасытып көңіл деген көл дегенді.
Таңдайды мейрамхана, кафелерді,
Ұмытты кей ағайын төр дегенді.
Айналып той жасауға зор міндеті,
Түсер де әбігерге ол күн жетіп.
Қонағын босағадан аттататын,
Жайына қалды бүгін төр құрметі.
Даңғаза бір отырып, бір тұрасың,
Баяғы жас емессің құлпыратын.
Еп-ерсі асабаға ерегесіп,
Ауызынан шыққан сөзге қырсығасың.
Ағайын, дос – жарандар көрер тірек,
Топ-тобы бірі қалмай сөйлер тілек.
Үш жүзден қонақ саны кем болмаса,
Тойхана тарсынады көлемдірек.
Той деумен жүгіреді бірі қалмай,
Қалталар тазаланар дымы қалмай.
Әйтеуір жалған намыс желіктіріп,
Күш табар кредитке жұмылардай.
Табады қайдағыны тыңайды ойы,
Жүгірдің той-қонаққа бір ай бойы,
Ағайын жұмыс күндер той жасайды,
Сенбі мен жексенбіні былай қойып.
Қашан да, қай кезде де ойсыз-мазақ,
Қалыспай бір-біріңді қойдың қажап.
Кредиттен қамыт киіп мойнымызға,
Атандық кіл дарақы, тойшыл қазақ.
Қазағымның киесі
Күз күнінде қыстан бетер тоңдырар,
Дей алмайсың: Не демейді сорлылар.
Албастылар жанды жерден қинайды,
Ұрынбағы – бұлбұл үнді Домбыраң.
Кімге зиян тигізді екен сол мұра,
Тұлпарға да күн туғандай болдырар.
Қадір көкем сөзін жаттап бар қазақ,
Деп жүргенде: Нағыз қазақ – Домбыра!
Домбыра ғой, бар қазақтың жетегі,
Жетегіне жүрмегендер жетеді.
Мың – сан тұяқ дүбірлетсе күйлері,
Сенің де есің, менің де есім кетеді.
Қайтіп бізді мансұқтаған оңдырар,
Жақсы сөзім осыма естір, соңғы бар.
Қарағайға қарсы біткен бұтақтай,
Қарсы шықтық, жайымыз жоқ болдырар.
Сүйеніші қазақы әннің шырқар бар,
Жүрегіңді іліп ұшар сұңқарлар.
Қу жаныңды қояр жерді таптырмай,
Бас бермейді мың-сан тұяқ тұлпарлар.
Кең дүниенің шулатумен құлағын,
Домбыра айтқан патша – күннің құларын.
Жер мен көктің арасында бебеулеп,
Домбыра айтқан еркіндіктің ұранын.
Қиын – тағдыр, артымызда қалған күн,
Шөліркейді шөптің басын жарған мұң.
Тәуелсіздік басымызға орнаса,
Домбырасы басында сол арманның.
Өн бойына азаттықтай күш еніп,
Кімнен қандай, не жақсылық күтеді?
Құрманғазы бабам тессе түрмені,
Қол-аяқта сылдырлайды кісені.
Көрдіңіз бе, бабам үзген бұғауды,
Түзелуде тірлік қырық құраулы.
Домбыраға тіл тигізген, түңілер,
Теріс айтқан әрбір сөзі сұраулы.
Қарау пәле қылығыңды түсінбей,
Қала алмаспыз жүрген тірі мүсіндей.
Киесі ғой, қазағымның домбыра,
Бебеулейді сарқылмайтын күшіндей.
Көз майы
Біздің үйде шүкір Алла, бәрі бар,
Құстің сүті, қасқалдақтың қаны бар.
Не жоқ бүгін, бірақ кімнің үйінде,
Қай үйден де бар керегің табылар.
Бірақ, бірақ, әйтеуір мен алаңмын,
Бар қайғысын көтергендей ғаламның.
Өткелдерде тұрғандай бір тосылып,
Өткенімді көп мақтайтын адаммын.
Ұшты-күйлі жоқ, тигендей қырсығы,
Көпке ортақ-ау, жүрегімнің бұл шыны.
Ешбір жерде көрінбейді осы үйде,
Әжеміздің жіп иірер ұршығы.
Ұршықтар жоқ, жатыр ма екен сарайда,
Қарап шықтым онда да жоқ алайда.
Шумақ-шумақ жіп иірер әжеміз,
Терме алаша тоқып берген талайға.
Әжем кетіп, анам алды ол істі,
Жүрегімде қалған күндер ол ыстық.
Күндер өтті зырылдаумен ұршықтай,
Содан бері талай жаймен көрістік.
Сөзді айтпадым келіп тұрған тіл ұшы,
Жарамады-ау, келіндердің бұл ісі.
Айына бір алашаны тоқитын,
Ұршықтар да, жоқ адырғы, қылышы.
Дер ме біреу: етіп отыр жоқты өлең,
Қайран, қайран, рәсуа болған текті өнер.
Құралдары қайдан болсын, өйткені,
Сыртта жатқан алашаны көп көрем.
Түсінгенге ұғынықты сөз жайы,
Келді реті, мұны да бір қозғайық.
Өмір бойы босқа кетті шұқынған,
Әжелер мен аналардың көз майы.
***
«Қалшылдаған қаңтардағы бурадай»
Қане ер болсаң қаймықпай ақ тура бар,
Құтырынып тіке шапса буралар.
«Жарағаны» дейді мұны біздің ел,
Қатқан мұздан моншақ тағар шудалар.
Боранымен келген кезде Ақпаны,
Мұз жарылса өзен – көлдің қатқаны.
Бура біткен тентек айдан әрі өткен,
Келесіне түскісі кеп жатқаны.
Мұндай кезде мақұлықтан қайыр кем,
Бас салса егер кімге айтасың айыр деп.
Мұрындыққа таққан жіптен малшы ұстар,
Қолындағы төрт бұтақты айырмен.
«Жарағаны» - құмарлықтың піскені,
Інген қайда дайын ақ тұр түскелі.
Ызалы көз, аузынан ақ көбік,
Атқылайды, шақыр – шұқыр тістері.
Мүмкін, тіпті шайнам шөп те татпауы,
Толы болсын жем салынған астауы.
Бұл мақұлық нәпсісіне қызғаншақ,
Байқа мөмкін, шапап, шайнап тастауы.
Тұра алмайды кектенбей де туламай,
Өлгендер бар, тіке шапса туралай.
Деген сөзді қалдырған да бабалар:
«Қалшылдаған Қаңтардағы бурадай».
Ойсылқара бар керегін өндірген,
Інген қайып, қорасына төл кірген.
Кім айта алар ер емес деп қазақты,
Бураны да дегеніне көндірген.
***
Көптің сөзін жазып отыр қаламым
Енді уақыт жоқ, деуге артын күтелік,
Көк өзектер көркем де еді, құт еді.
Арна бойын жағалаған өлмеген,
Көбісі жоқ, бары жатыр бітеліп.
Көлдер ғайып, көкала үйрек қаптаған,
Біздің жердің несі оларға жақпаған?
Көк майсадан көрпесі бар жағалау,
Ғажап еді-ау, сыйқы ол кезде қашпаған.
Көз керек-ті, біздің жақты көретін,
Қасқалдаққа көп балапан еретін.
Аяқ бассаң борпылдаған ақ шаңдақ,
Аққулары қайда төсін керетін.
Өзек-өзек, өзек-өмір, арман да,
Не болады ел, көп өзексіз қалғанда?
Толқынымен бірге аунап өскен күн,
Сенен артық не бар екен жалғанда?
Қазып жатыр, бір жақсылық күтер ме ең,
Суы азайып, қашты-ау әбден құт елден.
Өзек-өзек, өзек-өмір, өмір-су,
Жүрегімнің тамырындай бітелген.
Жүрегімнің тамырларын сөз еттім,
Бітелгенін ауыстырып, көп екті.
Туған жердің тамырындай бітелген,
Көп өзекке жасар ма екен көмекті?
Іс алғандар қара бастың күні үшін,
Тағдырың тұр ауыр алып тынысын.
Ел нашар деп бағалауда қазғанын,
«Павлодар өзен порты» жұмысын.
Көптің сөзін жазып отыр қаламым,
Тапжылмайды тегеурінді талап-үн.
Көріп өстік «зем.снаряд» қазғанын,
Мына қазу ойыншығы баланың.
Аспан жылар, көздің жаңбыр жасымен,
Не істеп жатыр ойлай ма адам басымен.
Көрініс кем көлкіп жатқан баяғы,
Жүру қиын өзектердің қасымен,
Жұтап қалған, жұт болмағай расымен.
Арттағы көш
Ауырға кейде белі бүгілмеген,
Жұмысқа қос білегі түрілмеген,
Кетуі адам болып әй, қайдам-ау,
Санаға жоқ пен барды сіңірмеген.
Бүгінгі иығына жүк ілмеген,
Ата-ана бейнеттенсе, түк ілмеген.
Азамат болар ма екен, бұлар-дағы,
Көн қатып табанына жүгірмеген?
Кезі жоқ, қамыс орып, құрақ шапқан,
Өрістен мал таба алмай жыраққа асқан.
Бұлар да бір күні адам болар ма екен,
Түр-түрлі өрмелейді сұрақ басқа.
Толқынды тіліп арна жүзбегендер,
Жұмсаса, шөптің басын үзбегендер.
Сүйер ме өліп-өшіп туған жерді,
Жандары рахатта гүлдегендер.
Арманмен байламас па қанатты адам,
Аяғын басатындар санап сараң.
Екі жыл әрмияны көрмегендер,
Өкшесін кірзі етікке қанатпаған.
Әлі су, бұлар әлі кеппегендер,
Ел еркін, түк те бейнет шекпегендер.
Бұлар да елге тіреу болар ма екен,
Жұмсаса құстай ұшып кетпегендер.
Мейлі ұр, сабап-сабап ой маңдайды,
Келеке қылар біздей қой жайғанды.
Ел мен жер менікі деп айтпайтын бар,
Кей ұрпақ Отан жайлы ойланбайды.
Ғұмыры таусылмайтын көп керегі,
Дегені болмай қалса өкпелегіш.
Ақиқатын жасырып не табамыз,
Артыңда тап осындай көш келеді.
Мұражайға келгендей
Кезім аз бордай болып үгілмеген,
Сен барда жеңілдесін жүгім неден.
Сүюді туған жерді менен үйрен,
Сезімнің жүрегіме гүлін егем.
Махаббат дегенің тек жарыңа ма,
Шындап көр құт мекеннің арын арлап.
Қанбайтын туған жерге сағынышпын,
Төл сынды уаызына жарымаған.
Босатса тірлік-шідер самғай келем,
Келмесем, жүрегімнен тамбайды өлең.
Бермейді бүгін ешкім айран құйып,
Ауаңды бір-ақ жұтым балдай көрем.
Жүрегім осы жермен тұрар бүтін,
Аспанға мұржалары сызар түтін.
Жетпісте бала болып кеткім келер,
Суыңды сіміргенде бір ақ жұтым.
Бұрыннан қалғандарға зейін тостым,
Ескілер ескерді ме, пейіл қосты.
Бұлдасаң сәлеміңді бермей ақ ғой,
Сүйіп өс, туған жерді кейінгі өскін!
Жетпеді үзілгендер айға демі,
Көрінеу қызықтырмас пайда мені.
Баяғы ескі жолдар, көне сүрлеу,
Жоғалып кетіп едің қайда, деді.
Шағылдар көп аунаған, биік адыр,
Сарыала сағынышым-сыйым әзір.
Молалар төрт құлақты төбе әзір,
Болса егер сәл-пәл сана сыйына жүр!
Бұрғандай қалғып кеткен батыр басын,
Қалайша сырың маған ашылмасын.
Туған жер сені көру бір бақыт ғой,
Жүр-жүрлеп ешкім шайға шақырмасын.
Алдымнан өтсе-өтсін кердең кейбір,
Мен сынды кімдер кетіп сенделмейді.
Өсірген осы жер ғой, таңдануды-ай,
Ғажайып мұражайға келгендей бір.
Ана рухымен сырласу
Тірлігіне ұқсамай ақ қоңыздың,
Жүрегімнен ауық-ауық жыр үздім.
Ақ сүтіңнің осы өтеуі анашым,
Сен көтерсең тоғыз ай да тоғыз күн.
Жалын жырға айналып мен өртенсем,
Бас бермейтін жүйрігіммен төрге енсем.
Назырқама, қайтарымы емес деп,
Түн ұйқыңды бөліп бесік тербетсең.
Туған ел деп қолыма көк Ту алсам,
Бірлік болса мұндай бақыт туар сан.
Жарағаны ұлымның бұл деп ойла,
Жөргегімді күніне сан жуа алсаң.
Жан ауыртпай дәм етпесем сый күнде,
Болдырмасам болмаса да күй мүлде.
Бойына ұлдың шарболаттай мұқалмас,
Ақ сүтіммен бірге намыс құйдым де.
Ата-баба мәңгілігі – далам деп,
Санамды ылғи жайлар болса алаң кеп.
Мөмкін анам, сонда рухың шат болар,
Міне, осындай менің туған балам деп.
Отан үшін басты ұсынып қылышқа,
Тұра білсем шаппа-шапта ұрысқа.
Жазым болып қайтесің деп жарығым,
Сөз шығындап бостан-босқа ұрыспа.
Қанша өлең жаздым саған Жан-Ана,
Білмеймін ғой, мейірімің қана ма?
Дұрыс кәсіп таппады деп жұрт сынды,
Мен ұлыңды әулекіге санама.
Кейінгіге балай біліп қалғанын,
Түсірмесем жаулығыңдай арға мін.
Тым болмаса бір ақ рет Анашым,
Сені арқалап Меккеге алып барғаным.
Налытпадым өзіңді де, әкемді,
Сөйтіп жүріп түгел аққа шаш енді.
Кешіре гөр, менің әзиз әулием,
Жан анашым, болып жатса қатемді.
Кім шет көрсін сіздей Ана – бұлақты,
Мен басыңа жырмен жақтым шырақты.
Жүр ме екенсің, сол бір күс-күс қолыңмен,
Қазан асып, отын жағып жұмақтың.
Жиренбеген шығар сізден жер – кіндік,
Біздің өмір тым басқаша бертінгі.
Тәніңізді тастап жаның тапты ма,
Біз білмейтін беймәлімде еркіндік.
Белгідей бір сағыныштан соғылған,
Аулақ қашпай жүрмін қара тобырдан.
Сол баяғы дінге берік ұлыңмын,
Жыр-жаңбырда қара терге шомылған.
Адалдыққа ескерткіш
Адалдықпен ұзар алға жақсы көш,
Адалынан тапқан наннан тәтті жоқ.
Адалдықты жүрегіңе байлап жүр,
Өзгесіне қатырмаңдар басты бос.
Қанағатсыз көп керегің жетпейді,
Ынсап бітсе өңеш қамын шектейді.
Қолдың кірі жуғаныңда кеткенмен,
Ал, харамға малсаң мүлде кетпейді.
Әке сөзі: Көлденеңді алмаңдар,
Бізден қалар адалдықты жалғаңдар.
Қара түнек тұмшалағаннан басқа,
Не тауыпты қараулыққа барғандар.
«Қызым саған айтам келін сен тыңда»
Десең Алла адалынан берсін бақ.
Отан қымбат ар мен ождан бесігі,
Баба мекен – туып – өскен жер қымбат.
Кісілікпен ажарланар күн – кейпің,
Жоғы көптің ішінде бар гүлдейтін.
Қара табан кедей болып өтсеңде,
Санаң азат, тыныш болсын түнгі ұйқың.
Қанағаттың басын босқа жіберген,
Тесік таппай қалды әнеки кірерге.
Мейлі ешкім қалмаса да жаныңда,
Бірге өзіңмен адалдықты шідерле.
Өзің ізде жаралмайды бақ қаннан,
Аулақ қонар құр далақтап шапқаннан.
Дүниеде қымбат дәм не дегенге:
Ол әрине адалынан тапқан нан.
Көз көргені – көңіл деген кептер құс,
Биік ұшып көрінбеді жеткен тұс.
Осы жырым ата-анама күс қолды,
Және дағы адалдыққа ескерткіш.
Айналаңда кімдер жүр?
Түспей қойсын басыңызға ауыр күн,
Ал, түстіме септесетін бауыр кім?
Адам жаны қиналады өмірде,
Көтере алмай алай-дүлей дауылды.
Қайраңға кеп қайырлайды кемеміз,
Шарасыздық күйін сонда шегеміз.
Әлдекімдер жатқан кезде табалап,
Ойландың ба, кімге сонда сенеміз?
Жатырқамас мынау алтын мекенің,
Сырқырары болар бәрібір шекенің.
Сезінсең-ау, мынау жалған тірлікте,
Адам күні адамменен екенін.
Жанарына кімнің көрмес шық тұрып,
Бас аманда кейде жаның шықты ұлып.
Сезіндірер өз-өзіне сенгендер,
Бар екенін некен-саяқ мықтылық.
Жоқ демейік жаныңа нұр сепкендер,
Қиналғанда жағдайыңды шешкендер.
Тығылғандар бар ғой және тасада,
Беріп уәде, сөзден тайқып кеткендер.
Жанарыңа түскен сәтте кіреуке,
Дұрысы күн түспей қойсын біреуге.
Қайсымызға жетеді екен аз жомарт,
Жарау жақсы өз-өзіңді тіреуге.
Басымыздан айналады күндер зыр,
Кімге бақыт, ал кімдерге мұң берді?
Алдыменен өзің адам болдың ба,
Сүрінгенде сүйеу болар кімдер жүр?
Қыр – құдірет!
Біздің қырда сансыз биік төбелер,
Сонадайдан жыңғыл, түзгін көгерер.
Қыр қияғы сыбырлайды мұңданып,
Өздеріңе қиялым бар көп ерер.
Көздің сұғын қадатасың жаттың да,
Қайғым болып жаныма көп баттың да.
Жойылып та, жоғалып та кетпейтін,
Не бар екен сары шағыл астында.
Көктемеде жасанатын от-қырлар,
Бота болып неге кейде төктің зар.
Аруанадай келген болсам желпілдеп,
Мен ұқпаған қойыныңда көп сыр бар.
Әлі дәмсіз жазған болсам көп өлең,
Тарқатылмай жатыр қанша өнегең.
Қолын салып күнге қарап тұратын,
Көрінбейді әжелер де, көп өрен.
Қайран, қырым, кісілігің құрғаппа,
Мұндағы ел кезігер ме бір баққа.
Көліктен түс, деп қиылар ағалар,
Бәрі бірдей кетіп қалған бір жаққа.
Қыр қазағы маң даланың иесі,
Мен ұқпаған көп жайды ішке түйесің,
«Ит байласа тұрғысыз» дер біреулер,
Неге сонша осы жерді сүйесің.
Сары шағыл, сары бояу, сүгірет,
Таңы ертешіл, байыр қызыл күні кеш.
Қыры түгіл, ауылдан да безген көп,
Қазағымның қырлары ғой, құдірет!
***
От ал, дер едім...
Қорқар ем одан,
Қорыққаныма қараса.
Алламнан содан,
Сұрамаймын да араша.
Құйтырқы қоғам,
Ойнай бер мейлі балаша.
Сырт көзге биік,
Айналам толы аласа,
Сөздері сұйық,
Көңілге кетер жара сап.
Келетін өлім,
Қорыққаныма қарайма?
Қазылар көрім,
Өлгім келмейді алайда.
Тіршілік – төрім,
Шарт сынар бір күн шарайна.
Сондықтан мына мен,
Қатырман басты байлыққа.
Шипасы дарыр бір ақ ем:
Жанымда жұртым жайды ұқса!
«Жалғанда қалдыр!»
Айтылмас арызым Аллаға!
Кеші бар таң бұл,
Артынды ұрпақ жалғаған.
Соларға айтам:
Харамға қолды салма деп,
Өңешті байқа,
Адалды ғана талма деп.
Өледі бір күн,
Өлместей болып жүргендер,
Келеді бұл күн,
Ажалың білек түргенде.
Кетесің көрге,
Ақ кебін орап тәніңді,
Шырағы сөнген,
Алады Алла жаныңды.
Зауалын тартар,
Қазынаға қолын салғандар.
Байлығы шалқар,
Шашылып артта қалған бар.
Отан опасыздары,
Жазасын алады Алладан,
Отасын бәрін,
Қолдары күйеді қармаған.
Отан дегенің,
Ұлы далаң ғой, халқыңмен.
От ал дер едім,
Осыларды ойлап әр күннен.
Жемейсің опық,
Отына жанып кетсең де.
Бақытың осы,
Қажет пе қанды төксең де!
Отан деп өлген,
Бақытты өлім, ұрпағым!
Жалындап өр дем,
Ойлайтын соны, бұл шағың!
Қара халық қаһары
Тисе болды тұтанатын сәл ұшқын,
Жердегің не, өртке оранар жарық күн.
Тып-типыл боп түгел жанып кетеді,
Жүйкесімен ойнағандар халықтың.
Бұлаңдайды түлкі құйрық қоғам-қу,
Тыныш жүрмей шығарған бар одан шу.
Қара халық қара жынын қаптатса,
Мұхит тасып сонда болар топан су.
Бастарында сарнаған жел, қума күй,
Таптырмайды туғаны жоқ, тура би.
Алдаудың да шегі бітер күн туса,
Сонда болар сау қалдырмас «Цунами».
Жиі күні тұтылғанда, ай мұнар,
Деп тойлайды үйреншікті жай бұлар.
Сендер кімсің, қаһарынан халықтың,
Арыстан да, айдаһар да қаймығар.
Баста мұңы созылса да шектей бір,
Ылғи өлі жүректерге жетпейді.
Кіндігімен байланғандар бұл жерге,
Мәскеуге не, Дубайға асып кетпейді.
Жемқорлар көп, басындырған өгейді,
Намыс отты қашанғы ел көзейді?!
Шыныменен қақпақ кетті қазаннан,
Масқараны қалай, кім кеп бөгейді.
Төзімдерін жұқартты әбден нала жұрт,
Оянбасын мынау ұлы дала күрт.
Қара халық қаптап кетсе – қара құрт,
Ашуы да басып жаншыр қара бұлт.
Еркіндіктің ұзай түскей сапары,
Түзелерміз, мүлде болмай аш-арық.
Қорқыныштың көрсетпесін көкесін,
Сескендірсін қара халық, қаһарың!