Гүлмира Сүйекенова 1978 жылы Атырау облысы, Махамбет ауданында дүниеге келген. Ақын. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Республикалық, облыстық басылымдарда тілші болып қызмет жасаған. "Шамшырақ" жыр жинағының авторы.
Қарқынды, Жайық қарқынды
Алқынды, тағы алқынды!
Мұқтажбын, Раббым, өзіңе,
Қорғай гөр, Раббым, халқымды.
Шулаған халқым - далада,
Тулаған толқын - жағада.
Қорғанып жатыр қайтсін-ау,
Жас-кәрі, бала-шаға да.
Тасыды тағы өзенім,
Ауылдар күтті кезегін...
Төбемде Раббым тұрғанда
Мен қалай күдер үземін?!
Қалмасын судың астында,
Тілегі кәрі-жастың да:
Кеше гөр, Раббым, пендеңді
Бөгет бола гөр тасқынға!
Сыналам, иә, сыналам,
Бір тамшы судан сұралам.
Кешіріміңсіз бір Сенің,
Мейріміңсіз бір Сенің,
Қалармыз қалай дін-аман?!
Шөліркеп тұрған көк теңіз,
Жайықтың халін сөкпеңіз.
Таутеке қарды ерітті,
Жылуыменен көктем қыз.
Судың да көңіл-күйі бар,
Тосыннан соғар сыйы бар.
Өр суы келген кезінде,
Жайыққа жағу қиын-ау.
Гүрілдеп келер, сарқырап,
Есінен танар атырап.
Жайықтың жайын біледі,
Жағада өскен жапырақ.
Келеді әне, арқырап,
Жолында тал тұр қалтырап...
Ашуы қысқан өзенге,
Жаратқан өзі жар болмай,
Тосқауыл болмас топырақ!
Ашулы Жайық ашулы
Күшейтті бүгін тасуды.
Жоқтан бар етіп жаратқан
Тапсырдым саған елімді,
Тапсырдым саған жерімді.
Бір өзің ғана білесің,
Ашуды қалай басуды.
...Қорғай гөр бізді, Әл-Хафииз!