БАЛАПАН ДАРАЖА НӘБИҚЫЗЫ Қазақстан Республикасы мұнай-газ саласының ардагері, құрметті заңгер, ақын, Халықаралық ақпараттар академиясының академигі. Т. Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
"Су есте сақтауға қабілетті, оның жады бар".
Эмото Масару, жапон зерттеушісі
"Жақсы сөз - жарым ырыс,
Замандасым біле жүр, тілек – тыныс..."
"Сөз құдіретіне әлем қарыздар, өйткені ол келеді ..."
Автор
(тасқын су жойқыны
жақындағандағы толқыныс)
Сабыр етші, ардағым, Ақжайығым,
Бақ-жұлдызы ұлтымның, маңайымның,
Дүлей-кердің араны аптықтырып,
Бұлт торлады аспанын арайымның.
Жадың бар ғой, Жайығым замандардан,
Себін айтшы, қайтатын райыңның.
Жанары жаутаңдайды саған қарап,
Адамның да, жұлдыздың, нұр-айыңның.
Тілектері, еңбегі зая кетпес -
Азамат, туыс-жекжат, ағайынның.
Құлағыңа «жал» жеткен арғымағым,
Қуат-күшін үдеттің қарғыманың.
Сабырыңды Жайығым, дүлей жұтып,
Айыл жимай келеді қарғын ағын.
Топан су - тоң сарқыты, тоң мінезді,
Түрен салып қопарды топырағын.
Мөлдірін ылайлаған топан соқыр,
Шайқап-шашып бүлдірді атырабын.
Қағанағын қақ жарып өскіндердің,
Қалтырайды жағаңда жапырығың.
Ерік-жігер, ар тасып, тік тұратын,
Әр қазағым намысты, нар болатын.
Қан да жұттың бір кезде қиянаттан,
Бабаларға қайратып шар-болатын.
Ақ жайығым, сабыр ет, ел-жұртың бар,
Ет-жүрегін жағаңа жар қылатын.
Мұндағы періштелер үлпершегі,
Шілтен-бөгет - дүлейлер жасқанатын.
Жамиғаттың, жақсының тілегі ағла,
Ауыздықтап арынды баса алатын.
Мың алғыс бәріңе де азаматым,
Бірлігіңде - ақиқат, аманатың,
Ұрпағысың Көкбөрі, қыран қанат,
Құрбандыққа шалатын қазанатын.
Жаралдың құрсағынан әз-ананың,
Қиналғанда ақ сүтін «көк сауатын».
Тілегі қабыл еді, Ұлы жұрттың,
Тәңірі мейрімінен бақ табатын.
Тасқын судан тазартам, түйіп алшы-
Тілегімді жадыңа жатталатын.
Ақжайығым, ардағым, ар қанатым,
Сабағың көп санада сақталатын.
Жаратқаннан сұраймын көрсетпе деп,
Мезетті тал қарматып, таң асатын.
Тобырдай туласа да топан қайтар,
Сәнің келер өзіңе жарасатын.
Тоң-тезек топандардың мекені жоқ,
Олар тексіз жағаңа жармасатын.
Сабыр ет, азаматтар күтіп отыр,
Ақыл- айла пайымдап жол ашатын...
P.S.
Қазақстан Республикасының
Президентіне,Үкіметке, депутаттарға,
жанашырлық танытып, тілекші болған барша
жамағатқа, меценаттарға, еріктілерге, тасқыннан
зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын созған жомарт
жандарға, қыруар қаржы аударған барлық мекемелерге,
тасқынға қарсы бөгет тұрғызуға ат салысқан әрбір азаматқа,
азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күндіз-түні қызмет
еткен Атырау облыстық штаб құрамындағы азаматтарға шексіз алғысымды білдіремін.