1899 жылы қар аралас толассыз жаңбыр жауып, қатты дауылды жел тұрып, Жем өзені арнасынан тасып, Жылыой аймағындағы ауылдарды су шайып кетеді. Адам, мал шығыны көп болып, халық табиғат апатынан қатты зардап шегеді. Жылыой жерінде болған бұл қайғылы оқиға Қашаған ақынның «Топан» дастанымен ел есінде қалған еді. Белгілі ақын Аманқос Ершуовтың жақында жарық көрген «Ақмешіт» кітабынан Жылыой жерінде болған осы табиғат апаты жайлы баяндайтын «Топан су» поэмасынан үзінді жариялап отырмыз.
Не жазып едік, құдай-ай!
Алағай да былағай,
Бұрын-соңды көрмедік
Топан суды мынадай.
Таудай толқын соққанда,
Ел қырылды қынадай.
Сумаңдаған суық жел,
Жұтып бәрін тынады-ай.
Тепкілесе тентек жел,
Тегеуірінге шыдамай.
Тектілер салған сарайдың
Терезесі сынады-ай.
Үйдей мұздар соққанда,
Үй калмайды құламай.
Канды көзді қара су,
Аспан жердің арасын,
Айыратын сынадай.
Адамдардан ес кетті,
Амандығын сұрамай.
Аузын ашып ажал тұр,
Көзі жанып шырадай,
Алды-артына каратпай,
Дедектетті бұ қалай?
Кақ айырылды қара жер,
Тозығы жеткен шұғадай.
Шағылдың бәрін су басты
Карақұм, Бейнеу, Бұғабай
Аяқ асты не болды?
Дүние қуып кеттік пе,
Аллаға құлдық ұнамай?
Таулар да тегіс тапталды
Сұрапылға шыдамай!
Ерке ұлдардан ес кетті,
Ішпейтін тамақ жыламай
Халыққа нәубет әкелді,
Мың сегіз жүз тоқсан тоғызда
Доңыз жылғы кұралай.
Тіршілік солай құрыды,
Ұрылар түскен ұрадай.
Табылмады дәу кеме,
Нұхтан қалған мұрадай.
Кемелер болды жапырақ,
Қайықтар қалды қақырап.
Қанталаған көзімен,
Қарайды ай, күн шатынап.
Төбеге шығып барады,
Толқынды толқын сатылап.
Аяқ басар жер таппай,
Адамның бәрі алжасты,
Қайғының уын татып-ақ.
Ақылды болды ақымақ.
Алды-артын осы бүліктің,
Білмеді ешкім бақылап.
Кешегі тоғай бүгін жоқ,
Қайтатын үйге отын ап.
Ұлтарақтай жер таппай,
Тірілер қалды тоқырап.
Қарқылдаған қарғалар,
Өлілер көзін шоқымақ.
Малтығып суға тіршілік,
Мамығы ұшты қопырап!
...Сол күні Ай да тұтылды,
Талайдың басы жұтылды.
Кескілеп кетті кеудені,
Бұтарлап кетті бұтыңды.
Шалкақтап жүрген пенделер,
Есептен қатты ұтылды.
Біреуден біреу құтылды,
Қуырды тұздай тұқымды.
Артынан Күн де тұтылды,
Қашырды әбден құтыңды.
Топырлаған топан су,
Тоқтау болмай құтырды.
Кимеген сәтен, шытыңды,
Келіншек кетті мықынды.
Ерлер кетті пікірлі,
Өлімге басын тұқырды,
Кім қашып судан сытылды?!
Топан да топан,
Топан су,
Толқымалы ғасырым!
Таңдамады ешкімді
Біреудің алды асылын,
Біреудің алды масылын.
Байлардан кетті қазына,
Көміп қойған жасырын,
Су алғанда аяқтан,
Төбеден соқты жасылын.
Су шаяндар кемірді,
Сұлудың жілік-асығын.
Айырмады нарлардың,
Семізі мен жасығын.
Бір үйлі жанды түп-түгел,
Қазаны мен қасығын
Тереңге қарай сүйрелеп,
Адыра қалғыр, топан су,
Қарайып қаның тасыдың!
Талайлар кетті кебінсіз,
Талайлар қалды көмусіз
Талайлар қалды енесіз,
Талайлар қалды күйеусіз.
Желкілдеген жастардың,
Талайы қалды өмірсіз.
Қоңырауларын қағатын,
Күймелер қалды жегусіз.
Жылқышылар бағатын,
Жылқысы қалды тебінсіз.
Жерден өнім алатын,
Егінші қалды егінсіз.
Не шара?
Тағдыр датына.
Батырлар қалды қапыда,
Міне алмай қалды атына.
Өзімен бірге тұншықты.
Дулыға,
Сауыт ,Найзасы —
Ұстаған барлық заты да.
Азуын тасқа қайраған;
Азуымен шоқты шайнаған,
Айтатын сөзі тұрғанда,
Хан алдында тоймаған,
Неше бір асыл шумақты
Шұбыртып қойдай айдаған —
Ақындар өтті сайраған!
Әлемге келген зауалдан,
Талайдың соры қайнаған.
Бозбала қалды қалыңсыз,
Соққанда дауыл дамылсыз.
Ошақтар қалды жағусыз,
Төсектер қалды салусыз.
Бәрінен де қиыны —
Жетімдер қалды бағусыз.
Біреудің кетіп анасы,
Бесікте қалды баласы.
Інінің болған жағасы —
Біреудің кетті ағасы.
Біреудің кетті панасы,
Біреудің кетті данасы.
Мүрденің иісі мүңкіді,
Құзғынның қызды таласы.
Тәңірден келген тәртіпке,
Келеді кімнің шамасы?!
Бір уақыт болғанда,
Апталар айға толғанда
Сарқылды судың сағасы,
Тобаның келді тобасы.
Көрініп қалды құрлықтың
Қылтиып,
Мойын,
Жағасы!..
Селеудей қалған селдіреп,
Үркердей топтың алдында
Сөз сөйлейді ауылдың,
Досекеңдей ағасы:
- Көбінің өлді атасы,
Көбінің өлді анасы,
Көбінің өлді баласы
Осы отырған халықтың,
Жазылған жан жарасы,
Шашынан көп наласы.
Алты айшылық жер екен,
Аспан жердің арасы
Өлі артынан өлмек жоқ,
Тірліктің қымбат бағасы.
Берекелі іс етсек,
Жанданып кетер қайтадан,
Казағымның даласы.
Әнеки, жетім баласы,
Баланың жоқ аласы,
Асырап алсын әрбір үй
Жеткенше халі, шамасы!
«Жетімді көрсең — жебе» — деп
Пайғамбар сөзін, қарашы!
Сонда халық шу етті:
-Досекең елдің ағасы,
Тұлпардың бүтін тағасы.
Сайрап тұр бүгін санасы,
Ел болғасын тентіреп,
Кетпейді жетім баласы.
Мен боламын ағасы,
Мен боламын мамасы,
Мен, мен деген дауысты,
(Саусағың жетсе санашы).
Досекең сонда жұртына,
Жалт-жалт етіп жанары.
Риза болып қарады,
Қуанғанның белгісі –
Сақалға жас тамады.
Үміт отын жағады,
Тартады оң қабағы...
Жиырма шақты баланы,
Бала қылып алады.
Канаттыға қақтырмай,
Өмір бойы бағады.
«Қолапайсыз адамды
Түйе үстінен қабады».
Өнерлі етіп өсірді,
Болғаны үшін талабы.
Үстеріне үй тігіп.
Аялап киіз жабады.
Алдына мал салады,
Қызы жақсы жерлермен,
Құда болып қалады.
Енші беріп кезінде,
Көңілдерін табады.
Үстеріне киілген,
Бүтіндеді жағаны.
Ішкенде тіл үйірген,
Шайқалмады шалабы.
Бүлік шығып бүйірден
От баспады табаны.
Еңку-еңку жүгірген,
Жүйрік болды шабаны.
Бала арқалап бүгілген,
Хан көтерді Ананы!
Достан — Ата тұрғанда,
Жоқ олардың алаңы.
Сенер ме екен осыған,
Бүгінгінің наданы.
Айналайын сендерден,
Баяғының адамы!
Баяғының адамы!
Адыраспан гүлінен,
Емге дәрі алады.
Кайырымды Досекем.
Адам қылды осылай
Жиырма жетім баланы.
Бүтін болды киімі,
Таусылмады тағамы.
Сол балалар өскенше,
Елдің болды қамалы.
Ата өмірден көшкенде,
Қалды артында осындай
Қайырымды сабағы!
Ее, жамандардың кашанда:
Ашылмайды қабағы,
Өз отына су құйып,
Шыныаяғын шағады,
Кем болады талабы ,
Уәдеге келгенде:
Тайғанайды табаны,
Айтқан сөзден танады.
Жұрт мақтаған жігітке:
Үйіп-төгер жаланы.
Алыстан жау іздемей,
Ағайыннан табады.
Тартылмайды табағы,
Өзім деген туыстың
Аш өзегі талады.
Әкесіндей кісінің
Жағасынан алады,
Көршілерін сыйлаудан
Бірте-бірте қалады.
Әлсіздерге дүрсілдеп,
Аяғынан шалады.
Мықтыларға майысып
Сөзін сөйлеп жағады.
Кемтарларға кісімсіп,
Tapс айрылар талағы.
Сыйламайды ағаны-
Созған қолын қағады.
...Әрлі-берлі шабады,
Ел мазасын алады.
Ит аузында кетеді,
Мұндайлардың балағы.
Сойыл жырған еріннің,
Жазылмайды жалағы.
Тап осындай жандарды,
Досекеңнің ақылы-
Дұрыс жолға салады.
Әулиенің киесі
Алтыннан да бағалы.