Аян
Ерте-ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауыл жүні қызылда, құйрығының жүні ұзында бір батыр қасына тоғызға толған ұлын ертіп алып сапарға шығады. Ойы «балам көп ұзамай он үшке толады. Отау иесі атанатын жасқа жетеді. Соған қалыңдық айттырып қояйын» дейді. Келе жатса алдынан бір от көреді. Отқа таман келсе бір аңшы киіктің етін қақтап пісіріп отыр екен. Үлкендер жөн сұрасады. Сонда аңшы жігіт тұрып айтады:
– Мен бүгін түсімде қолыма аппақ лашын келіп қонғанын көрдім. Тұяғына қарасам бір шеңгелінде ай, екінші шеңгелінде күн ұстап тұр. Қуанып ояндым да, шыдамай осылай қарай шығып кеттім. Әдетте біз күн мен айды алыстан, әрі тек көзбен ғана көреміз ғой. Ал менің көрген түсімде ақ лашын оны шеңгелімен бүріп маған әкеліп тұр. Ал өзіңе жол оң болсын.
– Мен мына ұлыма лайықты қалыңдық іздеп келемін. Мына көрші татарлардың қызы сұлу, ақылды болады деуші еді. Солай қарай бара жатырмын.
– Мен көршілеріңіз қоңыраттың Дөй шешені боламын. Татарларыңның елі әлі алыс. Менің тіккен ақ ордам мына белдің астында. Үйіме қонақ болып аттаныңыз. Менің де титтей қызым өсіп келеді. Көр. Қонағым бол, – деп, еліне ілестіріп келеді Өзі ішінен қият руының киесі менің қолыма келіп қонайын деген жорамал түс болар деп шешеді.
Дөй шешеннің ауылы қонақты қуана қарсы алып, үлкен жиын-той жасайды. Батыр да өсіп келе жатқан жас арудың шешесіне көмектескенін көреді. Әдебі, түрі ұнайды. Беті ажарлы, көзі отты қызды баласына айттырмақ болады. қонып, ертеңінде құдалық сөйлеседі. Дөй шешен айтады.
– Қызы бардың назы бар деген. Көп сұратып берсе, қыз қадірлі болар деген. Маған да сенің ұлыңның маңдайлы, көзі өткір, мінезді екендігі ұнап тұр. Құда, балаңды күйеу ретінде осы елге қалдырып кет. Балалар бір-біріне бауыр бассын, –дейді.
Ол – қан уыстап, ай менен күнді шеңгелдей туған, кейін тарихқа әйгелі Шыңғысхан атанып, бүкіл елді билейтін жас қыран. Ал жас ару арыстай-арыстай арыстан ұлдарды тәрбиелеп өсірген Бөрте сұлу болатын.
Ел қорғаны – батыр
Баяғы өткен заманда бір кеудесіне нан піскен өзімшілдеу даңғой патша өмір сүріпті. Қазы-қарта жеп, кекіріп; қымызға тойып, секіріп патша қиялға кетіпті. Ел шауып атаққа шығайын, күшім тасып тұрғанда көрші елдің жерін олжаллайын, аруын құшайын. Сөйтіп тарихта атымды қалдырайын деп ойлапты да жұртын жиыпты. Патша айтты-бітті, елі қару-жарағын сайлап жорыққа аттаныпты. Бірақ малдың қоңы көтерілмеген көктемеде сақадай сай отырған көршіге соқтығамын деп ойсырай жеңіліпті. Олжа құмар бейшара патша енді майдан даласында қапыда өлген есіл ерлерінің кегін алмақшы болып келесі жылы тағы жорыққа аттанады. Енді елде сойыл сүйретуге жарайтын еркек кіндіктің бәрін сыпырып жинайды. Сол елде төртпақ келген сексеуілдей шымыр бір дихан жігіт бар екен. Астына мінгені шаруасына ыңғайлы мәстек екен. Қолына қару орнына кетпен ұстаған екен. Патша жаналғыштары оны да зорлап сапқа қосқан ғой.
Үйреніскен жау атыспаққа жақсы дегендейін көршісіне шаңдатып жетіп келсе, олар дағы қсру-жарағын сайлап, шаһарының сыртында сап түзеп тұрыпты. Абдырап қалған патша сасады. Саптың алдына шыққан хан: – Ей, қан тілеген қанқұмар патша! Сұлу қатын құшып, менің қазынамды тартып алмақшы болып былтыр да келдің. Күйрей жеңілгенің есіңнен шығып кетіпті. Жазықсыз әскеріңді босқа қырма! Жекпе-жекке шық. Мен жеіңілсем қалағаныңды бергізейін. Сен жеңілсең інің Басардың сұлу қызы Дүрді маған бересің! Астындағы ақ боз арғымағы шиыршық ата ойнап, күндей күркіреп тұрған жас періден айбынып кәрі қақпастың тізесі дірілдейді. Өз әскеріне қарап: – Мына ханды жер құштыратын батырға қалағанын беремін деп жар салады. Патшаның жарлығына ешкім селт етпейді. Патша тағы айқайлайды. Не сұраса да беремін деп мәлімдейді.
Сонда патшаның алдына жаман мәстегін тебініп Шәміл дихан шығады. Патша риза болып сауытын шешіп кигізсе, үлкен екен, етегі сүметіліп кетеді. Тек дулығасын киіп, қылышын беліне байлап, күрзісін тақымына қысып, найзасын білегіне іледі. Жау жарағын түгендеген Шәміл батыр қарсы шабады. Дихан күнде жау түсіріп жүр дейсің бе? Найзаласқанда-ақ атынан ауып түседі. Патша әскері аһ ұрып, бүрісе түседі. Шәміл енді қылышын сермейді. Хан атынан секіріп түсіп, «жаяумен атты соғысуы әділетсіздік болады» деп, өз арғымағын қоя береді. Диханның қылышын да қағып жіберіп, денесіне дарытпайды. Енді Шәміл батыр күрзісін қос қолдай ұстап секіріп барып ханды қақ басынан переді. Қарулы жігіт ханның дулығасын саутының ішіне тығып жіберген екен дейді. Патша солай жеңіске жеткен Шәміл батырды алдына шақырып, не тілегі барын сұрайды. Сонда Шәміл батыр патшадан Сырдарияның шұрайлы жағасынан егіндік жер сұрап алған екен. Сол жеріне келіп күрегін саптап, егінін баптап жата берсін.
Әлқисса. Ендігі әңгімені тағы есірген патшадан бастайық. Өлген ханның әйелін алып дәндеген патша тыныш отыра алмай тағы жорыққа шығады. Бірақ соғыс іздеген жанның оңғаны бар ма? Сол соғыста ол патша мерт болып, орнына інісі патша болады. Соғысқұмар патшадан гөрі бұл патша елге жайлы момын болып келеді. Халық ала шапқыншылықтан мойыны босап, егін егіп, там салып есін жинай бастайды.
Сол бір қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заманда жерге тамшы тамбай қуаңшылық басталыпты. Еккен егіні қурап кететін болғанда момын патша жарлық шашады. Кімде кім егінге су шығарып берсе соған не тілегенін беремін деп жар салады. Ешкім шықпайды. Мыңғырған мал беремін дейді. Ешкім шықпайды. Күн десе көзі бар, ай десе ауызы бар ару қызымды беремін дейді. Осы кезде баяғы Шәміл батыр мен бармын деп, топ алдына шығады.
Патша елдің алдында уәдем уәде, тек мына егінді апаттан құтқар дейді. Шымыр Шәміл бірден іске кіріседі. Айлапат күрегін жерге шірей қадап жіберіп әуіп деп көтеріп қалады. Бір салғанда ойдай жерді көтеріп ұрып канал қаза жөнеледі. Батырдың білек күшіне шыдамай күрегінің тораңғы сабы шарт сынады. Оны жерге шанши сала екінші күрегіне жармасады. Ол да біраздан кейін морт ете түседі. Мұны да шанши сала келесісін алады. Қазған ізі сайрап, дарияны артынан ілестіріп Шәміл батыр қурағалы тұрған егінге қарай арна қаза береді, қаза береді. Баяғы бес күрегінің сабы шаншылған жерге кейің бес тораңғы тоғай өскен екен дейді.
Әлқисса, Шәміл Батыр бел жазбай жер қазып, дарияның суын сүйреп егінге жеткізіпті. Сүмектеп аққан терін сүртіп, егінді суға тойғызып, кетпенін иығына салып патшаға жолыққалы келсе, ол көшіп кеткен екен дейді. Шаңы шыққан орнын сипап қалыпты. Мидай жазық далада ештеңе көрінбеген соң күрегін ала салып жер қопарып, үйіп, төбесіне шығып қырайды, жоқ! Тағы бірнеше жер жүріп тағы қолдан төбе жасап қарайды, жоқ! Осылайша Шәміл батыр төрт төбе тұрғызған екен. Бесіншісінің төбесіне мінгенде барып патша тіккен сарайының төбесі мұнартыпты. Сол Шәміл үйген төбелер қазір Оқсыз, Бұзық, Ақтөбе, Көкмардан Бұқарасқан атанып ел төбесінен қарауыл қарауға әлі тұрған көрнеді. Шәміл батыр салып ұрып патша сарайына жетіп келіпті.
Сөйтсе, Момын патшаға уәзірлері «ойбай, ол баяғыда көрші ханның басын бір соққанда мойнын ішіне кіргізіп жеңген. Сені де бір күні сүйтіп көзіңді құрта салар. Сөйтер де орныңа өзі патша болар» деп қорқытыпты. Салмай көшуден мезі болған қызы Дүр бір күні әкесінен «неге сонша тоқтаусыз көше беруінің мәнісін сұрамай ма. Сосын сұлу жыламай ма: «Әкем-ау, екі сөйлегенің патша басыңа лайық па? Шәміл батыр сертіне жетіп, егінде қурап кетуден аман алып қалыпты. Еліңді аштықтан аман алып қалыпты. Сен де сертіңде тұр. Мені батырға қос. Қасқыр да қастық қылмас жолдасына деген бар ғой. Егер батырдың бөтен пиғылы болса мен-ақ жауапты болайын», – депті.
Патша есін жиып, үрейін басып, қызын той жасап ұзатыпты. Жастарға қасынан бөлек отау көтеріпті. Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап шаршаған жастар ұйқыға кірісіпті. Бір кезде қасындағы жарының денесі суығанын сезген Дүр ханшайым көрпесін ашып қараса, Шәмілдің жауырынында пышақ қадалып тұр дейді. Дүрдің шошына шыңғырғанын естіп жеткен есік бағушы кемпірдің көргені: Дүр Шәмілдің жауырынындағы пышақты суырып алып, өзінің жүрегіне бойлата сұғыпты.
Ел батырынан бір айырылып, ақылды аруынан екі айырылып зар еңірепті. Батырға қастандық жасалынған жерді ел кейін Пышақты деп атап кетіпті. Екі ардақтысын құшағын жазбай бірге жерлеген соң ел сол жерді Шәміл мен Дүрдің жатқан жері деп атап кетіпті. Шәміл-Дүр деп атай-атай жүріп сол мекен Шәуілдір атаныпты. Екі ғашықтың құшақтасып бір молада тыным алған жері кейін қазақ даласына не түрлі өнер жампоздарын сыйлаған екен дейді кәрі тарих.