Мынау желдей жүйткіп жатқан уақыт деген әміршінің билік айтпайтын жері жоқ. Соның ішінде ен даланың еркін өскен перзенті – қазақтың маңдайына әу бастан бақ боп қонған киелі сөз өнеріне де өз әмірін жүргізуде. Олай дейтін себебіміз, қазіргі поэзия – жылауық, зарлауық, күйреуік поэзияға айналып бара жатыр. Бағымызға қарай, бұл процестің жедел өтпеуіне ат салысып жүрген, ауыздықпен алысқан асау да арынды ақындарымыз бар. Соның бірі де бірегейі – Байыт Қабанұлы. Сонау асқақ Алтайдың асқар шыңдарының баурайында дүниеге келген, балалық бал дәурені, бозбалалық кезеңі биік армандарға қол создырған оның жырлары бүгінгі күннің өңмендеген пендешілігіне, лауазым мен атаққа құл болған жағымпаздығына, байлықты мұрат тұтқан пасық қарынбайлыққа пысқырып та қарамайды! Даланың еркіндік пен азаттықты көксеген арда перзенті он сегіз мың ғаламды өз дауысымен тітіренте оятқандай!
«Мен - қазақпын» деген өлеңіндегі ақын жүрегіндегі қайнап жатқан шабыт оты мен дауылды жырдан аспан асты, жер үсті бір сілкінген іспетті. Иә, бүгінгідей, даламыздың жанары қанталап, өзен- тамырлары суалған, теңіздің түбінен ақ тұз көтеріліп, қазаққа қасірет пен қайғы сыйлаған заманда отты сөзімен ой салып, жалынды жырмен рух берген дара туған дарынды ақынның қаламының ұшынан төгілген жаратқанның мейірімі мен шапағатын танығандай боларымыз да ақиқат. Қазіргі таңда өлеңді нәсіп деп танып, кәсіпке айналдырған ақынсымақтар көбейген тұста, өлең арқылы күректеп ақша табуды емес, жүрекке жетуді көздеген ақын мұратының биіктігі ұйықтауға бет алған рухымызды сілкілеп жатыр! Данышпан Гегель поэзияны «өнердің тәжі» деген болатын. Және ол: «Поэзия- шығармашылық емес, шынайы сезімнің ішкі рухани әлем аясындағы әрекеті», - деп өлеңнің психологиялық мәні мен мағынасын философиялық тұрғыдан бағалаған. Ал, ұлы сыншы В. Г. Белинский болса, «поэзия-өнердің жоғарғы тегі» деген еді. Поэзияны үш түрге бөлген ол, соның ішінде лирикалық поэзияны «ішкі сезім, шарқ ұрған сезгіш ой аясында қалады» деп түсінік береді. Қазіргі қазақтың лирикалық поэзиясындағы ізденістер мен жетістіктерді сөз еткенде, алдымен тіл мен бейнелілік мәселесіне назар аударарымыз айқын. Поэтикалық ойлау жүйесіндегі қалыптасқан дәстүрлі суреттемелердің жаңа, соны көркемдікпен байып отыруы жекелеген аындардың шығармашылығындағы ізденістермен тікелей байланысты. Қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Байыт Қабанұлы шығармашылығы туралы айтқанда, алдымен тіл ерекшелігі мен көркемдік құралдарды пайдалану тәсілінің өзгешелігіне көңіл бөлгеніміз дұрыс. Ақын қазақтың қазақтығы қанға сіңген қасиеттер арқылы болашаққа сапар шегетінін өз өлеңінде былай көрсетеді:
Мен қазақпын қазақ деген қасиетті қалың елдің
ақыны боп жаралдым,
Ұлы Абай, ер Махамбет,
мұңлы Мұқағалилардан нәр алдым.
Аспан көкті иықтаған Бестәңірдің дауылына өртеніп,
Қыран тағдыр иесі боп Тастүлектей тарандым...
Шындығында да, сонау жыраулар поэзиясының тұнығынан нәр алып, халқымыздың ауыз әдебиетімен сусындап, ақындықтың уызына жарып өскен ақын ұлы Абай, ер Махамбет, мұңды Мұқағалидан нәр алғанын жасырмайды. Қайта оны мақтаныш етеді. Қазақтың тағдырын қыран тағдырымен таластыра суреттейді. Бұл жолдардан ұлтымызға тән, өзімізге жете таныс сурет көрінеді. «Аспан көкті иықтаған Бестәңірдің дауылына өртеніп»,- бұл биіктік, асқақтық деген ұғым болса, сол биіктікті мекен еткен арман иесі – қазаққа өте сәтті теңеу табылған: «Қыран тағдыр иесі боп, Тастүлектей тарандым...» Биіктіктің қыранға қатысын да тың сурет, бейнелі сөзбен кестелеген. Биіктікті көксеген ұлт мұратының қырандай самғауын армандау арқылы тұтас бір ұлтқа мінездеме берген. Яғни, қазақ халқына тән асқақ арман, ар – намыс ұшқыны жүрекке жалын ойнатып, рухты оятып кетпей ме?!
Мен қазақпын әлмисақтан қазақ деген атым бар,
Талғамы бар адам болса
тәтті жырды ағызамын таңдайға сап татыңдар.
Қазақ деген ұлы елімнің қуанышын, қайғысын,
Барша әлемге бүтінімен жеткізбесем
ақын болып не қыламын, атыңдар,- деген жолдардан өнердің ілхам ұлының жан сарайы айқара ашылып көрінеді. Иә, елдің өткені мен бүгінін салыстыра отырып, болашаққа көз тіккен ақынның өз басын сол жолға тігуі – кез – келгеннің қолынан келмейтін қасиет. «Ақын қашан да әлемге әр түрлі қатынас жасағысы келеді және оны әр түрлі қабылдайды, өзі құлақ түрген дауыстарға еліктейді»,- деген А. Блоктың пікірі ақындықтың тылсымға толы табиғатын жете түйсінгеннен туындағаны анық. Байыт өз халқымен, туған жерімен біте қайнасып кеткен. Өзін туған жерінен, туған табиғаттан бөліп ала алмайды. Өйткені, ол самал желмен үндесіп, боз жусанмен бірге өскен ақын. Содан да болар, одан таулардың биіктігі, тау баурайындағы қарағайлардың қайсарлығы, жайлаудағы жасыл шалғынның иісі аңқып тұрады. Мәселен, «Бессалам далам» деген өлеңінде:
Бессалам далам тас далам
Қалаған тастан хас қалам
Жасымнан өскен бас панам
Өзгеден артық астанам.
Бессалам далам тас далам
Төгіліп жатқан асқақ ән...
Өмірді сенде бастағам
Өлгенде сені жастанам,- деп туған жеріне деген өшпес, өлмес махаббатын паш етеді. Ақын үшін Бессала – алаңсыз балалықтың, асқақ арманның, кіршіксіз тазалықтың мекені. Ақын сол бір мекеннің тыныс-тіршілігін, онда ғұмыр кешіп жатқан ауылдастар тағдырын күллі поэзиясының өзегі етіп алған деуге де болады. Асқақ романтика, азаматтық сарын – Байыт поэзиясының түп қазығы. Оның өзіндік ойы, өзіне ғана тән қолтаңбасы да бар. Бұл қайталанбас үлгі! Поэзиядағы романтикалық сарынды философиялық тұжырыммен астастырған Байыт өмір туралы да толғанбай тұра алмайды. Ол өмірді кесіндіге теңейді. Өте тың теңеу.
Өмір деген немене сірә
ұзыннан алған кесінді,
Осы қысқа кесінді жолда
өздерін кімдер өсірді.
Қаңылтақ жандар
қалдыра алмай артына сара еш үлгі,
Кесінді жолды кеше алмай тірі кесілді, - деп, өмірде соңына адамгершілікпен сара із қалдырмаған жаны таяз, санасы саяз жандарды «қаңылтақ» деп бейнелейді. Адамдықтың ақ туын желбіретудің орнына, қаңылтырдай қаңғалақтаған жандардың рухани мешеулігін «тірі кесілді» деген жолдар арқылы өрнектеген.
Көсеммін деген көр көкіректер
көлге де жүзіп үлгерді,
Есермін деген ер жетімектер
елге сусын боп күн көрді.
Ал маған Алла арқама жүк қып
ТІЛ берді,
Жетектеп келем жалынды жасын күндерді,- тәкаппарсып кеудесін соққандардың, деміне нан пісірген кеудемсоқтардың типін ақын «көсеммін деген көркөкіректер» деп , өзіндік стильмен, өзгеше көріктеу құралымен көрсетеді. Ел үстінен күн көрген, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретіндерді «елге сусын боп күн көрді», деп, жеріне жеткізе айтады ақын. Ақындықтың Алладан келетін дара қасиет, Алла арқылы арқаға жүктелген киелі міндет екенін: «Ал, маған Алла арқама жүк қып тіл берді, Жетектеп келем жалынды, жасын күндерді» деген айшықты өрнекпен нақыштаған. Ақындық жолдың қызығынан қиыны мол. Жүрекке жүк артып, күрсін күндердің көз жасын сүрткен ақындық тағдырдың оңай еместігін адамдардан көрген жақсылығы мен жамандығы, өмір жолының бұралаңы мол, соқтықпалы, соқпақсыз (Абай) екендігін өксік толы өлеңмен айтады жұртына. Бірақ, соншама қиындықты көріп, қабырғасы қайысқан ақын күйремейді, қайта алға ұмтылып, рухын биіктетеді, намысын өзі өскен Алтайдың Тәкаппар шыңдарына жаниды.
Жалғанда мына кім өмір сүріп өтпес кім,
Мен де өмір сүрдім
құшаққа алды, пышақ та салды тектестім.
Жастасаң жаста,
тастасаң таста адамдар сенің еркіңде,
Төрге алып шыққан өлең сөзімді
көрге алып бірге кетпеспін,- деген жолдардан ақынның қиын тағдыры көрінеді. «Заманға жаман күйлейді, замана оны илейді», -дейді ұлы Абай. Міне, осы ойды Байыт өлеңдерінің лирикалық кейіпкері де айтады. Бірақ, Байытша, Байыттың қолтаңбасы, Байыт жүрегімен тіл қатады өлең. Жүрегі жанып сүйген қандастарынан көрген тепкіні елең де қылмайды, кектенбейді де...Нарық артқан жүктен иіні салбыраған, көйлегі емес, көңілі тозған замандастарының жігерін жанып, асқақ арман мен биік намысқа үндейді. Өлеңдегі мінез деген де-осы! Төрге шығарған өлеңін көрге бірге алып кетпейтінін асқақ тұрып айтқан ақын өлім дегеннен де қорықпайды. Ол ерді-намыс, қоянды –қамыс өлтірер деген халық даналығын бойына жастайынан сіңіріп өскен. Шалкиіз жырауша айтқанда «тепсінісіп келетін» кескекті ердің сойынан. Жастарға осындай жігерлі, намысқа үндейтін, рухты биіктететін өлең ауадай қажет. Қазіргі кейбір ақын жігіттер жазғандай «Менің жылағаным жетер, сен жылама» деп егілмейді Байыт. Күйреуік сезім оған жат.
Бір танысым үйіме кеп жақын тартып өзімді,
Туыстарын жамандады өз ойымен бағалап.
Мен де оған қоспақ едім сөзімді,
Жігіттігім
жеңілдікке жібермеді қамалап, -нағыз ердің мінезі емес пе?! Қазіргі мінезіміз де, ойымыз да ұсақталып бара жатқан қоғамда қажет мінез. Ірілік келбет. Әйелдерше сыпсыңдап, басы қосылса, біреуді өсектей жөнелетін мінезден ада ақынның лирикалық кейіпкері де Алтайдың шыңдарындай тәкаппар, асқақ.
Барған едім көрші таныс ауылға,
Жас келіншек қойынын ашты еркелеп.
Құшаққа алып баспақ едім бауырға,
Ар-ұятым қозғалтпады желкелеп,-бүгінгідей, бес күндік жалған дүниенің қызықтарына тұсалып, әлеміштенген жылтырағына алданып жүрген өзге замандастарына қарағанда Байыттың сөзі кесек, қылыштай өткір. Ақын тұтас бір ұлттың сөзін сөйлейтін абызы деп қарайтын болсақ, Байыт поэзиясынан алар ғибратты өнеге мол. Ал, ақын өз заманы мен қоғамының үні дейтін болсақ та, Байыт өзі өмір сүріп отырған қоғамның былық-шылығын әшкерелеп, жиренуге үндейді. Кісілік пен кішілік, парасат пен мейірім, асқақ рух пен намыс Байыт өлеңдерінің өзегі боп өрілгені осыдан көрініп тұр.
Тырнағыма татымайтын
дәлдір, шапыр әңгүдік,
Балағыма жармасып ап кесе берді жолымды.
Ұрып жығып кетпек едім
аузы-мұрнын қан қылып,
Адамдығым ұстап алып
жібермеді қолымды,- жаманмен жаман болып, ілінісіп жүруден гөрі, тұтастыққа, бірлікке шақыратын сөздер емес пе? Ақын шынайы өмірде адамшылығы жоғары нағыз қазақ. Тұма табиғаттың төл туындысы іспеттес, Алтай ақындарының өлеңдері нағыз қазақы жанымен тәнті ететінін мойындаған жөн. Тезек түтінінің иісі бұрқыраған қазақы ауыл, сол ауылдағы абыздар мен кейуаналар бейнесі де менмұндалап тұрады өлеңнің өн бойынан.
Қараңғының ортасында қараңғы боп өтер ек,
Көлеңкені қуа берді өлең деген жарығым.
Біреулерше жаман өлең жазар едім не керек,
Жасықтыққа жібермеді
бойымдағы дарыным,- өзі айтқандай, көлеңкені қуған өлең-жарықты нысана қылған ақынның да жырлары сәулелі, өміршең. Бір мақалада дариядай тасыған Байыт Қабанұлы поэзиясын терең қамти алмайтынымыз шындық. Алайда, дариядан қасықтап болса да алып, сол бір албырт жүректі, сәби мінезді, ары асқақ, намысы биік нағыз қазақы өлеңге пікір айтуды борышымыз деп білгеніміз рас. Ал, алдағы уақытта зерттеу нысанына айналдыру-уақыттың ісі.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА, Республикалық "Сарайшық" әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журналы