1963 жылы 10 мамырда ҚХР, ШҰАР, Баркөл Қазақ автономиялы ауданына қарасты Ботамойын қыстаулығында туған. Шиынжияң университеті филология факультетін тәмамдаған. Қазақ әдебиеті маманы. Баркөл педагогика мектебінде оқытушы, «Құмыл алқабы» журналының бас редакторы, «Шұғыла» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. Қытай жазушылар қоғамының мүшесі, Шиынжияң жазушылар қоғамының жорасы, Шиынжияң мерзімді журналдар қоғамының орынбасар бас хатшысы.
«Құлан ғұмыр», «Құралайдың салқыны», «Сексеуілдің шоғы», «Қоңыр адыр» атты жыр кітаптары және отызға жуық әңгіме-хикаяттары, отыздан аса ғылыми зеріттеу мақалалары жарияланған. Қырғыз халқының дүниеге әйгілі «Манас» дастанының төрт томын қазақшаластырған.
Өлеңдері қытай елінде бірнеше рет сыйлықтарға ие болған, Қазақстанда өткен халқаралық жыр мұшайрасында екінші дәрежелі дипломмен марапатталған .
БАЯН ДАЛА
Көркіңе сенің көз тойдыра алмай,
Кетем-ау, сірә, жомарт бір дала.
Жырларым менің
боз торғайларыңдай,
Боз жусан түбіне жұмыртқалаған.
Жыр еткен мынау жүректен қалай,
Естілмей кетсін жаңғырған лебің?!
Жауғасын көңіл дүр еткен талай,
Сіберлеп өткен жаңбырдан кейін.
Торғайлы таңмен шырылдап атқан,
Боялып нұрмен оянғам баяу.
Шай көңіл ащы шылым ғып тартқам,
Құмалағымен қоянның анау.
Шуағың қандай жүзіңді жуған,
Қыраның анау шүйілген көктен.
Қымыздық теріп, қызыңды қуған,
Шіркін-ай, шіркін, шырынды көктем.
Кейуана шағың кетпейді естен,
Бебеулеп тұрған бейне бір өлең.
Бетегең болып беткейде өскен,
Бедерлеп сызсам бейнеңді деп ем.
Ерлік күйіңе қанатын едім,
Ерінбей айтар ертегін құптап.
Қара шалдардың қалатын едім,
Қара тонының етегіне ұйықтап.
Тотыдай тоқсан толғайын, елім,
Баяныңды ұзақ ашына, налып.
Тобылғыңнан ұшқан торғайың едім,
Қонайын қайта басыңа барып.
Бәй тігіп басын Бәйтігің үшін,
Қаптығың үшін қан кешкен ерің.
Қара жер білер қайғының күшін,
Еңіреп сенде сан көшкен елім.
Сиынам, дала, сырыңды ақтарып,
Жасырма менен шыныңды бүйтіп.
Шыбын жан ұшқан шырылдап барып,
Ұстаған беті шиіңді бір түп.
Бөрілер тұрар қыраттан ұлып,
Шұбырып өтер мұң-мұнар керуен.
Үрейлі дауыс құлаққа ұрып,
Қанының исі мұрыныңа келер.
Туса да қандай қайғылы күндер,
Жауына басын имеген елі.
Бейуаздың талай қанымен
кімдер
Топырағыңды илеген еді.
Қадаған Тәңірі жер кеудесіне,
Дала тұмары - тұғыр төбем-ай.
Тентіреп жүріп терген несібе,
Кешкен елім-ай, ғұмыр толағай.
Дала тағдырына тартып-ақ өскен,
Ашқылтым, кермек боз жусаныңдай-
Тарғалаң күннің тарпы ма өшкен,
Бір елес келер көз жұмсам ұдай.
Шақырып алып жыр құмар досын,
Тыңдайтын қисса шаршадым демей ـ
Кісінесе егер жылқылар тосын,
Елеңдеуші едің шалдарым егей.
Сүрі қарыңды тұяқпен аршып,
Жылқыларыңдай жусап бір жеген...
Арманым бар ма жүрекпен ғашық,
Дала, төсіңді жусам жырменен.
Баян далам-ай, көзің едім - мен,
Айтылып болмаған сөзің едім - мен .
Бойымнан ғашық сезім төгілген,
Баян далам-ай, қозың едім - мен.
БОЗТОРҒАЙ - ЖҮРЕК
Боз бала шақтың ізі анау,
Боз жорға мініп сабылған.
Құбыла жақтан қыз-алау,
Қадайды көзін сағынған.
Бидайық шидің басына,
Қона қап еппен жеп-жеңіл.
Боз торғай құсым, асыға,
Шырылдаушы едің шер көңіл.
Кішкене құспен арада,
Жақындық әлде бар шығар?
Оңаша жатқан далада,
Ой - көзіңді әбден аршып ал.
Бозала төсте саз көмей,
Боз торғаймен тел өскен,
Боздала сенің мәз-мерей,
Боз балаң, сірә, емес пе ем?!
Айнала ұшып төбемде,
Сайраушы едің жыр толғай.
Құлағым түріп төменде,
Тыңдаушы едім бір талмай.
Тоғысқан дәйім қос үміт,
Өзектес өмірбаяның.
Екеуіміз ылғи қосылып,
Шырқаушы ек бірге дала әнін.
Кеудеме қонып әуенің,
Әуелеп ұшқан жүрегім,
Жалғасып жатқан әдемі үн,
Жүрегімменен жұп едің.
Той болып күнде тарасып,
Ду еді жатқан мына әлем...
Аттанар кезде адасып,
Артымда қалдың мың әуен.
Бейүнге елтпей жасанды,
Жабығып әлде барам ба ?
Сенімен бірге жасауды,
Жазған ба тағдыр маған да?!
Түсіме кіріп кей түні,
Кеудеме қонып аласың.
Жалғайды ғажап ой тілі,
Жаным мен Дала арасын.
Барыңды, дала, арнаған,
Перезентің түгел адал ма?
Мені де талай арбаған,
Кіндіктес мынау адам да.
Шырылдап жүрген жұмыр ет,
Даланың шыбын жанындай.
Сендегі ұлы құдырет,
Маған да қонған жаңылмай.
Опасыздар да түбінде,
Тыңдайды бізден тағылым.
Торғай мен менің тілімде-
Ел мен жер сенің тағдырың.
Қуансаң дала көз тоймай,
Жұбансаң бірге жүдедім .
Жүрегім менің - боз торғай,
Боз торғай - менің Жүрегім.
БАТЫР ТОЛҒАҒЫ
Қайран дала, жататын жырға айналып,
Қайда ғана қор болды «жын» байланып.
Қанатымен тілгілеп мұң-тұманды,
Бір қыран құс аспанда жүрді айналып.
Естімейсің бұрынғы тұнық әнді,
Күн қабағын бір ашпай тұрып алды.
Бір сұмдықты сезгендей шың басында,
Тітіретті бір көкжал ұлып маңды...
Күзетшідей тек өзі қыр-далаға,
Жатқан анау бекініп бір дараға.
Тұрды орнынан хас батыр елең етіп,
Жанын байлап елі үшін бір ғана арға.
Табиғат та бірлесіп ала ма өшін,
Сілкіледі ақ боран қара қосын.
Қара ішігін жамыла хас батырың,
Садағына ілулі қарады осы.
Қара тұлпар белдеуде кісінеді,
Кісінесін, білмейтін кісі ме еді?!
Қара нөпір қалың қол түсіне енген,
Сәт туғандай сынайтын күшін елі.
Алаулады өн-бойын жалын кернеп,
Бір дауыл күй сұрапыл жанын тербеп.
Көкірегінде атойлап асау арман,
Аласұрды бойында жауынгер кек.
Қар астында бұйығып қормал далаң,
Бір үрейге тұншыққан қорған да алаң.
Аппақ қардың үстінде қап-қара боп,
Бара жатыр қара бу қорбаңдаған.
О, заман-ай, заман-ай, бұлтақтаған,
Көкжал мінез далаға мін таппаған.
Ақ адырдан алыстан ауылының,
Көрінеді түтіні будақтаған.
Көкжал үнін ақ боран ала қашып,
Жеткізеді ұрандай далаға ашық.
Сілкіндірді тау-тасты, құз-қияны,
Тұлпар дауысы, бөрі үні араласып.
Аруағына бабаның мол дұға қып,
Көкжал рухы билеген ол бір алып.
Томағасын сыпырған дәу бүркіттей,
Тұлпарының үстіне қонды барып.
Шың басында атойлап ізгі арманы,
Қабағына шор-шор боп мұз қатады.
Ақ бораны - алдырмас алдаспандай,
Ұқсап тұр өзі ғажап құзға айбарлы.
ҚОЗЫ КӨҢІЛ
Бөгендінің бойында,
Бақалының басында,
Өшпей қалған ойымда,
Басқан ізім барсың ба?
Бала-дуға қосылған,
Қозы-лағы жамырап,
Басталатын тосыннан,
Оркестрлі жаңа ырғақ.
Батар күннің арайы,
Бар өңірді әрлейтін,
Малшы ауылдың маңайы,
Өз-өзінен әндейтін.
Қыр отының иісі,
Қой аузынан бұрқырап.
Мәз болатын үй- іші,
Тірлігіне нұр құлап.
Біткендей-ақ бір ісі,
Маздата отын жағатын.
Ірімшіктің иісі,
Мұрыныңды жаратын.
Ойламайтын бір бойлап,
Жатқанымен дала ұйып.
Қозы-лақпен бірге ойнап,
Кетуші едік дал ұрып.
Балалардың есті анау,
Міндеті бар баста айқын.
Сөне бере кешкі алау,
Қозы бөле бастайтын.
Қойыны ду қойлы аймақ,
(Сөнсе күннің шапағы) .
Көрші ауыл да гөй-гөйлеп,
Белгі беріп жатады.
Өзім ғана білемін,
Менің халім басқаша?
Тулайтын -ды жүрегім,
Қозы бөле бастаса.
Сездіретін бір күйді,
Көрші ауылда бір қыз бар.
Бізді көрсе бір түрлі,
Жымыңдайтын жұлдыздар.
Гүлдейсің-ау, бір көріп,
Қымсынатын қыз деуге.
Апасымен бірге еріп,
Қыдыратын біздерге.
Бүлдіршіндей бұла қыз,
Мені жұмбақ арбайтын.
Әзілдеуге бір ауыз,
Тілім құрғыр бармайтын.
Сөз құраймын әдемі,
Тағат тапай еш жаным.
Қозы айдаймын әдейі,
Көруге оны кеш сайын.
Кезігеміз кезеңнен,
Қозыларды алмасып,
Қыз көңілін сезем мен,
Айта алмаймын, ал, ашып.
Елігетін елік қыз,
Құпиялау өзгеден.
Сөйлесетін едік быз,
Сөзбен емес, көзбенен.
ـ Келесің бе, ертең?ـ деп
Бала тілмен сұрайтын.
Айта алмаймын, «еркем» деп,
Бірақ, қызға ол айқын.
Қолын бұлғап ұзамай,
Бір ишарат ететін.
Қызыл көйлек қыздар-ай,
Түнге сіңіп кететін.
Тербеуінде сол күйдің,
Мұң шағамын түнге үнсіз,
Төбесінде сол үйдің
Жарқырайды бір жұлдыз.
Қозылары біздегі,
Маңыраса түндерде-
Шарпығандай қыз демі,
Дүрсілдейтін бұл кеуде...
КҮН ҚЫЗАРЫП БАТҚАНДА
Белгісіндей ізгі ардың,
Қызыл арай жүгірген.
Сені ұнатқан қыздарды,
Еске ап, түнге үңілгем-
Түседі еске нұр жүзі,
Күн қызарып батқанда.
Тимеген еш өзге ерін,
Өзіңе арнап күй-демін,
Қадап іңкәр көздерін,
Шымылдыққа сүйгенің
Кіріп бара жатқандай
Күн қызарып батқанда.
Көңіліңде алаң бар,
Жер шарына ақ маңдай-
Бір иығын адамдар
Қанға бояп жатқандай-
Күн қызарып батқанда.
Күнә, ғайбат... Қазаның,.
Көрер бәрін күн анық.
Таңнан, соған қарағым,
Сенен бетер ұялып,
Кететіндей қарамай,
Қысыласың қарадай
Күн қызарып батқанда.
Нұр төгем деп бар жанға,
Нұр төгем деп бәріне,
Кірпік ілмей бар маңға,
Шаршаған-ау, шар дене,
Талауырар нұр жүзі,
Күн қызарып батқанда.
Бұлтсыз, ашық, сау кеші,
Төгер соңғы нұр қайда?
Тіршіліктің әуресі,
Қоза түсер мұндайда,
Күн көз ілсе, сәулесі ــ
Түсер бәлкім түнде айға...
Десек-тағы қимаймыз,
Күн қызарып батқанда.
Түнде өзіңді мазала,
Дей ме оңаша жазала ــ
Көзін соңғы қадайды,
Ертеңгіңді таза ауа,
Күтіп ал деп арайлы
Күн қызарып батқанда.
Жүрегіңмен жылауық,
Ұмтыласың ақ таңға.
Толғанасың бір ауық,
Таяп келе жатқандай,
Ғұмыр күнің батқанға,
Күн қызарып батқанда.
ЖЫЛКЫ-ӨМІР
НЕМЕСЕ ӘКЕМ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ
Далаға ақ тон киіп мынау жатқан,
Жанымен, жалынымен алау жаққан,
Тұрады бір жас жігіт жылқы көздеп,
Қыратта қас-самайын қырау жапқан.
Жылқылар кете ме деп боранда ықтап,
Тәуліктеп тынықпаған оңай ма ұйықтап?
Басында қызыл күрең түлкі тымақ.
Киінген қасқыр ішік орай мықтап.
Шошынған темір тұяқ түліктен құр,
Ақ жорға- ақ құйрық аң үріккен бір.
Кер айғыр күпі жалын күдірейтіп,
Үйірін ықтасынға іріктеп жүр.
Құрулап өткен талай құру - жалған,
Сақтаған жануар-ай, бұрын жаудан!
Тұяқпен теуіп жеген боз жусанын,
Келеді қымыз иісі мұрын жарған.
Ұлыған бөрі үнімен араласып,
Ақ жорға анау дөңнен барады асып.
Қыратта қырағы көз бәрін көріп,
Тұр жігіт тұлпар - ойын далаға ашып.
Үздіккен түн келе ме алыстардан,
Сағынды ол ауыл жағын алыс қалған.
Іздеді бір әуенді таныс бұрын,
Боранмен жаңғырыққан дауыстардан.
Жабағы тай ақ жабу бар ма ораған,
Көрінбейді қарыс жер қар бораған?!
Ұмытып өзін мүлде құраулап жұр,
Өз даусын өзі естімей маң даладан.
Бір кетсе жылқы отарға, әй, кетеді,
Көңілін ауылының жайлы етеді
Жел қанат жылқымен бір күн кешеді,
Бөктеріп малта, талқан, шай кесені.
Батпандап артқан оған жүгін елі,
Жүрегі соған ғана жүгінеді.
Аяғын тебінсе де аяз-ызғар,
Шымырлап табанына жүгіреді .
Қара отты мешін таудың жал – қыраты,
Жігіттің үміт отын жандырады.
Ыстық та ұрттамаған тәулік бойы,
Жылытар тек қана оны жан мұраты.
Береді шалғай отар қол ұшын кім?
Белгілер бебеулеткен қонысын күн .
Өтті екен қанша түндер ақ бұрқақтап,
Жантайған шешпей-ақ тон-ішігін.
Жар, бала... Артта қалған шіркін, өңір, .
Ақ дауыл бұзған талай шырқын өмір.
Осылай өте шықты-ау, ат үстінде,
Дариға-ай, жігіт өмір, жылқы көңіл .
Жігітті сынаған-ау сонда ауылы,
Өмірлік күрестерге сомдап ұлы.
Соқса да уақыттың сом дауылы,
Көтерер сары атандай сандал ұлы.
Дауылдай борадарға басылмаған,
Желөкпе жемірлерге бас ұрмаған.
Ақ туы адамдықтың жығылмастан,
Желбіреп тұрды білем басында аман.
Әлде кім кір іздеген ақ жанынан,
Күндерде жол мұнартып, бақ жаңылған-
Тағдыры жылқымен бір жазылған ба,
Бір қолы айырылмаған ат жалынан?!
Күндерде қиын-қиын қысқан не бір,
Майырылды-ау, қанатынан ұшқан көңіл.
Жүргенде жағаласып ат жалымен,
Сары шалға айналдырды-ау, мыстан өмір.
Өмірде сан шираған, сан үгіліп,
Сонда да жетелеген сағым –үміт .
Барады сары шалың сары далада,
Сары бауыр жорғасымен салып ұрып.
Жемісін тірлігінің қоса ұрлаған,
Қадірі сезіледі тосын маған.
Қанша қара жарыста қара үзгенмен,
Бәйгеге бір шешіліп қосылмаған.
Қалғанда қой торылар қолда кілең,
Қарттықты мойындадың зорға білем.
Кісіней ме, далаға елеңдейсің,
Баяғы ақбоз ат пен жорға күрең?!
Тұқымын қара көктің жиып ерен,
Жүргенін жылқы отарда жиі көрем.
Көбейіп сырқаты да осы күні,
Соғуы жүрегінің жиілеген.
Қонғанмен әрбір жаққа қанша барып,
Шуағын әкем әлі шашады анық.
«Демалыңыз» дегенмен осы күні,
Демалуға жағдайын жасамадық.
Әке болған бір үлкен кісідейін,
Жүрсек те жүректе бар кішірейгің.
Жаным қатты қиналған шақтарымда,
Әкем жаққа құлындай кісінеймін.
Әкем- том үлгірмеген оқып әлі,
Бізге арнап бар дұғасы оқылады.
Кереге жайып бөлек кетсек- тағы,
Алаңдап әлі бізге отырады.
Құл көңіл жатқанымен кеудемізде,
Бейтүсінік бар ма екен бейнемізде.
Бір ауылға сөзі өткен карияның,
Сөзі өтпейді, япыр-ау, кейде бізге.
Ұрпағым көштен кейін қалмасын деп,
Қанаты биікке ұшқан талмасын деп.
Беймезгіл қалған шығар әкем менің,
Жұрт қамын ойлап-ойлап қан басым боп.
Жылқы мен жауға шапқан, топқа кірген,
Тұрмайды-ау, қазақ жылқы жоқта мүлдем.
Жетпістен асса-дағы әкем менің,
Қолынан тастамайды ноқта-жүген...
СЕКСЕУІЛДІҢ ШОҒЫ
Қыбыр-қыбыр құм бетін,
Қуырады күн жетім.
Қыдырады мың әуен,
Құбылады мына әлем.
Сыйлаған-ау кер тағдыр,
Кесірткісі кер тарғыл.
Жорғалайды жорға құм,
Қорғалайды жолда мұң.
Күш қыла ма қу өмір ,
Ысқырады құм әңір.
Бөрі текті бір үміт,
Құм ішінде жүр ұлып.
Біле ме екен құм тілін?
Жарып шыққан құм түбін -
Сексеуілдер сергек бір,
Семсер қолын сермеп тұр.
Жағаласып жау - боран,
Жауындарда жаумаған,
Сімірмеген таң нұрын,
Жел мүжиді тамырын.
Құбылаға жол алған,
Құмға сіңіп жоғалған.
Түн тағдыры секілді,
Үн шығады не түрлі?
Туын тіккен ел жердің,
Рухынан ерелердің-
Өніп шыққан өнеге,
Оңайлықпен өле ме?
Замандарда суалған,
Алмаспенен суарған-
Зуылдаған жебесі,
Келіп түскен жер осы.
Құм қойыны жасырған,
Сол жебенің басынан.
Егей сыр боп ертеңге,
Өніп шыққан өркен бе?
Сарқытындай Сақтардың,
Сағанағын сақтар құм.
Ескі жұртың орнына,
Көтерілген мол мұрам.
Қара құмнан қайғы өшкен,
Қайырылып қайта өскен -
Жасауылдың ақ қайнар,
Қазығы ма ат байлар?!
Пана боп құс-аңына,
Маңғаз қарап маңына.
Түйе-түйе, түйедей,
Сексеуілдер тұр егей.
Жайқын құмда көсілген,
Үйсіндердің көшінен.
Бір үзігі, сірә, анау,
Қалып қойған шығар-ау.
Қажеті үшін ел- жердің,
Сүйегі де ерлердің.
Ерлік рухы өшкенде,
Қайта көктеп өскен бе?
Жапқан жердің шөл- құмын,
Шор-шор буын, шор буын-
Сексеуілдің бойында,
Қайсарлық бар, мойында!
Құшақтасып құмменен ,
Пышақтасып құмменен,
Борандарға бой бермей ,
Жояндарға жол бермей ,
Ғұмыр кешіп бірге ақыр,
Сексеуілдер тұр батыр...
Асыраған ұлы құм,
Аңшы Қазақ ұлымын,
Жырау сарын жүр аунап,
Аң ауламай, жыр аулап...
Сыбырлайтын сырын құм,
Қыбырлайтын құйын мұң.
Сол сексеуіл түбінде,
Құлақ түргем үніңе.
Құлақтанып күн батар,
Жортуылшы түн қатар.
Өлеусіреп жұлдыздар,
Күшейетін түнгі ызғар.
Сезген бойы тоңарын,
Сексеуілдің томарын -
Лапылдата жағатын,
Түн түнегін жаратын.
Жыртқыштар да сасатын,
Іблістер қашатын,
Қасиетін бұл оттың,
Бала күннен біле өстім.
Алыстардан оқталып,
Көздерінен от жанып,
Батып келмей қасқырың,
Жалайтын-ды тас-құмын,
Қызарса бір шоқтанып,
Саған өзге жоқ қауіп.
Қыздырынып арқаңды,
Еске аласың қалқаңды.
Қара түннің шырағы ,
Қара құмның шырайы.
От Тәңірі шоқынар ,
Сексеуілдің шоғы дәл.
Сексеуілдей сертім бар ,
Кексе құмдай дертім бар.
Дана ақыл ап жырынан,
Дала отына жылынам.
Сол қып-қызыл шоқтардай ,
Бар асылын жоқтардай ,
Ой түбінде бір батыл ,
Лапылдаған жыр жатыр.