Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Мағиза Құнапияқызы: "Бір әуен бар..."

Мағиза Құнапияқызы 1972 жылы 15- ші қарашада Қытайдың  Алтай аймағы, Буыршын ауданы, Шұңқыр ауылында туған.
Қытайдың «Тұлпар» әдеби сыйлығының иегері.
2000 жылы Қытай қазақтары арасында тұңғыш рет өткен жыр мүшәйрасының 1-орын жеңімпазы.
2000  жылы Қазақстанға  қоныс аударған.
Таңжарық Жолдыұлы атындығы, Артығали Ыбыраев атындағы, Сәкен Иманасов атындағы, «Ару қала Алматы», «Жадыра жайна, Астана!»  тақырыбында өткен мүшәйраның жүлдегері.
«Жас толқын», «Талбесік» қатарлы жинақтарға өлеңдері енген.
«Қызыл Шолпы», «Ай жүзіне көп қарап», «Қызыл қайың»  жыр жинақтарының авторы.
Ерен еңбегі үшін медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі

Қызыл қайың
Қатар-қатар қайың өскен, аяқ жағы ауылдың,
Еске алсам сол мекенді сағыныштан ауырдым.
Балтырынан басқа жерге жасыл дүрия киінген,
Шие тере барған сайын сәлем беріп иілген.
Ақ қайыңды сырып қойып ақындардан бата алған,
Елден ерек осы тоғай қызыл қайың аталған.
Ханшайымдай түске жақын ұйқысынан оянған,
Күз келгенде бар жапырақ қызыл түске боялған.
Ин ағашпен суға барам тұрса да үйім кезеңде,
-Тау суынан ішейік! -, деп жұмсайды анам өзенге.
Жартастарға шашыраған тамшыларға сыр тұнып,
Қарсы бетте қызыл қайың, ағады өзен бұлқынып.
Тамсанам да табиғатқа апам салған өрнектей,
Қайта кері қайтатынмын жақын жерден қол жетпей.
Басы Ертістің неге сонша асау десем өзгеден,
Соңғы жетер нысанасы мұқит екен көздеген.
Тастай суық таудың суын анама әкеп беремін,
Қызыл қайыңды көру үшін күнде өзенге келемін.
Өзімменен бірге есейді бала кезгі арманым,
Тағы жетті қоңырқай күз туған жерге бармадым.
Шын сағынса жетер адам отыра сап ұшаққа,
Алақандай қайран ауыл симайсың ғой құшаққа.
Өр Алтаймен қоштастым да, Алатауға жеттім мен,
Қызыл қайың сағынышын бөлісе алман ешкіммен!

Таусыз жерде тұра алман
Сисам таудың құшағына сиярмын,
Жүйріктігін қарасаңшы қиялдың.
Тез жетем деп отырғанмен ұшаққа,
Тау үстінен өткен кезде ұялдым.
Барлығына төтеп беріп мұз-қардың,
Селт етпеген өткеніне ызғардың.
Жабыла кеп үймелеген басына ,
Ақша бұлттан тауларымды қызғандым.
Сәлем десем ояна кеп ақтаңда,
Қуанышты, мұңға толы шақтарда.
Сәлем десем елге келсем алдымен,
Қоштасамын кетіп бара жатқанда.
Ақ бас шыңы түнде бірдей шырақпен,
Жете алмассың бір күн жортып құр атпен.
Тауға менің бар жоқтығым белгісіз,
Таусыз жерде тұра алмаймын бірақ мен.
Тым биікке қол созғаным не теңім?!
Таудан кетсем беймаза күй кешемін.
Бара жатып зымыраған көлікпен,
Терезеден бір үңіліп өтемін.
Арқасымен желді қалай тосқанын,
Қарағайдың басын қалай қосқанын,
Көрер едім. Досым менен зеріксең,
Еш ойланбай тауға апарып тастағын!..

Анама хат
Қырда гүлім көктеді деп қуандың,
Жайқалтам деп шақырымнан су алдың.
Қас-қабағын бақтың желдің жаңбырдың.
Ол шөлдесе бірге қаңсып қуардың.
Гүлің ем ғой тым жайқалып өстім бе?
Сендей азап шекпеген- ау ешкім де.
Соншалықты ризамын анашым,
Сен болған соң мынау жалған бес күнге.
Қайсар болдың бор кеміп боп иленбей,
Сүймес ешкім ана ұрпағын сүйгендей.
Әке жоғын сездірмеуге тырыстың,
Жетім сөзі сыртта қалды үйге енбей.
Тоңса тәнім менмен бірге дір етіп,
Күлгенімді жүргенімді жыр етіп.
Балапанды аламын деп түлетіп,
Иен үйді қалдың тағы күзетіп.
Сан кешірген, сан тұрғызып жебеген,
Құдіретке теңемейін неге мен.
Төбемді бір көрсетуге зар қылып,
Кеттім алыс, қатігез ем недеген?!
Жүрегің- күн, тұлғаң болса дара шың,
Сені ешкімге теңемеймін анашым.
Ана біткен болу үшін бақытты,
Тәңір аман сақтай гөрші баласын!!

Әке
Көрмеген соң көсеуге де таң қалып,
Көп ұмтылдым биіктерге қарманып.
Әке сенімен бірге кеткен бақытты,
Мына өмірден көп іздедім сандалып.
Сақтадым көп айта бермей елге сыр,
Өзің жоқсың портіретің төрде тұр.
Жұрт көзіне қайсар болып көрінем,
Оңашада төккен жасым көл-көсір.
Жібек көңіл ширатылды желінді,
Жемір уақыт жалмап бітті, жоқ үлгі.
Сені құдай бір күнде алып кеткен соң,
Бетегенің бәрі тау боп көрінді…
Бұл күйімді білер кімдер, білмес кім?
Қай пендеге тұрақтапты бұл бес күн.
Жылы жүзбен күле қарап өткеннің,
Барлығына қарыздар боп күн кештім….
Ағып келіп тоқтап тұнған көлдеймін,
Соғып барып тына қалған желдеймін.
Ағындауым асау шабыт шығар сол,
Тоқтайтыным- сенсіз тірлік, сенбеймін.
Біреу бар ма өмір дейтін жолды ұққан?
Біреуге бақ, біреулерге ол мыстан.
Сағынбаймын келмейтұғын болған соң,
Шарасызбын…
Жылайтыным сондықтан!!

Ауылым
Тауға қарап елестетем тау ұлын,
Кербез жота- маңғаз мүсін бауырым.
Ағайынның пейіліндей тап- таза,
Тұнық еді ауа, суың, жауының.
Шың басына барып қонған ауылым,
Далам гүлге қарық болған ауылым.
Аяз дейтін мұз сандықтың ішінде,
Ала қыстай қалып қалған ауылым.
Алыс кетсем өзек тескен ауылым,
Бұлт пен тұман кезек көшкен ауылым.
Адам түгіл бір ит үрсе қалған ит,
Қоса үріп көмектескен ауылым.
Тайы озса мақтан қылған ауылым,
Азғындықтан сақтандырған ауылым.
Қаралы үйге шақырыусыз жиылып,
Ақ өлімді аттандырған ауылым.
Күн түскенде сая берген ауылым,
Кең құшағын жая берген ауылым.
Жүрегімді жібекжіпке арқандап,
Бара ғой! Деп қоя берген ауылым.
Қайран ауыл қиялымнан қалыспа,
Ұсақ- түйек мұңдарымдыи жанышта.
Күнде көрсем көзім үйір боп кетер,
Жырлайын деп кетіп қалдым алысқа!!

Алтайға есек келген күн
(1900 жылдың басында Өр Алтайдың Қаба өңіріне, Алқабек Білезік өзенінің жағасына бір топ ұйғыр 10 есекке шай-пұл тиеп әкеп сатқан екен)
/Автор/
Келді ауылға бір керуен киімдері шұбартқан,
Жаяу-жалпы шұбырынған он есекке жүк артқан.
Алыс жолдан арып келген ештеңе жоқ ойында,
Есектерін суарды әкеп Білезіктің бойында.
Асқақ Алтай паңданады басынан құс ұшырмай,
Мынау байтақ кең даланың айбары мен сұсындай.
Жаралғаннан табиғаттың төл баласы секілді,
Қоңыр қазақ мекен еткен күн кешетін қысылмай.
Мына баса –көктеушілік ел ағасын таң қылды,
Жіберді де шабарманын керуенбасын алдырды:
-Бүлінбеген бүтін елміз лайламаған тұнығын,
Баса көктеп суға түстің қай басынған қылығың?!
-Кешір тақсыр бұл өңірдің салт-дәстүрін білмедік,
Шаршап келдік алыс жолдан арып-ашып кірледік.
Бір білместік бізден кетті айтқаныңа көнейік,
Бағалаңыз бұның нарқын айыпты да төлейік.
-Есек дейтін хайуанды алмаймыз біз есепке,
Күнәсі ауыр жанды ғана мінгіземіз есекке.
Келіп қапсың саудаңды қыл ырыздығың қашпасын,
Бұдан кейін есектерің мына маңды баспасын!
Бес есек жүк бассыздықтың бодауына алынсын,
Елсіз жерден есекке арнап бөлек құдық қазылсын!
Он күн бойы төменгі ауыл өзеннен су ішпесін,
Бала-шаға Білезікке шомылуға түспесін!
Ел ағасы айтқан жарлық қайтпас сөздің дауылы,
Хабарланды төменгі ел – Абдолла төре ауылы.
Азан-қазан керуеннің десі солай басылды,
Ел ішерге Алқабектен апталап су тасыды…
Өткен шақтар енді ешқашан оралмайтын қиялым,
Шекерден де шырын едің сені қалай қиямын?!
Алмас жүзді қайран ерлер қасиетіңнен айналдым,
Доңыз түгіл есектердің жолатпаған тұяғын!

Күз дегенің...
Жерге түскен жемістер,
солған гүлім.
Айтып жатыр,бір мезгіл болғандығын.
Көңілшектеу жапырақ тез сарғайып,
Сабырлысы сездірмес тоңғандығын.

Жиі-жиі бұлт бізге жуықтайды.
Көлге бала жүзуге құнықпайды.
Жылтыр сөзі секілді кейбіреудің,
Көрінгенмен күн көзі,жылытпайды.

Сағынышты есіңе сала жүрер,
Сарғаюдың азабын дала білер.
Жәндік біткен тығылад жер қойнына,
Қайтқан құс пен қалған құс-бәрі әбігер....

Мезгіл осы дыбысын білдірмеген,
Одан ешкім қашуға үлгермеген.
Күз-солғындау бояудың жиынтығы,
Күз дегенің-шертпе күй,күмбірлеген!

Қызыл жапырақ
Көшіп жатыр бір дәурен,өтіп жатыр басымнан.
Сыңғырлатып керуенін ұзап барад қасымнан.
Күз дегенің не тәйір,
Қоштастым ғой сізбен де.
Көкірегіне бір түйір қызыл жапырақ жасырған.

Әбілхаят-сөзіңіз, шырайыма сән берген,
Кезді ұмыту тым қиын,сол сезіммен тербелген.
Кетерімді ескертіп, Ай айтқанда бір хабар,
Елестейді бейнеңіз мұңға батып, сенделген.

Қоштаспаңыз ешкіммен, келген кезде тағы күз.
Балқарағай мезгілдің шемішкесін шағыңыз.
Сәл жымиып еске алып, естелігін өткеннің,
Сарғаймасын бір түйір қызыл жапырағыңыз...

Қазан айы
Сағағына ілінген өмір семген,
Көз үйреніп күзге де,көңіл сенген.
Арша менен Шыршаның жайы бөлек,
Тасты жарып шыққан соң, өміршең бе ең?!

Қайтқан құсқа сыңсыған, "сабыр" десіп,
"Осы жерден көктемде табыл" десіп.
Тас төбеңнен сағыныш төгілгенде,
Бақтың ішін кезсең бір, сағым кешіп.

Жез бен алтын, бұл шақтың туысы ма?
Қазан-жылдың көл-көсір ырысы ма?
Құшағыма сыймаған қуаныштай,
Төгіледі жемістер уысыма...

Күн-бағбан, бұл шақты тұрған баптап,
Бұрынғыдан жүрісін жылдамдатпақ.
"Сұғанақ қыс сұқ қолын малмасын" деп,
Жауып қойдым "Қазанға" жырдан қақпақ!

Ерте, ерте, ертеде
Күн сығалап қарайтұғын теректен,
Арал,Өзен...
Еске түсті кенеттен.
Толқындарды, жағаны ұрып, мені өпкен,
Күнде үйге тасушы едім, шелекпен.

Жетегінде кетіп арман, үміттің,
Өтелмеген, парыз барын ұмыттым.
Бұлағына бұрымымды өсіріп,
Шуағына тал бойымды жылыттым.

Тәнге көйлек жабыстырған жаңбырдың,
Әуресімен, бірге тоңған жан құрбым.
Бұлт қалжыңын көтере алмас ерке едім,
Тас үйлердің арасында қаңғырдым...

Ұлар аулап, шешіп атам кісесін,
Ұшқаным жоқ, жегенменен құс етін.
Мені «адасып кетпесін» деп ақ тұман,
Ақ боз үйдің іргесіне түсетін.

Тау жаңғырып, қойылғанда есімім,
Ашқан едім, сенде өмір есігін.
Қайтып келер жыл құсын да қимайсың,
Қайтпайтұғын бар ма бізге кешірім?!

Ей,бұлттар
Бір жұтым суға шөлдеген қан тамыр сынды,
Аспанды әрі  итерген Хантәңір сынды,
Кім түсінеді, ей,бұлттар!
Жерге ынтық сенің,
Бір сәтке тыным таппаған арпалысыңды?!

Бақтардан, таудан, өзенен,қыр-белестерден,
Құстардан,аңнан, жануар, үндеместерден...
Аспанға қарай ұшатын аппақ тілектер,
Оларға бұлай айтуға кім кеңес берген?!

Алыстап кетпей,от шардың тартылысынан,
Жан бітіп мың бір сәуленің шарпылысынан.
Күнге «алғыс»,бұлтқа жауатын «рахмет»сөзі,
Көктем оятқан тірліктің әр тынысынан.

Бұлағай шақтар, тең келмес басқа күндерім,
Орманда құс боп сайрадым, бақта гүлдедім.
Бұлттанған күннің көл-көсір ырыздығы бар,
Бұл бұла сәтке өкпе артпа, аспаным менің!

Қағынды келген
Төзімді тауысып,бұл індет сабырды жеңген,
Қаншама боздақ, жамылғы жамылды жерден....
Аспанның - дағы көз жасы тиылмай қойды-ау,
Шілденің аты биылғы -"Қағынды келген".

Сезінсең- жасыл,төр жайлау, қарасаң-мөлдір.
Едені-таулар, ол жердің, төбесі-зеңгір.
Сүзеген ала сиырды сауарда апам,
";Қағынды келгір!"дейтұғын, "Қарасан келгір!"

Әр тынысыңды жусанның ұрады демі,
Бәрінен мөлдір жайлаудың бұлағы ма еді?
Ала сиырды өзгеден сүзеген қылған,
Жақында туған, өзі өңдес бұзауы еді.

Болғанмен арық, сүтті еді,  шелек толатын,
Бұзауға деген мейірі ерек болатын.
Сауатын мезгіл жеткенде, маңында оның,
Адам да, мал да жүрмеуі  керек болатын!

Айыр мүйізбен өзгені  келген басынып,
Бұзауын солай емізген елден жасырып,
Беткейде тұрған жайылып түлікті көрсе,
Қуалап, сүзіп қайтатын, белден де асырып.

Бір табын сиыр сол малдан құраған еді,
Қолқалап талай танысы сұраған еді
Көзге ыстық малды сатпауға бекінді атам,
Соғымға сойды,өкпесі дін-аман еді....

Қалдырдық қанша, жылдар мен айларды кейін,
Сағынышыма бұл сәтте, байланды үрейім.
Хайуанға айтқан сол қарғыс сәл қиыс кетіп,
Адамға тиіп кетті ме?
қайдан білейін...

Қарағай, қайың, жас талдар...
іргеден көшті,
Куәсі болдық қайғылы, дүрбелең көштің.
Шыққан жеріне бұл пәле қайтадан қайтып,
Шілдемен келген "қағынды" шілдемен кетсін!

Бір әуен бар
Топырақтай гүл тозаңын жасырған,
Күн сезімін аңсаған.
Күткен едім,жолығатын сол күнді,
Қайда жүрсең болшы аман!

Жай тозаңнан гүлге айналу оңай ма?
Мейір керек шуақты.
Қажеті жоқ жалғандық пен көлгірлік,
Болсын сезім тұрақты.

Қанаттары гүлмен өңдес көбелек,
Келер ұшып ғайыптан.
Қанатынан бейіш нұры себелеп,
Уайымнан айыққан.

Билесе тек бақыттылар билесін,
Таласпаңдар құлшынып.
Екі сезім таба алмаса үйлесім,
Өтер іштей тұншынып.

Күйсандықта ойналмаған бұрын еш,
Бір әуен бар.
Қинайды.
Жабықтырды тым көңілсіз бүгін кеш,
Келер күн не сыйлайды?