Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Бөрібай КӘРТЕН: СЕКСЕНДЕГІ БЕКСҰЛТАНҒА ӨТІРІК - ЖАРАСАТЫН ҚЫЛЫҚ ПА?!»

                                                     Б. Нұржекеұлының әшкере өтірікті қайта-қайта қоздатуының сыры
      Б. Нұржекеұлы арты ашылып, әбден әшкере болған өтірікті «Қазақ әдебиеті» газетінде қайта қоздатып, өзі «жаңалық» қып ашқан қойыртпақ жазу үлгісімен бүй деп түзіпті: «Сегіз серінің артынан топырақ шашып, ондай адам өмірде болмағанын құлшына «дәлелдеумен» келеді. Ең өкініштісі: осы өрескел өтірікті М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер іністітұтының ғалымдары бастады. «Біз Сегіз серінің шындығына нүкте қойдық, ондай адам өмірде болмаған» дегенді ұялмай-қызармай баспасөз бетінде жариялады. Бұл мәселені қайта қарауды еліміздің үкімет басшысы арнайы тапсырғанда да, бұл мекеме айтқанынан қайтпады» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Нұржекеұлы Б. «Ән мектебі Сегіз серіден басталады». // «Қазақ әдебиеті» газеті, 10.07.2023 жыл). 

       Саналы түрде ішкі есеппен болар, Б. Нұржекеұлы ә дегеннен-ақ жалған ақпар беріп, елді сендіргісі келеді. Ақиқатында сол кездегі үкімет басшысы «Сегіз сері» дегенге қатысты мәселені қайта қарауға ешқандай тапсырма берген жоқ.
       Б. Нұржекеұлы былай дейді бұдан кейін тағы: «Сегіз серінің шын аты – Мұхамет-Қанапия, әкесі – Баһрам, атасы – Шақшақ, оның әкесі – «Ақтабан шұбырынды» зобалаңының әйгілі сардары Қожаберген жырау, оның әкесі – Толыбай сыншы. Тұрсынбек Кәкішев ағамыз, бір сөйлескенімде, «Есім хан Тобыл бойында қалмақтарды жеңгенде, Толыбай оған тұлпар мінгізген», – деп еді».
       Есім ханға «Толыбайдың» тұлпар мінгізгенін куәландыратын нендей дереккөзі бар, ескіден жеткен аңыз-әңгімелерде, жырларда қатталған ба, әлде  Т. Кәкішев қасында қарап тұрған ба?! Анығын білгіміз келеді осының. 
      Б. Нұржекеұлы былай деп жалғайды сөзін әрі қарай: «Өткенде «Гауһартас» атты телехабарға қатыстым. Сонда Ерлан Төлеутай деген балаларым қатарлы әнші жігіт: «Гауһартас» әнін әнші Майраға арнап Жарылғапберді шығарған» деп соқты. «Сегіз сері жайында бірде-бір дерек жоқ, Затаевич жазбаған, сондықтан ондай адам жоқ» деді. «Мен мұны 20 жыл бойы зерттедім!» – деді айрықша нығарлап. Хабардың соңынан сөйлесіп көріп ем, ол Қожаберген жырауды да жоқ қылды. Мен жағамды ұстадым» (астын сыздық.-Б.К.).
       Белгілі өнертанушы һәм әнші Ерлан Төлеутай «Қожаберген жырау бұл өмірде болмаған» дегенде Б. Нұржекеұлының  жағасын ұстап, қапаланатын да жөні бар. Соның сырын аша кетейік. 
       Қазбек бек Тауасарұлы есімді кісінің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітабына (Алматы, «Жалын» баспасы, 1993 жыл) қатысты 90-жылдар басында үлкен дау-дамай орын алды. Белгілі жазушылар, журналистер, тарихшылар тас-талқан қып сынаған пікірлерін ортаға салды. Сонда «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Сұхбат» басылымдарында осы еңбектің фальсификация екені толық дәлелденді. Аталған кітапты шығарушы һәм бірден-бір жанашыры Б. Нұржекеұлы ғана біраз қылғынды жақтап. Бірақ сол жария көрген сыни пікірлердің біреуін де нақты айғақ келтіріп, терістей алмады. Алғашқыда жұрт елең еткен «Қазбек бекке» деген қызығушылық осыдан соң тез басылып қалды. 
       Қазбек бек XVIII ғасырда ғұмыр кешкен делінеді. Сол Қазбек бектің «атадан балаға табысталып, қазіргі күнге жетті» дейтін кітап боп шыққан «қолжазбасында» қисынсыз жайттар, күмәнді дүниелер өте көп. Мәселен, соның біреуін ғана куәлікке тартайық: «Қожаберген Толыбай баласы Тәуке заманында ғаскер басы болған, жау түсіріп, ту алған батыр еді. Ол батырлығымен бірдей сол заманның өзі көзбен көрген оқиғасын мол жырлаған адам. Жасы мен құралпы Бұқар оған құлдық ұратын» (астын сыздық.-Б.К.) депті бір сөзінде «Қазбек бек» (Қараңыз: Тауасарұлы Қазбек бек. "Түп-тұқияннан өзіме шейін": Басп. Дайындаған Б.Қыдырбекұлы – Алматы: Жалын, 1993. 215-бет). 
       Б. Нұржекеұлы «көшебе-керей Қожаберген жыраудың» өмірде болғанына кейінгі «Жас алаш» басылымында (29.02. 2024) «Қожаберген – қазақтың батыры, Матыжанов мырза!» деген тақырыппен жариялаған «мақаласында» да қылғынып, мынадай дерек келтіріпті: «Н.А. Аристов Санкт-Петербургтен 1897-жылы басылып шыққан «Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численностей» деген кітәбінде де Қожаберген бабамыз жайында жазады. Бұл кітәпті кезінде Шәкәрім қажы да өзінің оқығанын жазады. Онда Аристов: «Ходжа-бергень казацкий вождь, связанной ранее с Аблай-ханом», – дейді. (одан кейін тағы: «Упомянутый Ходжа-бергень в 1750 году управлял киреями», – дей келіп, оның Есіл бойын жайлағанын жазады (84-бет). Бұл деректер Қожаберген бабамыздың өмірде болғанын, «Ақтабан шұбырынды» кезеңінде де жаумен соғысқанын анық дәлелдейді. Меніңше, оны дауға айналдырудың өзі ұят, әрі білімсіздік».
       Б. Нұржекеұлы ақсақал басымен айдан анық ақиқатты бұрмалап отырған өзінің өрескел, парықсыз әрекетін ұятқа, білімсіздікке санамайды екен, оның түсінігінше, шындықты айтқандар – ұятсыздар, білімсіздер екен.
       Бұл – анығында Шұбарайғыр Қожаберген баһадүр. Керейдің Абағынан. Үнемі Абылай ханның қасында жүрген. ХVIII ғасырдағы бұлғақта. Оған айғақ – ұрпақтарында сақталынған ол тұтынған соғыс құралдары, орыс, моңғол, қытай мемлекеттері архивтерінен есімі таңбаланған құжаттардың табылуы (Қараңыз: Ә.Тарақов. Абылайдың ақ туы.// «Егемен Қазақстан». 30.07. 2008 жыл; А.Тойшанұлы. Қожаберген батырдың ақ туы.// «Дала мен қала».22.04. 2013 жыл; Ж. Артықбаев. Қолдан қаһарман жасаудың халыққа пайдасы қанша?// «Халық сөзі». 10.04. 2013 жыл).
       Б. Нұржекеұлының «Қожаберген – қазақтың батыры, Матыжанов мырза!» деп аталатын «мақаласындағы» келтірілген Н.А. Аристовтың дерегінің мәтінін толық берейік, онда былай делінген: «О киреях и байджигитахъ встречаются иъ китайскихъ известіяхъ о войне с цзунгарами на начале второй половины XVIII века между прочимъ такая упоминанія, что около 1757 г. подчинился Китаю  Ходжа-берген, казацій вожд, стояшій ранее съ Абылай-ханомъ на стороне цзунгаровъ, а въ 1758 году глава рода байджигит Байбуракъ, проиванный храбрымь, пленилъ одного матежника и выдалъ китайцамъ. Упоминутый Ходжа-бергень в 1750 году управлялъ киреями; вероятно онъ же поминается въ 1752 г. в оренбургскихъ сведеніяхъ, какъ старшина баклы- гирейскаго рода, (астын сыздық.-Б.К.) зимовавшій тогда на р. Ишиме...» (Қараңыз: Аристов Н.А. Заметки  об  этническом составе тюркскихъ племенъ и народностей сведенія объ ихъ численности. // С.-Петербургъ. Типографія С.Н. Худекова. 1897. Стр. 84.).
       Б. Нұржекеұлының сүйікті жырауы – «көшебе-керей Қожаберген» 1663 жылы туып, 1763 жылы өлді делінеді. 1752 жылы оның жасы 89-да. Ру басқарып, елге жөн сілтемек түгіл «Тоқсан көремін деген жасым ба еді, быламық ішемін деген асым ба еді» деп мұңын айтып, қалт-құлт етіп, әрең қозғалып жүрген шағы.
       Бұл пікірімізді Б. Нұржекеұлының басынан дау кетпей жүрген тағы бір «атасы» «Қазбек бектің» де мына сөзі растай түседі, былай дейді ол: «Аягөзде болған осы ұрыстан кейін найман Тобан ауылында Қожаберген жырауды кездестірдім. Қожаберген жырау мен көргенде қартайған, екі тізесінен ақсап басатын шал кісі екен» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Тауасарұлы Қазбек бек. Түп-тұқияннан өзіме шейін: Басп. Дайындаған Б.Қыдырбекұлы. – Алматы: Жалын, 1993. 215-бет).
       Демек, Б. Нұржекеұлының жасы тоқсанға келіп қаусаған, есі кіресілі-шығасылы, құлағы тосаң ақсақ шалды «ел басқарды» деп өжектей беруі – мүлде қисынсыз!  
       Және мұның Шұбарайғыр Қожаберген батыр екенін Аристовтың «как старшина баклы-гирейскаго рода» деген мәліметі де толық дәлелдеп тұр! Шынымен «көшебе-керей Қожаберген жырау» болса «как страшина кушебе-гирейскаго рода» деп жазар еді ғой. Өйдемеген.
       Б. Нұржекеұлының бұл күмәнді  кейіпкерді жанұшыра жақтауының негізгі бір себебі: өздері ойдан құрап-сырап жазған «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітапқа Қ.Биғожиннің өтінішімен енгізілген «Қожаберген жырау» жайындағы өтіріктері ашылса, «Қазбек бектікі» делінетін «қолжазбаның» да жалғандығы әшкере болады деп ышқынады.  
       
                   «Қожаберген жыраудың» «жыр-толғаулары» жайында бірер сөз 
        Енді Қалқаманұлы Бұқар (XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырдың аяқ тұсы) құлдық ұрған «Қожаберген» «жыраудың» «Сегіз сері» жеткізген, анығында Қаратай Биғожин «жеткізген» «Елім-ай» «жырының» әр тұсына көз жүгіртіп өтейік. Өлеңнің көркемдік деңгейі, сапасы бірер шумағынан-ақ белгілі ғой, соны нақтылайық. «Дастан» былай басталады:
                                              «...Теріскей Алатауды қалмақ алды,
                                              Наймен мен Қоңыратты қуып салды.
                                              Қайран жер жау иелігіне көшкеннен соң,
                                              Жоңғардың Алатауы деп аталды.
                                              ...Алтын, күміс, мал беріп, аямай-ақ,
                                              Орыстар мен Қытайдан білгір жалдап (?)
                                              Сыбан Рабтан ден қойып өнерпазға,(?)
                                              Ғаскерін үйреттірді бес жыл қамдап».
       Осылайша кете береді. Осы өлең бе?! «Қожаберген» көрші елді «Қытай» дейді. Ал, Бұқар жыраудың айтатыны бар еді, «Шүршіт келем деген сөз бар-ды» немесе «Шүршіт келсе, Сырға көш» деп. Абыз үлкен көршіні сол кездегі қазақтардың таңған өз атауымен атайды...
       Дәлеліміз жалқы болмасын, тағы да келтірейік «Қожаберген жыраудың» шатпақтарын. 
                                              Құрттатып ет жейтұғын қалмақ кәпір,(11)
                                              Қазақтың сахарасын жайлады ақыр.(12)
                                              Теңемек болып бізбен терезесін,(11)
                                              Жауығып жүруші еді тігіп шатыр.(12)
       Академик З.Қабдолов бүй депті: «Ұйқас – ұйқас үшін тұрмауы керек, яғни өлеңнің пішініне ғана емес, мазмұнына қызмет етуі шарт» (Қараңыз: Сөз өнері. – Алматы: «Қазақ университеті», 1992 жыл, 280-бет).
       «Кәпір», «ақыр», «шатыр» деген мәтіндегі есімдер ғалым айтқандай ойлы, терең мазмұнға қызмет етіп тұрған жоқ, бос ұйқасқа құрылған. Оқырманға ұғынықты бола түссін, тәптіштеп түсіндіріп көрсетейік, мәнсіз, бөстекі мына сөздерден «өлең» шумақтарын жасаған: «Құрттатып ет жейтұғын  кәпір қалмақ қазақтың сахарасын ақыр жайлады. Бізбен терезесін теңемек болып шатыр тігіп жауығып жүруші еді». Өлең құраудағы «тың әдіс», «соны соқпақ»! «Елім- ай» «дастаны» бастан аяқ осындай жолмен жамап- жасқалған (астын сыздық.-Б.К.) 
       «Дастанға» одан әрі тағы да назар салайық, ондағы сорақылықтарға көз жеткізе түсу үшін.
       Былай дейді:
                                            «Төреден Әйтеке би безін деді,
                                            Келді ғой көсем сайлар кезің деді,
                                            Қазақты батыр көсем басқармаса,
                                            Быт-шыт қылар жау қалмақ сезін деді.
                                            ...Осындай көптен көсем ізде деді,
                                            Хандарды шеттетуді көзде деді.
                                            Қазақты төре бастап көгертер деп,
                                            Малтаңды би мен бектер езбе деді», – дейді «Қожаберген».
       Бүгінгі мемлекетіміздің алғашқы негізін қалаған Жәнібек пен Керей сұлтандар төре-тұғын. Одан кейінгі Хақназар хан, Қасым хан, Есім хан... беріректегі сайыпқыран Әбілқайыр хан, Абылай хан бүткіл ғұмырын ат жалында өткізген-ді қазақ жұртының тағдырын ойлап. Бұлар да төрелер болатын. Басы кім үшін жоғалып еді сойы төре баһадүр Кене ханның?! Қазақты өз алдына ел қылам деп «Алаш Орда» үкіметін құрған  дана көсем Әлихан Бөкейханов та төре-тін. Әйтеке бидың аузына сөз салып «жырлап» отырған Биғожин мықтап қателесіп, беталды лаққан! «Өсиеті» нақты шындықпен қабыспайды, «аманат-болжамының» теріс боп шыққанын тарихтан көріп отырмыз. Ақиқатында бұған тек өресі таяздар ғана сенеді. Кемел ойлы Әйтеке би мұндай парықсыз сөзбен ел арасына әреке кіргізбесі анық. 
       Жазушы Мұхтар Мағауин де «Қожаберген жыраудың» осы «Елім-ай» «дастанымен», өзге де «шығармаларымен» танысқан, мұндай шалдыр-шатпақтарға көп бас қатырмай: «...Қожаберген атына қатысты басқа бір нұсқалар кейінгі кездің жамауының астында қалған. Аршып алу мүмкін емес. Сөйтіп Қожабергенмен қоштастым» деп сөздің тоқетеріне көшкен екен әлгі «толғау-жырлардан» біржола түңіліп (Қараңыз: М.Мағауин. «Мен». Ғұмырбаяндық хамса.// «Жұлдыз».№8, 1998 жыл). 
       Бұқарға «құлдық ұрғызып» қойған, Б. Нұржекеұлы өлеңге санайтын сондағы «Қожаберген жырау» «жырларының» ұсқыны міне, осындай! 
       Еске сала кетейік, кезінде Білім және ғылым министрлігінің  фальсификация «Сегіз сері Баһрамұлына»  байланысты  шығарған  шешімінде  осы шүбәлі «Көшебе Керей Қожаберген жырау»  «шығармалары» турасында да мынадай тұжырым жасалған: «Тіпті, күмәнді мәтін болғандықтан...  Қолжазба қорына өткен...  Қожаберген шығармашылығы да институт ғалымдары (М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. – Б.К.) әзірлеп, «Мәдени мұра» аясында жарық көріп жатқан «Қазақ әдебиеті тарихының» 10 томдық жинағына енгізілген жоқ. ...ол Сегіз серінің атасы болды ма немесе осы уақытқа дейін халық әні саналып келген «Елім-ай» әнін шығарды ма, жоқ па? Ол жағы күмәнді, тек XX ғасырдың 70-жылдарынан бастап шыға бастаған, түп-төркіні белгісіз, мәтіндері біршама бұрмаланған, сапасы, көркемдік деңгейі сын көтермейтін көп толғау-дастандарды Қожаберген жырау шығарды деуге келмейді. Оған дәлел де, дерек те жетіспейді. «Елім-ай» қазақтың халық әні болып, ел басынан өткен қаралы кезеңнің символы, ескерткіші болып қала береді» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: «Ана тілі». №5, 1. 02. 2007 жыл; «Қазақ әдебиеті». №5, 2. 02. 2007 жыл). Бұған жүргізілген шолу-талдау толық көз жеткізді. Баршамыз куә боп отырмыз. 
       Мынаны мықтап есте сақтау керек: тарихта Қожаберген есімді батыр болған. Руы Керейдің Шұбарайғыры. Орыс, қытай архивтерінде есімі қатталып қалған. Ол Абылай ханның қасында жүрген (Қараңыз: Ә.Тарақов. Абылайдың ақ туы.// «Егемен Қазақстан». 30.07. 2008 жыл; А.Тойшанұлы. Қожаберген батырдың ақ туы.// «Дала мен қала».22.04. 2013 жыл; Ж. Артықбаев. Қолдан қаһарман жасаудың халыққа пайдасы қанша?// «Халық сөзі». 10.04. 2013 жыл). Бірақ мұны Биғожиннің жоғарыдағы «Қожаберген» «жырауымен» шатастырмау керек! (астын сыздық.-Б.К.)
       Сөзімізді енді Қ.Биғожин мен Б. Нұржекеұлының «Сегіз серісіне» бұрайық.

                                                 «Сегіз серінікі» деп жүрген «өлең-жырлар» – Биғожиннің шатпақтары
       Кезінде «Сегіз сері» турасындағы жалған әңгіме ел ішіне кең тарап, бұған бір қауым жұрттың қатты сеніп қалғаны да шындық. Алайда дау-дамай туып, жалғанның арты ашылып, әшкере болды. Елдің осы ақиқатты танып-білгені шындықты аса жақтыра қоймайтын Б. Нұржекеұлының жанына қатты батқан сыңайлы, біраз бұлан-талқан боп еді (Қараңыз: Б. Нұржекеұлы. Ғылыми мекемнің ғылыми үлгісі осы ма? // «Әдебиет айдыны» газеті, 04.10. 2007 жыл). Арада уақыт өтті. Басылған болар деп ек, басылмапты. Жасы сексеннен асса да салпақтап сол өтіріктің соңында әлі жүр екен.
       Хош, әрі қарай жалғастырайық айтпағымызды. Б. Нұржекеұлы бүй дейді: «Мақпал» әні де бүкіл болмысымен «Мен Ақанның әні емеспін» деп тұрғандай (астын сыздық.-Б.К.). Өлеңнің бірінші жолы «Үйірі қысырақтың мақпал қара» деп жылқыға арналады да, екінші жолы «Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара!» деп, қызға арналады. Өлеңнің екі жолы екі жаққа қыйсайып тұрғанына қарап-ақ өлеңнің бұрмаланғанын білуге болады». 
       «Мақпал» – Ақан серінің әні! Мұның шумақтарын бұрмалап, өзгертіп Қ. Биғожин деген өзі ойлап тапқан «Сегіз серіге» таңған. Әуелгі мәтіні осылай еді деп.
       Айтпағымыз, Б. Нұржекеұлы ә дегеннен-ақ сүрініп отыр: «Өлеңнің бірінші жолы «Үйірі қысырақтың мақпал қара» деп жылқыға арналады да, екінші жолы «Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара!»  деп, қызға арналады. Өлеңнің екі жолы екі жаққа қисайып тұрғанына қарап-ақ өлеңнің бұрмаланғанын білуге болады» деп. 
       Шынында да солай ма, Жүсіпбек Елебеков, Мәдениет Ешекеев, Қайрат Байбосынов сияқты ән саңлақтары орындап, ұлттық фонотекамыздың Алтын қорына енген Ақан серінің өз нұсқасын айғаққа келтірейік, былай деген: 
                                       «Үйірі қысырақтың мақпал қара, (астын сыздық.-Б.К.)
                                       Шашыңды күндіз жу да, түнде тара.
                                       Алыстан ат аямай келгенімде, 
                                       Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара!» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Қазақ әндері. (Халық композиторларының әндері): – Алматы. «Жазушы», 2-том, 1968, 127 – бет).
       Өлеңдегі «Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара!» деген сөйлем төртінші тармақта орналасқан, Б. Нұржекеұлы айтқандай екінші жолда емес. Өзі жете білмейтін нәрсеге орынсыз киліге бермегені де дұрыс еді қартайғанда күлкіге қалып!    
       Ал, Ақан серіден алып Қ. Биғожин бұрмалаған бұл шумақ былай, мұны жүздік, трайбализм сырқатына шалдыққан ғалымдар бір кездері мектеп оқулығына да енгізген-тін:
                                                «Ақша жүз, бота көзді, қасың қара,
                                                Шашыңды түнде жуып, күндіз тара.(?)
                                                Ниязбен екеуміз келген шақта,
                                                Мақпалжан, бұлғақтамай бізге қара». (Қараңыз: «Қазақ әдебиеті (XIX ғ) //жалпы білім беретін мектептің қоғамдық – гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған. Құраст. З.Ахметов, Ұ.Асылов. // Хрестоматия. –  Алматы: «Мектеп» баспасы» ЖАҚ, 2002.  358-359 беттер.)
       Қазақ түнде шаш жумаған, жаман ырым деп есептеген. «Дана» «Сегіз сері» соны білмеген бе?! Жә, жақсы...
       Бүлінген, көркемдігінен айрылған «Мақпалдың» тағы бір шумағын келтірелік, онда:
                                                 «Келгенім Сыр Бойында Найман елі,
                                                 Қазаққа даңқым шыққан Сегіз сері.
                                                 Қиырдан ат арытып, іздеп келдім,
                                                 Бір көріп қайтпақ болып, Мақпал, сені», – делінеді.
       Ал Ақан серінің «Мақпалында» бұл былай:
                                                 «Үш жүзге атым мәлім Ақан сері,
                                                 Келгенім - Мақпал қыздың туған жері.
                                                 Алыстан ат сабылтып келдім іздеп,
                                                 Бір көріп қайтайын деп, Мақпал, сені».
       Қ. Биғожин деген «Мақпал» әнінің басқа да шумақтарын түгелдей бұрмалап, өзгертіп шыққан. «Сегіз серінікі» қылу үшін, әуелгі нұсқасы осылай еді деп өзгелерді сендіру үшін. Бассыздықпен оқулыққа енгізілген сол шатпақтарды сынап, бұтарлап талдаған ек сын мақаламызда, ол сайттарда жарияланды («Оқулықтағы сауатсыз авторлар бейбастағы» деп терсеңіз оқып, таныса аласыз.-Б.К.) Сондықтан тәптіштеп қайталап жатқымыз келмейді. Түсінігі жоғары, сөз ұғатын жандарға келтірілген осы айғақтардың, талдаудың өзі де жеткілікті! 
       Ахмет Жұбанов «Мақпал» шығармасына назар аударып, оның бітім болмысына мынадай сипаттама береді, туындының Ақан серінікі екенін нақтылап айтады: «Ақанның көпке белгілі шұрайлы шығармасының бірі «Мақпал» ... – дей келіп ән мәтінін ұсынған ол, – «Мақпал» мелодиялық дамуы аса заңды, тыңдаған адамға әсері күшті, лирикамен қатар, драмалық элементтері де бар ән. Әсіресе дарынды халық композиторларында кездесетін кейбір альтерациялық дыбыстар «Мақпалды» да көркемдеп тұр. Ақанда ол жиі кездеспейді. Бірақ керек жерінде таңқаларлықтай тауып қолданады», – деп пікірін тәмамдайды (Қараңыз: Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. – Алматы: Қазақтың Мемлекеттік көркем баспасы, 1963, 66-67 беттер).
       Б. Нұржекеұлы академик А. Жұбановтың осы сөзін түгелдей теріске шығарып, «Мақпалдың» әуені Ақан серінің емес, «Сегіз серінің» қолтаңбасына келетінін көзге шұқып тұрып, дәлелдеп берер бәлкім. Сөйтеді деп үміттенеміз (астын сыздық.-Б.К.).   
        Осы тұста мынаны да еске сала кетейік. 
       Орыс географиялық қоғамы архивіндегі, Орынбор облысының мемлекеттік архивіндегі, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіндегі, т.б. тарихи құжаттардағы Исатай мен Махамбетке қатысты мәліметтер мұқият жинастырылып, жүйеленіп топастырылған «Исатай – Махамбет. 1801-1848. Документы»  деп аталатын деректер жинағы қолымызда. Алматы шәрінде «Арыс» баспасынан 2003 жылы жарық көрген. 448 беттен тұрады. Құжаттарда Исатай мен Махамбеттің не істеп, не қойғаны, кімдермен байланыста болғаны, көтеріліске шыққан кездегі саяси ахуал, жеңіліс тапқаны, соңында батырдың қалай өлтірілгені т.б. тәптіштеліп шашаусыз баяндалған. Мұнда Исатай мен Махамбеттің «жан жолдасы», «ақылшысы» болған «Сегіз сері» дегеннің есімі тым болмаса бір рет аталып өтілуі керек еді. Елеусіздеу болса да. Мүлде атаусыз қалған.
       Демек, Б. Нұржекеұлының:«Жайау Мұсаның «Ер Сегіз» дастанында «Сегізбен заманында жолдас бопты, Кіші жүз Ыйсатай мен Махамбет ер», – дегеніне қарағанда, ол мәліметтің бәрін Сегіздің өз айтыуынан естіген», – дегені дәйегі жоқ бөстекі сөз! 
       «Жаяу Мұсаның «Ер Сегіз» атты дастаны болған» деп жалаулатып жүргендердікі де - сол баяғы Қ. Биғожиннің Жаяу Мұса боп жамап-жасқап елге таратқан шалдыр-шатпағы!  Еш ұсқыны жоқ мұны Б. Нұржекеұлы ғана жыр деп есептер, ал сөз танитын көзі қарақты адамның өлең деп айтуға аузы бармайды! Сондықтан оны дәлелге келтіріп, талдап, уақыт жоғалту – пайдасыз.  
       Ұмытып барамыз, айта кетейік, мұны да еске сақтап жүрген жөн. Аты шулы Биғожинннің ойдан құраған «деректерін», «Сегіз серіні» мадақтап, белгілі тұлғалардың атынан шығарған шатпақтарын ауыз әдебиетін жинаушы Мәшһүр Жүсіп ақсақалдың жинақтарына да кейінгілер енгізіп жіберген. Б. Нұржекеұлының «Мәшһүр Жүсіп те Сегіз сері туралы жазып қалдырған» деп көлбеңдетіп жүрген «мәліметтерінің» бірі – осы өтіріктер!

                          «Сегіз сері» деген кейіпкердің авторы – Биғожин!
        Тарихшы-ғалым, оралдық Исатай Кенжалиевті 80-жылдардың екінші жартысында Қ.Биғожиннің өзі іздеп келеді. Танысады. Исатай аға оған құрмет көрсетіп, қонақ қылып, тұз-дәмін ұсынады. Сонан Қаратайдың «Сегіз сері» жайлы әңгімесіне бек сенген И.Кенжалиев бірер мақала жазады. Кейін сол «сері» қазақтың ежелгі жырлары мен халық әндерінің жартысынан астамын аяқ астынан иеленіп шыға келген соң ол қатты ойланып қалады «бұл қалай?» деп. Содан оның өмірде болған, болмағанын анықтау үшін Арқа, Жетісу өңірін аралайды. Әуелі Қаратай Биғожиннің өзінен сұрайды. «Сегіз серіні» жарыққа шығарушы бірден-бір жанашыр жоқшысы сол ғой. 
       И.Кенжалиев бүй деп әңгімелейді мұны:«Сегіз сері бәрімізді қызықтырады, бірақ материал берушілер объективті мәлімет беріп пе, соны тәптіштедік пе? Сегіз сері туралы мәлімет берушінің бірі Қаратай Биғожин: «Сегіз сері менің арғы атам, оның үш ұлы болған, жазбалары бар еді, қазір жоқ», – дейді. «Ал енді осынша өлең, жырларды қайдан, кімнен тауып алдың?» деген сұрағымызға нақты жауап болмады!» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Кенжалиев И. Сегіз сері кім? // «Жалын» журналы, 9-10 сандары, 256-273 беттер). 
       Бұдан әрі былай деп жалғастырады сөзін ол:«М. Шақшақов туралы («Сегіз серінің» шын есімі «Мұхаммедқанафия» дейді Қ.Биғожин.-Б.К.) алғаш мәлімет Әдебиет және өнер институтында 1974 жылы Қаратай Биғожиннен, кейін Мәди Болатовтан түскен және жеке қолжазбалар тапсырылған».
       Анықтап білген осы дерек бойынша И.Кенжалиев  Мәди Болатовты іздеп табады. Онымен кездескенін былай деп баяндайды: «...Жезқазғанға барғанымызда Ғылым академиясына жіберген Мәди Болатовпен сөйлесіп: «Сегіз шығармаларын кімнен алдыңыз?» – дегенімізде ол кісі Қ.Биғожинге сілтеді (астын сыздық.-Б.К.). Менің «Сегіз серінің Бекмағанбет Өтемісовке айтқан өлеңі бар көрінеді», – дегеніме Мәди сенбеді. «Сегіз сері Бөкейлікте қайдан болсын, бұл сірә Қаратайдың өзінің құрағаны болар» – деді ол. Өйткені ол ауыз әдебиетін көп біледі, әрі өзі де өлең шығарады екен» (астын сыздық.-Б.К.).
       Гәп қайда жатыр, әне!
       «Мәди пікірінің растығына қосыламыз, – дейді одан әрі И.Кенжалиев. – Биғожин Қаратай Семейге, Павлодардан Оралға аралап жүре беретін көрінеді. Оны өзі айтады. Білгенін таратып, жазып та береді екен» (астын сыздық.-Б.К.).
       Тарихшы-ғалым И.Кенжалиев 1978 жылы Талдықорған облысына сапарлайды, сонда Қ.Биғожин атаған «Жетісу» колхозында тұратын Қақабаев Ысмағұлға, Жауленов Нүсіпбекке, Тынышбаев Жамаубайға, Керімбаев Балтабайға, т.б. кісілерге жолығып, «Сегіз сері» туралы сұрайды, олар ештеңе де айта алмайды. Сонан «Жаңаталап» совхозындағы Мамыраев Адамбайға барып әңгімелеседі, бұл да мардымды жауап бермепті.
       Мұнан кейін И.Кенжалиев Солтүстік Қазақстанға, нақтылап айтсақ, «Сегіз серінің» атамекеніне барады. М.Шақшақовты біледі деген адамдарды тауып алады. Сөйлеседі. Бұл жолғы сапарын былайша баян қылады: «...Преснов ауданындағы ...Қ.Жапаров, Ж.Бекбауов, т.б. кісілермен сөйлестік. Бұлар да жөнді мәлімет айтпай, «Сегіз сері туралы есітеміз, Қаратай айтып жүр ғой» деген сияқты сөзбен ғана шектелді» (астын сыздық.-Б.К.).
       Өзге жұрт білмесе не жазық бар, не өкпе бар. Масқара қылғанда «Сегіз серінің» үлкен ұлы «Мұстафаның» немересінің өзі білмейді дейді, сондай да сондай болған атасын.
       Бұған айғаққа ғалымның сөздерін тағы да ұсынайық. «М.Шақшақовтың үлкен ұлы Мұстафаның немересінің үйінде болып балаларын көрдік, – деп жалғастырады шындық үшін, тарихтың тазалығы үшін шыр-пыр болып жүрген Исатай аға Кенжалиев. – Әңгіме айтар ешкімді таба алмай, Архангельск ауыл кеңесіне барып, орта мектеп директоры Қ.Қопышовпен жүздестік, ол: «Сегіз сері туралы естиміз, анығын білмеймін, қарттардан ондай кісі болды деп естімедім», – деді. (астын сыздық.-Б.К.) «Гауһартас», «Мақпал», «Қарғаш», т.б. әндер Сегіздікі дейді, сіз сенесіз бе?» деген сұрағыма күмілжіді».
       «Сонымен М. Шақшақов еліне барып, – дейді тарихшы ғалым, – Сегіз сері деген айтулы адам болғанына көзімізді жеткізе алмадық. Сонда да тағы іздестіріп облыстық газетке мақала жаздық. Бұнымен қатар Омбы облыстық архивіне хат жазып: «Ондағы әскери училищеде 1830-1835 ж. М.Шақшақов оқыды ма?» – деп сұрадық, бірақ үміт ақталмады (астын сыздық.-Б.К.). Біз бұған да тоқтамай, Омбы губерниясының архивінен 345-қорды қарап, сол кезде қазақтарды билеген «Петропавл, Көкшетау приказы» деген жергілікті әкімшілік материалдарын ақтарып, Таузар аулынан, Есеней Елемесов би ауылы адамдарының тізімінен Баһрамұлы Мұқамбет-Қанафия не оның туыстарының есімін кездестіре алмадық... Архивте Сегіз серіден бұрын жасаған Қазбек би туралы жазба бар, Өскенбай, Шорман, Тәттімбеттер жөнінде мәлімет бар...» (астын сыздық.-Б.К.)       
       Ғалым ағамыз іздеуін тоқтатпайды. «Сонда да біз Сегіз серіні білер деген кісілерді іздестіріп Павлодардағы Елеуке Қалдановқа (журналда Қаукенов. Корректорлық қате.-Б.К.), Жезқазғандағы Пішенбаевқа, т.б. азаматтарға хат жазып, сұрау салдық. Бәрі де «Қаратай біледі, біз содан алдық дейді» (астын сыздық.-Б.К.), – деп баяндайды Исатай Кенжалиев.
      Мінекей, баршамыз куә боп отырмыз, таныстары, жерлестері «Сегіз сері» турасындағы «мәліметтердің» тек Биғожиннен алынғанын, жұртқа содан тарап кеткенін айтқан. Тарихи құжаттарда, архивтерде есімінің кездеспеуі де өмірде мұндай тұлғаның мүлде болмағанын толық айғақтап тұр.
       Қоясы ақтарылған, еш абырой әкелмейтін бұл өтірікті әлі де шындыққа айналдырам деп қайта-қайта екілене беретін Б. Нұржекеұлының, оның жақтастарының, т.б. мұның бос әуре екенін ұғып, мойындайтын уақыттары болды.    
                  Қ. Биғожиннің бейәдеп әрекеттерге баруының негізгі себептері
       Қ. Биғожиннің шектен шыққан мұндай әрекеттерге бару себебі мына жайларға байланысты екен: 1960-70 жылдары ҰҒА  М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қорына ел ішінен фольклорлық мұраларды жинап тапсырушылар еңбегіне мемлекет арнайы қаржы бөлген. Ақшаға қатты қызыққан Қаратай Биғожин де халық арасынан ескі заман «туындыларын» жинай бастайды. Бірақ басқа жолмен. Басқа әдіспен. Ол «халық өлең-жырларын» өзі шығарады жанынан. Жанкісі жырау боп. Жанақ ақын боп. Біржан сал, Көкбай Жанатайұлы, Нұржан Наушабайұлы тағы басқалары боп. «Шығармаларының» кейіпкері қып «Сегіз сері» дегенді алады. Сыр бойы мен Ырғыз өңірі арасын жайлайтын қазақтар арасында туған, үзіндісі С. Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабына енген «Мақпал – Сегіз» атты дастаннан. Бұрмалап. «Сегіз серінің» «атасы» «Қожаберген» «жырау» дегенді және ойлап табады. Биғожин осы «ақын бабаларына» өзі жанынан құраған күлдібадам «Қыз Жібек» «жырын», «Елім-ай» «дастанын» т.б. таңады, солар шығарды деп. Мерзімді басылымдар арқылы насихаттайды. Сонымен қатар халық мұралары мәтіндерінің кейбір тұстарын өзгертіп бұзып, немесе оған шатпақтап шумақ қосып, бәлен деген өлеңнің, жырдың бастапқы нұсқасы осылай еді деп те жіберіп отырған. Қазақтың бойына совет өкіметі қалыптастырған жағымсыз психология бар-тын, ол – қарсылық танытпай бас шұлғи беру. Сондай жаман қылықтың бірі – кітапқа, газетке не жазылса да бәрін ақиқат, бәрін керемет санауы, сенуі. Өзіндік сын көзбен, күмәнмен қарау жоқ-ты... Өтіріктің әуелгі өріс алуы – осылай. Жақсы білетіндер Қаратай Биғожин туғаннан кемтар кісі-тұғын деп куәлік береді (Қараңыз: Қ. Омаров. Жалған ойға жармасқан топ. // «Қазақ әдебиеті» газеті, 29. 06. 2007 жыл). Күнкөріс қамындағы мұқтаждықтан һәм мүгедектігінен ол осындай бейәдеп істерге барған. 
       Қ.Биғожин ойдан шығарған жалған «Сегіз серіге» Білім министрлігі мен ҰҒА ғалымдары нүкте қойған-ды (Қараңыз: ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімі (27.11.2006 жыл. № К–1514 /. «Ана тілі» газеті. № 5. 1.02.2007; «Жұлдыз» журналы. № 3. 2007; «Қазақ әдебиеті» газеті. № 5. 2.02.2007 жыл; Қараңыз: ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғалымдарынан құрылған Тексеру комиссиясының қорытынды-сараптамасы (6.02.2007 жыл, № 056/35 - 0325). «Қазақ әдебиеті» газеті (№ 29. 20.07.2007 жыл).   
       Осылайша әлдеқашан әшкере болып, Жайық пен Алтайдың арасын жайлаған ел түгел құлақтанған өтірікті рас қылам деп ауық-ауық аласұру – селкілдеген сексеннен асқан Бексұлтан Нұржекеұлына жарасатын қылық па?!