Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Маркиза БАЗАРБАЕВА: «Қара Хайдар мен Әулие Ана» Ертегі

 

Баяғы өткен заманда бір ғұламаның өте сұлу қызы болыпты. Ол он жасқа келгенде шыңырау құдықтан су алуға барыпты. Құдықтың түбіндегі мөлдір судан өз бейнесін көріп тамашалапты. Қолаң шашын өріп ойнап тұрыпты. Абайсызда  түйенің мойынын біреулей сойып, көннен тігілген ауыр қауға құдыққа түсіп кетіпті. Тез іліп ала қоймаққа ұмтылған қыз ауыр қауғаның екпінімен өзі бірге құдыққа түсіп кетіпті. Мұздай суда дірдектеп жылап тұрған қыздың дауысын естіп аңнан келе жатқан батыр құдыққа бұрылыпты. Су ішінде тұрған қызды көріп, оған дереу қауғаның ішіне түс деп бұйырыпты. Содан қасындағы жігіттеріне қауғаны құдықтан тартқызып қызды шығарады. Құдықтың ауызына келгенде қыздың білегінен ұстап көтеріп алады. Қызды атына мінгізіп әкесінің үйіне әкеледі. Жаңа сойылған малдың терісіне орап денесіндегі суықты шығарады. Қыз әкесі риза болып алғыс айтады. Өлімнен өзің құтқарып қалдың. Қыз саған тиесілі дейді. Оған батыр көнбейді. «Қыз болса жас. Мен одан жиырма екі жас үлкенмін. Айтқаныңызға рахмет» дейді. Өскен соң өз қатарына қосыңыз дейді.
      Жылжып жылдар өтеді. Қыз балиғатқа толады. Ой жақтан отыз жігіт келіп айттырады. Қыз келісімін бермейді. Қыр жақтан қырық жігіт құда жібереді. Қыз келісімін бермейді. Содан жеңгелері сұрайды. Кәрі қыз болып отыра бересің бе, бикеш дейді. Сонда қыз «мені әкем кезінде бір батырға берген. Ол батыр менің білегімнен ұстаған алғашқы ер адам. Мен күйеуге шықсам тек сол кісіге шығамын» дейді. Жеңгелері қыз сөзін әкесіне жеткізеді. Әкесі қыз шешімін мақұлдайды. Көп жасаумен қызын сол батырға ұзатады. Бірақ батырдың алғашқы әйелі қызғаныштан әр нәрсені  сылтау етіп, ол қызды таяқтың астына алып тұрады. Қыз сабырмен, кешіріммен қарайды. Батыр біліп қалып араша түсіп, бәйбішені жазаламақшы болғанда кешірім етуін өтінеді. Мінезі жайлы, ақылы артық, өзі сұлу жас келінді бүкіл ауылы жақсы көріп, оған жақтасып тұрады екен.
     Бір жолы батыр алты айшылық алыс сапарға кетеді. Орнына бәйбішесін ел басқаруға қалдырады. Осыны пайдаланған бәйбіше дереу ауылды басқа жерге көшіруді бұйырады. Ал жас босанып отырған тоқалды осы ауылда, көшкен жұртта тастайды.  Қойшының жаман лашығын, ескі-құсқы киімдерді қалдырып, екі күннен кейін көшіріп әкетеміз деп алдап кетіп қалады. Жас әйел оның өтірік айтқанын сезсе де істерге амалы жоқ. Көшкен жұртта жалғыз қала барады. Қолына шелегін ұстап бұлақ басына барса, су алуға бұлаққа батырған шелегіне топырлап балық түседі. Сол балықты жеп, жегеннен артылғанын кептіріп алып, тамақ етіп отыра береді. Бәйбішенің қалдырған азғана ұнынан өз сүтіне илеп тәтті күлше пісіреді. Оны кішкене ұлына шайнап беріп тағалжу етеді.
      Бір күндері көкжиектен шаң көрінеді. Байқап қараса батыр емес, бөгде адамдар. Келіншек дереу ескі-құсқыны киіп, басына кимешек салып, жасы келген кәрі кемпір құсап киініп, келгендерге қарап тұрады. 
     Бұлар жылқы алуға шыққан барымташылар екен. Киім киістеріне қарағанда  алыс ел Түрікменнен келе жатқан сыңайлы. Өздері сойылдарын сүйретіп, жау жарақтарын сайлап шығыпты. Олар да жалғыз лашықты көріп сусын ішпекке бұрылады. 
      Сүті көп келіншек баласының емуінен артылған сүттен ашымал көже жасап қоятын. Жолаушыларға соны ұсынады. Ішінде оларға басшы болып келе жатқан сұлу мұртты жігіт ол сусынды өзі ішпей әуелі жолдастарына ұсынады. Жиырма жігіт қанып ішкенде өзіне жетпей қалады.
     – Шешей, мен құр қалдым ғой. Жейтін бірдеңе берсеңіз ықыласыңызға бата беріп аттанайын, – дейді. Сонда келіншек дастархан жайып жіберіп, кебежеден тәтті күлше шығарады. Бәрі дәм ауыз тиеді.
      – Өмірімде мұндай тәтті күлше жеп көрмеп едім. Қалай пісірдіңіз, ішіне не қостыңыз? – деп сұрайды. Келіншек өз омырау сүтіне илеп пісіргенін айтады. Сонда жаңағы сұлу мұрт жігіт орнынан тұрып әйел алдында тізерлеп отыра кетеді.
     – Шешей, енді бәріміз сіздің сүтіңізді ішкен сіздің балаңыз болып қалдық. Не тілегіңіз бар, не бұйырасыз? – дейді. 
     Ол осы елде Бәйдібек бидің (Бәйдібек – осы келіншектің күйеуі) тоқсан мың жылқысы барын естіп, соны айдап кетуге сайланып шыққан қарақшы Қара Хайдар болатын. Соның жайлауы қайда екендігін қазір ғана сұраған. 
      Келіншек сонда: «сол сіздер іздеп келе жатқан жылқыларыңнан тек біреуін балам екеумізге тастап кетсең болады» дейді. 
      Бәйдібек бидің  ауылда жоқ екендігін пайдаланып,  мыңғырған жылқысын шұрқыратып айдап  әкетеді. Қайтар жолда жаман лашықтың үстімен жосылтып өтеді. «Қалаған биеңіді ұстап алыңыз» дейді. Әйел көп жылқыны көзімен шолып құла сары биені іздейді. Ол осы көп малдың түп қазығы, мына көп жүйріктің тұқымы содан тараған болатын. Құла бие лашықтың тұсынан өтіп, ұзап кетіпті. Құла биенің тұңғыш төл басы – құла сары айғыр шашасын тасқа соғып ақсап келеді екен. Жылқыларға ілесе алмай, барымташыларды ығыр қылғанға ұқсайды. Сонда келіншек «ақсап келе жатқан кәрі айғырды тастасаң болады» деп, жылқының мойнына белбеуін салған екен, асау айғыр лезде жуасып, лашықтың белдеуіне іле салған жіпке көніп тұра қалыпты. Мынаны көрген түрікмен жігіт себебін сұрауға бір оқталады да, жаман лашықтағы қайдағы бір әйелді тергегендей болармын деп тартынады. 

      Іле-шала жылқысын алдырған ел жаудың артынан қуады. Жолда байлаулы тұрған айғырды көріп бұрылады. Бұлар – бәйбішеден туған тоғыз ұл еді. Келіншек оларды сабырға шақырып, кісі өлімі болмасын. Жау қайратты жігіттерден іріктелген. Сендерден саны екі есе көп. Қазір қумаңдар. Жылқы өзі келеді дейді. Қуа шыққан жігіттердің кейбірі қызбаланып: «Сен өзің солармен ауыз жаласқан шығарсың? Әйтпесе саған неге   мынау біздің айғырды  байлап кетеді?» деп байбалам салады. Ал өздері кеше түнде шілдехана жасап, той тойлап, жылқыны қараусыз қалдырғанына қымсынбайды да. Бірақ басқалары басу айтып, келіншектің ұсынысын тыңдайды. Әйел  мына айғырды биік жотаның басына кешқұрым алып шығыңдар. Қолтығына, шабына  қыл бұрау салыңдар. Жылқы кісінеп, жан дауысы шығар. Сонда мұның дыбысын естіген, осы айғырдан туған көп жылқы өзі келер дейді.
      Жылқышылар әйелдің айтқанын бұлжытпай істейді. Қарақшылар бұл кезде Сарыбұлақ аңғарына жеткен болатын. Іңір қараңғысы қоюланып, не де болса осы жерде аялдауды ұйғарған. Кешкі тамақтарын қамдап жатқан. Енді осы аңғарға малды үйіріп, көз шырымын алмақшы. Таң саз бере жолға шықпақшы. Ол кезде ауа тұнық. Айқай алты қырдан асып, үн бұзылмай жетеді. Құла сары айғырдың қыл бұрау жанына батып, шұрқырап құлындай кісінеген дауысы аналық бие Құласарыға жетеді. Кәрі бие өзнің тұңғыш құлыншағының дауысын жазбай таниды. Құлағын қайшылап тұра ұмтылады. Оны қашырмауға тырысып қанша қамаласа да бой бермейді. Ұстай алмай әуре болған барымташылар:  – Құрысыншы, осы кәрі биені кім алар дейсің? Кетсе кете берсін, – дейді. Үйірді айнала шауып арқырап алған бие елге қарай тура тартады. Оған ілескен көп жылқы, осы құласары биедан өрбіген көп жылқы қарақшыларға бой бермей шұрқырап түгел кетеді. Тас қараңғы түнде жылқыны қайыра алмай жігіттер қалады.
     Манағы өзіне шешімі жоқ сияқты жұмбақтың, кемпірдің ақсақ кәрі Құласары айғырды ғана сұрап алуының мәнін енді түсінген Қара Хайдар санын бір соғады. «Ол кемпір әулие екен. Енді жылқыны қуып барғанда сол кемпірді соққыға аламыз ба? Бізге ана болдыңыз деп өзіміз аузымыздан айттық. Бұнымыз ер жігітке намыс болар. Қумайық», – деп, қарақшыларына басу айтады.
      Қара Хайдар да жаугершілікте көп ерлік көрсеткен, өзі жүректі әрі парасатты кісі болатын. 
    
      Әлқиса, Бәйдібек еліне оралғанда ауыл адамдары келіншегінің бір адам шығынын шығармай жау барымталаған қыруар малды үйде отырып қалай қайтарып алғанын жыр етіп айтып береді. Бай оның өзіне алты қанат ақ үй тіккізіп бөлек ауыл етіп ұстайды.
      Арада алты ай өткенде Қара Хайдар қасына екі-үш жолдас ертіп осы ауылға қайта келеді. Бәйдібек бидің үйін сұрап, шаңырағына арнайы қонақ болады. Екеуі достасып, Хайдар өз ісіне ұялып кешірім сұрай келгенін айтады. Бір апта қонақ болып, өзінің Айдар атының қалай Қара Хайдарға айналғанын жыр етіп айтып береді. Сөз соңында өзіне ана есепті болған әулие кемпірден бата алғалы келгенін сездіреді. Оған әдейі әкелген сыйы барын айтып, байға сол кейуананы таптырып беруін өтінеді. Бәйдібек ол менің әйелім дегенде талып түсе жаздайды. Ақыл-парасатын айтып тамсанып отырғанда келіншектің өзі кіріп келеді. Енді Қара Хайдар оның хор қызындай сұлулығына қайран қалады. Ұшып тұрып, анасындай құрмет көрсетеді. Әйелдің ішіндегі әулиесі сіз дейді. Әкелген сыйы – арнайы шебер  ұстаға соқтырған асыл гауһар. Құны бір патшалықтың құнымен пара-пар. Хайдар тарту-таралғысын беріп оны «Диһнат мама» атандырады. Ол түрікменше айтқанда  «Әулие ана» дегенді білдіреді. Әулие деген сөз – әділетті жақтаушы, мейірім нұрын ұсынушы қасиетті жан дегенді білдіреді. 
      Қара Хайдардың дуалы ауызымен айтылған осы есім Нұрила сұлудың төл атына айналады. Оның ақыл-парасатын бүкіл түркі жұрты ауыздан ауызға жеткізеді. Жастар сол оқиғадан үлгі алады. Іздеп келіп ақыл сұраушылар көп болды. Диһнат мама есімі түрікмен, қырғыз, тәжік, өзбек, қарақалпақ елдеріне кең жайылды. Иісі қазақ әулие ананы түгел ардақ тұтты. Есімі көне замандардан бүгінгі ақылды ұрпағына жетті. Тек Диһнат мама сөзі қазақтың жалпақ тілінде Домалақ анаға айналған-ды.