Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. АЯПОВА Гүлзира Боранбайқызы: «Марат Мәжитов әңгімелеріндегі тарихи тұлғалардың берілуі»

Қазақ прозасында Атырау өңірінен  түлеп ұшқан қаламгер Марат Мәжитұлы сан жанрдағы көркем шығармалары арқылы ұлттық әдебиетті дамытудағы орны жоғары. Жалпы, М.Мәжитов шығармашылығын көз салсақ, поэзия, проза, соның ішінде тарихи тақырыпты кеңінен дамытқан жазушы болды.
Академик С.Қирабаевтың  «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті» зерттеу еңбегінде: «Қазақ  қаламгерлерінің кейінгі ұрпағы үшін аға жазушылардың өнеге-үлгісі үлкен мектеп болды. Қазіргі әдеби дамудың негізгі салмағын көтеріп келе жатқан 60-70 жылдар өкілдерінің өзі осы мектептен шықты. Реалистік өнерді байытып, оны тұрмыс-тіршіліктің, адамның жұпыны өмірінің шындығын терең бейнелеу арқылы жетілдіріп, қоғам мен адам дамуының қайшылықты күйін ойшылдықпен суреттеуде осы ұрпақ тың ізденістерге баруда. Аға ұрпақ үлгі еткен монументтік өмір суреттеріне қосымша бейнелеудің бұл әдісі де ұлттық әдебиеттің үнемі ізденіс, өсу үстінде екенін танытады» [1,196] деген пікірі тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиеттің дамуына нәр болған өткен тарихтың ізіндей жүріп өткен жолы екенін танытады.

М.Мәжитов шығармаларының  негізі әңгімелерден тұрады. Біз автордың әңгіме жанрында жазылған шығармаларын төмендегідей тақырыпқа бөлдік:
1.    Тарихи тұлғалар арнаған әңгімелері – «Құмдағы із», «Бір күн, бір түн», «Аманғали».
2.    Ауыл өмірі тақырыбына арнаған әңгімелері: «Түтін исі», «Жалғыз терек», «Шарана», «Ақбөкен», «Өмір кілті».
3.    Жылқы малы тақырыбына орай  сәйгүлікті жарату, атбегілікке арнаған әңгімелері:  «Бапкер», «Шонайдың Шалқасқасы», 
4. Махаббат тақырыбына арнаған шығармалары: «Ол қайта оралады», «Сенім».
Алғашқы әңгімелерінен бастап М.Мәжитовтің қаламы туған жерден нәр алған құтты қаламы тарих шындығына өзінше бойлап, ауыл тақырыбын кеңге тарта таразылып, бүгінде ұмытылып бара жатқан төрт түліктің ең мықтысы саналар жылқы малының қыр-сырын, бапталу тарихын кеңніен бейнелей білген.  Қаламгердің әңгімелерінің әрқайсысының  тақырыбы мен идеясынан ұлттық танымның рухы аңқып, жастарды ұлттық тәрбие мен тағылымнан өнеге алуға шақырады. Қаламгердің шығармашылықпен айналысып, жазушылық жолға түсіп, қалыптасуына  әкесі Кәрімнің орны ерен болды.   Қаламгердің «Бәйге жиреннің тағдыры» әңгімесінде әкесінің бір сөзді, тәрбиеге қатал, бала тәрбиесінде өзіндік жолы бар әкенің атбегілік қасиетін де сипаттайды. Жалпы, жылқы малының қыр-сырын ұғу, бәйге атын дайындау кез келген адамның қолынан келер нәрсе емес. Жылқы малының қасиетін тану,  бәйгеде желдей есіп су төшілмес жорғадай етіп дайындау  қыры мен сыры, ұзақ дайындықты талап ететіні белгілі.   
Қаламгердің ең алғашқы туындысы 1973 жылы «Құмдағы  із» атты әңгімесімен басталады. Аталмыш әңгіме «Жұлдыз» журналына жарияланады. 
Құныскерей Қожақмет баласы туралы мұрағаттағы мәліметтер  қазіргі кезде Батыс Қазақстан өңірне кеңінен тараған тарихи тұлғаның бірі екенін дәлелдейді. Ол 1895 жылы сол Гурьев уезіне қарасты Тайсойған өңіріндегі Борсан қыстағында дүниеге келген. Газет-журнал  беттерінде жарияланған материалдар негізінде Қазан төңкерісі кезеңінде белсенді қызмет атқарған адамның бірі болған. 1920 жылы «Трудовая правда» газетінде жарияланған мақалаға тоқталсақ: «Гурьевке елден азық-түлік тасып, әсіресе мал айдап әкеліп, оның етін дайындауда Қожахметов Құныскерей айрықша көзге түсті. Ол-өте-мөте іскер әрі бірбеткей, таза, совет өкіметінің ел ішіндегі сенімді өкілі» [2,3] деп  хабарлама  берілген. 
Дегенмен осы жылдың аяғына таман Орал қаласындағы мұрағаттан Құныскерейдің  екі тәртіп сақшысын өлтіріп, атқа мініп қашқандығы туралы мәліметтер табылған. Бірақ, Құныскерейдің бұндай қанды іске ұрынған себебі, қанды көйлек досының жүйрік аты үшін  тәртіп сақшыларының атып өлтіргендігі себеп болған. Мұндай жүгенсіздікті көрген Құныскерей досының кегін алып, қырға шығып кетеді. Тәртіп сақшыларынан, ел билеушілерінен қысым көрген адамдардан отряд құрып, Құныскерей кең далада жеті-сегіз жылдай жүріп, «кектерін» қайтарып отырған. Дегенмен, 1927 жылы Түрікпен еліне бет алған.    
Әңгіме оқиғасы өткен ғасырдың бас кезіндегі тарихи жағдай сипатталып, Құныскерей атты қызылдарға қарсы шыққан банды туралы баяндалады. Қаламгердің бұл туындысы кейінірек толықтырылып, романға айналады.
М.Мәжитовтің баспа бетін көрген тұңғыш кітабы «Қып-қызыл жалын» 1979 жылы «Жалын» баспасынан жарыққа шығады. Қаламгердің тұңғыш кітабына бес әңгімесі және екі повесі жарияланады.
Кітапқа атап айтқанда, «Құмдағы із», «Қып-қызыл жалын», «Түтін исі», «Бір түн, бір күн» және «Бапкер» әңгімелері  баслып шыққан. Жинақтағы әңгімелерді тақырыбына қарай бөлсек, бес әңгімеде бес түрлі тақырып қозғалған. Атақты Құныскерей туралы туған өлке тарихындағы болған оқиға ізімен «Құмдағы із» әңгімесінде сипаттаса, одан әрі махаббат, ұлттық тәрбие, соғыс кезеңінің шындығы және атбегілік,  тұлпар тақырыбында бейнелейді.
«Құмдағы із» әңгімесі біз жоғарыда атап өткендей қаламгердің «Жұлдыз» журналына жарияланған тұңғыш әңгімесі.  «Бір мың тоғыз жүз отызыншы жылдың көктемі. Көктем туғанына көп болмаса да, шілде айындай-ақ күн көзі жер бетін күйдіріп барады. Тоңазыған тамырларына жылылық тигесін, шөп біткеннің жандары кіріп, көктері жалбырай бастаған» [3,86]. Әңгіме бастауы пейзаждық суреттемеден басталып, өткен ғасыр басындағы нақты оқиғаның болғандығын баян етуге бағытталған. Себебі, жыл, жыл мезігіліндегі көктемнің алғашқы күні деген сөйлмедерден жазушының нақты істі баяндауға көшкенін байқаймыз. 
М.Мәжитов әңгімелеріндегі тағы бір атап өтерлік ерекшелік-әр туындысының туған жермен нық байланыстылығы. Әңгімедегі жер атауы, болған оқиғалар тізбегі, тарихи оқиғалар, осы өңірде өмір сүрген реалды тұлғалар есімі  әңгімеде сол қалпында берілген. «Колхоз малын Тайсойғанның шүйгін шөпті шағыл ойпаңдары аман сақтап қалды. Ызғырық қызыл жел құбылаға ауғанда-ақ, колхоз адамдары қыстақтарын тастап қоқтыға қонып алған. Құм қойнауына кіріп кетсең, аттылы түгіл түйелі адамың көрінбейді.  Осы құм  терістікке  Бүйректен басталады да, Оңтүстік шығыста Соркөл өресінен аяқталады. Ұзыны да, ені де жүз шақырымнан асатын, бұл шағылды құмдардың ортасын қақ бөліп, Жарыпшыққан саласы ағады. Ақтөбе, Қобдадан төмен сырғитын Ойыл өзені, шағыл біткеннің ірге-іргесінен жанамалай ағып, Қызылқоғадан аса бере Жарыпшыққанмен қосылып бір арна болады да, Соркөлге құяды. Осы құмды аймақты халық Тайсойған өңірі дейді» [3,87].
Жанры әңгіме болғанымен, туған жер атауы  романға тән  кеңірек сипатталғанымен, қысқа да шағын  туындының стиліне еш нұсқан келітірп тұрған жоқ. Жазушы алғашқы туындысы болғандықтан ба, әр ұғым, тақырып атаулыға жинақы сипатта  орын беріп отырған. Оқиға желісі композициялық негіз бойынша шарықтау шегінен басталып кеткен. Ол қашқын Құныскерейдің ауылдың іргесінде іздеуші отряд тұрғанына қарамай, ауылына келіп қонып кетуі. Құныскерейдің туған үйіне келіп, алакөбеңде тұрып шағылға қарай аяңдап кете баруы.
Осыдан соң барып әңгіме лирикалық шегініс ретінде  композициялық  желіге енеді. Әңгіменің тақырыбы «Құмдағы із», ауыл белсенділерінің асыра сілтеуіне шыдай алмай ауылдасы үшін қарсы тұрған Құныскерейдің әділдік таба алмай құм арасында қашқын  атануы.  Әңгіменің  идеясы – ғасыр басындағы алмағайып кезеңде, яғни «ақтар қашып, қызылдар келіп» елде бейбітшілік  заман орнағанымен, еркіндік пен теңдіктің  ел арасында толыққанды орнамай, әркім «өзім білем» деген саясаттың желеу алып,  қазақ ауылдарының тынышын кетіріп тұрған сәт. 
Шығарманың бастауы – Құныскерей бандыны іздеп қаладан арнайы отрядтың шығуы.  «Құныскерей құмда жүр, үйіне қонып кетіпті» деген хабар Қызылқоғадағы милиция бастығы  Иманғалиев Әлімнің құлағына тиді. Ол сол күні өзінің орынбасары Қалабайды шақыртып алып, іске кіріспек болды» [3,90].
Оқиғаның дамуы – Құныскерейдің қашқын атануына себеп болған жүйрік атқа мініп, ізді кескен Қалабайдың сан соғып қалуы. «Қызылқоғадан жылдам аттанып кеткенмен, Қалабай асыға қоймады. Сойылып жатқан қойдың етін жеп, осы ауылдан салқын түсе аттанбақе, Оразалы қоқтығысындағы ауылдардың үстінен түспек. 
-Сағынғали, - деді қасындағы отырған жігітке. – Күреңді сай суының тұнық жерінен су ішкізіп, қайта орнына байлап жемдерсің. Өз атыңды мін де, оны жетегіңе ал, байқа суға аунап қалмасын. Мен тамақ піскенше мызғып алайын.
Күреңді жетекке алып, тура өзіне қарай келе жатқан аттылы көзіне ілінісмен Жәрдем төмен сырғып, сайды  жағалай өскен жиде ағашының тасасына тұра қалды.  Сағынғали терең сайдың ішіндегі жиде-талдың тұсынан өте бергенде-ақ барысша атылған Жәрдем оны ат үстінен жұлып алды да, айқайға келтірместен жүрек тұсынан қара кездігін бойлатты» [3,93].
Оқиғаның шиеленісі.  Облыс орталығынан арнайы отрядтың шығып, құм шағылды сүзіп өтуі. «Іңір қараңғысы түсе қайтып барған жәрдем жодастарына көрген-білгенін бастан аяқ баяндады. Қанын ішіне тартып, құп-қу боп Құныс отыр. 
-Сонымен, бас-аяғы отыз екі адам дейсің бе? – деді Құныс Жәрдемге қарап, - бәрі де қарулы ма?
- Иә, бәрінде де винтовка
- Сенің болжамыңа қарағанда, отряд бастығы Әлімнің өзі болды ғой
- Апырай, менің «Әулие ата» басына соғатынымды қайсысы екен, сірә, Нұрғазы болар. Мына қара жауынның арты созылса, бізге көмектеседі. Қоқтыдағы ауылға да Әлім тыңшыларын қалдырған болар. Дегенмен, мен ауыл жаққа соғып қайтайын. Сендер, осы орыннан қозғалмаңдар, - деп Құныс түрегелді» [3,105].
Оиғаның шешімі. Аудандық милиция бастығы Әлім басқарған отрядпен Құныстың ауылында кездесіп, бірақ құтылып Түркімен жеріне аттануы.
Автор Құныскерейге  арнап әр жанрда шығарма арнады. Әңгіме, повесть, роман. Бір кейіпкер арқылы автор шиеленісті оқиғалар желісінде әр қырынан  Құныскерей бейнесін сомдап, кезеңдегі шындықты ашуға бет бұрған. Ең бастысы оқиға желісі таза шындыққа құрылғандығы. Құныскерейді қарақшы қылған ауыл атқа мінерлерінің  әлі де кедей-кепшікке тізелерн батырғандығы,  ел арасынан бас көтерген азаматтардың әділдік үшін бас көтергендігі. Сол жолда елін тастап қашқын атанғандығы. Кім жазықты?
Отряд бастығы Әлім Құныскерей жағында, бірақ істеген ісі заңнан аластатып-ақ барады. Бірақ, ел үшін жыраққа кеткен есіл ердің ерлігі, оқтан қорықпай тіке бет бұруы, сөзге шешендігі,  жаңа мемлекеттің мақасатын түсінбей, елді ықтыруға күш салған жандайшаптардың әлі де сайран салуы. Бұлардың бәрі жиналып келіп, қазақтың мұңы болып беріш ретінде қатуы. Сол ел, ұлт үшін еңбек етер тас түлекті елден бездірген арсыздырдың жолбарыс терісін жамылып, ішін алдырмауы. Міне, автордың басты айтар тақырыбы осы болмақ.
Тарихи тақырыпқа жазған автордың келесі әңгімесі – «Аманғали». Әңгіменің бас кейіпкері – Аманғали Кенжеахметұлы   Құныскерей тағдырына ұқсас жан. Нарын өңірінде Кеңес өкіметінің  әділетсіздігіне қарсы шығып,  құрбан болған жан  Ол батырлығымен қоса, әнші, палуан болған.  Аманғали Кенжеахметұлы маусым жарлығы кезінде елдің алды болып, майданға алынған. 1917 жылы Ақпан төңкерісі кезінде елге оралып,  Нарын өңірінде  кеңес үкіметінің орнауына ат салысады. Кеңес үкіметінің жұмысында жүріп, ак гвардияшыларға қарсы соғысқа да қатысқан. Ауыл белсенділері Аманғалидың соңына түсіп, Кеңес үкіметіне жек көрінішті  етеді. Аманғалидың соңына ірі жазалаушы отряд шығып, қаза табады. Бейіті Атырау облысы Құрманғазы ауданының Қарағайлы елдімекенінде. Аманғалидың әндерінен  А.В.Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» кітабына екі әні енгізілген.  Аманғали туралы  И.Жақанов, Т.Досымов, Л.Қапашев, Е.Домбаев шығармалар жазған. 
М.Мәжитов «Аманғали» әңгімесінде  Аманғали Кенжеахметұлының қуғында жүрген кездерін бейнелейді. «Астындағы қарагерін сипай қамшылаған Аманғали ат тізгінін сәл оңға бұрып, Тайман шоқысына қарай беттеді. Көкірегі алай-дүлей, ойы шартарапта. Көктемде қар суымен бұрқ етіп тасып, екі-үш тәулікке жетпей құрғап қалатын сай аңғары сияқты мұның да қиялы кеуіп  қалған сыңайлы ма, қалай, әйтеуір, Жұмағалидан басқа көз алдына ештеме елестемейді»   [5,5].
Әңгімені оқу барысында, қаламгердің романға барар жолдағы кішкене тыныс алар сәті екенін түсінесіз. Себебі, шағын әңгімеде Аманғали бейнесі толық ашылмай,  Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса сынды өнерпаздар галереясы көз алдыңа елестейді. Аманғалидың өміріне қауіп төнгендегі кезеңінің кішкене көрінісі сипатталғандай көрінегенімен, қаламгер қиын-қыстау кезеңдегі кейіпкердің басын қатерге  тігіп, ұнатқан адамын құтқаруға ұмтылған  батыр тұлғаны да іштей құптап қоясыз. 
Құм ішіне жалғыздан-жалғыз ашқын атанып, кеткен Аманғалидың жарын әкесі мен анасы еліне ертіп әкетеді.  Аманғали жары Мұхсинаны ертіп әкету үшін қайын жұртына барып, ертеңі белгісіз боп тұрса да, өзіне сенген қаракөз сұлудың тілегін орындау үшін де төбедегі ауылға бұрылады. Мұхсина ата-анасының жалғыз қызы. Бары да, нары да осы бір қыр гүліндей нәзік болғанымен дауылды желге  шыдас беретін сабағы берік бойжеткен болатын. Ата-ана, Аманғалидың  күткен шешімін көп ойланбастан айтып-ақ тастады: «Әке, мама, ағат кетсем, ғафу етіңіздер, жұрт не десе о десін, аға екеуміздің  тағдырымыз қосақталған, оны айырып, бөлшектеуге келмейді. Өміріміз аз ба, көп пе, оны бір жаратқан ием біледі. «Кіммен қарайсаң, сонымен ағар» демей ме, атам қазақ. Мен басымды ағаның жолында бәйгеге тіккенмін., - деді баяу сөйлеген Мұхсина, - өңінде, не сөйлеген сөзінде абдырап, абыржудың белгісі білінбеді»   [4,11]. Мұхсинаның  жерге қарап отырып айтқан жауабының аяғы ошақтағы лаулап жанған отқа қарата айтылып, адал жардың ақтық сөзі ретінде айтылған-ды. Көп ұзамай Аманғали мен Мұхсина ауылдан аттанып кетеді.
Қуғын  ел арасын былай қойғанда,  Кіші жүздің   қырбық шөптен басқа ештеңесі жоқ, кең даласында да табыла кетіп жататын. 
«- Аға, оң жаққа қараңызшы? – деп Мұхсина қаттырақ дауыстап жіберді.
Аманғали жалт қарап еді, төрт-бес салт атты бұлардың алдын орауға тырысып, құйғыта шапқылап келеді екен. Екеуі аттарын қамшылағанымен, қуғыншылар бірте-бірте жақындай түсті. 
- Мұхсина, мына жықпылмен тарт та, сонау бел ағаштың арғы бетінен мені күт, қорықпа, - дедеі Аманғали айқайлап сөйлеп.
- Өзің ше, аға, өзің, өзің не істейсің? Менің қасыңда болғаным жөн емес пе, ағатайым!
- Оқ тиіп кетер, тез жөнел, алдыңды байқарсың. Кесе жолға сақ бол!» [4,13].
Қуғынның үстіндегі қысқа диалогтан Аманғалидың батылдығы мен батырлығы келіскен жан екеніне көзің жеткендей болады. Мұхсина да батырлар жырындағы  шын қосақ ретінде бағаланатын Гүлбаршын, Назым сынды сұлулардың сіңлісі екендігіне көзіңіз жетеді. Автор «Аманғали» әңгімесінде ел тарихы, озбыр саясат, қорқау қазақ жұртын да бір еске алып өтеді. Кезеңі тар болса да, ертеңінен үміт үзбеген Аманғали сынды көзсіз батырлардың ерен ерлігін  көркемдікпен сәтті баяндай білген. 
«Аманғали домбыраны шертіп, сырнайды басып көрді.  Мұхсинаға көз тастады да жөткірініп қойып, тіктеліп отырды. Домбыраны қағып-қағып жіберіп, - Құрманғазының «Кісен ашқаны» мен «Төремұратын» және «Адайын» орындап берейін, - деп құйқылжыта жөнелді. Бірінен соң бірі үш күй орындалған соң:
- Шырағым, Арынғазының «Арынғазысын» тартшы? – деді ақсақал. Күйден кейін Аманғали Шәлгез жыраудың  термелерін, Мұхиттың «Дендер», «Көкбурыл», «Жылой», «Гүлжан сара», «Көкжар» әндерін шырқады» [4,22].
Осы абзацтан «банды Аманғали» атанған тұлғаның өнерін жан-жақты танытқан қаламгер, ән мен күйді қатар алып жүрген, басы шыр айналып қорған болар жұрттан гөрі, тыңдар құлақ, жүрек тебіренісін күткендей әсер аласыз. Елден ауа көшсе, Түркменстан  асса да, ел ішінде жұрс еде  қарапайым халықтан өзге қамқоршысы жоқ екенін сезді. Туған жер деген желі мен жаңбыры, гүлі мен көгі,  көлі мен айдыны бірлесіп, мәңгі сағынышқа айналатын шын жұрты болатын. Аманғали соңғы түні туған жерге оралуға бет бұрды. Өміріне қауіп төнерін де білді, бірақ  адалбақанмен тірелген қара шаңырағы қолқасын суырғандай, адымын бастырмай қойды.  Мұхсинаны алып елге аттанбақ болды. Жасырынуды қажет те көрмеді. Туған  жер, кіндік қаны тамған жер Аманғалиды өзіне тартып, өзге, өгей жерге  қаша көшуге жібертпеді. Туған елдей мекен де табылмас еді. Есіл ер, туған жеріне келіп, сағынышын басқысы келгенімен, бірге туған бауырларындай болған ел жұрағаттары қайтпас сапарға аттандырды.
Автор әңгімеде оқырманды сан-саққа жүгіртеді. Бір жақта Аманғали, бір жақта туған елі. Екі жаққа да оқырман өзінше байлау жасайды. Қазақтың кең жері,  ел еркесі Аманғалиды кең құшағына сыйдыра алмағаны қиын-ақ.
Әңгіменің ерекше әсерлі болуы – қаламгердің ақ жүректен ақтарыла шынайы жазылғандығында. Жазушы-кейіпкер-оқырман арасындағы байланыс ішкі жан дүниемен бірге өрілгендей. Сол кезеңдегі замана рухы да әңгімеге өз әсерін тигізген.  Біртұтас боп  көшпенді тірішілікпен кең далада төсінде еркін өмір сүрген қазақ елінің тағдыры да Аманғалидың  қашқындық өміміріндей тоз-тоз болып бара жатты.
Өткен ғасырдың орта шенінен бері ұлттық прозаның әңгіме жанрында қалам тербеп, қысқа да ширақ жанрдың ілгерілеуіне зор үлес қосқан Марат Мәжитовтің орны жоғары. Себебі, жазушы әңгімелері қазіргі таңда жас ұрпаққа өте қажетті ұлттық танымды өзінше өруімен ерекшеленеді. Сонымен бірге  қысқа сюжетінде  өмір шындығы алдыңғы орынға қойылған.  
М.Мәжитовтің әңгімелері туралы ойымызды қорытындылай келе, тақырыбы мен идеясы, композициялық құрылысының өзіндік өзгешелігімен өріліп, Батыс өңірінің пейзаждық құбылысы ерекше сипатталып, тілдік ерекшелігі, яғни стильдік қыры да аз сөзге көп мағына берерліктей өзіндік қырымен жаңашаланып,   образ сомдаудағы сипатына да өзіндік болмыспен келуі – осылардың бәрі жиналып, әңгіме жанрының көркемдігін өрлетуде  рухани және көркемдік ерекшелігін беруде авторлық ұстанымы анық байқалады. 

    ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1.Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: Қысқаша очерк: жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралы. Алматы: Білім, 2003.-224.
2.Мәжитов М. Құныскерей: роман. Алматы, Алаш жолы, 2012.-482
3. Мәжитов М. Құмдағы із.  Алматы, 1995.
4. Мәжитов М. Аманғали: әңгіме-повестер жинағы, Алматы, Өлке, 2010.-288.