Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Гүлнәр ЖҰМАБАЕВА: «Қаламы қарымды қаламгер еді...»

«Қақпақты қара қазан» деп ата-бабамыз баға берген Тайсойған жерінде дүниеге келген Ғабдолхамит Ісламғалиұлы Сланов - қазақ әдебиеті тарихында көркем прозада өнімді еңбек еткен қаламгерлердің бірі. Әрбір жазушы шығармашылығы өмір тарихымен тығыз байланысты, ал өмір шындығы - заман шындығы. Ұлы Абай айтқандай «Адамды заман билемек» деп, Ғабдол Сланов та өз заманының перзенті болды. Қазақ әдебиетінде қырық жылдай қызмет еткен, халқына мол мұра қалдырған жазушы. Оның майталман жазушы екенін «Дөң асқан», «Арман ағысы», «Жанартау», «Домбыра күйі – Ақиық», «Асау арна», «Шалқар» сияқты көптеген роман-повестерінен білеміз. Үздіксіз көркем шығармалар жаза жүріп, ол газет жанрының да жүйткіген тарланы екенін танытты. 1931-1946 жылдары «Еңбекші Қазақ», кейіннен «Социалистік Қазақстан» аталған газет редакциясында жұмыс істеген жылдары жазушы өмірінің  ең елеулі кезеңі болған еді. «Еңбекші Қазақ» газеті - Ғ.Слановтың жас талабына жол сілтеген алғашқы басылым. Бұл газет редакциясы қазақтың ақын-жазушыларына да белді журналистеріне де шын мағынасындағы ұстаз болған қара шаңырақ еді. Жазушы «Ауыр еңбек – ең досың» атты мақаласында: «Қара шаңырағымыздың маған бергені көп еді. Сол газетте жүріп көргенім, әсіресе, көп болды. Газет ұжымы ұстаздық еткен анық мектеп еді. Бәрінен бұрын халық өмірімен тығыз байланысты болдым. Сол кездегі үлкен журналист, жазушылардан тікелей үйреніп, сабақ ала бердім. Жазушылыққа, әр нәрсеге сын көзімен қарап, көрген – білгенімнен түйін түюге баулыған газет коллективі деп мақтанышпен айта алам» дейді  [1].


           Журналистік қызмет Ғ.Сланов үшін сарқылмас мол материалдың көзі еді. Газет қызметінде жүріп ол кең байтақ Қазақстанның төрт бұрышын түгел аралады десе болады. Қаламынан туған, әсіресе, өндіріс орындарын, республиканың алып құрылыстарын, жұмысшыларының өмірін терең зерттеп, очерк, фельетондарын баспасөз арқылы дереу оқушы қауымға жеткізіп отырған. Жұмысына өте тиянақты, күй талғамай, жағдай іздемей, тез жазатын журналист болған. Редакциялық қызметті атқара жүріп, мол әдеби – публицистикалық мұра да қалдырды. Алғашқы очерк, әңгімелер жинағы «Өмірдің асқар биігінде» (1938), «Бесжылдықтың өрендері» (1958), «Азамат» (1966), «Замана шежіресі» (1970), «Алтай баласы» (1975) осыған дәлел болса керек.
              «Тұтастай алғанда, Ғабдолдың көркем публицистикасы – қырық жылдық өмірдің шежіресі, замандастар сырын баяндайтын көркем мұра. Бұл шығармалар өз алдына көркем туынды болуымен бірге, тағы бір ерекшелігі - дүние жазу алдындағы ізденіс, өмірде зерттеу, барлау мақсатымен де жазылған өмірлік оқиғалар, адамдар тағдырын ел, жер тарихы суреткер қайта қорытылып, алғашқы очерк, мақала кейіннен повесть, романға айналып отырады. Бұл жазушы творчествосының, психологиясын күрделі шығарма жазу үстіндегі ерекшелігін аңғартады. Үлкен қаламгерлерде жиі кездесетін осы қасиет Ғ.Слановта да ізін қалдырып, оның повесть, романының реалистік тынысын кеңейте түседі» - дейді С.Оразалинов [2].
          Журналистік жолсапар кезінде 1930 жылдардағы өрескел заңсыздықтан туған аштықтың жан түршігерлік көріністері жас жазушының жан – дүниесін астан-кестен еткені сонша, ол ел басына төнген, сол кез халыққа иесі де, жүйесі де белгісіз болған зобалаңды айтудан, жазудан ірке алмаған. Осы қылығы үшін 1933 жылы Ғ.Сланов сөз тасыған біреулердің көрсетуімен «Социальды Қазақстан» газеті редакциясындағы қызметінен шығарылып, Қырғызстанды сағалауға мәжбүр болды. Міне, осы оқиға қаламын енді жасақтай бастаған жазушының бұдан кейінгі шығармашылығына өз әсерін  мықтап тигізген. «Көз алдына қамшы үйірген ат жасқаншақ болады ғой, мен де сол сияқты бұрынғыдан момын, жасықтау бола бастадым» деп жазады қаламгер [3].
          «Ғабдолды тұлпарға теңеуге болады, бірақ ол - ер-тұрманы бүтінделмей кеткен тұлпар. Ғабдол отызыншы жылдардағы адам айтқысыз нәубеттің, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзіліп жатқанын, ашаршылықты көзбен көріп, қазақтың басына түскен қасіретті Тайсойған-Бүйректі деген лақап атпен жарыққа шығаруға жұмыстанады. Репрессиядан Ғ.Сланов та шет қалмаған. Оны да сенімсіз қаламгер ретінде санаған. Жазушы сол күндері бар «кінәсін» мойнына алады, бірақ ол кінәсінің не екенін өмірден өткенше білмей-ақ кетеді. Қаламгердің ер-тұрманы түгелденбей кетті дейтініміз сондықтан»  дейді академик, жазушы З.Қабдолов [4].


           Жазушының тырнақалды күрделі шығармасы «Дөң асқанда» белгілі дәрежеде әлігіндей жасудан туған тартыншақтық аңғарылғанымен, тұтас алғанда, Ғабдол Сланов мұнда да азаматтық ары, күрескерлік табанды позициясы бой көрсетпей қала алмаған. Тіпті романға дайындық барысында жазылып, мерзімді баспасөзде жарияланған әңгімелерінің бірі – «Ана сотында» (1937 жыл) қазақ әдебиетінде Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешуінен» соң екінші рет Батыс Алаш – Орда әрекеттері көрсетіліп, оның жетекшелері Жанша және Халел Досмұхамедовтердің әдеби бейнесін сомдауға талпыныс жасалды десек, шындықтан аулақ кете қоймаймыз. Екінші «Ана соты» әңгімесі жиырма алты жастағы жас әдебиетшінің эпикалық құлашының кеңдігін көрсетеді. Себебі, кейін 1941 жылы кітап болып шыққан «Дөң асқан» романы қазақ ауылының 1916 жылғы дүрбелең тұсындағы өмірімен аяқталса, «Ана сотына» Азамат соғысы жылдары (1919) арқау болған. Демек, жазушы 1937 жылдың өзінде-ақ «Дөң асқанның» хронологиялық тұрғыдан әлдеқайда ауқымды екінші кітабын жазуды жоспарласа керек. Бұл шығармашылық міндетті атқарып шығуға жазушының қарымы да, ғұмыр жасы да жеткен болар еді. Арада жылдар өткенде, жазушының «Дөң асқанның» жалғасын жазбауының, демек, тарихи тақырыпқа біржола ден қоймауының  себебін пайымдауға да болады. Жазушы тақырыптан емес, заманынан, қит еткенді қамырша илеген сұм заманның адамынан сескенген . 1941 жылы арқауы ширатылған романның 1968 жылы ғана қайыра жарық көруінің, жазушының отыз жылдық ізденісінің жемісі болуға тиіс. Махамбет туралы романының жеке тарауларының ғана жазылып, бітпей қалуының Ғабдол Слановтың «Дөң асқаннан» кейін өз дәуірі тақырыбына біржола ойысуның себеін елуінші жылдардың ызғарлы саясатынан көреміз. Сөйтіп, сайып келгенде Ғабдол Сланов сияқты өмірден көрген-түйгенін, түйсінгенін, өткен тарихтың тағылымдарын өз кезінің ең өзекті, ең көкейкесті мәселелерімен шебер астастыра алатын көп сарынды, құлашты жазушы қаламын өзге арнаға бұруға мәжбүр болған. Ғ.Слановтың қазақ әдебиетінде шебер прозаик екендігін оқушы қауымға әйгілеген ірі туындысы – тұңғыш романы «Дөң асқан» - 1941 жылы латын әліппесінде баспадан шықты. 
          Романға барар жолда талай әңгіме, повесть жазылады. Романдай өрелі шығарманың тартыс желісін жүйелеп, бір жөнге салу оңайға түспейді. Әр кезде жеке-жеке оқиғаларын бөлек-бөлек әңгіме етіп жазып тастай береді. Тек 1940 жылы ғана «Арамн ағысынан» кейін «Дөң асқанды» көп қосымша қосып, баспаға береді. Тұңғыш романын жазуда қазақ жазуларынан Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов шығармаларын сүйіп оқи жүріп, «қазақ топырағына тән өз бетімен жазуды басынан-ақ ойланса керек».
           Романның тақырыбы – Қазақстанның Батыс аймағындағы Атырау елінің Қазан төңкерісінен бұрынғы тірішілігі, қалың елдің бостандық аңсаған азаттық жолындағы күресі суреттеледі. Көркем әдебиетімізде осы тақырыпқа жазылған бірнеше шығамалар бар. С.Мұқановтың «Ботагөз» романы, М.Әуезовтің «Түнгі сарын» пьесасы, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романдары. Ғ.Слановтың «Дөң асқан» романы мен С.Мұқановтың «Ботагөз», Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романындағы уақиғалардың көптеген тұтастықтары болғанмен тақырыпты бейнелеп көрсетуде әр түрлі жолдарды пайдаланған. Бұл романдардың бәрінін де қозғаушы күші – халық. 
             Романның басында Бекпембет сияқты болыстардың кедейлердің атын тартып алып, адамын өлтіруіне байланысты кедейлер тобы кектене түссе, оған жазушы 1916 жылғы июнь жарлығын байланыстырып, оқиғаны шиеленістіре түседі. Соңғы бөлімінде Таңат, Ниетқабылдардың  бастауымен Тайбөрі жігіттері қолдарына қару алып көтеріліске шығады. Роман бойынша уақиғалардың шарықтау шегі осы бөлімінде. Шығарманың басындағы тыныш ел тірлігі мен соңындағы суық сүрең, өмір тайталасына дейінгі аралықта оқушы көңіліне ыстық сезім ұялататын сан түрлі оқиғалар Тайсойған жерінің, Атырау теңізінің қайталанбас суреттері, ел дәстүріндегі, халық мінезіндегі ерекшеліктері құштарлықпен баяндалған. Романдағы әр бөлім бір-бірімен тығыз байланысты. Уақиға шебер беріліп отырады. Сюжет құрылысы тартымды. Сан-алуан уақиғалар дамып өсіп, шиеленісіп, сюжет желісіне жиналып, топталып барып шешіледі. Роман оқушыны жалықтырмайды.
            Сюжеттік-композициялық жағынан «Дөң асқан» - белгілі шешімге жетіп тоқтаған шығарма. Бірақ түрмеден қашып кетті делінетін Таңат, Ниетқабылдың бұдан кейінгі тағдыры беймәлім. Автор романның жалғасын жазуды да ойлаған болу керек. Алайда, ол ниет жүзеге аспай қалған.  Сондықтан «Дөң асқанда» сюжет тартыс таралып біткенімен, кейбір қаһарман хикаясы логикалық деңгейіне шықпағаны да көрінеді.
          «Жазушы Таңат пен Сақи, Керей образдары арқылы бүкіл езілген еңбекші таптық тағдырын, оның қорлық пен зорлыққа шыдамай, әуелінде стихиялы түрде бас көтергенін кейін ұйымдасқан күреске шығу керектігін көрсетпек болған. Романда қазақ ауылын ұлт-азаттық күресіне алып келген әлеуметтік жағдай табиғи көрсетілген. Мұнда октябрь революциясы алдындағы іштей әлі пісіп жетілмеген, күйдегі халық күресінің дүмпуі сезілгенмен, саналы күреске шыққан қаһармандар жоқ. Автордың мақсаты – қазақ революция алдындағы тағдырын бейнелеу ғана. Біз сол арқылы еңбекші таптық бұйығы, бытыраңқы халде қала бермей, күндердің күні болғанда ашына бас көтеретінін айқын сезінгендей боламыз. Таңат, Сақи, Ниетқабыл – осы халықтың өкілдері» дейді ғалым М.Бекбергенов [5].
         «Дөң асқан» - бір кезеңді сипаттайтын, жеңіл оқылатын, тілі көркем, лирикалық пафосты теңеулерге толы, ара-тұра оқырманның кеудесін күдікке қалдырып, сәл-пәл шегіністі оқиғаларға тұмсық тірей отыратын, көтеріңкі сюжетті шын мәніндегі роман. Бұл шығарманың құндылығы – Батыс Қазақстан халқының революцияға дейінгі өмір жолын, тарихын көркем шежіре етіп қалдыруы.
           Ғ.Слановтың «Жанар тау» романы 1945 жылы Қазақтың Біріккен Мемлекет баспасынан жарық көреді. Романға байланысты Ж.Нұртазиннің «Әдебиет және искусство» журналында (1946, №9-10 84-93 б.) сыни мақаласы жарияланады. Роман қатты сынға ұшыраған соң, жазушы шығарманың ескі нұсқасын жыртып, түгелдей қайта жазып шығады. Көлемін екі есе нұсқасын жыртып, түгелдей қайта жазып шығады. Көлемін екі есе қысқартып, 1968 жылы аяқтайды. Ғ.Сланов көзінің тірісінде романды оқырмандарына өзі ұсына алмаған. «Жанар таудың» жаңа нұсқасы қаламгер архивінен алынып, 1977-1981 жылдар аралығында «Жазушы» баспасынан шыққан 6 томдық шығармалар жинағының 5-ші томына кіреді.
            Бұл роман мұнайшылар өмірін алғаш күрделі жанр бітіміне түсірген шығарма болуымен бағалы. Әлбетте, заман ділгірлігімен туған дүниеде өз уақытының табы белең алмай қалмайды. Осы тұрғыдан келегенде, «Жанартау» өз дәуірінін сипатын ашқан, сол дәуір адамының жігерін жаныған кезеңдік шығарма сияқты да көрінеді. Жалпы алғанда, социалистік-реалистік жасампаздық, оптимистік сипатта қала отырып, автор мұнда адал да жанкешті еңбекті көркем шығармада экстремальды жағдайда (соғыс) категория дәрежесіне көтерудің өзіндік, соны үлгісін жасаған. Мұның өзі нақты адамдар тағдырының (Айкүміс-Қанат, Қанат-Рауш) қалтарыс-иірімдерін шебер көрсетумен астасып жатады. Романдағы перзент зарлығын шеккен Айкүмістің ері Қанатпен арадағы күрделі психологиялық қарым-қатынасы Мағжанның «Шолпанның күнәсіндегі» белгілі желіні еске түсіреді. Бұл ретте Ғ.Сланов психолог жазушы ретінде шеберлік үлгісін көрсеткен. Ал, осы желінің арқауын дәл Мағжандай ширықтыра ширатуға мұндай текті көркемдік ізденістерді социалистік реализм жат деп қарайтын идеологиялық ұстаным ерік бермеген деу керек.  Дегенмен, «Жанартау» - қазақ прозасында жанрдың ішкі даму заңдылықтары туғызған психоанализ әдісінің жақсы, сәтті бастамаларының қатарына жатады. Ғ.Слановтың «Жанартау» романы – жазушының ауыр еңбегінің жемісі. Қаламгер шығармасында мұнайшы жұмысшы әулетің әр қырынан алып, өмір қиыншылықтары мен ізденіс үстіндегі табыстарын бірден төге салмай, бірте-бірте қызықтыра отырып, еңбек нәтижесін адам өмірімен тікелей байланысты бере білген. Өкініштісі, елуінші жылдар басында Ғ.Сланов осынау соны ізденістермен шегінген. Осы кезеңдегі идеологиялық тымырсық ахуал жазушының қиялына тұсау салып, тынысын тарылтқан. Тек 1954 жылы жарық көрген «Шалқар» романында Ғ.Мұстафиннің «Шығанағы» салған дәстүрді жалғастырып, колхозды ауыл өмірін бейнелейді. Дей тұрғанмен, осынау тақырыптық тар аяның өзінде де жазушы адамдар санасындағы өзгерістерді жіті қадағалап, шебер бейнелеуге кейіпкерлердің ұлттық табиғатын қанық етіп көрсетуге ұмтылған.
      «Алғашқы нұсқасынан көп өзгеріп, бүтіндей қайта жарияланған «Шалқар» романы жазушының өмір шындығына кіріп, бұрыннан белдесіп жатқан қиын тақырыпқа -  заманның жан күйіндегі өзгерістерді ашуға арналған. Осы роман арқылы Қабдол өмірінің соңғы жиырма жылына бір сәтте ізденген Жетісу елінің өткені мен бүгінгі ержүрек аталарымыз бен бүгінгі замандастардың өмір - тірлігін бейнелейтін роман, повестерінің сериясын бастады» дейді С.Оразалинов(6) . 
         Романның басты кейіпкер Баршагүл бейнесі - қырғыз бен қазақ халықтарының туысқандығынан алынады да, әдебиетіміздегі озық әйел образы болып қалады. Бүгінгі замандастарымыздың бейнесін толыққанды бере білген бұл туынды туысқан халықтар тілінде тарап, Шыңжаң жұртының да сүйікті шығармасы болғаны белгілі, «Шалқар» романының негізгі тақырыбы - колхозды ауыл өмір. Бірақ, оқиға желісіне бір колхоз көлемінде шектеліп қалмай, жазушы шаруашылығы қатар өркендеп келе жатқан көршілес екі колхоздың күнделікті тіршілігін, болашақ үлкен жоспарларын жүзеге асыру жолындағы ерен еңбегі, тіпті бір аудан көлемінің тыныс - тіршілігін роман желісіне арқау етеді.
         Жазушының «Шалқар» романы да, «Арман ағысы», «Домбыра күйі - Ақиық», «Қыземшек», «Кең өріс» сықылды повестері - өз дәуірінің айнасы болуымен қатар , кеңестік дәуір әдебиетінің жаңа жағдайға бейімделген отаншылдық, күрескерлік, жасампаздық рухта жазылған дүниелер. Дейтұрғанмен, көркемдік эстетикалық талап тұрғысынан келгенде бұл шығармалардың әрқайсысы сол тұстағы процестердің даму үрдісін танытатын белгілері бар және ұлттық прозамызға қосқан жетістіктерімен көрінген. Айталық, «Арман ағысы» повесі композициялық бітімі жағынан 1938 жыл ушін әжептәуір жаңалығы бар шығарма болатын. Қысқа ғана уақыттың «Үш күннің» оқиғасын алға жаю арқылы жиырмасыншы - отызыншы жылды қамтитын тұтас кезеңінің ор мен ылди, жаңа мен желісін адамдар тағдырымен желілеп суреттеу - бүгінгі озық прозаның 60-шы жылдардан бастап игере бастаған үрдістің бірі . 
          Көркем шығармадағы мезгіл мен мекен мәселесі, композициялық тұрғыдан қиналыссыз шешкенін айрықша атап өту керек. Тақырыптық тұрғыдан колхоз мәдениетін көтеруді тілге тиек алған «Домбыра күйі — Ақиық» повесінің композициясы үш бөлім ( үш дәптер ) арқылы қиюласып отырады. Көңіл күнделігіндей осы үш дәптер бас кейіпкер атынан бірінші жақтан баяндауды қажет кенде , қазақ прозасында ол кезде әлі орныға қоймаған бұл баяндау әдісін автор сәтімен меңгерген . Осы повестің бір ерекшелігі М.Әуезовтың «Абай жолындағы» Құнанбай бейнесі өз кезі үшін батыл тұрғыдан пайымдалған. Бүгін іркіліссіз айтып жатқанымызды Ғабдол Сланов осыдан қырық жыл бұрын айтып кеткен .  
F.Слановтың идеялық - көркемдік биік қасиеттерімен көрінген «Дөң асқан», «Жанар тау», «Асау арна», «Шалқар», «Арман ағысы», «Домбыра күйі — Ақиық» және басқа да роман - повестері қалың отырман қауымға танылып, жазушыны эпикалық жанрда жазатын қазақ прозашыларының алдыңғы легіне шығарды . 

Пайдаланылған әдебиеттер : 
1. Сланов Ғ . Шығармалар жинағы. Алты томдық. Том 1- Алматы. Жазушы, 1977
 2. Оразалинов С. Шындық және көркемдік шешім. Алматы. Жазушы, 1977
 3. Сланов Ғ . Шығармалар жинағы. Алты томдық. Том 1- Алматы: Жазушы, 1977
 4. Қабдолов З. Ғабдолдың екінші ғұмыры басталды. Қызылқоға аудандық газеті. 01.10.1992

5. Бекбергенов М. Дүбірлі дәуір шежіресі. Алматы. Жалын, 1987 
6. Оразалинов С. Шындық және көркемдік шешім. Алматы .