Ардақтым Ниетқалиева 2006 жылы Атырау қаласында туған. Қазір көп салалы Жоғары "Болашақ" колледжінде фармация мамандығы бойынша білім алуда, 3-курс студенті. "Ардақтымның ертегілері" атты ертегілер жинағы, "Ботақан", "Құлыншақ" атты балаларға арналған өлеңдер жинағы жарық көрген. "Қазақтың ұлттық тағамдарын инновациялау" тақырыбында ғылыми жұмыс қорғаған.
Олар бақытты отбасы еді. Әкесі мен анасы және сүп-сүйкімді, үріп ауызға салғандай ұл мен қыз. Ұлдың аты - Асылмұрат, қыз баланың есімі – Асылән. Ағасы мен қарындасы да өте тату-тәтті тұрып жатты. Әкесі отбасын асырау қамымен үнемі далада жүрсе, үйдегі жылылықтың, мейірімнің ұйытқысы – ана! Бақытты тірлік кешіп жатқан отбасына қайғы бір күнде келді. Ана дүние салды. Екі баласына анасының орнын жоқтатпай, өзі сыртта жұмыста жүргенде қамқор болсын деген оймен бір әйелге үйленген әке бәрі де бұрынғыдай боларына сенді.
Ал, өгей шешенің ойы басқа еді. Залымдықпен осы бір аңқау азаматты өзіне ғашық еткені аздай, екі баласының да түбіне жетіп, құртуға кірісті. Жексұрын әйелге екі жетімектің әрбір қылығы жақпайтын. Әкелері жоқта жерден алып, жерге салатын, тіпті қол жұмсауға дейін баратын қатыгез өгей шеше үй иесі қызметтен оралған кезде өтірік мүләйімситін, өзін қиқар да ерке екі баланың бабын тауып отырған құрбандық етіп көрсететін және онысына аңқау азамат сеніп қалатын.
Осы ауылдың ең шетінде бір жалмауыз мыстан кемпір тұрды. Оның бар қызметі – сүйген екі ғашықты айыру, адал жанды жолдан тайдыру, сүттей ұйыған жанұяның тоз-тозын шығару. Ол бұл ісін жүзеге асыру үшін өзі дайындаған сиқырлы тосапты өзінің құрбандығына беретін. Ондай кезде мыстан өтірік аңқаусып, дүниедегі мейірімді де ең бақытсыз жан болып көрінетін. Ал, аңқау ауылдастары бірінен соң бірі оның торына түсіп, қармағына ілініп, бақытсыздықтың қамытын мойындарына ілгені өте өкінішті. Бір күні өгей шеше түн қараңғылығын жамылып, мыстанның үйіне барды. «Мені екі баладан құтқар!» деп жалынды ол. «Мен сені тек біреуінен ғана құтқара аламын. Өйткені бір шаңырақтан екі адамды дуаласам, сиқырым жүзеге аспай қалады. Ұлдан құтқарайын, қыздан құтылатын жолды өзің тап. Оның үстіне, ағасынан айырылған титімдей қыздан құтыла салу – қиын шаруа емес» деп миығынан күлген жалмауыз кемпір бір құтыға өзінің дуаланған тосабынан құйып берді. «Бұл тосапты тек ұл ғана ішсін! Жалғыз өзі ішуін қадағала!» деп мұқияттап тапсырды әйелге.
Құтыны қолтығына қыстырып, асығып үйіне жеткен жексұрын әйел таңның атуын тағатсыздана күтті. Таң атып, күйеуі жұмысына асығып, табалдырықтан аттауы мұң екен, айғай салды: «Неге шалжиып жатырсыңдар, арамтамақтар? Маған шәй әзірлеңдер, тамақ беріңдер» деп шалқайып отырып әмір берді. Ұйқылы-ояу қарындасын жылатпау үшін Асылмұрат жүгіріп, шәй дайындап, сұмырай өгей шешеге құйып берді. Сол кезде әлгі қатыгез әйел білдірмей баланың ыдысына дуаланған тосапты құя қойды. Одан бейхабар ұл әлгі кесені түбіне дейін төңкеріп, ішіп қойды. Сол-ақ екен, ол қараша қазға айналды да кетті. Ал, әйел болса: «Мен сені ұстап алып, үйітіп, әкеңе кешкі ас жасап қояйын» деп, қолына пышағын алып, қуып берді. Жандәрменгүн басын аман сақтап қалу үшін жанталасқан қараша қаз, яғни, Асылмұрат ашық тұрған желдеткіштен далаға ұшып кетті. Ұлдан осылай құтылған өгей шеше кешке жұмыстан келген отағасына: «Анау ұл менің жағама жармасып, бетімнен ұрып, қолымды көгертіп қойды. Өзінің қайда кеткенін білмеймін, есікті бір ұрып шығып кетті, түбіме жетем деді» деп, өтірік көзінің жасын көлдетіп, мүләйімсіп, мүсәпірсіп отырды.
Жаз өтті. Асылмұраттан ешқандай дерек болмады. Жер жұтып қойғандай, аспанға ұшып кеткендей, ешбір хабар жоқ. Кішкене қыз анасымен бірге ағасын да сағынды, түндерде ағасының аман-есен оралуын тілеп шығатын. Қараша айының соңғы күндері еді. Шырт ұйқыда жатқан әкесі мен қызы құстың қатты шаңқылынан оянып кетті. Дәлізге шығып, терезеден қарап еді, түнгі аспанда созылып жатқан құс жолының бойымен қараша қаздар ұшып барады екен. «Жарықтық, қараша қаздар айдынын тастап барады екен-ау! Қараша қаздың қанатынан сыпырылып түскен ақша қар жауатын сәт те келіпті ғой» деп өз-өзіне күбірлеген әке сыртқы есікті ашып еді, қараша қаздардың ең соңына ілескен біреуі қайырылып келіп, төбесінен айналып, сұңқылдады да, керуенге ілесіп жүре берді.
Әкесінің қолтығына тығылып тұрған Асылән осынау көрініске таң қалып, әрі әсерленіп жылап жіберді. «Құстар қайда кетіп барады, Әке?» деді ол өзіне де беймәлім қимастықпен. «Жылы жаққа ұшып барады. Құстардың ішінде суық түскенше атамекенінен қозғалмайтын – қараша қаздар. Олар жылы жаққа қайтса, күн суытады деген сөз» деді әкесі де өзіне-өзі келе алмай мұңайып. «Аман-есен оралғайсыңдар, қараша қаздар!» деп дауыстады қыз бала. Қараша қаздар сонау бұлттан әрі асып, көзге көрінбей кетті.
Осының әсерінен ол ғажайып бір түс көрді. Түсінде ағасы қараша қаздардың арасында ұшып бара жатыр екен. «Асыләнім, қарындасым! Мені күт! Көктемде ораламын» деп дауыстап барады ағасы. Ояна салып, түсін жақсылыққа жорыды. Ағасы құстармен бірге ұшса, жақсы болады екен. Биік мәртебелі болар деп жорыған ол түсі жайлы еш адамға тіл қатпады. Ал, ұлдан құтылған өгей шеше енді қыздан да құтылудың амалдарын іздестіре бастады. Әкесі таңның атысы, күннің батысы жұмыста болғандықтан, қызды өгей шеше аямай жұмсайтын. Сонда да жексұрынның қабағы бір ашылмай қойды. Асылән үнемі Жаратқаннан ағасы үшін тілек тілеп, дұға ететін.
Қараша қаздар сол ұшқаннан ұшып отырып, Тескентаудан да әрі асты. Буырқанып жатқан көктеңіздің үстімен өтті. Ақжал толқындары аспанға шапшыған көкмұхит та соңда қалды. «Енді азырақ шыдасаңдар біз өзіміз іздеп келе жатқан жылы жерге жетеміз» деді құс керуеннің басшысы, ең үлкен аталық қаз. Асылмұраттың қанаты талып, төмен қарай құлдилай жөнеліп еді, қанаттастары дереу көмекке жетті. Осылайша діттеген мекеннің сұлбасы да көрінді-ау. Айшылық алыс жерден қанаты талып жеткен құс керуені осы жерге аялдап, өздерінің ұясын салып орныға бастады. Ал, сыртқы түрі қараша қаз болғанымен, жүрегі адам қалпында қалған Асылмұрат әкесі мен қарындасына сағыныштан құса болды. Түн ортасы ауа сиқыр шешіліп, үстінен құс кебіні түсетін кезде өздері тоқтаған жерді аралап, біраз мәлімет алды. Таң біліне құс кейпіне қайта түсетін. Сондай күннің бірінде ол екі қарақшы тонап жатқан қайыршыны өлімнен арашалап алды. Екі қарақшыдан құтылғанына қуанған диуана Асылмұратқа қарап тұрып, өмірін болжады. Басынан өткен қасіреттің бәрін айтып берді. Бұған таң қалған жігіт: «Құлыңыз болып кетейін, мен енді қалай адам кейпінде қала аламын? Соны айтыңызшы» деп жалынды. Жас жігіттің жалынышты көз жасы диуананың да жүрегін елжіретті.
«Өгей шешең енді қарындасыңнан құтылудың жолын іздестіруде. Бірақ сен қорықпа, әзір оның қолынан ешнәрсе келмейді. Сен жаз бойы алдағы құс керуеніне ілесіп, туған жерге оралатын сапарыңа дайындал. Елге жеткесін, туған үйіңнің үстінен үш рет айналып өт. Сонда қарындасың мен әкеңнің назары саған ауады. Сол кезде бір тал қауырсыныңды қарындасыңның шашына қыстырып кет. Ол сол бір тал қауырсынды алып, қағаз бетіне жорғалатқанда, сені қалай құтқарудың жолы жазылып түседі» дейді диуана.
Міне, көптен күткен сәт те жетті. Қараша қаздар қасиетті сапарға дайындалу үстінде. Асылмұрат та өзінің қанатты достарының сапында осы бір көптен күткен жорыққа бар жігерімен әзірленді. «Қапыда қалмайық, өткен жолы көрдіңдер, бұл сапардың қандай қиын екенін. Жолда бізге мылтығын кезеген сүр мергендер де, жыртқыш құстар да жолығады. Алдымыздан соғып алға беттетпейтін теріс соққан жел-дауыл мен бұршақ, қар, жаңбыр да ұшуға бөгет жасайды, ағыны қатты арыстанжал көкмұхиттар мен көктеңіздер алдан кездеседі. Осы айтқанның бәріне дайын болуымыз керек» деді керуенбасы аталық қараша қаз. Қасиетті сапарға таң біліне аттанған құс керуен алыс-алыс жолдардан өтті, көк тіреген шыңдардан өтті, айдынды шалқар көлдерден де өтті. Мергеннің қарауылынан, жыртқыштардың тырнағынан да оларды бір Жасаған Алла өзі құтқарып тұрды.
Ақыры аман-есен туған жердің түтіні де көрінді. Айдын үстіне дүркірей қонған қараша қаз тобынан бөлектеніп шыққан жалғыз қаз өзінің үйінің төбесінен сұңқылдап үш айналды. Қараша қаздың қаңқылына елең еткен әкесі мен қызы үйден жүгіріп шығып еді, көктен шүйіліп келген қаз бір тал қауырсынды қыздың шашына қыстырып кетті. «Әкетай, қараша қаз бізді таныды. Маған мынадай сыйлық берді» деп жүрегі жарыла қуанған қызына әкесі: «Бір кезде біздің ата-бабаларымыз қауырсын қаламмен жазған екен» деді. Сол-ақ екен, ақ парақты қолына алған қыз қауырсынды сияға малып, қағаз үстіне апарып еді, қалам өз-өзінен жосылтып жаза бастады. «Асылмұрат аман. Оны өгей шешең қараша қазға айналдырып жіберген. Ағаңды құтқару үшін жақын арада болатын ай тұтылу кезеңінде шағыл арасында өсетін ақтікенді тауып, сонымен үстінен қаққылауың керек. Егер ол күні үлгермесең, бір жыл күтуіңе тура келеді» деп жазылыпты.
Асылән ай тұтылуын асыға күтті. Сол түні білдіртпей үйден шығып, шағыл аралап, ақтікен іздеді. Түн қараңғылығын жамылған мыстан, жезөкшелер де қарап қалмады. Олар қызды итергіштеп, шашынан тартып, басынан нұқып, қарқылдап күліп әуре етті, сөйтіп кедергі келтіруге тырысты. Бірақ Асылән ағасын өте жақсы көретін. Оның жүрегіндегі ағаға деген махаббат бәрін жеңді. Ақтікенді тауып алып, айдын жағасындағы қараша қаздардың мекеніне келді. Таң атуға таяу. Енді кешіксе, тағы да бір жыл күтуі керек! Жоқ, бір жыл шыдай алмас! Қаптаған қараша қаздардың ішінен ағасын қалай таппақ?! Сол кезде Асыләннің көзіне ең шетте жалғызсырап отырған қараша қаз түсті. «Ағатайым!» деп жүгірген қыз қолындағы ақтікенін сермеп қалғанда сиқыр дуа күшінен айырылды. Алдында тұрған ағасын көрген ол, қуаныштан не істерін білмеді. Әкесіне келіп, жекөрінішті өгей шешенің жасаған әрекетін айтып, үйден қуып шықты. Сөйтіп, олар бақытты өмір сүрді.
Ардақтым НИЕТҚАЛИЕВА