Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Гүлзира Серғазы: "Болашақта өз заманым мен замандастарым туралы кітап жазбақ ойым бар..."

         Ақын, көсемсөзші-журналист Гүлзира Серғазыны оқырмандарға тағы бір рет таныстырып жату артық. Оның есімі сонау 90-жылдардан бастап, қыз-келіншектерге арналған республикалық «Ақ босаға», Алматы шаһарының басты үнжариясы -«Алматы ақшамы», «Рух-дәрия» секілді газеттер мен «Жалын» әдеби-көркем және қоғамдық-саяси журналында жарық көрген эссе-портреттері мен журналистік зерттеу мақалалары арқылы көзі қарақты қауымға жақсы таныс. Ойы орамды, сөзі кестелі, тілі шұрайлы көсемсөзші кімді, нені қаламына арқау етпесін, қашанда оның өзіне ғана тән қолтаңбасы менмұндалап тұрады. Ол төл кәсібіндегі ауыз толтырып айтарлық жетістіктері үшін 2001 жылы Қазақстан Журналистер Одағының Өзбекәлі Жәнібеков атындағы сыйлығының лауреаты атанса, одан кейінгі жылдары республикалық ақындар байқауында да үздіктер қатарынан танылды. Ғабит Мүсірепов атындағы еркін әдеби сыйлықтың лауреаты, Республикалық «Қазақтың ақын қыздары» мүшәйрасының жүлдегері. Десек те, соңғы жылдары оның шырайлы шумақтары мен әсерлі эсселерін сүйсіне оқитын оқырман оны жоғалтып алды. Анда-санда әлеуметтік желідегі жеке парақшасындағы жазбаларымен жылт етіп көрінгенімен, өзі көзден таса. Биыл қос бесті еңсеріп, мерейтойы иесі атанып отырған ақын қызбен мені де сұхбаттасуға жетелеген басты себеп осы еді...


  • - Гүлзира, бұрын өлең-жырларыңмен бірге тұщымды мақалаларың газет-журналдарға бірінен соң бірі бұрқырап шығып жатушы еді. Ал соңғы уақытта жазғандарыңды сирек жариялайсың. Жалпы, қазір қайдасың, немен айналысып жүрсің? Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ.
    - Қазіргідей күннен күнге тақиясы тарылып бара жатқан, жастың да, жасамыстың да айналасынан гөрі өз басын күйттеген заманда ақынды қойып, жалпы адамдардың бірін-бірі іздеуі сирек құбылысқа айналып бара жатқанда қолына қаламын алып, ара-тұра қағаз бүлдіріп жүрген біздерді оқырманның жоқтауы шынымен көңілді толқытады. Менің өлеңім мен жазған-сызған ірілі-ұсақты дүниелерімді әлі де ұмыта қоймай, іздеп, елеңдеген  патша көңіл оқырмандардың риясыз ниет-тілегіне рахмет! Иә, біраз уақыт көзден таса болғаным рас. Дегенмен, ізім-ғайып жоғалып, кейбір отандық танымал кәсіпкерлер мен өнер адамдары сынды жаңа өмірді аңсап, Анадолыға қоныс аударып не болмаса, құрлық асып, Америка мен Қытай өтіп кеткен ештеңем жоқ. Бір кезде мен туған Қаратөбеден қанаттанып, бозторғай мен бұлбұл құсты әуеніне қосқан Есақам «Атамекенім» деп әніне қосқан туған елімде, оттан да ыстық отанымда жүріп жатырмын. Мен жаңа ғасыр басталған шақта «Жалын» журналы мен «Рух-дәрия» басылымдарында еңбек еттім ғой. 2010 жылдары бұл газет-журналдардың шығуы қиындап, уақтылы жалақымызды ала алмайтын жағдайға жеткен кезде белгілі журналист Ұлпаш Тілегенованың шақыруымен Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне қарасты дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау орталығына жұмысқа орналастым. Содан бастап, қазірге дейін осы мекемеде аудармашы маман болып істеп, ел медицинасындағы айтулы саланың көрігін қыздырып жүрген жайым бар. Еліміздің астанасы ерке есілдің жағасындағы тың тарландарының тұғырлы мекені болған әсем қала Елорда атанып, Алматыдағы бірқатар ведомство мекемелерінің бас кеңселерінің Сарыарқа төсіне көшірілуі бүгінгі Қазақстан үшін қоғамдық-саяси әрі жағрапиялық жағынан тиімді болғаны белгілі ғой. Алғашқы көштің легінде болмаса да, араға біраз жыл салып барып, 2017 жылдың соңында басшылықтың ұйғаруымен біздің мекеме қызметкерлерінің де тең жартысы Астанаға қоныс аударды. Оның арасында өзім де бармын. Өткенге көз жүгіртсем, қазір Елорда тұрғыны болғаныма да бес жылдан асыпты.
    - Дегенмен, бүгінгі күні шығармашылығыңның күретамыры - ақындығың осы аударманың тасасында қалып қойған жоқ па? 
    -  Аударма - жазудан да қиын. Өзіңнің жазғың келген шығарманы қағаз бетіне өз ойыңмен түсіру бар да, дайын дүниені қырағатына келтіріп, айналасын жұп-жұмыр етіп тәржімалау бар. Оның үстіне бұл жай аударма емес, медициналық терминдерге байланысты ғылыми-түсініктемелерімен астасып жатқан, нұсқаулықтарға қатысты күнделікті әр аудармашыға жүктеліп-бекітілген норматив бойынша атқарылатын жұмыс. Құдды бір бітіп бермейтін, конвейер тәрізді. Бірақ, мен айтар едім, қандай заман болмасын, қай кезде де қолына қалам ұстаған шайыр атаулы әу бастан әкенің қанымен, ананың сүтімен бойына дарыған ақын қалпымен қала бермек. Поэзия – ол, жан-дүниенің толқынысы, көңілдің мұңы мен назын тербейтін ғажап тербеліс. Жүректің сонау бір түкпірінде бұғып жататын әрі уақыты келгенде жанартаудай атылып, жарыққа шығатын нәзік иірімдер. Сол себепті де, ол өзін жанына серік еткен жаннан ұзап, аса жырақ кете қоймайды. Мына өкініші мен шаттығы, қуанышы мен қайғысы қатар жүретін өмірдің әрбір сәті әсерлі өлеңнің тууына себепкер. Мен қандай қызмет атқармайын, жұмыс бабымен қай жерде жүрмейін өлеңім өзіммен бірге. Өйткені, ақындықтың оқуы да, арнайы бір шеңбер аясындағы қалыбы да жоқ. Сөз өнері тұнып тұрған кие. Меніңше, ақын атаулы соның қадірін түсіріп алмай, жауапкершілікті сезінсе, сөздің киесі де оған адалдық танытудан танбайды. Соңғы жылдары бұрынғыдай емес, өлеңді азырақ жазып жүргенім рас. Жасыратыны жоқ, кейде көкейге келіп тұрған шумақты отыра қалып, қағазға түсіруге аударманың мойын бұрғызбайтыны да бар. Дегенмен, мен күнделікті жұмыстың шанасына жегіліп, қаламымды мүлдем тастап кеткем жоқ. Қолым тигенде, ара-арасында жазғандарымды әлеуметтік желідегі жеке парақшама жүктеп қоятыным да бар. 
    - Студенттік кезде махаббат, ғашықтық лирикасына көбірек қалам тербеуші едің. Жеке парақшаңа көз салсам, соңғы жылдары жазған өлеңдеріңнің дені отан-ана, ел мен жер, туған жер, тақырыптарына қарай ойыса бастағандай.  Бұл  мезгілі келгенде өңін өзгертетін жыл маусымы сынды, сенің де орта жасқа аяқ басқан шақтағы саналы ой-пайымың мен толғау-тағылымың ба, әлде?
    - Көкейінен жыр тудыратын қабілетімен ғана басқалардан ерекшеленетіні болмаса, ақын да өзгелердей жұмыр басы пенде ғой. Көңілі көк дөненнен де жүйрік болғанымен, оның да өлеңі өзінің ғұмыр-белесінің әр сәтімен, өзі өмір сүрген кезеңмен астасып жатады. Сонау студенттік кездерде мен ғана емес, барша жас ақын егіліп-еміреніп, толғанып-тебіреніп жырлайтын мәңгілік тақырып – албырт сезім, махаббат пен ғашықтық туралы қалам тербегенім рас. Меніңше, бұл қалыпты жағдай. Олай дейтінім, жалпы, ақынның қаламының өсу, өрлеу, шарықтап-толысу кезеңдері болады әрі бұл оның шығармашылығындағы қаузайтын тақырыбына да қатысты. Ойлап қарашы, мысалы, орта жастағы ақын-әйелдің жырларымен 18-жасар қыздың сезім-әсерінен туған  шумақтарды қалай салыстыруға болады? Біле-білсек, бұл жас-айырмашылығы жер мен көктей екі ақынның, тұтастай екі әлемнің жан айқайы мен толғанысы. Осы тұрғыдан алғанда, менің де соңғы кезде жазған бірқатар өлеңдерімнің көпшілігінің пәлсапалық, ғибраттық мән-мағынаға негізделуі де заңды шығар деп ойлаймын. Әсіресе, соңғы жылдары қыруар жұмыстан қолым сәл босап, өлеңді өндіре жазған шағым – бұл әлемдік пандемия кезінде қашықтан жұмыс істеген кез. Қазір қарап отырсам, сол 2020 жылдан бері шынында да ел мен жер, өскен ортам, тіл мен діл және одан басқа да бүгінгі қоғам туралы біраз өлең жазыппын. «Сәуірдегі сыңсу», «Ақпанда», «Ақпан кешіндегі сиясы кеппеген ойлардан» атты топтамам мен «Алаш арыстарына арнау», «Көктемге алғыс» (Көктем туралы баллада) сынды біраз жаңа өлеңдерімді менің фейсбуктағы парақшамнан кез-келген жанның оқуына мүмкіндігі бар. 
    - Фейсбук демекші, жақында бір жас әншінің парақшасынан сенің әніңді орындаған бейнероликті көріп таң-тамаша болдым. Айтшы, неге осы кезге дейін сазгерлік қабілетіңді тасада ұстап келдің? Жалпы, өлең мәтініне ән жазуды қай кезде бастадың? 
    - Айтсам, бір жағынан күлкілі көрінуі де мүмкін. Мен негізі ең алғашқы әнімді 10 жасымда 4-сынып оқып жүргенде жазғанмын. Бірақ, ол кезде оған өзім пәлендей мән бергем жоқ. Әркез ойыма келген қандай да бір әуенді кейде көңіл түкпірімде сақтап немесе іштей ыңылдап айтып қойып жүре бердім. Бір жағынан ол кезде бала болдық қой, кәсіби музыканттардай болу қайда деп те ойлайтынмын.  Жүрек түкпірінен өз-өзінен суырылып шығатын мұндай әуен-сазды өміршең етіп, түлету қажет екендігін уақыт өте келе түсіндім. Ал түпкілікті өз сөзіме өзім ән жазуға ден қойған кезім ол, екінші ағам Бақыт дүниеден өткеннен кейін басталды. Негізі өзім де оқушы кезімнен ән айттым. Мектептегі түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар мен мерекелік концерттерде сахнаны бермейтін төл мектебімнің бас әншісі де мен едім десем, мақтанғандық болмас.  Тіпті, сол кезде болашақ мамандығымды да әншілікпен байланыстырғым келгені рас. Бір жолы ұстазым Махуза апай менің жазған мазмұндамамды көріп: «Гүлзира,  сенің жазған шағын мазмұндамаңның өзінен сөз саптауың, ойыңды шебер жеткізуің байқалып тұр. Сенің болашақта әншілік емес журналистік жолды таңдағаның дұрыс деп ойлаймын» деген ақыл-кеңесін айтты. Содан бастап, мен аудандық, облыстық басылымдармен бірге «Қазақстан пионері» газетіне әңгіме-мақалаларымды жібере бастадым. Ақыр-соңында журналистік кәсіпті таңдадым. Бірақ, бұл менің ән жазуға деген ынта-ықыласыма кедергі болған жоқ. Жалпы менің ағаларым Мақсот, Бақыт, Мұрат үшеуі де жас кездерінен гитарамен ән айтты. Кәсіби сахнада болмаса да, ауылдағы жастардың бас қосуы мен қандай да бір дастархан басындағы отырыстардың көркін ашатын да солар шырқайтын әндер еді. Әсіресе, ең үлкен ағам марқұм Мақсот арнайы музыкалық білімі болмаса да, табиғи қабілетінің арқасында алты ішекті гитарада шебер ойнайтын. Оның репертуары да 80-90- жылдары ел ішінде хит болған ретро-әндерге бай болатын. Әйгілі В. Кикабидзе шырқайтын «Мои года», «Клен», «Там вдали за рекой», «Кім кінәлі?» «Жылжиды аққу айдында, жылжымайды» секілді танымал әндерді нақышына келтіріп орындайтын. Соған қарағанда, табиғи музыкалық түйсік бір отбасында өскен біздің бәрімізде бар болып тұрғаны-ау деп ойлаймын. Бұған қоса мен туып-өскен топырақ әу бастан Мұхит пен Ғарифолла, Ескендірдей ән мен жырдың дүлдүлдерін қанаттандырған құтты мекен. Қазірге дейін бұлардың әрқайсысы өрісті өнерге ұмтылған әрбір өндір жастың пір тұтар рухани ұстаздары. Жасыратын несі бар, солардың әнін тыңдап, еліктеп өскен біз де, өзімізше талпындық, талаптандық. Хал-қадірімізше, сөз бен әуенді үйлестіріп, өнер өлкесінде өзімізге тән тың соқпақ салуға тырыстық. Меніңше, шығармашылықтың қай саласында да адамға қанат бітіретін, оның өзіне әуелден таныс төл топырағының тума таланттары, өскен ортасы. Әсіресе, сайын даладағы құмының өзі ән  салып тұратын біздің өлкеде туған жанның оны сезінбеуі мүмкін емес. Ақынның жанын бір сәтте тербеп, өз-өзінен өріліп жүре беретін өлең шумақтары тәрізді, ән жазуда да әркез көкейге келіп құйылып тұрған дүниені әсерлі етіп шығаруда ең алдымен ішкі даусың мен түйсігің көмекке келеді. Бүгінде өзім шығарған, әр жылдары жазылған ұзын саны  12 әнім бар. Оның ішінде қазірде ютубта бар, туған жеріме арналған  «Егіндікөл» әнін Орал облыстық филармониясының әншісі Еркін Өтегенов орындап жүр. «Періште сезім», «Сіңліге сыр» атты қос әнім жас әнші Гүлмира Асылханның репертуарынан нақты орнын тапты. Қазақтың батыр қызы «Әлия» әнін дүниеге әкелген, айтулы композитор Сейдолла Бәйтереков туралы «Сейдолла саздары» деген ән жаздым. Көзінің тірісінде сазгерді көрмесем де, сонау бір жылдары ол туралы естелік-кітап шығару барысында зайыбы Ләззат Бәйтерековаға өз ықылас-ниетіммен көмектесіп, туындының толыққанды болып шығуына аз-кем атсалысқаным бар еді. Мүмкін Сейдолла сазгердің рухы сезді ме, көп ұзамай осы әнім өмірге келді. Бұл туындымды қазіргі кезде этно-стильде орындаушылық шеберлігімен танылған «Тұран» тобына ұсынғым келеді. Аталмыш әннің әуенінің бояу-нақышы мен тұтастай композициялық ырғағының өзара үйлесімділігін тек осы топтың орындауында ғана көре алам. Жалпы, бұл әннің болашақта халық әніндей айтылғанын қалаймын. Сосын желтоқсан қаһарманы Қ.  Рысқұлбеков жайлы жазған «Қайрат рухына мадақ» атты тағы бір әнімді  өзіндік орындау мәнері ерекше әнші, жерлесім Марат Сарбөпеевке  берсем бе деп ойлап жүрмін. Кейбір әндерімді өзім де орындаймын. Әндерімді болашақта кәсіби оранжировка жасатып, жарыққа шығарсам деген оймен әлі де көп жерде айтып, жарнамалай қойған жоқпын. Алдағы уақытта бұл жағынан маған басқа емес, ұлым Ернұрым көмектесіп, бағыт-бағдар береді деген ойдамын. Менің өнердегі қос қанатымның бірі жақұт жыр болса, екіншісі сазды әуен екенін тыңдармандар сол кезде толықтай танып-біле жатар.
    - Бәрекелді! Өз басым бұл істе басқаға емес, ұлың Ернұрға сенуіңе болады деп ойлаймын. Қалай болғанда да, ол музыканың һәм дыбыс-тербелістердің ішкі иірімі мен үйлесімділігін жіті сезініп-түйсіне алатын кәсіби маман ғой...
    - Иә, Ернұр Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының «Режиссура» факультетін «Дыбыс режиссері» мамандығы бойынша оқып-тәмамдады. Қазір жастар арасында танымал 91 – тобының  музыкалық режиссері болып еңбек етуде. Әрине, біздің жас кезімізде тыңдаған әндерді қазіргілермен салыстыруға болмайды. Қазіргі технология ғасырында әншілік өнерде де небір «хип-хоп», «рэп», «арн-би», «ретро-хит» секілді жаңа бағыттар жарыққа шығып, оны әр әнші өзінше орындап-жандандыруға, ерекшеленуге тырысуда. Соған орай әншілер де, режиссерлер де сол бағытта ізденіп-еңбектенуде. Алла бұйыртса, алдағы уақытта менің әндерімнің жанрын айқындайтын, нотаға түсіріп, өңдейтін бас төреші осы Ернұрым болатынына өзім де кәміл сенемін. Мен үшін өткен жыл тек төл басылымым – «Алматы ақшамының» мерейтойымен ғана емес, осы жалғыз ұлымның теңін тауып, Жансұлу есімді арумен бас құрап, үлкен өмірге қадам басуымен де ерекше есте қалды. Иншаллах, көптен күткен арманымның бірі орындалды десем де болады. Келінім өз топырағымыз – БҚО-ның тумасы. Жоғары білімді психолог. Мен жан-дүниемнің толқынысын қағаз бетіне өлеңмен түсірсем, ол әр адамның ішкі ойы мен сырын көзіне қарап-ақ ұғып отыратын жантанушы-маман. Алғашқы күннен-ақ түсінгенім, екеуіміздің адамдарға, жалпы өмірге қатысты көп көзқарас-пайымдарымыз ұқсас. 
    - Жаңа сөз арасында ел мен жер, өскен ортаң жайлы тілге тиек еттің. Түбін қуып келгенде, бәріміздің түп-тамырымыз кіндік қанымыз тамған, туған жеріміз ғой. Өзің айтқандай, ұлттық әдебиетіміздегі ұлық тұлғаның бірі – ақын Сағынғали Сейітов, қазақ өнерінің шоқ жұлдыздары Мұхит пен Ғарифолланың табанының ізі қалған топырақтан түлеп, бүгінде қанатты жырдың қарлығашы атануыңа туған жерің мен өскен ортаңнан бөлек, өз ата-анаңның, аға-апаларыңның да септігі тиген шығар?! Халық даналығы: «Құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демей ме?!... 
    - Әр адамның туған жері Мысыр шаһары дейді ғой. Мен де сонау қазақтың қазыналы бір өлкесі – Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданындағы шағын ауыл Егіндікөлде дүниеге келдім. Жайықтың бір сағасы Қалдығайты өзенінің жағасында суға түсіп, асыр сап ойнап, әйгілі Сарыұтқыш балығын жеп өскен ата-анамның ерке қызымын ғой. Айтпақшы, орайы келгенде айта кетейін, 2023 жылдың тамыз айында аудан басшыларының арнайы шақыруымен осы өзімнің кіндік қаным тамған ауылымның 95 – жылдық мерейтойына барып келдім. Талай жыл көрмеген жерлестеріммен көрісіп-қауыштым. Ауылдың мерейтойына арналған мерекелік концерт, ұлттық спорт түрлерінен сайыс, аламан бәйге секілді мәдени-көпшілік шаралардың куәсі болып, марқұмдарға алақан жайып дұға оқып, мерейтойлық дастарханнан дәм таттық. Түсінген жанға, бұл да замана көшімен бірге жылдар жылнамасының қойнауына еніп бара жатқан тарихтың бір парағы. Жерден жердің жорғалығы жоқ, бар қазақ бір қазақ қой. Дегенмен, әр өңірдің адамдарының өмір сүретін ортасы, айналысатын кәсібіне орай менталитеті мен жергілікті диалектілерге тән сөйлеу тілі сәл ерекшеленіп тұрады. Қандай да шығармашылық адамына өзінің өскен ортасы әсер етпей қоймайды. Осы сөзіме дәлел ретінде қандай тақырыпқа қалам тербемесе де, айналып келіп өзінің төл мекені кәрі Алтайдың тасы мен тауын, суы мен нуын қара сөзбен жырлаудан танбаған Орағаңды айтсам да жеткілікті деп ойлаймын. Сол секілді мен туған топырақ та менің өлең-жырларыма қанат бітіріп, шабыт берген, арман-аралыма бағыт беріп, жол сілтеген қасиетті жер. Сілемдерін ақша бұлттар орап тұратын асқақ Алтай мен ерке Ертіске құятын Бұқтырма маңының тумасы болғандықтан, саған мен туған өлкедегі қалың құмы аттап аяқ бастырмайтын тақыр дала құдды бір Сахараның шөліндей болып елестеуі бек мүмкін. Анығында, тіпті де олай емес. Көзге ілінер қара жоқ жазира дала мен ондағы маң-маң басқан түйелердің көшінің өзіне тән ғажап әдемілігі бар. Өзің де бағамдап отырсың, әрқайсымыздың балалық ізгі армандарымыздың ең тұнық бастауы ата-анамыздың шаңырағынан бастау алады, қандай да бір мақсат-жоспарымызды жүзеге асыруға мұрындық болады. Біздің отбасымыз да, әкем агроном-маман Мұқамбетқали мен ауылдастарымыз «құдықшы апа» атап кеткен анам Рәзия өз заманында біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүрген, маңдай терімен тапқан адал еңбектерінің жемісін жеген жандар. Ағайындылардың арасында ақындық өнерді мен ғана мұрат тұттым және оның түп-тамыры бір сөйлесе ағылып-төгіліп сөйлейтін, арғы аталары өз заманында ілім-білімнің өзегін таратқан өз анамда жатыр-ау деп ойлаймын. Әпкелерім Раиса мен Гүлзайда екеуі де ақын болмаса да, ақынжанды, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері. Кезінде Пушкин мен Лермонтовтың өлеңдерін жатқа айтып, әр қазақтың баласының санасына сіңірген ұлағатты ұстаздар. Сөз басында айтып өткен марқұм ағаларым Мақсот пен Бақыт та, қазір Оралда тұратын Мұрат та өнерге жақын жандар. Өз тегіме байланысты шежіреге зер салсам, ізгілік иірімдеріне бойлаған аталарым аз болмаған екен. Арғы атамыз Аралдық кіші жүздің биі болса, Серғазы бабам  көріпкелдігімен аты шыққан, ілім-білімнің насихаттаушысы болған, Меккеге екі рет барған жан. Қасиетті жерге алғаш табаны тигенде дүниеге келген ұлының атын Қажығали қойыпты. Жылдар өте келе, есейіп-ержетіп, өз ортасына көріпкел-шипагерлігімен танылған осы Қажекең де дініне берік тақуалығынан да болар,  менің әкем туғанда пайғамбар есімімен Мұқамбетқали атапты. Алла бұйыртса, болашақта жазатын автобиографиялық кітабымда өз әулетім туралы толықтай баяндайтын болам. 
    - Енді бір сәт шығармашылығыңнан бөлек, сонау «Ақ босаға», «Алматы ақшамы», «Рух-дәрия» газеттері мен «Жалын журналында қызмет еткен шақтарыңа оралайықшы. Басқаларды қайдам, өз басым сенің әдебиет пен өнердің талай-талай майталмандары мен әйгілі желтоқсан оқиғасындағы өз курстастарың туралы  келбетнамаларыңды бір кездері осы басылымдардан оқып едім. Басқаны айтпағанда, осылардың өзі бүгінгі күні үлкен бір жинаққа сұранып тұрған жоқ па? 
    - Ойхой, несін айтасың?! Мұндайда, жалындап тұрған жас кезде редакцияда түннің бір уағына дейін отырып, бас алмай жұмыс істеген сәттер еріксіз еске түседі. Өзің де білесің, университетті бітіргеннен кейін алғашында «Ақ босаға» одан кейін «Алматы ақшамы» газеттерінде істедім. Және де сол жылдары қандай тақырыпта да көсіле жазудың мол мүмкіндігі болды. Белгілі журналист Шолпан Ұғыбаева апамыз Бас редакторы болған басылымның аты айтып тұрғандай, «Ақ босағада» көбінесе қазақ қыз-келіншектері мен әйел-аналарға қатысты тақырыптарды қаузасақ, қалалық газетте шаһардың күнделікті әлеуметтік мәселелерінен бастап, саяси-экономикалық және мәдени өмір тынысы жайлы алғашқы ақпаратты біздің газет жариялайтын. Өз басым бүгінде белгілі журналист-ғалым Әнуар Тарақ жетекшілік еткен «Өнер» бөлімінде істегендіктен, ұлттық руханият – әдебиет, мәдениет, өнер тақырыбына көбірек қалам тербедім. Жалпы, әуелден әдебиет, өнер тақырыбы менің оң жамбасыма келген тақырыптар. Содан да болар, «Ақшамда» жүргенде халқымыздың бетке ұстар талай ақын-жазушылары мен өнер жұлдыздарының шығармашылық келбетнамаларын қаламыма арқау етіппін. Ол жылдары қаншама кейіпкерлермен жүздесіп-сұхбаттасқанымның бәрін жіпке тізіп, санамалап айтып шығу мүмкін емес. Дегенмен, қазір соның бірен-сараны есіме түсіп отыр. Мәселен, қазақтың күміс көмей әншісі Роза Рымбаева жайлы «Тау суындай таудан аққан» деп аталатын портретім, халқымыздың бетке ұстар әнші-сазгері Ескендір Хасанғалиев шығармашылығы туралы жазған бірнеше циклды мақалаларым, өмірінің тең жартысын қазақ театрына арнаған, аталмыш өнер ордасының ар-ожданы Ғайникамал Байқошқарованың мерейтойына арналған «Жұлдызың сенің жоғары» атты келбетнамам, әйгілі желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков туралы «Мен саған ғашықпын, Қайрат!» атты және т. б. айтулы тұлғалар жайлы осы газетте талай эссе-портреттер жаздым. Өткен 2023 жыл «Алматы ақшамының» мерейтойлық жылы. Басылымның жарыққа шыққанына 35 жыл толды. Осы бір арнаулы датаға орай, газеттің мерейтойлық нөмірінде бағымды ашып, шырағымды жаққан төл үнжариям жайлы жылы лебізімді білдірдім. Ойлап отырсам, қаламы ұшқыр, тәжірибелі журналист-публицист, қабілетті де, білгір ұйымдастырушы, кім, не жайлы жазсаң да, үнемі қолдап, қанаттандырып отыратын, марқұм Ерғали Сағат ағамыз редакторлық еткен кезде «Ақшамда» қызмет еткен жылдарым, менің ең бақытты шақтарым екен. Сөздің шыны керек, журналист үшін сөздің қадірін түсініп, еңбегіңді бағалай білетін редакторлармен бірге қызмет ету жарты бақыт. Құдайға шүкір, одан кейін де ондай редактордан кенде болғам жоқ. Танымал ақын, Мемлекет қайраткері Мұхтар Шаханов Бас редакторы болған «Рух-дәрия» газеті мен «Жалын» әдеби-көркем және қоғамдық-саяси журналында қызмет еткен жылдары жеке тұлғаларға арналған портреттерден гөрі қазірге дейін өзектілігін жоғалтпаған тіл, діл, дін, ұлттық салт-дәстүр,  руханият тақырыбында көбірек қалам тербеппін. Оның арасында алыс-жақын елдерді дүр сілкіндірген,  тіліміздің тірілуі мен дініміздің дәріптелуіне мұрындық болған, қазақ елінің тәуелсіздікке бет бұруына жол ашып берген желтоқсан оқиғасына байланысты көлемді журналистік зерттеулерім тағы бар. Ашығын айтсақ, желтоқсан оқиғасы жайлы мерзімді басылым беттерінде көп жазылды. Тіпті, басқасын айтпағанда, белгілі журналист-публицист Қайым-Мұнар Тәбеев ағамыздың аталмыш оқиға жайлы зерттеу-мақалалары мен ақын-көсемсөзші Болат Шарахымбайдың тұщымды толғаныстары неге тұрады?! Бір жағынан әр жазбагердің бұл оқиғаны өз көзқарасы тұрғысында зерттеп-зерделеуі де заңды ғой.  Мен де бұл тақырыпқа өз пайым-түсінігім тұрғысында келдім деп ойлаймын. Алматының орталық алаңында өзіміз көзімізбен көрген оқиғаны бүкпесіз баяндадым. Сол жылы 1-курста оқып жүрген курстастарымыз, өрімдей қыз-жігіттер Сейсен Ұлықбеков, Нұрымжан Мауытов, Ғазиз Тастаев, марқұм Ормаш Мырзабеков және осылардың арасындағы жалғыз қыз, өзім әрдайым «Мәншүктің сіңлісі» дейтін  Гүлмира Сұлтанәлиевалардың қаһармандығы мен қайраттылығын тілге тиек еттім. Мен өз курстастарымды мақтай отырып, олармен мақтанамын да. Өйткені, олар желтоқсан қырғынын көздерімен көріп қана қоймай, онда орын алған әділетсіздіктер мен бюрократтық әпербақан – ұр да, жық саясаттың қитұрқы әрекеттерін де бастарынан өткізіп, қиындыққа төтеп берді. Осының бәрін қазір саналап отырғанда шын мәнінде бұл желтоқсан оқиғасы, сайып келгенде осы менің курстастарым секілді әділеттік, егемендік  үшін бастарын бәйгеге тіккен бүкіл қазақ жастарының бас көтерген тәуелсіз көтерілісі екеніне илана түсеміз. Бұл оқиға тарих қойнауына сіңіп кетсе де, көкеймізде мәңгі сақталып қалды. Содан да болар, бұл туралы мен тағы да курстастардың  31-жылдық кездесуі қарсаңында да «Ана тілі» газетінде жарық көрген мақаламда тағы да арнайы тоқталып өттім. Ойлап отырсам, біраз жылдар журналистикадан жырақтап кетсем де, жазғандарымнан жазбаған дүниелерім әлі де жетіп-артылады екен. Тек жазуға уақыт табу керек. Дегенмен,  сөзіңнің жаны бар, шынында да газетте жарияланған таңдаулы мақалаларым мен журналистік зерттеулерімнің бәрін бір жинақ ету қажет-ақ. Оны таяу жылдарда шығаруды өзім де жоспарлап жүрмін. 
    - Алматының әйгілі «Медеу» мұз айдынында әлем әншілерінің басын қосқан халықаралық «Азия дауысы» фестивалі мен жас орындаушылардың «Жас қанат» байқауының бірнеше жыл тұрақты репортері болуыңа сенің осы өнер адамдары жайлы жазған туындыларың негіз болды – ау деп ойлаймын...
    - «Өнер» бөлімінде еңбек етіп, ұлттық мәдениетіміз бен оның туын көкке көтеріп, мәртебесін өсіріп жүрген танымал өнер тарландары туралы үнемі қалам тербеуім, шындығында да маған осы байқаулардың тұрақты репортері болуыма жол ашты. Қалалық әкімдіктің демеушілігімен өтетін «Азия дауысы» фестивалін біздің басылымнан  тұрақты жариялайтын тілші қажет болғанда, оның продюсері марқұм Мұрат Ерғалиев пен қоюшы-режиссер Александр Пономоренконың таңдауы маған түсті. Өзім де қуана келістім. Ол кездері республикалық БАҚ тілшілерінен құралған арнайы репортерлар тобы таңнан кешке дейін еңбектендік. Бір емес, бірнеше сағатқа созылатын ауқымды өнер сайысынан күн сайын қысқа ақпарат пен қоса көлемді  репортаждар мен сұхбаттар әзірледік. Журналист үшін небір ғажап кейіпкерлермен жүздесіп, әңгіме-сұхбат құрудың әсері бөлек қой. Оның үстіне шетелден келген репортерлермен қоян-қолтық араласып, ағылшын тілін жетік меңгерген қазақстандық әріптестердің қазақ, орыс тіліндегі сұхбаттарды лезде басқа тілге аударып, бірі естімеген ақпаратты біріне жанашырлықпен айтып, бірін-бірі толықтырып, өзара бірлесіп, жұмыс істеуі де көрер көзге қуаныш ұялатады. Сол жылдары өзіміз бейнесін бұрын экраннан ғана көретін «Модерн Токингтің» солисі Томас Андерстен бастап, талай-талай Еуропа, ТМД, Орта Азия елдерінің атақты әншілерімен сұхбаттасып, көлемді сұхбат-репортаждар жасаудың сәті түсті. Шынымды айтсам, сол бір «Медеу» мұз айдынындағы әлемдік эстрада жұлдызы, әйгілі «Сувенир» әнінің тұңғыш орындаушысы Демис Руссос, ТМД-ның танымал әншілері София Ротару, Филипп Киркоров, «Служебный роман», «Гараж», «Ирония судьбы» фильмдерінің қоюшы- режиссері Эльдар Рязановтардан тірідей сұхбат алып, емен-жарқын пікір алмасқан кездеріме қазірге дейін көңілімнің бір түкпірінде ерекше ностальгия бар. Еш өтірігі жоқ, сол жылдары «Азия дауысы» Орта Азиядағы теңдесі жоқ ән фестивалінің бірі де, бірегейі еді. Ал «Жас қанатқа» келсек, ол да өзіндік формат-талабымен ерекшеленетін жастардың ән байқауы. Өзің де түсінесің деп ойлаймын, ән байқауы тек жеңімпаздарды сыпыра мақтау емес қой. Оның ұйымдастырылуы мен өту барысы, әр конкурсанттың ерекшелігі, имиджі, өзіндік стилі мен орындау мәнері бәрі-бәрін талдап-таразылап жазу журналистікпен бірге музыкалық талғамды, үлкен ізденісті талап етеді. Алматы мен Астанада өткен  «Жас  Қанат» байқауының бастан-аяқ басы-қасында болып, 90-жылдардың соңында конкурста топ жарған Манарбек Байтасов, Шахизада, Маржан Арапбаева, Медеу Арынбаевтардың, 2000-жылдардың басындағы осы байқауда оза шауып келген Нұржан Қалжан, Жанар Доғалова сынды таланттардың сахнадағы жұлдызды сәттеріне куә болып, сүйіншілеп газетке жариялағандымнан да шығар, олардың әрқайсысы қазірге дейін көзіме ыстық көрінеді. 
    - Өткен жыл сен үшін төл басылымың - «Алматы ақшамының» жарыққа шыққанына 35 жыл толуымен айрықша болса, биыл өзіңнің де мерейтойың. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, әр жылдың пенде баласына беретін өз несібесі бар ғой. Биылғы жылдан не күтесің? Алдағы мақсат-жоспарларың қандай? 
    - Білесің бе, қазіргі уақыттың зымырап бара жатқаны сондай, ол құдды бір құмсағат тәрізді. Таң атысынан күннің бастысына дейін жұмыста жүріп, тәуліктің қалай өткенін де байқамай қаламыз. Адам баласының арманы таусылған ба?! Арайлап атқан әр таңнан үміттеніп, жақсылықты күтетініміз рас қой. Еңбек демалысын алған кезде еліміздің Батысы мен Оңтүстік өңіріндегі киелі жерлерді бір аралап, зиярат етуді ниет етіп жүрмін. Көңілімнің бір түкпірінде туған-туыстармен бірлесіп, ауылдағы орны ғана қалған қара шаңырақтың орнына жаңа үй тұрғызсақ, жаз айларында сол жерге барып, тұрсақ деген де  бір ой бар. Айта берсем, алға қойған мақсат-жоспар көп. Оның бастысы – қазіргі кезде сұлбасы дайын тұрған «Құмның қызы, қырдың қызы өзіммін» атты жыр жинағымды жарыққа шығару. Ал одан да бөлек болашақта өз заманым мен замандастарым туралы кітап жазбақ ойым бар... 
    - Мақсат-жоспарларыңның сәтімен жүзеге асуына тілектеспін! Әңгімеңе рақмет! 
                                         Сұхбаттасқан Арай Сахариева, журналист

  •                                                                             
  •