Қазақ журналистикасында белгілі бір салаға, тақырыпқа маманданған журналистер мектебі қалыптасқан. Соның бірі фельетон жанры болса, оның мектебін қалыптастыруда Нури Муфтахтың өзіндік қолтаңбасы, үлкен үлесі бар. Ол қырық жылдан астам уақыт осы бір қиын да күрделі жанрда әр түрлі тақырыпта қалам тербеген.
«Нұреден өзі қалай жазса, шәкірттерінен де соны талап етеді. Біреуінің мақаласы ұнамай қалса, бірден телефонға жармасады. Ондайда ақталу деген мүмкін емес, себебі қоятын кінәсі ешкімді тырп еткізбейді, шәкірттері де оған әбден үйренген, мойындайды, кемшілігін түзетуге күш салады. Нури Муфтахтың облыстарда, аудандарда жүрген журналист шәкірттері аз емес. Оған жол сапарда бір жүргенде талай мәрте көз жеткіздім. «Нұрекең келіпті» дегенді естіген олар оны қалайда іздеп тауып алады. Онымен бірге жүріп, күнде ақыл-кеңесін тыңдамаса да оның жазғандарына қарап бой түзейді екен. Ақтөбе, Атырау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында болғанымызда «Біздің өз Муфтахымыз бар» дегенді естігенбіз. Нурише жазу, Нурише батыл айтуға машықтанған әріптестеріміздің қатары көбейін келе жатқандығы қуантады» деп жазады Мамадияр Жақып өз естелігінде. Міне, бұған қарап еліміздің журналистикасында Нури Муфтахтың өзіндік мектебі қалыптасқанын байқау қиын емес.
Фельетон жанрының негізгі парызы – біреуді кекетіп-мұқату емес, істегі кемшілікті түзетуге қолғабыс тигізу. Осы орайда Н.Муфтах фельетондары - ешкімнің бетіне қарамайтын батыл да табанды, қазақ баспасөзінде турасымен ғана таңбаланған тегеуріні мықты шығармалар. Автор шығармасының осындай құндылығы, күші, беделі қара қылды қақ жарған шыншылдығында, әділдігінде жатыр.
Сондай-ақ, автор шығармасының бір ерекшелігі, оның фельетондарының кімге бағышталып отырғанын, кімді сынамақ болғандығын кез-келген оқырман біліп отырады. Кейбір баспасөз беттерінде көбіне көп сыни материал, фельетон жариялау керек деген дақпыртпен сылдыр-сөз, жеңіл-желпі фактілерге құрылған атүсті сын материалдар жарық көреді. Екінің бірінде «клубтың немесе дүкеннің есігінің алдына қара құлып кесе көлденең жатып алып, ешкімге бой бермейді» деген сияқты материалдар жиі бой көрсетеді. Ал, сол клуб пен дүкенді «қара құлыптың» билеп алуына кім кінәлі екендігі нақтылы ашылып жазылмайды да, мұндай сын материал оқырмандарға да, газетке де көмегі тиместен аяқсыз қала береді. Ал, мұндай шалағай сөз бен сұраусыз сөздің кімге керегі бар?! «Тисе - терекке, тимесе - бұтаққа» деп сермелген сын семсерінің газет беделін түсірер зиянынан басқа пайда шарапаты болмайтыны хақ. Кейбір фельетонистер мысалы, егер өзімшілдік туралы жазатын болса нақтылықтан оқшау кетіп жатады, айталық сол сырқаттың да, қатыгез дәрігердің де аты-жөнін келтіре бермейді. Мұндайда редакция тым әсіре сыпайылық білдіреді де, соның салдарынан оқырмандарға да, дәрігердің жұмысына да қолғабыс тигізерлік мәселе аяқ асты сөз болып қала береді. Осыған жақын «Тізең сырқыраса, тісіңді емде» фельетонын алайық.
Өтірік-шынын кім білсін, бірде Алматыдағы студенттер емханасының дәрігері О. Гаевскаяға бір студент келіп: «Ольга Ивановна, түн болса болды тізем қақсап ауырып, таңды көзбен атқызатын болып жүрмін» деп ем-дом жасауын өтініпті. «Аузыңды ашшы, тісіңді көрейін» депті сонда дәрігер» деп бастаған Нұреден өз мамандығына сай жұмыс істемейтін, кәсіпті қолғапша ауыстыратын дәрігелерді сынайды. Автор осында әшкерелеуге тұрарлық нақты фактілерді келтіріп, негізгі ой-толғамдарын, сын-пікірлерін тартынбай, еркін айтады. Шығармадағы кейіпкерлердің аты-жөні де толық айтылады. «Біреу күлкі үшін шығарды ма, кім біледі, ал Ольга Ивановнаның 1970 жылы Омбы медицина институтын тіс дәрігері мамандығы бойынша бітіргені де, бірақ тістен гөрі мұрын мен құлаққа құлқы ауып, тамақ, құлақ, мұрын дәрігері болып істеу үшін қайта әзірліктен өткені де, 1983 жылдың бас кезінде емханадағы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалғаны да - айна қатесіз шындық. Әлбетте лауазымға ақша беріп ие болмайтыны белгілі» деп білімсіз дәрігерді шаншып өтеді.
Журналистің осы медицина саласына байланысты жазылған тағы бір фельетонынан дерек. «Айталық, Лариса Пожитнова 1975 жылы Алматы медицина институтының педиатрия факультетін бітіріп шыққан еді. Сол кезде шалғайдағы қанша сәби «Дәрігер апай келеді» деп қуанды екен десеңізші. Бірақ, Лариса Ивановна ауылға да, ауданға да, өзі туып-өскен Жамбылға да асыққан жоқ. Бәлкім, Астанадан кетпеудің амалы шығар, әйтеуір көп кешікпей психотерапия маманы болып шыға келді. Оны аз десеңіз осыдан үш жыл бұрын Ростовқа барып сексопатология маманы деген тағы бір қағаз алып келді».
Жалпы, Н.Муфтах фельетондарына тән қасиет - оның осындай әр қадалған нүктені аса дәлдікпен әшкерелеуінде. Мұның астары автордың қоғамдағы бассыздық, жадағай шалалықтардың дереу қолға алынып, іс аяқсыз қалмасын деген игі тілегінде жатыр. Сонымен қатар Нури Муфтахтың өзінен кейінгі ізбасар әріптес інілеріне күнде көз көріп, қасында жүрмесе де көрсеткен үлгісі, үйреткен тағылымы мол. Ол өзі Астанада жүрсе де Қазақстанның өзгеде облыстарындағы журналистерге әртүрлі басылымдарда жарық көрген фельетондары арқылы бағыт-бағдар беріп, жүйелі жазуға тәрбиелей білді. Тіпті өзін аға, ұстаз көретіндерге телефонмен де: «мақалаңның мына бір жері бос, мына бірі оқуға келмейді, жүйелі түрде жинақы, қысқа әрі анық жаз» деп кемшілігін түзетуге бағыт берсе ал, енді бірін: «тақырыбын жақсы қойыпсың, осы бағытыңнан тайма, сенен бірдеңе шығады» деп жігерлендіріп, алға ұмтылдырып отырды.
Осы сөзіме, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, өнеркәсіп саласында біраз қалам тербеген белгілі журналист Құттыгерей Смадиярдың мына бір сөздері дәлел бола алады: «Нури Муфтах - менің журналистикадағы санаулы ұстаздарымның бірі еді. 1997 жылдан бері түрлі басылымдарда жұмыстас болдық. Ал, «Алтын ғасыр» шыққалы күн сайын тілдестік десе болады. Әрине, жұмыс болғасын оның күнделікті айқайы да болады ғой. Телефонмен талай рет жүндей түткен. Бірақ, бірер сағаттан кейін қайта соғып, факспен материалды үйіп тастайтын» деп еске алады Нури Муфтахтың дағдылы материал дайындау тәжірибесі қақында. Бұл да Нұри Муфтахтың фельетон жанрында өзіндік мектебі қалыптасқандығын аңғартса керек.
Фельетон жазу оған факті іздеп табудан басталады. Ал, фельетонға керектісі кемшілік фактілер алдыңнан көлденеңдеп, «мен мұндалап» тұрмайды. Сондықтан, оны ерінбей-жалықпай іздеуге тура келеді. Бұл орайда Н.Муфтахтың көрегендігін, сезімтал аңғарғыш екендігін фельетондарының өзі дәлелдей түседі. Оның тәжірибелілігі сонша, ол кез-келген фактіні өз шеберлігімен, өз қиялымен фельетон етіп, шағын да жай фактіні сатира отымен уыттандырып жібере алады. Н.Муфтахтың пайдаланатын кез-келген мысалының үлкен мәні бар, тәрбиелік ой-пікір айтуға болатын оперативті, актуальды мәселелерді көтеретін фактілер.
Факті дегеніміздің өзі үнемі қозғалыста, өсу, даму үстінде болған. М.Горкий фактіні кішкене мазмұн деп қараған. Факті әр уақытта да үлкен кішілі уақиға болғандықтан, басталар шағы, даму кезеңі, аяқталуы болады. Фельетондағы фактіні қайдан, қалай алу қажет? Ең алдымен, оны өмірлік тұрмыс-тіршіліктен алу қажет. Сонымен қатар, фельетондық фактілерді тергеу орындарынан, бақылау-тексеру мекемелерімен, сауда инспекциясы мен партия, шаруашылық ұйымдарынан алуға болады.
Н. Муфтах фельетондарындағы фактілер осы айтылғандардан, әсіресе оқырман хаттарынан жиі алынғандығын айғақтайды. Өйткені, ол оқырман арасында жиі болып, ылғи оқиғалардың бел ортасында жүрді. Қиналған жанға жақсылығын, берер көмегін танитынынан да, танымайтынынан да аямады. Көбіне өзін іздеп келетіндер біреуден қиянат көріп, қысымға түсіп, теңдік ала алмай әділет, араша іздеп жүргендер болғандықтан, олардан келген хаттарды оқып немесе арызын тыңдай сала не телефонға ұмтылады, не шұғыл сапарға шығады.
Арамтамақтар мен маскүнемдерге, бұзақылар мен ұры-қарыларға, көз бояушылар мен қоғамдық дәулетке қырсыздарға баса шүйілді. Әсіресе, жайлы қоғамның салтанатты сарайын салуда «қурай басын сындырмай», оның игілігін, қызығын көргісі келетін, оның тұсында «шалқамыздан самса жеп жата береміз» дейтін санасы тайыз, көңілі соқыр бейшараларға көп «сыбаға» тиді. Фельетон жанры - кез-келгеннің уысына түспейтін, бақшасында піспейтін күрделі жанр. Оны бір жазып шығуға үлкен зерделілік пен табандылық, шынайылық қажет. Осы қасиеттердің бәрі де біздің кейіпкерімізде бар болатын. Содан да шығар, әлі күнге дейін оның есімі аталса, «фельетон сардары» деген айқындауыштың бірге ілесіп жүретіні. Нұреден Мұфтах фельетондарын зерттеу – біз сияқты жас қаламгерлердің парызы. Бұл бүгін-ертең жасала салатын шаруа емес. Алайда, қазақ журналистикасы тұрғанда, оның да есімі өшпейтіні анық.