Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

«Атырау өңірі: 1920-1930-шы жылдардағы ашаршылық іздері»

Бұл мақаланы қолға алуымызға еліміздің бастан кешкен тауқыметі туралы облыс өлкетанушыларының жеке тұлғалардың ауыздарынан жазылып алынған қабырғаны қайыстырарлық мәліметтері мен архивтік соңғы деректерді саралау себеп болған еді. Жыл өткен сайын XX ғасырдың 20-40 -шы жылдары қазақ халқының басынан кешірген ауырпалықтары  тарихтың қалың топырағының астында қалып, жас ұрпақтың санасына дұрыс жеткізілмей отырғаны біздер сияқты үлкен кісілерді қатты алаңдатады. Жеке басым, мамандығым тарих пәні мұғалімі болса да, 1977 жылға дейін Қазақстанда 20-30 жылдары  алапат ашаршылықтың орын алып, миллиондаған адамдардың аштан өлгенін толық білген жоқ едім. Себебі, ол кезде тарих оқулықтарында ондай мәліметтер мүлде жоқ болатын. Ол мәліметтерді мен күтпеген жерде кезіктірдім. Ол кезде Облыстық мұғалімдер жетілдіру институтында еңбек еттім. Күз айларының бірінде бізге институттың кітапханасын бір орыннан басқа жерге көшіруге тапсырма беріліп, кітаптарды жинастырып жүргенімізде, менің көзіме ескілеу, 40-шы жылдары жарық көрген «Перепись населения в Казахстане» деген кітап түсіп, ондағы кестелерді оқығанымда таң  қалдым. Ол кестелер екеу екен. Біреуінде 1926 жылғы халық санағының, екіншісінде 1939жылғы халық санағының нәтижелері беріліпті. Екеуін салыстырғанымда, 1939 жылғы көрсеткіш 1926-шы жылғы көрсеткіштен  екі жарым миллион адамға аз болып шықты. Мен өз көзіме өзім сенбей, қайта қайта қарағанымда, бәрібір көргенім сол көрсеткіш болды. Кейін, шындық түндігі ашылып, білгеніміздей елімізде большевиктердің Қазақстанда жүргізген «Кіші қазан» атты сойқан саясатының кесірінен 1920-1930-шы жылдары қазақ халқы сұмдық ашаршылыққа ұшырап, ұлттық генефондтың жартысына жуығынан айырылыпты.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев өзінің 2021 жылы қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі - 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін әлі жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жинақталған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек» деген болатын. Біз де сол кезден бастап осы мәселемен үлкен жауапкершілікпен айналыса бастап, архивтер мен арнаулы әдебиеттермен танысқан едік. Айырықша айтылуға тиісті мәселе: 1921-1922 жылдары Қазақстандық билік елдегі ашаршылыққа қарсы арнайы комиссия құрып, халыққа қолынан келгенше  көмек ұйымдастырса, ал 1931-1932 жылдары билік басындағы  Ф. Голощекин мен оның сыбайластары керісінше халықтың ашаршылыққа ұшырауына  тікелей  себеп болған атышулы «Кіші қазан»  саясатын ойлап тауып, оны жүзеге асыра отырып,  жағдайды ушықтыра түскен. 
Гурьев уезінде 1921-1923 жылдардағы ашаршылыққа байланысты деректер  Атырау облыстық мемлекеттік архиві № 109 қорының №№ 1, 2, 3, 8, 31, 32, 33, 34, 35, 36, 37, 42 істерінде сақталған. 
    Сол құжаттардың бірі №32 істе  Гурьев уезі бойынша 1921 жылы ашыққан адамдардың тізімі берілген. Бұл тізімге аштыққа ұшыраған 336 жанұя енген. Бұл жанұяларда 907 адам тіркелген. Бұл тізімге енгендерге 1922 жылдың 19 наурызынан 1923 жылдың 5 қаңтарына дейін уездік комиссияның бақылауымен азық-түлік  үлестірілген. Атырау облыстық мемлекеттік архивіндегі құжаттардан білгеніміздей, аштыққа ұшыраған отбасыларға ұн, шәй, әртүрлі май өнімдері, киімдік мата тізімге орай үлестірілген. Тізімдегі отбасылардың ұлттық құрамына жасаған анализ бойынша: барлығы 336 отбасының тек 10-ы  орыс отбасы болған. Ол барлық ашыққан отбасылардың 2,9 пайызын, барлық отбасы мүшелерін есептегенде орыс отбасыларында 43 адам тіркеліп, ол 4,7 пайызды құраған. 
Бұл тізімдегі отбасылардың көпшілігі қазақ ұлтының өкілдері болғандықтан ашыққан адамдар ауылдық жерлердің тұрғындары деп қорытынды жасауға болады. Бұлар Жайық өзені бойында орналасқан Жаманқала, Редут, Карманово, Зеленый селоларының тұрғындары болуы керек. Бұл тізімге енген отбасылардың басым көпшілігінде үш баладан бес балаға дейін болған, яғни, бұлар ашаршылықтың зардабын көп тартқан болуы мүмкін. Барлығы №109 қордағы істерден әрқайсында 200-ден 350-ге дейін отбасы басшыларының аты-жөні тіркелген тоғыз тізім бар. Ол тізімге енген азаматтарға  азды-көпті азық-түлік үлестірілген. Сол кезде Нарын құмында өмір сүрген жұртшылық өкілдеріне ашаршылыққа байланысты көмек жөнінде деректер табылмады. Шамасы, уезд басшылығы олар өз күндерін өздері көрсін деген болар. Оның үстіне құмаршықтың арқасында ол жұртшылықтың аштыққа ұшырамай, ілдалдалап өмір сүріп жатқандарын білген де болулары мүмкін еді.
 Қордың №32,33 істерінде ашыққандарға көмек беру үшін жасақталған 2 тізім берілген. Бірінші тізімге 250 отбасы енген. Олардың ішінде 2 баладан 5 балаға дейін 75 отбасы тіркелсе, қалған 175 отбасылар жалғызбастылар болған. Барлығы 344 адамға көмек көрсетілген. Осы тізімдегі ашыққандардың ұлттық құрамы: барлығы 250 отбасының арасында 65 отбасы қазақ, қалған 185 отбасы орыс ұлтының өкілдерінен тұрған. Яғни қазақтар 26, орыстар 74 пайызды құраған. Бұлар Гурьев қаласының тұрғындары болатын.
Барлығы тоғыз тізімге енген 1903 отбасына ашаршылыққа қарсы күрес комитетінің тарапынан ол отбасыларына көмек  көрсетілген. Ол отбасылары мүшелерін қосып есептегенде барлығы 7612 адамға азық-түлік үлестірілген. Бірақ ол тізімдерде көрсетілген ашыққан адамдардың саны дәл емес екендігін сол ауыр кезеңде  Жылойқоса ауданында болған ашаршылық туралы Атырау облыстық мемлекеттік архивінің №109 қоры, № 8 ісінде 20 – жылдарда жазылған мына бір құжаттың мазмұнынан білуге болады.
 1922 жылы 12 наурызда құрылған Жылойқоса ауданы бойынша ашыққандарға көмек комитетінің қызметі туралы баяндамада былай делінген:  Гурьевтен жарлықты ала салысымен шұғыл түрде ашыққандарға көмек комиссиясын құрдық. Алайда жоғарыдан ешқандай ереже немесе нұсқаудың болмағандығынан бізге де тек жарлық берумен шектелуге тура келді. Белгілі уақыт өткеннен кейін комиссияның жұмысы дұрыс жолға қойылып, секретариатты шұғыл түрде ашыққандардың есебін жүргізуге қостық, нәтижесінде аштыққа шалдыққан  құрамында 1300 адам тіркелген 450 семья анықталды. Аудандық ашыққандарға көмек комиссиясының шұғыл түрде жүргізген ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде аудан бойынша ашыққан адамдардың дәл есебі жүргізіліп, оларға жеке карточкалар толтырылды, комиссияның картотекасында сол категорияға жататын адамдардың үштен бірінің карточкалары жасақталды. Аудандық атқару комитеті қызметкерлері және жергілікті мекемелердің күшімен ащыққандарға көмек берудің әдістері мен мүмкіндіктері жоспарланды. Аса мұқтаж адамдарға ет тағамдарын бөлуге ерекше мән берілсе де, оны жұрттың бәріне жеткізе алмағандықтан, Гурьев қаласына кепкен балыққа наряд беруге тура келді, бірақ ол да мәселені түбегейлі шеше алмады, нәтижесінде комиссияның жұмысына қарамастан ашыққандардың саны азаймай, кісі өлімі күн сайын көбейіп келеді. Оның үстіне бұл елдің халқы тұщы ауыз суға зәру болғандықтан нарядпен алған балық өнімдерін тамаққа ащы сумен қосып пайдаланғандықтан көп адам өліп жатыр. 
Көктемге қарай Гурьевтен жас балықтың көбірек жеткізілуіне қарамастан, өз ауданымыздың ашыққан халқынан басқа көршілес Қызылқоға, Қаратөбе аудандарынан аштыққа ұшыраған халықтың Жылойға ағылып келуіне байланысты барлығы 350 адамға арналған жатақхана ұйымдастыруға тура келді. Ол адамдарға халықтан жиналған ет, балық өнімдері үлестірілді. Халықтың ауызынан жырып жиналған азық-түлікті «ортақ қазанға» салып пайдаланып отырмыз. Әрбір ашыққан адамға берілетін тағамның күндік нормасын белгіледік. Бірақ, ол да аса мардымсыз. Негізінен, нормаға кепкен балықты пайдалалануға тура келіп тұр. Жетім балалар үшін приют ашқан едік, олар тырдай жалаңаш болғандықтан іштеріне ас тұрмай, понос басталды, приютте ешқандай мебель, төсек-көрпе болмағандықтан, оның үстіне гурьевтіктер біздің талаптарымызды орындамағандықтан приютті жабуға тура келді. Балалар шыбындай қырылып жатыр. 
Уезден Шөкеев бастаған аштыққа күрес жөніндегі комиссияның өкілдері келгеннен кейін аудан территориясында қара бидай өсіру жоспарланып, 5 шығыр тұрғызылатын болды. Алайда, егістікке себетін тұқым болмағандықтан шығырлар жұмыс істемей тұр. Гурьевке 20 пұт тары сұраған біздің өтінішімізге «өз адамдарыңды қайықпен бірге жіберіңдер» деген жауап алдық. Аудандық ашыққандарға көмек комиссиясында артық адамдар да, қаражат та болмағандықтан бұл мәселені де шеше алмай тығырыққа тірелдік. Содан кейін бұл қиын мәселені шешу үшін Гурьев қаласынан  уездік  комиссияның 2 өкілі іс сапарға  ауданға келді. 
Сол кезеңде жазылған ашаршылық туралы құжаттарды салыстырып, анықтап қарағанда ауылдық жерлерде ашыққан адамдардың барлығын бірдей тізімдерге енгізбегендігі байқалады. Ол Жылойқоса ауданының мысалынан көрінеді. №109 қордың №8 ісінде осы ауданның ашыққандарының саны 172 адам деп көрсетілген, ал баяндамада 1300 адам деп берілген. Аталған қорда жинақталған құжаттардың арасынан Есбол, Теңіз, Қызылқоға Доссор аудандарында ашыққан адамдарға көмек ұйымдастыруға байланысты мәліметтер мен деректерді мүлде кездеспейді. Бұдан, әрине, ол жақтың жұртшылығы ашаршылыққа ұшыраған жоқ деген қортынды шығаруға болмайды. Уезд бойынша ашаршылықтан қаза болған адамдардың саны туралы мәліметтер кездеспеді. 
Атырау облыстық мемлекеттік архивте және оның аудандардағы филиалдарында 1931-1932 жылдарғы ашаршылық туралы бірде бір мәлімет сақталмаған. Сол кездегі билік өздерінің қылмысын осылай жасырған. Бірақ кітапқа жазылып, архивте сақталмаса да ашаршылыққа байланысты халық жадындағы мәліметтерді жасыра алмайсың. Бір оқымысты айтқандай, кітап та, оған жазылған мәліметтер де мәңгі сақталмайды, ал халықтың жадындағы мәліметтер атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа үзілместен жеткізілгендіктен еш уақытта ұмытылмайды. Оның дәлелі- ашаршылық туралы біздің халықтың ауызынан жазып алған деректеріміз болып табылады. Мысалы, Атырау облысы Жылыой ауданы, Құлсары қаласы №21 жалпы орта білім беретін мектеп, тарих пәні мұғалімі Теңелбаева Аңсагүл Қоянаққызы өзі еңбек ететін ауданы бойынша төмендегі мәліметтерді анықтаған: «Қазақ халқының тарихында ең ауыр, ең зұлмат кезеңдердің бірі — 1930–1933 жылдардағы ашаршылық. Бұл нәубет еліміздің демографиялық, экономикалық және рухани тұрғыдан күйреуіне себеп болды. Халықтың жартысына жуығы аштық пен аурудың құрбанына айналды. Сол қайғылы кезеңде елдің өзге өңірлері секілді Жылыой даласы да бұл қасіреттен шет қалмады. Ауылдар қаңырап бос қалды, отбасылар бір-бірінен ажырап, талай жан өмірімен қош айтысты.
Ашаршылықтың басты себебі — кеңестік биліктің жоспарсыз ұжымдастыру және малды күштеп тәркілеу саясаты болды. 1929 жылдан бастап жеке шаруашылықтар жойылып, халықтың бар мал-мүлкі мемлекет меншігіне алынды. Қазақ халқының өмір салтына тән мал шаруашылығы күйреді. Елдің негізгі күнкөріс көзі — төрт түлік малдан айырылған соң, ауылдар аштыққа ұшырады. Жылыой өңірі сол кезде негізінен мал шаруашылығымен айналысқан аймақ болатын. Тұрғындар қой, түйе, жылқы өсіріп, табиғатпен етене тіршілік етті. Ал малды тартып алу мен салықтың ауыртпалығы өңір халқын күйзелтті. Тіршілік азайды, елдің тұрмысы төмендеді.
1931–1932 жылдары аштық Жылыой өңірін де шарпыды. Құлсары, Тұщықұдық, Ақкиізтоғай, Қарабау, Жем бойындағы ауылдар азық-түліктен тарықты. Көптеген отбасы амалсыздан Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, тіпті Ресейдің Астрахань мен Орынбор өңірлеріне қарай босып кетті.
Қариялардың естеліктеріне сүйенсек, сол жылдары Жем өзенінің бойында қаңырап қалған ауылдар көп болған. Мал қырылып, жұқпалы аурулар тарады. Азықтың жетіспеушілігі мен аштық халықтың өмірін тұралатып тастады.
Халық тірі қалу үшін әртүрлі амалдарға жүгінді. Бірі балық аулап, енді бірі аңшылықпен күнелтті. Кей ауылдарда бір-біріне көмектесіп, азын-аулақ азығын бөлісіп, аман қалуға тырысты.Ел ішінде адамгершілігін сақтап, бір үзім нанын бөліскен жылыойлықтар туралы көптеген ауызша деректер мен естеліктер сақталған. Менің әкем Тенелбаев Қоянак Әбуұлы өз әкесі Тенелбаев Әбудің әңгімесін былай деп еске алады: «Өзенді жағалағанның өзегі талмас» деген сөз бар. Біздің Жем өзені Каспийге құяр тұсында Шолақ өзек, Қара өзек деген тармақтар бар еді. Сол өзектердің жағасында отырған халық аштық жылдары сол өзеннің балығымен күнелтті. Қаракөз деген балық елді асырады.
Көктемде мұз ерігенде халық бұл мезетті «Ақан уақыты» деп атайтын. Бірақ сол кезде мұз астына кетіп, қаза тапқандар да аз болмады.
Біздің үлкен әжеміз Теңге аштық кезінде балықтың сүйегін теріп, кептіріп, келіге түйіп, оны талқан етіп берген. Сол сүйек талқанынан быламық жасап, балаларға ішкізген. Әжем айтатын: «Адамдар қолдарында тостаған ұстап, есіктің алдында – аз да болса көжеңнен берші деп тұратын» деп.
Ал, көл жағасындағылар қоғаның тамырын қазып жеп, сонымен ғана күн көрген. Оны борық деп атаған. Ол қарын тойдырмайды, тек жүрек жалғау үшін табылды. Кейбірі тышқан аулап, сонымен жан сақтаған.
Теңге әжеміз аштықта бір уыс тары сұрап барғанда, колхоз бригадирі «Тарыны еккенде жоқсың, енді неге келдің?» деп балағаттаған екен. Сонда да бригадирдің әйелі, Жастабанның қызы, әжемізге жасырын бір уыс тары тығып берген. Сондай мейірім мен қайырымдылықтың арқасында талай адам тірі қалды. Жылыой жерінде теңізге жақын биік нүкте — Нұр деген жер бар. Сол төбе басында аштық құрбандары көп жерленген, ал кейбірі жерлеуге де үлгермей қалған деседі.Социалистік Еңбек Ері, аға шопан Асабаев Кісенбайдың жары Асабаева Дәметкен әжеміз былай дейді:
«Ашаршылықта жұрт не жемеді дейсің? Жемегені қалмады. Сораң шөпті де жеді, балпақ деген тышқанды да аулады. Оның терісін сатады, ал етін азық етті. Бір кесе тары – бір күндік өмір. Еркектер майданға кеткенде, әйелдер жұмыс істеп, колхозды ұстап тұрды. Бірі егінші, бірі тракторшы болды. Бірақ аштық бәрібір азап болды. Көп үйлерде өлім жиіледі. Тіпті кей аналар нәрестесін аштықтан құтқара алмай, өз қолымен бауыздап кетіпті деген де  сөз бар. Халық балық аулап, қамыстан күрке жасап, мұз үстінде тіршілік етті. Бір үйде үш-төрт отбасы бірге отырды. Сиырға берілетін сұлыны ұрлап әкеліп, құрғақтай қуырып, келіге түйіп, тамақ қылып жедік. Адыраспан мен қоға тамырын қайнатып іштік. Ашаршылық уақытында адыраспанды жеген менің енемнің денесі күп болып ісіп кеткен екен.  Бірақ тірі қалуға тырыстық. Сол 1930 жылдардың қасіретін ұмыту мүмкін емес...». Мұндай естеліктер айтылғанда көзге еріксіз жас келеді. Ашаршылық жылдары Жылыой халқы ауыр сынақтан өтті. Көптеген ауылдар жойылып, халық саны күрт азайды. Бұл нәубет өңірдің әлеуметтік және мәдени дамуына үлкен соққы болды.1934 жылдан бастап ел еңсесін қайта тіктеп, Құлсарыда алғашқы кеңшарлар құрылды. Халық тіршілігін қалпына келтіріп, жаңа өмірге қадам басты.1930–1933 жылдардағы ашаршылық — Жылыой тарихындағы ең ауыр беттердің бірі. Бұл оқиға қазақ халқының жадында мәңгі сақталуы тиіс. Аштық жылдарында өмір сүрген ата-бабаларымыздың төзімі, қайсарлығы мен адамгершілігі – бүгінгі тәуелсіз еліміздің рухани тірегі. Олардың есімі ұмытылмай, ұрпақ жадында мәңгі жаңғыра бермек». 
Жоғарыда айтылғандай, 30-шы жылдардағы ашаршылықты үкімет қанша жасырса да, оның қасіретін бастарынан кешкен балалар туралы мәліметтерді Атырау облыстық мемлекеттік архивінің « Гурьев уезіндегі жетім және қаңғыбас балалар» атты № 8 қорында 1933  жылы Гурьев уезінде  балалар үйлеріне  жинақталған  жетім және қаңғыбас  балалардың аты жөндері тіркелген  17 тізімнен көріп, оқушы назарына ұсынып отырмыз. Бірінші тізімде 38 бала, екінші тізімде 17 бала, үшінші  тізімде 10 бала, төртінші тізімде 20 бала, бесінші тізімде 17 бала, алтыншы тізімде 38 бала, жетінші тізімде 20 бала, сегізінші тізімде 20 бала, тоғызыншы тізімде 30 бала, оныншы тізімде 54 бала, он бірінші тізімде 32 бала, он екінші тізімде 27 бала, он үшінші тізімде 8 бала, он төртінші тізімде 28 бала, он бесінші тізімде 14 бала, он алтыншы тізімде 29 бала, он жетінші тізімде 5 бала тіркелген. Барлығы 1933 жылы Гурьев уезінің балалар үйлері мен балалар қабылдау пункттеріне 407 жетім және қаңғыбас балаларды орналастырған.  Балалардың жасы 4 жастан 14 жасқа дейін болған. Олардың ұлттық құрамы біркелкі тек қазақ ұлтынан құралған. 407 баланың тек қана 6-уы орыс және татар балалары болған. Негізінен, қаңғыбас және жетім балалар байларды тәркілеу шаралары асқан қатыгездікпен жүргізілген Қызылқоға, Жылой, Есбол және Новобогат аудандарынан көп болған. Себебі сол кездегі қазақ жұртшылығы алдарына салып бағып отырған малынан айырылғасын ел ашаршылыққа ұшыраған.  30-жылдары Қызылқоға ауданындағы жағдай туралы Құттымұрат Құлтумаұлының (1925-2013) өз қолымен жазған өмірбаяндық «Ар жақтан Тілеубай мен Шолым өткен» атты кітапта (2012, Орал) жарияланған. Автор: «Сонымен не керек, 1932 жылдың сүмбіле айында елге келдік. Ел өте күйсіз екен. Жол бойында әне жер, міне жерде аштан өліп жатқан адамдар. Кәтөлегі бір жерде, бөркі мен таяғы бір жерде. «Аштан өлген кісінің моласын көргенім жоқ» дегенді аштан кісі өлмейді екен деп ойласам, расында да аштан өлген кісіде мола болмайды екен... Осыларды көргенде, мен қорқамын. Мамам қолымнан жетектеп, өлген кісілерден бұрылып кетеміз. Елге келсек, ағайындардың көбі жоқ. Бірқатарын Қаратөбеге, енді біразын Тайпаққа көшірген, колхоз-совхозға ұйымдастырған. Тайпақ ауданы құрылған, орталығы – Калмыков болыпты. Елде Орлыкөл, Қамыскөл деген колхоздар ұйымдасқан, оларды ТОЗ деп атайды екен. Олардың орталығы Балабейіт деген жер (Аштан өлген көп баланы жерлеген жер екен). Кейін Қызылту, Жангелдин болып өзгерді. Осы ауылдардың бәрі де сол кезде Орал облысындағы Тайпақ ауданына қарады. Қызылқоға ауданы болып кейіннен бөлінді. Аудан орталығын 1957 жылы Миялыға көшірді.
Кешегі ашаршылықта байдың малын алғанда «кедейді күйлендіреміз, көктетеміз, бай мен молданы құртамыз» деді. Ал сол баймен күнелтіп отырған кедейлер, жақын-жуық, бәрі қырылып қалды. Баяғы бізге «көш, көш!» дейтін шолақ белсенді Әуелбек те аштан өліпті. 
1932 жылы күздігүні елге қайтып келгенде, қырылып жатқан адамды көзіммен көрдім. Мамам мені жетектеп жүреді, айналып кетеміз. Берірек келген соң әкем екеуміз Тайсойғанға талай бардық. Сонда әкем әне жерге де, мына жерге де құран оқиды. Мола жоқ, қызыл шағыл. «Әке-ау, неге оқисың, мола жоқ қой!» десем, ана жылы аштан өлген кісінің жүзін асырып едім» дейді. Омаштың баласы Темірболат та он екі жан отбасымен өз қыстауында көрпені жамылып, алашаны қабаттап, тізіліп аштан өліп қалған. «Терезеден шығарып, сүйреп апарып көмдім» дейді әкем.
 Қызылқоға ауданының тұрғыны, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, 1950 жылы жылы туған Құмар Хасанов 2023 жылы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» ҚР президенті Қ.К. Тоқаевтың 2021 жылғы 21 қазандағы № 456 Жарлығына байланысты бізге берген сұқбатында былай деген еді: «Қызылқоға ауданы 1928 жылы 27 наурызда Орал, Ақтөбе облыстары жергілікті болыстары  есебінен құрылған. 1928 жылдың аяғында 6 ұжымшар ұйымдастырылған. Бар мүшесі 600-ден сәл асады екен. 1930 жылы 8 мыңнан астам отбасы, 34 ауылдық кеңестер құрамына кірген. Бүкіл еліміздегі тәрізді ауыл  қожалықтары таратылып, колхоздарға біріктірілген. Ауыл – ауылға жіберілген шолақ белсенділер  адамдарды қарсылық білдіргеніне қарамастан күштеп тартқан. Көп адамдар шаталып, сотталған, жер аударылған. Байлар тәркіленген. Сол кездегі елдің тұрмысы өте ауыр болды. Сол жылдардағы асыра сілтеу елге ашаршылық алып келді деп әкем айтып отыратын. Малды адамдар айдалып, малдары ортаққа алынған. Малмен күн көріп отырған ел айналып келіп, аштыққа ұшыраған. Әкемнің айтуы бойынша, Қазақстанды Голошекин басқарған кезде әр отбасына малы бар-жоғына қарамастан ет, сүт өнімдерін жинау арқылы салық салынған. Адамдардың қолда барын тартып алған. Осыдан келіп қолдан аштық жасалады. Қызылқоғада қанша адам аштықтан өлді. Оның есебі еш жерде жоқ. Тәркіге ұшыраған Жұмабайұлы Дүзелбайдың баласы Теңел Дүзелбаевтың «Жезде» атты кітабында аштықтың қолдан жасалғаны, халық аштан қырылып жатқан шақта Ойыл ауданындағы Көкжар базарында астық сіресіп тұрғаны, бірақ, ол халыққа берілмей, адамдардың шыбынша қырылғаны, тіпті адамдар түнде далаға шықса әлі келетіндер ұстап алып, адам етін жейтіндер пайда болғаны айтылған.
Мәселенің түйіні:  Қазақстанда және оның құрамдас бөлігі Гурьев уезінде XX ғасырдың 20-30 жылдары болған ашаршылық сол кездегі елді басқарған биліктің  жүргізген «Кіші қазан» атты қатыгез саясатының нәтижесі еді. Ол қазақ халқы үшін орны толмас қайғы мен қасырет алып келді. Қазақ халқы өмірінің кепілі  болған малынан ғана айырылып қойған жоқ, ғасырлар бойы жинақтап, көзінің қарашығындай сақтаған салт- дәстүрлерінен, ырым жоралғыларынан, туысқандық қатынастарынан айырылды. Соның кесірінен қазақ қоғамында еш уақытта болмаған «жетімдер» институты пайда болды. Бұрын қазақтар жетімдікке жол бермеуді «әмеңгерлік» және «баланы бауырға басу» жолымен шешіп отырған еді.  «Әмеңгерлікке» совет үкіметі ескіліктің сарқыншағы ретінде тиым салса, «тұрымтай тұсындағы» заманда бөтен  баланы бауырға басып, тәрбиелеуге ешкімнің де шамасы келмегендігі айтпаса да түсінікті.
Ескерту: 
Мақала «Қазақстан азаматтарының негізгі базалық санаттары бойынша саяси қуғын сүргін құрбандарын іргелі зерттеу және ақтау» атты Республикалық Жобаны орындау жоспары аясында жазылды.
Шахман НАҒИМОВ,
 Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, 
Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар университетінің құрметті профессоры
Аңсагүл ТЕҢЕЛБАЕВА,
Құлсары қаласы №21 жалпы орта білім беретін мектеп, тарих пәні мұғалімі