Мюррей түс көрді, түсінде бір іс көрді.
Психологтар мен ғалымдар түс патшалығындағы «меннің» күйін түсіндіреміз деп әлекке түсуде, ұйқы – «кіші өлім». Әсілі, бұ әңгіме тың саланы зерделеуге талпынбайды. Тек Мюррейдің қалғып-мүлгіген сәтін ғана сипаттап беруді көздейді. Түстің ең ғаламат ерекшелігі – айлап, жылдап көргенің, өңіңде бірнеше секунд я минут ішінде көз алдыңнан зырғып өте шығатындығы.
Мюррей өлім жазасына кесілгендерге арналған түрме камерасында отырды. Дәліздің дәп төбесіне ілінген доғалдау электр шамының жарығы үстеліне түсіп тұр. Мюррей – ақ қағаз үстімен жорғалаған құмырсқа жолын конвертпен бөгеп әуре, жәндік – арлы-берлі қашып әуре. Ол бұлжымас бұйрыққа сәйкес кешкі сегізде – ажал құшады. Мюррей жымиған қалпы қалбалақтаған құмырсқаға, жәндік атаулының төресі, ең ойшылына қараудан шаршаған жоқ. Бөлімде мұнымен қоса үкімін күткен тағы жеті адам бар. Осы жерге орналасқалы бері үшеуін әкеткенін көрді. Біріншісі аласұрып, қақпан қапқан қасқырша қарсы атырылды, екіншісінің есі дұрыстау екен, даусы жарқын-жарқын шығып, Құдайға жалбарынды, ал үшіншісі әлжуаздау боп шықты, талып қалғанына қараған жоқ, ағашқа байлаған күйі алып кетті. Мюррей арсыз ажалмен бетпе-бет келер шағы жөнінде тоқсан толғанды. Кеш бата кезек оған да жетеді. Сегіздер шамасында-ау.
Бөлімдегі камералар – екі қатар-ды, арғы бетте – Бонифацио отыр. Италиялық әйелі мен тұтқындамақ ниеттегі қос сақшыны өлтірген. Мюррей онымен сағаттап дойбы ойнады, қабырға далдасынан көрінбейтін қарсыласына жүрісін дәліз арқылы анадайдан айқайлап айтты.
Бонифационың әуезді де әнге икемді, елді елең еткізер басыңқы даусы естілді.
– Ей, маэстро Мюррей! Хал-ахуалыңыз қалай? Жақсы ма?
– Жақсы, Бонифацио. Құмырсқаға конвертке енуге мүмкіндік беріп, сонан соң оны ептілікпен тас еденге тастаған Мюррейдің даусы – қатқыл.
– Жөн-жөн, маэстро Мюррей. Екеуміз нағыз ерлерше өлуіміз керек. Менікі – алдағы аптада. Тамаша. Маэстро Мюррей, дойбының соңғы партиясын ұтқаным есіңізде шығар? Келешекте тағы да ойнауымыз ғажап емес. Білмеймін. Әзірге белгісіз. Мүмкін біз баратын жерде жүрістерді тағы да айқайлап айтуға тура келер.
Бонифационың тұрпайы пәлсапасынан кейінгі басқа басымдық берген әдемі күлкісі Мюррейдің тас жүрегін жібітті. Иә, бірақ Бонифацио арғы өмірге асықпайды, еншіде – бақандай бір апта бар.
Дәліз соңындағы құрыш құлпының сырт-сырт еткен бәріне тегіс таныс дыбысы анық естілді, қылмыскерлерге. Үш кісі Мюррей отырған камераға кеп, есікті айқара ашты. Екеуі – түрме күзетшісі, үшіншісі – көршісі әрі бала кезгі досы – Леон. Жоқ, бұл ертеректе еді ғой, қазір бұл – Леонард сопы Уистон.
– Түрме священнигі болуға рұқсат берді, – деп ол Мюррейдің қолын қатты-қатты қысты. Сол қолындағы кішкене Інжілді аударып-төңкеріп, сұқ саусағымен керекті бетін белгіледі.
Мюррей әнтек жымиып, үстел үстіндегі екі-үш кітап пен бірнеше қаламды реттестіре бастады. Әңгімеге қуана-қуана араласар еді, әттең, алайда аузына жөнді сөз түспегені, өкінішті-ақ.
Қылмыскерлер ұзындығы – сексен фут, ені – жиырма сегіз футтық мына бөлімді «Тамұқ табалдырығы» деп атайды. Соның тұрақты тұрғыны, «шырақшысы», еңгезердей, епсіздеу болса да мейірімді еркек қалтасынан виски шығарып, бөтелкені Мюррейге ұсынды:
– Қайраттану үшін қажет нәрсе. Оған әуес болам деген ойдан арылғын...
Мюррей ішті.
– Жөн, – деді күзетші. Қорқынышты сейілтеді, арғысын сезбей де қаласың, алаңдама.
Манағылар коридорға шыққанда кезегін күткен жеті тұтқын сағат тілінің сегізге таяғанын, сол уақытта Мюррей өлім жазасына кесілетінін түсінді. «Тамұқ табалдырығының» өзіндік аристократиясы қалыптасқан. Дұспанын я аңдушысын әділ жекпе-жекте өлтірсе, онда мерейінің үстем болғаны, ту сыртынан қанжар қадаған қанішерлерге менменси қарайды, бұлар.
Дәлізбен ақырын ғана аяңдап, қос күзетшінің қыспағында кетіп бара жатқан Мюррейге сол жетеудің үшеуі ғана «кешір» деуге дәті шыдады. Бұл – Бонифацио, жасырынбақ болғанда зындан қызметкерінің жаназасын шығарған Марвин, қарсыласып баққаны, қолын көтермегені үшін жүрдек пойыз жолсерігін өлтіруге мәжбүр болған вокзал ұрысы – Бассет. Өздерін әлгі «Тамұқ табалдырығының» тастандысы сезінген төрт қылмыскер үнсіз ғана камерада жатты.
Мюррей өзінің байсалдылығына әрісі енжарлығына ерекше таңырқады. Өлім жазасы жүзеге асатын бөлмеге жиырмаға тарта кісі жиылыпты: абақты басшылығы, басылым тілшілері және қызық қуған көрермен...
Әңгіменің дәп ортасында О'Генри о дүниеге аттанды. Ол алдыңғымен салыстырғанда мүлде басқаша рухтағы шығарма жазғысы келген-ді. Бұл – тосын топтаманың бастауы болуға тиіс еді.
– Мен оқырманға оқыс дүние тудыра алатынымды аңғартқым келген, – дейді О'Генри. Жазушылық қарым-қабілетімді жан-жақты аша түсер, ұстанымыма жақын, жаңашылдыққа бай, шарықтау шегі ерекше, шиыршық атқан шиеленіске толы үржаңа үлгідегі әңгіме жазбақ болғам.
Ол осы шығармаға толық кіріспес бұрын қалай өрбіп, қалай аяқталатынын қысқаша түртіп-түртіп қойған-тұрғын. Қып-қызыл қызғаныш кесірінен ғашығын айуандықпен өлтірген Мюррей алғашында үкім уақытын сабырлы, сырт қарағанда немкетті күтеді. Электр орындығына жақындай бастағанда-ақ өзі үшін оғаштау көрінген сенімсіздік сезімі бойды билегені. Бөлмедегі салтанатты сахна, бөгде жандар – куәгерлер, көрермендер, үкімге әзірлену сәті, бәрі-бәрі нанымсыз көрінді. Қатты қателескені туралы сан тарау оқыс ой санасын осып-осып өтті. Оны неге орындыққа байлап жатыр? Не бүлдірді? Нендей қылмыс жасады? Үстел белдігі бекітілгенде көңілге түйген көп естелік көрініс берді. Түс көруде. Алтын Күн нұрына малынған, ағаштан қиылған, топ гүл аясындағы шап-шағын коттедж. Әйел мен бала. Екеуімен сұқбаттасу арқылы анау – жұбайы, анау – ұлы, коттедж – өз үйі екенін ұқты. Соңыра, барлығы қателікке ұласты. Баз біреу қатты қателескен-ау, сірә. Жабылған жала, жағылған күйе, айып, сот, электр орындығында жүзеге асқалы отырған үкім, мұның бәрі – түс. Ол жан жарын құшағына қысып, баласын құшырлана сүйді. Бақыт деген осы емес пе? Бірақ, бұл жай әншейін түс еді ғой. Бір кезде қапас күзетшісінің пәрменімен пәленше қуаты бар тоқ өне бойынан өтті дейсің.
Сөйтіп, Мюррейдің түс дегені расқа шықты.
P. S. Бұл – әлемге әйгілі Америка жазушысы, қысқа әңгіменің хас шебері О'Генридің (Уильям Сидни Портер) ақырғы новелласы.
Аударған: Әлібек БАЙБОЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
жазушы-драматург, әдебиеттанушы-ғалым.




