Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Анеля АЛИМ: «Макияж – тек сыртқы сұлулық емес, ол - ішкі трансформация...»

Әлеуметтік желі арқылы Нью-Йорктегі Таймс-сквер алаңында өткен сән апталығында АҚШ-тың екі бірдей мемлекеттік марапатын иеленген қазақ қызы Анеля Алимнен сұхбат алған болатынбыз. Анеля Алимнің өмір жолы, идеясы әрбір қазақ қызына үлгі боларлықтай. Мұхиттың ар жағында жүріп, өз брендін қалыптастыру екінің бірінің қолынан келмейтіні рас. Ол үшін білім мен табандылық, еңбекқорлық қасиетпен бірге рухтың мықтылығы да қажет –ақ. Аталған сұхбатты «Сарайшық» оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көрдік.

  • Жақында Нью-Йорктегі Таймс-сквер алаңында өткен сән апталығында АҚШ-тың екі мемлекеттік марапатын иелендіңіз. Бұл сіз үшін жаңа белес болды ма?
    – Иә, бұл мен үшін зор құрмет болды. Бұл марапаттар менің кәсіби жолымдағы жаңа белеске айналды. Сонымен қатар, олар менің брендіме үлкен бедел мен сенім әкелді. Нью-Йоркте мұндай сенімді ақтау оңай емес, себебі сен тек өзің үшін емес, үлкен команда үшін де жауаптысың. Төрт жыл ішінде мен 150-ден астам еріктілерді жинадым, олар сән индустриясына үлес қосып келеді. Нью-Йорк – үлкен бәсекелестіктің ортасы, мұнда табысқа жету үшін төзімділік, стратегия және командамен дұрыс коммуникация қажет. Дәл осы қасиеттерім маған осындай жоғары марапаттарға қол жеткізуге мүмкіндік берді.
    - Америкалық сән индустриясында қазақстандық кәсіпкердің мойындалуы – отандастар үшін мақтаныш. Бұл марапаттар сіздің миссияңызға қалай әсер етті?
    – Бұл марапаттар менің халықаралық деңгейдегі миссияма үлкен ықпал етті. Себебі мен сұлулық индустриясында 15 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Қазақстанда Anelya Alim франшиза желісін құрдым, косметика өндірдім. Бүгінде АҚШ-та осы істі жалғастырып жатырмын. 2024 жылы 14-15 марта - Алматыда өткен B5+1 форумында АҚШ бес азиялық мемлекетпен – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанмен – бизнес дамыту туралы келісім жасады. Мен осы елдер мен Американы байланыстыратын көпір болуды өз миссиям деп білемін. Арманым – туған қалам Таразда табиғи өсімдіктер негізінде органикалық косметика өндіретін зауыт ашу.
    - Anelya Alim New York косметикалық бренді АҚШ-та кеңінен танымал. Оның басты ерекшелігі неде?
    – Біздің өнімдердің ерекшелігі – табиғи құрам мен инновациялық технологиялардың үйлесімінде. Өнімдеріміз өсімдік экстрактыларына негізделіп, күнделікті қолдануға қауіпсіз етіп жасалған. Косметика тек сыртқы сұлулық үшін емес, сонымен бірге терінің денсаулығын сақтауға, табиғи жарқырауын ашуға көмектеседі. Брендтің тағы бір ерекшелігі – халықаралық миссиясы: шығыс дәстүрлерін америкалық сапа мен инновациямен ұштастыру.
    - Өнімдеріңіздің сапасын әлемдік стандарттарға сай ұстау үшін қандай қадамдар жасайсыз?
    – Сапа – басты басымдығым. АҚШ-та барлық косметика міндетті түрде FDA бақылауынан өтеді. Мен Қытайдағы зауыттарды да көрдім, сол кезде санитарлық талаптардың қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Жалған немесе құжаты жоқ косметика аллергия, пигментті дақтар, тіпті денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан мен әрбір ингредиентті, пигментті тексеремін. Еуропада, Жапонияда, Ресейде де осындай қатаң бақылау бар. Арманым – Қазақстанда да сапасыз өнімдерді шектеу үшін заңдар енгізілсе. Әйелдердің денсаулығы бірінші орында тұруы тиіс.
    - Сіздің брендіңіз - сән апталықтарының тұрақты демеушісі әрі серіктесі. Мұндай шараларға қатысу қандай мүмкіндіктер береді?
    – Иә, 2021 жылдан бері менің брендім New York Fashion Week, Brooklyn Fashion Week, Hamptons Fashion Week, Times Square Fashion Week сияқты ірі шараларда бас демеуші болды. Қазір біз Флоридада International Orlando Fashion Week-ке атсалысып жатырмыз. Америка – бәсекелестік ортасы, әр ұлт өз брендін дамытуға тырысады. Нью-Йорк – сән индустриясының жүрегі. Осындай шараларға қатысу – өзіңді таныстыруға, бедел мен сенімге ие болуға, өнімдерді халықаралық деңгейде ілгерілетуге үлкен мүмкіндік.
    - Нью-Йоркте макияж мектебін ашу идеясы қалай пайда болды?
    – Қазақстанда мен Кенесарыда, Петров көшесінде және Түркістан, 34 мекенжайында мектептерімді аштым. Бес жылдан астам уақыт бойы студенттерге сабақ бердім. Нью-Йоркке келген соң осы істі жалғастыруды жөн көрдім. Алдымен Бруклинде мектеп аштым, кейін Манхэттендегі Madison Avenue 99 мекенжайында кәсібімді кеңейттім. Егер нақты стратегия құрып, жоспарды дұрыс жасасаң, бизнесті кез келген жерде – Қазақстанда да, Америкада да құруға болады.
    - Брендіңіз Қазақстан нарығына толық шықты ма?
    – Әзірге толық көлемде жоқ. 2024 жылы Қазақстанға барып, серіктестер мен дистрибьюторларды іздедім. Бұл – менің үлкен арманым. Қазақстанда өнімдерім ұсынылса, әйелдерімізді кәсіпкерлікке, халықаралық бизнесті дамытуға үйрете алар едім. Америкалық және қазақстандық ойлау жүйелері екі бөлек ғалам сияқты. Ал нағыз халықаралық бизнес құру үшін осы екі дүниені байланыстыра білу керек.
    - Макияждың адам психологиясына әсері туралы ғылыми мақала жазғаныңызды білеміз. Бұл тақырыпқа қалай келдіңіз?
    – Иә, мен 20-дан астам ғылыми мақала жаздым, оның 9-ы халықаралық деңгейде жарияланды. Алдымен макияж тарихын зерттедім: ежелде аңшылар бетін бояп, әйелдер сұлулығын айқындау үшін қолданған. Кейін Мәскеу психоанализ институтында білім алдым, психоанализ бен сату психологиясын зерттедім. Эксперименттер жүргіздім: егер әйел күн сайын айнаға қарап, 30 минут бойы макияж жасап, позитивті сөздерді қайталаса, оның өзін-өзі қабылдауы өзгереді. Бұл нейрондық байланыстарды нығайтып, сенімділікті арттырады. Макияж – тек сыртқы сұлулық емес, ол ішкі трансформация құралы. Осы идеяны мен төрт жыл жазған «Сильная духом» кітабымда толық баяндадым. Бұл тәжірибені мен әрқашан сабақтарымда және сөз сөйлеулерімде жеткіземін.
    Әңгімелескен: Нұрай НҰРБОЛАТҚЫЗЫ,
  • арнайы Республикалық «Сарайшық» әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журналы үшін