(Жастардың дәстүрлі жұмыс үлгісінен алыстауы нені білдіреді?)
Таңғы сегіз. Қала біртіндеп ұйқысынан оянып жатыр. Біреу кеңсеге асығып барады, бірі маршрутта ұйқысын аша алмай тұр. Ал дәл осы сәтте кейбіреулер ноутбугін ашып, кофесін ұрттап отырып-ақ ақша тауып отыр. Немесе рахаттанып ұйықтап жатыр. Олардың жұмыс орны — кеңсе емес, жұмыс уақыты — қатаң емес, бастысы — еркіндік. Осы өзгеріс кездейсоқ па, әлде дәстүрлі еңбектің дәуірі аяқталып келе ме? Бұрын еркіндік, шығармашылықпен жұмыс жасау мүмкіндігі тек белгілі бір адамдарға, яғни шығармашылықпен айналысатындарға тән еді. Қазір сол еркіндік фриланс пен жеңіл табысқа ұмтылатын жалпы адамдарға да қолжетімді болды. Мұнда сұрақ туындайды: бұл адамдардың бәрі шынымен өздерінің шығармашылық қабілеттерін ашты ма, әлде тек жеңіл жолмен ақша табуға ұмтылып жүр ме? Және бұл жағдайдың өзі қоғамның дамуы үшін тиімді ме деген сұрақ туындағалы қашан...
Соңғы жылдары жастар арасында тұрақты жұмысқа емес, фрилансқа, қысқа мерзімді жобалар мен «жеңіл табысқа» қызығушылық айқын байқалады. Бұл үрдіс еңбекке деген салғырттық па, әлде жаңа заманның заңдылығы ма? Қоғам осы өзгеріске дайын ба?
«Айлығың бар ма?» — бұрын бұл сұрақ адамның өмірдегі орнының өлшемі еді. Біздің бейнетқор әкелеріміз бен шешелеріміз үшін 8 сағаттық жұмыс жаратушының ұйқы, тамақтану секілді бұлжымас заңдылығының жалғасы іспетті болатын. Ал бүгінгі жастар үшін ол сұрақ мәнін жоғалтып бара жатқандай. Таңғы сегізде жұмысқа бару, бастықтың алдында есеп беру, қырық жыл бір орынға байлану — жаңа буын үшін бұл «ескі жүйенің қалдығы» ғана. Олар кеңсені емес, еркіндікті; тұрақтылықты емес, жылдам табысты таңдайды.
Фриланс, блогинг, крипто, онлайн сауда — біреулер үшін мүмкіндік, біреулер үшін қауіпті иллюзия. Жастар шынымен еңбек етуден қашып жүр ме, әлде біз әлі мойындамаған жаңа еңбек формасы қалыптасты ма? Дәстүрлі жұмыс моделі жастарды жоғалтып алған жоқ па? Біздің бүгінгі зерделеу нысанымыз осы тақырып болмақ?
Сонымен жастардың дәстүрлі еңбектен алшақтауға асығуы тек біздің Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша белең алып отырған үрдіс екенін дәлелдеп көрейік. Дүниежүзілік статистика бойынша 2023 жылы 38% АҚШ жұмысшылары, немесе 64 млн адам, фрилансер ретінде жұмыс істеген — оның ішінде Gen Z (Gen Z (Generation Z) — бұл шамамен 1997–2012 жылдар аралығында туған ұрпақтың атауы) қатысуы ең жоғары көрсеткішпен (52%) кейінгі орын алады. 72 млн адам интернет-негіздегі тәуелсіз жұмыс істейді, 27,7 млн адамның толық уақытты фриланс ретінде анықталды. Бұл көрсеткіш алпауыт елдердің жастары дәстүрлі жұмыстан гөрі тәуелсіздік пен икемділікті артық көретінін байқатады.
НЕЛІКТЕН ДӘСТҮРЛІ ЖҰМЫС ТАРТЫМСЫЗ?
Қазіргі Gen Z әр түрлі табыс көздерін құруды (side hustle) жоспарлайды және 60%-ы дәстүрлі жұмыс олардың қаржылық мақсаттарына жетуге көмектеспейді деп санайды. Және бұрынғы буынның өмір сүрген жүйесіне қарағанда дүние-қызыл-жасыл, аумалы-төкпелі, ақпарат ағыны топан судан бетер соғып тұр, соған сай замана ұрпағының да дүниені қабылдауы бізге қарағанда әлдеқайда басқаша. Көп жастар (37%) фриланс пен қосымша жұмыстарды қосымша табыс табу үшін таңдайды, ең жас топта бұл көрсеткіш одан да жоғары. Мұні жеңіл табыс іздеу деп біржақты қарастыратын болсақ, қатты қателесеміз. Бұл-терең экономикалық-әлеуметтік себептері бар құбылыс. Еркіндікке ұмтылу (Gen Z факторы), әлеуметтік желідегі «сәттілік эффектісі» (көп жағдайда жалған үміт пен мотивация), қаржылық тұрақсыздық пен инфляция жағдайларын жай ғана жалқаулық емес, жаңа экономикалық шындыққа бейімделу деп түсіндірсе дұрыс болатын шығар.
77% фрилансерлер икемді жұмыс уақытын ең басты мотив ретінде атайды. 36% дәстүрлі жұмысты тастап фрилансқа өту себебі — өзі қалаған уақытта және қалаған жобаларда жұмыс істеу мүмкіндігі. Әрине, пайдалы дағды, спорт, тіл үйрену үшін де уақыт керек. Өзіңе икемді уақытта жұмыс жасау өзіңді дамытуға көмектесері сөзсіз, алайда бұл біздің қоғамда қаржылық қауіпсіздік жастығының (подушка безопасности) болуына тікелей байланысты.
Дәстүрлі жұмысты «сүйкімсіз» көрсететін тағы бір жайт - зерттеулер көрсеткендей, дәстүрлі жұмысшылардың 71%-ы күйіп кетуді (burnout) сезінеді, ал 65% жұмыс көлемінің артуынан қысым көреді. Жұмыс пен жеке өмірдің балансын сақтау қазіргі ұрпақ үшін әлдеқайда маңызды екенін мойындауымыз керек.
Құндылықтардың өзгеруі көп нәрсені шайқады. Алдыңғы буын үшін жұмыс өмірдің мәні, тұрақтылық пен статус көзі болса, қазіргі жастар үшін жұмыс өмір сапасын қамтамасыз ететін құрал ғана. қазіргі буын өздерін тек мамандықпен шектегісі келмейтіні, жеке өмірін жұмысқа құрбан етуге дайын еместігі, мағынасыз жұмысты ақша үшін істеуден бас тартуы дәстүрлі еңбек моделінің олардың ішкі сұранысына жауап бермейтінін көрсетуде.
БІЗДЕГІ АХУАЛ ҚАНДАЙ?..
Қазақстандағы жастар жұмыссыз емес, белсенді. Бірақ олардың басым бөлігі кеңседе сегіз сағат отырғысы келмейді. Ресми дерек бойынша, жұмыссыздық ≈ 3 %, NEET(жұмыссыз және білім алмайтын бөлігі) көрсеткіші ≈ 6 %, ал өзін-өзі жұмыспен қамтушылар ≈ 23 %. Яғни бір бөлігі дәстүрлі еңбекке байланбаған, икемді табыс көздерін іздейді. Фриланс, қосымша табыс, жеке жобалар — бұл жастар үшін тек ақша емес, қаржылық қауіпсіздік жастығы және еркіндік кепілі.
Сондықтан қазіргі буын үшін еңбек тек табыс көзі емес — өзін-өзі көрсету, қабілетін сынау және болашақты өз қолына алу құралы. Дәстүрлі кеңсе моделі олар үшін кейде «ескі жүйенің шектеуі» ғана. Замана желі осы бағытта айнымаса, келешекке қандай болжам жасар едік?...
Біздіңше, Қазақстандағы жастар еңбек нарығында белсенді әрі икемді. Ресми жұмыссыздық аз болса да, фриланс, онлайн табыс және жеке жобалар арқылы табыс табуға ұмтылатын жастар саны өсуде. Олар дәстүрлі кеңседен гөрі еркіндік пен қаржылық қауіпсіздік жастығын таңдауға бейім. Бұл үрдіс мемлекет қолдайтын цифрлық экономиканы, кәсіпкерлікті және IT-салаларды дамыту тенденцияларымен үйлеседі. Қазіргі жағдай көрсеткендей, «бір жерде тұрақты жұмыс + икемді қосымша табыс» — жастар үшін жаңа қалыпты және тиімді еңбек формасына айналып келеді. Алайда әр құбылыс екі жағын қатар алып жретінін ескерсек, қоғамның басты дертіне айналып отырған кейбір жағымсыз жайттарды ескерусіз қалдыра алмаймыз.
Қазақстанда жастардың «жеңіл табысқа» ұмтылысы абстрактілі ұғым емес — ол күнделікті медиакеңістікте нақты кейіпкерлер арқылы қалыптасып отыр. Әлеуметтік желілерде ең көп көрінетін табыс модельдері — ұзақ еңбек жолын емес, жылдам нәтиже берген жеке кейстерді алға шығарады.
Мысалы, TikTok пен Instagram-да:
• қысқа уақытта миллиондаған қаралым жинап, жарнама арқылы табыс тапқан блогерлер;
• маркетплейстерде (Kaspi, Wildberries, Ozon) бірнеше айда «айналымды көтерген» кәсіпкерлер;
• онлайн-курстар, SMM, таргетинг немесе крипто арқылы табысқа жеткен кейіпкерлер жиі көрсетіледі.
Бұл оқиғалардың көпшілігінде бастапқы капитал, сәтті уақыт немесе көрінбейтін тәуекелдер айтылмайды. Бірақ аудитория үшін басты сигнал анық: дәстүрлі жұмыссыз да табысқа жетуге болады. Ал тұтас қоғамның дертіне айналып отырған лудоманияның да біз көтеріп отырған басты тақырыпқа қатысы жоқ емес. Қазіргі қоғамда жеңіл ақшаға қызығу тек жастарға ғана тән емес. Онлайн платформалардың, мобильді қосымшалардың және интернет арқылы табыс табу мүмкіндіктерінің артуы адамдарды жедел және оңай ақша іздеуге итермелейді. Өкінішке қарай, бұл кейде құмар ойындарға (лудомания) байлану сияқты тәуекелді мінез-құлыққа алып келеді. Сонымен қатар, мұндай тенденция жастардың дәстүрлі кәсіп пен кәсіби дағдыларды меңгеруге қызығушылығын төмендетуі мүмкін: тұрақты еңбек пен кәсіби білімнің ұзақ мерзімді пайдасын бағаламай, жеңіл табысқа тәуелді болу байқалады. Сондықтан қазіргі қоғам үшін қаржылық жауапкершілік пен кәсіби дағдыларды дамыту мәдениетін қалыптастыру бұрынғыдан да маңызды.
AMERICAN DREAM - ЖЕРГІЛІКТІ ФОРМАТТА
Драйзердің «Американдық трагедиясындағы» Клайд Гриффиттің тағдыры — жылдам табысқа ұмтылудың, кәсіби және моральдық білімді елемеудің салдары ретінде көрінеді. Бұл бүгінгі қоғамдағы жастарға да сабақ: кейбірі тұрақты еңбек пен кәсіби дағдылардың орнына жеңіл жолмен табысқа асығады, ал нәтижесінде күтпеген қиындықтар мен тәуекелдерге тап болады. Клайдтың мысалы көрсеткендей, жеңіл ақшаға құмарлық әрқашан өмірлік сабаққа, кейде трагедияға апарады.
Қазақстандық жастардың «жеңіл табысқа» ұмтылысы — сырттан келген мәдени әсер мен ішкі экономикалық қысымның қиылысында пайда болған құбылыс. American Dream бұл жерде мақсат емес, бағыттаушы миф ролін атқарады. Егер дәстүрлі жұмыс тұрақты табыс, кәсіби өсудің түсінікті жолы, өмір сапасына нақты кепіл ұсынатын болса, жастар тәуекелі жоғары модельдерге сонша ұмтылмас еді. Блогер, онлайн-сатушы немесе цифрлық маман болу — American Dream-нің жергілікті нұсқасы секілді қабылданады. Ал, «жеңіл табыс» риторикасының қауіпті тұсын кім ескеріп жатыр? Мамандық таңдауда жазым баспау, бос уақытын білім, білік дағдыларына жұмсау, өзін-өзі үздіксіз дамыту және Отаншылдық деген қастерлі ұғымдарды жас буынның бойына қалай сіңіріп үлгереміз? Біздің болашағымыз қай толқынның бауырына қайық салып үлгермек?
ҚОЛДЫҢ КҮШІ ҚАЗІР ДЕ АЛТЫН БА?
Қазақстанда былтыр Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы — еңбек нарығындағы өзгерістерге берілген символикалық жауап деуге болады. Бұл шешім жастардың дәстүрлі жұмысқа, соның ішінде жұмысшы мамандықтарға деген сенімінің әлсіреп бара жатқанын жанама түрде мойындау іспетті. Соңғы жылдары елде техникалық және жұмысшы мамандықтарға сұраныс артқанымен, бұл салаларға келетін жастар саны азайды. Колледждерде орын бар, өндірісте кадр жетіспейді, бірақ жастар бұл бағытты болашағымен байланыстыра бермейді. Мұның себебі тек бедел мәселесінде емес — еңбек жағдайы, жалақы деңгейі мен кәсіби өсудің түсініксіздігі де үлкен рөл атқарады. Жұмысшы мамандықтар жылы осы алшақтықты қысқартуды көздегенімен, мәселе бір жылдық науқанмен шешілмейді. Жастар үшін басты сұрақ өзгеріссіз қалуда: бұл мамандық ұзақ мерзімде тұрақты табыс пен өмір сапасын қамтамасыз ете ала ма? Егер нақты экономикалық және әлеуметтік кепілдіктер болмаса, кез келген насихат сенімге айналмайды.
ҚОРЫТЫНДЫ
Ел тәуелсіздігін алғалы Қазақстанның мамандықтар картасына қанша жаңа атау қосылды деген сұрақпен ғаламтор шарлап көріп ек, қандай ма бір нақты жауап жоқ екен. Индустрия және құрылыс министрлігі ресми Атласқа 75 жаңа мамандық енгізілгенін хабарлады — бұл цифрлық, автоматтандыру және жаңа технологиялар саласындағы мамандықтарды қамтиды (мысалы, роботтық тау кен техникасының операторы, Big Data аналитигі, «ақылды үй» жобалаушысы сияқты) — осыны жаңа мамандықтардың нақты саны ретінде айтуға болады. Сонымен бірге еңбек министрлігі әзірлеген Жаңа мамандықтар мен құзіреттер Атласында 239 жаңа мамандық пен 95 өзгеріп жатқан мамандық бөлінісі бар — бұл болашақ еңбек нарығында пайда болатын мамандықтар трендін көрсетеді. Сіз бен біздің ұрпағымыз осы мамандықтардың қайсысының тізгінін ұстайтынын уақыт көрсете жатыр...
Бір білетініміз жеңіл табысқа құмарлық — әлемге тән тенденция, қазақ жастарына да әсер етеді. Біз осы үдерістен озып, заманауи еңбек философиясын меңгерсек, жеңіл жолдарды тек тәуекел емес, мүмкіндікке айналдыра аламыз. Фрилансерліктен қашпау керек: бұл тек қосымша табыс емес, өз қабілетін көрсету, тәжірибе жинау және болашаққа инвестиция салу құралы. Жастар кәсіби дағдыны, еңбек пен жауапкершілікті үйлестіре білсе, жеңіл табыс идеясы тек пайда көзі емес, болашаққа бағдарланған мәнге айналады. Әлемнің жылдам өзгерісі бізді қорқытпайды — керісінше, сол өзгеріске икемді болып, жаңа мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білетін ұрпақ қалыптасуы тиіс.




