Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА: «Қазақ тіліндегі мем мәдениеті: күлкі мен тәрбиенің арасындағы шекара»

Соңғы жылдары мемдер (интернеттегі қысқа әзілдік суреттер, видеолар мен мәтіндер) қазақ мәдениетінде айтарлықтай белсенді қолданысқа ие болды. Әлеуметтік желілерде #қазақмем, Instagram, TikTok және  Telegram арқылы таралатын мемдер жастар түгілі ересек қауымның да күнделікті коммуникациясының ажырамас бөлігіне айналып келеді. Бірақ осы күлкілі контенттің артында тұрған қоғам тәрбиесінің кейбір мәселелеріне кіріспес бұрын, әуелі мем ұғымын жіліктеп көрейік. Сонымен мем бізге қайдан келді және не береді?

МЕМ ТАРИХЫНАН...
    Ең әуелі сөз болған демекші, мемнің шығу негізі сайып келгенде фольклорға тіреледі. Термин ретінде «мем» атауын теліген британдық биолог Ричард Докинс «The Selfish Gene» атты еңбегінде 1976 жылы бастап қолданған екен. Ол «мемді» мәдени ақпараттың бірілігі ретінде қарастырған.  Қоғамда адамның ой-пікірінің әрқилы қысқа формада кең таралуына осылай баға берген ғалым халық әндері, мақал-мәтелдер, фольклорлық әзілдерді дәстүрлі мем деп санауға болады деп тұжырған.
    Адамзат интернетті меңгергенде мемнің бағы жанды. 90-ыншы жылдардан бастап ол визуалды формаға ауысады. 1996 жылғы «Dancing Baby» (Билейтін Бала) алғашқы интернет мемдердің бірі еді. 2000-ыншы жылдардан бастап түрлі форумдар, 4chan, Reddit сияқты сайттар мемдердің вирустық таралымына ықпал етті. Келе-келе классикалық image macro форматы пайда болды: сурет пен қысқа мәтіннің қосындысынан пайда болған мүндай мемдерге  LOLcats-ты жатқызуға болады.
      Уақыт өткен сайын мемнің қолданыс мақсаты жай көңіл көтеру, күлкі шақырудан гөрі тереңдеді. Енді саясаттағы, қоғамдағы лауазымды тұлғалар мен танымал адамдардың, өнер жұлдыздарының тосын ой, кейбір оғаш пікірлері мем түрінде тарап, қоғамдық дискуусия туғызатын болды. Бұл құбылысты бірнеше өзара байланысты әлеуметтік-мәдени және коммуникациялық құбылыстардың жиынтығы ретінде түсіндіруге болады. Контекстен жұлынып алынған тосын немесе оғаш пікір қысқа формаға түседі, эмоция тудырып, мемге айналуға ыңғайлы келеді. Бұл саясат пен қоғамның медиа логикасына бағынуынан шыққан медиатизация құбылысы деп аталады. Кейде мұндай жағдайлар беделді ирония арқылы төмендетуге  (symbolic demystification) әкеледі, яғни символдық беделді деконструкциялау деп аталады. Бұл құбылысты қоғамда о бастан бар саяси фольклордың жаңа форматқа ауысыуы деп бағалауға болады. Заманауи цифрлық карнавалдың мұндай көрінісін бір жақты қарастыруға болмайды. Қоғамда кең тарап жататын әділетсіз мемдердің жартысына жуығы мемдерді ойлап табушылар мен оны таратушылардың идея тұтастығын білдірмейді. Яғни, кейбір мем авторларының саяси не жеке бас пиғылын өзге таратушылар әшейін күлкі не хейт үшін жарнамалап, оның негізгі астарын түсінбей жатады. Әдетте медиатизациялық мемдерді арнайы мемдер деп те атауға болады. Қалай болғанда да мемдер тек күлкі үшін емес, ақпарат тарату, ой-пікір білдру құралына айналып кеткенін мойындауымыз қажеті. Осы тұста бір ескеретін жайт, әр елдің мем мәдениеті өзіндік ерекшеліктерге ие болды.
ҚАЗАҚ ТІЛДІ МЕМ МӘДЕНИЕТІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
    Қазақ ықылым заманнан әзіл-қалжыңға, иронияға кенде болмаған. Ат қою, әжуалау, сынау сынды өткір де астарлы құбылыстар қазақ қоғамында ауыздан ауызға тарап, кейбір ру-тайпаларға таңылған атаулар мен әжуалар ғасырдан ғасырға дейін жоғалмай жалғасты. Бұл дала жадының мықтылығы болса керек. Мемнің өзі бастауын ауыз әдебиетінен алатынын жоғарыда атап өттік.
     Қазіргі қазақ қоғамында мем мәдениетінің қалыптасуын 2010- ыншы жылдардан бастап қарастыруға болатын шығар. Жастардың қазақ тілінде интернет желілері арқылы таратқан қысқа әзілдері, видеолары мен стикерлері - қазақ интернет мемінің алғашқы қарлығаштары. Қазақ мемдері тілдік ерекшеліктерге (сөз ойыны, каламбур, мақал-мәтелді әзілге айналдыру) сүйеніп, көбіне күнделікті өмір, мектеп, отбасылық қарым-қатынас, дәстүрлер тақырыбында пайда болды. Қазіргі мемдер өзінің ой ұшқырлығымен, ащы әжуасымен, аса жеделдігімен таңғалдырады. Тіпті бір не бірнеше сағат бұрын ғана теледидар не интернетке шыққан оқиғаға мем ойлап табу мен оның тарау жылдамдығы меметизацияның қазақ қоғамында қаншалықты дамып келе жатқанын дәлелдейді.
МЕМНІҢ ПЛЮСТЕРІ МЕН МИНУСТЕРІ
Мемнің күлкілі болуы  - табиғи реакция. Тірішіліктегі әр нәрсенің көлеңкесі мен күнгейі болатыны секілді біз де мемнің оң және теріс әсерлерін талдап көрейік. Қазақ тілді мемдердің көбеюінің артықшылығының бірі - мемлекеттік тілге деген қызығушылықты арттыру. Жастар қазақ тіліндегі сөз ойынын, ой астарын түсіну үшін тілді үйренуге ден қояды. Осы ретте қазақ тілді мемдерді ойлап табушыларға жүктелер міндет жеңіл болмауы тиіс. Мемнің басты пайдасы -қоғамдық мәселелерді қозғау. Мем арқылы саяси жағдайлар, экология, білім беру, денсаулық сақтау саласындағы проблемалар қозғалып жатады. Қоғамның жан ауыртар тұстарын тап басып танып, оны басты назарға ұсыну және жөндеуге атсалысу -  аса нәзік те күрделі миссия. Мемдердің үшінші плюсі креативті ойлауды дамыту. Қоғамды алдына бергенді талғамай жұтатын тобырлық санадан арылту үшін де мәдениетті ой мен сынның атқарар ролі зор. 
    Мемдердің көлеңкелі тұстары да баршылық. Жалпы тобырлық инстинктімен көбіне құрметсіздікке шақыратын контенттерге әуес болу белең алып жатады. Жеке адамдардың қасіреті мен жан ауруын жариялау, мазаққа айналдыру, мұғалімдер мен ата-аналарды мазақ ету арқылы күлкілі контент түсіру қоғам мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Сондай-ақ, ауыл өмірі мен қала өмірін салыстыратын, еліміздің өңірлерінің менталитетін , рулық ерекшеліктерін салыстыратын контенттер стереотиптерді күшейтуі мүмкін. Ел мен жерді  бір-біріне бөлу немесе намысына тию жиырма бірінші ғасырдың үлесі болмауы тиіс. Мемдердің үшінші минусы -тіл мәдениетіне әсер етуі. Қысқартылған сөздер мен интернет тілі әдебиет пен ресми тілге еніп, грамматика мен синтаксис ережелерін елемей жатады. Мемнің комизмін екінің бірі түсінбей қалуы, құрғақ күлкі, арзан әзіл қуып кетуі де, астарлы ой мен терең сынның қадірін кетіруі де  -жоғарыда айтқан мемитизацияның көлеңкелі көріністері. 
МЕМ МЕН САХНА
   Қазақ тіліндегі мем мәдениеті сияқты, қазіргі әзіл-сықақ театрларының да өзіндік стилі қалыптасып келе жатыр. Бұрынғы классикалық сатириканың, көркем әзілдің орнына кейде арзан күлкіге, құр айғайға немесе бірыңғай уағыз айтуға көбірек бет бұрғанын байқаймыз. Мысалы, көрерменге «күлдіріп қана қоймай, ой салу» міндеті тұрған кейбір спектакльдерде әзіл көбіне айқай мен шулы эффекттерге сүйенеді. Ал кейбір қойылымдарда юмордың орнына қоғамға «дұрыс тәрбие берейік» деген бағыттағы бірізді, ұстанымдық монологтар орын алады.
    Бұл үрдіс мем мәдениетімен параллель: интернетте мемдер де қысқа, тез қабылданатын әрі эмоцияны күшпен шақыратын формада жиі таралады. Мем сияқты, арзан күлкіге негізделген театр көрерменнің қысқа назарын тартып, ойландырудың орнына тек эмоциялық реакция тудырады. Қызығы, мемдер мен әзіл-сықақ театрлары бір-бірін толықтыра да алады. Мысалы, мем ретінде танылған әзілдер сахнада жаңа формада көрініс табуы мүмкін. Бірақ бұл жағдай бір мезгілде классикалық комедия мен тәрбиелік мәннің жоғалуына әкелуі мүмкін, яғни күлкі мен тәрбиенің арасындағы шекара тағы да бұзылады.
СӨЗ СОҢЫ
     Қазақ тілді мем мәдениеті — жай ғана күлкі емес, бұл бүгінгі қоғамның ойлау жылдамдығы мен көңіл күйінің айнасы. Қысқа видео мен бір секундтық эмоция үстемдік еткен заманда мем ұзақ түсіндіруді қажет етпейтін, бірақ терең мағына жүктей алатын тілге айналды. Ол күлкі арқылы сөйлейді, бірақ күлкінің астында сұрақ жатады.
      Мем — жаңа ұрпақтың редакциясыз, микрофонсыз, бірақ өте ықпалды пікірі. Ол ресми сөзді ықшамдайды, беделді ирониямен сынайды, қоғамдағы қайшылықты бір кадрға сыйғызады. Бүгін мемді тұтынатын емес, мем арқылы ойлайтын кезеңге аяқ бастық.
      Сондықтан қазақ тілді мем мәдениетін жеңіл құбылыс деп қарастыру — бүгінгі қоғамдық ойды жеңілдетіп көрсету деген сөз. Қысқа видеоны жылдам айналдырып өткен ұрпақ мемде кідіріп, күліп қана қоймай, ойланса — бұл мәдениеттің басты жетістігі де, ең үлкен әлеуеті де осында.