Соңғы үш жылда Саяси қуғын-сүргін құрбандардарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның құрамында болып, оның жұмысын атқарған кезімде біздің халқымыздың басынан кешкен талай-талай қайғылы деректерді кездестіріп, «30-50 жылдары сондай қиындықтарды еліміздің қарапайым азаматтарының асқан қайсарлықпен жеңіп, өзінің ұрпағын тәрбиелеп осы заманға жеткізуінің сыры неде болды екен?» деген сұраққа жауапты мен аға ұрпақтың естеліктері мен жазып қалдырған кітаптарынан таптым. Бұл тұрғыда, дәлірек айтқанда, аса маңызды мәліметтерді мен, Атырау облыстық партия комитетін ұзақ жылдар бойы басқарған соғыс және еңбек ардагері Оңайбай Көшековтың 1998 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Ер қадірі- еңбекте» атты кітабынан кезіктірдім. Сол кездегі аш жалаңаш адамдардың асқан төзімділігі мен алабөтен жауапкершілігінің арқасында біз, қазіргі заманның адамдары «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға» жетіп отырғанымызды ешқашан ұмытпауға тиістіміз.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін, енді біз сол О. Көшековтың кітабындағы мәліметтерге кезекті берейік:
"Мен Гурьевке 1948 жылы мамыр айының аяғында келдім. Бірақ шекарадан іс қағаздарымның кешігіп келуіне байланысты үш айдай жұмыссыз жүрдім. Тек тамыз айында облыстық партия комитетінің әскери бөлім меңгерушісі Құлшарап Өміршиннің ұсынысы бойынша облыстық ДОСАРМ комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалдым. 1951 жылы қалалық партия комитетінің нұсқаушысы, кейін бөлім меңгерушісі, КСРО Дайындау Министрлігінің қалааралық өкілі болып бекіп, 1958 жылы партия комитетінінің ұсынысымен Алматыдағы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болып қабылдандым.
Қалалық партия комитетінде қызмет істегенімде де, Одақтық Дайындау Министрлігінің өкілдігіне ауысқанымда да қалаға қарасты Еркінқала, Ракөш, Красный моряк, Алғабас, Микоян, Үлкенкөл атты алты балықшы колхоздары және қой шаруашылықты «Теңдік», «Память Ильича» деген экономикасы төмен колхоздармен айналыстым. Сол кездегі колхоздардың тұрмыс күйі, көрген тауқыметі, жүрек сыздар аянышты тағдыры еріксіз еске түседі. Осы шаруашылықтар бойынша мал басын аман сақтау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, дайындаудың әрбір айлық, жылдық жоспарларының мезгілінде орындалуын қамтамасыз ету жұмысы тапсырылғандықтан, мен олармен үзбей байланыс жасап, колхозшылар арасында жиі-жиі болып жүрдім.
1953 жылғы қараша айының аяқ кезінде қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы С.Г.Кузьмин шұғыл шақырып алды да: «Обкомның бірінші хатшысы С.Полымбетов пен республика Орталық Комитетінің екінші хатшысы Николай Афанасьевич Афонов малды аралап көргісі келеді. Мен мал қыстақтарына баратын жолды білмеймін, тез менің машинама мініп, бізге жол бастап жүресің» деді. Еркінқала, Ракөш колхоздарының қойлары «Итбалық» деген жерге жаңа қоныстанып жатқан. Малшылар жертөле үйлерде, мал ашық қорада болатын, әкімдерге көрсетуге ұят сияқты. Бірақ менде не билік бар, оларды бастап алып бардым. Көлігіміз екі «Победа», бір ГАЗ-67 машиналары, өкілдігіміз, түріміз, ол күндегі жағдайды ескерсек, кісі шошытуға тұрарлық.
Әкімдер алдымен жайылымдағы малды көргісі келген соң шопандармен әңгімелестік. Бірден көзге түскені – мал ішінде ақсақ қойлар көбірек көрінді. Әкімдердің «бұл қойлар неге ақсайды?» деген сұрағына қойшы да, сол жерде кездескен мал дәрігерлері В.Кзылбашев пен С.Малоземов те дұрыс жауап бере алмады. Жастық па, әлде қызбалық па білмеймін, мен қарап тұрмай бір ақсақ қойды ұстадым да, жығып аяғын қарасам, оның бақайының арасында қамыстың шөңгесі бар болып шықты. Сұрастыра келе анықтағанымызда колхоз осы жерден күзге қарай қамыс шауып, пішен дайындаған. Қар түскеннен кейін малдың тұяғы жібіп, қамыстың шөңгесі бақайының арасына қадалған деген қорытындыға келдік. Енді бұл оқиға үлкен әңгімеге айналып, осы жерде кездескен мал мамандары мен шопандар өздерінің кемшіліктері мен салақтықтары үшін тиісті «сыбағасын» алды. Енді малшылардың үйін көру ұйғарылды. Келсек, үйлері кілең жаңадан салынған жөртеле, әрі шикі тастан қаланған пештері түтін тартпай, үй іші - көк ала түтін. Төсеніштер де тым жұпыны: ескі киіз, не алаша, адамдардың үстерінде жамап-жасқап киген киім, балалары жалаңаш, жалаңаяқ деуге боларлық, осындай жан түршігерлік жағдайға кездестік. Осы үйлердің біріне келгенде үй иесімен қорада кездесіп, амандасқаннан кейін, ол шай ішуге шақырды. Түскі тамақ ішетін мезгіл де болып қалған. С.Полымбетов малшыны ренжіткісі келмеді білем: «Жүріңдер, бірер шыны шай ішіп шығайық» дегесін, бәріміз үйге кіріп отырдық. Бұл үйде де жағдай оған дейін көргенімізден сәл ғана тәуір болғанмен, мәз емес еді. Дастарханға келген тағам: қара шай мен қуырып ақтаған аз ғана тары. Үй иесі жағдайын айтып, кешірім сұрады. Үйде қонақ сыйлайтын күйі болмаса да әдеп-ғұрып бойынша шақыра қойған болуы керек. Біздерді тіпті шайға отырады деп ойламаған да болуы мүмкін. Н.А.Афонов бұрын Омбы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, қазақша білетін кісі екен, үй иесімен қазақша сөйлесіп отырды.
Мені таңқалдырған жағдай, бір де бір малшы өз тұрмысының өте ауыр екенін айтып, жәрдем сұраған жоқ, өздері кінәлі кісідей тыныш қана отырды. Ол күнде жұрт колхоздағы ауыр хәлді айтуға да бата алмайтын. Себебі, колхозды жамандаса, Кеңес өкіметіне тіл тигіздің деп қылмысқа тартатын. Сондай пәледен аулақ болуды да ойлаған болса керек. Әрі халқымыздың тағдырдың талай қытымыр қиындықтарына төзіп келе жатқан көнбістігі де болар. Н.А.Афоновтың: «барлық колхозшылар да осындай нашар тұра ма?» деген сұрағына С.Кузьмин: «Мен осы жұмысқа Семейден келгеніме аз ғана уақыт болды, әлі танысып, үлгерген жоқ едім» деп қана жауап қайтарды. Мен шыдап отыра алмай, сөзге араласып, бәрінің де күйі осындай немесе осыған жақын дедім. Себебі, колхозшылар еңбек күніне ақша ала алмайды. Тек анда-санда аздап тары алады. Азды-кемді ақша тиісті болса, оны жылма-жыл облигацияға жаздырып, ұстап қалады. Сонымен қоса, әрбір колхозшыға салатын салық көлемі шексіз көп: бір сиыры болса 30 кг ет, 2 кг сарымай, екі сиыры барға – екі есе көп. Тіпті малы жоқ жанұя да 30 кг ет, 2 кг сарымай тапсыруға міндетті. Халық арасында оны тұрба салығы дейтін. Оны қайтсе де, бар мүлкін сатып төлеуге тиісті. Осындай жағдайда борыштылар (недоимщик) саны жылдан-жылға көбейіп, ет, сүт тапсыру жоспарларының орындалмауына себеп болып келеді деп қысқаша хабарлама жасадым. Менің ойлағаным колхозшылар тұрмысын жеңілдетуге аз да болса пайдам тисе деген ой еді. Н.А.Афонов зейін салып тыңдады да «Қандай ұсыныс айтар едіңдер» деп сұрақ қойды. Ұсыныс айтқан ешкім болмай, бәрі үнсіз отырғасын, мен колхоздар экономикасын көтеру шараларын алумен қатар, колхозда еңбекақы төлеуді жолға қою, малы жоқ колхозшыны ет, сарымай тапсыру салығынан босату керек деген пікір айттым. Ол сол бойда жауап бермегенмен, мені мақұлдағандай нышан білдірді.
Осыдан кейін біршама мезгіл өткенде С.Кузьмин мені тағы да шақырып алып, «колхоздарда, оның мүшелері де өздерінің ауылшаруашылығы өнімдерін тапсыру жоспарларын мезгілінде орындамайды, борыштары көп. Осыған байланысты сені КСРО Дайындау Министрлігінің өкілі етіп тағайындасақ қайтеді, С.Полымбетовпен келістім» деді. Мен кішкене жүрексініп отырып қалдым. Сен жассың, ауылшаруашылығымен таныс көрінесің. Партия мүшесі жауапты жұмыстан бас тартпас деп сеніп айтып отырмын деп сөзін бітірді. Менде келісуден басқа амал қалған жоқ.
Осы қызметке тағайындалғаннан кейін мен мемлекетке ет, май тапсыратын барлық қожалықтардың тізімін алып, салық жинайтын агенттіктерді ертіп, үй-үйге кіріп, кім қандай себеппен борышты екенін анықтадым. Малы жоқ, әл-ауқаты нашар, ет, май сатып алып тапсыруға мүмкіндігі жоқ жеке қожалықтарға жергілікті кеңестердің қатысымен акт жасап, мойындарынан борыштарын түсірттім. Тағы бір анықталған жәй, бірқатар агенттер қожалықтардан ет, сарымай орнына ақша алып, квитанция орнына қол хат беріп, қылмыс істегендері анықталды. Оларға бір ай мерзім ішінде борыштарынан құтылмаса, жаза қолданатынымды ескерттім. Алынған шаралардың жоспар орындауға оң әсері тиді. Себебі, салық агенттері бір ай мерзім ішінде борыштарын өтегені жөнінде квитанцияларын тапсырды».
Аса көрнекті мемлекет қайраткері Оңайбай Көшеков өзінің естелігінде 50-ші жылдардағы колхоз өмірін шынайы бейнелеген. Колхозшылардың сол кездегі жантүршігерлік әлеуметтік жағдайы гуманист басшының назарынан тыс қалмай, ауыл адамдарының ауыр жағдайын аз да болса жақсарту үшін республика және облыс басшыларының алдына батыл түрде мәселе қою арқылы сол бейбақтардың тұрмысын жеңілдетуге барынша үлес қосқаны осы естеліктен көрініп тұр. Өзі де еңбек жолын 16-17 жасында шопандықтан бастаған Оңайбай аға сол кездегі мал баққан адамдардың ауыр тұрмысымен өте жақсы таныс еді. Біздің елдің арасында жиі айтылатын «әкиеттің бәрі өзімізден» дегендей, Көшековке дейін сол кезде қызмет жасаған бірде-бір басшының халықтың жантүршігерлік тұрмысын жеңілдету ойына келмегені, келсе де өздерінің шыбын жандарын сақтап қалу үшін колхозшыларға ара түспегендігін қазір біліп отырмыз. Тап сол 50-ші жылдары қаһарлы қыстан малдары қырылғандарға ара түспекші болған Есболдық Есқалиев Қалам деген мұғалім он жылға сотталып кеткен еді. Кеңестік биліктің малшы жұртшылыққа жасаған озбырлығының тағы бір мысалы, ешқандай малы жоқ адамдарға да малы барлармен бірдей ет, май салығы салынған еді сол жылдары, 1945 жылы туған, колхозшының баласы ретінде мен, осы жолдардың авторы, бұл айтылған деректерді толықтай растаймын.
Менің ата-анам Едресов Нағым мен Оразғалиева Мәзкура Есбол ауданының «Красный Октябрь» атындағы колхозында бір отар қой малын баққан кезінде қарамағында 500-600 қойы болса да, бір де бір қойды аш отырса да сойып жеуге праволары болған жоқ-ты. Алда-жалда бағып отырған малдарының бірен-сараны аурулығы себепті шетінеген жағдайда, сол өлген малды белгілі бір жерді қазып, адамды жерлегендей етіп көметін еді. Одан соң, жедел түрде малдың өлімін колхоздың басқармасына хабарлағаннан кейін, көп ұзамай, ферма басшысы немесе зоотехник ауылдық Советтің депутатымен бірге келіп, қой жерленген жерді қазып, малдың басын шауып, денесінен ажыратқаннан кейін, акт жасап аттанатын еді. Малшылардың зәре-құты қалмай қорқатын бір нәрсесі: қасқырдың қойларға шабуы еді. Себебі, қойларын итқұс жеп кеткен жағдайда, шығынды малшының өзі төлейтін еді.
Көшеков өзінің естелігінде колхозшылардың 50-ші жылдардағы жағдайын ғана суреттеген. Ал, одан бұрынғы, соғыстан бұрынғы және соғыс жылдарындағы колхозшылардың тұрмыс-тіршілігін көзге елестетудің өзі қиын. Сондықтан, бұл мәселе, яғни, колхозшыларға үкімет тарапынан жасалған қиянат саяси қуғын сүргіндерге теңестіріліп, оларды да ақтау керек деп есептеймін.
Соғыстан бұрынғы және соғыстан кейінгі кезең туралы құнды деректерді аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашевтың 2003 жылы «Өлке» баспасынан шыққан «Адам күні адаммен» атты естелік кітабынан кездестіріп, сол мәліметтерді оқушы назарына ұсынғанды жөн көріп отырмын. Шындығында, осы екі атақты жерлес ағамыздың өмір жолын біздің халқымыздың қасіретті де қайғылы өмір жолынан бөліп қарастыру мүмкін емес. Себебі, бұл кісілер өздерінің мағыналы да мәнді өмір жолында халқымыздың басына түскен ауыртпалықтар мен қиыншылықтарды мойындарымен бірдей көтеріп, өлкенің экономикалық, мәдени, әлеуметтік дамуына зор үлестерін қосты.
Бұл екі қайраткер ағамыз сол кездің барлық ауыртпалығын бастан аяқ көрген өлкеміздің бел балалары еді. Олар екеуі де қарапайым кедей жанұядан шыққан, халыққа жандары ашитын, қолдарынан келген көмегін өз жұртшылығынан аямаған, сол үшін, көздерінің тірісінде аттары аңызға айналған тұлғалар болатын. Өзімнің көкірегімде көптен мені мазалап жүрген жайтпен оқушы жұртшылықпен бөлісетін болсам, мен ешқандай күмәнданбай былай дер едім: әттең, екеуінің де уақыттары өтіп кетті, әйтпесе, осы екеуінің біреуіне, дұрысы, Сағидолла ағайға республиканы тәуелсіздік алғаннан кейін басқару бұйырғанда, біздің дамуымыз мүлде басқа тамаша қарқынмен алға кетер ме еді, қайтер еді?! Осы екі мемлекет қайраткерінің естеліктерінде 1920-1930-шы жылдардағы ашаршылық пен жоқшылық, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мен оның зардаптары, соғыстың алдындағы кезең мен соғыс жылдарындағы қиыншылықтар, соғыстан кейінгі кезеңдегі колхозшылардың адам аяйтындай тұрмыс-тіршілігі өте нанымды бейнеленген. Бұл естеліктер сонысымен құнды. Біреуі 1925 жылы, екіншісі 1926 жылы туған ағаларымыздың естеліктерін Атырау өлкесі жұртшылығы тұрмыс-тіршілігінің энциклопедиясы дер едім.
Халықтың барып тұрған кедей ортасынан шыққан бұл қайраткерлер балалық, жастық шағында көрген қиыншылықтарына қарамастан, өмірде үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, еліне көп пайдаларын тигізе білді.
Мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашевтың естелігінен үзінді келтіріп кетуді де жөн санап отырмын:
«Мамам айтатын: «Мен түскенде қолымызда екі-үш сиыр, төрт-бес баспақ-қашар, он бес шамалы қой, бір құлынды бие және екі ат болатын. Содан артық мал біткен жоқ. Біздің үйде он төрт жан болды. Атам егін егетін, жылда бақша салатын, тамақтан, не киімнен қатарымыздан кем болмадық. Үйімізге қадірлі қонақтар жиі келуші еді. Кейін ақтар шықты, қызылдар келді, артынан неше рет алмасып келіп, бар малымызды тауысты. Оның үстіне 1922-ші жылғы аштық-жұт ештеңе қалдырмады. 1923-ші жылы атам қайтыс болғанда қатты қиналдық. Оның басына құлпытас та қойылмады. Аштық жылы елге ауыр тиді, ауру көбейді. Біздің үйден ашаршылық алты адамды алып кетті. Әкем 1914-ші жылы үйленген. 1922-1923-ші жылғы аштықтан кейін он төрт адамнан семьясында екі інісі, қарындасы, бір баласы қалады. Мал жоқ, Жайықтың арғы бетіндегі орыс кулактарына жалданып, балық аулайды, пішен шабады, ағаш шеберлігімен шұғылданады. Орыс байларына қайық, тарантас, жеңіл шана, басқа да бұйымдар жасап күнелтеді. Киіз үйдің сүйегін дайындап (кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық) қазақ ауылдарына да қызмет жасайды. 1930-шы жылы ауылда серіктестік құрылып, соған мүше болады. 1932-ші жылы елді алапат аштық жайлайды. 1932-ші жылы колхозда жұмыс жоқ, басқа ауылдарға барып жалданып жұмыс істеуіне тура келеді. Құрғақшылық-апат жылы колхоздың бар малы қырылып, тарап кетеді. Семьямыз басқа ауылды барып паналауға мәжбүр болады. Бірақ, бұл ауылда да жағдай өте ауыр болған. Менің төрт-бес жасымда болған осынау кезең тек еміс-еміс есімде қалыпты. Ол кездегі үлкендердің арманы – балаларын аштан өлтіріп алмау үшін тәулігіне ең болмағанда бір рет тамақтандыру болатын. Колхозда не мал жоқ, не егін жоқ болғандықтан, қолы шебер әкем Елтай орта мектебіне ағаш шебері болып орналасқасын, ауызымыз аққа тие бастады. 1943-ші жыл елге қатты тиді. Тамақтан қиындық өз алдына, көктемде де, жазда да ауру көбейді. Жұрт қолына түскеннің бәрін тамақ етті, көлдің табанында қалған ауру балықты да жеді. Дизентериядан көп бала шығын болды. Біздің үйден Кәлима (5 жаста), кіші немере інім Меңдіғали (3 жаста) және мен үшеуміз ауырдық. Шілде айында мен сүйретіліп, он екі км жердегі Индерге докторға жеттім. Доктор өз қолынан үш мезгіл дәрі ішкізді де, «енді кете бер» деді. «Үйде екі бала ауру, ең болмаса екі мысқал дәрі беріңіз» деп жалындым, тіпті жыладым да, дәрі бермеді. «Балаларды алып кел, осы жерде беремін, артық дәрі жоқ» деді. Мен үйге дәрісіз келдім. Мамам қатты ренжіді. Қолында көлік жоқ, колхоздың жұмысы және маған военкоматтан шақыру қағаз келген екен. Он екі шақырым жер. Екі ауру баланы кім көтеріп апарсын. Екеуі төсекте жатыр, көздері жаудырап маған қарай береді. Әбден жүдеген. Мен көзімді тоқтата алмадым, мамам жылай береді. Қолдан келер амал болмады, қатты қиналдық. Өз қолымнан өлімге тастап кеткендей болдым.
Ертеңіне мен әскери дайындыққа жүріп кеттім. Әскери дайындықтан үш ай өткеннен соң оралдым. Келсем қарындасым да, інім де жоқ. Сол екі баланың жаудыраған, маған жалынышпен қараған көздері осы күнге дейін көз алдыма келеді. Соғыс елге де ауыр тиді, қанша бала, қанша шал мен кемпір мезгілінен бұрын, аштықтың, ауыр жұмыстың зардабынан өлді. Бәрі өтті де, ұмытылды.
1947 жылы жазғы каникулда екінші курсты бітіріп елге келдім. Әкем ауру, кеудесінде жаны ғана бар, басын көтеріп отыра да алмайды. Айтатыны жоқ, халі ауыр, қатты аядым. Тұрмыс оның үстіне қиын, малдан екі-үш ешкісі бар. Колхозда еңбек күнге беретіні жоқ. Ешбір ем де, дәрі де жоқ. Колхоз айына әрбір семьяға төрт кг қара ұн береді. Бар тамақ - үш ешкінің сүті мен айраны. Ауру әкеме мамамның бар қолданатын емі – құмды табаға қыздырып, жансыз денеге баса береді. Соғыстан кейінгі жылдар жаппай қиындық, басқалардың да артып отырғаны жоқ. Әкем маған мәселені тура қойды. «Балам, оқуды таста, қызметке тұр. Мен осылай қор болып, отыра беремін бе? Мына елдегі 7 класс оқыған балаларды қарашы, колхоздың бір-бір фермасын басқарып, шалқып жүр».
Қарасам, үйдегі әке-шешем, немере інім мен қарындасым, бәрі еңіреп жылап отыр. Дегенмен, болашағымды ойлаған маған өте қиын да күрделі шешімді қабылдауға тура келді. Мен оларға, енді тек екі жыл жарым ғана уақыттың қалғанын, өзімнің болашағым үшін жоғары білімнің ауадай қажет екендігін түсіндіре келе, ақыры мен оқуымды жалғастыратын болып шештік. (С.Құбашевтың «Адам күні адаммен» кітабынан үзінді, 2003 ж. Алматы . «Өлке» баспасы)
Сағидолла ағамыздың да осынау естелігін қиналмай бей жай оқу мүмкін емес. Естелікте көрсетілгендей, Атырау облысы мен Қазақстан сияқты алып мемлекетті басқарған қоғам қайраткерінің де бала кезінде көрген қорлығы шаш етектен болып шықты! Бұл кісінің отбасының мүшелері 1921-1922 жылдарғы және 1932 жылғы ашаршылықтан түгелге жуық қаза болса да, басқа түскен қиындықтарды асқан табандылықпен жеңе отырып, өзінің алдына қойған мақсатын үлкен жауапкершілікпен орындап, жоғары білім алуға қолын жеткізіп, мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін жеткен екен. Жеке басым, Сағидолла ағайды сонау 1963 жылы Гогольск деген жерде «Передовик» колхозына қажетті сиыр қораларды тұрғызу кезінде студенттердің құрылыс отрядында болған мезгілде көрген едім. Бұл ағалардың жарқын өмір жолы бүгінгі ұрпақ үшін үлгі болатындығына сенгіміз келеді.
Ескерту:
Мақала "Қазақстан азаматтарының негізгі базалық санаттары мен қосымша санаттары бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын іргелі зерттеу және ақтау" атты республикалық Жоба аясында жазылды.