«Отан оттан да ыстық» деген Бауыржан Момышұлының сөзін бәріміз де білеміз. Ал, сол сөзді біліп, ұғып, түсініп қана қоймай, отан үшін қан кешкен батырларды білеміз бе? Бірін білсек, бірін білмейміз. Сонау аласапыран уақытта, елдің батысына неміс фашистері басып кірген кезде әскери комиссариатқа барып, қан майданға өзі сұранып аттанғандардың бірі – Төлеген Хайырмеденов. Ол кісі Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы 17 жастағы арманшыл бозбала еді. Тепсе темір үзетін, қылшылдаған жас жігіт Отанға қауіп төнгенде өзінің құрдастары мен замандастары сияқты қасиетті жорыққа шығуға бел буды. Қайралған қылыштай өткір де жаужүрек Төлеген Хайырмеденұлы «қоянды қамыс, ерді намыс өлтірер» деген халық нақылын жан-жүрегімен сезініп, кәмелеттік жасқа тола салысымен мұздай қару асынып, жүрегін кек кернеп, жауға қарсы аттанды.
Иә, бұрын қантөгіс түгілі, ауылдағы төбелеске де қатыспаған, өте тәртіпті де білімді жанға майдан даласындағы қанды қырғынды көргенде оңай болмағаны анық. Бірақ жүректегі қорқыныш пен көңілдегі күдікті жеңген – Отанға деген махаббат, туған елге, жерге деген сүйіспеншілік, қазақ азаматына тән намыс!
Дыңғызылдың дарынды ұлы
Төлеген Хайырмеденов дүрбелеңге толы ХХ ғасырдың бас кезінде, 1924 жылы сол кезде Гурьев облысы деп аталатын өңірдің қаймағы саналатын Теңіз ауданы, Дыңғызыл селолық советіне қарасты Сасықтау Дыңғызылы, Боранбай-Қуат деп аталатын жерде дүниеге келіпті. Дәл сол жылдардың қарсаңында, тарихтан естеріңізде шығар, Қазан төңкерісі болып, оның соңы Азамат соғысына ұласқан болатын. Ағы қашып, қызылы қуған, қайсысы дұшпан, қайсысы жау екенін бағамдай алмайтын аласапыран уақыт еді ол кез.
Әкесі Хайырмеден екі ағайынды болған. Ағасы – Нәжімеден, Нәжімеденнен – Сабыр, Сабырдан Қазақстан гимнінің авторы Жұмекен туған. Әкесі кедей шаруа екен. Алғашқы елді колхоздастыру кезінде «Ворошилов» атындағы колхозда шопан болып еңбек етіпті. Ұлы Отан соғысы кезінде дүниеден өткен. Міне, туғаннан бастап, алмағайып замананың зарын басынан кешкен Төлеген Хайырмеденұлы да өзінің тұстастары сияқты білімге құмар болды. Ес жинап, етегін жабысымен қолына қағаз-қаламын алуға талаптанды. Ауылдағы кішкене мектепте оқып жүрген кезінен-ақ ұстаздарының назарына ілігіп, зейінді бала атанды. Әр түрлі жұмыстарға жұмсалып жүріп, еңбекқорлығымен, алғырлығымен көзге түсті.
Білім сапарында
«Талаптың мініп тұлпарын,
Тас қияға өрлеген» ол әрі қарай да таудай талабымен талпына берді. Орта мектепті жақсы бітіріп, өзі арман еткен мұғалім мамандығын алуға талаптанды. Сұлтанмахмұт айтқандай «Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып күн болам» деп, арман тұлпарын ерттеп мініп, Гурьев педагогикалық училищесінің табалдырығынан аттады. Мұғалім кадрлар жетіспегендіктен, педучилище жанынан ашылған қысқа мерзімді курсқа түсті. Оқуға құштар жас аталған оқу орнында да зеректігімен ұстаздарының ризалығына бөленді. Аталған курсты бітірген кезде неміс фашистері Кеңестер Одағына тұтқиылдан шабуыл жасап, батыстағы шекарасына басып кірді. Осылайша, адамзат тарихындағы қан ең көп төгілген, ең жойқын Екінші дүниежүзілік соғыс басталды.
Еңбек жолы
Өзі сияқты қазақтың қаракөз балаларын оқытып, өмір жолына жолдама берсем деген ізгі арманы орындалып, курсты бітірген білімді жас мұғалім Гурьев облысы, Маңғыстау ауданына қарасты Оңды орталау мектебіне мұғалім болып бару үшін жолдама алды. Кадр аз, ер мұғалімдердің бәрі Отан қорғауға аттанып жатқан кез болғандықтан, педучилище курсын бітірген жас маманды бірден оқу ісінің меңгерушісі етіп тағайындап, сенім белдіреді.
Өзінің ұстаздық мамандығын жан-тәнімен сүйген Төлеген Хайырмеденұлы 5-7 сыныптарға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен де сабақ берді. Өз пәнін жетік білетін, шәкірттерінен мейрім шуағын аямайтын жас ұстаз азғантай уақыттың ішінде елдің аузына ілікті. Бұл жұмысын 1942 жылға дейін абыроймен атқарды. Әрине, ол кезде бұндай жетістікке жету кез-келгеннің қолынан келмейтін еді. Соғыс басталған уақыттан бастап, әскер қатарына аттанғанға дейін өзін білікті маман, жауапкершілігі жоғары адам ретінде танытты.
Елін сүйген- ер болар...
Елдің бейбіт өмірін кенеттен бұзған 1941 жылдың 22 маусымы! Қолына қару алуға келетін естияр азаматтардың бәрі дерлік әскери комиссариатқа келіп, өз еріктерімен майданға жіберуді сұрап жатты. Сондай қайрат-жігері күшті жастың бірі Төлеген Хайырмеденов соғыс басталысымен-ақ қанды қырғынға жіберуге өтініш жасаумен болды. Ол өтініші ақыры қабылданып, 1942 жылдың қыркүйегінде әскер қатарына шақырылып, Қызыл Тулы Амур флотилиясына қарасты Хабаровск қаласында бір жыл оқып, бронекатер, КТЩ моторист мамандығын игеріп, әскери дайындықтан өткеннен кейін, жапон самурайларынын елді қорғау мақсатында шекара күзетінде тұрып, Отан алдындағы борышын атқарған. Жапонияға қарсы соғыста Амур флотилиясы құрамында болып, 4-отряд КТЩ, ІІ Қиыр Шығыс фронтындаТунц ян, Фунзин, Цз ямуси, Иланы, Тунха қалаларын Сунгари өзенінің бойымен азат етуге қатысып, сол кездегі Манчжурия орталығы Харбин қаласына дейін барады. Соғыс аяқталған соң Хабаровскге кері оралған. Талай ұрыстарда жапонның мұздай сауыт құрсанған кемелерін жайратып, ерлігімен көзге түсті.
Бейбіт күн ерлігі
Арыстандай айбарлы Төлеген Хайырмеденов оқытушыларды бірінші кезекте елге босататын жеңілдік бойынша елге оралып, Дыңғызыл ауылдық кеңесіндегі «Жасқайрат» орталау мектебінде мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып 1946 жылдың ақпанынан 1953 жылға дейін абыроймен жұмысын атқарады. 195391959 жылдары Маленков атындағы орта мектептің директоры болып еңбек етті. 1958 жылы аталған мектептің қысқаруына байланысты Байда ауылдық кеңесіне қарасты Ш. Уәлиханов атындағы орталау мектебінің директоры болып тағайындалады. Сол кездегі талап бойынша, партияның жұмсауымен 1962-1964 жылдары Сүйіндік ұжымшарында партия комитетінің хатшысы болып қызмет жасаған. 1964-1969 жылдары Махамбет ауданындағы М. Горький атындағы орта мектепте мектеп директоры болып еселі еңбек етті. Одан кейін қайтадан Теңіз ауданына оралып, Сафон ауылдық кеңесіне қарасты Ф. Энгельс атындағы орта мектеп директоры болып еңбек жолын жалғастырады. Аудандық партия комитетінің нұсқауы бойынша Ш. Уәлиханов атындағы орталау мектеп директоры лауазымына орналасады. Жаңадан құрылған «Көптоғай» овощ-сүт ұжымшарының құрылуына байланысты аудандық партия комитетінің нұсқауымен М. И. Калинин атындағы орталау мектебі орта мектеп болып кеңейтіліп ашылды. Аталған мектептің директорлығына біздің кейіпкеріміз тағайындалды.
Білімге құштарлық
Төлеген Хайырмеденұлы өмір бойы өз білімін жетілдіруді мақсат етті. Әскер қатарынан босап, елге оралғаннан кейін Орал оқытушылар институтын, кейіннен А. С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын сырттай оқып бітірді. Мектеп директорларын дайындайтын арнаулы курсты тәмамдады. Елдің өміріндегі шаралардың, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Оның еңбегі елеусіз қалған жоқ. Майдан даласында көрсеткен теңдесі жоқ ерлігі бағаланып «Ұлы Отан соғысы» орденімен наградталды. «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарын өңіріне жарқырата тақты. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. «Ұлы Жеңістің 20, 30, 40, 50 жылдығы» медальдерін, Ұлы Жеңістің 55 жылдығы қарсаңында «1941-1945 ж.ж. соғыс ардагері» белгісін алды. СССР Қарулы Күштерінің 50, 60, 70 жылдығы медальдерінің, Республикалық, облыстық, қалалық білім беру бөлімдерінің Құрмет грамоталарының иесі. Қазақ КСР-і білім беру ісінің үздігі, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің басшылары кеңесінің 1995 жылғы 26 мамырдағы шешіміне сәйкес Кеңес Одағының маршалы Г. К. Жуков медалімен марапатталған.
Ұл-қызын өсіріп, тәрбиелеп, білім беріп, мамандық алуына қамқоршы болып, қатарға қосты. Қазір ұл-қыздарынан өрбіген немере-жиендері, олардан туған шөбере-жиеншарлары да жоғары білім алып, Тәуелсіз Қазақстанның экономикасы мен әлеуметтік өміріне өз үлестерін қосып жүр. Жақсының аты өлмейді деген осы емес пе?!
Балаға - жүрек жылуы
Қалың елі қаумалап, ел-жұртының ортасында «халық мұғалімі» деп атаған, шәкірт біткен қоғадай жапырылып сыйлаған, әлі күнге дейін жылылықпен еске алып жүретін ұстаздың туғанына 100 жыл толмақ. Осы орайда өзі өмірінің соңына дейін қызмет еткен, шәкірт тәрбиелеген Құрманғазы ауданы, Көптоғай ауылындағы Сәбит Мұқанов атындағы орта мектепте еске алу кешін өткізсе, жан-жақта жүрген шәкірттерін құрметтеп шақырса, ұстаздың рухы үшін біразы жиналар да еді. Мектепте ұстаздың өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференция, еске алу кештері ұйымдастырылса - нұр үстіне нұр. Туған өлке тарихына деген құмарлық осындай кештерден бастау алмай ма? Шараға қазір көзі тірі әріптестері, ұрпақтары да қатысып естелік айтып отырса, керемет емес пе?!
Төлеген ағайдың ұстаздық мейірімін сағынышпен еске ала отырып, рухына бас иеміз. Ол кісі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Шәкірттерінің аталған пән бойынша түсініп кетуіне жан-тәнін салатын. Бір шәкірт жаңа сабақты түсінбей кетпейтін ол кісінің алдынан. Өте мейірімді, жылы жүректі жан еді. Ешқашан дауыс көтермейтін. Бірақ есіктен Төлеген ағай кіргенде мектеп дәлізіндегі оқушылардың шуы сап тиылып, ерсілі-қарсылы жүгіріп жүрген балалар ағайдың алдында тік тұратын. Класс журналын алып, есіктен кіріп келіп, алдынан құрақтай жапырылып амандасқан көкөрім балаларға жүрегіндегі бар мейірімін төгіп, жымия қарап тұрушы еді. Сәлден кейін күндей күркіреген даусымен сабақты бастап кететін. Ешқашан кітап, дәптерге үңіліп, не болмаса айтар сөзінен жаңылып кібіртіктеп қалғаны болған емес. Шідерін алған тұлпардай кең көсіліп, әдебиеттің арғы-бергі тереңіне сүңгіп, қара сөздің інжу-маржанын оқушыларға үлестіретін. Ана тілінің қаймағын қалқып алғандай көрінетін. Ауыз әдебиетінің үлгілерін, ертегі, аңыз-әфсана, батырлар жырын жатқа айтып, сонысымен шәкірттердің жүрегінде ана тіліне деген махаббатты оятты. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романын айтқан кезде өзі бір сол кейіпкерлермен бірге араласып жүргендей әсер қалдыратын.
Кейінгі жылдары біраз уақыт Сәбит Мұқанов атындағы орта мектепте «Алғашқы әскери дайындық» пәнінен сабақ берді. Үстіне әскери киімін киіп келіп, жоғары сыныптың оқушыларын сапқа тұрғызып, алғашқы әскери дайындықтың мәнін түсіндіретін. Қолдарына винтовка ұстатып, қаруды қалай ұстап, қалай асынып жүру керектігін үйретті. Берілген уақыт ішінде винтовканы шашып, қайта жинатып, әскери тәртіпті санаға сіңірді. Мектеп айналасындағы арнайы алаңнан ор қазғызып, нысаналар қойдырып, көздеп атуға, мергендік өнерге баулыды. Ауа ластанып, биологиялық қару қолданылған жағдайда киетін газге қарсы \противогаз\ бас киімді киіп-шешу, оны қалай қолданудың қыр-сырын айтудан жалықпайтын. Ол кісі «Алғашқы әскери дайындықтан» сабақ берген жылдары аталған мектептің жоғары сынып оқушылары аудандық, облыстық «Орленок» әскери-спорттық ойындарынан жүлдесіз оралмайтын. Қайткенде де Бас жүлде иеленуіміз керек деген мақсат қоятын алға.
Ағайдың бір ерекшелігі – елдің баласын өз балаларындай жақсы көріп, қамқорлауы, ақыл-кеңесін аямауы. Өзі он алты жасында жүрегімен қалаған мамандығына өмір бойы адал болып өтті. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегенде қазақ осындай жүрегіне мейірім күнін ұялатқан жандар туралы айтса керек...
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,
Республикалық «Сарайшық» әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журналы