Бәрі қашып кетті...
Жан-жағыма қарасам тып-типыл...
Дүние жарық, тек маған ғана бәрі қараңғы...
Жыл жарым болды аяқ астынан қос жанарымнан айрылып қалғаныма. Мүгедек болу әп-сәтте екен-ау. Алғашында біреуі шошып, біреуі жылап, біреуі аяп, ағайындардың бәрі қиналып кеткен еді. «Сап-сау көзге аяқ астынан не болды?!» деп біреуі сенбей әлек. Мұның бәрі уақытша екен. Кейін бәрі үйреншікті жағдай сияқты болып кетті.
Әшейінде ну орманның ортасында жүргендей едім. Жалғыз қалғандаймын. «Қазаны басқаның - қайғысы басқа» дегенді де қазір түсінгендеймін. Дұрыс. Бәрі де дұрыс, бәрі орнымен. Мен ешкімге де, ештеңеге де ренжи алмаймын. Әркімнің өз өмірі, күйбең тірлігі бар. Айтып келетін, аты жаман аурулардан аман - есен айығып, нан тауып, жан бағу дейтін қазіргі уақытта қиынның-қиыны. Өмір сүру ешкімге де оңай соғып тұрған жоқ, түсінемін. Бәрін де түсінуге болады. Тек бір жан иесіне ғана әлі күнге дейін таңғалудамын. Танысқан күннен бастап, күн сайын, апта сайын және ай сайын үмітін үзбей, менің ауруыммен тоқтаусыз күресуде. Біресе ине қояды, біресе тамыр соғысын бақылайды, біресе шөп дәрісін ұсынады.
Тіпті менің диагнозым жөнінде Япония еліне хат та жіберіп үлгерді. Жаман жағын жасырып, жақсы жағын байқай қалса, бірден хабарын айтып отырады. Аузынан ылғи да жақсы сөз шығады, ал «жақсы сөз, жарым ырыс» деген. Онысы адам жанын үрей-уайымнан аулақ қылып, үміт ұялату әдісі еді. Оның өзге дәрігерлерден де өзгешелігі де осында. Сонымен Жасан деген кім? Ол қандай жан өзі? Жасан-жақсылықтың жаршысы бола білген, жаны жайсаң жан. Жасан - адам жаны мен тәнін қатар емдейтін білікті маман, дәрігер. Кейде жұмыс барысы бойынша олқылықтарға көңілі толмай, ашуға мінген сәттерінде сыртынан бір көрген адам оны қатігез деп ойлап қалуы мүмкін. Жоқ. Керісінше оның жүрегі жұмсақ, жаны мейірімге толы. Жағдайы жоқтарға, мұқтаждарға, жетім-жесірлерге ылғи да жеңілдік жасап жүреді. Садақа-зекетін де солардан аямайды.
Ол - білімі мен өмірлік тәжірбиесін қатар ұштастыра білген білікті маман. Оның саусақтары да қасиетті. Құдды бір ауруыңды өзі іздеп табатын заманауи жаңа технологиялар секілді. Бірде мен көз жанарымның көрмей қалуына байланысты ине салғызғалы жатыр едім. Кенет жақтың тұсына салған инесінен бір нәрсе қытыр етті. Бір жағым шығып кеткендей болып тамақ жеуге қиналып жүр едім, сол екен орнына түскен. Бұл тек мен көрген бір ғана мысал, ал естігенім қаншама?! Бұл қасиет оған атасынан дарыған болса керек. Естуімше, атасы да әулие адам болған екен. Ал, жүрегінің жұмсақтығы анасынан дарыған десе де болар. Анасы - ақындығымен танылған өте дана адам. Ән айтатын өнері де баршылық. Науқасты көрсе ұшықтап, батасын беріп: «Балам, көмектес, мұқтаж ғой» деп Жасанға ескертіп жатады.
Жасан- қарапайым, қайырымды, қайсар, қайраткер, әрі құдайшыл жан. Бір бойына осыншама мінез құлықты сыйдырып қойған бір құдайдың шеберлігін айтсаңызшы! Кезінде бала Жасан ұшқыш болуды армандапты. Бірақ оның бойындағы қасиетті байқап қалған ата-анасы бірден дәрігерлікке бағыттап жібереді. Дер кезінде берген дұрыс бағыт-бағдары үшін де, тәрбиесі үшін де ата-анасына айтар алғысымыз шексіз. Қателеспеген екен. Үміт ақталды. Оның радиоларға, теледидарға, газет-журналдарға, сайттарға берген сұхбатын тыңдай, оқи отырып, Қазақ елі үшін атқарар қызметі әлі алда екенін байқау қиын емес. Өз өнімімізді өндіретін зауыттар дайындау, шығыс медицинасын дамытып, үлкен институттар ашып, білікті маман кадрлар дайындау - оның болашақ жаспарында. Осының бәрі халық денсаулығы үшін, ел игілігі үшін. Мақтау - мадақ бір Аллаға ғана тән. Өз басым мақтау дегенді мақтамен бауыздау деп түсінемін.
Менің айтып отырғанымның бәрі - құр мақтау емес, ащы шындық. Кейбір алдына барғанда министрдің кабинетіне кіргендей болып, алдын-ала регистратураға тіркеліп, жазылып кіріп, телефонын көтермей, сағатына бір қарап көріп, уақыт бітті деп есігін жауып, артына қайрылмастан кете салатын, көкірегін керген дәрігерлерді көргенде қынжыласың. Олай болса, менікі мақтау емес, жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасыту, әрі кейінгі жастарға үлгі қылып көрсету. Шүкір. Мен жалғыз емес екенмін. Осындай ел ағалары барда менің алаңдауым, менің уайымдауым, менің мұңаюым бекер екен. Мен енді жасымаймын. Жаңа ғана жұмыс үстінде отырса да қоңырауыма жауап беріп, көз жасынан улы гормондар бөлініп, көздің көру қасиеті одан сайын асқынатынын да айтып үлгерген еді маған, менің денсаулығыма алаңдайтын жан. Ол – медицина ғылымдарының докторы, академик, профессор Жасан Зекейұлы.