Аядай Қарашоқыда да жаңа дағдылар қалыптасып, әдетке айналып үлгерген. Тұрмыс та өзгеріп, өзгеше бір қалыпқа түскен.
Сіңлім Алма кешкі базар арзан болады дегенді сылтауратып, қызымен екеуі көше басындағы жеміс-жидек базарына кеткен. Иттен гөрі ұйқышыл мақұлыққа айналып кеткен кәрі төбет те сабалақ құйрығын бұлғауға ерінетін маубастығына қарамай, үйден шыққандарға ілесе кетті. Қақпа алдында сәл-пәл аялдап, үйге кіргенім сол еді. Иесіз үйде елегзи бастадым.
«Дзззыңңң!» етіп безілдей жөнелген сыртқы есіктің қоңырауына «бұл кім болды екен» деген оймен қақпаны ашсам, ауыл арасының адамдарына ұқсамайтын екеу тұр. «Кіріңіз» деп сарт мезірет білдірерімді де, білдірмесімді де біліңкіремей тосылып қалдым. Олар да қипақтап «айып етпессіз, жолаушы едік, қонақ үйдің қай жақта екенін айтып жібермес пе екенсіз» деді. Мен үшін бұл тосын естілді. Қарашоқыда... Қонақ үй... болып көрді ме екен? Иә, заман өзгергелі қашан?.. Оларға жөнімді айтып, өзімнің де мейман екендігімді түсіндірдім. «Үй иелері келіп те қалар, әзірше үйге кіріңіздер» дедім. Басқа көршілерден сұраңыз деп есікті тарс жауып алуға дәтім бармады. Қарашоқының бар дағдысы өзгерсе де өзімнің өзгермеген жаратылысымнан аса алмай, абыржулы жүздеріне қарап, бұл ауылға жол-жөнекей келмегендерін болжадым. Сонда...?
Кешікпей базаршылар да келіп, қипақтап отырған екеумен амандасып, жөн сұрасты.
Бейсауат жолаушылар, арнайы жолға шыққанмен, қыдырыстап не жекжатшылап жүрген жандарға ұқсамайды. Екеуі де ауа райына сай спорттық үлгіде жинақы әрі ықшам киінген.
- Сіздің көшедегі қарама-қарсы үйге хабарландырумен келіп қалып едік. Үйіміздің үлкені оқу бітіріп, осы ауылға жолдамамен жіберген. Отбасын құрмағандарға қызметтік пәтер берілмейтін көрінеді. Баланы жалғыз жібергенше, үй-ішімізбен көшіп келуді ұйғарған едік. Сатылатын үй бар дегенді естісімен ертеңге қалдырмай, таксилетіп жеткенбіз.
- Немене, сатылмайтын болып па? Әлде бағасына келісе алмадыңыздар ма?
- Сатылады екен...
Үнсіздік.
Бұл жерде әлдененің бүкпеленіп отырғанын аңғару қиын емес еді. Сіңлім көзінің астымен мен жаққа ұрлана қарап қойды.
- Облыс орталығына қатынайтын таксилер түске дейін ғана жүретін құсайды. Қонақ үй іздеп, жөн сұраспақ оймен сіздерге кіріп едік, айып етпессіздер... Бізге... танымайтын жерде... таң атқанша паналай тұрсақ...
Иә, үй саудалай келіп ат басын тіреген мекеннен жөн сұраспақ түгілі, алды-арттарына қарауға мұршалары келмей, жанұшыра безіп шыққан сыңайлы...
Сіңлім қонақ үйдің жабылып қалғанын, ауылдың шет жағында пәтер жалдайтын үйлердің табылып қалатынын айтуын айтқанмен, шарасыз адамдай орнынан қозғала қоймаған иманжүзді келіншекке жаным ашып кетті! Сіңлімді де түсініп отырмын. Күйеуі іссапарда. Сібір бағытына қатынап жүр, алыс жолда, жүк тасымалдайды. Ұлы оқуында. Үйде қызымен екеуі ғана. Беталды жүрген танымайтын кісіге жік-жапар бола қалатын да заман емес... дегендей.
Әңгімеге амалсыздан мен араластым.
- Үй сатып алу ниетімен келсеңіздер, түс ауа жолға шыққанда ойларыңызда не болып еді? Бұл үйді ұнатпасаңыздар, ертеңге қалып, шаруа ыңғайлау жағын қарастырмадыңыздар ма? Сатылатын басқа үй де табылып қалар...
Шәй дайындалып, дастарханға шақырдық. Екеу бір-біріне қарасты. Мен сіңліме ишара білдіріп, «қырықтың бірі...» – дей бергенімде:
- Дұрыс, әпке, қыдыр болсын! – деп, сіңлім құдайы қонақтарына - қол жуып, дастарханға келіңіздер, - деп өзгеше шырай білдірді.
Екі кесе шай үнсіз отырып ішілді. Жасымның үлкендігін пайдаланып, үнсіздіктен туған жайсыздықты сейілтпек оймен:
- Ол үй әлі сатылмап па еді? – деп сіңліме қарадым. Әңгіменің өзегіне ден қойған адамға мұнда бір гәп жатқанын түсінуге болатындай меңзеу бар еді бұл сұрағымда.
Үнсіздік тағы орнады.
...Өтпелі кезең деп аталатын со бір жылдар – қырда болсын, ойда болсын иісі қазақ баласы «солқылдақ көпірден» көш өткізгендей күй кешкен тұтас дәуірге татитын кезең еді.
Е-ее, ол заманда кімнің жүгі қалай ауғанын, кімнің керуені айлы түн, ашық аспанда-ақ бағыт-бағдарынан айрылып қалғанын біреу аңдап, біреу аңдамаған аласапыран кездер өтті ғой бастан. Тып-тыныш, тұрмыстағы бірқалыпты өмірге үйренген халық алдымен дүкен сөрелерін тып-типыл еткен «дефицитпен» бетпе-бет жолықты. Уақтылы айлық алмау, өрістегі малдың ұшты-күйлі жоғалуы, «талонмен» үлес алу, сағаттар бойына электр жарығының өшірілуі, кітапхана, медициналық мекемелердің жабылуы, толып жатқан тағы-тағыларға кезігіп, дағдара бастаған жұрт тұрмыс қажетін өтеу мақсатында арбалап та, дорбалап та тауар тасып, арқаланып күнкөріске бейімделіп жүре берді. Арысы қытай асып, берісі Бішкек, Алматы... Әйтеуір «қолы қимылдағанның аузы қимылдайтынын» түсіне бастағандай. Отбасындағы ересектер сауда-саттыққа шықты. Мұның да өз «өрнегі» барын біреу ерте, біреу кеш түсінді. Пойызы бар, жол-жөнекей мәшина, әйтеуір тауарыңа да, өзіңе де жол пұлын берсең, жолаушы жолда қалмайды. Қауіп-қатер сақшылары құжат тексеріп, сәл нәрседен айыппұл өндіріп дегендей, қиындықтар шаш-етектен болатын. Содан ба, әлде ер-азаматтардың жаратылысы бөлек пе, кім білсін, әйтеуір сауда-саттықта аяқ алып жүргісіз қитұрқылыққа төзімдері жетіңкіремей, шетінен сағы сынып шыға келген. Бұл «жібек жолы керуеніне» көбіне әйел адамдар қолайлырақ болып шықты. Көнбістік пен көнтерілік ұрғашының маңдайына жазылған бір артықшылығы болар. Жол табу, тіл табысу жағына келгенде, темір жолда болсын, автобустарда болсын, аяқ асты пайда болған проблемаларды реттеуге икемділік танытты. Енді үйдегі бала-шағаға, отбасына жұмыссыздық қамыты мойнына ілінген ер-азаматтар ие болып, қазан-ошақ иелері біржола сауданы меңгеріп шыға келген...
Біреуге біреу күліп болмайтын еді. Дегенмен, күлгендер де, табалағандар да табылып жатты... Жұт жеті ағайынды. Осы кезеңде жұтап барып жұтылмай қалғандар, отбасын бүтін сақтап қалғандар олжалы екен, қарап отырса...
Жекешелендірудің мән-мәнісін көпшілік түйсініп үлгергенше, билік басындағы азғандай әкім-қара ту-талақайын шығарып, ауданға тиесілі мал-мүлікті пышақ үстінен үлесіп үлгерді. Ертеңгі күнге сенуден үрейленгендер, «мұның артында қайыры болса жарар еді» деген рай танытып, үрке қарап, әліптің артын бағысты.
Өгіз аяң, митың тірлікпен еңбегі еш, тұзы сор болғандар да «ер өлер аштық жоқ» дегенді аш өзекке талғажау қылып, әйтеуір, шүкір дейтін күнге де жетті ғой ақыры.
Тойып секіргенді де, тоңып секіргенді де көрдім. Әнеу бір жылдары әкемнің қадесіне келгенімде аядай ауылда гу-гу әңгіме өзегіне айналған осы оқиғаны естіп жағамды ұстаған едім... Содан бері талай уақыт өтсе де, міне бүгін сол жағымсыз оқиға жайында әңгіме жаңғырып отыр...
Қарашоқыдан аттанатын пойыз орнынан ақырын жылжи берген... Әлдеқандай бір вагонның жабылып үлгермеген есігінен басын шығарып «бұл Қарашоқыға енді қайтпаспын, келсе - сүйегім келер!» деп адуынды да ашына шыққан әйелдің долдана айтылған оқыс айқайын перрондағылар түгел естігенмен, дауыс иесін біреу танып, біреу танымағаны анық. Өз құлағымен естігені төбе құйқасы шымырлай, өз құлағымен естігеннен тыңдаған жан тұла бойды тітіркендіре әңгімелеп, біраз күнге дейін басыла қоймаған... Періште «әумин» депті деген осындайдан қалған сөз болса керек, арада көп ұзамай бұларға нағашы жеңге болып келетін әлгі «тілінен жазықты» пенде шіркіннің Талас қаласында тұратын балалары сол бір қысылтаяң кезеңде елге аналарының сүйегін әзер жеткізген еді.
Алды азамат болған жеті баланың көбі үйлі-күйлі. Осыншалықты күйінетіндей не болып, не қойып жатқанын біреу білсе, біреу білмейді. Шешелері әлдекіммен көңіл жарастырған күйеуінің жүрісіне жабырқап, ержеткен балаларына шағынбақшы болып, ашумен жолға шыққан беті екен...
Жастайынан босағасын күзетіп, түтінін түтеткен шаңырағынан сая таппай, жүйкенің сыр берген тұсы болғаны да. Әркім өзінше тон пішуге шебер емес пе мұндайда.
- Қазіргі заманда кімге кім көзін сүзбей жатыр, соған бола талағы тарс айырылатындай не көрініпті...
- Иә, біреудің қаңсығы біреуге таңсық деген...
- Ішкені алдында, ішпегені артында, неден қыжалат көргенін...
- Ой-бу, Жайқоңырдағы медбикенің қолына біржола кетем деп шабаданын жиған көрінеді күйеуі...
- Несі бар, кетпесе, әдірам, мал-мүлікті бөлісіп отыра бермей ме?.. Байының кезінде мемлекет меншігінен қарпығаны үрім-бұтағына жетер еді ғой...
- Пысықай байсыз ұрғашылар біреудің шетке шыққан сүмірейген еркегін де жерде қалдырмай қағып алып бай қылып жатқан заман емес пе?..
Айтар ауызға бәрі жеңіл... Тас түскен жеріне ауыр... дегендей. Тауқымет көрсе де таршылық көрмегені рас еді, пақырдың. Иманы серік болғай... Сабыр түбі сары алтын болғанымен, алтын да ашық ауада кездеспейді. Белшесінен бейнеттенген кісі ғана кенішке кенеледі. Сабыр да төзімдінің төрт елі төзімін сынап барып келетін болса керек. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін тұсына дөп келгені болар. Адамның ақыл-санасына сезім-түйсігінің бағына бермейтін сәттеріне кім не дей алар?..
Тірі адам тірлігін түгендейді. Өлмек артынан өлмек жоқ. Сөйтіп, санап шыққандардың сөзіне сенсек, он сегіз бөлмеден тұратын зәулім үй бір-ақ күнде иесіз қалды. Тұрмыс құрған төрт бала оқу жасындағы бауырларын қолдарына алады. Үлкен ұлы қаңырап қалған әке шаңырағына уақытша қоныстанып, иесіне қайыры болмаған баспананы сатуға бел буғанын естігем... Содан бері де оншақты жыл арада өтіп үлгеріпті-ау...
- Сатылмай тұр, - деді сіңлісі бір күрсініп, - сіз естімеген екенсіз-ау! – жолаушылап келген келіншекке қарап – ал, сіз көрдіңіз бе? – деді. Ол басын изеді.
- Нені көреді?
... Үйді сатып алуға талай рет сатып алушылар саудалап, алыстан да, жақыннан да келген. Естігендер көзімен көргенше сенбеген. Көрген адам өмір бойы ұмытпастай әсерден алды-артына қарауға да мұршасы келмей, келген ізімен кері қайтатын көрінеді...
Бөлме-бөлмені түгел аралап, тіпті әрбір қабырғаның, қуыс-қуыстың кәсіби құрылысшының білікті қолымен, асқақ талғамымен тұрмыс жайлылығына икемделіп тұрғызылған үй! Керемет жобаның іске асқаны таң қалдырады. Іші де кірсе – шыққысыз! «Үй деп осыны айт!» деп тамсанады үй саудалай келгендер... Соңғы бөлмеге, иә жарық та кең залға келгенде... Қақ төрдегі диванға жайғасқан шұбар жыланды көрген адамның селк ете түспегенін естідіңіз бе? Әрине, жоқ. Амалы түгесілген үй иесі, диванды сатып құтылады. Жаңа жиһаз сатып әкеліп қойып көреді. Әшейінде міні құрамай жарқырап тұрған бөлмеге әлгі көрініс үй саудалаушы келген сәтте-ақ ғайыптан пайда болатын көрінеді...
- Мен бұл жәйттен хабарсыз екенмін,- дедім, тұла-бойым түршіге.
- Ел құлағы үйренген, қазір ешкім аса мән бермейтін де болды бұған, - деп сіңлім әңгімесін аяқтады.
Тағы үнсіздік. Қас қарайған шақта көше шамдары жарқырай жанды. Үрейлі әңгіменің әсерінен серпілмек оймен далаға шықтым. Туған ауылды бір аралап қайтуды ұйғардым. Орталық көшеге өтіп, әлденеше рет көзім көріп, көңілім әлдеқашан суынса да бүгінде бір белгісі де қалмаған әке мұрасы - қара шаңырақтың орнына қарай беттедім. Әкем қайтқан соң... әлдекімдер сатып алып, биік дуалмен қоршап, біздің кіндік қанымыз тамған, жарық дүниеге тұңғыш іңгәлаған даусымызды таратқан алтын ұямыз – әке шаңырағын тып-типыл етіп бұзып, орнына зәулім үй тұрғызыпты. Балалық шағым өткен аула-қораның ізі де жоқ... Терезе алдына мен мектепке барған жылы әкем өз қолымен әкеліп қадаған тал шыбық – ауламыздағы алып бәйтерек..! Әкемнің жетісін берген күні... бұрын-соңды Қарашоқыда болып көрмеген дүлей жел тұрды. Аяқ астынан соққан қатты дауылдан әлгі бәйтерек түбірімен қопарыла, көшеге кесе-көлденеңінен сұлап түскені... Әлі күнге дейін көз алдымда. Көліктің жолын жауып тастаған бәйтеректі дем арасында аралап кесіп, жұрт отынға тасып әкетті...
Сол күнгі дауыл! Ғұмырын осы ауылда өткізген үлкен-кішіні таңғалдырған сол дауыл «енді бәрі өзгереді, алып бәйтеректі сұлатар сұрапыл күшті таныдыңдар ма? Тып-типыл қылмадым ба? Кеше ғана бар еді, бүгін қайда, а?» деп өктемси табалап тұрғандай болды. Артынша нөсер құйып өтті де, алты ай жаз бойына бір тамшы көрмейтін сұр топырағын жылдар бойы жел мен күн қақтаған Қарашоқы аймағы өзінше бір қарық болып еді.
Ал, әкемнің соңғы қадесіне келгенде әлгіндей сұмдық әңгімені –«перрондағы оқиғаны» естігенмін. Ауылға оралып соғуға да зауықсыз жылдар арада зымырап өте шығыпты... Содан бері оралып тұрғаным осы...
Бұрынғы ауаткомның ескі ауласындағы үлкен ескерткіштің маңында біраз серуендеп қайтуды жөн көрдім. Алыстап кеткен бе, самаладай жарқырап тұратын алаң да жеткізе қоймады. Ә, оның да бір кездерде ... болғанына көзім жетіп, ендігі сәтте түнгі аспаннан көзге таныс жетіқарақшыны іздеп таптым да, «шүкір екен, тәуба!» демеске амалым қалмады...
Адам қолы, адам ниеті жердегінің бәрін өзгертіпті... Аспаннан басқаның бәрі жаңарған заман-ай!
Ғасыр мен ғасырдың тоғысуы оңай деп пе едің!
...Қарашоқы өзгерген екен!
Қалампыр КЕНЖЕҒАЛИҚЫЗЫ: "Иесі бар үй" (әңгіме)
- Толығырық
- : Проза
- Көру саны: 268