Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Төлеген Жанғалиев: «Көкбөрідей ұлиды көкке көңіл...»

«Өкінішсіз өткіздік қой» десек те, 
Адам ғұмыр айналады өсекке. 
Өміріңнің жиған, терген байлығын,
Өлмейтұғын еңбегіңмен есепте.

Көзге айтылмай қалған сөздер көбейіп,
Көз кеткен соң шыға келер өңейіп.
Тірілігіңде араласқан ағайын,
Араз болып кетіп жатса, не дейік.

Келсе келер, жаназаңа көз қылып,
Қоймас үшін қотыр ойын ел біліп.
Енді сені есіне алмас ешкім де,
«Ерім еді» дей де қоймас енді жұрт.

Жылап-сықтап жоқтар дейсің кім сені,
Сатулы боп кеткеннен соң бір сөзі.
Жанды құдай алар, алмас белгісіз.
Құрып, шіріп қала берер қу тері. 

Ал, ағайын, ойландың ба осыны,
Келіп-кету кең дүние машығы,
«Адам басы - добы дейді Алланың» 
Ал, меніңше, тағдырыңның асығы.

Алшы бүк те, түсіретін тәйкі де,
Қатал тағдыр жібермейді еркіңе ,
Дүниенің төрт бұрышын аралап,
Асан Қайғы ем таппаған дертіне.

Шындап келсе, ем табылмас дерттіге,
Құтқармайды ешбір дұға, еш сүре.
Сондықтан да бақ сұрама құдайдан,
«Басымды аман-сау қыла көр» деп тіле!

***
Өмір өтіп барады өктем қабақ, 
Өмір сүрген шіркін-ай, неткен ғажап. 
Әкем айта беретін Әзірейіл ,
Әнекей маған да тұр көктен қарап.

Кірсем , шықсам қарап ап сағатыма,
Тайраң қағып кетуші ем таң атыра.
Құдай-ау дүниеде не жетеді,
Құбыланың бір жұтым ауасына.

Арт жағыма қарасам-өткен өмір,
Алғы күнге қарасам-«ештеңе құр» 
Жалынды жастық шақты ойға оралтып, 
Көкбөрідей ұлиды көкке көңіл.

Қайда барып құтылам қалың ойдан, 
Басыма кеп салады бәрі майдан, 
Мамырлаған тірлігім аумайтындай,
Маңайға жайылатын кәрі қойдан.

Айтып- айтпай не керек, қартаямыз,
Қатырып аяққа сыз, арқаға мұз.
Маған ұқсап, тегінде, керегі жоқ,
Шаршамаңыз, ағайын, шаршамаңыз.

***
Бәріміздің білеріміз бір Құдай ,
Бәріміз де табынамыз бұлжымай. 
Тәңір ісі тәуекелге барғызып,  
Тәубемізге түсіреді бізді ұдай.

Көктен түскен Құран кітап-заңымыз,
Соған қарап түзелеміз бәріміз.
«Биссимилях» деп жатамыз тағы да,
Жаналқымға келген кезде жанымыз.

Әр жыл сайын жүгіреміз «Меккеге»,
«Зәм-зәм» суын толтырып ап кесеге. 
Соның бәрі құлшылық па,  Құдайға,
Соның бәрі Құдайыңа жете ме?

Осы сұрақ мазалайды әмәнда,
Жаңа ғасыр, жаңаша бір заманда.
Арабтарды жүрміз бе әлде байытып,
Ар-ұятты таптай салып табанға.

Мен барғам жоқ, бара алмаймын өлсем де,
Әңкір-мүңкір тұрса дағы желкемде.
Қажы атану жақсы шығар, адамды
Қажылықпен келмес бірақ өлшеуге.


Жаратушы барын мен де сезінем,
Қарап жүрмін оған халық көзімен.
«Шықпа жаным , шықпалаған» адаммын,
Көретұғын көрі жақын төрінен.

«Салафиттер», «Тәңіршілдер» қаптаған,
Мына заман түк ұқпайтын тас заман.
Білгендерге Құдай жолы – бірақ жол,
Сол жолыңнан адасудан сақ, балам!

***
Байлығыңмен мақтана берме бауыр,
Көрер көзге соныңды көрген ауыр.
Сенің ішіп – жегенің азық па екен,
Табыс тапқан адамға аз ғана бір.

Ол да жүрмес деймісің «Джип» мініп,
Олай –бұлай көзіңді қызықтырып.
Бар мен жоқтың арасын алшақтатып, 
Ақырзаман төбеңде тұр ысқырып.

Біле білсең, бұл да бір қоғам дерті,
Ақыл да емес, ақша да адам көркі.
Асқақтаған үйлерге кіріп шығар,
Аяғын санап басып азар көрші.

Садақа да болмайды сараң байда,
Жомарт болса ырысы жоғалмай ма?
Жарықтық Көкбай бабам аңсап өткен,
«Ақыл патша болатын заман қайда?!»

Ол заманды сен-дағы тоспа бауыр,
Болмайтын дүниені тосқан ауыр.
Бай мен кедей антоним болғанменен,
Синоним боп кетерін еске ала жүр!

***
Жұма сайын бір барамын зиратқа, 
Ата-анама дұға – сауап қылмаққа.
Тірілер жоқ, тірілерді қорғайтын,
Айналайын, аруақтар бар бұл жақта.

Алла тұрып, аруақтарға сиынба,
«Болмайды» деп құлшылық та қылуға»
Өз заңдарын соғады кеп имамдар,
Өлгендерді сыйлау жаман ырым ба?!

Олар, рас, келгеніңді білмес  те,
Жаны бірақ қарап тұрар ту көкте,
Тірлігіңді жасап берген ата-анаң,
 Қай кезде де лайықты бар құрметке.

Міне, жатыр, алтын ағам, бабашым,
Өлең сөзбен сусындатқан Алашын.
Менің ғана Мерғалиім емес ол,
Бар қазақтың бағалысы болатын.

Бас жағында тұр тұғыр боп домбыра,
Беу-беулетіп ұстаушы еді алдына.
Ол да бүгін қатып қалған сияқты.
Күндіз-түні бата беріп қайғыға.

Әне, жатыр інім, жеңгем, ата-анам, 
Бейнелерін мәрмәр таспен қашаған.
Берді ме екен жұмақ төрін бәріне, 
Берері көп, алары жоқ Жасаған.

Айналамда таныс бейне, таныс көз,
Қалай марқұм болып жатыр халық тез. 
Жарықтықтар қайта оралып келмейді,
Жалындатып қойсаңдағы, жазып сөз.

Қусаңдағы жеткізбейді қу жалған,
Сұм ажалдың тырнағынан кім қалған?!
Ей, мұсылман, тұрғызсаң да мұздан тау,
Ажырама Алла берген иманнан!

***
Ай - жұлдыздың аманында адаспай,
Күлім қаққан, күнге біткен қабақтай. 
Бәйбішеме бәйек болып жүремін,
Бүгін ертең кетіп қалар қонақтай.

Жарты ғасыр жақсы ғұмыр сүріппіз ,
Жүрдік десем артық болар ұрыссыз.
Ұрысу мен ұғысудың амалын,
Екеуміз де бірақ жақсы біліппіз. 

Татулықтың таңы бізге жиі атты,
Әр күніміз әдемі бір гүл ашты.
Ойымызды, бойымызды түзеді, 
Отауымыз - Отанымыз сияқты.

Құдай бізге бала берді балдай ғып,
Балаларды жүрміз қазір маңдай ғып.
Немеренің былдыр тілін қызықтап,
Шөберені тосып бүгін қол жайдық.

Бұдан басқа енді бізге не керек, 
Өткен күннен келер күнім керемет.
Тозған дене тозған топса сияқты,
Оны дағы қойып жүрміз шегелеп.

Елімізде болса болды Тыныштық,
Жер бетінің бар адамын туыс қып. 
Ажалды да қарсы аламыз әлі Біз,
«Құлдық ұрып, құлай бермей, тұрып тік!»

***
Өткіздім өмірімнің жетпіс үшін,
Өкінішсіз, өтті жаз, өтті қысым.
Сезбедім дүниенің бар мен жоғын,
Кезбедім дүниенің төрт бұрышын.

Әрі барып көргенім гүл Алматы,
Алатау боп асқақтап тұрар басы. 
Бері келіп, көргенім нұр Астана,
Арман, Үміт, Сенімнің мың арнасы.

Намысым да, найзам  да нар Қарауыл,
Бар қазаққа босаға болған ауыл. 
Тұғырыңды тапсаң да басқа жақтан,
Туған жерге жететін бар ма қазір?

Күндіз – түні тұрса да желі ысқырып,
Айта алмаймын оны да кеміс қылып.
Қайтесің думаны көп «Дубай» жақты,
Қарауылдан қайт бауыр, көріп қызық.

Несі кем «Алакөлден» «Оспан көлдің»
Жарасы тез жазылар жаққан жердің.
«Қарашоқы» суына бір сүңгісең, 
Қайта-қайта келеді мақтай бергің.

Бір кірсең «Қоңыр әулие» үңгіріне, 
Бақыт нұры байланар кіндігіңе,
Қыз болсаң өң бойыңа қытық кіріп,
Жасарып ораласың қыз күніңе.

Ұл болсаң дөнен айғыр сияқтанып,
Суық судан бойыңа қуат дарып.
Арқырап бір кетерсің кең далаға,
Ай құлақты аспанға бірақ қағып.

Қалың ағаш сұрама, қалқам, бізден,
Ағашымды полигон сойқанды үзген.
«Атом» деген алапат өрт болғанда,
Қарақат, доланалы ортам күйген.

Құдайым-ай, біздің жер не көрмеді, 
Енді-енді басталды көгергені. 
Қырық жыл қырғын салған сол апаттан, 
Қалыпты біз сияқты емендері.

«Орнында бар, оңалар» дейді қазақ, 
Отыз жыл атом иісін жел қуалап.
Қалың ағаш келеді қаптап өсіп,
Қайтадан қанаттанып Ел–дуадақ!

Құдайым көпсінбесін осынымды, 
Бұлттар да айығады басы мұңды.
Үйдек-түйдек жастарым өсіп жатса,
Үйде отырып қысамын тақымымды!

Төлеген ЖАНҒАЛИЕВ, 
абайлық ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Халықаралық «Жамбыл» қорының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, Мемлекетіміздің «Құрмет орденінің» иегері, Абай ауданының Құрметті азаматы
Абай ауданы, Қарауыл ауылы.