Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Шалқар ҚАНЫКЕЙҰЛЫ: «Атақты Алтай тауларындай асқақ ем...»

1982 жылы 10 желтоқсанда ҚХР, ШҰАР, Алтай аймағы Буыршын ауданының Егізтөбе ауылына дүниеге келген. 2007 жылы Іле педагогика институтының журналистика мамандығын тамамдаған.
Ел іші-сыртындағы басылымдарда 200-ден артық өлеңі жарық көрген, көптеген өлеңіне ән жазылған.
2012 жылы дүние жүзі қазақтар қауымдастығы жанынан өткізілген халықаралық жыр мүшәйрасының жүлдегері.


«Адам ата – ақын» дейді бұл - аңыз.
Аңыздарда ақиқат бар ұғамыз.
Жігіт алғаш жырға қосқан шығар-ау, 
Ал, Хауа ана болса сұлу бұла қыз.

Мың жылдықтар...өң мен түстің арасы, .
Бәріне аң-таң енді адамзат баласы.
Адам ата айтқан асыл жыр да жоқ, 
Жоқ және де жер бетінде моласы.

Баяғыдай атқанымен күліп таң, 
Тамырында аққанымен тұнық қан.
Жапырақ-жыр, топыраққа айналып, 
Кетті ме екен, бірақ оны кім ұққан?

Мәңгі жұмбақ жазуы мен тіл, діні, 
Жаратқаны жырдан қандай үлгіні?!
Бәрін қойшы, ақын екен әйтеуір, 
Жер шарының ең алғашқы тұрғыны.

Бәлкім, жатқа білер ме екен тау, дала, 
Сол жыр ма әлде біз сімірген таңғы ауа?
Қылыштасқан қиялдарға елші боп, 
Түнеріп бір жүрер едім аулада.

Ойларыммен арпалысып бүгін де, 
Елітемін кеудемдегі дүбірге.
Адам ата сияқтанып түбінде, 
Жыр жазардай табиғаттың тілінде.

«Адам ата – ақын» дейді, бұл - аңыз.


*** 
Сұлтанмахмұт, Саттар мен, 
Төлеген, Артығалиды -
Әкеткен арғымақтармен, 
Не десем екен пәниді.

Дүниеге бізден ерте кеп, 
Ертерек кеткен шайырлар.
Ере алмай сендерге еркелеп, 
Ескерусіз жүрген жайым бар.

Арбайды әккі-жасанды, 
Заманым мынау қабылан.
Тұрармыз аман қашанғы, 
Тулатпай ұстап жалынан?!

Тілегім адал, таңданба, 
Жазуың қиын жыр отты.
Атылған жанартауларға, 
Суарып алмай жүректі.

Аламан десе ағылар, 
Басымда дүлдүл дәурен бар.
Жырламай кетсем ауырар, 
Жұдырықтай-ақ әурем бар.

Өзекті шалған от мынау, 
Оған да қайда мәңгі орай.
Дүлдүлдей шауып өттің-ау, 
Дүлдүлдерден де дәурен-ай.


АЛТАЙДЫҢ ТАУЫ КӨКСЕҢГІР

Сері бұлақ пен сексен гүл, 
Сары ұлың сені көксеп жүр.
Аңқамды менің кептірмей, 
Ақ жаңбыр құйып өтсең бір!

Жаныма шуақ төгерім, 
Әніме қуат берерім.
Көшпелі елдің тұқымы, 
Көкжал текті ұлың мен едім.

Тұтқиыл шапқан жоңғардан, 
Жұтылмай аман ұл қалған.
Сол ұлдың ұлы боламын, 
Жетелеп жүрген нұрлы арман.

«Шұбырындыда ақ табан», 
Ерлерім қарап жатпаған.
Жау бар ма бізге шаппаған, 
Дау бар ма бізді сатпаған.

Тарихты жүрмін армандап, 
Жер ұйықты жүрмін армандап.
Қанымда қызыл от кетіп, 
Жанымда содан қалған дақ.

Кешегім кетті көнеріп, 
Бұйдасыз нарды шөгеріп, 
Бесікте жылап сәбиі, 
Түйемен көшкен ел едік.

Жұлдызға солай жуықпыз, 
Аспанға шаншар уықпыз.
Түйеге емес, біз деген 
Тау мініп көшіп жүріппіз.

Керуен де керуен көшкен жыл, 
Жартасты жарып өскен гүл.
Көңілім көгін көксеп жүр, 
Алтайдың тауы көксеңгір.
Алтайдың тауы көксеңгір!


ТЕРЕЗЕ

Алатауға қарайды бір терезем.
               Қадыр Мырза Али 

Шер, наласы шексіздікпен тұтасқан, 
Шекарасыз өлеңімді күт, аспан.
Күн шығарда киіз үйдің түңлігін, 
Бақан алған қол емес, бір құт ашқан.

Сары жайлау таңы жұпар, ән кеші, 
Көне дәуір тәуір шығар әлде осы.
Ұлы Абайға аспани жыр сыйлаған, 
Шаңырақтан түскен күннің сәулесі.

Электірдің жарығы емес, сам жаусын, 
Шіркін, дүние жалған десе жалғансың.
Түрмедегі Ақыт, Мағжандар үшін, 
Сығаларлық жалғыз ғана саңылаусың.

Қаламнан құс қалықтаса жүз қатар, 
Салтанатты сарайың да бізге тар.
Төрт қабырға терезе боп кетсе де, 
Сол бір әйнек тастай суық - мұздатар.

Тауға мейлі тік ұшақпен көшер ел, 
Дәл осылай дегенімді кеше гөр.
Қайтем, ұлым шаңырақты көргенде, 
Киіз үйдің терезесі десе егер?!

Теңеулерін тереңінен қазатын, 
Айналайын, нағыз ақын - аз ақын.
Адал, аңғал сезіміңді аяймын, 
Терезенің алдында өлең жазатын.


АЙМАУЫТҚА 

1
Қаламымның ұшына мұң байланып, 
Өлең жазып отырамын ойланып.
«әке» дей ме, «әкел» дей ме, әйтеуір, 
Қағазыма таласады аймауыт.

Дәптер дайын болады оған - жарайды, 
Содан кейін қаламыңды қалайды.
Алғаш әріп таңбалауды үйреткен, 
Әкесіне қарындаш та қолайлы.

Сен сәбисің, айтар едім талай сыр, 
Пысық жігіт атанбай-ақ орайшыл.
Қимасы бол адал, ізгі жандардың, 
Ал, өмірді қалай сүйсең солай сүр.

Әулет емес алашқа бол ортақ ұл, 
Ақындыққа әуестенсең қоырта жүр: 
Домбыраны сабалап кеп айтыспай, 
Ақ қағазға таңбаласаң сол тәуір.

Саған сөз де естіртпеспін күйкі, сұм, 
Айналайын кім болсаң да күй түсін.
Оятарсың мызғаған мың жүректі, 
Түнде анаңның ашқан сәттей ұйқысын!

             2
Қазақ осы қонақ-құт қызыр дейді, 
Келе берші он, жиырма...жүзің мейлі.
Бір қиыны қалада үй тарлығы, 
Бір тәуірі қонағың үзілмейді.

Аймакең де бағады-ау, қас-қабақты, 
Алдыменен тұрақтап басқа жақты.
Бірер минут өткізіп «батырекең», 
Өзі күте бастайды жас қонақты.

Бір иіскеуге келеді таяп маған, 
Өнерімді мен қалай аяп қалам.
Ол қонаққа былдырлап «бай зе» дейді, 
Мен «май же» деп аударып бәйек болам.

Ойынының болғанмен үлгісі көп, 
Мойынға қол артады мінгісі кеп.
«шүу» деп созып жіберіп құлағыңнан, 
Құлын болып алады бір кісінеп.

Үстіп бүлік салып ап қиқар тағы, 
Кірпігіне ақырын ұйқы артады.
Ал, әкесі аяқтап бір өлеңін, 
Әдетінше азырақ күй тартады.


*  *  * 
 (Қасида)

Тіліңді алғаш тапқан екен қай саңлақ, 
Беу, домбыра, шанағыңнан ой самғап -
Көмейіңнен күміс өзен аққандай, 
Саз саулатты-ау саусақтарым майсаңдап.

Атақты Алтай тауларындай асқақ ем, 
Мені сендей баурамайды басқа әлем.
Ең әуелі бір күй тартып жібермей, 
Саған арнап жазу қиын жақсы өлең.

Әдемі жан жанарынан күн сөнбе, 
Тағдырымның бір бөлшегі жүр сенде.
Бақытты күй кешуіме тәп-тәуір, 
Жетіп жатыр сәл жымиып күлсең де.

Мақтанышпен мадақтаған боз далам, 
Сен сезімсің алаулаған, маздаған.
Сұлулық пен салауатты сендегі, 
Ханның ерке қызына да жазбаған.

Сен еркемсің, сен көркемсің, дегенмен, 
Бір жаңа сөз тапсам деймін тереңнен.
Бұрымыңды бестемшелеп өрсем бе, 
Шашбау қадап өңкей маржан теңеуден.

Жүрегіңе бастап барса жол әні, 
Жұлдызым да тұрар еді жоғары.
Мен сен жайлы ең бір асыл жырымды, 
Ұйқассыз да жазуыма болады.


КІШКЕНТАЙ КҮНІМ

           1
Жанымда жүрсең болмайды мысқалдай мұңым, 
Қызғыш ақын ем қыз жаттап, құс та айтар жырын, 
Әнім шалқыды, жанымды жалын шарпыды, 
Кеудеме келіп ұялап кішкентай күнім .

Қойынына қоңыр кештердің алып кіріп ем, 
Оларда пейіл, мейірін танытты бірден .
Күндіз өңімді нұрлантып кішкентай күнім, 
Түнде көңілді жылытасың жарық нұрыңмен .

Осылай менің өртеніп өтеді кешім, 
Көкжиегіңе сен қайта көтерілесің .
Ең ыстық терең сезімім қанатын қағып, 
Кеңістікпенен күмбірлеп кетеді көшім .

Сіркіреп сан сел саған да сүйіп төккен ем, 
Білемін мен де, бағым- ау, биіктеп келем .
Орасан күштің өзім де иесімін бе, 
Күнді құшақтап құшқанда күйіп кетпеген .

2
Күн сөнеді, күн сөнеді, 
Күн сөнеді дегенге кім сенеді.
Күйдірдің-ау кеудемді кішкентай күн, 
Сенің ғана халіңд„ білсем еді.

Қонағымдай боп кетті уайым құтты, 
Келеді де тұрады жайыңды ұққым.
Сен туралы бір жылы сөз айтардай, 
Қаңғыбастың өзінен қайыр күттім.

Тыңдағысыы келеді қай құстан ән, 
Тынбағысы келеді байқұс қалам.
Қарлығаштың жазар ем қанатына, 
Хабарымды жеткізер қайтып саған.

Іздемеймін дегенім екен сорым, 
Хат жазар ем қайтейын кетер сенім.
Атқан таң мен батқан күн сайын енді, 
Кішкентай күн, қадірің өтер сенің.

 

ҰЛЫҮҢГІР ТОЛҚЫНДАРЫ

1
Сәулешім айдан түспей сағындырсын, 
Жанымды жарқыратқан жалын нұрсың.
Қай сәтте қандай ғана толқындардың, 
Алқаңа меруертін тағып жұрсың.

Мүмкін бе Ұлыүңгірде сыр жасыру, 
Бізге арман жетсем-ау деп күнде асығу.
Қалайша толқын ару толқытпасын, 
Бұл жерде құм да сұлу, мұң да сұлу.

Жүзетін айдынында еркін ерте, 
Аяулы аққуларға төркін өлке.
Еркетай, сен де маған еркелеші, 
Бұл көлдің суы да ерке, толқыны ерке.

Шіркін-ай, өтер ме еді ғұмыр сенде, 
Ақ толқын сүйеп алар сүрінсем де.
Осынау жастығымды саған арнап, 
Жағаңда жалаң аяқ жүгірсем бе.

2

Маған бір біткен жұлдыздың, 
Айтсам ба екен ыстығын.
Ішінде сұлу мың қыздың, 
Сен ғана ұқтың құс тілін.

Сыйлаған сұлу Баян-ән, 
Сағынтар сені түн еркем.
Түс көріп тәтті оянам, 
Шығардай сен боп күн ертең.

Көкжиек-көлдің шеті анау, 
Күн батып бара жатқан шақ.
Жанады айдын беті-алау, 
Алақаныңда ақ моншақ.

Қайтып мен сырын ұғынам, 
Десем-ақ түннің тілі жоқ.
Төгіліп алтын шұғылаң, 
Шығасың көлдің күні боп.

Талықтым демей үзілдым, 
Құясың тұнық ізгі ойлар.
Кішкентай ғана қызыл күн, 
Кеудемде менің мызғи қал.


ТЕРІСАҚҚАН

 Қорым орманды қойнаулар, 
 Жарыса келіп қол соққан .
 Терысаққан деген жайлау бар, 
 Бұлағы еді оның теріс аққан .

 Құмартып қызық, ойынға, 
 Бұтағын ат қып ағаштың .
 Теріс аққан бұлақ бойында, 
 Балалық, сенен адастым .

Төр жайлау еді ол ойпаң бір, 
 Айнала таулар қоршаған .
 Ән салдырар ем ой, тағдыр, 
 Күйші әкем егер болса аман.

 Даланы түйсе жарылар, 
 Бар салмағымен келсап-тау.
 Әкемнің сондай әні бар, 
 ‹‹өмір өзені теріс ақты-ау››... 

 Кетті әкем, табар жоқ әлім, 
 Оралмайды деп айтады ай.
 Қалдырған маған сол әнін, 
 Қайталай бердім, қайталай.

 Жазбаймын жанып неге жыр, 
 Жанымнан жалын тамызып.
 Барады-ау зулап беу, өмір, 
 Бізді де теріс ағызып.

 Өмір өзені теріс ақты-ау.


ПЕТЕФИГЕ 

       Менің пірім-азынаған қара айғыр.
                           Шандор ПЕТЕФИ 

Сенің жырың шектелмейді құрлықпен, 
Қарсы келдің қамыты тар құлдықпен.
Сүюді ешкім үйретпейді демесең, 
Өз отанын сенше сүйсін ұл біткен.

Ақын ұлы, батыр ұлы ‍венгрдың, 
Жырларыңнан тұрады аңқып ермен-мұң.
Жаудан жаның жараланса майданда, 
Қара қоста өлең жазып емделдің.

Арғымаққа мінер болсаң бір қарғып, 
Отаршылар отаймыз деп тұрды аңдып.
Бостандығын алсам дедің отанның, 
Өз басыңның махаббатын құрбан қып.

Сүйем сенің осы орасан қайғыңды, 
Аруағыңды аймаласа ай нұрлы.
Менің пірім - ақ нөсермен жусам ба, 
Сенің пірің - азынаған айғырды.

Алла жазған жалындауды, сөнбеуді, 
Қаламы да, қылышы да сермеулі.
Хан-қазағым майдандағы махамбет, 
Петефи деп қабылдаймын венгрды.

Сен аңсаған ғаламат күн - азат күн, 
Өрті ішінде алаулады азаптың.
Бәлкім, Шандор сен мінсең де жарасар, 
Арқыраған арғымағы қазақтың!


ТҮН
 
Ұйқысыз түн жүзген айға арайлы, 
Терезеден телмірумен қараймын.
Дірілдеген суда айдың сәулесі, 
Аспаны да асқақ еді-ау Абайдың.

Айналайын, алқасына ай асқан, 
Менің пәстеу қиялымды ая, аспан.
Бөріні ойлап батып кеткен ұйқымды, 
Шыр-шыр еткен таза сәби ой ашқан.

Тулайды кеп домбырадан ақса күй, 
Беу, жүрегім, бейне тентек жас сәби.
Түгел жерге түсетіндей толқимын, 
Аңыздағы періштелер аспани.

Қиялдардың шүңетіне батып ап, 
Отыр едім түн дыбысын бақылап.
Сонадайдан көзіме оттай басылды-ау, 
Жанып тұрған жалғыз жасыл жапырақ.

Күбірледім неге жанды, кім үшін, 
Жанып барып жалғады ма тынысын?
Қатпар-қатпар қазынасын ақтарып, 
Содан бері мекен еттім түн ішін.

Ол жай ғана сәуле емес қой тез сынар, 
Қадалуға қандай ғана көз шыдар.
Алаулаған жапырақтың жаны ертең, 
Жанып айтар жалғыз ауыз сөз шығар.


*  *  * 
Жаз өтті, жазылмаған наз ән қалды, 
Қыркүйек қырқаны асып қазанға ауды.
Қалалық қара ағаштың жапырағы, 
Тоңдым деп түнде жылап мазамды алды.

Не жетті жаутаңдайтын жарлыдайын, 
Ағаш та болсаң барып халді ұғайын.
Қайтып шыдап тұр анау жалғыз өзі, 
Ауладағы ақ қайың - арлы қайың.

Алтайдың тауларында жатыр ақ қар, 
Несіне жылайсыңдар жапырақтар.
Күз басында қалтырап, жүрегімді 
Қыз жасындай ауыртқан ақымақтар.

Сен ғана ма мұздаған әй, қара ағаш, 
Үрімжіде күн нұры аймаламас.
Жырға бұлттап мен қарап отырғанмен, 
Терезеден түн бойы ай қарамас.

Тағы да сол қара ағаш тоңса не етем? 
Ол дағы біздің үйге қонса ма екен?
Сен бұлай бүрісе қап боздамас ең, 
Ағажай, саған туған болса мекен.

Алтайдың тауларында жатыр ақ қар, 
Несіне жылайсыңдар жапырақтар?!


БІРЖАН САЛҒАН

Шанағынан бұлт аусын, жел аңырап, 
Домбыраны қолыңа ал, теңе құлақ.
Сал Біржан салған әндей аспанға өрлеп, 
Кеңістікте ақпайды неге бұлақ.

Жаныңды сейілтетін мұң мен шаңнан, 
Жаралған түндер толғап, күнде аңсаудан.
Мазасыз бала шақтың арманы еді, 
Бір әнім болса деген Біржан салған.

Көкте болсаң, құлама жерге қарай, 
Жүзсе де аққу біткен көл жағалай.
Ерке ақын көмейіне еркін сыйған, 
Ойхой, сайын далам- ай, кең далам- ай.

Жүрегімді тербеші, ой тербеші, 
Бірде төмен зулашы, қайта өрлеші.
Сол бір әнның жұлдызын жандырады, 
Домбырамның басылса қай пернесі ? !


* * * 

Алыс жүрсем сағынам, жетсем - бөтен, 
Бұл қаладан қазір-ақ кетсем... кетем!..
деп жиналып жатыр ем, сағыныш кеп 
Алды оятып ұйқымнан, жексенбі екен.

Жайлап асып жетіпті таң қырқаны, 
Міне, осылай жолымнан қалдым тағы.
Қыс кешеулеп келгенмен, көңілімнің 
Кең даласын тым ерте қар қымтады.

Бәрі бір көктем, иә, қыс дегені, 
Қар жауады немесе құс келеді.
Бұл Үрімжі - ұйқысы қашқан қала, 
Көзі ілінсе қым- қуыт түс көреді.

Терезелер тербеліп түні бойы, 
Саған, маған айтпайды мұң, үрейін.
Жазғаны-ай, қырау салған сұраулардың, 
Тек түсінбей өтуге тілін, ойын.

Желтоқсаным желімен үйірген қар, 
Кешіге ме, қайтеді биыл қаңтар?
Жын айтады өлеңнің тас табыты, 
Шын айтады: Үрімжі үйімнен тар.

Кетемін деп қоямын, жол ұқсам да, 
Қай күні басталады жорық сонда.
Түсімді сағыныш-жан, саған айтпай, 
Түс көріп жатқандарға жорытсам ба? !


*  *   * 
Қою бір көлеңкеге толады өңір, 
Кештің өңі күрең не қара қоңыр.
Бүгін ұлы күн ерте батқандай ма, 
Бізді ап қашып қайда өзі барады өмір?

Жайымен барса барсын өмір-екең, 
Дегенмен мына кештің жөні бөтен.
Бояған кеңістікті сағынышпен, 
Көктің де көңіл күйі көрім екен.

Өзіңе хат жазбадым және маздап, 
Өкпең де бар шығар-ау маған аздап.
Ауылымның аспанын сағындым мен, 
Жұлдыздары тұратын тама жаздап.

Оятар домбырасын шертіп ақ таң, 
Толғауы тоқсан түрлі толқын атқан.
Құс жолы секілді аспан дариясы, 
Егізтөбе көгінде еркін аққан.

Сағыныштан сыздаған беу, жүрегім, 
Табады ғой деуші едім сол бір емін.
Ауылыма қаладан аспан жақын, 
Бұған енді не десем сендіремін?..

*  *  * 
Толқындар таласа кеп сағым өрді, 
Сағымы - сағым емес, сабын өңді!
Ал, Шалқар, жат теңіздің жағасында, 
Туған көл, өзеніңді сағын енді.

Санаңды сергітпесе желің де өгей, 
Сызылып қалды самал неге үрлемей?
Көркемдік көріністе емес жүрегіңде, 
Кеңдігің көлемде емес көңілде ғой.

Дария дүрліккенмен толқын атып, 
Шаптырмас дүлдүл ойды арқыратып.
Не қайыр төпеп тұрған жауыныңнан, 
Өтпесе ептеп мені қалтыратып?

Езуін мына теңіз жатыр жимай, 
Жағамда жыр жазған деп ақын Ли Бай.
Несі жөн сонша шексіз айдыныңның, 
Оған бір пұшпағының атын қимай.

Қорғаны ұлы атанып болған ұя, 
Еліндей тасып толған көл, дария.
Сарғайып сағынар ма ол да мендей, 
Алтайды бір көргенде сол қария?!


СӨЗ 

Оң қабағым тартқан ғой бәсе менің, 
Жолың болсын беу, сәби, жас өлеңім.
Қара жолды шаң ұшқан сағынарсың, 
Тық-тық басып мезгілдің тас еденін.

Жас өлеңге оңай ма босаға аттау, 
Ой желісі жел сөзден босамапты-ау.
Біреуге өнер көршінің күлігіне, 
Қой торысын өзінің қоса мақтау.

Жайшылықта бәрі оның моп-момақан, 
Моп-момақан, сияқты тоқ балапан.
Оны қойшы, қанатты асыл сөзді 
Ой құсы деп үйретіп кеткен атам.

Сөз боп ұшқан сиқырлы бұл құсты мен, 
Көріп қалған секілді ем бұлт үстінен.
Мына жұрттың мақтаған мың бояуы, 
Сезіледі маған тек бір түсті рең.

Ойға батқан сайын да көшім баяу, 
Мұхиттардан өтердей кешіп жаяу.
Әр жырымның барсың сен тамырында, 
Жарқ-жұрқ етіп тұрмасаң кешір, бояу!


ҚҰС-ҚАЛАМ        

Жүректі ерітетін сөзі күндей, 
Сезімі айнашымның сезіміндей. 
Бір құс бар ана-жерді аңсап келген, 
Күнде ұшқан зеңгір көкті көзіне ілмей .

Бұл өзі аңыз емес, мені ұққан жан, 
Мазасыз арман еді ерікті алған .
Мен бір кез қайғырғанда сол жалғыз құс, 
Қолыма қалам болып қонып алған .

Білмеймін таңданды ма сонда ғалам, 
Сен маған бітпепсің-ау, сорға, қалам!
Бүгін де құс-қаламда тыным бар ма, 
Саусақтан өлең болып сорғалаған .

Тынбайтын нысанаға жетіп алмай, 
Әйтеуір, жанарының оты бардай .
Мен кейде күй кешемін құлағыма, 
Ғайыптың құсы өлең оқығандай .

Ол маған қарамайды үріккендей, 
Береді көкірегімді үміт керней .
Тасырлар тас атса да тасалардан, 
Құс-қалам самғар еді ырық бермей .

Қайғының қақ айырып қара түнін, 
Жалғыз дала бар мұңын шағатұғын .
Дауылдар соққан сайын, білесіз бе, 
Қанатын тіпті биік қағатынын .

Өткеннен сезінгенім, байқағаным, 
Талайдың жазып кетем айтар әнін .
Кірерде жер-ананың құшағына, 
Көгіне құс-қаламды қайтарамын! .. 

*  *  * 

«Eрте, ерте, ертеде, тым ерте еді...» .
Басталатын осылай бір ертегі.
Құстар ғана өтетін жырлап ұшып, 
Теңіз жауып жататын бұл өлкені.

Шетсіз теңіз тартылып, құс – ақындар 
Қанат серпіп 
Қалмапты ұшатын хал.
Зәу биікке самғатып жібергенге, 
Кімде, қайдан, әй, ондай күш, ақыл бар?

Ондай мың сан ғажайып өткен мейлі, 
Жаратқанның ісіне шек келмейді.
Көрші қария: 
«Сол теңіз бір түнде ұшып 
Көк аспанға айналып кеткен...» дейді.

Ақсақал, не десеңіз?
Деңіз! 
Сенем!
Көк - маған бала күннен теңіз терең.
Есті ұл етіп есейтіп жіберіпті-ау, 
Еркелетіп ертекшіл Егізтөбем.

Егізтөбем, айта бер, әңгіме үзбе!
Сен білесің 
Екеуміз мәңгіміз бе?!
Анда-санда ауылға қайтуымыз 
Ақиқатқа қайту боп қалды бізге.