ElzaArt — ұлттық нақыш пен заманауи сәнді үйлестірген отандық сән үйі. Бренд 2016 жылы Атырау қаласында дизайнер Эльза Қалиеваның бастамасымен құрылып, аз уақыт ішінде өзіндік қолтаңбасы бар шығармашылық орталыққа айналды. Сән үйі ұлттық ою-өрнекті қазіргі стильмен ұштастырып, күнделікті киюге лайық әрі сахналық топтамалар ұсынады. ElzaArt ұжымы халықаралық және республикалық сән көрсетілімдеріне қатысып, қазақы нақышты әлемге танытып келеді. Бүгінде брендтің Атырау, Алматы, Астана қалаларында сауда нүктелері бар.
- ElzaArt сән үйін қалай құрдыңыз? Осы идея қалай пайда болды?
- Мен өзімді әрдайым шығармашыл тұлға ретінде таныдым. Үнемі жаңа идея іздеп, «немен айналыссам екен?» деген оймен жүретінмін. 2015 жылы Стамбулға барған сапарым өміріме үлкен өзгеріс әкелді. Ондағы адамдардың киім дүкендеріне көптеп кіріп-шығып жүргенін көріп, қатты таңғалдым. Сол сәтте «неге бізде де киім тігумен айналыспасқа?» деген ой келді. Осы ой маған ерекше шабыт беріп, елге үлкен мақсатпен оралдым.
Алайда бұл істің оңай еместігін бірден түсіндім. Ол кезде бізден қажетті мата да, жіп те, ілгек сияқты ұсақ-түйек те оңай табыла бермейтін. Соған қарамастан, алғашқы қадамымды тігін курсына жазылудан бастадым. Алғашқы үш көйлегімді тігіп көргенде, бұл жұмыстың қаншалықты ауыр екенін анық сезіндім. Тігіншінің еңбегі үлкен төзімділік пен табандылықты талап ететінін сол кезде ұқтым.
Бастаған ісімді аяқсыз қалдырмауға бекіндім. Дизайнерлік курсқа жазылып, Италияда оқып келген маманнан білім алдым. Ол маған бизнесті қалай бастау, матаны және тігін машиналарын дұрыс таңдау сияқты маңызды нәрселерді үйретті.
2016 жылы Алматыға барып, екі миллион теңгеге тігін машиналары мен маталар сатып алдым. Сол жылы «Дина» сауда үйінен шағын бутик ашып, алты тігін машинасымен өз кәсібімді бастадым. Бұл менің арманға жасаған алғашқы нақты қадамым еді. Кейін «Мұрагер» сауда үйіне көшіп, бірнеше жыл бойы сол жерде жұмысымды жалғастырдым. 2022 жылы арендадан өз ғимаратымызға көшіп, жұмыс орнын көбейттік. Біздің бұл саладағы бастамамыз «Даму» қорының субсидиялар бағдарламасы арқылы жүзеге асты.

- Атырауда сән индустриясын дамыту қиын ба? Қандай қиындықтар кездесті?
- Менің жолым басынан-ақ оңай болған жоқ. Алдымда тұрған ең үлкен міндет — кәсіби, сапалы команда жинау еді. Бірақ бұл тез жүзеге аса қоймады. Кейбір тігіншілер қиындыққа шыдамай кетіп қалатын, енді бірі тек ақша табуды ойлап, тұрақтамайтын. Соның салдарынан біраз уақыт тек тапсырыспен жұмыс істеуге тура келді. Ал тапсырысқа жұмыс істеу кейде шығармашылықты шектейтінін сезетінмін.
Ол жылдары мен сақтандыру компаниясында да жұмыс істедім. Ателье ашу үшін үйімізді сатып, үлкен тәуекелге бардық. Талай рет ательеде жұмыс істейтін адам болмай, қолыма кілт ұстап жалғыз қалған кездерім болды. Кейде бәрін жауып тастағым келген сәттер де өтті. Бірақ өзімді қайта жігерлендіріп, алға қарай жүре бердім.
Сол кезде Атырауда сән индустриясы қатты дамымаған еді. Көрсетілімдер сирек өтетін. Соған қарамастан, мен үнемі шабыт үстінде жүріп, түрлі киім үлгілерін сызып, өз стилімді іздеумен болдым. Кейін маркетингті зерттеп, командаға, білімге, мотивацияға қаржы сала бастадым. Біздің дайын өніміміз витринада тұрып, тұтынушы өзі келіп сатып алады дегенді нақты мақсатқа айналдырдық.
Басында бізді көп адам түсінбеді. Дегенмен, өз бағамызды өзіміз қойып, шеберлерге жақсы жағдай жасап, тұрақты жалақы төлеуге тырыстық. Уақыт өте келе осы еңбектің нәтижесін көре бастадық.
- Ұлттық мотивтер мен қазіргі заман трендтері...
- Мен ұлттық нақышты тек сахнаға арналған дүние ретінде емес, күнделікті өмірге лайық стиль ретінде дамытқым келді. Сол жылдары Атырауда ұлттық киімдер байқауына қатысып, І орын алдық. Байқаудың мақсаты — ұлттық киімді заманауи үлгіде, күнделікті өмірге ыңғайлы етіп ұсыну еді. Бұл жеңіс бізге үлкен сенім берді.
Кейін Түркістандағы «Nomad Fashion Day» атты байқауда Гран-при алған коллекциям «Жайық толқыны» деп аталды. Бұл сән додасында маған «Халықаралық деңгейдегі дизайнер» атағын берді. Бұл атауда туған жерімнің үні, өзеннің мінезі, даланың тынысы бар. Жалпы, мен әр көрсетілімде Қазақстанды, Атырауды, туған жерім Индердің табиғатын көрсеткенді жақсы көремін. Көрсетілімдерді ұлттық би мен бейнекөрсетілім арқылы ашамыз. Бұл мен үшін жай сән емес, бұл — тамыр мен тарих.

- Шоу-бизнес өкілдерінің қызығушылығы...
- Иә, қызығушылық танытқан жандар бар. Мысалы, қазақтың әйгілі әншісі Роза Рымбаева арнайы келіп, жұмысымызбен танысып, ризашылығын білдірді. Бұл біз үшін үлкен мәртебе болды.
2019 жылы Париждегі көрсетілім кезінде Dior мен Vogue өкілдері келіп, киімдерімізді қолмен ұстап көріп, әр оюдың мағынасын сұрап, ерекше қызығушылық танытты. Сол сәтте ұлттық нақыштың әлемдік деңгейде де бағаланатынын анық сезіндім.
- Халықаралық көрсетілімдер туралы...
- 2019 жылы Париждегі сән көрсетіліміне отандық дизайнерлермен бірге қатыстым. Әр көрсетілімнен кейін ерекше қанаттанып қайтатынмын. Жаңа идеялар туып, жаңа коллекциялар жасауға деген құлшыныс арта түсетін. Бірте-бірте шетелдік және отандық көрсетілімдерге қатысу дәстүрге айналды.
Қазір Стамбул мен Әзербайжан Fashion Week, БАӘ мен Грузиядағы сән көрсетілімдеріне тұрақты қатысып тұрамыз. Бұл сапарлар мен үшін үлкен тәжірибе мен шабыт көзі.
- Болашақ жоспарлар...
- Биыл сәуір айында сән үйінің құрылғанына он жыл толады. Осы уақыт ішінде біз үлкен жолдан өттік. Қазір Атырауда екі нүктеміз, сондай-ақ Алматы мен Астанада да сауда нүктелеріміз бар. 10 жылдыққа орай Атырау мен Астанада үлкен сән көрсетілімдерін өткізуді жоспарлап отырмыз.
Алдағы мақсат — брендті одан әрі дамытып, жаңа нарықтарға шығу.
- Жаңа коллекцияларды дайындау процесі...
Коллекция дайындау — мен үшін шабыттан басталатын ерекше процесс. Кейде жаңа идеялар, матаның түсі мен үйлесімі тіпті түсіме кіріп жатады. Командамызбен бірге талқылап, ізденіп, әр детальға мән береміз. Осылайша біртіндеп жаңа дүниелер дүниеге келеді.

- Көпбалалы ана ретінде тәжірибе...
- Менің көпбалалы ана болуым — шығармашылығыма үлкен мотивация. Балаларым үйімді қуаныш пен махаббатқа толтырады. Сол жылылық мені шабыттандырады. «Нурикамал», «Дархан дала» топтамалары да осындай аналық сезімнен туған.
Көпшілік маған «осынша істі қалай үлгересіз?» деп жиі сұрайды. Мен уақытты жоспарлауға үйренгем. Бүгінгі істі ертеңге қалдырмаймын. Бұл — менің өмірлік қағидам. Командам да осы тәртіпке үйренген.
Ішімде баламмен жүріп те, екі-үш айлық сәбиіммен жүріп те көрсетілімдерге қатысып, жұмысымды тоқтатпаған кездерім болды. Бұл — арман үшін күрес.
- Кеңес және мотивация...
- Мен үшін дизайнер болу — бір рецептпен ұзақ жыл бойы бір нәрсені қайталау емес. Бұл — үнемі ізденіс, даму, армандау. Кейбір адамдар екі тігін машинасын алсам болды деп ойлайды. Бірақ бұл істің артында тынымсыз еңбек, уақыт, қаржы мен идея жатыр.
Дизайнер тек тігінші емес. Ол — маркетолог, SMM маманы, заңгер, бухгалтер, психолог, мотиватор. Барлық бағытта үздіксіз білім алып, дамып отыру керек.
Көп адам бизнесті бастап, жарты жылда немесе бір жылда жауып жатады. Меніңше, олай етпеу керек. Өз-өзіңді қайрап, ізденіп, жол таба білсең, еңбегің міндетті түрде нәтижесін береді.
Егер бизнеске кіріссең, алдыңда нақты стратегиялық жоспар болуы керек. Ең бастысы — ешқашан бас тартпау. Арманға адал болған адам түбі өз биігіне жетеді.
Сұхбаттасқан Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА




