Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Күлтай ӘБДІРАХМАНОВА: «Басты қағидам – адал қызмет ету»

«Qostanai» телеарнасына биыл, 1 ақпан күні, 35 жыл толды. Осы уақыт ішінде телеарна талай көрерменмен тығыз байланысын үзген жоқ, әртүрлі салаларды қамтып, көрермен үмітін ақтауға тырысты. Бүгінде «Qostanai» аймақтың өмірін толыққанды қамтитын медиа орталыққа айналды. Осыған орай біз журналистика ардагері, Қазақстанның Құрметті журналисті», ҚР «Ақпарат саласының үздігі», «Ерен еңбегі үшін» және «Құрмет» орденінің иегері Күлтай Әбдірахмановамен сұхбаттасқан едік. Ол кісі «Qostanai» телеарнасында 28 жыл еңбек етті, қазіргі таңда телеарна директорының кеңесшісі қызметін атқарады. 

— Күлтай Камалқызы, менің алғашқы сұрағым сізге ұнамауы мүмкін. Себебі өзіңіз жайлы айтқаннан гөрі телеарна, ондағы қаламы жүрдек, ойы зерек журналистер туралы айтқанды жөн көресіз. «Qostanai» телеарнасы туралы сөз бастамас бұрын, журнал оқырмандары Науырзым ауданындағы мектеп мұғалімі, кейін аудандық газеттің бас редакторы болған сіздің тілшілік жолыңызбен таныса кеткені артық болмас…
— 1982 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдадым. Негізі сол жақта қалып, еңбек жолымды бастау жоспарымда болған. Алайда, тағдыр басқа сынақ дайындапты. Сол жылы ауылда анам дүние салып, әулеттің үлкені ретінде туған жерге оралуыма тура келді. Күз мезгілі, қыркүйектің он бесі. Мектептерде оқу жылы басталып кеткен, ұстаздар толықтай жұмысқа орналасқан, бос орын жоқтың қасы. Ол кезде ауылдың да еңсесі биік, тіршілігі қыз-қыз қайнап тұрған шағы еді. Мектепте оныншы сыныптың мінезі тентектеу бір сыныбы бар екен. Өзім физика пәнінің мұғалімі болған соң, сол мамандық бойынша сағат беріліп, әрі сол сыныпқа жетекшілік ету тапсырылды. Сонымен қатар пионер вожатый қызметін де қоса атқардым. Осылайша Науырзым кеңшарында менің еңбек жолым басталды. Уақыт өте келе мектеп өміріне белсене араласып, еңбегім елене бастады. Жалпы алғанда бұл білім ордасында сегіз жыл еңбек еттім, оның соңғы екі жылында мектеп директоры болдым. Ауылдық мектептің өзіне тән түйткілді мәселелері аз емес қой. Оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, аудан мен ауыл арасындағы жол қатынасы сияқты өзекті мәселелерді көтеріп, аудандық газетке жиі мақала жазып тұрдым. Осы белсенділігімнің арқасында партия қатарына қабылдандым. Бір күні ауданның бірінші хатшысы шақырып жатыр деген хабар алдым. Барсам, мектептің жағдайымен жақсы таныс екенін айтып, атқарған жұмыстарым жөнінде оң пікір білдірді. Сол тұста, 1990 жылы, қазақ тілінде шығатын аудандық газет ашылған еді. Бірақ басылымға қазақша сауатты жаза алатын мамандар жетіспей жатқан болатын. Негізгі мамандығым физика пәнінің мұғалімі болғанымен, сөз өнері маған жат емес. Әкем қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы, кезінде айтысқа қатысқан адам. Жазуға бейімділік, сірә, сол кісіден дарыса керек. Жалпы, адам бойында табиғи қабілет, қанмен келген қасиет болмаса, тек тыраштанумен нәтиже шығару қиын. Сол кезде аудан басшылығына өз жағдайымды ашық айттым: үйдің үлкенімін, егер тұрғын үй мәселесі шешілмесе, газет жұмысына келе алмайтынымды жеткіздім. Бұл мәселе де ескерусіз қалмай, аудан тарапынан үй берілді. Сөйтіп аудан орталығына көшіп келіп, «Жазира» газетіне орналастым. Бұл басылымда да сегіз жыл жұмыс істедім. 1990 жылдан 1998 жылға дейін. Қызығы, қай салада болсын сегіз жылдық еңбек белесінен асыппын. Басылымға келгенде де бірден жоғары қызметке емес, қарапайым қатардағы маман, жауапты шығарушы қызметінен бастадым. Ол кезеңде басылым жаңа ашылғандықтан, тәжірибелі кадрлар жетіспейтін.


— Мектеп директоры болып, бір ұжымды аузына қаратқан басшы үшін төмен деңгейлі қызметтен қайта бастау оңайға соқпаған болар?
— Негізі ерекше бір оқиға болды деп айта алмаймын. Басты қағидам – адал қызмет ету. Мен үшін ең маңыздысы — қай қызметте жүрсем де адалдық пен әділдік бірінші орында. Ол кезде сен тек жауапты шығарушының міндетімен шектелмейсің, баспасөзге материал да дайындайсың, керек жерде өзге жұмыстарға да араласасың. Қазіргі кейбір жастар секілді «бұл менің міндетіме кірмейді» деп шетке ысырып қою бізде болған емес. Сол кезеңдерді еске алсам, өз алдына бір қызық дәурен. Ұжымымыз шағын болса да, бір отбасыдай едік. Уақыт өте келе жауапты шығарушыдан, бас редактордың орынбасары, кейін бас редактор қызметіне дейін көтерілдім. Жалпы, мен қай жерде жұмыс істесем де дәл осылай ең төменгі лауазымнан бастап, еңбегімді сіңіріп, маңдай термен, біртіндеп өсуге тырысамын. Өзімді сөзбен емес, іспен дәлелдеп, еңбегім арқылы мойындату — менің өмірлік ұстанымым. 1998 жылы облыс орталығы Қостанай қаласына көшуге тура келді. Ол уақыт ел үшін де, халық үшін де аса ауыр кезең еді. Бұрын ауданда орталық жылу жүйесі бар болатын, кейін оның бәрі тоқтады. Шынын айтқанда, от жағып, көмір тасып отыру менің жағдайыма да, мүмкіндігіме де сай келмеді. Інілерім қолдау көрсетіп, қалаға көш деп үй алып берді. Қалаға келген соң сол кездегі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанділдә Махановқа жолықтым. Ол кісі «Алау» телеарнасында маман тапшы, барып көріңіз» деп бағыт берді. Барсам, редакторы бізге маман керек екенін айтып, «күтіңіз, өзіміз хабарласамыз» деп шығарып салды. Кейін облыстық телеарнаның бар екенін естіп, сонда келдім. Ол уақытта телеарнаның басшысы Қуаныш Орманов, ал орынбасары Жанұзақ Аязбеков екен. Олар «бізге келіңіз» деп, қызметке қабылдады. Ойланып қарасам, газет саласында жинаған тәжірибемнің бұл жерде үлкен көмегі тиген сияқты. Мұнда да қатардағы тілші болып бастадым. 1998 жылдың наурыз айынан бастап жаңалықтар бөлімінде жұмыс істедім, кейін авторлық бағдарламалар бөлімінде шеф-редактор болдым. Уақыт өте келе директордың орынбасары – бас редактор қызметіне дейін көтерілдім. Бізде мансапқорлық, атақ пен лауазымға ұмтылу деген болған емес. Себебі құр атақ қуып, өзіңді іспен дәлелдей алмасаң, басшылық қызметтің де қадірі болмайды. Жаныңдағы әріптестер бәрін көріп, жүріп өткен жолыңа мән береді, сараптайды, ой түйеді. Қандай мехнаттан өткенің, қандай сатылардан көтерілгенің – соның бәрі ескеріледі. Жүріп өткен жолың неғұрлым ауыр, еңбекке толы болса, соғұрлым салмағы да арта түседі. Қарапайым ғана мысал: біреуге «жұмысқа кешікпе» деп айту үшін, ең алдымен, адам өзі ерте келуді әдетке айналдыруы керек.
— Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау көкжәшікті айналып өтпеді. Екі мыңыншы жылдардың басы да оңайға соқпағаны анық.
— Оның бәрі рас. Қиындықтың не екенін біз газетте жүрген кездің өзінде-ақ көрдік, ал телеарнаға ауысқанда сол салқын леп айқын сезілді. Мұндай сәттерде ең бастысы — жауапкершілік. Ұжымдағы әріптестерге моральдық тұрғыда демеу болып, кез келген қиындықтың уақытша екенін үнемі айтып отыратынбыз. Өйткені қандай сынақ болса да, ол мәңгі емес. Біз нағыз журналистиканың қайнаған қазанында жүріп, шыңдалған буынбыз. Ол кезде жұмыс бүгінгідей жеңіл болған жоқ: VHS кассеталар, салмағы ауыр камералар, сымы ұзын микрофон — бәрі өз алдына бір әуре. Ал қазір қарап отырсаң, бір ғана смартфонмен авторлық бағдарлама түсіріп жүрген журналистер бар. Заман дамыды, техника жаңарды. Ең бастысы — сол мүмкіндікті дұрыс пайдалана білу. Сонымен қатар біз радио саласында да қатар еңбек еттік. Телеарнаға түсірілген материалды сол күйінде немесе өңдеп, радио эфиріне де беретінбіз. Яғни бір ақпарат бірнеше платформаны қамтып, журналистен жан-жақтылықты, кәсіби икемділікті талап ететін.
— Бір байқағаным сіз газетте істегенде қоғамдағы мәселер туралы жиі қаузаған екенсіз. Ал телеарна да елімізге танымал тұлғалармен сұхбат жүргізіп, ой бөлісіп, пікір алмасқаныңызды жақсы білеміз…
— Сөзіңе қарап, «Айтарым бар» бағдарламасын меңзеп отырғаныңды бірден аңғардым. Иә, ол өз уақытында сәтті шыққан, көрермен көңілінен орын тапқан хабарлардың бірі болды. Бағдарлама апта сайын тұрақты түрде эфирге шығып тұрды. Сол кезеңде мен авторлық бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы қызметін атқарып жүрдім. Сонымен қатар осы жобаны қатар алдым. Неге десең, бұл хабарға өзімнің ерекше ынтам ауған еді. Тақырыбы да, форматы да, мазмұны да маған жақын болды. Соның нәтижесінде бағдарламаның рейтингі де жоғары болды. Ол кездері әкімдік тарапынан да қолдау сезілді. «Бүгін осындай тұлға келіп жатыр, мына уақытта бос болады, хабарыңызға шақырып алсаңыз қалай?» деп алдын ала хабарлап, ұйымдастыру жағына да көмектесетін. Соның арқасында «Айтарым бар» бағдарламасында Тұңғышбай Жаманқұлов, Төлен Әбдік, Қойшығара Салғарин, Әшірбек Сығай сынды елге белгілі, руханият пен мәдениетке өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар қонақ болды. Қазақ драма театрына, өнер әлеміне келген белгілі әртістер мен зиялы қауым өкілдерінің басым бөлігі осы бағдарламадан көрінді десем, артық айтқандық емес. Сол кезеңде «Біздің елдің жігіттері» атты тағы бір хабар ерекше форматта жарық көрді. Бұл бағдарлама елге үлгі боларлық, сөзі өтімді, ісіне адал, қоғам алдында абыройы бар азаматтарға арналды. Әр кейіпкер кездейсоқ таңдалған жоқ: арнайы сүзгіден өткізіліп, ел пікіріне құлақ асып, «мынау адам шынымен лайықты» деген тұлғалар ғана эфирге шығарылды.
— 35 жылдық тарихы бар «Qostanai» телеарнасындағы бағдарламалардың басым бөлігінің жетекшісі өзіңіз екені белгілі. Сіз жетекшілік ететін хабарлар бір ғана бағытпен шектелмей, түрлі сала тақырыптарын қамтиды. Көп жағдайда журналистер белгілі бір бағытқа маманданып жатады…
— Мұның бәрі бекер емес. Біз жаңалықтар бөлімінде жүрген кезде әкімдікте өтетін жиындарға бір ғана журналист баратын. Әркім өз саласына қарай бөлінетін. Кейін кадр (маман) тапшылығы басталып, бәрі араласып кетті: «кімнің қолы бос, сол барады» деген жағдай қалыптасты. Осы үдерістің өзі бізге үлкен тәжірибе мектебі болды деп ойлаймын. Сол арқылы әр саладан аз-аздан болса да білім жинақтала бастайды екен. Уақыт өте келе сол ұсақ-түйек деректер бір-бірімен байланысып, толыққанды түсінікке, кең танымға ұласады. Бұл бір күнде қалыптаспайтын, жылдар бойы жиналатын тәжірибе. Жоба жетекшісі болу үшін де осындай кең ауқымды таным мен терең түсінік қажет. Ол бірден келе салатын дүние емес, уақытпен, еңбекпен, жауапкершілікпен қалыптасады. Ал тәжірибе толысқан сайын, өзің білетінді өзгеге үйретуге, кейінгі буынмен бөлісуге ұмтыласың. Бұл да кәсіби жолдың заңды жалғасы деп білемін.
— Журналистика билік пен бұқара арасындағы алтын көпір. Бәрін үйлестірудің де реті бар…


— Жалпы алғанда, мемлекеттік тапсырысты орындау — біздің міндетіміз. Одан қашып құтыла алмайсың да, қашудың қажеті де жоқ. Бірақ ең маңыздысы — сол мемлекеттік тапсырысты көрерменнің жүрегіне жақын етіп ұсына білу. Мәселе дәл осы тұста туындайды. Мемлекеттік тапсырыс берілгенде оның негізгі мақсаты қандай? Ал көрермен оны қалай қабылдайды? Осы екеуінің арасындағы тепе-теңдікті сақтап, «арбаны сындырмай, өгізді өлтірмей» жеткізе білу — үлкен шеберлікті қажет етеді. Негізі, мұның бәрі тәжірибемен келетін дүние. Жас журналистер кейде осыны толық түсінбей, «бізге мүмкіндік бермей жатыр» деп ойлайды. Шын мәнінде, мәселе мүмкіндік беруде емес, дайындықта жатыр. «Қалай істеу керек? Қандай тәсіл тиімді? Қалай жасасақ нәтиже болады?» — осы сұрақтарға жауап іздеп, талдау жасап үйрену қажет. Ақпаратты берудің тың, көрерменге өтімді формасын таба білу — кәсіби ізденістің нәтижесі. Осы тұста ұжымдық жұмыстың маңызы айрықша. Мәселен, таспагер қалай түсірді? Сенің сөзің кадрмен үйлесіп тұр ма? Журналист пен таспагер өз ісіне жанашырлықпен қарағанда ғана бағдарлама татымды шығады. Бірақ мұнымен шектелмейді. Кадр әдемі, сценарий мінсіз жазылды екен деп, «жұмыс бітті» деуге әлі ерте. Монтажердің көңіл күйі қандай? Оның кәсіби қарым-қабілеті ше? Мұның бәрі соңғы нәтижеге тікелей әсер етеді. Телеарнада бір ғана журналист керемет дүние жасап шыға алмайды. Мұнда топтық жұмыстың рөлі орасан. Журналистің ойы таспагердің ойымен дәл үйлескенде ғана шынайы шығармашылық ләззат пайда болады. Шыны керек, аймақтық телеарналарда сапалы хабар жасау оңай емес. Республикалық арналармен салыстырғанда айырмашылық жер мен көктей. Ол жақта бір бағдарламаның өзіне бірнеше маман жұмылдырылады. Ал бізде журналист бір өзі редактор, әрі режиссер, кейде тіпті таспагердің де міндетін атқарып кетеді. Соған қарамастан, жауапкершілік толықтай өз мойныңда. Өйткені эфир соңында хабардың астында сенің аты-жөнің тұрады. Ал біткен іске сыншы көп. Кейде «сіздерден журналист келіп түсіріп еді, мына мәселе қалып қойыпты» деген пікірлерді де естіп жатамыз. Көп жағдайда бұл — журналистің ойын таспагердің толық түсінбеуінен туындайтын жағдай. Осы орайда Қыдырәлі Ахметбеков деген таспагерді ерекше атап өткім келеді. Оның жұмысына әрдайым таңғаламын. Ол камерамен отқа да түседі, суға да батады, қажет болса аспаннан жерге секіруге де дайын. Нағыз кәсібіне берілген, шынайы таспагер деген осы. 
Цифрландыру мен жаңа медианың келуі еліміздегі БАҚ өкілдеріне жаңа тыныс берді. Журналистер заманауи медианың игілігін көруде деуге болады…
— Менің жеке пайымым бойынша, сандық форматтың да, жасанды интеллекттің де оң және теріс қырлары бар. Бүгінгі күннің өлшемімен біржақты пікір айту қиын, өйткені бұл үдерістің шын мәніндегі қызығы мен салдары әлі алда деп ойлаймын. Әсіресе медицина секілді адам күшінен гөрі ғылым мен технологияны талап ететін салаларда оның мүмкіндігі зор. Дегенмен, бұл құбылыстың жағымсыз тұстары да жоқ емес. Теріс пиғылды адамдар оны өз мүддесіне пайдаланып кетіп жатқанын көріп отырмыз. Қазіргі таңда жасанды интеллектті қолдану арқылы, әсіресе білім беру саласында, дипломдық жұмыстарды жаздыру, берілген тапсырмаларды орындату үйреншікті құбылысқа айналып барады. Бұл алаңдататын жағдай. Себебі технологияға шамадан тыс сүйену адамның өз ойлау қабілетін әлсіретіп, дайын дүниеге арқа сүйеуге итермелейді. Соның салдарынан «жасанды» ойлайтын, тереңдігі таяз мамандардың қалыптасу қаупі бар. Ал журналистика саласына келсек, мұнда сандық технологиялар керісінше икемділікті, шығармашылықты талап етеді. Графика жасау, анимациялық бейнелер құрастыру, түрлі форматтағы бейнекөріністерді дайындау мүмкіндігі кеңейді. Ақпарат іздеу, дерек көздерін салыстыру, тақырыпты тереңдетіп ашу тұрғысынан да цифрлық құралдардың тиімділігі жоғары. Ең бастысы — технологияны мақсат емес, құрал ретінде пайдалана білу. Сонда ғана оның пайдасы басым болмақ.
Өңірлік телеарнадан қанат қаққан, бүгінде есімдері елге кеңінен танылған журналистер аз емес. Солардың ішінде өзіңізге ерекше әсер қалдырған, есіңізде сақталғаны кімдер?
— Оны нақты айта алмаймын. Біреудің есімін ұмыт қалдырсам, ертең ұят болары анық. Дегенмен, айтарым, авторлық бағдарламалар бөлімінде шеф-редактор болып жүрген кезімде жолыққан жас толқынның көзінде от бар, сөзі татымды, ойлары ұшқыр болды. Сол кезден бастап оларға сенім арттым. Қазір сол жастар елдік мүдде жолында жемісті еңбек етіп жүр. Әрине, бұл тоқтап қалатын кезең емес. Қазіргі толқын да жақсы, ішінде жаңашыл көзқараспен ойлай білетіндері бар, болашағы зор.
Емен-жарқын әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ,
Қостанай қаласы.
Суреттерді түсірген: Валерий ТОЩЕВ.