Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Бөрібай КӘРТЕН: «ЕЛУ ҮШ ҚЫЗҒА СӘТМАҒАМБЕТ АРНАҒАН ӘН»

Бөрібай КӘРТЕН - Республикалық эстрада-цирк өнері студиясында Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Халық артисі Ғарифолла Құрманғалиевтың класында оқыған. Мұнан кейін де бірнеше жоғары оқу орынын тәмамдаған.
Мәдениет мекемелерінде, басылымдарда қызметтер атқарған. "Дәстүрлі әншілік", "Журналистік өнер негіздері" атты авторлық бағдарламалары бойынша сабақ беріп, білім саласында ұстаздық еткен.
Өнер, тарих, педагогика, сын тақырыптарына жазған мақалалары, зерттеулері республикалық газеттерде, отандық, шетелдік ғылыми журналдарда жарияланған.
Автордың "Ғарифолла сал" (1998), "Нарқыз" (1998), "Тілеу-Қабақ" әні кімдікі?" (2001), "Атажұрт тарихының парақтары" (2019) деп аталатын кітаптары баспадан жарық көрген.

       Бірде «Dombyra TV» арнасының сайтын шолып отырғанмын, оралдық Қайрат Кәкімовтың орындауындағы «Елу үш қыз» әнін ұшыраттым. Тыңдап шықтым, сонан соң төменгі тұсындағы пікірлерге көз жүгірттім. Қаз-қалпында ұсынайық, біреуінде былай деп жазылыпты: «53 қыз» әнін ... продукта алуға барғанда дүкенде жатқан бір ескі газеттен сөзі ұнағасын алып, Сұлушаш Нұрмағамбетова жолдасы Нұрмағамбетов Сәтмағамбетке әкеліп береді. Осы сөзге Сәтмағамбет әнін өзі шығарған».
       Сонан мұның анық-қанығын білмек ниетпен Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, әнші Сұлушаш Нұрмағамбетоваға хабарластық. Жаңағы пікірге байланысты қойған сұрағымызға ол бүй деді: «Мен Республикалық эстрада-цирк өнері студиясында 1971-73 жылдары оқыдым. Сәтмағамбет Ғарифолла Құрманғалиевтың класында 1973-75 жылдары білім алды. Ол Нөкіс қаласында туған, 1950 жылы желтоқсанның 18-інде. Руы – Алаша, оның Бәйсеуі. Оған тұрмысқа шықтым. Өнер жолын бірге бастадық. Бірақ кейін екі айрылып, бөлек кеттік...
       Бір жылдары Торғай облысын аралап жүргенбіз. Бағдат Сәмидинованың күйеуі – Кемал Байғараев, Сәтмағамбет, мен және басқа да артистер бар... Ол кезде клубтарда, Мәдениет үйлерінде үстел үстінде мерзімді басылымдардың тігінділері жататын. Газет оқығыш едім. Сол әдетпен кезекті концерттің алдында «Лениншіл жас» газетін парақтай бастадым, бір бетінде жарияланған «Елу үш қыз» аталатын өлеңнің мәтініне көзім түсті, ол жайлы жазылған мақаланы оқып шықтым. Автор сөзінің ұзын-ырғасы былай: «Бала кезімде әкем-шешемнен естіген едім, шумақтары есімде қалыпты, осының әнін білетіндер бар ма екен?» депті. Өлең мәтіні жарияланған бетті жыртып алып, Сәтмағамбетке бердім «әнін шығаршы» деп. Кейін әуені туды... Ал ана «дүкенде жатқан ескі газеттен алып, Сәтмағамбетке беріпті» деген сөз – біреулердің бұрмалағаны!».
       Сәтмағамбет Нұрмағамбетұлы туралы мәлімет беріп өтейік (1-суретте). 


       Байұлының Алашасынан – Ақберлі, Тоқберлі туады.
       Ақберліден – Атымыс, Барамық.
       Атымыстан – Сары, Маймақ, Әйтімбет.
       Сарыдан – Қожамберлі, Қожағұл, Малай.
       Қожамберліден – Құдайберді, Есназар, Бадаш, Төле.
       Құдайбердіден – Ботпанай.
       Ботпанайдан – Бәйсеу (астын сыздық.-Б.К.), Байдәулет.
       Бәйсеуден – Өмірзақ, Әлімбет, Айтбай, Тойғұлы, Есенәлі, Аллақұл (түрікпеннің қызынан туған), Данағұл.        
       Айтбайдан – Құлбаба, Құлбабадан – Әкім, Әкімнен – Турабек, Турабектен – Құтыш, Құтыштан – Сүлеймен, Сүлейменнен – Нұрмағамбет, Нұрмағамбеттен – Сәтмағамбет (Қараңыз: Ахметов К.Ғ. Алаша руының шежіресі// Ким Ахметов. – Алматы, 2016 жыл, 78, 80-беттер).
       Шежіреде есімі түзілген Бәйсеу – тарихи тұлға. Орыс шенеуінігі И. Крафт: «Известія Оренбургскаго отдела Императорскаго русскаго географическаго общества» деген атаумен жарық көрген еңбекте: «Переводъ подписей киргизскихъ родоначальниковъ къ принятый ими въ августе 1738 г. присяге на подданство Россіи, – дей келіп, осы ант беруге қатысқан билердің бірі Бейсеуді былай атап көрсеткен: – Алчинецъ Алачинскаго рода, Байсеу Бутпанаевъ (астын сыздық.-Б.К.) (в Уральской области, а частью въ Перов. уезде, Сыр-Дарьинской области)» (Қараңыз: Известія Оренбургскаго отдела Императорскаго русскаго географическаго общества. Выпускъ 12-й. Оренбургъ. Типо-литографія П.Н. Жаринова. 1897. Стр. 43.).
       Есептесек, Сәтмағамбет – Бәйсеу бидің сегізінші ұрпағы. 
       Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық артисі, ұстазы Ғарифолла Құрманғалиев та Алашаның Атымысынан өреді. Екеуінің түп атасы – бір. 
       Осы арада және еске сала кетер жайт, И. Крафттың жаңағы «в Уральской области, а частью въ Перов. уезде, Сыр-Дарьинской области» деп көрсетуінен «Алашалардың бір бөлігі XVIII ғасырдан бері Сыр бойында болған екен» деген теріс түсінік тумауы керек. Кіші жүз руларының Сыр өзенінің оңтүстік-батыс бетіне, Қызылқұмға, Хиуа жеріне қоныстануы – 1722 жылғы (1723 жылы емес!) «Ақтабан шұбырындыдан» кейін... Бұған қолымыздағы шетелдік саяхатшылардың, зерттеушілердің Қазақ ордасы иелігіндегі жер көлемін түсірген карталар, Ресей империясы кезінде қатталған тарихи жазба мәліметтер, басқа да архивтік деректер нақты айғақ береді.
       Ойыл, Қиыл, Сағыз, Жем өзендері бойында, Мұғалжар тауында қатар көшіп-қонып жүретін Байұлы, Жетіру және Әлімдердің Хиуа жеріне басталған әуелгі қарқынды көштері XIX ғасырдың екінші жартысы тұсында. Бұған себеп отарлық саясатқа қарсы батыс өлкеде орын алған оқиға-тын.
       Шекті руы қазақтарының отаршылдық езгіге қарсы көтерілісі 1847-1858 жылдары өткені белгілі, тарихта таңбаланған. Бас көтеруді басқарған даңқты батыр – Есет Көтібарұлы еді (Қараңыз: Казахские депутации к российскому императорскому двору. 1801–1873 гг.: Сб. документов / Сост. Б. Т. Жанаев. – Алматы: Қазақ университеті, 2020. Стр. 754-755). Ал оның бірден бір қолдаушысы, ақыл қосар тірегі, өз руласы Әзберген Мұңайтпасұлы болады. Алайда, мұздай құрсанған Ресейдің жаулаушы армиясы көтерілісті аяусыз басып-жанышады. 
       Жеңілген соң Әзберген өзіне ерген сарбаздарымен 1858 жылы Хиуаға келеді. Сейд-Мұхаммед хан жылы жүзбен қарсы алады. Жер береді. Әзберген оған бақ егіп, қорған соғады. Біршама уақыт сонда тұрақтайды. Бұл жөнінде Ж. Асановтың, М.Н. Галкиннің, Н.И. Гродековтың еңбектерінде анық мәліметтер берілген.
       Кіші жүз қазақтары 60-жылдардың аяғында тағы көтеріліске шығады. Мұның себебі 1868 жылғы хұқықты шектеген «Уақытша ережеге» байланысты еді. (Қараңыз: Қазақ ССР тарихы. I том. – Алматы, Қазақ Мемлекет баспасы, 1957 жыл, 418-422 беттер).
      Бұл тарих парақтарында былай таңбаланған: «Көтерлісті сұлтан Ханғали Арыстанов, молда Дәуіт Асауов, би Азберген Мұңайтпасов, молда Ықылас Досов және басқалары сияқты ірі сұлтандар мен билер, діни адамдар басқарды» (Қараңыз: Қазақ ССР тарихы. I том. – Алматы, Қазақ Мемлекет баспасы, 1957 жыл, 420-бет).
      Көтеріліс 1869 жылдың ортасында жеңіліс табады. Совет тарихшылары мынадай мәлімет айтады: «...Көтеріліс  басшылары Хиуаға қашты... 7 мыңдай қазақ үйін Хиуа жеріне көшіріп әкетті» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Қазақ ССР тарихы. I том. – Алматы, Қазақ Мемлекет баспасы, 1957 жыл, 422-бет). 
       Кіші жүз қазақтарының Қарақалпақстан жеріне бағытталған миграциясы совет өкіметі тұсында тағы басталды. Бұған негіз болған: 1921 жылғы ашаршылық, 1928 жылғы байларды тәркілеу, 1932-33 жылғы қолдан ұйымдастырылған ашаршылық. 
       Сөзімізді тарихи нақты мына мәліметтермен дәйектейік, былай дейді: «Қазақстанда ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру кезінде орын алған өрескел саясат нәтижесінде халықтың көпшілігі ашаршылық құрбаны болып, енді бір бөлігі босқындыққа ұшырады... Бұл адамзат тарихындағы трагедиялар қатарынан орын алады. Осы мәселеге байланысты 1991 жылы 12 қарашадан 1992 жылдың желтоқсанына дейін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен жұмыс істеген Комиссия Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру мен аштық науқаны барысындағы ақиқатты айғақ етті. 1931 жылы қараша айындағы Қарақалпақ аумағына барған 3 мыңға жуық шаруа қожалығының жағдайы аса ауыр халде болды. Бұлар негізінен Шалқар, Табын, Арал, Ойыл және Маңғыстау аудандарынан ауып барғандар еді... (астын сыздық.-Б.К.) Қарақалпақ Автономиялы Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің РСФСР үкіметіне берген мәлімдемесінде Қарақалпақ жеріндегі қазақ босқындары 12830 адамнан тұратын 3060 қожалық деп көрсетілген... (астын сыздық.-Б.К.)» (Қараңыз: Уалтаева А., Тәлім А.У. Қазақстан республикасы қарақалпақтары арасындағы этно-мәдени үрдістер. – Алматы: Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, «Формат-Принт» баспасы, 2020. – 121 бет).       
       Мемлекет қайраткері С. Меңдешев бастаған топ Қоңырат ауданына босып барғандардан 2644 адамды, 772 шаруа қожалығын ғана кері қайтара алған...
       Біз айғаққа тартып отырған «Қазақстан республикасы қарақалпақтары арасындағы этно-мәдени үрдістер» атты еңбекте тағы да мынадай мәлімет келтірілген: «1933 жылы мамырда Автономиялық облыстағы аудандар басшылығы мен ГПУ (Мемлекеттік саяси басқарма) өкілдерінің анықтаулары бойынша қарақалпақ жеріне 47578 қазақ босқындары «анталай» енген екен. Олардың ішінде 2357 қараусыз балалар болады (астын сыздық.-Б.К.)» (Қараңыз: Уалтаева А., Тәлім А.У. Қазақстан республикасы қарақалпақтары арасындағы этно-мәдени үрдістер. – Алматы: Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, «Формат-Принт» баспасы, 2020. – 121 бет).
       Жалпы бұл жайындағы мәселе – алдағы уақытта кеңінен талдап, бөлек қаузайтын тақырып Алла қаласа. 
       «Арқа қысы жайлы болса арқар ауып несі бар?» Сәтмағамбеттің аталарының не әкесінің батыс өлкедегі Алашалардың ежелден бергі мекені – суы бал, шөбі шүйгін, топырағы май Қаратөбе, Қалдығайтының бойынан Хиуа жеріне ауып келуіне баян етілген осы жағдайлардың бірі себеп болған сияқты. Әлде біз ойлағаннан басқаша... 
       Жә, жақсы. Негізгі әңгімемізге оралайық.       
       1982 жылы көкек айында Республикалық эстрада-цирк өнері студиясына феномен әнші һәм жыршы Ғарифолла ата Құрманғалиевты іздеп барып, алдында ән созып, бағымды сынап ем. Сонда ән абызы ақ батасын беріп, «жарын оқуға қабылданасың, оған дейін келіп тұрамын десең қарсылығым жоқ» деген-ді. Сол сөзінен кейін студияға ара-тұра соғып тұрдым. Ұстаздың ән үйрету машығын көру үшін, көңілге басқа да пайдалы өнегелерді тоқу үшін. 
       Сол кезде Ғарифолла Құрманғалиевтың класында оқып жатқан шәкірттері мыналар-тын: Шолпан, Бақытгүл. Ағайынды қыздар-ды, ұмытпасам, олардың фамилиясы Мұхамедиярова болар, Семей әлде Өскемен жақтан. Қызылордадан – Баян Ысқақова, Зибагүл. Қарақалпақстаннан – Тоты Серғазиева. Бақыт есімді қыз Көкшетаудан еді. Дина деген келіншек болды. Алматылық-ау деймін. Оқып жатқан жігіттердің бірі – Елікбай еді. Кенен Әзірбаевтың «Көкшолақ» әнін аса шебер орындайтын. Соған байланысты курстастары оны «Көкшолақ» дейтін. Шымкенттен. 2015 жылы өмірден өтіпті. Алланың қамқорында болғай! 
       Тағы бір жігіттің аты-жөні Манат Үшкемпіров еді (2-суретте).

Нарынқолдан. Үйі кейін Жамбыл ауданына көшіп келген, есейген жері – Бесмойнақ екен... Дауысының бояуы әдемі-тін. Нақышымен салатын әнді.
       Осы Елікбай, Манаттармен бірге жүрдім. Жақсы жігіттер. Қарапайым, адам жатырқамайтын. Қыдырыстарға ертіп баратын мені. Отырған жерлері думан. Қыздардың көрсететін сый-құрметтері де зор еді... 
       Жә, басқа жаққа ауып барам. Манаттан үйренгенімді айту еді «Елу үш қызды», соған көшейін. 
       Бір күні студияға бардым. Ғарифолланың сабағына қатыстым.  Үзілісте домбырасын қолға алған Манат қабырғаға ілініп, орнатылған айнаға қарама-қарсы отырып ап, әуезді үнімен бір әнді бастап кетті. «Басында Бақалының қара тұз бар...». Қайырмасындағы декламациясы керемет, термелетіп жандырып жіберді. Сөздері әзілге құрылған екен. Бек ұнап қалды. Сонан әннің мәтінін жазып алдым одан. Бас қосқан сәттерде өтініш жасап, айтқызып тыңдап жүрдім. Әуен жадыма қаттала бастады...  
       Кейін сұрастырғанымызда Манат: «Мектепті бітіріп, іле Ғарифолла Құрманғалиевтың класына қабылдандым, сол 1979 жылдың күз айында «Елу үш қыз» әнін тікелей Сәтмағамбеттің өзінен үйрендім. Сонда ол «өзім шығардым деуге ұялып, «халық әні» деп жүрмін» деген-ді. Бұл кезде «Қазақконцертте» әнші. Татаркада пәтерде тұратын. Маған жезделігі бар еді. Жолдасы Сұлушаш әпкеміз-тін. Немере ағайын ек... 1980 жылы әскерге алындым, 1982 жылы көктемде оралып, оқуымды жалғастырдым», – деді бізге. 
       Сәтмағамбеттің орындауындағы «Елу үш қыз» әнінің таспаға түсірілген мерзімін сұрап, Қазақ радиосына өтініш айтқанымызда әнші, музыкатанушы, радио-журналист, сондағы бөлім басшыларының бірі – Айнұр Абайқызы бізге архивте сақталған мынадай мәліметтерді ұсынды: «Семьялық дуэт» хабары. Хабарға қатысқандар: Сәтмағамбет Нұрмағамбетов, Сұлушаш  Нұрмағамбетова. Диктор: Мырзабек Қуатбеков. 1978 жылы 7 қыркүйекте жазылды. Авторы – Әшірхан Телғозиев. Хаб. ном: ДВ-6586. Хрон. 29 мин. 19 сек.».
       Демек, әннің туу мерзімі – 1976-1978 жылдардың аралығы. Болжамымыз – дұрыс.  
       Айта кетейік, радио қорына «Елу үш қызды» Сәтмағамбет «халық әні» деп жаздырған.                                                                     
       «Ел аузынан» атты жинақта «Елу үш қыз» өлеңінің шығу тарихы былай баяндалыпты: «Ерте кезде Түлкілі деген жайлауда жатқан қалың елге Зайсан жақтан Арқаға қарай жолаушылап кетіп бара жатқан Қали деген өзі әнші, өзі сері жігіт бес-алты жолдасымен келе қалады. Сыйлы қонақтарды мал сойып, сияпатпен қарсы алған ауыл жастары кешке қарай жиылып, ауыл сыртына алтыбақан құрады, оған қонақтарды да шақырады. Олар ауылдың алты ауызын айтқан соң қонақ кәде сұрайды. Сонда Қали алтыбақанға жиналған барлық елу үш қыз-келіншектің атын екі шумақ өлеңге сыйғызып, табанда жаңа ән шығарып беріпті:
                                         1. Басында Бақалының қара тұз бар,
                                         Шетінде дарияның қатқан мұз бар.
                                         Дейтұғын Зәйда, Күлән, Гүлсім, Жанат,
                                         Зағила, Мария, Төлеу, Райхан қыз бар.
                                         Қайырмасы:
                                         Алуа-ай, Ырысалды, Гүлнұр-ай,
                                         Нәзигүлдің пиғылы-ай,
                                         Әдейі іздеп келгенде, 
                                         Күтіп алмай құрғыр-ай!
                                         Ахау, Нұрыш-ай, Күніш-ай,
                                         Рәзия, Біліс-ай.
                                         Көкен менен Төкен-ай,
                                         Есен менен Бөкен-ай.
                                         Дәмегүл мен Жаңылдық,
                                         Біз қалқаны сағындық,
                                         Ахау, Айқатша, Әйімхан,
                                         Күлбадан мен, ей-уай Күлімхан!
                                         
                                        2. Еседі жанға жайлы таңнан самал,
                                        Қалқамен кездесетін бар ма амал?
                                        Рахима, Нұрғиза мен Сақан, Дәмеш,
                                        Бағила, Меруерт, Маржан, Ғайни, Камал.
                                        Қайырмасы:
                                        Айша-ай, Нұрлығайын, Кәмила-ай,
                                        Қапия мен Жәмила-ай,
                                        Дидарласып сөйлеспей,
                                        Қайда кеттің, Сәлима-ай?
                                        Ахау, Жәния-ай, Сәния-ай,
                                        Қаншайым, Пәния-ай,
                                        Рабиға мен Рәш-ай,
                                        Кемелхан мен Күләш-ай,
                                        Жарқын мінез Жамалым,
                                        Тапсаңшы өзің амалын.
                                        Ахау, Айнагүл, Сандуғаш,
                                        Қош-есен бол, ей-уай, Қарлығаш!» (Қараңыз: Ел аузынан. Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. (Құраст. Балтабай Адамбаев, Төлеухан Жарқынбекова) – Алматы: «Жазушы», 1989 жыл, 192-193 беттер). 
       Әнші әм ақын, сері Қали аталған өңірде бірнеше күнін өткеріп, осы өлеңін шығарғанға дейін өзі құралпы жастармен әжептәуір таныс-білісте болған сықылды. Әйтпесе елу үш қыз-келіншектің есімін табан астында біліп ап, сол заматта жаңылыспай бәрін тізіп шығуы екіталай-ау...         
       С. Нұрмағамбетова берген және «Ел аузынан» атты кітапқа (1989) енгізілген мәліметтерге қарағанда әуеліде бұл өлеңнің әні болған, бірақ уақыт өте келе ұмытылған...            
       Әлгінде баян етілген жағдай шындыққа жақындайтын тәрізді. Айтылған жер-су атауларына қатысты деректер іздегенімізде Уикипедия – ашық энциклопедиясынан: «Түлкілі – Ақмола облысы Бурабай ауданы, Златополье ауылдық округі құрамындағы ауыл. Іргесі 1931 жылы қаланған. Аудан орталығы – Щучинск қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 44 км-дей жерде» деген мәліметтерге кезіктік.
       «Қазақ топонимдерінің типтік үлгілері» аталатын еңбектен: «Бақалы (қыстау. ШҚО, Зайсан ауд.) және «Түлкілі (Тау. Қостанай обл., Амангелді ауд.)» деген тағы бір деректерге куә болдық (Қараңыз: Бияров Б. Қазақ топонимдерінің типтік үлгілері // Б.Бияров. – Астана: Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік оталығы, 2013. 368, 376-беттер).
       Сондай-ақ, Қарқаралы ауданында «Түлкілі» аталатын өзен де бар екен. 
       Оқиғаның қай Түлкіліде өткенін нақтылау керек деп ойлаймыз. Сонымен қатар Арқа өңірінде Бақалы аталатын басқа да жер атаулары болуы мүмкін, мұны да анықтаған жөн.  
       Артық болмас, біле жүрген дұрыс, қазақ тілі ғылымында туынды сын есімдер жасайтын жұрнақтар: -лы, -лі, -ды, - ді, -ты, -ті. Бұлар құбылыстың не заттың белгілі бір жерде бар, мол екенін білдіреді. Түлкілі, Бақалы атауларының шығу себептері осы жайттарға байланысты екені түсінікті боп тұр сонда...
       «Елу үш қыздың» шумағы он бір буын қара өлең үлгісінде. Бірінші мен үшінші тармақтағы, екінші мен төртінші тармақтағы мелодиялардың такт өлшемдері бірдей. Абаб түрінде қайталанады. Қайырмасының сөздері 7-8 буынға құрылғандықтан әуен тақпақсазға ауысады. 
       Батыс аймағының әндерінде тармақ пен бастапқы қос бунақ көлеміндегі әуеннің сақталуына, яғни ұқсастықтардың кездесіп отыратынына музыкатанушы ғалым Бақыт Тұрмағамбетова мынадай дәлелдер келтіреді: «Ақсұңқар», «Доссорда шай құяды Гүлжан, Сара» және «Жылой» әндерінің бастапқы тармақтары (соңғы екі әннің аяқтаушы жолдары да) бірдей [Б 24, 28]» (Қараңыз: Тұрмағамбетова Б.Ж. Қазақстанның Батыс аймағының ән мәдениеті. Монография / Б.Ж. Тұрмағамбетова. – Алматы: «Тау-Самал», 2009. 146-бет).
       Тағы да мынадай куәлік береді: «Айшаның «Әмірханы» мен Білектің «Соқыр қыз әні» [БӨДӘТ] үлгілерінің қос бунағы бірдей [Б 44, 60] (Қараңыз: Тұрмағамбетова Б.Ж. Қазақстанның Батыс аймағының ән мәдениеті. Монография / Б.Ж. Тұрмағамбетова. – Алматы: «Тау-Самал», 2009. 146-бет). 
       Ғалым Б. Тұрмағамбетова бір-екі айғақпен ғана шектелмеген. Келтіре берсек дәлелдері едәуір...
       «Елу үш қыз» әнінің құрылымын саралай отырып, біз де осындай жайттарға көз жеткіздік. Зер салып, мұқият тыңдағанда, алғашқы екі тактіден «Дайдидау» әуеніне ұқсастықтарды айқын аңдауға болады. Сондай-ақ, қайырманың аяқталар тұстары Ғарифолланың «Кел құрбым», «Сүйген жар», т.б. халық шығармаларындағы дыбыстарға сәл жақындап, елестерін беріп өтеді. 
       Атырау өңірінде ғұмыр кешкен Қиса Көпжанұлының (1884-1921) «Ауылым Қызылқоға кемерінде» аталатын әніне де бірер үзіктері тақаулау...
       Бұдан түйген ойымыз: Сәтмағамбет ұстазы Ғарифолла Құрманғалиевтан үйреніп, жадында орнықтырған әуездердің, басқа да мелодиялардың кейбірін негізге алып, үлкен ізденіспен сол дыбыстардың өзара гармониялық үйлесімділігін ойша дәл нобайлап, бір-бірімен жаңаша байланыстырып, қабыстырып шыққан. Осылайша соны пішіндегі әуен қалыптаған.       
       Әндегі ладтар тізбегі Батыс аймағының мәнер-стилінде жүйеленген. Шығарманың бітім-болмысы мұны толық қуаттап тұр. Музыка теориясын меңгерген, аймақтық әндер табиғатын қапысыз айырып, талдап жіктей білетін түйсігі бар жандар бұны оп-оңай ұғып, ажырата алады...    
       Әбілқайыр хан саясатының жақтасы, оның қабырғалы кеңесшілерінің бірі болған, батыр һәм би Алаша Бәйсеудің нәсілі Нұрмағамбетұлы Сәтмағамбеттің «Елу үш қыз» әуені – Батыс өлкесі дәстүрлі орындаушылық мектебінің ән қорына енген бағалы әуездің бірі!