Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Бекжан ТҰРЫС: «Өнерде де, өмірде де қызыл сызық — ар-ұждан!»

Көрнекті актер, қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Бекжан Тұрыспен сыр-сұхбат

   - Бекжан аға, бізге сұхбат беруге келіскеніңіз үшін көп рахмет! Маған сіздің өмірлік принципіңіз: «Даңқ -уақытша, жауапкершілік мәңгі» дегенге саятындай боп тұрады. Кейіпкер арқылы айта алмаған ойыңызды өмірде ашық айтуға тура келген сәттер болды ма?
  - Мен өзімді өнер иесі ретінде емес, жауапкершілігі бар жан ретінде көрем.  Сондықтан, ойымды ашық айта алмаған кездер болды деп айта алам. Театр — менің үнсіз айғайым, іштегі бұлқынған ойдың, жанайқайдың жалғыз ғана жолы. Көпке ашық айтылмаған, айтуға тыйым салынған, жүректе тығылып жатқан шындықты мен театр арқылы жеткізем. Ішкі жанайқайымды ашық айта алмайтын кездерде, сахна менің үнім болады. Әр кейіпкерім арқылы өз шындығымды айтып, астарлап болса да, көрерменге өз жан дүниемді жеткізем. Әр сөзім – шындықтың тамшысы, әр қозғалысым – үнсіз қарсылық. Түсінетін адам түсінеді. Олар спектакльден тек оқиғаны емес, астарды көреді. Олар менің ойыммен үндесіп, бірге күйіп, бірге күрсінеді. Көңілі ояу, көзі ашық, жүрегі тірілер түсінеді.
    -Өнер шындықты айтуы керек пе, әлде қоғамды жұбату миссиясын атқарғаны дұрыс па?
- Өнер шындықты айту керек. Шындықты айта алмайтын болсақ, болмыс берген талант дейтін құдіреттің құны – бес-ақ тиын.
Ақиқат болмаған жерде ұлы өнер туындамайды.
 Шындықты айтқан әртіс - халықтың айнасы, ардың үні.
Ал, шындықпен өмір сүру кейде ауыр, кейде жалғыз қалдырады, бірақ ол адамды тұлға ретінде өсіреді.
Менің қаруым – шындық. Шындық сахнада да өмір сүреді. Ал, мен - сол шындықтың елшісімін. Шындық айтылатын кез келген жер – мен үшін сахна. Мен үшін  - киелі мекен. Себебі ол жерде мен өз шындығымды айтам. Сондықтан, мен үшін сахна — даңқтың емес, шындықтың орны. Моноспектакль арқылы болсын, ішкі дауысым арқылы болсын, мен өз миссиямды орындауға тырысам.
- Күллі саналы ғұмырыңызды сарп еткен қасиетті сахнада талай тамаша рөлдерді сомдадыңыз. Соның қайсысы сіздің ішкі болмысыңызға ең жақын деп санайсыз?
- Менің сахнада жасаған әр бейнем — ыстық. Өйткені, ол сырттан алынған дайын қалып емес, менің ішкі әлемімнен, жан түкпірімнен туады. Сахнаға шыққан сәтте мен тек образды сомдамаймын, мен оны өмірге әкелемін. Ал, өмірге келген нәрсе ешқашан салқын, бейтарап болмайды. Сондықтан,  барлық жасаған бейнелерім ыстық. Себебі ол дайын күйінде келмейді, оны мен өз ішімнен тудырамын. Әр қимыл, әр сөз, әр үн — менің жанымнан бөлініп шығады. Сахнада тұрған адам тек рөл орындаушы емес, ол — жаратушы. Ал, ішкі болмысыма жақын нәрсе - өзім жасаған моноспектакльдер.
- Биыл «әкемтеатр», қазақ өнерінің қара шаңырағы  М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры өзінің ғасыр белесіне келіп отыр. Өз тағдырыңызды осы театрдан бөліп қарай аласыз ба? Егер бүгін сахна да, камера да болмаса, Бекжан кім болар еді?
- Мен тағдырымды театрдан бөле алмаймын. Театр - уақытпен тілдесетін тірі құбылыс, ол - тарихтың құрғақ деректерін емес, тірі адамның жүрегін көрсете алатын орын. Өнер адамы болмасам, кім болар едім? Бұл туралы ешқашан ойлаған емеспін. Осы сұраққа ешқашан жауап іздемеппін.
- Сіз үшін қызыл сызық - ешқашан аттамайтын шек бар ма?
- Мен үшін өнерде де, өмірде де қызыл сызық — ар-ұждан. Одан аттамау керек.
- Актер ретінде бағыңыз жанған санаулы тұлғалардың бірісіз. Танымалдыққа да ерте ие болдыңыз. Танымал болу - ойыңды еркін айтуға кедергі ме, әлде мүмкіндік пе?
- Танымалдыққа ерте ие болу – адам өміріндегі ең үлкен сынақтардың бірі. Барлығы адамның ішкі ұстанымына байланысты. Егер адам өз құндылықтарына адал болса, танымалдық оны шектемейді, керісінше, ойды айқынырақ, тереңірек жеткізуге жетелейді. Соған қарағанда, бұл - мүмкіндік.
-    Аға, өнер - миссия ма, кәсіп пе? 
 - Мен үшін өнер - миссия. 
- Қазіргі жас буын танымал болудың жолын жанталаса іздеп жатады. Бұған әлеуметтік желінің де әсер еткені сөзсіз. TikTok желісі арқылы әп-сәтте танымал болған адамдардың көбі - терең өнерге де, салмақты саясатқа да қатысы жоқ, тек алгоритм тудырған уақытша эффект қана. Олардың танымалдығы мазмұнның құндылығымен емес, көрілім мен хайпқа негізделеді. Ал, нағыз өнер мен қоғамдық ой уақыттың сүзгісінен өтіп, қысқа трендтерге тәуелді болмайды. Танымал болғысы келетін талантты жастарға не істемек керек?
Үнсіздік - сатқындық па? Шындық - қымбат па, қауіпсіздік пе? Танымалдық - жауапкершілік пе, еркіндік пе?
- Үнсіздік те, шындық та, танымалдық та – құрал ғана. Ал, сол құралды қалай қолданатынымыз біздің кім екенімізді анықтайды. Мәселе үнсіздіктің өзінде емес, оның себебінде. Арды қорғау үшін үнсіз қалсаң, ол - сабыр. Ардан қашу үшін үнсіз қалсаң, ол - сатқындық. Шындық – қауіпті, бірақ қымбат; танымалдық – еркіндік емес, аманат. Ал, танымалдыққа келсек, ол - өздігінен еркіндік емес.  Көптің назарында тұрған адам еркінмін деп ойлауы мүмкін, бірақ шын мәнінде оның әр сөзі – салмақ, әр әрекеті – үлгі. Танымал бола тұра үнсіз қалу – жай адамның үнсіздігінен ауыр. Себебі ол үнсіздік мыңдаған адамның үнін өшіреді. Шындық пен қауіпсіздік арасындағы таңдау – рух пен тәннің арасындағы тартыс. Қауіпсіздік адамды аман ұстайды, бірақ ішін бос қалдыруы мүмкін. Ал, шындық адамды жаралайды, бірақ ішін тірі қалдырады. Рухы сынған адам қауіпсіз ортада жүрсе де, толық өмір сүрмейді. Ал, шындықты таңдаған адам кейде жалғыз қалады, кейде жазаға ұшырайды, бірақ ол өз болмысын жоғалтпайды. Шындықтың қымбаттығы да осында, ол адамды адам күйінде сақтайды.
Сұхбатты жүргізген Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА