Ақын, жыршы Ақтан Керейұлының туғанына - 175 жыл
"Абыл, Нұрым, Ақтандай
Алқалы жерде сөз айтып,
Жүйріктер өтті жол салған..."
Зәкәрия Сағындықұлы
«Қазақстан-Атырау» каналының көгілдір экранынан бүгінде Құлсары қаласындағы «Өнер» мектебінде «Халық әні» класынан сабақ беретін Бақытбек Сәрсенов әрі ақын, әрі жыршы Ақтан Керейұлы термесінің «Қалағандарың сөз болса» бөлімін төкпелете жырлап тұр:
«Қалағандарың сөз болса,
Мен жырлауға құмармын,
Шұбалаң құйрық шұбармын.
Шапқан аттай саулаймын,
Жанған оттай қаулаймын.
Не қылғанмен дер күнім,
Бұлдыраған таудаймын» деп басталатын бұл терме орындалғанда бір дыбыста бірнеше мақамға құбылтылып, ойнақы да ойлы, бейнелі болып келеді. Оны термеші Елдос Еміловтың орындауында Айтберген Жаңбырша нотаға түсірген болса, аралдық термеші Өмірқұл Айниязов алғаш рет өңін айналдырмай қаз-қалпында эстрада жанрында шырқап, сахна төріне алып шықты. Қазіргі таңда, Боранбай, Данияр Сатыбалдиевтер (Атырау облысы, Қызылқоға ауданы,Сағыз ауылының тұрғындары) Өмірқұлдан үйреніп алып, тәп-тәуір орындап жүр. Ал осындай жұрт аузынан тастамастай өсиет сөз, тамаша да тағылымды жыр қалдырған Ақтан Керейұлы хақында не білеміз?
Расында, ол ежелден халық таныған адуынды ақын, жан барында жайнап, тіл барында сайрап өткен жалынды жыршы. Заманында Нұрым, Қашаған, Қоспақ, Жаскілең, Құлманбет,Нұрпейіс сияқты ақын, жыраулармен бір жүріп, олардың арасында «Ақтан сазы» деген өзіндік әуенімен жұрт жадында сақталған. Тіпті, «Қырымның қырық батыры» аталатын ерлік дастанының бірқатары Атырау, Қарақалпақ аймағына осы Ақтан арқылы тараған. Одан бұл жырларды Қашаған, Нұрпейіс секілді ақындар үйренген. Оның шежірелік түзілімдеріне көз жүгіртсек былайша өріледі: "Адай-Келінберді-Бұзау-Айтумыс-Шылым-Өрдек-Кенже-Қойсары-Барғана-Әбділлә (кей деректерде Абдолла деп те айтылып жүр.Б.С.) -Керей-Ақтан". Сондықтан болар, оны халық «Адайдың бес жүйрігінің бірі» деп атайды.
Сонымен Ақтан Керейұлы 1850 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданына қарасты Сағыз өзені бойында туып, 1912 жылы сол алқаптағы (Сағыз ауылынан 12-13 километрдей қашықтықтағы) Шибұлақ деген жерде дүниеден өткен. Бабадан қалған асыл мұраларды зерттеуші ғалымдардың жазбаларына қарағанда, бейіті де сонда. Бірақ, нақты қай жерде орналасқан жерін бірде-бір адам «Дәл осы» деп көзге шұқығандай көрсете алмайды. Сондықтан, әлі де іздестіре түсуді қажет етеді. Оның өлең,толғаулары «Ертедегі әдебиет нұсқалары»(1967), «Ақберен»(1972), «Өсиетнама»(1982), «Бес ғасыр жырлайды», «Жыр Дария»(1995), «Абыл, Нұрым, Ақтаным»(1997), «Ай, заман-ай, заман-ай» жинақтарына филология ғылымдарының кандидаты Қабиболла Сыдиықұлының біледі-ау дегендердің аузынан жазып алып, тірнектеп жинауының арқасында енді. Сол арқылы халыққа тарады. Осы күні ол хақында сұрастырсаңыз болды, аталмыш әдебиеттерге енген өлең-жыр, толғауларды алға тартады. Термеші, жыршылардың да орындап жүргендері осылар. Десек те, жоғарыдағы әдебиеттерге енбей, жұрт аузында бірен-сараң болса да жатталып қалған жырларын да кездестірудеміз. Мәселен, Сағыз ауылының тұрғыны (жоғарыда айтқан Атырау облысы, Қызылқоға ауданына қарасты) шежіреші Кемал Әділұлы Ақтанмен туысқан боп келеді.(Екеуі де Адай руының Кенже бөлімі Қойсары тармағынан) Кезінде Қабиболла Сыдиықұлы Ақтан туралы деректердің көбін осы кісінің өгей әкесі Әмірше Мұттахиұлының аузынан жазып алған. 2008 жылы сол Кемал ақсақалмен кездесудің сәті түсті. Оның айтуынша, Ақтан үш ағайынды екен. Ағасы – Жамансары ділмар шешен, би, інісі – Тұрғанбай ел сыйлар азамат болыпты. Ақтан ағасы Жамансарының ерлігін паш ететін жыр арнаған. Жыр арнаудың да өзіндік себебі бар көрінеді. Оны Кемал қарт былайша түсіндіреді:
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші қазақ елі қалмақпен (әлде, Түркмен бе? Ол жағы Кемал ақсақалдың жадында жоқ Б.С.) қырқысып, әлек боп жатқанда, мына жағынан Ресей елі салық төле деп түртпектей берсе керек. Сонда Адай руының биі Бәймембет Маяұлы ең болмаса бір жағымен бітімге келейік деген ниетпен Ресей патшасының алдына барып, салығын төлеп, отырған жерлерінен ешкім мазаламайтындай етеді. Егер де алда-жалда біреулер соғыс ашатын жағдайда көрші елден жәрдем сұрайтын боп келісіп келеді. Алайда, оны адай халқы теріс түсініп: «Сен біздерді орыспен достастырып, шоқындырмақшысың» деп сол бойда Бәймембет биді өлтіріп, қасына еріп келген отыз-қырық шақты орысты қырып тастайды. Өзі әзер-әзер сөніп келе жатқан оттың үстіне одан сайын лауласын дегендей май құйып жібергесін не болсын? Бес қаруы сақадай сай орыстар кішкене ғана адай елінің пырым-пырымын шығарып, жан-жаққа бытыратып жібереді. Осы кезде Ақтанның ағасы Жамансары би көрегенділік танытып, қалай келіскені белгісіз орыстың патшасымен бітімге келіп, бұрынғының бәрін мінәпасқа шығарады. Міне, ағасының қысылғанда жол тауып, ел басына күн туған уақытта жалғыз өзі ақылмен амал тапқан ерлігін ешкім жырламаған соң Ақтан өзі жырға қосқан. Сондағы жыры мынау екен:
«Жасаған Алла, Құдай-ай,
Таулардың биік мұнар-ай.
Лашын құстай талпынтып,
Көзін салған қияға-ай.
Сұңқарым кетіп қолымнан
Балапандай шырылдатып,
Тастадың бізді ұяға-ай!
Тапқан кісі нар артар,
Нарға тарта жүк те артар,
Жүгім ғой менің тартайын.
Менің айтқан сөзімді,
Біреуің айтар орның бар.
Сөзім бір жерде қалған соң,
Дуадақша өзім шалқайын.
Кешегі менің марқұмым
Қарадан туған хан еді,
Айырдан туған нар еді,
Аса бір толқу соққанда,
Құламай қалған жар еді!
Мен айтпайын халық айтсын,
Айтса айтқанымдай бар еді.
Кеше қан алып адай қашқанда,
Ақыл таппай сасқанда...
Жалғыз тапты амалды,
Ақылмен бұзды қамалды.
Ойдай болған оқиға
Мінәпасқа шығарып,
Ғасырға алтын мөр алды.»
- Бұл жыр өте ұзақ. Әрі ешбір кітапқа кірмеген. Оны мен 1964 жылы жоғарыда айтып өткен Тұрғанбайдың баласы Тұрардан (1895 жылы туған) жазып алып едім. Алайда, Аққұдықтан (сол Атырау облысы, Қызылқоға ауданына қарасты совхоз) Сағызға көшіп жүргенде жоғалттым. Бұл тек ойымда қалғаны. Толықтай білетін едім ұмытып қалыппын. Жырдың ең аяғында Ақтан «Басы жерге жеткенше, Бәймембет болды шығыны» деп Жамансарының өле-өлгенше Бәймембеттен босқа айырылып қалғанына қапаланып кеткенін сөз етеді. Егер осы жырды түгелімен білетін адам болса, хабарлассын не болмаса газетке жарияласын» дейді қария.
Осы тұста, «Бәймембет би деген кім? Оның көзі тірісінде жасаған игі істері тарихи кітаптарда жазылмаған ба? Бәймембет биді өлтірген оқиға нақты қалай болған?» деген сұрақтар қылаң береді. Осыған орай, бірінеше тарихи кітаптар мен құжаттарды ақтаруға туралы келді. Еңбегіміз еш кетпеді. Деректер табылды. Мәселен, белгілі шежіреші Алшын Меңдіалиев өзінің жазбаларында:
«Әнеттің Мая деген баласынан атақты Баймәмбет би шыққан. Оның аты тарихта белгілі. 1870 жылы қапыда 48 жасында қаза болған. Патша өкіметінің жазалау отрядының бастығы полковник Рукин бастаған отрядпен соғыста Иса, Досан, Қожан, Шәбік, Ермембет (соңғы үшеуі Құл баласы), Тілеуберген Оранов (Қожа руынан), Алғи Жолмамбетов, Дихан Өтеповтер бастаған адайлық жасақ 40–50 солдат пен офицерді өлтірген. Сол соғыста Маяұлы Баймәмбетке оқ тиіп қайтыс болған. Ол арабша оқыған, сауатты кісі болған, Адай елін Ресейге қосуға шын ниетімен жұмыс жасаған адам. Баймәмбет Таушықтан Форт-Шевченко қаласына жүретін жолдың бойында жерленген әкесі Маяның қасына әкелініп қойылды. Оған уақытында там салынған, бұл күнде тамы құлап қалған» деп жазса, жазушы, аудармашы Тәжібай Жанаев «Маяның ұлы би Бәймембет» атты мақаласында:
«1850 жылғы дерек бойынша, Баймәмбеттің 34 жастағы Дәрі деген бәйбішесі, 20 жастағы Кенже деген тоқалы болған. 12 жасар Көтібар, 10 жасар Күнсары деген ұлдары, 14 жастағы Балтілі, 6 жасар Қызбөбек, 3 жасар Байкүнше деген қыздары болған. Сол жылғы мәлімет бойынша, 600 қойы, 13 түйесі, 100 жылқысы болған, алайда, 1848 жылы жаулық ниеттегі хиуалықтар мен түрікмендер оның аулына шабуыл жасап, 100 жылқысын алып кетеді. Осы жерге іссапармен келген Орал казактары әскерлерінің старшинасы Михайлов бастаған отряд құрамында олардың соңынан қуады. Сөйтіп, әскери экспедицияға да қатысады. Сондай-ақ, 1839 жылы қайта таратылған Ново-Алекандровск бекінісінің оған беймәлім кейбір мәселелері бойынша астрахандық армяндардың бұрынғы тілмәші Турпаевпен бірге Хиуаға іссапарға барғанында, хан оны бірнеше ай тұтқында ұстайды. Маяевты өзінің рулас туыстары 100 жылқы және 180 өре текемет беріп, тұтқыннан босатып алады. Сол үшін оған, бекініске қайтып оралған соң, эмальмен әшекейленген үлкен алтын жүзікпен бірге коллеж асессоры Карелиннің мақтау қағазы қоса табыс етіледі. Бұдан бұрын да патша үкіметіне шын ниетімен, ынта-жігерімен қызмет атқарғаны үшін, үш рет шапан тіктіруге арналған бес аршын әр түрлі түсті маут шұға сыйға алған болатын.» деген дерек келтіреді. Осыған қарап, Жамансарының Бәймембетті жоқтамасқа болмайтындай би болғандығын анық байқаймыз.
Маңғыстау облыстық «Маңғыстау» газетінің 1999 жылдың 28 қаңтарындағы санында әлгінде айтқан, филология ғылымдарының кандидаты Қабиболла Сыдиықұлы «Шежіреші қария Қайшыбай айтып еді» деп мынадай дерек келтіреді:
«Ақтан жыр-толғауларын Әділ (Батыс Қазақстан облысына мәлім «Жеті қайқының» бірі Кенже Әділ) жазып алғысы келеді. Ақын:
«Шырағым, жыр толғау киелі өнер еді, дұрыстап, қадірлеп айта алсаң жақсы. Айта алмасаң, киесі ұрады.»,- деп жаздырмапты. Әйтсе де, Әділ Ақтанның аузынан естігендерін, өзі жадында ұстап қалғандарын дастархан сияқты үлкен қағазға жазып, бүктеп-бүктеп алып жүреді екен...» Бір қарағанда, осыдан-ақ Ақтан ақынның жырды өле-өлгенше қадір тұтып, Тәңірдің берген тамаша талантын аялай білгенін көруге болады. Алайда, Кемал ақсақал «Өнердің киесі ұрады» деген сөздің астарына үңіліп, былайша пікір білдіреді:
«Ақтан заманында көпшілігінің діни сауаты мол болып, шариғат жолымен жүрген. Сондықтан, өлең-жырды қадір тұту күнә деп есептелген. Соған сай, Ақтан інісі Әділге «Өз күнәмнан өзім құтылсам болғаны. Біреуге өлең-жыр үйретіп, оны да күнәға батырмай-ақ қойайын» деген мағынада ақыл айтқан. Негізі, ақынның өзі де ескіше хат танып, атақты Дүйсеке хазіретпен бірге сауат ашқан, деңгейі білім қуғандардың көбінен жоғары болса керек. Сондай білімдар «Өлең қуып жүр» дегенді естіп, Дүйсеке хазірет алғашында сенбепті. Бірде ақын хазіретті іздеп келеді. Үй сыртында аттан түсіп жатқанын естісімен Дүйсеке қарсы алмақшы боп, желбегейін жамылып тысқа шыға берсе, Ақтан кіріп келеді екен. Екеуі босағада жолығып, біреуі табалдырықтан бері де, біреуі әрі де көрісе бере шайыр өлеңдетіп төгіп жібереді. Дүйсеке сықырлауыққа сүйеніп ұйықтап кеткен адамша үнсіз тыңдап, өлең біте сала: «Апырай, бір көрсем деп жүр едім, айтып жүрген әңгімең мынадай болса, тар лақатқа кіргенше сөйлей беруге болады екен» депті»
Жалпы, Ақтан ақынның кіндігінен өрген ұрпақтары туралы дерек жоққа тән. Десек те, ақын мұраларын зерттеуші Жұбаназар Асанов «Жұлдыз» журналының 4 сәуір 2012 жылғы санында былай деп жазады:
«Ақтанның ұлы Бақтияр да ақын һәм діни сауатты жан екен. Адай руының Түрікпен бөлімі, Есек тармағынан тарайтын Абдолла хазірет Жаналыұлымен сыйлас жүрген Ақтан ақын баласы Бақтиярды сол Абдоллаға мүрит етеді. Өзі қыс-қыстауға Самға қарай көшкенде Сағыз бойындағы ағартушыға оқуға тастап кетіп, жаз шыға соғып ұлының жайын сұрағанда Хазірет «Балаң да өлеңге жақын, әркімді түрткіштеп өлең шығарып отырғызбайды, жаныңа ертіп өнерге баулысаң қайтеді?» десе керек. Бірақ, ақын баласының білім алғанын жөн санайды. Сөйтіп, Бақтияр Абдолла Жаналыұлының тәрбиесінде діндар болып өседі. Хазіреттің шәкірттерін қудалағанда ауа көшіп, Орынбор жақта, Тұзтөбе төңірегінен пана тапқан. Бақтиярдың қызы Әмина сол өңірде тірлік кешуде дегенді естіп, арнайы іздеп барып жолықтық. Тектінің тұяғы жасы 87-ге келсе де Ресейдегі, бетпақтағы селеудей селдіреген аз ғана қазақ шаңырағының ұйытқысы секілді. «Ақтанның ұрпақтарынан менің білетінім Сүлеймен мен Бақтияр. Сүлеймен жәйінан хабарсызбын. Бақтиярдан Сағидолла, Хамидолла, Ғұбайдолла және мен – Әмина. Ағаларым соғыста өлген шығар, анығынан бейхабармын. Әкем Бақтиярды «молда» деп Әділғазы, «Кетенің жүйрігі» дейтін бір кісі (атын білмеді), үшеуін қыстың күні ұстап алып кеткен көрінеді. Содан оралмады. Өзім 24-ші, (1924 ж.) тышқан жылғымын. Шешем Зейнеп. Руы Медет. Кәрі шешем Тәжі. Тінейдің (Адай руының бөлімі) қызы... Ақтан атамның кемпірі осы Тәжі шығар... қайдан білейін. Көп қиындық көрдік қой, шырағым, есте не қалсын»деп «уһілеген» кейуананың «Қарынының ашқанына емес, Қадірінің қашқанына» күрсінері сезіледі».
2014 жылдың мамыр айында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті Қызылқоға ауданының 70 жылдығына орай, Ақтан ақынның мұраларын кейінгі ұрпаққа паш ету мақсатында аймақтық термешілер сайысын (Шара туралы толығырақ төменде Б.С.) ұйымдастырса, ұрпақтары Көк мешіт қауымында Ақтан ақынға ескерткіш орнатты. Сондай-ақ, Сағыз ауылынан ақын Ақтан Керейұлына бір көше берілді. Әмина апамызбен біз аталмыш сапарлардың құрметті қонағы болып келген кезінде кездестік. Ол шақта апамыз 90 жасқа иек артқан шағы екен. Бізге де сол Жұбаназар жазған әңгімелерді айтты. Демек, қазір Бақтиярдың қызы Әминадан басқа Ақтанның ұрпағы жоқ десек ақиқаттан алшақтап кете қоймаспыз. Өкінішті, әрине. Әйтсе де, өнегелі өсиетке толы жырлары мен тағылымды термелері ұрпаққа мирас болып қалғанына шүкіршілік етеміз. Оны оқи отырып, фантазиясының кеңдігіне, өнерді шын бағалайтынына, ел мүддесі үшін күресуден қаймықпаған ақын екеніне көз жеткіземіз. Бір сөзбен айтқанда, философиялық терме мен тұрмыс-салт жырларын толғай отырып, адамшылық қасиет, адалдықты өз шығармаларына арқау еткен.
Жоғарыда айтқан,ақын мұраларын зерттеуші Жұбаназар Асановтың зерттеуінде айтылғандай, Ақтан Абдолла хазірет Жаналыұлымен сыйлас болған. Соның бір айғағын Есентүгел Әзи құрастырған «Жайық деген жанды су... Ақтан Керейұлы» деген кітапта «Шежіреші марқұм Қайшыбай Боқанұлы жаздырған үн-таспадан алынды» деген түсінікпен мынадай дерек келтіреді:
«Ақтан бірде ұстазы, Сағыз бойындағы Шибұлақта мешіт салдырып, дін шырағын жағып отырған Абдолла хазірет Жаналыұлына сәлемдесе келеді. Сонда хазірет: «Ақтан, сен дүние сөзін сөйлеп кеткеннен саумысың?» дейді. Ақтан былай деп сөз бастапты:
«... Адайдан кімдер өткен жоқ:
Бұғабай, Айтқұл, Абдолла,
Әлжеке, Байғұл хазірет –
Шариғат шамын жандырған,
Кәламға көңіл қандырған.
Жамағат жинап алқалап,
Салауат айтқан «Аллалап!»
Зікірмен зарлап түн қатып,
Нәпсісін шапқан балталап.
Шайтанды сеспен қашырған,
Көкірек-көзі ашылған.
Опасыз-фәни – сұм жалған,
Солардай өткен асылдан!...»
Ғалым Қабиболла Сыдиықұлыша пайымдасақ, Атырау, Сыр бойы ақындарының бір-біріне игі ықпалын Балқы Базар жырларынан айқын аңғарамыз. Онда шығыс поэзиясынан нәр алған Сыр бойы сипаты мен ағылып келетін Атырау жыраулары пафосы менмұндалап тұрады. Балқы Базар Атырау, Сыр ақындары арасындағы алтын көпір іспетті. Өйткені, Ақтан ақынның:
«Жайық деген жанды су,
Көзі қара қанды су
Біздің жүрген жеріміз
Күнде базар, күнде ду.
Мен сүргіннің сойымын,
Арқалы жерге шапқандай.
Ойпаң жерде сортақ бар,
Жабыдан туған қорқақ бар.
«Сөйле! десең» жыршыңыз
Алдарыңда жортақтар» деп басталатын «Жайық деген жанды су» атты толғауы Сыр бойының сүлейі Балқы Базар жырау шығармаларында да ( 1986 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан шыққан) кездеседі. Сондықтан, оны: «Ұрлап алды немесе жершілдікке салынып кетті» деп біреуге кінә тағу негізсіз. Оған қоса, Ақтан заманында барлық жыр ауыздан-ауызға тараған. Бүгінгідей жазып алу деген атымен жоқ. Олай болса, осыны да ойға түйген абзал. Бастысы - мәңгілік мұрамыз ұрпақтан-ұрпаққа жетпей қалып, ғасырлық ғибраты мол бабалар аманатына қиянат жасамасақ болғаны.
Шежіреші қариялардың айтуынша, Ақтан ақын айтыста да ешкімге дес бермеген. Соның бір дәлелі – Қаналы төренің қыз ұзату тойында Кіші жүзден келген барлық ақындарды жеңген. Жеңу себебі, тойға қатысқан ақындар өз елінің барлық бай-манап, би-шонжарларын мақтап, «Солар да өтті дүниеден» дей берген. Сонда Ақтан ақын: «Ойпыр-ай, ұзын от, тұнық судың пайдасы-ау, сіздің жақта тек жақсылар дүниеден өте берген де, жамандар қалып қойған екен-ау, ал...
Бізде кәрі де өтті қаусаған,
Азды-көпті байқаған.
Жарлы өтті жау табан
Бұл дүниенің жүзінде
Қаса соры қайнаған.
Нәресте сәби о да өтті,
Болған соң бұйрық Алладан.
Жазмыштан озмыш болмайды,
Жазылған соң озалдан.
Жандайшап та өтті жалпыған
Қазымыр мен қыршаңқы
Олар да өтті дүниеден,
Біреудің жанын қарпыған,- дей келіп, елдік, ерлік, татулық, достықты дәріптеп, ұзақ жырлапты. Сөйтіп, бас бәйгені жеңіп алған.
- Ақтан өзінің теңдесі жоқ толғауларын домбырамен қостап, сазбен өрнектеген. Оның өз сазы, өзіндік терме мәнері болғаны анық. Мәселен, Хиуа, Хорезм, Маңғыстау аймағында басқа саздармен қатар «Ақтан сазы» деген әуен сақталып келген. Негізінде, ол сөзді бір сазбен емес, бірнеше сазбен түрлендіріп айтқаны анық, себебі жыршылардың көпшілігінде осылай шырқау дәстүрлі болған. Ұзаққа созылатын жырды тек бір сазбен айта берсе, ол тыңдаушыны жалықтырып жіберетіні сөзсіз. Сондықтан да әртүрлі әуенде төкпелету халыққа өте ұнамды болған. Бірақ соның ішінде, әсіресе, бір сазды көбірек пайдаланса, сол айтушыға телініп, соның атында қалады. Міне, «Ақтанның сазы» деген атақ та солай тағылған деп ойлаймыз. Бұл құбылыс тек Ақтанға ғана тән емес, жыршылардың көпшілігінде дерлік болғаны анық. Мәселен, «Дүйсенбай сазы», «Ұзақбай сазы», «Өришан сазы», «Сүгір сазы», «Түмен сазы» тағы да басқа түсініктер осылай орныққан деп түсінеміз. Әу баста саз атаулы бәрі халықтікі. Жыршылардың иемденіп пайдаланғандары – сол халықтық әуендер. Ешкімнің де жеке шығарған әуезі болмаған. Әрине, оларды өздерінше мәнерлеп, тек өз мүмкіндіктеріне лайықтап алған. Сөйтіп, «пәленшенің сазы» деген лауазымға ие болған. Ал осы халық саздарына «жыр-күй» деп айдар тағып, әдейі жанр санатына енгізіп кеткен – Қабекең (Қабиболла СыдиықұлыБ.С.). Біз, ағам Алым Жаңбыршин екеуміз, адайдың жыр-күйлерінің жиырмашақтысын тарттық. Күй түрінде орындадық (Қабекең мұны білетін). Және олар сараланған, жіктелген, жеке-жеке ат қойылған. Бұл өнер жинақтаушы Айберген Жаңбыршының «Адайдың ырғамасы» атты жинағында келтірілді: адайдың тайпалма сазы, адайдың қыздырма сазы, тыныс сазы, қомпылдақ сазы, төкпек сазы, шежіре-шерлі сазы, лекіме сазы, мұңлық сазы, сылқым сазы, толқыма сазы, қоңыр сазы, желпіме сазы, ырғама сазы, сарнама сазы, жайма сазы, майпаз сазы, иірме сазы, майда сазы тағысын тағы деген дүниелер. Ал «Ақтан сазы» осылардың қайсысы деген сұрақ туады. Бұған дәл жауап айту қиын. Ол Ақтаннан Әділ қайқыға, одан Омар мен Дүйсенбайға беріліп, осылардың көмейінде болғаны шындыққа жатады. Себебі бұлар – бір рудан, жеменейлер. Және естелік айтушылар Әділдің Ақтанға көп еріп, үйреніп, еліктегенін алға тартады. Әділдің тікелей шәкірттері – Омар мен Дүйсенбай. Біздің жас күнімізде көп тыңдаған жыршымыз Дүйсенбай еді. Әлгі жиырмашақты жыр-күйдің жартысын дерлік сол Дүйсенбайдан естігенбіз. Оның қайсысы Ақтаннан екенін дәл айыру мүмкін емес. Оны Дүйсекеңнен сұрамаппыз да. Әйтеуір, солардың қай-қайсысын да қолданған деп түсінеміз, - деп жазады Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, Маңғыстау облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Сержан Шәкірат «Қабекең Ақтаны – Елдің Мақтаны» атты мақаласында (Бұл дерек О.Қабиболлаұлы құрастырған «Мен – Адайдың Ақтаны» кітабынан алынды).
ХІХ ғасырда жаппай белең алып, дәулетті адамға айттырылып қойып, талай қыз өз сүйгендеріне қосыла алмай еңіреген күйі кете барғаны, талай жігіт іштей налып қала бергені тарихтан белгілі. Мұны Ақтан ақын да басынан өткізді. Айталық, ол өзі ұнатқан Табын руының Қаражан деген қызына айттырылып қойған жері болғандықтан қосыла алмайды. Қайтсін енді?! Дәстүр солай. Жүрегі қанжылап, өкпесі қара қазандай бола тұрса да, ақыл тоқтатқаннан басқа амал жоқ. Сондықтан ол «Қаражан» атты өлеңінде:
«Отырған қарсы алдымда әдемі қыз
Мөрлеген ақ қағаздай мәнеріңіз,
Қиғаш қас, оймақ ауыз, нәркес көзді
Жалғанда жайнап тұрған әдемі жүз.
Сөз болса қалқам, бізге сізден бұйым
Бұйымың біздей жанға болмас қиын,
Өзіңдей бұл білерлік болмаса ару
Жаманның керегі жоқ жалғыз тиын» деп суреттейді де,
«Үдеріп елім көшті Барқын құмға,
Қаражан қайда кеттің, халқың мұнда?
Сен кеттің бір жат елге бауыр басып,
Мен қалдым баулы құстай талпындым да.
Кетіпті бөліп жігін күзгі Табын
Өксіген айрыларда құлан қағын,
Барасың қолдан кетіп, құрметтесім,
Хош-аман, енді сау тұр, боз қаңбағым...» деген қимастық сезіммен сүйгеніне саулық тілеп, қоштасады. Сөйтіп, елінің тыныштығы үшін өзінің сүйген қызына сырттай тілеулес болып қала береді. Осы орайда, ақынның Қаражан қызға арнаған аталмыш әнін қазіргі таңда, танымал әнші Ақмарал Ерімбетова өз сазымен жақсы орындап жүргенін, сол әншінің орындауында «Қазақтың мың әні» топтамасына енгендігін айта кеткен жөн. Онымен қоса, жазықсыз жапа шегіп, Ойыл түрмесінде отырған ақын, жыршы, әнші Зәкария Сағындықұлына қоғам қайраткері, полковник Оспан Көбеев Ақтан ақынның аталған әнін айтқызып, шер тарқатады екен дейтін де дерек бар (С.Бақтыгерейұлы «Түлеген Ойыл өңірі» атты кітабы).
Сондай-ақ, облыс, республикаға белгілі журналист Айнахан Есетова «Олжашы шежіресі» (Алматы, Өлке баспасы, 2010) атты кітабында Ақтан ақын Адай руының Олжашы бөлімінен тарайтын Қорек бидің қадірлі інісі болғанын, ақынға Қорек би қанша жерден кеңес берсе де, ол Қаражан қыздың ауылына қырындап баруды қоймағандығын айтады. Сол шақта, амалы таусылған Қорек би інісін кісендеп, кісеннің кілтін жанқалтасына салып жүреді. Күзет қойып тырп еткізбейді. Сөйтіп, ақын інісін сабырға шақырып, ел мен елді татуластыра білген. Ол дұрыс та. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай Ақтан ақынның бесінші атасы Кенже. Ал Кенже мен Олжашы бірге туған. Екеуі де Өрдектің балалары. Яғни, қыз алыспайтын ағайындардың ағалы-інілі болып араласатыны белгілі. Ендеше, ел сыйлаған дуалы ауызды би Қорек ағасын Ақтан да інілік ізгі ниетпен қадірлей білсе, оның несі айып?! Содан болуы керек, ардақ тұтар Қорек би ағасы қайтыс болғанда Ақтан ақын былайша жоқтап, жыр арнайды:
«Азғын тартар қаз бен қу
Суалса айдын көлдері,
Өзеннің бойы құлазыр
Жайлаған кетсе елдері,
Дарияда кеме жүзе алмас
Құрсауы кетсе шеңбері.
Айбынды туған ер жігіт
Кемшілік табар майданда
Семсері кетсе белдегі.
Сегізбай Қорек заманда,
Азбай бір тұрған белгі еді.
Ниеті таза, көңілі шат
Жаралған абзал пенде еді.
Айран болар ақылың
Уақыт таппай қапыда
Қолыңнан кетсе сенгенің....»
Ақтан Керейұлының көп жинақтарға енбей, айтуға тиым салынған шоқтығы биік шығармаларының бірі – «Болжау» сөзі. Бұл өзі осыдан бір ғасырдан астам бұрын өмір сүрсе де бүгінгі заманның бет-бейнесін дәл болжап кеткеніне қайран қаласың. Таңданысыңды жасыра алмай, «Ақынның құлағы өзінен бірнеше жыл бұрын туады» деген нақылға еріксіз иланасың.
«... Татулық шамы сөнеді,
Шайтаны бар шараптар
Елдің болар қорегі.
Жазылмас дерттер ұлғайып,
Шомылып ұрық себеді.
Ақ жолдағы молдалар
Елін талап, сөгеді.
Бақсы-Балгер көбейіп,
Еліне салар бәлені.
Бір-біріне азаяр
Адамдардың көмегі...
.... Төрелік айтар билердің
Ақша болар қорегі.
Өсірген қыз бен келінің
Ойламас ата-енені.
Батасыз жастар молайып,
Оттары жанбай сөнеді.
Тірі жетім көбейіп,
Мейірімсіз өсіп-өнеді.
Керексіз болып туылар
Дүнияның тәтті бөбегі.
Ұят кетіп қызыңнан,
Жалаңаштар денені.
Жез тырнақты, жалбыр шаш
Кейпіне жынның енеді.
Ата-анасы ұл-қыздың
Айтқанына көнеді...»
Осындай жан тебірентер өлеңін оқи отырып, қалайша Ақтан ақынды көріпкел демессің?! Айтқаны дәл келіп тұр емес пе?! Одан әрі ол:
«... Осыларды болжаған
Кенжедегі Ақтанмын,
Әруақты аталар –
Барлығынан өтетін,
Қазағым асыл деп еді.
Сондықтан да, ұрпағым,
Түзелер деп қисайып –
Сендерге бабаң сенеді.» деп келешек ұрпағына зор сенім артады.
Ақтан мұраларын зерттеуші ғалымдардың деректеріне көз жүгіртсек, «Ақшұнақ қоян» жылы Ақтанның үйі де азғана күнелтіс малынан айырылып қалады. Ақын Ойыл қаласына кәсіп іздеп барып,саудагерге тері илеп, баптауға жалданады. Атақты ақынның далада тері жайып жүргенін көріп таныған біреу: «Мынау Адайдың Ақтаны ма? Бұ да ештеңе емес екен ғой» деп келеке етіпті. Сонда бұл сөзді құлағы шалып қалған ақын былай депті:
«Мен - Адайдың Ақтаны,
Шежіре-шешен тақтағы,
Алқалы топта аршынды
Тұлпары едім баптағы.
Айдынға үйрек-қаз керек,
Сұлуға құшақ, наз керек,
Жырға да әуез-саз керек,
Теріге пұшпақ, баз керек,
Тері жаймай Ақаң не қылсын –
Заманға қарай саз керек,
Асқандарға тосқан бар –
Ол да анық – кез келед,
Фәнидің сырын ұқпаса,
Ол адамды ез демек»
Шындығында да, солай. «Заманға қарай саз керек». Әркім өз күнін заманға сай көруі тиіс. Әрі еңбек етпей, ішкен асқа мас болып, ер деген аттан гөрі, ез деген атқа лайық болып жүргеннен артық масқаралық бар ма?! Міне, Ақтан ақын келеке еткен кісіні осылай сөз тапқыштығының арқасында жеңіп кетеді.
«Айт десеңіз, жараңдар,
Азырақ жауап бастайын,
Айт дегенде іркіліп
Бойымды балап тартпайын,
Парасатсыз жамандай
Жүрексініп саспайын,
Алысқа шапқан жүйріктей
Аяқты алшаң тастайын.
Қалағаның біз болсақ,
Сұрағаның сөз болса,
Қатты жауған жаңбырдай
Алдарыңда қаптайын.
Мәжіліске келгесін,
Тәңірім жел сөз бергесін
Атасы арзан жел сөзді
Сіздерге бұлдап сатпайын.
Атасы арзан дегенмен
Сіздердей жақсы болмаса
Бостан босқа айқайлап
Құр далаға шаппайын»
Бұл - Ақтан ақынның «Айт десеңіз жараңдар» атты өлеңі. Онда ақын өз өнерін пұлдайтын парасатсыз адамдар санатында емес екенін, қайта керісінше, шашауына шаң жұқтырмаған жүйріктей аяқты алшаң тастап, қатты жауған жаңбырдай селдететінін тілге тиек етеді. Онымен қоса, атасы арзан сөз болғанмен, оны тыңдайтын жақсы адам болмаса құр әурешілікке бармайтынын да ескертеді.
Қай кезде де, ешкімнің ала жібін аттамаған адам ғана бақытты өмір сүріп, ғибратты ғұмыр кешеді. Бір сөзбен айтқанда, тура жолдан тайсалмай, адалдықты ту қылып ұстағандардың жолы ашық, жұлдызы жарық. Оған Ақтан ақынның мына бір өлең шумағы дәлел.
«Адал жүріп, шын сөйле –
Асығың түсер алшыдан.
Мақтанғанмен аса алмас
Өзіммін деген жігіттер
Кем болса қатар-шарқынан»
Әр нәрсенің өзіндік белгісі бар. Адамның қандай дәреже, қай жаста, өнерлі ме, өнерсіз бе? Соның барлығын айқын көрсететін белгісі болады. Мұны Ақтан ақын жете түсінген. Сондықтан, ол «....Белгісі» атты өлеңінде:
«Бұл мәжіліс белгісі –
Жиналып басың құралмақ,
Батырлықтың белгісі –
Жауға шапқан ұрандап,
Палуандықтың белгісі –
Алқаға түсіп сыбанбақ,
Шешендіктің белгісі –
Көп жиналған алқада
Дұрыстап жауап шығармақ.
Жүйріктіктің белгісі –
Бәйгіге қосқан тұмарлап,
Жігіттіктің белгісі –
Бедеу мініп астына
Жиынға түскен бұлаңдап» деп тебірене жырласа, одан әрі:
«Сұлулықтың белгісі –
Жұрт жиналған алқада
Көрініске шыққан сылаңдап.
Кәріліктің белгісі –
Көңілдің хошы келмеген,
Жарлылықтың белгісі –
Жанын қинап өлмеген,
Жалғыздықтың белгісі –
Өзіне өзі сенбеген,
Батылдықтың белгісі –
Жасқантып жауын дендеген,
Ақындықтың белгісі –
Өнермен өрге өрлеген,
Сахилықтың белгісі –
Халықтың қамын көздеген,
Сараңдықтың белгісі –
Дерексіз нәрсе бермеген,
Әкімдіктің белгісі –
Тентекті тиып жөндеген,
Тентіктің белгісі –
Қауіп етпеген пендеден.
Қаттылықтың белгісі –
Халықтың көңілін көрмеген,
Жамандықтың белгісі –
Қаумаға басы кірмеген,
Төреліктің белгісі –
Аяғын басып жүрмеген,
Сұлулықтың белгісі –
Көргендер аңсап шөлдеген,
Жігіттіктің белгісі –
Мезгілсіз жүрген көлденең.
Шеберліктің белгісі –
Өнермен жиһаз өңдеген.
Шешендіктің белгісі –
Алқалы топ – шаршыда
Әлеуметті иіріп
Үгіт айтқан термеден.
Сопылықтың белгісі –
Езуін тартып күлмеген.
Бұ дүниеге ермеген.
Ғалымдықтың белгісі –
Болмайды заты білмеген,
Зұлымдықтың белгісі –
Жұмла жанға сенбеген,
Әділдіктің белгісі –
Жақсы, жаман халықты
Бірдей көріп бөлмеген.» деген әдемі де айшықты сөздермен төкпелетеді. Сонымен қатар, ол өз заманының кейбір жыршылары жырларын сатып жүргеніне налып, өнердің сатулы болғанына қынжылыс білдіреді. Өзі ешқашан жырын сату үшін емес, халықты қошеметке бөлеп, көңілді сергіту үшін айтатынын жырға қосады.
«Кейбір жаман жыршылар
Әншейінде ақтарып
Сатып жүр жырын теңгеден.
Менің сөзім сатусыз
Аға менен жеңгеден.
Құлақ салып тыңдасың,
Менің сөзім қошемет
Көңіліңді делбеген»
Иә, жоғарыда айтқанымыздай, Ақтан ақын сөздері өсиетке толы. Бұған қай жырын оқысаң да көз жеткізуге болады. Мысал ретінде айтар болсақ,
«Билік пенен жыр басқа,
Өнердің түрі әр басқа.
Ортаға сөзді салайын
Сағыңыз бізден сынбасқа.
Жігіттің қайтар базары
Өнерін білген бұлданып
Шығарып жүрсе қымбатқа.
Арзан сөзден ала бер,
Дүние шіркін, жолдас па?
Мысал етіп толғайын,
Жаманға айтсаң бір сөзді
Келмейді сөзің татымға,
Жақсылық пен жамандық
Үлкейіп шығар басымға.
Жақсы сөзбен жай айтып
Мейманды үйден қашырма,
«Сөйлес» десе қонағың
Үйде отырып айқайлап
«Не сұрайсың?» айтынба,
Барым деп берсең ол қонақ
Риза болар шай-суға» деп жырлайды ақын. Ақиқатында, билік пенен жыр бөлек. Дүние кімге жолдас болған?! Қонақ шай-суыңа риза болады. Бастысы – ақ ниетпен берілсе болғаны. Сол сияқты, түсінген адам құлағына құйып алады да, түсінбеген адамға не айтсаң да бәрібір. Ақ пен қараны тек ғалымның хаты ғана айырады. Шешендер жаугершілікте сыналады. Міне, ақын жырлары осыны меңзейді.
«Түсінгенге сөздерім
Құлағына хат болар,
Түсінбейтін жаманға,
Мал қимайтын сараңға
Айтқаның мен айтпағың
Бәрі бірдей сап болар.
Ақ, қараны айырған
Қағазға жазған хат болар,
Шешендерді сынаған
Қарсы шапқан жау болар»
Бүгінде, Ақтөбе облысына қарасты Темір ауданы, Теректі ауылында тұратын Орынбасар Досанов ақсақалдың Ақтан ақын туралы кезінде шежіреші қариялардан естігендері көп. Естіп қана қоймай, оларды қағазға түсіріп, бүгінгі және кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп келеді. Айталық, Иманғали ақасақалдан Ақтан ақын Әлім руының Шекті бөлімінен тараған ақын Нұрпейіс Байғанинмен әзілдері жарасқан сыйлас болғандығын естісе, Байғанин ауданына Қарақалпақстаннан көшіп келген Адай руының Қараш бөлімінен өрбіген Марқабай ақсақал Ақтанның бұрын естілмеген:
«Мен Керейдің Ақтаны,
Ақ тарының келдегі.
Сусыны болдым халықтың,
Шөліркеген шөлдегі» деген толғауын (Толғау ұзақ. Бірақ, Марқабай ақсақал арғы жағын ұмытып қалған) жазып алған. Ал Ақтөбе қаласында 96 жасында қайтыс болған Өрбісін ақсақалдан мынадай естелік жазып алған:
«Ақтан әкем Жұмағазымен замандас еді. Жылына бірнеше рет соғып, ән-жыр тыңдап мәз болушы едік. Бірде Орынборда Шекті Шүрен Бижан деген бай саудагердің үйінде Көкжардан, Қарақамыстан базарлап келген байлар бас қосып, қонақ болған екен. Сол жиында Ақтан ақынды алдырып жырлатыпты. Ол кезде ортаға орамал тастап жырлайтын дәстүр болған. Ақтан Ойылдан, Темірден келген байлардың көбісін танитын болып шыққан. Ең бірінші көкжарлық бай Әлім Ожырай Төлек, ағайынды Айшуақ балалары Асан, Үсен, Байғазы жырға арқау болыпты. Елін, жерін, азаматтарын мақтағанда әрқайсысы 10 теңгелік қара ала ақшаны ортаға тастапты. Сол кездегі ақшаның құны жылқы 10 теңге, қой бір теңге болған. Отырғандарды түгел атап шыққанда ортасында бір бай атаусыз қалыпты. Үй иесі ақынға: «Нұрекең қалып қойды» дегенде:
Нұрекеңді бір рет мақтағанда
Боталы түйе алдым.
Нұрекеңді екінші мақтағанда,
Алты қанат үй алдым.
Қайта-қайта мақтауға
Нұрекемнен ұялдым,- депті. «Шық бермес» Нұрекең «тіліңе шоқ түссін» деп 10 теңге орамалға салған екен».
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Ебейті ауылында тұрған, өзінің ақындығымен қоса, естіген жыр-қиссаларды таң атқанша нақышына келтіре жырлайтын Олжабай Кетебайұлы ақсақалдың айтуынша, Ақтан ақынның атағын елге алғаш таратқан жыры «Тойбастар» көрінеді. Көкжарда Ойыл, Қиыл бойын жайлаған Әлім руының ақ кетесінің Шәли бөлімінен өрбіген Оразбай бай алты ұлдан кейінгі жалғыз қызын ұзату тойына аяқ жетер жердің бәрін шақырыпты. Сол тойға адайдың ақындары Нұрым, Қашаған, Ақтандар да, Шектінің шүрені Нұрпейіс Байғанин де келіпті. Ақтан мен Нұрпейіс сөз таластырып тойдың шырқын бұзбайық деп татуласып, тойды Ақтан бастапты.
Тұсыңа келдім жараңдар,
Тұрмайын енді бойбалап.
Халық әдеті болғасын,
Сөйлейін әуез созбалап.
Дидар болып сөзіме,
Әлеумет тұрсын омбалап.
Тұяғым тайпақ сүргінмін,
Түгескен топты жорғалап... деп бастап, ақбоз ағаш үйдің түндігін түріп қойып, ішінде қыз әке-шешесімен ағалары бар, сыртта, астында құла жорғасы бар, қолында үкілі домбыра Оразбай байдың мырзалығын, байлығын, қыздың сән-салтанатын, әлімнің, байұлының жайсаңдарын қоса мақтап, тойбастарды аяқтағанда риза болған Оразбай:
«Айналайын,өркенің өссін, тіл-көзден сақтасын, тойбастармен бірге батасын да бердің ғой, даусың да өте сүйкімді екен, тойымның ажарын келтірдің» деп аттан көтеріп түсіріп, «тойбастардан» басқа шапан жауып бір ат мінгізіпті. Сонда Оразбайдың інісі, бұрын болыс болған (қария атын ұмытыпты) «Ол өздерінің байұлысын мақтады» деп аттың шылбырына жабысыпты. Сонда Оразбай әлімнің атын атағасын болды деп ат пен шапанды Ақтанға беріпті. Ақтан ақын: «Маған атағы да жарайды» деп, атты Нұрымға мінгізіп, шапанды Қашағанға жауыпты. Сол Ақтанның тойбастарындағы батасын өткен ғасырда ақын Сәттіғұл Жанғабылұлы мұрағатқа тапсырыпты. Ал батаның бірқатарын ұмытып қалған Кемел ақсақал есінде қалғандарын бізге былайша жырлап берген-ді:
«Қайырлы болсын сапар үшбу жолың,
Құрметтеп сыйлай берсін жүрген жерің.
Бұрынғы жат досында болып жатыр,
Мадинадай қадірлесін алған ерің.
Оңғарғай сапарыңды жаппар құдай,
Қасыңда Қыдыр Ілияс болсын сыбай.
Сен байдың еркелеткен еркесі едің,
Келін бол инабатты бұдан былай...
Әлімде отыз ұлды Достанбай бол,
Табында Омар менен Оспандай бол.
Алтыннан кеуек киіп көше алмаған,
Адайда Шәбік пенен Досжандай бол.
Аузынан бал мен шекер домалатқан,
Злиза Жүсіппенен қосқандай бол.
Таздағы Әуелбай мен Әбіштей бол,
Ысықта Қонар менен Бәшендей бол.
Шеркеште Құлбай менен Дінбайдай бол,
Бабықта Мыңбай менен Селбайдай бол.
Уызы жеті атадан арылмаған,
Мысалы Бопылдық пен Тұрландай бол.
Ішінде Есентемір Оразалы,
Жарыда Дәулеталы Қосжандай бол.
Жайықтың ар жағында бай Есенбай,
Жары хан, төре сұлтан Есендей бол.
Танада үркенсаты Есенкелді,
Солардай алтын шатыр құрғандай бол...»
Сайып келгенде, Ақтан Керейұлы өрісті өлең-жырлары мен терме-толғаулары өміршеңдігін жоймаған адуынды ақын. Олай болса, жаһұттай жыр қалдырған Ақтан Керейұлын бүгінгі және кейінгі ұрпақ біле жүріп, өнеге тұтса несі айып?! Міне, осыны жете сезінген көкірегі ояу, көзі ашық азаматтар Ақтан есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында Ақтөбе облысы, Байғанин ауданына қарасты Қопа елдімекенінде жаңадан салынған мектепке Ақтан жыраудың атын беріпті. Оның тарихын Алтай батыр ауылында ұзақ жыл директор болып қызмет атқарған, Байғанин ауданының әкімі болған Бердіхан Кемешов былайша әңгімелейді:
«Менің кіндігімді кескен жер сол Қопа ауылы. Осы жерде туып, өскенмін. 2000 жылдың басында, Байғанин ауданына әкім болып сайланған соң, шалғай ауылдардың тыныс-тіршілігімен таныстым. Қопаға жолым түскенде осы ауылға мектеп салуды жоспарладық. Ол кезде ауыл балалары Толыш Табынбаев деген кісінің үйінде оқиды екен.Осынау, көркейген заманда біреудің үйінде білім алу деген ерсі нәрсе ғой. Содан ауыл әкімі, ақсақалдары, ел ағаларымен кеңесе отырып, үме жасап, әр жерден құрылыс материалдарын жинастырып, шағын мектеп тұрғыздық. Көнекөз қариялар мен шежіреші Ығылман Көшімұлы ақсақалмен ақылдасып, мектепке сүйегі осы маңда жатқан дүлдүл ақын Ақтан Керейұлының есімін алып берсек деген байламға келдік. Жоғары жаққа солай деп өтініш жазып, ақыры Қопадағы мектепке «Ақтан жырау» атын беруге рұқсат алдық. Бұл істі дер кезінде қолға алған екенбіз. Мектеп бой көтергеннен кейін бұрынғы білім ұясы – Толыштың үйінің төбесі құлап түсіпті. Абырой болған. Балалардың үстіне опырылып кеткенде не болар еді,- деп ойлаймын, кейде.» (Бұл дерек Есентүгел Әзи құрастырған «Жайық деген жанды су... Ақтан Керейұлы» атты кітабынан алынды, Ақтөбе, 2015).
2014 жылдың мамыр айында Қызылқоға ауданының әкімдігі мен С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің «Түркі фольклорының философиясы» ғылыми-зерттеу орталығы бірлесіп, Сағыз ауылдық округіне қарасты «Шұғыла» мәдениет үйінде Қызылқоға ауданының құрылғанына 70 жыл толуына орайластырып «Бес жүйріктің бірі еді – Ақтан ақын» атты аймақтық жыршы-термешілер сайысын ұйымдастырды. Оған Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау облыстарынан жыршы-термешілер қатысып, халықты Ақтан ақынның тағылымды жырларымен сусындатты. Алдымен, Ақтөбе облысы, Байғанин ауданына қарасты Шибұлақ елді-мекеніндегі қорымда жатқан Ақтан ақынның басына қойылған ескерткіш тақта ашылып, сол жерде құрбан шалып, ақын рухына дұға етілді. Сол кезде дәл тоқсан жасқа шығып, алыстан ат арытып келген ақынның туған немересі Бақтиярдың қызы Әмина әжей «Өлсем атамның жанында қалайын» деген тәуекелмен келіп, Әділ қайқының ұлы Кемал ақсақал екеуі ақын аталарына арналған ескерткіш тақтаны ашып берді. Сондай-ақ, келесі күні Сағыз ауылында берілген Ақтан Керейұлы атындағы көше салтанатты түрде ашылып, жан-жақтан келген зиялы қауым өкілдері ізгі тілектерін арнады. Ал, жыр сайысының салтанатты ашылуында Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, философия ғылымдарының докторы, профессор, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті Бекежан Аханұлы баяндама жасап, Ақтан Керейұлының шығармашылық өмірбаяны таныстырылды. Сонымен қатар, кезінде дүйім елді тамаша өнерлерімен аузына қаратқан «Жеті қайқының» бірі – Әділ әншінің баласы Кемал мен Ақтан ақынның немересі Әмина Бақтиярқызы сөз сөйлеп, осынау игі шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтып, рахметін жеткізсе, маңғыстаулық азамат Өмірзақ Тәжіқұлов Жаңаөзен қаласындағы суретші Аманкелді Жұмабайұлы салған ақынның суретін (портретін) әкеліп, ақтөбелік ағайындарына табыс етті. Бұған қоса, маңғыстаулық біраз ағайындар белсене атсалысып, қолдан келер көмектерін аяп қалмағанын айта кеткен артық болмас. Бұдан кейін жыр нөсерін төкпектеткен жыршылар Ақтан ақынның «Қалағандарың сөз болса», «Жайық деген жанды су», «Ерлік жыры», «Сөз басы», «Болжау сөзі», «Қазақтың салты» сынды жыр-термелерін көрермендер алдында нақышына келтіре орындап берді. Онымен қоса, жыр сайысында Нұртуған, Базар, Қалнияз, Аралбай, Зәкәрия сынды ақын-жыраулардың тағылымды жыр-термелері орындалды. Сөйтіп, халықты жалынды жыр, тағылымды термеге бөлеген жыршылар сайысы өз мәресіне жетті. Осы жерде айта кетейік, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің «Түркі фольклорының философиясы» ғылыми-зерттеу орталығында зерделенген Есентүгел Әзидің (құрастырушы) «Қалағандарың сөз болса...» және «Сағыз и ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сағызбай Тастеміровтың демеушілігімен «Мен - адайдың Ақтаны» атты кітаптары (құрастырған О.Қабиболлаұлы) жарық көріп, халыққа таратылды. Жыр сайысы біткен соң, Ақтан ақынның рулас ағайындары «Әділ» мейрамханасында құрметті меймандарға қонақасы тарту етті. Кезінде ғалым Қабиболла Сыдиықовқа Ақтан Керейұлы және басқа да ақын-жыршылар туралы мәлімет берген шежіреші, ұста Қайшыбай Боқановтың немересі Мұтиғолла Мағрипетоллаұлы мәрмәр тасқа ақын атасының бейнесін қашап салдырып, ескерткіш белгі жасатса, әлгінде айтқан «Сағыз и ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сағызбай Тастеміров ескерткіш тақтаны сәндеп орнатып, төңірегін мал баспайтындай етіп қоршап қойды. Сол сияқты, Сағыз ауылының белді азаматтары Мұрат Көптілеуов, Арман Досекенов, Алақай Ашықбаев, Жайлау Таласов, Нұрлыбек Әміршиев және тағы да басқа жайсаң жандар Ақтан ақынның өрісті өнегесін ұлықтап, аталмыш шараның өз мәнінде өтуі үшін тікесінен тік жүріп қызмет етті. Осынау халық көңілінен шыққан келелі іс аяқсыз қалмады. Ақтан мұраларын зерттеуші, көптеген мәдени, рухани шаралардың ұйытқысы болып жүрген Есентүгел Әзидің айтуынша, 2014 жылдың 3 қазан күні Ақтөбе қаласының тұрғыны, бұрын Орынбор облысы, Ақбұлақ ауданының Искра ауылында туып-өскен Ертарғын Тілегенов өзінің Ақтөбе қаласындағы «Зере» атты мейрамханасында ағайын-туыстарын жинап, ел азаматтарының басын қосып, Ақтан атасының рухына құран бағыштап, ас берді. 2015 жылы Ақтан Керейұлының өмірімен шығармашылығы баяндалған «Жайық деген жанды су» (құрастырушы Есентүгел Әзи) атты кітап жарық көрсе, кейіннен Ақтөбе қаласындағы бір көше «Ақтан Керейұлы атындағы көше» аталады деген хабар жетті. Ендеше, Ақтан ақынның мұралары әрдайым өміршеңдігін жоймай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді деген сенімдеміз.




