Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА: "Жазушының жан дауысы"

Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында Қазақтың көрнекті жазушы-драматургі Рахымжан Отарбаевтың «Айсырға» әңгімесінің желісімен қойылған «Құсалық» драмасының премьерасы өтті. 
     Драмада грузин Коко Гагиашвилидің соғыс жылдары озбырлық көрген қарындасының кегін қайтару үшін адам өлтіріп, елінен қуылып, қазақ жерін паналағаны сөз болады. Бас кейіпкердің басынан кешкен оқиғасы шынайы өмірден алынған. Туған елі мен жерінен жырақ жүріп, үнемі Солтүстік Кавказына деген сағынышымен өмір сүрген Коконың ішқұсалықпен өткен тағдыры бейнеленеді. 

«Айсырға» - адалдықтың символы
    «Айсырға» әңгімесі - жазушының елден Алматыға жаңа  барған кезінде жазылған дүние. Жазушының жары Сәуле Отарбаева айтқандай: «аталған әңгіме 25 пен 30 жастың аралығында жазылған туынды. Сол кезден-ақ шығармашылығына ішкі жауапкершілікпен қараған жазушының жоғары деңгейі, сөзбен сурет салу шеберлігі айқын көрінеді». Жер жәннаты Жетісу өңірінде жүріп, өзі жағасында туып-өскен Қиғашын, ат жалын тартып мініп, жастық алауын жағасында өткізген Ақ Жайық алабын сағынған кезінде жазылған дүние шығар. Әйтеуір, ішінде сағыныш пен мұң, өзекті өртеген өксік оқырманды бейжай қалдырмайды. 
         «Осы «Айсырға» Рахаңның Алматының «Жалын» баспасынан 1987 жылы 9 мың данамен шыққан «Құпия түн» тұңғыш  әңгімелер жинағында жарық көріп, әдебиет сүйер қалың жұрттың айырықша ықыласына бөленгені күні кешегідей есте. Айтқанымыздай, оқиға - Құрманғазы ауданында өмір сүрген, кең қолтық қазақ еліне сіңісіп «Дядя Гриша» атанған,  аудан орталығындағы жалғыз кірпіш цехында еңбек етіп, жыртығын жамасқан, өзін осы елге жаны жүдеп иіні түсіп жүргенінде қолынан жетектеп әкелген Бақтияр қарияның інісіндей болып кеткен кірме, грузин Коко Гагиашвилидің өмірінен алынған шынайы оқиға» деп толғанған болатын Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың бала күннен бергі досы Таңатар Дәрелов.
        Бас кейіпкері Коко Гагиашвили - адамның қанын мойнына жүктегені үшін өз елінен аласталған грузин жігіті. Маңдайына жазған тағдыр теперішіне мойынұсынған ол жергілікті қазақ халқымен біте қайнасып кеткен. Біреуінің үйін көтеріп береді, біреуінің пешін салады, біреуіне пішенін түсіріседі, әйтеуір, қарап отырмайды, қолынан келгенше ауыл адамдарынан қамқорлығын аямай, қалбалақтап жүргені. Оның осы мінезін ауыл адамдары да жақсы біліп алған, содан да шығар, өз баласындай бауырға тартып, өгейлік көрсетпей, бүтін құртты бөліп, жарты құртты жарып жеп, маңдайынан сипап, арқасынан қағып дегендей, баяғыда –ақ «біздің Коко» деп меншіктеп алған. Ал, Коконың «сырты - бүтін, іші - түтін». Ішінде маздап жатқан сағыныш жалыны өзегін күйдіріп, жүрегін өртегенін ешбір жанға сездіргісі келмейді-ақ! Ер мінезді грузин өзіне біреулердің аяп, мүсіркеп қарағанын көргісі келмегендіктен де осылай еш уайымы жоқ адам сияқты көррінеді. 
       «Көкесінің» ішін мүжіп жеп жатқан сағыныш деген дерттің бар екенін қаршадай Мыңжылқы ғана түсінеді. «Көкелеп» соңына еріп жүрген жасөспірім әншейінде жан баласына сырын ағыта бермейтін Коконың жан дүниесінің бір қылын шертіп жібергендей! Күнде аудан орталығындағы пошта үйіне барып, елінен кешірім-хат күтетін Көкесінің ауыр мұңы Мыңжылқының да көңіліне қонақтап,  жүрегін шым еткізгені анық. 
       Әңгіменің тақырыбы – туған жерге, туған елге деген сағыныш болса, идеясы – Отанға махаббат, антқа адалдық, сөзге беріктік, адамгершілік. Жазушы жалпыадамзаттық құндылықтарды әңгіменің өнебойына сыйғызып жіберген. Кіндік кесіп, кір жуған туған жердің киесі туралы ойға жетелейді. Өзіміз нақ төсінде алшаң басып жүргенде сезіне бермейтін айрықша қастерлі сезім – туған елді, туған жерді сағыну. Аталған туындының экспозициясы, яғни,  сюжеттегі оқиғалардың басталуы - бас кейіпкер Коконың Мыңжылқыны өзенге барып, қармақ салып, балық аулауға шақыруы. Бүкіл ауылдан жанын түсінер жалғыз адам – осы бір кекілі жалбыраған қаршадай ғана бала. Екеуінің әңгімесі баланың аспанда жүзген ақша бұлт туралы сұрағынан басталады. «Елінен жырақта өлген жандардың рухы ақша бұлтқа айналады екен» деген аңызды лейтмотив етіп алған жазушы әңгіменің басынан аяғына дейін осы желіні жібермей, ұстап отырады. Бұл жерде «ақша бұлт» - сағыныштың, Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншіліктің символы. 
        Қарындасы Суликоның ары мен абыройы, қадір-қасиеті үшін басын бәйгеге байлап, «қанға-қан, жанға-жан!» деген сертпен сатқын Цхидзені өлтірген Коко Гагиашвили өткен іске өкінбейді, ал өзінің тағдырына «маңдайыма жазғаны осы болса керек» деп мойынсұнып, көнеді. Тек оның жүрегіне тыныштық бермеген нәрсе – туған жеріне деген сағыныш дерті, ішкі құсалық. «Ер-туған жеріне, ит-тойған жеріне» деген мақал босқа айтылмаған ғой! Жанын сағыныш дерті меңдеген ол кейде апталап жоғалып кететін көрінеді. Мыңжылқыға ол әдетін: «Астраханнан әрі шығып, Солтүстік Кавказ тауларына қарап, мауқымды басып келемін» деп түсіндіреді. 
      Әңгімені оқығанда жазушының екі халықтың әдет-ғұрпы, салт-санасын салыстырмалы түрде, кейіпкерлердің мінез-құлқы, іс-әрекеті арқылы оқырманға баяндап отырғанын аңғаруға болады. Қазақ халқы да қыз баланы төбесіне көтеріп, төрге отырғызып сыйлайды емес пе?! Ата-бабаларымыздың намыс үшін, қызының, қарындасының, жалпы әйел баласының ары мен абыройы үшін жанын қиған оқиғаларды шежіреге толы тарихтың беттерін парақтап отырып, тауып алуымызға әбден болады. Серт бұзған, ант бұзған жандарды да кешірмеген, қара есекке теріс мінгізіп, бетіне қара күйе жағып, бүкіл ауылды аралатып шығып, далаға қаңғыртып жіберген немесе ат құйрығына байлап, өлім жазасына кескен. Мүмкін, осының бәрі бүгінгі оқырманға жабайы, тұрпайы көрінетін де шығар, алайда, сол бір жаугершілік замандарда, аттың жалында, түйенің қомында өсіп-өнген халықтың шығарған үкімі дала заңына сәйкес болғаны түсінікті. Ешбір кітапқа жазылмаған, әр қазақтың жүрегі мен санасына айқыртып, өшпестей өсиет еткен дала заңында жалғандыққа, жалтақтық пен сатқындыққа ешқашан жол берілмеген. Міне, грузин халқында да осындай жазылмаған заң, жол мен жоралғы бар екенін Рахымжан Отарбаев «Айсырға» әңгімесі арқылы дәлелдеген.   
         Әңгіменің өн бойында ауыл өмірі көзбен көріп, қолмен ұстатқандай анық та нақты баяндалған. Жазушыға тән жеңіл юмор, шымшыма әзіл оқырманды ойламаған жерден күлдіріп, басын шайқатса, сары бояулы сағыныш жанарын жасқа толтыра күрсінтіп, жетелеп отыратыны анық. Сағымға айналған Суликоның бейнесі айсырғамен әдіптеліп, көз алдыңнан кетпей қоятыны да рас. Тағдыры тәлкекке түскен Коконы жетелеп, сағынған Грузиясына апарғың-ақ келіп кетеді ондайда! 
        Жазушы қаламына іліккен тағы бір кейіпкер – Бахтияр қария. Қалаға барған бір сапарында базарда жүк тасып, ауыр жұмыстарға жегіліп жүрген Коконың жанында жасырынып жатқан жұмбақ мұңын айтқызбай біліп, өзінің бір баласындай көріп ауылға ертіп келген дана қарт. Өмірден көргені көп қария осы бір «киімшең келген баласын» өгейсінбей бауырына басып, өзі көзі жұмыларда ауылдастарына: «қарайласа жүргейсіңдер. Елінен кеткені – намыстың ісі болса керек» деп тапсырып кетеді. Қазақтың әр ауылында ақылымен көпшілікті жөнге салып, бағыт-бағдар беріп отыратын бір Бахтияр қарияның бар екені анық. Олай болса, бұл – типтік бейне. 
        Шығарма сюжетінің байланысуы – Мыңжылқы мен Коконың балық аулауға шығуы. Жолда қарауыл Бекен мен әйелі Қапизаның өзара кикілжіңіне куә болып, басу айтуы. 
       Сюжеттің ширығуы – Коконың естелігі, соғыстан келген майдангер жігіттің қарындасының кегі үшін отқа түсуі. Кез-келген адам бұндай қадамға бара алмайтыны түсінікті. Тек «малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» дейтін намысшыл жандар ғана осы жолда бәрін құрбан етері сөзсіз. Коко да қарындасы Суликоның кегін қайтарамын деп, тар жол тайғақ кешуге ұшырайды. «Ашуың қатты, Коко» деген бір ауыз сөз арқылы кейіпкер характерін алақанға қойғандай етіп, тайға таңба басқандай ап-анық суреттеген. 
         Әңгіме желісінің шарықтау шегі – намыс жолында Кусто Цхидзе деген сатқынды өлтірген Коконың елден аласталуы. Соңында қалған туыстары: «Коко, деді – біз сені қапелімде кешіре қоймаймыз. Сондықтан да әбден кешірдік деп, артыңнан хабар жібергенше қасиетті Грузия жерін баспайсың. Тұқымдарыңнан қалған жалғыз тұяқ екеніңді ойла» деп өз шешімдерін айтып, ант етуін талап етеді. Антты бұзбау – ер жігіттің мәрттігі, батырлығы мен бірсөзділігі. Ол – Коко үшін баға жетпес нәрсе. 
        Шешім шығарманың соңында өзінен-өзі түсінікті, ол – Коконың дүниеден өтуі, Мыңжылқы балаға пошташының алыс Грузиядан жыл құсындай болып жеткен сәлем хатты тапсыруы. Хатта Кусто Цхидзенің туыстарының кешірім бергені жазылған екен. Қайран, дүние! Алғанынан гөрі жоғалтқаны көп, жолды тапқанынан гөрі адасқаны басым, еңсесін тіктегеннен гөрі сүрінгені молдау, кешірімінен гөрі айыбы көптеу, дұрыстығынан гөрі қателігі басым, әттеген-айы көп пенденің қас-қағым ғана сәттен тұратын ғұмыры! Қамшының сабындай шолтаң ете түскен, қуанышынан гөрі өзек өртеген өкініші молдау ғұмыр... 
       Еріксіз осындай ойларға шомасың. Ақша бұлттармен сырласқан Мыңжылқы баланың көкте қалқи жүзген бір шоқ бұлтқа қарап тұрып көзіне жас алып айтқан: «Адам жаны өлген соң бұлтқа айналып, туған жерін кезіп жүреді дейтінсің. Әне, көрдің бе, құбылаға қарай бет түзегенін. Кіндік жұртыңа тез жет... Ақтарыл ағыңнан! Сен өзгелердей сыр бүгуді білмейсің ғой, ақша бұлт» деген монологы жүрекке мұң арқалатады, көзге жас үйіреді. «Шіркін-ай, өміріңде тым болмағанда бір мәрте биік тауға көтеріліп, бар даусыңмен мынау жалған дүниеге «Мен бармын!» деп айқай салғанға не жетсін?!»  деген сөзді салады бас кейіпкерінің аузына жазушы. Бұл әлде Рахымжан Отарбаевтың өзінің ағынан жарылуы, өзінің жан дауысы ма екен деген ой да келеді басыңа...
«Құсалық» және адам жанының драматизмі
        Біз талдап отырған драманың премьерасы қалай өтті, әңгіме сонда! Қойылымның режиссері – «Құрмет» орденінің иегері, Махамбет сыйлығының лауреаты Мұханғали Томанов. 
        Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық драма театрының директоры, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Мәлік Ақүрпековтің айтуынша, оған Рахымжан Отарбаев шығармалары желісімен қойылған спектакльдер қатты ұнаған. Әсіресе, «Жалғыздық» пьесасының премьерасында қатты толқып, толғанысқа түсіпті. Спектакльдерді қоюдағы психологизм элементтері, психологиялық шегіністер мен монолог, фрагменттерді қамту, декорация мен жестикуляцияға басымдық беру, сөзді, диалогты азайтып, пьесада эпизодтық рөлдердің маңызын арттыру – қазіргі заманғы театр жаңалықтары. «Жаңалықты неге өзіміздің театрымызға енгізбейміз? Неге Рахымжан Отарбаев шығармаларын сахналамаймыз? Жылда өтетін дәстүрлі Рахымжан Отарбаевтың театр фестиваліне қатысып, бағымызды неге сынамаймыз?» деген сауалдар тыныштық бермеген соң, сонау Атырауда жүрген Мұханғали Томановтың телефонын тауып алып, хабарласады. «Барлық талантты адамдар сияқты, Мұханғали ағамыз да ақжүрек, шын өнердің адамы екен. Мені танымаймын деп, сыртқа теппеді, керісінше, өзінің жоспарында сахналаймын деп жүрген Р. Отарбаев шығармалары бар екенін, соның бірі «Айсырға» әңгімесінің желісімен жазылған «Құсалық» драмасы екенін айтып, біздің театрға ұсынғанда, қуанғаннан төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей қалғандай болды. Әрине, пьесаны қою - оңай шаруа емес. Актерлер іріктелініп алынды, дайындық жұмыстары жүргізілді. Режиссер Мұханғали Томанов өзінің актерлармен жақсы жұмыс жасайтынын, мықты психолог екенін танытты. Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Кенен Ақүрпековті «Коко» рөліне, Азамат Тұраровты «Мыңжылқы» рөліне өзі таңдады. Пьеса қайталанып қойылған сайын ширатыла, ширыға түседі, актерлердің шеберліктері шыңдалып, таланттары ашыла түседі деп сенемін. Біз аталған қойылыммен көптеген фестивальдар мен байқауларға қатысамыз, жазушының туған жеріне, яғни, Атырау аймағына, шетелдерге, мәселен, Грузияға гастрольге де шығамыз деген үміттеміз» дейді Мәлік Ақүрпеков ағынан жарылып. 
        «Құсалық» қойылымының басты жаңалықтарының бірі – психологизм. Коконың туған жерін сағынып, ішқұса болып жүрген қалпын Кенен Ақүрпеков шынайы сомдады. Көкірегін тырналап, тынысын аштырмаған сағыныш өртін сөндірудің еш амалын таба алмаған Коконың жерге аунап, топырақты құшып жататын сәті көзге жас үйіреді. Немесе, туған жерін сағынған Коконың Солтүстік Кавказ таулары жаққа қарап, грузинше ән айтып, сөйлейтін сәттерінде де жүректі мұң кернейді. Әр адамның да жүрегінде мұң бар, өзінше бір жұрттан жасырған құпиясы бар. Ал, Коконың жағдайы – ерекше! Ол сырты бүтін, іші түтін бір жан. «Раздвоение личности», яғни, адам жанының екіге жарылуы. Оның ішіндегі туған жерге деген сарғайған сағыныш өрті ақыры оны өртеп тынады! Міне, драма қайда жатыр?! 
       Ал, Мыңжылқы рөлінде ойнаған Азамат Тұраровтың образға шынайы еніп, Мыңжылқы болып кеткені соншалық, әсерден шыға алмай, қатты толқығанымызды несіне жасырамыз?! Ақжүрек, аңқылдаған ауыл баласының аңғал да сезімтал жүрегін актер көрермендерге шеберлікпен жеткізді және сол үшін де көрермен сүйіспеншілігіне бөленгені айқын. Мыңжылқы – Азамат Тұраровтың тұңғыш рөлі! Талантты жасты әлі де биіктерден көретініміз шүбәсіз. Азаматтың образға еніп кеткені сонша, Кокомен сырласқан сәттеріне, Коко дүние салғаннан кейін ақша бұлтқа айтатын монологына қараған сәтте толқымау мүмкін емес. «Мен бармын!» деп айғай салған даусы аспан асты, жер үстін жаңғыртқандай әсер алатыны ақиқат көрерменнің. Шындығында, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев тірі және ол жан даусымен бар әлемге жар салып тұрғандай...
         Ауыл абызын сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлінің домбырамен орындаған термесі көрерменнің жанды жеріне тигені соншалықты, залда отырған көрермендердің жанарына еріксіз жас келді, бәрі тым-тырыс, көз жасына ие бола алмай отырған сәттің куәсі болдық. Актердің көзі сөйлеп, әрбір қимыл-қозғалысы мән-мағынаға ие болып тұрды. Ауыл ақсақалдары болып сахнаға шыққан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбеков пен Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан сол бір ердің құнын екі-ақ ауыз сөзбен кескен әулиедей дана қарттарды көз алдымызға алып келді. 
        Режиссер екі ұлт қазақ пен грузиндердің салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігін салыстыра отырып, көрерменге өзгеше бір ой айтқан секілді. Әуелі сахнадан қазақ ауылының, соның ішінде Қиғаш бойындағы балықшы ауылдың тыныс-тірлігі көрініс береді. Қыз-келіншектердің көшпелі ата-бабаларымыз тұтынған алаша, текемет, ою-өрнек, киіз үй фрагменттері, самауырды ұстап сахнаға шығуының өзінен тұтас бір дәуірдің дауысы естіліп, самалы ескендей болады. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау, көзбен көру, тілсіз ұғыну арқылы түйсіктегі ұлттық кодты қозғап жібергені анық. Ал, қойылым соңында грузиндердің салт-санасы көз алдымыздан тізбектеле өтеді. Осы психологиялық шегіністер арқылы режиссер көп нәрсені аңғартқан. Екі ұлт, екі түрлі түсінік,екі тіл, екі түрлі дәстүр... Осының бәрін бір арнаға тоғыстырып тұрған - бас кейіпкер Коко. Екі ұлтқа ортақ ұл...
       Сулико рөлін сомдаған Зарина Асан мен Аяна Өмірбек, Кета шалдың рөліндегі Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Мәмбет Қожалиев, Сатқын грузин Кусто Цхидзенің рөлінде ойнаған Төремұрат Сувалиевтердің де образбен кірігіп, бірігіп кеткенін көріп, таңдай қақпасқа амал жоқ! Адам жанының драматизмін шынайы аша білген актерлердің қапысыз шеберлігі сүйсіндіреді. Әже рөліндегі Анар Алтыбаева, қыздар рөліндегі Жадыра Құлтаева, Ризат Қылышбаева, Аружан Райымбек, Қымбат Жамаш, грузин жігіттері болып рөлге енген Жорабек Төлеген, Нұрсұлтан Маханов, Ғани Біржан, Бауыржан Құлмамыр сынды актерлер де өздеріне жүктелген рөлді ерекше сүйіп, айрықша ойындарымен тәнті етті. 

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА, Республикалық "Сарайшық" журналы

Атырау-Тараз-Атырау