Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Маржан ЕРШУ: «АВТОБИОГРАФИЯЛЫҚ ӘҢГІМЕ»

Менің атам Назар Ершуұлы 1912 жылы Атырау облысы (Гурьев) Жылыойдың Қарақұм деген өңірінде дүниеге келіпті. Құрманғали, Шәдір атты екі ағасы мен Меден, Аққылаң, Ақкүміс атты апаларынан кейінгі шаңырақтың кенже баласы екен. Сондықтан жұрт назар аударсын, көптің мейірімі, ықыласы түссін деп есімін Назар қойыпты. Жасынан малға жақын болып өсетіні қазақ баласына тән әдет. Әкесі Ершу оны атқа шабуға, жүйрік баптауға үйретеді. Жеті–сегіз жасында он сан ас пен тойда бас бәйгені алып жүреді. Кезекті бір жарыста астындағы аты аяғын індекешке тығып алып, құлайды. Ат астында қалған баланың қара санына ердің басы бойлап кіріп, біраз жылдар жанын қинайды. Бала кезінде ауыл молдасынан тіл сындырған атам енді айналасына қарап білім іздей бастайды.18 жасында, 1930 жылы Орал қаласында бастауыш мұғалімдер дайындайтын қысқа курсқа түседі. Еңбек жолын 1939 жылы ауылда мектеп мұғалімі, директор болып бастаған ол Халық ағарту саласында сауатсыздықты жою жұмыстарына белсене араласып, кейін халық шаруашылығын басқару ісімен айналысады. 1941жылы қоңырқай ауыл тірлігін соғыс өрті шарпып өтеді. Кішкентай ауылдан талай боздақ Отан қорғауға аттанып, көбі оралмады. Назар атама 1942 жылы военкоматтан шақыру қағазы келіп, соғысқа атанатын болады. Сол кезде немере інісі Шафих Ізбасов ауданға барып, (мүмкін аян берді ме, әлде періштелер құлағына сыбырлады ма екен? Кім білсін?!) соғысқа атамның орнына өзін жіберулерін сұранады. Сондағы айтқан сөзі: «Бұл кісі елдегі шаруашылықты шебер ұйымдастырушы, істің тетігін білетін білімді әрі мінезді адам. Бұл адам соғысқа кетсе, колхоздағы шаруашылық қожырап кетеді, тыл майданға көмек беруі керек қой» деп ақ сөзін айтып, атамды броньмен тылда қалдырып, өзі соғысқа аттанып кетеді.

1941 жылы соғысқа Ершу балаларынан Құрманғали аттанған еді. 1943 жылы Құрманғали көкеміздің Смоленск түбінде ерлікпен қаза тапқаны жөнінде қара қағаз келеді. «Тұрғызба» ауылында тұрған соғыс және еңбек ардагері Қапес Ыбыраев деген кісі елге келгенде айтқан екен: «Шабуылдан бір күн бұрын Құрманғалиды көрдім. Өткен түнде жайсыз түс енді. Мен елге бармаспын. Сен ораларсың. Туған жерге менен дұғай сәлем айтарсың деп қоштасқан еді» дейді. Бұл сәуегейлік пе, әлде тылсым ба, кім білсін?! 
Сол шайқаста Құрманғали қаза табады.   Кейін көп жылдар өткен соң Құрманғали Ершуовтың Смоленск түбінде «Бауырластар зиратында» жерленгені туралы хабар жеткенде, баласы Мұқаш көкеміз барып басына топырақ салып қайтқан еді. 
Атам Назар осылайша майданнан броньмен қалып, соғыс жылдарында «Чапаев», «Амангелді» колхоздарының басқарма төрағасы болып еңбек етіп, тылдағы күшті майдан үшін жұмылдыра білді. Атамның ел білетін ерлігі соғыс кезінде жеке есебінен танкіге 100 мың сом аударып, И.В.Сталиннен алғыс – жеделхат алғаны еді. Әкем Аманқосты Сарыбөпе әжем тезек теруге барғанда туыпты. 

    Жас келін алғашқы алғашында қорқып кетеді. Бала емес, кішкентай қара қап, дыбыс та шықпайды. Жанындағыларға «енемді шақырыңдар» деп дыбыс береді. Атпен шауып келген Назар атамның анасы Злиха әжеміз қайратты, тілді, би адам болған екен. Бәкісін шығарып, кішкентай қапты жарып жібергенде шарананың шырылдаған даусы шығады. Қазақ мұндайды «көйлекшең туған» деп айтады.Үш қыздан кейін көрген ұл деп төбелеріне көтереді. Бұл уақыт -1943 жылдың тамызының он сегізі екен. Соғысқа кеткендер аман оралсын, ортаға келіп қосылсын, Жеңіс орнасын деген ниетпен атын Аманқос деп қояды.
  Бірде «қаппен туған бала» кішкентай Аманқос қаннен қаперсіз ойнап отырғанда, інісіне қарай шаңдатып келе жатқан машинаны көзі шалып қалған он жасар апасы Нұржамал жүгіріп келіп, кішкентай інісін жол жиегіне қарай қағып үлгереді. Әкемнің ғұмырын ұзартып, өзі машинаның астында қалып, қыршын ғұмыры қиылып кете барған екен Нұржамал апамыздың. Бірде ақшам кезінде ойын балалары үйдің бұрышында асық ойнап, ортадағы үстелде үлкендер шай ішіп отырады. Кенет есік қатты соққан желдің әсерінен сарт етіп ашылғандай болады да, бала есікке жалт қарайды. Ауыз ашылып, көзі бақырайып бір орнында қатып қалды. Басында тақиясы, үстінде шапаны бар бір қария кіреді де, үйдің босағасына отыра қалып екі қолын жайып, әлдене деп күбірлейді де, бетін сипап орнынан тұрып есіктен шығып жүре береді. Баланың көзі әлі есік жақта. – Ау, асығың қайда? – дейді ойынның қызығына түскен балалар айқайлап. Балалардың шуына құлақ тосқан үлкендер не болды дегендей балалар жаққа қарайды. Есіктен көзін алмай қатып қалған бала: «Әже, әже, көрдіңдер ме? Жаңа үйге бір ата келді. Басында тақиясы бар, шапаны бар. Мына жерде отырып бірдеңе деді, бетін сипады да шығып кетті» дегенде, үлкендер не дерін білмей: шошып кетпесін деп, ұшықтап, түкіртіп жатады. Осы сурет әкемнің ойында сақталып қалады. Кейін өлең жазғанда, өзі «бұл өлеңнің киесі шығар» деп те ойлайды. 1945 жылы ел күткен Жеңіс те жетті. Баяғы Назар атамның орнына өзі сұранып, соғысқа кеткен немере інісі Шафих Ізбасов аман-есен елге оралады. Ол кісі ұзақ өмір сүріп, ауданда шаруашылықтың басшысы болып қызмет етті, облысқа белгілі адам болды. Құлсарыда Шафих Ізбасов атында көше бар. Соғыстан соң атам Назар аудандық, облыстық Кеңестің бірнеше рет депутаты болды. Ерен еңбегі нәтижесінде Москвадағы Бүкілодақтық ауылшаруашылық Көрмесіне екі рет қатысып, екі рет Көрменін алтын медальмен марапатталды. Бірнеше құрмет грамоталарымен, медальдар алды Үкімет тарапынан. Ол басқарған жылдары, колхоз мал өсіруден алдыңғы орынға шықты. Жаршық ауыл советінде, аудан орталығы – Қосшағылда, аудандық прокуратура, сот орындарында да қызмет жасады.

70-жылдардың басында облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде «Адай көтерілісіне» қатысушы «халық жауы» атанған Ершу атамызды қаралаған, архив материалдарына сүйенген мақала жарияланады. Содан кейін Назар атама Орталық Комитеттен арнайы хат келіп, ол хатта : Әкесі Ершудың «Адай көтерілісіне» қатысқаны, ұйымдастырушылардың бірі болғандығы туралы жазылады. Ол кез әкемнің «Ақ бұлттар» деп басталатын атақты өлеңімен ақын деген атағы шығып, аты ел ауызына іліне бастаған уақыт екен. Ел жатқа айтатын ол өлең мынау : «Ақ бұлттар, ала бұлттар, қара бұлттар. Байқасаң аспанда да алалық бар. Біреуде қарт та болса шалалық бар, Біреуде жас та болса даналық бар».

Назар атам баласының болашағын ойлап, «Ол Ершу деген кісі аттас адам, біздің атамыз емес екен. Біз Лениндік ұлт саясатына адал, коммунистік партияға қызмет еткен жандармыз» деген сыңайда жауап хат жіберуге мәжбүр болады. Осылайша саясаттың салқындығынан баласы үшін әкесінен бас тартады. Содан әкеме: «Кітабыңды ауылда жазып жүре берсең болмай ма? Алматы деген үлкен қала ғой , шуы көп» депті. Осылайша әкем Аманқос Ершуов өз өлеңінде «Алматыға жігіттер, Шақырса да бармадым» деп жазғанындай, ақындар мекені Алматыға жол тартпай Ақкиізтоғайда қалып қояды. Жиырмасыншы жылдардың аяқ шенінде Жаңа Үкіметке, Голощекиннің қыспағына шыдамай Жем, Бейнеу, Үстірт бойындағы адайлар көтерілген еді. Тарихтан белгілі «Адай көтерілісі» деген осы. Осы көтерілістің бел ортасында Ершу атамыз болған екен. Бұл көтеріс билік тарапынан жаншып тасталды. Ершу атамыз осылайша бақилық болды. Уақыты келгенде ақталды.Ең алғаш мектепке барғанымда, мұғалім апай «Ершеуова» деді маған. Өкпелеп үйге келген мен Назар атама: «Мұғалім фамилиямды қате айтты, балалар мазақтады. Атамызға «Ершу» деп неге қойған, басқа ат таба алмаған ба?» – дедім. Сонда атам: «Ер–аттың ері, атқа мінгенде шуу деп қамшы басады. Ер – деген азамат, жігіт. Жігіт аузынан су құйып алғандай жақ ашпай жүре берсе нағыз жігіт бола ма? Ершу деген атты осыған байланысты қойған. Ершу атаң сол атағына сай адам болды, құралайды көзге атқан мерген, ат жалында ойнаған шабандоз, сөзге шешен адам адам болған. Сүйінғарадай батыр атамыз сияқты ел қорғайтын ер болсын деп «Ершу» деп қойған екен», – деген еді. 
«Әкеммен әңгіме» деген өлеңінде: «Әке! Мына мен барда сен тірісің,
Абай жыры тұрғанда мен тірімін»- деп жыр жазған еді әкем Аманқос.   Ершу атамның үлкен баласы Шәдір атамыздың жұбайы Жаңылдық әжеміз тынымсыз еңбекқор адам еді. Немерелерінің көптігінен болар, әжеміз қартайып көруі нашарласа да істен қалмай, бала – шағаның киім – кешегін жамап, қыста шұлық, қолғап тоқып, жазда текемет басып, алаша тоқып жататын. Жаңылдық әжеміз жазғы каникулға шыққан немере қыздарын жұмсайтын, үйрететін. Текемет басу оңай шаруа емес. Жүн қырқу, жүн сабау, түту, иіру, өрмек құру, алаша тоқуға жалғасып кете беретін. Киіз үйді тіктіріп, бәріміздің қолымызға екіден сабау ұстатты. Жүнді айналып сабап жатырмыз. Күн күйіп тұр. Леп жоқ. Киіз үйдің іші де қапырық. «Әй, былай ұстайды сабауды, сен тым жеделдетіп жібердің» деп ескертіп айтып қояды әжеміз. Бір кезде сырттан «есікті ашыңдар»деген дауыс естілді. Тоты мен Мейрамгүл: «Сенің әжең. Сені әкетуге келді» деді. Келген әжем екен. «Әй, Маржан! Сені атаң шақырып жатыр»дегесін, алдына түсіп үйге қарай жүгіріп келем. Атам түскі тамақтан кейін көз ілдіріп ұйықтап алатын. Бұл жолы ояу екен. Шаң – тозаңнан келген маған: «Жуынып кел. Топырақтың астынан шыққан адам құсамай», – деді қатқыл дауыспен. Жуынып келдім. Атам мен әжем сол орнында әлі отыр екен. -Ана кемпір киіз үйдің есігін ішінен іліп алып сендерге не істетіп жатыр? –деді атам. «Жүн сабатып жатыр текемет бастыруға», – деп асығып жауап бердім. 
-Сен бармасаң сол үйдің жүні сабалмай қала ма, текеметі басылмай қала ма? Немене ала шаңның ішінде жүргенді мәртебе көремісің?! – деді атам бейнебір біреуді кекетіп отырғандай. Үндемедім.
– Ана газеттерді берші. Көзім ауырыңқырап оқи алмай отырмын – деп өзі әлдеқашан оқып алған газеттерін оқытады енді. Атама газет оқығанда басынан бастап оқу керек. «Ембі» газеті... бірдеңесінші саны, күні, айы, жылы, органы» – деп зуылдатып келе жатыр едім. «Тоқтай тұр! Ең басындағысын ұмытып кеттің» дегені. «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» леп белгісі, – дедім ышқынып. «Міне, дұрыс!» – дейді атам мәз болып. Газет, кітап оқығанда тыныс белгісін тастамай оқу керек». Газеттің бірінші бетінде бас мақала дегені болады ол кезде. Содан бастап оқу керек. Әуелі тақырыбын. Арасында абзац, сызықша, үтір, нүкте деп және қосып оқисың. Атамның газет оқыту тәртібі қатал. Үтір дегенде, үтір деп бір демалып алып, нүкте дегенде тағы да тоқтап демалып аласың. Ол кезде газетте аудан шаруашылығының айлық көрсеткіші шығады. Оқып жатсам, атам тоқтатып қояды да: «Сонда жем – шөп дайындаудан қай совхоз алда келеді екен немесе бүкіл ауданның жинаған көрсеткіші қандай екен» деп сұрайды. Енді қағаз бен қалам алып, сан цифларды қосып, алып есептеуге тура келеді. Әупірімдеп газеттің бірінші беті де бітеді. Екінші бетті оқуға демім жетпей шаршай бастаймын. Сөйткенше, самауырын ысылдап, бестің шайы да дайын болып қалады. «Жарайды, екінші бетін шайдан кейін оқисың» дейді атам. Ал маған шай батпайды. Көзім де, көңілім де – ана көк шаңда. Барайын деуге бата алмаймын, қашып кетуге қорқам. Сосын шайыма қантты салып, қасықпен кесені соғып араластыра бастаймын. Бұл – мен далаға шығайыншы деген белгі. Бірақ менің жарықтық атам мен әжем ғажап қой! Менің белгімді естімегендей шайларын ішіп жайбарақат отыра береді. Мен одан сайын қырсығып қасықпен кесені соғып, шай араластырған болам. Бір кезде атам күліп: «Шіркеудің қоңырауын соғып жатырсың ба?» деген. Шіркеу дегенде қорқып кетем. Суреттен, теледидардан көргем. Бала кезімізде мешітті көрген жоқпыз. Сондықтан шіркеуді орыстардың моласы деп ойлайтынмын.Мені алғаш кітап, газет оқуға баулыған, қағаз-қаламға жақын қылған атам еді. Мен дүниеге келер алдында Назар атам түс көріпті. Түсінде судан бір кішкентай әдемі жылтыр тас тауып алған екен. Маржан да тастың аты ғой деп, маған осы есімді еншілепті. Қызығы сол, әкемнің де ойында Маржан болыпты, себебі өзі өлеңде ұстаз тұтқан, жақсы көрген Төлеген Айбергенов жырларында маржан деген сөз көп кездеседі. Алапат ақын маржан деген сөзді жырдың бір көркемдеуіш құралына айналдырып жібергендей. Төлеген Айбергенов жырларындағы маржан теңеулерге қызығып, қызымның аты жырда жүрсін деп, атымды Маржан қойған. Атамның түсі менің шабытымды оятады. 2004 жылы жарық көрген «Шырақ» атты кітабымда «Қара өлең. 21 Ғасыр» атты поэмамда мынандай жолдар бар еді:
«Мен тас едім,
Су түбінен қозғалдым.
Қиялменен қияларға озбаймын.
Су мен Жердің қасиетін ұғынып
Ой түбінен қозғаймын». 
P.S. «Егер  Назар атам соғысқа барса, қазақ поэзиясы Ершуовтарсыз қалар еді»  дейді ел, бұл сөздің мәні мені осындай ойларға жетелейді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Ата-бабалар рухына мың тағзым!