Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Маркиза БАЗАРБАЕВА: «Шыңырау» Ертегі

Баяғыда, қазақтың байтақ даласында бір Кенбай деген бай болыпты. Төрт түлігі сай болыпты. Ол мал-мүлікке ғана емес ақылға да кеніш болыпты. Бір жылдары елде  жаз бойы жаңбыр жаумай, жер қуаң тартыпты. Мал-жан біткен сусап өлер халга жетіпті. Жарқырап жатқан сансыз көл суалыпты. Өзендер арнасынан тартылып құрғай бастапты. Сонда Кенбай бай ел-жұртын жинап, биік төбенің басында дұға оқып, тасаттық беріп, құрбандық шалыпты. Және айтыпты: 
     – Жаңбыр суы - аз күндік. Біз енді құдық қазайық. Мал-жанымыз сусамасын.  Мен құдық қазған жігітке бір жылқы беремін, – дейді. Ешкім үндемейді. Бай сөзін қайталап, «құдық қазған жігітке бір үйір жылқы беремін» дейді. Жігіттер тағы үндемейді. Бай: «егер сол жігіттің қазған құдығының суы менің жер қайысқан жылқымды емін-еркін суарып тұруға жететіндей болса, бір үйір жылқыға қоса алты қанат үй тіктіріп беремін», – дейді. Сол кезде Шетбай деген жігіт:
    – Мен қазамын! – деп үн қатады. 
    – Мен де! – деп, ортаға шығады Ортабек деген азамат.  Тағы сол ауылда Шыңырау деген батыр бар екен. Екі иығына екі жігіт мінгендей мығым екен. Ол да шығады. 
     Ал, аспанда жаңбырдың қара бұлты сәт сайын қоюланып, шет-шетінен найзағай қамшысын үйіріп, дауыл айдап, осы ауылға жақындайды. 
     «Уа, ақсарбас» деп қуанған ел адамдары ыдыстарын жаңбыр суына толтырып алады. 
     Ертеңіне Ортабек пен Шетбай ауылдың екі шетінен екі құдық қазуға кіріседі. Иықтары бұлт-бұлт етіп, жерді қопарып, құдықтың ауызы көріне бастайды. Бірақ Шыңырау әлі іске кіріскен жоқ. Бай екеуінің жұмысын кезек-кезек қарап жүреді. Ал, Шыңырау болса үшінші күні ғана қазуды бастайды. Батырдың түсіне ақ тышқан кіреді. Сол тышқан  құйрығымен сызған жерге Шыңырау қос тіктіріп, қасына көмекшілер алып жерді қаза бастайды. Қырық құлаш арқан дайындатып алады. Бұл кезде Ортабек пен Шетбайдың құдығы дайын болып, ел соның суын ішіп мәз-мейрам еді. Ерінбегені келіп Шыңырауды мазақ етіп жүрді. Ал, құдықтары солардың атымен Орта құдық, Шет құдық атанып кетіпті. Мұндаға шейін су шығып тұрыпты. Кейінерек суы тартылып қалған деседі.
      Бір күні Кенбай бай түс көреді. Түсінде Шыңыраудың зорайып, денесімен жарты аспанды жапқанын көрді. Бай бұның тегін емесін түсініп, құдық қазып жатқан жігітке келді. Бұл кезде құдық әжептәуір тереңдеп, Шыңырауға аспан алақандай ғана болып көрінетін еді. Бай жігітті жігерлендірмекші болып: «Осыдан су көзіне жетсең мен саған кенже қызымды беремін», – дейді. Шыңырау «алмаймын» деп айқайлады. Оның айқайы жер бетіне зорайып, күңгірлеп естілді. Ыза болған бай осы құдықтан шыққан дәу қара тасты құдыққа салып жібергісі келіп тұрды да, өзін-өзі тоқтатып, үйіне қайтты. Келсе, қызы ағаш үйдің көлеңкесінде өзінен кіші балалармен асыққа таласып жылап отыр екен. Шаш кеткен уын-дуын, неше күннен бері таралмаған. Бет-ауызы сатал-сатал. Бай қызын қасына шақырып, шашынан сипап жұбатады. «Мен сені Шыңырау батырға беріп келдім» дейді. Ерке қыз «бармаймын» деп тағы бақырады. Бай қызына айтады: «Сенің атың –Жамал. Бұл - Айдан әсем  деген сөз. Ай деген - түннің патшайымы, көп жұлдыздар оған қызмет етіп қол қусырып тұрады. Жамал деген ат – Күннен көркем деген сөз. Ал, Күн болса, барша әлемнің падишасы. Сен атыңа сай болуың керек. Менің айдан әсем, күннен көркем ақылды қызым бәрінен сұлу болуы керек! Ертеңнен бастап Шыңырауға өзің тамақ пісіріп апарып беріп тұр» деп тапсырады.
   Зерек қыз енді не болса соған жылай беретін еркелігін тастап, шашын айранға жуып, өзі өріп-тарап, ұшына шолпы тағып, әкесінің айтқандарын бұлжытпай орындауға кіріседі. Құдық басына барып: 
    – Батыр, мен Жамалмын. Сізге тамақ әкедім, – деп, хабар береді. 
      Шыңырау жоғары қараса, аспан иненің көзіндей-ақ болып көрінеді. Ал, аяғының астында әлдене шиқ-шиқ етті. Ол – титімдей ақ тышқан екен. Шыңырау оны алақанына салып, көзіне жақындатады.
     – Әй, құрттақандай тіршілік иесі-ай, мұнда қайдан пайда болдың? Байқамай басып кетіп, өлтіріп алармын. Мен сені мына құдықтан шығаратын балшықтың үстіне отырғызып жіберейін. Кең далаға шыға ғой, – дейді. 
    Сонда Тышқан: 
    – Менің жер астында өз жолым бар. Қамқорлағыңа рахмет. Мына бір түйір дәнді тіліңнің астына сал. Ол саған қуат береді, – дейді. 
      Шыңырау Қыз жіберген дәмді тамақты да ішіп алады. Қуаты көбейген батыр құлшынып жұмыс істейді. Тышқан келесі күні де келіп бір түйір дән мен күміс теңгелік тастайды. Шыңырау оны қыз берген ыдысқа салады. Жамал күміс теңгелікті ұстаға апарып, шетін тестіріп, шашбауына тағып алады. Күмістері әсем сылдырлап, баяғыдай алқын-жұлқын жүгіргенді қойып, күнде кешкісін батырға тамақ пен сусын әкеліп тұрады. 
     Бір күні ақ тышқан тағы да келіп хабар айтады. 
    – Енді жер астындағы теңізге жетіп қалдың.  Мына жақпар тасты алғаныңда су ағылып келе бастайды. Хош бол, елін сүйген азамат.  Сенің әр ісіңе береке берсін! – дейді. Бұл кезде топырақ су болып, ауыр қауғаларды екі жігіт әрең мықшия көтеріп тартып, ел де судың жақын қалғанын сезіп отырған еді. Бай үш марқа қозыны сойғызып, бір ту биені байлатып, құдық басына үй тіккізіп қойған. Батырды бәрі жабылып әзер деп тартып шығарып, жаңа сойылған теріге орап тастайды. Сөйтіп неше уақыт бойы терең жер астында ыза өткен денесін қалпына келтіреді. Жас ет жеп, ыстық сорпа ішіп әлденген Шыңырау басын көтеріп қараса, қарсы алдында отырған Жамал қыз әп-әсем бойжеткен болыпты. 

      Сол Шыңырау қазған құдық ғасырлар өтсе де еліне әлі қызмет етіп келеді. Қырық құлаш тереңдіктен шығатын мөлдір су жаздың аптап ыстығында шекеңді жарғандай тап-тастай суық. Ал, қыстың аязды күнінде ып-ыстық болып буы бұрқырап тұрады екен. Оны бір ішкен жан құмар болып тәп-тәтті суды өмір бақи аңсап өтеді екен.