Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Айнұр ТӨЛЕУ: «РАХЫМЖАН ОТАРБАЕВ ПРОЗАСЫНДАҒЫ СИМВОЛДЫҚ СӨЙЛЕМДЕР»

«АСПАНДАҒЫ АҚ КӨБЕЛЕКТЕР» ӘҢГІМЕСІНІҢ НЕГІЗІНДЕ

Төлеу Айнұр Болатқызы 1986 жылы Алматы облысы Ұзынағаш аулында дүниеге келген. 2004 жылы Алматы қаласындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатын аяқтап, Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетіне оқуға түседі. Бұл оқу орнын үздік дипломмен аяқтап,  Қазақ радиосына  эфир редактор- жүргізушісі қызметіне орналасады.  2015 жылы Польша Республикасы Адам Мицкевич университетінің Түркология кафедрасында тағлымдамадан өтті.
Төлеу Айнұр 2016 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ әдебиеттану мамандығы бойынша магистратурасын «Қазіргі қазақ прозасындағы мифтік сарындар» деген тақырып бойынша қорғады.  
«Отқарақ», «Бірдеңе» деген атпен өлеңдер жинағы жарық көрді.   Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 2022 жылдан бері қарай Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ мен М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бірлескен оқу бағдарламасы негізінде PhD докторантурасын оқып жатыр. 2024 жылы Түркияның Анкара Қажы Байрам Уәли Университетінің «Түрік халық білімі» кафедрасының тағлымдамасынан өтті.
2024 жылы Арткөше тәуелсіз театрында «Қабырға қалқасында» деген атпен жазылған пьесасы қойылды.

Символдық тұрғыда ойлау- әлемді мифтік мотивтер арқылы қабылдау дәуірінен бері жалғасып келеді. Символдарды танып-біл белгілі бір деңгейде тұлғаның әлеуметтік маңыздылығын арттырып, мәдениетті меңгеру деңгейін анықтаған. Символ - адам санасының жемісі. Әдебиеттегі символдардың пайда болып, көркемдік әдіс- тәсілге айналуына, одан кейін оқырманның сиволдық тұрғыда ойлануына авторлардың тигізетін ықпалы жоғары. «Көркем символды түсіндіруге арналған әртүрлі еңбектерде ұсынылған сипаттамаларды жинақтай отырып, оған келесідей анықтама беруге болады: бұл – жоғары құндылыққа ие идеяны білдіретін, мағыналық тереңдігімен ерекшеленетін, жаңа мағыналар тудыратын, көпқырлы түсіндіруге жол беретін және метафизикалық тәжірибеге меңзейтін перцептивті бейне.» [1, 260]. Ал, сол жаңа мағынаны тудыру мәтінгердің шеберлігіне байланысты өрбіп отырады. З. К. Темірғазинаның пайымдауынша, символ (грек. simbolon – белгі, шартты белгі) – мағынамен астарланған нысан. Мысалы, ағаш – материалдық тұрғыдан нақты, сезілетін, белгілі бір пішіні мен түсі бар зат. Алайда, орыс ұлттық санасында қайың - Отанының, Ресейдің символы ретінде қабылданады [2, 43].
Рахымжан Отарбаевтың шығармаларында символдар мен метафоролар көп кездеседі. Жазушы кейіпкерлерінің атына дейін символдық тұрғыда астар береді. Атап айтқанда, «Аспандағы ақ көбелектер» әңгімесі мен «Бас» романындағы Дәурен деген кейіпкерлерге тоқталсақ. Екеуі де - болашағынан зор үміті бар, пысық, жас кейіпкер. Жазушы олардың есімі арқылы заман солардікі екенін, өз дәуір- дәуренінің адамдары екенін аңғартады. Аталған әңгімеде «Шөл ғой шыдатпай жүрген»[3] деген сөйлем төрт жерде кездеседі. Мұндағы шөл-махаббатты білдіреді. Біздің заманда шөлді шыны ыдысқа құйылған сумен басуға болады. Р. Отарбаев Дәуреннің шөлін басар сол ыдыстың сынған даусымен кодтайды. «Сыңғыр етіп күліп жіберген. Жай күлкі емес, шыны ыдыс сынып, ауаға тарап кеткендей. Содан бастап су емес, сынған ыдыстың құлағыңды қуантар дыбысын іздейтін. Сыңғыр! Әне, көзге көрінбей шашырап барады.» [3].Әңгіменің басқы бөлігінде кездесетін осы сөйлемдер арқылы қос ғашықтың қосылмайтынын, бірақ бір-біріне деген сондайлық ынтызар екенін аңғаруға болады.  Нақтырақ айтқанда жазушы Р. Отарбаев оқырманын осындай әдіс-тәсілдер арқылы дайындап алады. Дәуренге сүйген қызы ұсынатын судың да өз мәні бар. Бұл жағдай архетиптік сипатқа ие – су дәмді, жігіт үшін (потенциалды күйеу үшін) шөлін қандыратын нәрсе, ол ғашық болғанда, өмірді сүйгенде және аз нәрсеге қанағаттанғанда, сол су оған бал татиды. Ал, басқалар үшін ол – лай, ішуге жарамсыз (оны базар қожайынының қызы Сырғалы сипаттайды).
Оқырман нәзік ыдысты кім сындырады, екеуі өмірлік ситуацияларға дайын ба деген дегбірсіздікке түседі. Р. Отарбаевты сергек отырып оқу керек. Ол осындай метафора, символдық кодтар арқылы оқырманын ойлантып қана қоймайды. Символдық мәнге ие сөйлемдерді аңғармай өтіп кеткен оқырманға шығарма қиынға соғуы мүмкін. «Көне зиратты тегістеп жіберіп, үстіне мына «Неке сарайын» салды. Алда көктемегірлер-ай!» [3].Бұл да әңгіменің ең басқы бөлігінде кездесетін сөйлем. Расымен оқиға соңында өте аянышты аяқталады. Дәуренің шөлін басар ғашығы Әлима екеуі көгеріп, көктей алмайды. Көне зират- көне жол. Адамдардың достық пен адалдыққа деген көне жолы. Бірақ Дәурендер өзгерген. Автор Дәуренге объективті көзқарас танытады. Оны жазғырмайды. Дәріптемейді. Бірақ осындай символдық әдістер арқылы оқырман жағдайды түсініп, өзі қорытынды шығарып отырады. 


Бұл әңгіменің тақырыбының өзі - толған символ. Алдымен, көбелек- адамның рух бейнесі. Бұл – кейіпкердің жолы, қиналатын, өсетін жанның жолы, көбелектің жолы. Көбелектің салмағы жеңіл, сондықтан жолы ауыр. Көбелек түрлі-түсті болуы мүмкін, шығармадағы көбелектер аппақ. Қазақы түсінікте ақ, боз түстер екі дүниенің ортасын дәнекерлеп тұрады. Аспан болса, қазақ танымында тазалықтың нышаны. 
2021 жылы Ресейдің М.А. Дударева, В.В. Никитина деген ғалымдары, филология ғылымдарының кандидаттары осы «Аспандағы ақ көбелектер» әңгімесіне талдау жасайды. Зерттеу мақаласының тақырыбы «Қазақ мәселелеріне орыс көзқарасы: Р. Отарбаевтың «Аспандағы ақ көбелектер» әңгімесіндегі тұрмыс пен тұтастық» деп аталады. Зерттеушілер жазушыға «Ресейде шығармаларының аудармалары әдеби журналдарда жариялануы арқылы танымал болған қазіргі қазақ жазушысы Рахымжан Отарбаевтың шығармашылық мұрасына жүгінсек, біз оның шығармаларындағы ұлттық «априориді» анықтауға бағытталған онтогерменевтикалық талдау әдісін қолдануымыз қажет. Себебі Отарбаев өз халқының тарихымен, тіпті тарихи философиясымен тығыз рухани байланыстағы жазушылар қатарына жатады.» [4] деп бағалайды. Сонымен қатар, ғалымдар Рахымжан Отарбаевтың орыс әлеміне қалай танылғаны туралы да тоқтала кетеді. «Ресейде жазушы «Юность» журналында жарияланған «Шыңғысханның көз жасы» повесі арқылы кеңінен танымал болды. Алайда, бұл мақала оның бірнеше әлем тілдеріне аударылған «Қытайдан келген базарлық» атты әйгілі цикліне және оның негізгі шығармаларының бірі – «Аспандағы ақ көбелектер» әңгімесіне арналған.» [4]. Зерттеушілер Рахымжан Отарбаевтың жазушылық шеберлігін жоғар бағалап, «Қазіргі қазақ прозасы терең символизмге ие, ұлттық фольклорлық дәстүрмен сабақтас, сондай-ақ суфизмдік рәміздермен байытылған. Бұл ерекшелік «Ақспандағы ақ көбелектер» әңгімесінде онтологиялық кеңістік қалыптастырады. Символдық кеңістікке шығу ақ көбелектердің образ-символы, су мен сөнбес шөлдеу мотиві, дыбыс (қыздың шыны сынығы іспеттес күлкісі) арқылы жүзеге асады. Бұл элементтер ғарыштық музыкамен астасып, әңгімедегі философиялық мағынаны тереңдете түседі.» [4] деген қорытынды жасайды. Ғылымдағы объективтілікті сақтап, қазақ танымындағы мотивтер мен символдардың мәнін ашады. 
Жазушы Рахымжан Отарбаевтың шет тілдерге аударылып ғана қоймай, шығармалары да ғылыми талдаулардың нысанына айналуы - өз дәуірінің суреткері екендігін айғақтайды. "Қазіргі қазақтың тұрмысы мен тұтастығы қандай?" деген тақырып аясында зерттелуінің өзі - оған берілген академиялық баға екенін аңғартады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.    КарасикВ.И. Языковая матриц акультуры. – Волгоград: Парадигма, 2012 – 260 б.
2.    Темиргазина З.К. Современные теории вотечественнойи зарубежной лингвистике. – Павлодар, 2002.
3.    Отарбаев Р. Аспандағы ақ көбелектер (әңгіме). [Электронды ресурс] https://madeniportal.kz/article/4285

4.    Дударева М. А., Никитина В. В. Русский взгляд на казахский вопрос. быт и бытие в рассказе Р. Отарбаева «белые небесные бабочки» //Известия Самарского научного центра Российской академии наук. Социальные, гуманитарные, медико-биологические науки. – 2021. – Т. 23. – №. 80. – С. 75-80