Елікбаев Серік Төлеубайұлы 10-шы маусым 1969 жылы Абай облысы, Ақсуат ауданы, Көкжыра ауылында дүниеге келген.
Ш.Құдайбердіұлы атындағы Семей мемлекеттік университетін, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің аспирантурасын бітірген. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор. «Шабыт» байқауының Гран-При (поэзия, 2000 ) лауреаты. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздік қызметкері» төсбелгісінің иегері. Павлодар облысы, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы. «Мәшһүр Жүсіп» грантының иегері, «Ақжол» партиясы мен көптеген қоғамдық ұйымдардың алғыс хаттары мен төсбелгі, медалінің иегері («Мәшһүр Жүсіп» төсбелгісі, «Қанжығалы қарт Бөгенбай», «Үмбетай жырау медалі), Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты. Бірнеше жыр жинақтарының, тарихи-көркем романдардың, ғылыми монографиялардың авторы.
«Торайғыров университеті» профессоры, Қазақстан Жазушылар Одағының Павлодар филиалы директоры.
Рахымжан Аға Отарбаевтің бір әңгімесі жайлы ой-баян
Із
Әдебиеттің алар орны, ерекшелігі, қажеттілігі бүгінгідей ғаламдасу жаҺандасу кезеңінде қайта саралануға тиісті. Әсіресе, Қазақстан мемлекеті тәуелсіздігін алғанда тұжырым сөз, егемен пікір орны бөлектігі анық сезіледі. Әдебиет – өнер екендігі даусыз болса, оның қазақ өнері екені дәлсіз ақиқат. Мысалы М.Әуезов «Қазақ үшін әдебиеттің алар орны ерекше екенін» айтудан танбады. А.Байтұрсынұлы әдебиет те сөз өнері тектес екеніне назар аудартады. Бұған қоса, әдебиет ұлттың өнері, жанары бардың бәрі Ә. Қастеев, Б.Тышқанбаев туындыларын көре алады. Әр бояуды нақ танымаса да ұғынары хақ.
«Бұдырайған екі шекелі» атты бір сөз қазақ халқының көшпенді кезінен бастау алып оның жақсы көрері, ұнатары, ақыл аясы тынысынан із тартады. Демек, ұлт пен бүкіл ғаламды, танымы мен тәңірін қосар ұлы ұстын, көшпес көпірі тек әдебиеті ғана болмақ. Немесе өткен күннің жылусыз жарығы ғұн, Бабылдардан жеткен жұқана әдебиетте ғана болмақ. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» Абай сөзінен асығы асмар қазақ ұлты болмысынан хабар береді. Әдебиетсіз ұлт болмақ емес, ұлтсыз әдебиет те.
Қазақ хандығының негізін қалаған, соны қорғаған жандар ішінде Дотан жырау, Кет-Бұға, Асан Қайғы, Бұхар жыраулар болуы мемлекеттің бар саясаты, идеологиясы өз әдебиеті арқылы жүргізілетінін көрсетеді. «Иллиада», «Эдда», «Игорь жорығы туралы сөз», «Нибулинг сагасы» тектес соқталы шығармалар - сол сөздің дәлелі.
Б.ғ.д. 2120-2070 жылдарғы Египет басшысы Ахтой Хептидің «Сөз қарудан күшті», «Тобырды бас, қарсылық отын бас», «адалдықты тапсаң, ұзақ өмір сүресің» атты пікірлері мемлекеттің іргесін ұстап тұруға көмектесті. Хаммурапи патша жазбалары (1901-1902 ж.ж. табылған) Қазақ мемлекетінің Жеті Жарғысы тектес болатын. Бұны әдебиет деп те қабылдауға болады, тарихы да осы.
Өзгелерден бұрын түсінген, әдебиеттің қажеттілігіне деп қойған орыс-кеңес жүйесі болды.
«Әдебиеттің партиялығында» осыны тұтынды. Егер кез-келген мемлекет ұзақ өмір сүремін деп діттесе, әдебиетті айналып өте алмайды. Ол әдебиет мемлекетті құраушы ұлт тілінде ғана болады. Де Голль ағылшын мемлекеті көмегіне сүйенгенмен, ағылшын тілі, әдебиетімен ел басқара алмады. Большевиктер кайзер қалауымен билікке келсе де, неміс әдебиетін билікке әкеле алмады. Тек вассал болған сталитеттік бірінші хатшылар өктем тіл қызметшілері болуы мүмкін. Егемен ел болашағы еркін әдебиетіне байланысты.
Қазақ әдебиеті ең басында әлкімге арналған. «Ешкімге арналмаған кітаптар» алаш үшін жат. «Тәңірі түсірген төрт кітап» адамдарға жіберілген. Әдебиеттің басты мұраты сөйлеуге, араласуға негізделген. Әдебиет болашаққа жолдау. Пирамида жазбалары, Орхон-Енисей ескерткіштері, жыраулар туындылары - сол кезең ғана емес, болашаққа да арнау.
Көркем сөздің негізгі шарты: а) сендіре айтылады, ә) халық түсінер иірімдерге арқа сүйейді, б) өз бойындағы ауыр хал, жан қиналысымен бөліседі. Р.Стевинсон әдебиетті «Қайырымды пікірлесу күркесі» деп санайды.
Демек бағытты әдебиеттану ғылымы «Герменовтика», яғни, «тәпсірлеуге» сүйенеді. Бұған дейінгі талдауларда кеңестік идеологияға жат делініп ығыстырылған туындыларды назардан тыс қалдыруға болмайды. Бүгінгі атаусыз, енсіз жүрген әр сөз келер ұрпаққа керек болуы мүмкін.
Кез-келген қазақ қаламгері оның жас ерекшелігі, атақ-даңқы, билікпен қарым-қатынасы екінші қатарға кетіп, не айтқысы келді деген дүние алда болуы тиісті. Неоромантизм, мистика, артхауз, пәлсапашылдық, жалғызшылдық, модернизм т.б. бағыттар жіліктесіп ұсынылып, ой табағына тартылғаны жөн.
Соқпақ
Кез келген әдебиет екі жақтан қаралады. Ол жазарман мен оқырманнан тұрады. Жазарман тапсырмасыз не үшін жазады, кім үшін жазады бұл әлі жауабы табылмаған жауаптар. «Ұлылардың кітабы қайшылыққа толы. Ойландырмай қоймайды. Ал, өзің шешімін шығар. Қадыров Қожаны қай қиырға шегелеуге болды? Құнанбай - құз ұшына оңай шығамын деуге дәт жете ме? Оралханның Қоңқайы оң жамбасқа, ой жанбасқа көне ме? Стендальдің Сорелі, Бальзактың Гобсегі ше? Ұлылар әр кезде уақыттан биік, уақыттың құлы емес. Уақыттың төрешісі. Қала берді, адамзаттың ақидасын анықтар таразы басы, қыл көпір қасы. Олар заманының оппозиционерлері. Көшеге шық, кеңірдек үзі жоқ. Өшпенділігі, өлтірі де жоқ. Қарғысы мен бет түкіру, соңынан топырақ шашуы да жоқ. Олар - өкім айтушы, жан алғыш та емес, жан ашушы да емес, жар басындағы жарақты жалғыз жауынгер. Қорлаушы емес, қатал қазы» «Жазарманға жалғыз хат», С.Елікбай. И.А.Ильиншілесек: «Қас шеберлікті қалтықсыз қабылдау керек. Оған ұлы көркемдік сеніммен қарап, балаша жан қақпасын ашу керек. [1,130]. Оқушы да, театрдағы көрермен де көріп отырған, немесе оқып тұрып шығарма ішіне араласып, тағдырын кешіп кейіпкерімен ғұмыр бөліседі. «Кейбіреулер театрда көргендегі сезімдерін кейін оймен қорытады, белгілі бір уақытқа дейін сол оймен болады» дейді.[2,264]
Оқырман да өзі оқып шыққан қызықты кітабы тұтқынына шыға алмайды. Әрине, қазіргі әдебиет солғын тартқан шақта, әсіресе кітап оқуға тұрмыстық-танымдық мүмкіндік азайған кезеңде кітап керектік-мәжбүрлік категориясында оқылуда. Әдебиетті таңдап беруші тәлімгер білім-қарымы талапкердің әдебиетке деген көзқасына орасан әсерін тигізеді.
Әлем ғалымдары «жазарман-оқырман» мәселерінде бір ізділікке түскен емес.
«Оқу ұлылықпен, оқыту – надандықпен жолығу» деген Ф.Бэкон сөзі әлі өзекті. Біз кейде жазарманды, кейде оқырманды ортақ межеге иіп әкелгіміз келеді. Бұл екі жағалау жұртын бір арнаға алдыру мүмкін емес. Көп жағдайда оқырман дәрежесі жазарманнан биік, ақылы алшақ, ойы ірі болып та келері кездеседі.
Орыс әдебиетіндегі жазарман мен оқырман арасындағы «сына» жөнінде бірінші А.А. Потебня айтқан-ды: «суреткер құдіреттілігі - әр түрлі оқиғаларды тудыра білетінінде» деген.[3,181]
Бұған қарамастан «Біз не айтсақ та...оқырман шығармашылығы екінші орында, оқырман бағыт-бағдары қабылдау нысанасына негізделген. Жазарман оқырманды шығармашылық даңғыл жолда алып жүреді. Ал, жаңа оқырман дегеніміз түсінік алаңында өзін тауып, автор еркіне берілері» сияқты пікірлер де бой көрсетуде [4,229]
Аталған пікірді бүтіндей дұрыс деп қабылдауға болмайды. Жазарман мен оқырман - бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтын, бірін-бірі толықтырып тұратын егіз ұғым. Жазарман оқырмансыз өмір сүре алмайды. Оқылмас кітап - қағаздар жиынтығы. Оқығаны көп, сыни көзқарасты оқырманға жолыққан кітап бәйгеге түскен жүйірікпен тең. Асылы аз, салмағы жоқ дүние бұл арада сыбағасыз қалады.
Асыл кітап - оқырманын еліте ертіп, көрінбес көмбелерін көңілмен тартып әкетер сөнбес шырақшыдай.
«Автор шығармасындағы мағына жүйесі-мызғымастықтың ұлылығын көрсетеді» [5,254] .
Егер оқырман әдебиеттен алшақ болса арадағы «сына» бәс алып, әркім өз жағасында желкенін тігеді. Оқырман мен жазарманды қосар тек әдебиеттану ғылымына сүйенген тәпсірлеу-герменевтика болмақ көрген кітапты ұнату, оқу ол туралы ойлану бәрі жазарманның қарым-қуатын көрсетеді. «Иә, солай» деп оқылар кітап ғұмыры ұзақ емес, «неге бұлай» деген шығарма одан әрі есте көп жүрер-ақ. «мүмкін емес» деген ойларды аттап жылдардан жылжып барып «неге мүмкін, емес» делінер шығарма санада мәңгі шегеленіп қалады.
«Кеңес көсемі» Ленин жайлы жазылған солай деп қабылданған туындылар қоғам сұранысынан тыс қылды. Біз балалық шақта оқыған «Аяз би» ертегісі, «Үш ноян» әлі есте, тек көп бояуы өшкен. Біз болуы мүмкін емес деген «Қар қызы» бейнесі әр аязда бізді қалың ойға орайды. «Ерік-ара» да сана сенделтеді. Демек, реализм атты бұған дейінгі қозғалмас қазықтар түбінен босады. О.Бөкеевтің туындылары әлем білер «Шегірен елтірісі», «Қызыл үйден» кем емес. Оқырманның кітаптарды оқып болған соң ту көтерер «мүмкіні» немесе «мүмкін емесі» - таным сайысы. Я.Мукаржовский айткандай: «суреткер салған діңгек «өзек» бойында оқырманның» сезімі мен қиясы» қанат қағады» [6,240].
Сартап
Біз тоқталмақ Р. Отарбаевтің “SOR” [7] әңгімесі - бір оқып шыққанда ұғындырмас, бойлатпас туынды. Есеңгіреп қаларың анық. Көркемдік ауылынан алыс жан тосырқап, қиырлап барып үңілері сөзсіз.
«Тоңдың ғой, қарғам!..». Шығарманың өн-бойы, көктей тілген өзегі - Әже. Локомотив. Сәбиін сүйген кіршіксіз ана жүрегі. Бұрынғының көзі. Бүгінгінің жаты. Қазыналы қазақтың аруана мінезінің соңғы жұқанасы.
«Әжесін сағынған. Сосын жіңішке ауру айналдырған шешесін, биыл мектеп бітіретін жалғыз інісін. Ауылға деген аңсары осымен ғана шектеледі. Өзгесіне келгенде ойы бұрып қашып, кібіртіктей береді». Бұл - басты кейіпкердің ойы. Зарлы сыры. Рәуішсіз реквием. Айсараның жан талқысы.
«Айнаның бетін бермей қылтиып өскен. Ашаң әдемі жүзі, қыр мұрны, қиғаш қасы, тілерсек қаққан толқынды шашы...» - контраст. Тағдырымен таласқан сұлу келбет. Ғазиза, Құралай сұлу, Ақбөпе... Бұған дейінгі сымбаты зерлі, өмірі шерлі бетті бейбақтардың сұмдық ізі қылаң береді.
«- Қарғама ертең құда келіп... Той жасап ұзатып...
Тәуір төрде, төрт қабат көрпенің үстінде құдағи атанып отырар ма екем? - деп қолтоқпақтай қара кемпір өз ойына өзі семіретін.
- Қойшы, әже,- дейтін бұл іштей өзі осы сөзді қалап тұрса да құлағына қызыл шауып».
Бұл - қыз әжесі. Ескі жолдың, ғибратты жолдың соңғы жоқшысы... Сұм ғаламда адасып қалған ғазиз қария.
«- Мен де сендей болғанмын, дейді әжесі пейілденіп. Ондайда көзі нұрланып, бетіне батқан әжімдері тарайды. Әлде әке-шешемнен осындай кемпір боп туды дейсің бе? О несі-ай?!
- Атам аларда құда түсті ме?
- Түспей кетсін, - дейді әжесі қызыл иегін көрсете күліп. Күлсе күлгендей...
- Аршыған пияздай боп оң жақта отырған кезім. Атаңды көріп жарымадым. Сырттай атастырып қойыпты. Өлтіріге деп жарты қап тары, бір тоқты атапты. Кешкі алаң-құлаңда құдалар сау ете түсті. Ары қарай тәтті елесті күндердің сыры ағытылады...
....Атасы жас кезінде жылдамшыл болған көрінеді. Құдаларды табалдырықтан аттата сала, аттарды аулаққа апарып, қаңтарыпты. Өзі жер үйдің маңын торуылдап жүріп алыпты. Қашанғы жүрсін, қалыңдығын көргісі кеп ынтызары аумай ма? Еңбектеп жетім мұржалы жер үйдің төбесіне көтеріліпті. Әлгі аспанды сұқтатып тұрған жалғыз терезеге екі буктетіліп еңкейіпті.
Барын базарлап отырған құдалар алдарына табақ толы етті енді ала бергенде…
Төбе омырылып, терезе ұшты. Онымен қоса атаң құлады. Көк ала шаң. Шешем баж етіп талып түссін.
Пері деп ойлапты.
- Сосын?
Ынтығуын. Мойнына терезені қамыт қып іліп алған атаң қақ ортада. Ес-түс жоқ. Турағалы жатқан еттің үстіне тебесімен шаншылып қалған. Әкем жарықтық, сырбаз адам, «Бір табаққа бір бас та жарайтын еді ғой» деп болашақ күйеу баласын қолтығынан сүйеп жатыр дейді...
Өткен күндермен таласып, бүгінгі күн тісін ақситады.
....Айсара оянып кетті. «Уф-ф» деп жеңіл күрсінді. Қыздар тегіс ұйқыда. Бірқалыпты, жарыса тыныстайды. Әлден уақытта оймақ ауыз тісін қытыр-қытыр қайрап басылды.
- Рах-хат! – деп қол созым жерде жатқан күлімкөз сөзін сағыздай созады. Ұйқысырап, үстіндегі жеңіл жамылғыны шапалап тебеді. Тоқ балтырлар торға түскен ашқарақ шортандай арпалысып жатып тыншыды.
Жаурап кеп қатты ұйықтаған соң ба, денесі жадырап қалыпты. Көзін жұмып еді, көңіл мен көкіректе қонақтап қалған көп көрініс әдеттегідей ерік бермей кетті...
Ары қарай Айсараның дертті шағының белгісі қол созады.
....Мектеп бітірер жылы ғой, көрші ауылдың көркем жігітіне ғашык болатыны. Әскерден жаңадан босапты. Жездесінің үйіне қыдырып келген беті екен. Би кешінде танысты. Бойлы-сойлы, қараторы, қоян көздеу жігіт содан басқан ізін баққан. Қайыс белбеуінің жез тоғасы жылтырап ауладан сығалайды да тұрады. Қарап жүрмей бесінші сыныпта оқитын інісін жарылқапты. Әскери арзанқол төсбелгінің жылтыратып өңіріне күнде бірін тағып келеді. Орнына тәтемді берем деп саудаласса керек. Уәде қысып, мұрнының ұшы тершіп: «Шықсаңшы, күтіп қалды ғой», - деп дігір салып бітетін. Тостырып барып көрінетін. Сол көктемде бала махаббат оянып, кұшағына ала түсті...
Ерке гүлінің өсуін, өнуін тілеген ӘЖЕ образы сонша жарқын бояумен түр береді. Тілекшіл жүрекке қарап тітіріне ойланасың.
....Өзбектің батсайы жолақ жібегінен төсек көрпе оңай тігілді. Есесіне жамыл көрпе әжесін әбден әуреге салды. Екі адамға еркін жететін көрпенің тысына түйе жүнін қайтіп жазып төсеуді білмей дағдарды. Соңғы қоңыраудан соң үйіне келсе, тым-тырыс. Үйдің үлкен жағының жартысын алып жатқан көрпе тыстың бір бұрышы ғана бүлкілдейді. Бақса, әжесі. Жүнді уыстап алып, көрпе тыстың бір шетінен еңбектеп кіріп кетіп жүрген. Жай жүрген жоқ: «Ертең қарғамды ұзатқанда...» деп күбірлейді.
Есіктің жақтауына сүйеніп, сілейіп тұрып қалыпты. Артынша қолтоқпақтай қара кемпірдің басы көрінді. Іннен шыққан қонжықтай сығырая қарайды. Аузы-басы дымқылданып, қылшық-қыбыр жабысыпты. Сыңқ етіп күліп жіберді....
Бірақ ол күндер де өтеді. Алғашқы ғашық алдамшы ғашық екен.
...Күзге салым ойды-қырды кезіп, бауырымен жорғалап өсек жеткен. Көрші ауылдың көркем жігіті колледж бітірген мұғалім қызға сөз салыпты.
– Тең сыйласып, құшақтасар әкесі - құдамыз болса жоқ. Жетім нарша. Өзі оқымаған. Теңіміз емес.
Аулақ жүрсін, – деп шешесі ұлының адымын аштырмапты.
Ашаң әдемі жүзі қуарып сала берген. Қыр мұрны қусырылып, тілден қалған. Ұйқы қашып, үсті-басы күйіп-жанған. Содан оңала алмады. Кісікиік боп бара жатты».
Өмірдің ащы дәмі, оған қарсы әлсіз балалық сезім түк істей алмайды. Тіршілік деген табанды тажал сәби жүректегі алғашқы жалынды солай өшірді. Автор осының бәрін мойындата отырып жеткізеді. Шеберлікпен оқырманды байлайды. Тығырық. Кейіпкер де, оқырман да дал. Суық та, салқын өмір көр құшағына тартады.
Үйге кірсе алдында әжесі тіккен төсек-орын шығады. Қызылды-жасылды боп қаз-қатар жиналған көрпенің үстінен екі көпшіктің құлағы елірейіп, «енді қашан?» деп бұған қарайды да тұрады. Бетін бұрып әкетеді.
Шеберлік дер шедевр - осы. Жансыз зат сұрақ қояды. Жауап жоқ. Себебі жансыз көрпелер әжесінің арманына құндақталған. Ал, жанды бозбала дүниеге байланған! Заттар соғысында сәби махаббат сүрінеді. Әзірге бүлінген жоқ.
...Келер көктем Алматыға аттанды. Оқуға ниеттенген. ҚазПИ-ға құжат өткізген. Қырсық шалды. «Құладың», – деді. «Жер көтерер», – деді іштей қатайып… Ары қарай ойлауға зауқы жоқ....
Өткен күнін ойлайды Айсара.
....Иә, иә, әжесі… Енді не істеп жүр екен? Ылғи кешкісін інісіне жыр оқытатын. Аттың тоқымындағы іріп алдына «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» өнерін алған інісі:
«Дінсіз шал ақылы жоқ өрге қашып,
Қызымды жетім ұлға бермеймін» деп заулата жөнелгенде...
Әжесі ренжіп налиды.
Амалы жоқ кәрі қарияның!
Амалсыз Алматы көшесінде, армансыз қалған мұңды сұлу бүйі бүйірлі, өрмекші торлы қаланың құбыжық құшағына құлай береді.
«....Сонда ғой әлгі бизнесменмен танысатыны. Қияқ мұрт, қырма сақал, келісті-ақ жігіт. Көңіліңді айтпай ұғып, аяқ ұшымен елпілдейді де тұрады. Күндіз базарда борбайлап шауып, сауда-саттығын қыздырады. Кештетіп алқынып жетеді. Келе-келе жетім көңіл жібіді. Сүйкімі артты. Оңаша қыдырып, ойнады-күлді!...
- Әжем ауылда көрпе-көпшігімді әзірлеп отыр, - деген ұяң ғана. Қияқ мұрт, қырма сақал, келісті жігіт жарқылдап күледі.
- Аламыз бәрін... Үйленерміз. Әзірге, мә, қажетіңе жарат, - деп қолына мың доллар ұстатқан...
Оқиға қоюланып барып, қаралы биігіне шығады.
Келесі жолы сүйіктісін алып-ұшып қарсы алғанда, алыста жатқан бір салқындықты сезген. «Жұмысым мазасыз, дұшпаным көп, аттап басқанымды аңдиды», - дейтін. Құлазыған көңілін соған сайған. Алматының төрінде арпалысып жүру оңай дейсің бе?
- Үш айлық сияқты... – деген ерін ұшымен жатырын алақан жүгіртіп сипап.
- Ә, жақсы екен. Күт! Ораламын!
Содан ұшты-күйлі жоғалды».
Даланың даналағынан ада, қаланың сайтани сипатында бейкүнә сұлу тағы жалғыз қалды!
....Иә, иә, әжесі… Мұның мына халін көрсе не дер еді? Тәтті үмітті талғажау қып жүрген қолтоқпақтай бейшара бір ұсқынсыз бүрісіп қалар. Тобанаяқ болып табалдырықтан аттауы мұң болар.
«- Біліп едік. Айтқанымыз айнымай келді. Қырық үйден тыйым көрмеген қыз осылай ойнақтап от басатын, - деп көрші-көлем шешесін жерлеп бітірер.
-Шоқ, шоқ.
-Кешір, - деді сондай арпалысты шақта жатырын сипап.
– Дүниеге тағы бір алаяқ, алдампазды әкелмеу үшін мен сенен құтыламын. Кешіре көр мені!
Араға алты ай салып, Сайын көшесінде тұрды.
....Таң қылаң беріп қалыпты. Жанындағы қыздар тәтті ұйқының құшағында.
Кірпігі қамасты. Әжесінің «Тоңдың ғой, қарғам…» деген даусы алыстан талып жетті...»
Өмірден қажыған сорлы сұлу әлдебір «депутатты» ұнатып, сүйеді. Оның «елшіл» сөздері үшін!
Уәлі уәделері үшін!
«....Оңашалықты бағып , екінші қабатқа көтерілген. Әдеттегі терезе алдына келді. Көрші коттеджге кез тікті. Депутаттың үйі. Алдымен теледидардан көрген.
Орта бойлы, орнықты азамат «халқым» деп қабырғасы қайыса сөйлеген. Елім деп еңіреген, жерім деп біреулермен жаға жыртысуға барған. «Бар екен ғой намысты ер», - деген Айсара сонда көңілі алып-ұшып.
Кейін табақтай-табақтай суретімен қоса, газеттерден де көрді, радиодан да лебізіне құлақ түрді. Сөзі неткен сіңімді?! Қара тырнағына дейін жыбырлатып жібереді.
- Арзан үй керек жастарға, жұмыс керек, күй керек, — деп күңіренген.
- Шетелге бала беру — қылмыс! Аналарды жұмыс күнін төрт сағатқа дейін қысқарту керек! — деп қазаққа керекті теріп айтып, әлдекімге ақырған.
- Тусаң ту!»
Көмбе
Бет ашылады. Аңыс білінеді. Сайтан мен перінің бет пердесі ашылады! Бір топ қыз барып жүрген сауна депутаттікі екен!
Алданған үміт, сынған бәрі бір ғана сәтте салқын сипатын ашады.
«....Сол сәтте сарт етіп есік ашылған. Сақпанның тасындай атылып ішке сілеусін көз әйел кірді. Соңында «Мама» Катя. Онысы жуасып тұр.
- Қайда әлгі қаншық?! Қайсысы?! - деді көрші бәйбіше салған бетте.
Қаз-қатар тұрған қыздар қамыс басындай қалтырап кетті.
- Мынаусы,- деді Айсараны сұқ саусағымен нұқыған қамқоршысы. - Осы!»
Қанға боялған сорлы сұлу соңғы сөзін айтады!
Үкім сөзін!
«....Менің де ғашық болуға қақым бар шығар? Менің де бай ұстап, бала сүюге… Менің де өмір сүруге… Тым құрығанда армандауға…
– Жоқ! – деді сілеусін көз бәйбіше одан бетер құтырып. – Өңкей құл-құтан! Бізбен теңдессіңдер ме! Жоқ!
Төбесінен таяқ жауып кетті....»
Соң
...Аулада жатып есін жиды. Жер таянып тұрды. Жүзінен аққан қанды алақан жүгіртіп сүртті. Айналаны шола қараған. Ерсілі-қарсылы шаңқылдаған-шулаған мына қаланың нысандары да зым-зия жоғалыпты. Күн де шоқтай қызарып, көкжиекке еңкейе батып барады екен. Алатаудың басын аққұлан бұлт шалыпты.
«Тоңдың ғой, қарғам!..»
Сол күні Саин көшесінің төбесінен тағы бір жұлдыз аққан. Жіп сәулесін созы-ып…»
Бұл автордың үкім сөзі! Сіз бен бізге кешкен үкімі!
Біз - кінәліміз...
Біз!
Бір ғана шығармамен әлемге танылған қаламгерлер бар. Ярослав Гашек «Сайыпқыран солдат Швейктің басынан кешкендері», Оскар Уайльд «Дориан Грейдің портеті» және басқалар.
Бір ғана әңгімесімен әлемді мойындатқан қаламгерлер бар. Сәбиттің «Көркемтайы», Ги де Мопассанның «Томпақшасы», Амброз Бристің «Үкілі бұлақ көпіріндегң оқиға», Агутагава Рюноскенің « О, Томидің ұяты» және басқасы...
Осы қатардағы әңгіме - «SOR».
Рухыңыз жұмақта шалқып, кітабыңыз оқырман қолында тозсын, Ұлы суреткер Рахымжан Аға!
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Ильин И.А. Одинокий художник. С.452
2.Товстогонов Г.А. О профессии режиссера. М.1965. с.424.
3.Потебня А.А. Эстетика и поэтика – М.1976.-с. 349
4.Скафтымов А.П. К вопросу о соотношении теоретического и исторического рассмотрения в истории литературы// Схафтымов А.П. Поэтика художественного произведения. М., 2007. – с.229.
5. Бонецкая Н.К. «Образ автора как эстетическая категория» // Контекст- 1985. М.,1986. – с.336
6. Мукажовский Я. Исследования по эстетике и теории исскуства. С.219, 452
7.Отарбаев Р. Біздің ауылдың амазонкалары.– Астана: Фолиант,2012.–424 б.