Жақында "Сарайшық" журналының редакциясына біздің белсенді авторларымыздың бірі, педагогика ғылымдарының кандидаты, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері, профессор Ш. Нағымовтың “ Менің университеттерім" атты мақаласы түскен болатын. Байыптап қарасақ, оның мазмұны жақында ғана Атырау қаласында болып өткен ұлттық Құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың сөзімен үндес екен. Әсіресе, ғалымның өмірлік жолында азамат, тұлға, ғалым болып қалыптасуына кітап пен кітап оқудың өлшеусіз ықпалын нақты дәлелдермен суреттеген осынау материалды оқушы назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Редакция алқасы
Менің балалық шағым ауылдық жерде өтті. Ата –анам колхозда еңбек еткендіктен маған да ауыл шаруашылығы жұмыстарына ерте араласуға тура келген еді. Бес-алты жасымнан бастап төрт түлік малды күтудің, бағып қағудың қыры мен сырын үйрендім. Бұл менің болашақ өміріме көп пайдасын тигізді. Он-он бір жасқа келгенде совхоздың(советское хозяйство) мал шаруашылығына қажетті жем – шөп дайындауға біз сияқты оқушы балаларды әліміз жететін жұмыстарға тартатын. Ол кезде совхоз малы үшін қыс кезінде қажетті пішен дайындайтын бірнеше бригадалар болатын. Әрбір совхозда кем дегенде қырық-елу мыңдай қой, үш мыңдай ірі қара (сиыр), соншама түйе, жылқы өсірілетін. Соншалықты малды жем-шөппен қамтамасыз етуге аса көп мөлшерде пішен дайындаудың қажеттігі айтпаса да түсінікті ғой. Міне, сондықтан біз сияқты балалардың еңбегін сол кезде мейлінше мол пайдаланған еді. Әрине, одан біз қорлық көрген жоқпыз, қолымызға ештеңе де жұққан жоқ, қайта сол қара жұмыс жасағаннан біздің бойымыз өсіп, бұғанамыз бекіді, еңбекке төселдік. 1952 жылы жасым жетіге толғанда мен Зеленый мектебінің бірінші класына бардым. Бізге Мұстахима апай сабақ берді. Ол кісі ұзын бойлы ,аққұбаша келген келісті адам еді. Балалар үшін ең бастысы - мінезі өте жұмсақ, дауыс көтермейтін мейірімді мұғалім. Ол кезде менің ата-анам колхозда істейтін, соған байланысты біздің үйіміз мектептен төрт-бес шақырым қашық жерде орналасқан еді. Біз сол ауылдың оқушы балалары мектепке жаяу қатынап оқыдық. Ол кезде тәртіп қатал, шамамыз келгенше сабақ жібермеуге тырысатынбыз. Оқу құралдары тапшылау, кітаптар жоқтың қасы, бес-алты балаға бір оқулық дегендей, соған қарамастан сабақты жанымызды салып оқыдық, өйткені ол кезде жалпы жұртшылықтың білімге деген ықыласы бөлек болды. Менің есімде қалған сол кездегі бір-екі оқиғаны айтқым келеді. Біріншісі - «қайғылы». Ол менің олақтығымның кесірінен анам дүкеннен сатып алып берген су жаңа алты-жеті дәптердің үстіне сия төгіп бүлдіргенім, екіншісі де - соған жақын. Ол - 1953 жылдың 5-ші наурыз күні. Сол күні салқын болды. Қасымда бір-екі бала бар сабақ аяқталғасын мектептен шығып үйімізге қайтып келе жатсақ, ауылдың орталық алаңында орналасқан радиоқабылдағыш орнатылған бағананың жанында он шақты адам жиналып тұр екен. Көпшілігі әйелдер, арасында бір-екеуі орыс, барлығы да еңкілдеп жылап тұр. Жас шамасы қырықтардағы орыс әйелі: «Что теперь с нами будет, ведь умер наш отец» деп жылаған кезде қасында тұрған басқа әйелдер де қосыла жылады. Бұлардың бәрі сол күні қайтыс болған Сталиннің қазасына байланысты қайғырып жылап тұр екен. Мәселенің мән-жәйін түсінгеннен кейін оларға қосылып біз де жыладық. Біздің тіпті жыламайтын жәйіміз жоқ еді. Ол кезде Сталиннің жеке басына табыну дегеніңіз бүкілхалықтық сипат алды десем еш қателеспеген болар едім. Соның зардабын есейе келе тарттық қой. Миллиондаған халықты қырып-жойған, ашаршылықты қолдан жасай отырып, қазақ сияқты қойдан да жуас халықты қан жылатқан большевиктер партиясының басшылығында басқа ешкім де емес тап осы Сталиннің өзі болғандығын білген кезіміздегі біздің қайғымызды құдай жауымыздың да басына бермей-ақ қойсын. Енді сол кезге біраз қайтып келейік. Мен бірінші класты бітіргеннен кейін біздің отбасымыз Қаңбақты деген жерге колхоздың малын бағуға көшіп барды. Мен 2-ші класқа сол Қаңбақтыдағы Жамбыл атындағы мектепке барып, бесінші класқа дейін оқыдым. Ол мектепке балалар жан-жақтан әр түрлі көлікпен қатынап оқитын еді. Біреулер атпен, біреулер түйемен дегендей. Ол кездің бір ерекшелігі - адамдардың табиғат-анамен етене жақын болуы. Ол жағдай сол кезде өмір сүрген жұртшылықтың бүкіл тұрмыс-тіршілігінен көрініс табатын. Халық тек мал өнімдерімен ғана күнін көрді. Біз-1956 жылға дейін ақ нанның не екенін білмей өскен ұрпақтың өкіліміз. Сол Қаңбақтының халқы құмда өсетін құмаршықты талшық еткендіктен, тамақтары аш болған жоқ. Бесінші-сегізінші кластардағы оқуды Зеленый селосындағы мектептен өткердім. Бұндағы білім де, оған қойылатын талап та жоғары болды. Осы кезеңде менің гуманитарлық білімге деген құштарлығым айқындала түскен еді. Оқушының жекелеген пәнге деген құштарлығын ояту – ол, әрине, мұғалімның шеберлігімен тікелей байланысты жәйт болып табылады. Осы кезде мен қазақ тілі мен әдебиетін жанымдай сүйіп оқи бастадым. Менің бағыма бұл пәнді өз ісінің шын мәнісіндегі майталман шебері Ғайни апай жүргізген еді. Есімде бар, жетінші класта оқып жүрген кезімізде әдебиет сабағынан бір тоқсанда он алты рет «бестік» баға алып өзіндік бір рекорд қойған едім. Міне, шамамен осы уақыттан бастап мен өзіме бір досты тауып, ол досыммен достығымыз бүкіл өмір бойы жалғасып келеді. Ол досымның аты - кітап. Көркем әдебиетті мен бесінші кластан бастап оқи бастадым. Ол кезде кітап та тапшы, қолыңа не түссе соны оқисың, бірақ қазір қарап отырсам, менің оқыған кітаптарымның осы қалайы жоқ, бәрі де - тамаша шығармалар. Жаңылмасам, менің оқыған алғашқы кітабым - американдық жазушы Марк Твеннің «Том Сойердің таңғажайып істері» атты повесі болатын. Кітапты жақсы көргендігім сондай, оны күні-түні бас көтермей оқығаным есімде. Кітаптың оқиғалары мені несімен қызықтырды деген сұраққа жауап беретін болсам, мен айтар едім: бала қай жерде де бала болып қала береді, яғни, американдық Томның ойнаған ойындарын бізде ойнадық,оның үлкен адамдармен және өзі сияқты балалармен қарым-қатынастары да біздегіден онша көп өзгеше болып көрінбеді. Одан кейін менің қолыма Бердібек Соқпақбаевтің атақты «Менің атым Қожа», «Чемпион», «Балалық шаққа саяхат» атты шығармалары тиген еді. Сол кезде Соқпақбаевтің кітаптарын оқымаған балалар, асылы, болмаған да шығар. Әңгімеленіп отырған елуінші-алпысыншы жылдары менің тұстастарымның жақсы көретін екі нәрсесі болды: олар - кітап оқу және кино көру. Сегізінші-тоғызыншы кластарда кітап оқуды бұрынғыдан да бетер жиілете бастадым. Қазақ классикасынан Мұхтар Әуезовті, Сәбит Мұқановты, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафинді сол кезде бас алмай оқыған едім. Бір тәуірі, қазақ әдебиетінің мектеп бағдарламасында классик жазушылардың шығармаларының үзінділері болушы еді. Мәселен, «Абай жолы» романының үзіндісі «Бүлдірген тере барғанда» деп берілсе, «Ботагөз» романынан - «Бас кескен балта» деген тақырып оқытылатын. Жазушы тілінің құдіреті сондай, қанша жыл, қанша уақыт өтсе-дағы, өз басым сол «Бас кескен балтадағы» бірқатар көріністерді тап сол күйінде айтып бере аламын. Романның кейіпкерлерінің бастан өткен оқиғалары ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Әсіресе, 1916 жылғы оқиғалар өте әсерлі суреттелген. Оқиға Амантай бастаған көтерілісшілердің Итбай ауылына шабуылынан басталады. Көкшетау өңірінің қап-қара бұлттай болып жөңкіліп, болыстың ауылына қарай бет алған көтерілісшілерін Амантай бастап келе жатады. Мыңдаған аттардың тұяқтарының дүрсілінен қорыққан Итбай әбден сасқалақтаған күйі қасында тұрған өзінің қызметшісі Бүркітбайға қарап: «Апырай, мыналардың түрі жаман екен, енді қайда барып жасырынамын?» дегенде Бүркітбай оған алая қарап: «Кір менің к...» деп ақырады. Бүркітбайдан қолдау таба алмаған Итбай киіз үйдің ішіндегі жинаулы тұрған төсектердің астындағы ағаш сандықтың ішіне кіріп, жан сауғалаудан басқа амал таба алмайды. Қас қылғандай тап сол мезетте көтерілісшілердің бірнешеуі аптығып үйдің ішіне сау ете түседі. Олардың біреуі Бүркітбайдан Итбайды тез арада тауып беруді талап етеді. Бүркітбай сол мезетте үй ішіндегі сандықтың қасына жетіп барып, бар пәрменімен теуіп келіп жібергенде, мүлік бөлшектерінің быт-шыты шығып, Итбай жұмыртқадан шыққан бейне бір балапан сияқты үрпиіп отырып қалады. Сол мезетте қандары әбден қарайған көтерілісшілер Итбайдың мойнына қыл арқанды салып жіберіп, төбенің басында шоғырланып тұрған қалың көпшілікке қарай аттарымен сүйретіп тарта жөнеледі. Төбенің басына жеткен кезде Итбай байғұстың жаны бар еді. Сол кезде топ арасынан шаңқылдаған Қожантайдың даусы естіледі. Ол шаттана сөйлеп: «Сазайы берілді. Бірақ та халайық, бұл шіркіннің бір қасық қаны қайсымызға жетеді. Босатайық та» деген кезде есі жаңа-жаңа кірген Итбай ыңыранып, Қожантайға қарап «Бауырым» деп қолдарын соза беруі мұң екен Темірбектің балтасы жарқ ете түседі. Сол мезетте Қожантайға қарай созған екі қолының арасымен Итбайдың басы төсі арқылы домалап жерге түсті деп жазады жазушы. Сол жылдары мен басқа да көптеген кітаптарды оқыған едім. Олардың бірқатарын сүйіп оқығаным сондай, күні бүгінге де оралып әлсін-әлсін үңіліп тұрамын. Ол шығармалардың арасынан П.Мерименің «Карменін», М. Шолоховтың «Тынық Донын», С. Мұқановтың «Ботагөзін», К.Седыхтың «Дауриясын», Т.Драйзердің романдарын, Ж. Вернның шым-шытырық оқиғаларға толы шығармаларын, Д.Лондонның қайтпас қайсар адамдар туралы жазылған повестерін ерекше атаған болар едім. Дей тұрғанмен, менің ерекше сүйіп оқитын жазушым - Р.Л.Стивенсон және оның мәңгі өшпес шығармасы - «Қазына аралы». Оқырман үшін сол тамаша шығарманың сюжеті мен кейіпкерлеріне қысқаша шолу жасамақпын. Шым-шытырық оқиғаларға толы романның сюжеті тынық мұхитта орналасқан адам тұрмайтын бір аралдағы қарақшылардың тығып кеткен қазынасын іздеудің төңірегінде өрбиді. Англияның Бристоль қаласына жақын орналасқан мұхит жағалалауындағы «Адмирал Бенбоу» атты трактирге күндердің бірінде сандығын сүйретіп кәрі қарақшы Билли Бонстың келуі- романда суреттелетін оқиғалардың басы. Өмірден көрген-түйгені көп бұл кісінің мінезі - шатақ, баққаны - ром ішу, трактирдың қожасына ойдай зиян келтіреді. Романдағы барлық оқиғалар трактир қожайынының ұлы жасөспірім Д. Хокинстің атынан суреттеледі. Жазушының суреттеуінде Джим ағылшын ұлтының барлық асыл қасиеттерін бойына жинақтаған кейіпкер ретінде берілген. Ол қасиеттер - ерекше батылдық, уәдеге беріктік, көздеген мақсатқа жету үшін қандай да болмасын қиындықтардан тайынбаушылық. Бұдан әрі мен өз әңгімемді повестің оқиғаларын қайталамай-ақ, оның кейіпкерлеріне қысқаша тоқталуды жөн көрдім. Билли Бонс - капитан Флинттің бұрынғы штурманы, өте қатігез, тұрпайы, мінезі ауыр, кәрі қарақшы. Қарақшылардың жантүршігерлік өлеңдерін өзінің барылдаған даусымен айтып, «Адмирал Бенбоудың» келушілерін бостырған. Оның сүйікті өлеңі: «Өлік жатқан сандықта он бес адам, и-хо-хо бір бөтелке ромыңнан» деп басталатын. Доктор Ливси - джентльмен, дәрігер әрі судья, алабөтен жүректілік пен батылдықтың үлгісі. Өзінің кәсіби және адами міндеттерін атқару жолында еш нәрседен тайынбайтын кісі. «Испаньоланы» қарақшылар басып алған кезде оларға қарсы шайқас кезінде үлкен батылдық пен шеберлік көрсеткен еді. Романның тағы бір кейіпкері - скваир Трелони. Бұл кісі - өте бай, бірақ мінезі ұшқалақ, ашықауыз адам. Ауызына сөз тұрмағандығының кесірінен «Испаньола» кемесі сапарының құпиясын қарақшылар біліп қалып, сол жағдай кейін өздеріне пәле болып жабысады. Романның кейіпкерлері арасында капитан Смолеттің алатын орны ерекше болған. «Испаньола» кемесінің капитаны өзінің ісін өте жақсы білетін ержүрек адам еді. Аса тәжірибелі теңіз көкжалының экипаж мүшелеріне қатал тәртіп орнатуының арқасында пираттардан өзге дұрыс адамдар қанды қол қарақшылардың құрығынан талай рет құтқарылған болатын. Романның тағы бір кейіпкері Джон Сильвер өте айлакер, екіжүзді, зұлым қарақшы ретінде суреттелген. Қазына аралына аттану үшін сквайр Трелони мен доктор Ливси кеменің экипажын жинақтаған кезде тап осы Силвер өзімен бірге капитан Флинттің қол астында болған қарақшыларды жаңа экспедицияға жинап әкелген еді. Тек Джимнің қырағылығының арқасында ғана кеменің экипажы толықтай қырылудан аман қалады. Одан Б. Бонстың өзі қорқып, Джимге талай рет: «Аяғы жоқ ұзынтұра теңізшіден қауіптенгейсің» деп ескертуі тегіннен тегін емес еді. Кәнігі қарақшы кезінде капитан Флинттің кемесінде аспаз болған. Бұл аталғандардан бөлек Джимге басқа да қарақшылармен кездесуге тура келген. Бұлар қазына аралына аттанбастан көп бұрын «Адмирал Бенбоуға» Билли Бонсты тіміскіленіп іздеп, бір пират келген болатын. Ол - капитан Флинт қарақшыларының бірі, атышулы «Қара төбет». Сол жорықта ол Биллидің пышағынан ауыр жарақат алса да өзінің жымысқы мақсатын орындап кетті. Ең бастысы ол қазына аралының картасын өздерінен ұрлап алып кеткен Билли Бонстың қайда жасырынып жатқанын анықтады. Көп ұзамай «Адмирал Бенбоудағы» Билли Бонсқа «қара белгіні» тағы бір жүрек жұтқан қарақшы Пью келіп табыс етті. Бір ғажабы, жаңағы көзі кәри адам болған. Билли Бонстың бет қаратпас ауыр мінезін жақсы білетін қарақшылардың бірде біреуінің «қара белгіні» апарып табыс етуге жүректері дауаламағанда, аяқ жолын дұрыс көрмейтін осы Пьюдің штурманға апаруының өзі - көзсіз ерлік. Қысқасы, бұл шығарма - бүкіл әлем жасөспірімдерінің сүйіп оқитын кітабы. Сондықтан мен әдейі осыған тоқталып отырмын. Шамамен, жиырмасыншы ғасырдың 57-58 жылдары біздің қолымызға қазақ әдебиетінің репрессияға ұшыраған марқасқалары Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіовтің, Бейімбет Майлиннің шығармалары тиді. Сәкен мен Бейімбеттің поэзиясы мен прозасын үлкен сүйіспеншілікпен оқыдық. Менің ойымша, орыс әдебиетінде қысқа әңгімелердің қас шебері ретінде А. П.Чехов саналса, қазақ әдебиетінде бұл жанрда Майлиннің таланты жарқырап көрінгені анық. Осы аталған ұлы жазушылардың және басқа қаламгерлердің шығармаларын оқу - менің таңдап алған мамандығымның қыр-сырын үйрену үшін көп пайдасын тигізді. Жазу ісімен айналысатын әрбір қызметкердің міндетті түрде «стиль» мәселесімен кезігетіні белгілі. Неғұрлым көп оқыған адамның, соғұрлым стилі мінсіз болады. Мен бұл жолдарды жастар үшін жазып отырмын. Мұғалім, журналист немесе кеңсе қызметкері болғым келеді дейтіндерге мен Чеховты, Шолоховты, Стивенсонды, Әуезовті, Майлинді оқыңдар дер едім. Мысалы, мен орыс жазушылары Толстойды, Шолоховты, Чеховты оригиналда да, қазақша да оқыдым. Себебі біздің кезімізде орысша білмесең, жұмыста ілгерілей алмайтынсың. Шамамен 10-11 кластарда оқып жүрген кезімнен бастап, орыс тіліндегі кітаптарды оқи бастадым. Кулагинода оқып жүргенде бізге орыс тілі мен әдебиетінен Роза Әбішқызы Мырзағалиева апай сабақ берді. Осы кісі бізге орыс грамматикасын қойып берді. Қалғанын санасы, ынтасы бар адам кітап оқу арқылы орыс тілін ана тіліндей етіп, өзі үйреніп алады. Басқаларды білмеймін, менің өзім солай үйрендім. Енді бір-екі ауыз сөз тарих пен әдебиеттің байланысы туралы: тарих мамандығын таңдағандар міндетті түрде әдебиетті жақсы білуі тиіс. Сонау антикалық дүниеден бастап, қазіргі заман тарихына байланысты қаншама шығармалар жазылды десеңізші? Мен қазір оқушы назарына солардың тек кейбіреулерін ғана атағым келеді. Олар - Р.Джаванольидің «Спартагы», У. Шекспирдің «Цезары», «Антоний және Клеопатрасы», В.Скоттың «Арыстан жүректі Ричарды», Яндардың «Шыңғыс ханы» және «Бату ханы», І.Есенберлиннің «Көшпенділері» және басқа да көптеген шығармалар. Үлкен өмір жолына аттанған әрбір жас адам өзін интеллигенция қатарынан көргісі келсе, жоғары өнерді, яғни, классикалық өнерді оқып-үйреніп, оны түсіне білетін дәрежеге жетуі керек. Жоғары мәдениеттің салалары ішінде классикалық музыканың алатын орыны ерекше. Сәті түскен сайын өз басым студенттеріме классикалық музыка туралы білетіндерімді айтудан жалыққан емеспін. Өнердің бұл тамаша саласына деген сүйіспеншілігім менің жас кезімде басталған. Классикалық музыканың опера, балет, симфония, увертюра, кантата және басқа да толып жатқан салалары туралы мен әуелі арнайы әдеби, телевизиялық хабарлар арқылы таныстым. Содан кейін жол түсіп Алматыға барғанда Абай атындағы академиялық опера және балет театрының сахнасынан тамашалаушы едім. Сол сахнадан Ж. Бизенің «Кармен», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара», Д.Россинидің «Севиль шаштаразы», Вердидің «Травиата» операларын көріп тыңдағаным маған үлкен рухани азық болды. Сол қасиетті сахнадан әлемдік балет өнерінің жауһарлары саналатын Минкустың «Дон Кихотын», Чайковскийдің «Аққу көлі» туындыларын тамашалағанымды мақтан етемін. Әрине,классикалық музыканы жұрттың бәрі бірдей түсініп, сүйіп тыңдайды деп айту қиын. Дегенмен, сұлулық әлемімен танысудың еш уақытта кештік етпейтінін оқушының қаперіне бергім келеді. Сонымен қатар, миллиондаған тыңдаушыларын өздерінің сұңқар дауыстарымен тамсантқан әлемдік деңгейдегі әншілерді тыңдағанға не жетсін, шіркін! Олардың бірқатарын сахналардан көріп тыңдаудың сәті түскен еді. Атап айтқанда, мен әр кезеңде қазақ халқының аса көрнекті әшілері Ермек Серкебаевты, Роза Бағланованы, Бибігүл Төлегенованы, Әлібек Дінішевті тыңдаған едім. Ал, әлемнің өнер жұлдыздарының тамаша шығармашылығымен танысудың жолдары да, мүмкіндігі де қазір өте көп қой. Сол мүмкіндіктерді пайдаланудың нәтижесінде итальяндық алтын дауыстың иесі Энрико Карузодан бастап, оның атақты жерлесі, американдық ұлы әнші Марио Ланцаны, қайталанбас дауыс пен таланттың иесі Мария Калласты, қазіргі заманның атышулы тенорлары Лючано Паворотийді, Плачидо Домингоны, Хосе Карерасты әлсін-әлсін тыңдап тұрамын. Классикалық музыка әлеміне енуге теледидардағы «Мәдениет», «Музыка» атты каналдардың мүмкіндік беретінін оқушы жұртшылықтың қаперіне бергім келеді. Өкінішке орай, бір кезде Қазақстанның теледидарында жүргізілетін әп-әсем хабарлар қазір жұмыстарын тоқтатты. Кезінде ол хабарларды қазақ тілінде Илья Жақанов, Жарқын Шәкәрім, Шәміл Әбілтаев, орыс тілінде П.Аравин, Кельберг сынды көрнекті өнер танушылар жүргізген еді. Биік мәдениеттің тағы бір жетекші салаларының бірі - көркемсурет өнері. Қайта өрлеу заманының алыптары Леонардо да Винчи, Микеланджело, Буанаротти, Рафаэльдің мәңгі өлмес туындылары қанша уақыт өтсе де өнер сүйетін әлем жұртшылығын әлі күнге өздерін тамсандырып келеді. Олар өздерінің артына зор көлемде мұра қалдырды. Дей тұрғанмен, сол мұралардың арасынан ерекше туындыларын атайтын болсақ: «Джоконда», «Давид», «Сикстин мадоннасы» .Осы өнер шығармаларының арасында мен үшін ең қымбаттысы – Рафаэльдің «Сикстин мадоннасы». Ұлы суретші өзінің картинасына інжілдік сюжетті пайдаланған.
Суретте құдайдың анасы Мария және оның ұлы Христос құдай бейнеленген. Өзінің ұлын адамдарды мәңгі құрып кетуден сақтап қалу үшін құрбан етуге әзірленген ананың нәркес көздерінен перзентіне деген үлкен аяушылықты, абыржуды байқаймыз. Менің ойымша картинаның идеясы - дүниеде адамзаттан, адамнан қымбат еш нәрсе жоқ дегенге саяды. Мадонна адамдар үшін өзінің «бауыр еті - баласын» құрбан етуге әзір. Ал, адамдар жеме-жемге келгенде сондай құрбандықтарға бара ала ма деген сұрақты ашық күйінде қалдырайық. Биік көркемсурет өнері туралы әңгіме болғанда біздер голландтық және фламандтық ұлы суретшілер Рембранд ван Дейнді, Рубенсті, итальяндық Тицианды, испандық Франсиско Гойяны, Эл-Греконы, ресейлік Айвазовскийді, Левитанды, Васнецовты, қазақтан шыққан Ә, Қастеевті, О.Таңсықбаевты, Қ.Телжановты айтуымыз керек. Осы ұлы суретшілердің бірқатар туындыларын оқушы назарына ұсынғым келеді. Көркемсурет өнерінің інжу-маржандарының қатарына Рембрандтың «Қаңғыбас ұлдың оралуы», «Түнгі күзет», «Даная», Рубенстің «Самсон және Далила», «Махаббат бағы», Тицианның «Сәби ұстаған мадонна», «Флора», Айвазовскийдің «Тоғызыншы валы», О.Таңсықбаевтың «Туған өлке» картинасы жатады. Міне, осындай әңгімелерді театр және кино өнеріне байланысты айтуға болар еді. Бірақ мен ол әңгімелерді келесі кезекке қалдырдым. Менің өмір жолым және менің жақсы көретін нәрселерім біреулерге ұнаса өз қажеттеріне пайдалансын деп жазып отырмын.
Осы жүріп өткен өмір жолдарым мен оқыған-тоқығандарым, қазіргі уақытта білім және ғылым саласында бірсыпыра жетістіктерге жетуіме, тұлға болып қалыптасуыма көп септігін тигізді деп айта аламын.